Қазақ” өзін-өзі қаржылындырған газет



Дата23.02.2016
өлшемі117.38 Kb.
#7779
Қазақ” - өзін-өзі

қаржылындырған газет
Апталықтың зерттеу жүзін көрмей, көлеңкеде қалып келе жатқан мәселелері баршылық. Соның бір – "Қазақтың" қаржылық көзі. Бұл турасында біріне-бірі кереғар әртүрлі пікірлер ғылыми айналымда жүр. Біз соларды сын тезінен өткізіп, өз ой-толғамдарымызды ортаға салғанды жөн көріп отырмыз.

Кешегі кеңес заманында жарық көрген еңбектерде "Қазақ" газеті, ең алдымен, "байшылдығымен" айыпталынып келгені баршамызға белгілі. Ондай пайымдауға сенсек, бұл басылымды қазақтың жекелеген қалталы байлары қаражат шығындап, жарық дүниеге әкелген болып шығады. Осы пікірді алғаш қоздатқан белгілі жазушы Сәбит Мұқанов екенін қолымыздағы дерек алдымызға жайып салады. Ол 1932 жылы жарық көрген "XX ғасырдағы қазақ әдебиеті" деген кітабында: "1913 жылы февральдан бастап Орынборда "Қазақ" газеті шықты. Бұл газетті шығару үшін қазақ байлары 7 жыл даярлық жасады. Оған мынадай дерек бар", - деп "Айқап" журналының 1911 жылғы 11-санында жарияланған басылым басқармасының ашық хатына жүгінеді. Бұл хатта 1906 жылы 28 мамырда бірінші мемлекеттік думаға депутат сайлау үшін Ақтөбе шаһарында Торғай облысының сайлаушылары мәслихат құрғандығы, осы жиында газет шығару үшін қаржы жинау туралы келісім болып, бұл іс Смайыл қажы Жаманшаловқа тапсырылғаңдығы жөнінде мәлімет бар. Осыған арқа сүйеген жазушы сонда жиналған қаржы (ол аз да емес, 5000 сом мөлшерінде) осы "Қазақ" газетін шығаруға жұмсалынды дегенге әкеп тірейді.

Осы пікірді белгілі қоғам қайраткері, тарихшы С.Асфендияровтың 1936 жылы жарық көрген "Национально-освободительное восстание. 1916 года в Казахстане" деген еңбегінен кездестіреміз. Ол жоғарыдағы деректі қайталай отырып: "Узнав об этом, а также о том, что Жаманшаловым (известный казахский миллионер гор. Троицк) собрано несколько тысяч рублей, Сералин обратился к нему с просьбой отпустить ему эти деньги на издание журнала. Жаманшалов не дает определенного ответа и наконец, после долгих проволочек, объясняет, что решено издать газету не в Троицке, а в Оренбурге, а потому он денег Сералину дать не может (с.55)" - деп жазды. Рас, мұнда осы қаржы анық "Қазақ" газетін шығару үшін жұмсалынды деген сөз жоқ. Бірақ солай болуы ғажап емес деген автор емеурінін тану қиын емес.

Бір көңіл аударарлығы - осы деректер біздің алдымыздағы зерттеушілердің назарынан тыс қалып келгендігі. Ал оның анық-қанығына жетуді ғылым талап етеді. Онсыз "Қазақ" газетінің дүниеге келу тарихы мен оның сан-салалы қызметінің мән-мазмұны ашылып, ақиқаттың салтанат құруы қиын. Осы себептен де жоғарыдағы пікірдің, яғни бұл басылымды шығаруға "Троицк қаласында тұратын қазақтың атақты миллионері С.Жаманшалов жинаған қаражат жұмсалынды" деген болжамды ойдың қаншалықты шындық екендігіне тоқталмай кетуте болмайды.

Олай десек, алдымен, ол еңбектердің жазылған уақытын еске түсіре өткенді артық көрмейміз. 1932 және 1936 жылы жарық көрген бұл кітаптардың 1928 жылдан басталатын бай-кулактарға қарсы күрестің қаулап тұрған мезгілінде баспаға дайындалғаны бекерден-бекер болмаса керек. Бұдан осы бір саяси науқанның идеология саласында да өрт болып, жалын құшып тұрғанын байқауға болады. Осындай "күйіп" тұрған уақытта жоғарыдағы зерттеушілердің партия сойылын соғудан басқа амалдары да қалмаған. Осы себептен де өздерінің зерттеу еңбектерін 1929 жылғы Қазақстан өлкелік партия комитеті V пленумның шешімдеріне сәйкес жазып шыққандары көзге ұрып түр. Жазушы С.Мұқановтың жоғарыдағы кітабында жазылғандай онда "Қазіргі қазақ әдебиеті – негізін де ескі байшыл, ұлтшылдардың, алашордашылардың әдебиеті. Сондықтан байшыл, ұлтшыл әдебиеттің сырын ашып, әдебиеттегі, жалпы көркем өнердегі оның ықпалымен қатты күресу керек" - деген нақты нұсқау берілгенді. Оны орындау үшін, әуелі, қазан төңкерісіне дейінгі қазақ баспасөзіне тағылған нақақ жала, кінәларды (байшыл, ұлтшыл деген) дәлелдеп, жұрттың көзін жеткізу керек емес пе? Осы мақсаттарын орнына келтіру үшін қолдарына түскен деректердің анық-қанығын айқындамай жатып, оңды-солды қажеттеріне жаратуға асыққандары байқалады. Соның нәтижесінде "Қазақ" байлардың қаражатымен жарық көргендіктен солардың сөзін сөйледі, сондықтан байшыл басылым болды деген қорытынды келіп шығады. Оның соңы "байлар, байшыл оқығандар кеңес өкіметіне қарсы шыққанда таптық мақсаты қайшы келген соң қарсы шықты" деген пікір туғызбай қоймайды. "Қазақ" газетінің жарты ғасырдан астам уақыт қараңғы қапаста үні туған халқының құлағына жетпей" құлыпталынып" ұсталынып келгендеп тағылған айыптаудың бірі - міне, осы "кінәсі".

Бүгінгі күні де арамызда осындай пікірді, яғни "Қазақ" қалталыларының қаражаты негізінде шығып тұрған деген ойды қолдап қана қоймай, оны тірілтуді мақсат тұтқан зерттеушілер жоқ емес. Мәселен, 1993 жылы қайта тірілген "Қазақтың" 266-санында жарық көрген, Оразайдың Ахметінің Мұхамедрахымы қол қойған "Газеттің шығу тарихынан" атты мақалаға сенетін болсақ, "Қазақ" газеті "... жеке кісілердің жиған қаржы-қаражаты есебінен шығып тұрған. Газеттің шығуына өзге ел игі жақсылары да өз шама-шарқынша үлес қосқан болар, бірақ оның мөлшерін нақты айта қою қиын. Ахмет ишан Оразайұлы берген қаржы бір мың сомның көлемінде" болып шығады. Бұл - бұл ма, осы ой одан әрі өрбіп, екінші бір автордың айтуы бойынша, "Қазақ" газетін шығару идеясы Ахмет Оразаевтікі болғанын, сол Ахмет ауылында Міржақып Дулатов болғанда осы кісі тарапынан идеяның мақұл тапқанын және Оразаев Ахметтің газетті шығаруға қаржы беріп, құрылтайшылық еткенін газет тігіндісі де, Орынбор генерал губернаторлығының құжаттары да дәлелдеп отырғанға"1 ұқсайды. Бір әттеген-айы, мұны газеттің қайсы тігіндісіне және қандай құжатқа сүйеніп жазып отырғандығын автор нақты ашып айтпайды.


___________________________________

1 Оразаев Ф.М. Қазақ қайта шыға ма? //Қазақ әдебиеті, 1993, 29-қаңтар.

Нәтижесінде өзге зерттеушілерді де шатастырып, тура жолдан адастырмай қалмайды. Осыдан келіп"... негізінен "Қазақ" газетінің тікелей дайындығының ауыртпалығын көтергендер Мұстафа Оразаев пен Ахмет Байтұрсынов. Газеттің шығаруына алғашқы дайындықтар басталып, жұмыс қызған шқта Әлихан Бөкейханов Самараға жер аударылған болатын (1909), ал Міржақып Дулатов Семей түрмесінде жатқан-ды",1 - деген күмәнді қорытынды келіп шығады.

Осы пікірлер шындыққа жанаса ма? Жоқ. Қолымыздағы мәліметтер оларды құптай қоймайды. Әсіресе, газеттің қаржы көздері туралы мүлде бөлек тұжырым жасауға негіз береді. Бір әттеген-айы, әлгіндегідей "Қазақ" қазақ қалталыларының қаражатымен жарық көріп тұрды деген пікір қазанын қайнатушылар, тым болмаса, басылым тігінділерінің өзі бұған не дейтініне мән бермеген. Соның салдарынан газет тігінділерінің материалдары мен оны зерттеушілердің (жоғарыдағы) пікірлері, бірінің сөзін бірі қолдамай тұрғандығьн байқау көп қиындыққа соқпайды. Бұған көз жеткізу үшін енді деректерге жүгіне отырып әңгіме өрбітейік: "Қазақ" газеті - әуелі, тез ойланып, тез дүниеге шыққан істің бірі. Шығаруға бел байлағанда қолдағы пұлымыз небәрі 750 сом еді", деп жазады А.Байтұрсынов "газеттің бірге толып, екіге аяқ басқан күні" басылым басқармасының атынан оқырманға арнау сөзінде. Мұнда, яғни апталықтың 1914 жылғы 2-ақпанындағы санында жарық көрген бас мақалада жоғарыдағы қалталылар қосты деген қаражат туралы бір ауыз сөз жоқ. Газетке көмек берушілердің әрдайым есімдерін атап, алғыс сезімдерін білдіріп, қолдағы қаржының бір тиынына дейін есеп беріп отырған алаш азаматтарының оларды ұмыт қалдыруы мүмкін емес қой. Олай деуге ешқандай негіз жоқ. Мұны архив деректері де растайды. 1916 жылы Ресей ішкі істер министрлігі рухани істер департаментінің вице- директоры ерекше тапсырмалар чиновнигі Тарановский қүпия қатынас
_____________________________________

1 Әбдіманов Ө. "Қазақ" газеті. -Алматы: Қазақстан, 1993, 36-бет.

хатында "Каспий" газетінің хабарлауына сүйеніп, қазақтар "Қазақ" газетіне өткен жылы 1600 сом ақша жинап беріп, материалдық қолдау жасаған көрінеді деп, бұл деректің қаншалықты шындыққа сәйкес екендігін анықтап, департаментке баяндауын өтінеді. Осы қатынасқа жауап ретінде жазылған құжатта: "Уведомляю Ваше превосходительство, что редактор газеты "Казах" Ахмет Байтұрсынов начал издавать свою газету 2-го февраля 1913 года имея в своем распоряжении капитал лишь в сумму 750 рублей"1, - деп көрсетіледі.

Бұдан "Қазақ" байлардың қолдауымен, солар бөлген қаражат есебімен шығып тұрды деудің ешқандай қисынсыз екендігі көрінеді. Осы пікірді газет тігінділерінің материалдары да тірілте түседі. Мәселен, басылым жанынан ашылған "Азамат" серіктігінің мақсаттарын түсіндіріп, апталықтың 1913 жылғы 42-нөмерінде оқырмандарға газет басқармасының үндеуі ретінде жарияланған "Алаш азаматтарына" деген мақаладан біраз жайдың сырына қанамыз. "Баспасөздің әуелі керектігін түсініп, білу қажет. Екінші, білгеннен кейін баспасөзбен жұрттың пайдалану жағын ойлап іс қылу керек. Басқа жұрттарға қарасақ, олар мұндай істерді екі түрлі жолмен жүргізіп жатыр. Бір жолы - пұл міндетін пұлы барлар алып, жазу міндетін қалам ұстаушылар алып, істеп жатқан жол. Екінші жолы - баспасөзбен халықтың пайдалануын ойлаған адамдар көп сомалы болмаған соң, аз сомаларын құрастырып, жиып, біріктіріп, күштерін қосып, серіктесіп іс қылып жатыр, - деп бір қайырып алып, мақала соңынан "Ашушылар" деп қол қойған Ахаң мен Жақаң одан әрмен қарай өздерінің жанына батқан біраз шындықтың шымылдығын түреді. - Әуелгі жолмен іс жүргізуге: пұл міндетін көтерерлік қазақтан байлар шықпады. Байлар жомарттық қылмады деп қарап отыруға бола ма? Екінші жолмен іс жүргізуге ойлап тұрмыз. Қазақтың кесек сома шығарарлық байлары аз болғанмен, аз сомасымен, адамгершілігімен серіктікке жарайтын азаматтары аз емес".
_____________________________________

1 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы, 151-бет.

Осы жолдарды оқи отырып, "Қазақ" қазақ байларының қолдауымен, солардың қаржысымен шықты, сондықтан да солардың сойылын соқты дейтін пікірсымақтардың да қате екендігін көреміз. Сонымен бірге "А.Оразаев газет шығаруға қажетті қаржының басым көпшілігін жинап берген соң, медресе "Ғалияда" оқып жүрген баласы Мұстафаны "Қазақ" газетінің бастырушысы етіп тағайындады, газет барлық жағынан түгелдей сол кісінің жауапкершілігіне тапсырылады. Газеттің ірге теуіп орнығуына А.Оразаев кейінірек қаржысымен де, мақалаларымен де көмек көрсетіп отырған"1 - деген пікірдің бас-аяғы түгел шындыққа жанаса бермейтіндігін айтуды ғылым талап етеді.

Осы ойымызды "газеттің аяғын нық бастырып, жүргізіп жібермек" мақсатында ашылған сол "Азамат" серіктігіне кірген алғашқылардың тізімі негізінде жандандыра түскіміз келеді. Осынау абыройлы да азаматтық іске қолдау көрсеткендер кімдер еді? "Қазақтың" 1914 жылғы 56-санында жарияланған тізім бойынша, олардың ішінен бүкіл қазаққа таныс есімдерді тағы да кездестіреміз. Олар: "М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Бадрисафа Байтұрсынова, Арғынғазы Боштаев, Ғабдолла Нүсіпбаев, Әлихан Бөкейханов, Мұхаметжан Тынышбаев, Әубәкір Алдияров, Бірмұхамбет Алдияров, Медеу Оразбаев, Қаражан Үкібаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ғабдікен Құнанбаев, Тұрағүл Құнанбаев, Жәмила Бөленова, т.б.". Бұл қатардан жоғарыда аты аталған, қаржылай көмек беріп, газеттің құрылтайшысы болды деген қазақ байларының есімдерін кездестіре алмайсыз. "Азамат" серіктігі қиналған кезде, қаржы тапшылығынан "Қазақтың" жабылып қалу қаупі артқан тұста, оны аман алып қалу үмітімен қолға алынған соңғы амал болғаны дәлелдеуді тіленбейді. Осындай қиын сәтте, газеттің өмірі саудаға түсіп тұрған кезде қол ұшын бермеген байлардан не үміт, не қайыр? "Серіктікке кіретін азаматтарға лайықталғаны бір басына жүз сом" екен. Осыны ауырсынған ауқаттыларды
______________________________

1 Жармұхамедов М. "Қазақ" газеті// Қазақ әдебиеті, 1989, 8-қыркүйек.

әкеліп басылымның бас демеушісі, жарылқаушысы етіп көрсеткіміз келеді. Бұл әдеп, әділеттіліктің аулына топырақ шашқандық болып шықпай ма?! Оның үстіне, газеттің шығарушысы осы мезгілден бастап "Азамат" серіктігі деп жазылады да, Мұстафа Оразаевтың есімі аталмайды. Оның "Азамат" серіктігіне мүше болып кірмеуі де ойландырады. Бұл болашақ зерттеушілердің назарында болуға тиісті жай.

Осы орайда, газеттің қаржыландыру кездері туралы өз ой-толғамдарымызды ортаға сала кеткенді артық көрмейміз. Бұлай дегенде, алдымен, "Қазақтың" өзін-өзі қаржыландырған басылым болғандығын айтқан ләзім. Біздіңше, газеттің қаржыландырылу көзі – екеу. Біріншісі, бұл әрі негізгісі – басылымды жаздырып алушылардан түскен қаражат. Екіншісі – газетте жарияланып тұрған жарнамалардың төлем ақысы. Осы ойымызды газеттің 1915 жылғы 139-санында жарық көрген мына материал да растай түседі. "Газета сомасы екі түрлі ақшадан құралатын еді: бірі - алушылар төлейтін ақша, екіншісі - ығлан (жарнама — С.Қ.) берушілер төлейтін ақша".

Газетке жазылу бағасы "бір жылға - 3 сом, жарты жылға - 1 сом 75 тиын, үш айға - 1 сом" болған. Одан басқа әр саны көтерме сауда бағасымен 5 тиыннан сатылып отырылған. Ал ығлан (жарнама) бағасы: "Бір рет басуға - 1-ші бетте петит жолы 20 тиын, 4-бетте - 15 тиын. Бір реттен артық бағасы келісіуінше" болғандығын газеттің әр нөмерінің мандайшасынан тұрақты орын тепкен хабарландырудан оқып білеміз. Осыған қарап та газет шығынын қандай қаражат көзі толықтырып отырғанын анықтауға болатындай. Қосып-алуды білетін кісіге таралымы 3 мыңнан 8 мыңға дейін жететін басылымның қаражат жағынан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатындай жағдайда болғандығын есептеп шығару көп қиындыққа түспесе керек.

Рас, газетті қаржыландырудың басқа да жолдары қарастырылып отырған. Бірақ олардан ауыз толтырып айтарлықтай жәрдем болмаған. Бұл жөнінде газеттің 139-санында жарияланған мәлімет былайша сыр шертеді: "Бұл екеуінен басқасы (жоғарыдағы екі қаржыландыру көзінен - С.Қ.) әлдеқалай түсетін, болар-болмасы неғайбыл ақша еді. Біздің газетіміздің жоғарғы айтылғаннан басқа "Азамат жарналарынан құралған соммасы бар. Ол - газеттің "алды - дария, арты - жар болған кезінде керек болар деген қосардағы ат сықылды сомма". Демек, бұл да - әлгіндегідей газетке жәрдем қолын созып, қаражат шығынын өтеуге пәлен пұл көмек берді деп жүрген жарылқаушылардың шын мәнінде болмағандығын, ерен жомарттық жасамағандығын айғақтайтын дәлел. Олай болса, ондай ойдың жетегіне ерген зерттеушілер өзі бір шатасып, жұртты екі адастырып, ақиқат алдында қиянат жасап жүргенін ауызға алмай тұра алмаймыз.

Осы жерде мына мәселені де оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Газет о бастан-ақ жаздырып алушылар қаражаты есебінен жарық көре бастаған деуге толық негіз бар. Бұл жөнінде мынадай дәлел келтіруге болады. "Қазақтың" 1913 жылғы 28-санында М.Дулатовтың "Қай жерде қалай?" деген мақаласы жарияланған. Сонда Жақаң: "өткен январь жұлдызының ақырында, "Қазақ" шықпай тұрып, шығады деген хабар болған соң, Павлодар дуанында жатып "Қазаққа" алушы қарстырдым; 4-5 күннен соң хабарды есіткен Павлодар қазақтары өздері келіп жаздыра бастап, аз күннің ішінде 150-дей алушы болды",-деп хабарлайды. Осыдан екі мәселенің шындығына қануға болады. Әуелі, жарық- көрмей тұрып-ақ газеттің жаздырып алушылары болғандығын, яғни "Қазақ" солардан жиналған қаражат негізінде басылып шыққандығын айғақтайды. Екіншіден, жоғарыда келтірілген газеттің алғашқы дайындық жұмысына бірі айдауда, екіншісі абақтыда жатқандықтан Ә.Бөкейханов пен М.Дулатов қатыса алмады деген пікірдің шындыққа жанаса бермейтіндігін аңдатады.

Әуелгі мәселені талдағанда алты жылдық ғұмырында "Қазақтың" әрқилы кезендерді бастан өткергенін ұмытуға болмайды. Алғашқы екі жылында, яғни 1913-1914 жылдары жаздырып алушыларының молдығынан (3 мың дана - ол кездің көрсеткішімен жоғары таралым) газет өз шығынын өзі ақтап, қаржы тапшылығына душар болмағандығын байқаймыз. Басылымның басына мұндай қиыншылықтың үйірілуі 1915 жылдың еншісіне тиеді. Осы жылдың басынан газет аптасына екі мәрте шығуға көшеді. "Газетаны жетісіне екі шығарғандағы мақсат жұртпен жиірек тілдесу, көбірек кеңесу, тезірек хабар беру еді",-деп сыр тарқатады бұл жөнінен апталықтың 1915 жылғы 139-нөмірінде басылым басқармасы. Осы игі қадам басылым қызметінің өрісін кеңейтіп, жұмысын жандандыра түседі деп күтілген екен. Алайда, өкінішке орай, ол керісінше көрініс табады. Қиындықтың үлкені газетті жаздырып алушылар қатарының күрт кемуінен туындайды. Жоғарыдағы апталық жарияланымынан "Бастапқы жылдары газета алушылардың саны үш мыңға жеткен соң, сол шамалы алушылар болып тұрар, бірер мың сом ығланнан түсер, екі мәрте шығаруға тәуекел етіп көрейік деген бір талап еді. Іс орайы ойлағандай болмады. Алушылар һәм ығлан берушілер саны ойлаған шамадан табылмады", я болмаса "Газет алғашқы шыққан жылы алушылар 3 мыңнан астам болды. Келесі жылы 3 мыңға таяу болды. Биыл мың алты жүзге түсіп қалды", - деген жолдарды оқып, соны ұғамыз. Осыған қоса, бұл мәліметтерден мынадай ой қорытындылауға да болатындай, газет алғашқы екі жылында өз шығынын өзі, сырттың көмегінсіз өтеп тұрған болуы керек. Әйтпесе, екі рет шығаруға тәуекел етпес те еді ғой.

Қолдағы деректерге сүйенсек, газетке жәрдем етушілердің пайда бола бастауы да осы 1915 жылдың еншісінде. "Қазақтың" сол жылғы 30 қыркүйектегі 151-санында алғаш рет газетке көмек берушілердің тізімі жарияланған. Оның алғы сөзінде: "Ойламаған жерден "Қазақ" төтенше шығынға ұшырап, халі ауырлағанын байқаған азаматтар азды-көпті көмек берісті. Бұлар көмектерін әр қайсысы айрықша әр уақытта жіберген еді. Біз бәрін жиып, бір-ақ жариялап отырмыз" деген түсініктеме берілген. Ендеше газетке кім, қанша жәрдем берді деген даулы сұрақтың жауабын осы тізімнен іздеген жөн болар. Оның осындай құндылығын ескеріп, оқырманға қаз-қалпында, толық ұсынғанды жөн көреміз: "Есенқұл қажы Маманов - 100 сом, Ғайнижамал Есенқұл қажы жамағаты - 100 сом; Тәңірберген қажы Тұрысбеков - 429 сом; Айтмұхамбет Тұрысбеков - 100 сом; Хожа Ахмет Маманов - 50 сом; Баймұхамет Тұрысбеков - 50 сом; Құдайберген Тұрысбеков - 20 сом; Егеубек Жиенбаев - 10 сом; Ғ.Әлібеков - 150 сом; Хұсайын Үкенов - 25 сом 50 тиын; Жолымбет Тұрымбетов - 25 сом; Ерназар Жауқашаров - 20 сом; мұғалім Нығметолла Күзебаев - 15 сом; Нұғман Қанатбаев - 5 сом; Өмірұлы Патешов - 5 сом; Тілеген Бадырақов - 5 сом... Барлығы - 1274 сом 40 тиын".



Осы тізім газеттің бұдан кейінгі 152, 153-сандарында жалғасын тауып, барлығы 255 адамның аты-жөні басылымның қамқоршылары ретінде тарих болып хатталады. Олардың әлеуметтік құрамы әр түрлі. Бұл тізімнің ішінен байды да, қажыны да, орта шаруа мен кедейді де, ақыр соңы студенттерді де кездестіреміз. Демек, "Қазақ" белгілі бір әуеуметтік таптың, немесе топтың құзырындағы емес, жалпыұлттық басылым болды деуге толық негіз бар. Сонымен бірге бұл дерек те жоғарыдағы басылым белгілі бір байлардың қаражатымен жарық көріп тұрды деген пікірлердің қисынсыздығын одан сайын дәлелдей түседі, өйтпесе, ол кісілердің де аты-жөні осы тізімнен орын табар еді ғой.

Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет