Қазақ тілі. ӨЗдік жұмыстарға арналған мәтіндер



бет3/13
Дата25.02.2016
өлшемі1.43 Mb.
#20735
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

2.7 Қыз қашар (дәстүр)
«Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді». (Х.Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін- бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін -бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні– қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді.

Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса, қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса, бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса, қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.


Сөздік

атастыру – сосватать

думанды – праздничный

қатынасу – участвовать

құдалық – сватовство

бұзылу – расторгнуть

дауға кету – поссориться

бас тарту – отказаться

қайтарылмау – не возвращается

айып төлеу – уплатить штраф


Тапсырма
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Берілген мәтін бойынша сұрақтарға жауап беріңіздер:

- «Қыз қашар» дәстүрі не үшін өткізіледі?

- Бұл рәсім қалай жүргізіледі?

- Құдалық бұзылса, кімдер не істейді?

3. Мәтіннен алынған келесі сөздер мен сөз тіркестерімен сөйлем құрастырыңыздар: бас тарту, айып төлеу, дауға кету, думанды, тілдесу.

4. Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсет: тілдесу, құдалық, себепсіз, қалыңдық, сыйлық.
2.8 Құйрық бауыр (салт)
«Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» (мәтел). Бұл құдалық рәсімі болғанмен, ұлттық салт- дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға «құйрық бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі – құжат болып бекітілген.
Сөздік

бөлек жай – особое место

әкелуші – тот, кто приносит

тілек білдіру – пожелать

ауыз тию – попробовать, угоститься

бекітілу – закрепляться


Тапсырма
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

3. Мәтін бойынша кез келген сөздерді пайдаланып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, синтаксистік талдау.

4. Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсет: сыйлық, арнаулы, әкелуші, заңды.


2.9 Ат мінгізіп, шапан жабу (салт)
«Рахмет қос мергенді аттандырды, Астына ат мінгізіп, шапан жауып». (С.Тұрғынбеков).

Құрметті қонаққа, ақынға, батырға, палуанға және сол сияқты елге еңбек сіңірген ардақты, айтулы азаматтарға ат мінгізіп, шапан жабу қазақ халқының ертеден келе жатқан аса лайықты, жарасымды ата салты, яғни бұл «батыр», «ақын», «палуан» деген құрметті атақтардан кейінгі берілетін құрметтеу, сый-сияпат, марапат, мадақ (награда) белгісінің айғағы, ең жоғары құрметі ретінде беріледі. Ат мінгізу, шапан жабу салты қазіргі күнде де жарасымды жалғасын тауып келеді. Мысалы, Ұлытауға келгенде қазақ елінің тұңғыш президенті Н.Назарбаевқа, Торғайда – ақын С.Мәуленовке, Шымкентте – жазушы Ш.Мұртазаға ат мінгізіп, шапан жабылуы ұлттық мәдениетімізідің, салт-дәстүріміздің қадір-қасиетін көтере түскені сөзсіз. Әділін айтсақ, мұндай құрмет қазіргі күнгі «машина кілтін тапсырды» дегеннен әлдеқайда абыройлы да асқақ естіледі!


Сөздік

еңбек сіңірген – уважаемый

айтулы – известный, достойный

ат мінгізу – дарить лошадь

лайықты – достойный, подобающий

жарасымды – к лицу, зд. доброе продолжение

құрметі ретінде – в знак уважения

көтере түскені – поднимает

сөзсіз – бесспорно

асқақ – величаво, возвышенно

естілу – слышаться
Тапсырма

1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: сөзсіз, абыройлы, айғақ, берілу, әлдеқайда.

3. Мәтіннен -лы, -лі, - ды, -ді, -ты, -ті сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалған сөздерді теріп жазыңыздар.

4. Мәтіннен біріккен және қосарлы сөздерді теріп жазыңыздар.

5. «Сын есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.


2.10 Ай санау
«Жылым - қой, жұлдызым - июль» (Шәкәрім). Халық жылды он екі айға бөледі де, оны «ай санау» деп атайды. Бұл тым ертеде қалыптасқан дәстүр.

Әр айдың атаулары жыл мезгіліне, табиғат құбылыстарына, халықтың ұғымы мен салт- санасына сай белгіленген. Мұның шаруашылық, экономикалық, астрологиялық жағынан да маңызы бар екенін дала ғұламалары тағы ескерген. Ежелгі астрономиялық бағдарда әр айға сәйкес жұлдыз аттары да бар. Ол «Жұлдыз, ай» деп аталады.

Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қазіргі айларды жұлдыз, ай атымен де атай береді. Әр айда табиғат құбылыстары мен өзгерістері де жиі болады. Халық оны «ай амалдары» немесе «амал» деп атап, желді, суық айларда қауіптеніп, оған қарсы күтініп отырады. Оны білетін халық есепшілері болған. Олар ауа райын дәл болжап, біліп, хабарлап отырған. Елімізде ай да, жыл да наурыз айынан басталады. Қазақтарда қыркүйек, тамыз, желтоқсан, мамыр т.б. ай аттары сол мезгілдердің өзіндік қасиеттеріне сай келеді. Халық әр айға сәйкес ұлттық ұғымдар, наным- сенімдер, мақал- мәтелдер қалдырған. Мысалы «сәуір болмай - тәуір болмас», «қараша - қауыс, кәрі құртаңды тауыс», «күн қаңтарда қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады», «сүмбіле туса - су суыр».
Сөздік
бағдар – направление

амал – способ, средство

қауіптену– опасаться

күтіну – следить за собой, беречь себя

болжау – предсказывать, предвидеть

наным – вера, предрассудок


Тапсырма
1. Негізгі мазмұнын қалдырып, мәтінді қысқартыңыздар.

2. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: амал, бағдар, күтіну, қасиет, ескеру, болжау.

3. Мәтіннен -лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік сөз тудырушы жұрнақтарымен сөздерді теріп жазыңыздар.

4. Мәтіннен тәуелдік жалғаудағы сөзді қатысты сөзімен жазып алыңыздар.

5. Бірыңғай сөйлем мүшелерімен сөйлемдерді анықтаңыздар.
2.11 Байлау (салт)

«Бері кел, байлан мынаны!» (Ғ.Мүсірепов). Қазақтың мәрттік, мырзалық, азаматтық қасиетін білдіретін салттарының бірі – байлау.



Соғып алған аңды кездескен кісіге сыйлау, олжаны, тауып алған дүниені (затты) жанындағы адамға ұсыну ежелден қалыптасқан ұлттық әдет. Бұл салтты бұзу адамгершілік әдебінен аттау ретінде жазаға тартылады, сөгіс жарияланады немесе ел алдында бетке басылады. Дегенмен мұндай жағдайда аңшы адамның алғашқы олжасы болса, ол «байлануға» жатпайды, керісінше, оған «құтты болсын» айтады.
Сөздік:
мәрттік – гостеприимство

соғып алған – убить (зверя)

олжа – добыча

ұсыну – предложить

бұзу – нарушать

аттау – переступить

жаза – вина

тартылу – вменять

бетке басылу – при всех публично оглашать

керісінше – наоборот


Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

3. Мәтіндегі келесі зат есімдерге сын есімдерді табыңыздар: жаза, сөгіс, мырзалық, аңшы, олжа.

4. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.

5. Мәтіндегі етіс тұлғадағы тұрған етістіктерді көрсетіп, түрін анықтаңыздар.
3 БАТЫРЛАР
3.1 Ағыбай батыр
Ағыбай Батыр, Шұбыртпалы Ағыбай (1802,Ұлытау өңірі – 1885, Балқаш көлінің жағасы, Тасарал қамалы) – Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы.  Жорықта жолы болғыштығы үшін «Ақжолтай батыр» атанған. Сарбаздары Абылай есімімен қатар Ағыбай батырды да ұранға айналдырды.

13 жасынан қолына қару алып, 1824 жылы Қарқаралы аймағында Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласты. Ағыбай батыр бастаған қол 1826-1849 жылдары аралығында Ресей әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берді. Ресей империясының Қазақстандағы тірек-орталықтары – Қарқаралы, Ақтау, Ақмола, Екатеринин бекіністеріне шабуыл жасап, патша әскерлерін Ырғыз, Тобыл өзендері бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында тас-талқан етіп жеңген. Қырғыз манабы Орманға қарсы соғыстарда ерекше ерлік көрсеткен. 1847 жылы Кенесары ханның Кекілік тауындағы қырғыздармен айқасында Наурызбай батырмен бірге дұшпан шебін бұзып өтті.

Кенесары өлгеннен кейін де Ресей өктемдігіне қарсылығын тоқтатпай, Сыздық төре қолы құрамында соғыс жүргізді. Кейінірек, 1849 жылға дейін Ресей өкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған. Өмірінің соңғы кезеңінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан.

Дүниеден қайтқан соң Ресей үкіметі оның мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кешеніне жерлеуге рұқсат етпей, Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақ деген жерінде жерленген. Кенесарының бас батыры Ағыбай батырдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болған. 1914 жылы Есім төренің көмегімен Ә.Бөкейханов Қазан қаласынан «Қызыл қайнар Тектұрмас» деген кітабын шығарды, С.Сейфуллин «Ақжолтай батыр» романын жазған.


Сөздік
отаршылдық – колонизация

көтеріліс – восстание

жорық – поход, нашествие

жол болғыштық – везучий

ақжолтай – удачливый, везучий

бетпе-бет – лицом к лицу

шайқасу – ссориться, бороться, сражаться

тас-талқан – разгром

манап – (ист.) привилегированное сословие

ерлік көрсету – показать образец храбрости

шебін бұзып өту – перейти границу

өктемдік – властный, напористый, повелительный

қарсылық тоқтатпау – не оказать сопротивление

қолы құрамында – в составе войск

қамал – крепость, укрепление, цитадель

мәйіт – труп, тело умершего

жерлеу – хоронить

арқау болу – стала основой


Тапсырма
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: кешен, жеңу, ерекше, өз бетінше, саясат, отаршылдық, ақжолтай.

4. Мәтін бойынша келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау (қолбасшы), морфологиялық талдау (ерлік көрсеткен), синтаксистік талдау (Дүниеден қайтқан соң Ресей үкіметі оның мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кешеніне жерлеуге рұқсат етпей, Сарыарқа мен Бетпақдаланың шектескен Тайатқан-Шұнақ деген жерінде жерленген).

5. Мәтіннен етістіктердің түрлерін белгілеңіз: негізгі -туынды, негізгі- көмекші, сабақты -салт, болымды- болымсыз, дара -күрделі.

6. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.

7. Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: егіншілік, қаламгер, жерлеу, тірек -орталық, шығарма, көтеріліс.
3.2 Бөгенбай батыр (1690-1775 жж.)
Абылай хан тұсындағы батыр, атақты қолбасшы. Қазақ жауынгерлері арасында зор беделге ие болған, сондықтан оны халық Қанжығалы Бөгенбай деп атап кеткен. Сырдария өзенінің жағасында  дүниеге келіпті. Оның атасы - Әлдекүн, әкесі – Ақша, анасы – Баяу деген кісілер. Бөгенбайдың екі ұлы болған: Тұраналы,Тұрымбет. Тұраналыдан – Бапан би, Тұрымбеттен – Саққұлақ би туған.

Батырлығы мен қолбасшылық дарыны арқасында Бөгенбай үлкен құрметке бөленіп, ерлігі ел аузында аңызға айналып кетті. XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласын қорғауда Бөгенбай батыр қамал бұзар қайратымен көзге түсті. Олжабай, Қабанбай, Малайсары секілді дарабоздармен қоян-қолтық Көксерке атын борбайлап, қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы талай қанды айқастарға қатысты. Бөгенбайдың қалмақтармен және қытай әскерлерімен болған қиян-кескі шайқастарда көрсеткен қайраты сол кезеңдегі жорық жырауларының толғауларында мәңгі өшпес өлең тілімен өрнектеліп қалды.

1725-1727 жылдары Бөгенбай батыр Абылай ханмен бірге қазақ қолын басқарып, осы ұрыс нәтижесінде ойсырай жеңілген онсан қалмақ әскері Түркістан мен Саураннан Жоңғар Алатауының арғы жағына қуылған болатын. 1756-1758 жылдары Бөгенбай батыр Талқы түбінде Шығыс Түркістанға алғаш рет аяқ басқан қытай әскерімен қиян-кескі шайқасқа қатысты. Бұл ұрыста ол қытайларды қыра талқандап, Үрімшіге дейін қуып барды. Бөгенбай батырдың ең ірі жорықтарының бірі 1750 жылы Аягөз өңірінде жеңіліске ұшырады. Осыдан кейін екі жақ мәмілеге келіп, достық келісім жасады. Бөгенбай батыр дана және аса зерделі адам болған. Ол 1761 жылы елшілік миссиямен Абылай ханның ұлы Әділді алып Қытайға барды.

Бөгенбай батыр Торғай өзенінің жағасында қаза болған.


Сөздік
тұс – сторона, направление

жауынгер – воин

зор беделге ие болу – иметь большой авторитет

қолбасшылық дарыны арқасында – благодаря таланту полководца

құрметке бөлену – быть в почете, стать уважаемым

ел аузында – в устах народа

аңызға айналу – стать легендой

қамал – крепость

бұзар қайраты – разрушительная мощь

көзге түсті – бросаться в глаза

секілді – как

қамал – крепость, вал, укрепление

дарабоз – уст. высшее военное звание

қоян-қолтық – рука об руку

борбайлау – возвышать

талай – несколько, довольно, много

қанды айқастарға қатысу – участвовать в кровопролитных боях

қиян-кескі – беспощадный

шайқас – сражение, битва

көрсеткен қайраты – мужество, которое он показал

жырау – певец, сказитель

толғау – стихотворение-размышление

мәңгі өшпес – никогда не забудется

өрнектеу – украсить

қолын басқарып – руководить войском

ұрыс нәтижесінде – в результате битвы

ойсырай – с большим поражением

арғы жақ – дальний, противоположный

алғаш рет аяқ басқан – впервые ступивший на землю

қыра талқандап – беспощадно разгромив

қуып бару – преследовать

ірі жорық – крупный поход

ұшыру – веять, заставить лететь

жеңіліске ұшыру – разгромлен

мәмілеге келу – прийти к соглашению

достық келісім – дружеское соглашение

дана – мудрый

аса зерделі – умный, способный

елшілік миссия – с миссией посла
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

4. Етістіктен сөз тудырушы жұрнақтар арқылы зат есім тудыратын сөздерді теріп жазыңыздар.

5. Асырмалы шырай тұлғасында тұрған сын есімдерді көрсетіңіздер.

6. Мәтіннен күрделі етістіктерді теріп жазып, аудармасын беріңіздер.

7. Мәтіндегі келесі сын есімдерге зат есімдерді табыңыздар: ірі, зор, зерделі, үлкен, қиян- кескі.
3.3 Кенесары батыр
Қазақ халқының патшалық Ресейге, Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресін басқарушы. 1827-жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Әкесі мен ағасының жолын жалғастырушы Кенесары Қасымов та мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды.

1841 жылы Кенесары Қасымов хан сайланды, оның саясатының басты мақсаты қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен бірге билер сотын қалпына келтірді.

1846 жылы Ресей жасақтары мен отаршылдыққа бойұсынған қазақ сұлтандарының әскери құрылымдары оны Кіші және Орта жүздер аумағынан ығыстырды. Кенесары қолы алғашқы әрекетін 1838 жылдың көктемінде Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Қамал бастығы әскери старшина Карбышев пен Ақмола аумағының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин төнген ажалдан құтылып кетті де, Торғайға бет бұрды. Кенесары патша өкілдеріне жазған хаттарында бұл әрекетін Ресей шекараларына жақындатуға ұмтылу, сол арқылы келіссөз процестерін жеңілдету деп түсіндірді. Шын мәнінде батырдың негізгі мақсаты - Исатай Тайманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болып өткен Кіші жүзді жалпыхалықтық көтеріліске қосу болды. 1841 жылы Кенесары хан тағына отырғаннан кейін, көтеріліске қатысушылар әскери қимылын үдете түсті, олар қоқандықтардың елеулі күштері бекінген Жүлек, Ақмешіт, Жаңақорған, Созақ қамалдарын қоршауға алды. Кенесары өзінің басты мақсаты – азаттыққа қол жеткізу үшін ортақ жауға қарсы үш жүздің күш біріктіре күрес жүргізуі керек екенін түсінді.

Алайда ұлт-азаттық күрестің 1844-1845 жылдары қарқыны үдей түскен кезеңде де қазақтардың басы толық бірікпеді. Кенесары мемлекет құрылымына көп көңіл бөлді, жаңа құрылымдар мен ережелер енгізді, сонымен бірге істен шығарылған құрылымдарды қайта қалпына келтірді. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатты, дала соғыстарына бейімдеу үшін мыңдықтар мен жүздіктерге бөліп, басқару құрылымын құрды.

Мемлекеттің ішкі саясатын хан өзі қатаң бақылауға алды, руаралық қақтығыстардың жолын кесті. Үш жүздің қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты. Николай І империя құрамындағы қазақ хандығына қарсы ең көлемді әскери қозғалыстарға рұқсат беретін басқа мемлекет болмауы тиіс деген қарарға қол қойды. Бір кезеңде патша әскерлерімен және ымыраға келмес сұлтандармен күрес жүргізген Кенесары біраз жеңістерге қол жеткізсе де, шегінуге мәжбүр болды. Шегіне келе, Кенесары қырғыз жеріне шекаралас Ұлы жүздің аумағына орналасты. Ханның келесі бағыты қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда ол манаптар тарапынан күшті тойтарысқа тап болды.

Кенесары Тоқмақ маңындағы екі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болды. Кенесары Қасымовтың сіңірген тарихи еңбегі – ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды.


Сөздік
ұлт-азаттық – национально- освободительная

қыруар – множество

белсенділік – склонность к перегибам, политика перегибов

жалғастырушы – продолжатель

сана – сознание

құю – лить, вливать

қыруар еңбек – большой труд

басты мақсат – основная цель

қайта қалпына – в первоначальный вид

шариғат – проповедь

қалпына келтіру – восстановить

жасақ – ополчение, отряд, войско

отаршылдық – колонизация

ығыстыру – вытеснение, теснить

әрекет – действие, акт

бекініс – бастион, крепость

қоршау – ограждать, окружать

өртеу – поджог

төну – набрасываться, угрожать

ажал – смерть, кончина

құтылу – избавиться

бұру – повернуть

жақындату – приблизить

ұмтылу – стремиться, потянуться

келіссөз – переговоры

жеңілдету – облегчить

түсіндіру – объяснить

жалпыхалықтық – общенародный

үдете түсу – ускорить

елеулі күш – значительная сила

бекіну – укрепиться

қоршауға алу – окружить

азаттық – освободительный

қол жеткізу – достичь

ортақ – общий

түсіну – понять

алайда – все же, однако

қарқын – мощь, энергия

бірікпеу – не соединиться, не сложиться

көңіл бөлу – уделять внимание

қатаң тәртіп – строгая дисциплина

орнату – установить

бейімдеу – приспособить

басқару құрылымы – структура руководства

руаралық – межродовые

қақтығыс – столкновение

жолын кесу – перейти дорогу

қатты алаңдату – беспокоить, отвлекать

ең көлемді – самый объемный

қарар – резолюция

ымыра – примирение, уступка

шегіну – отступить

мәжбүр болу – быть вынужденным

бағыт – курс, течение

манап - привилегированное сословие феодально-родовой верхушки

тарапынан – со стороны

тойтарыс – отпор

тең емес – неравный

сақтау – сохранить

жұмылу – дружно взяться сообща


Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен келесі үлгімен жасалған сөздерді теріп жазаңыздар: түбір, көптік жалғау, тәуелдік жалғау, септік жалғау.

4. Мәтіндегі есімдіктерді жазып алып, олардың мағынасына қарай түрлерін белгілеңіз.

5. Мәтіннен берілген келесі етістіктермен сөйлем құрастырыңыздар: сақтау, орнату, шегіну, бұру, жақындату, ұмтылу, қол жеткізу, көңіл бөлу.

6. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіз.

7. Мәтіннен келесі сөз тудырушы жұрнақтармен сөздерді теріп жазыңыздар: -ым, -ім, -ыс,- іс, -лық, -лік, (-дық, -дік, -тық, -тік)-шы, -ші.
3.4 Қабанбай батыр (1692- 1770 жж.)
Қабанбай Қожақұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының Барлық тауы) – батыр. Азан шақырып қойылған есімі - Ерасыл.

Қабанбайдың жеті жасында әкесі Қожақұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза тапқан. 16 жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін Ерасыл 5-6 жыл Зайсандағы Керей ішіне кетіп, әпкесі Меруерт пен жездесі Бердәулеттің қолында болды. Осында жүріп, жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанды.

1723-1730 шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналды. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанды.

1751 жылы Арқадан екі түмен қолмен Оңтүстік Қазақстанға Қабанбай Ханбаба жорығы жасалған. Ұлы жүз жасағын өзіне қосып алған екі түмен қазақ әскері, Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билікке келуіне көмектесті. Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалды.

1752-1754 жылдары өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қабанбай басқарған қазақ әскері жаудан тазартуға қатысып, азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылды.

Қазақ жері басқыншылардан азат болғаннан кейін Қабанбай 1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген қытай әскерінің бетін қайтаруға атсалысты. Шығыс аймақтарға ел көшіру, қоныс бөлу ісіне араласты. Жоңғар үстемдігі кезінде қолдан шығып кеткен Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға қатысты.

Қытаймен бітім жасалғаннан кейін, 1758 жылы қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдап барып, қазақ-қытай саудасын бастап берді. Әкесі Әтеке жырықтың кегін алу үшін 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке ауырып жатқанына қарамастан қол бастап, қарсы шығып, Қабанбай жекпе-жекте Қарабекті өлтірген. Сол сәтте өзі де ат үстінен құлап түсіп, қазаға ұшырады.

Сөздік
азан шақырып қойылған есімі – имя, данное во время ритуала

азан – (рел.) призыв к молитве у мусульман

кек алу – отомстить

қолында болу – жить с ними

жылқыға шабу – нападать на лошадей

жабайы қабандар – дикие кабаны

жайрату – громить

бас батырларының біріне айналу – стать одним из главных батыров

ақбоз атпен – лошадь бело-сивой масти

топ жару – разбить группу

жауға шабу – напасть на врага

екі түмен қолмен – две тысячи воинов

жасақ – (ист.) вооруженный отряд, войско

жоңғарлардан тазарту – очистить (освободить) от джунгар

билікке келуіне көмектесу – помочь прийти к власти

айдау – гнать

құтқару – освободить, спасти

азат ету – освободить

басқару – возглавлять

терістік бағыт – неверное направление

әскеріне қосылу – присоединиться к армии

басқыншылар – захватчики

азат болғаннан кейін – после освобождения

билеуші – правитель

қуып келу – догнать

бетін қайтару – дать отпор

атсалысу – участвовать в чем -либо, помогать

ел көшіру – первезти народ

қоныс бөлу ісіне – участие в делении земли

араласу – принять участие

үстемдік кезінде – во время господства, превосходства

бітім – соглашение, перемирие

айдап бару – отогнать (для продажи)

сауда – торговля

жекпе-жек – поединок

сол сәтте – в это время

құлап түсу – упасть


Тапсырмалар
1. Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.

2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.

3. Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.

4. Мәтін бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.

5. Мәтіннен күрделі етістіктерді теріп алып, аударыңыздар.

6. Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет