Қазаналы қарашаңырақ



жүктеу 43.53 Kb.
Дата08.07.2016
өлшемі43.53 Kb.
Сарыарқадан майданнан сәлемдеме

Қазаналы қарашаңырақ

Ұлы Отан соғысындағы жеңіске барша совет халқы үлес қосты. 1942 жылдың ақпан айында орталық баспасөз беттерінде Совет Одағы телеграф агенттігінің «Эшелондар мерекелік сыйлықпен майданға кетіп барады» деген хабары жарияланды. Онда «... Қазақстанның барлық 14 облысы бір-бір эшелоннан сыйлық жөнелтті. Майданға қазірдің өзінде 100-ден астам вагон кетті...» деп жазды. Даңқты Қызыл Армияның 24 жылдығы құрметіне майдандағы жауынгерлерге арнап сыйлық жөнелту жөніндегі бастаманы кенді өңірдің барша тұрғыны қуана қабылдады. Ол айтпаса да түсінікті еді. Батыстағы қанды соғыс ішінде біреудің баласы, біреудің жары, біреудің әкесі жүр, соларға арнап хал-қадірінше сыйлық әзірлеп жөнелтуге басқалар тәрізді қарағандылықтар да белсене кірісті.

Қарағанды қаласында майданға сәлемдеме жөнелтуге арналған салтанатты митингі сол 1942 жылдың 19 ақпан күні өтті. Оған халық көп жиналды. Сарыарқаның төрі Қарағанды майданға аз уақыт ішінде 28 вагон азық-түлік, киім-кешек басқа да керек-жарақ жинаған еді.

Өткен күндердің куәгері - сарғайған газет беттеріндегі осы оқиғаға байланысты жарияланған мына хабарды назарға алмай кету мүмкін емес. 1942 жылғы 20 ақпанда жергілікті басылымдар:

«Қарағанды шахтерлері, Балқаш пен Қарсақбай металлургтері, Қоңырат, Жезқазған кеншілері, теміржолшылар, колхозшылар мен колхозшы әйелдер, біздің облысымыздың барлық еңбекшілері екі аптада даңқты Қызыл Армияның жауынгерлеріне, командирлері мен саяси қызметкерлеріне сыйлық дайындады. Біздің кең байтақ облысымыздың әр түпкірінен май, ет, шұжық өнімдері, печенье, қант, шарап және басқа да тамақ салынған мыңдаған посылка әзірленді. Мәселен, Шет ауданының еңбекшілері Қызыл әскерлер үшін 1800 кг. ет, 7 центнер ұн, қант, шұжық, май жинады.

Кеше, ертеңгілік сыйлық тиген эшелон Солтүстік-Батыс майданына жүріп кетті...» деп жазды.

Солтүстік-Батыс майданға Қарағанды облысының сәлемдемесін алты адамнан құралған делегация алып баратын болды. Олардың негізі қарағандылықтар болатын. Делегацияға жетекшілік ету сол кездегі Қарағанды қалалық партия комитетінің секретары Ғабдырахман Әбдіхалықұлы Төлепбергеновке жүктелді (Делегация жетекшісі Ғ.Төлепбергеновпен әңгіме сұхбат «Орталық Қазақстан» газетінің 1985 жылғы 15 ақпандағы санында «Сарыарқадан әкелдік сәлемдеме» деген тақырыппен жарияланған).

Делегация құрамында Қарағанды облыстық комсомол комитетінің секретары Нина Васильевна Дроздецкая, Қарағандыдағы №18 шахтаның навалоотбойшігі Тілеубек Сыздықов, Киров атындағы №1 мектептің мұғалімі Свирякова, Балқаш қалалық партия комитетінің секретары Ысқақов және облыстық астық өнімдерін дайындау конторының қызметкері Исаков болды.

Осы құрамдағы делегацияны аса жауапты сапарға шығарып саларда облыстық партия комитетінің бірінші секретары Х.Пазиков қабылдап, оларға оң сапар тіледі, сонымен бірге облыс еңбекшілері атынан Солтүстік-Батыс майдандағы Қызыл Армияның жауынгерлері, командирлері мен саяси қызметкерлеріне арналған хатты тапсырды. Хатта: «Құрметті жолдастар, біздің қарапаиым сыйымыз - 28 вагон азық-түлік өнімдерін қабыл алыңыздар. Бұл - майдан мен совет тылының қандас бірлігінің символы.

Ол, осы сыйлықтар, сіздерді Социалистік Отанды қорғаудағы, біздің балаларымыздың, әйелдер мен қарттардың қауіпсіздігін сақтаудағы жаңа жауынгерлік ерліктерге жігерлендірсін», - деген жолдар бар.

Сәлемдеме тиелген 28 вагоннан тұратын эшелонды барша қарағандылық шығарып салды. Вагон қабырғасына «Қызыл Армия жауынгерлері! Қарағанды еңбекшілерінің мерекелік сәлемін қабыл алыңдар!» деген сөздер айшықты етіп жазылған болатын.

Жолда бөгет болмады. Майдан даласына елдің ыстық сәлемі мен сағынышын, әрі сәлемдемесі тиелген эшелонды әр станция еш кедергісіз шығарып салды.

Қарағандылықтарды Солтүстік-Батыс майданның өкілдері салтанатпен қарсы алды. Осы жерде шағын митингі ұйымдастырылып, онда делегация жетекшісі, Қарағанды қалалық партия комитетінің секретары Ғ.Төлепбергенов сөйлеп, майдангерлерге Қазақстанның, соның ішінде қазыналы Қарағанды өңірі тыл еңбекерлерінің ыстық сәлемін жеткізді. Бұдан соң майдан өкілі, комиссар Горбачев сөз алып, майдандағы жауынгерлердің ерлігін ортаға салды. Әскери комиссар өз сөзін: « Біздің елден басқа қай жерде жұмысшы өкілдері солдаттар мен офицерлерді өзінің досы, әрі бауыры деп санайды. Айтыңдаршы, мұндай бауырластық еш жерде жоқ», - деп аяқтаған еді.

Қарағандылық делегацияның мүшелері әскери бөлімшелерде болып, жауынгерлердің тұрмыстарымен және әскери командирлерімен жете танысады. Әскери госпитальде болып, жаралы жауынгерлермен жолығады. Совет Одағының Батырларымен кездеседі. Бұл жөнінде делегация мүшелері Н.Дроздецкая мен А.Сибирякова өздерінің естеліктерінде жазып, оны сол 1942 жылдың көктемінде елге оралған соң жергілікті баспасозде жариялаған.

Солтүстік-Батыс майданының басшылары мен жауынгерлері қарағандылықтардың сый-сияпатына ризашылығын білдірді. Оның куәсіндей майдан әскерлерінің қолбасшысы, генерал-лейтенант П.Курочкин мен майдан әскери советінің мүшесі, дивизион комиссары А.Пронин қол қойған хат осы күнге дейін сақталған. Онда жауынгерлердің серті: «...Қызыл Армия барлық совет халқының қолдауы арқылы фашист басқыншыларының тас-талқанын шығарады және өзінің жауынгерлік борышын абыроймен орындап шығады...» деген сөздермен жеткізілген.

Осылайша қарағандылықта майданға сәлемдеме жеткізіп тыл мен майданның бірлігін одан, әрі нығайта түсті.



Қарағанды өңірінің майданға жөнелткен бұдан да басқа көмегі ұшан-теңіз. Қазақстан тарихында көмірлі өңірдің бұл игі ісі былайша баяндалады: «Қарағандылықтар еліміздің қорғаныс қорын жасау жолындағы бүкілхалықтык қозғалысқа белсене қатысты Олар 100 млн. сомнан астам соғыс заемы облигацияларын сатып алды. «Қарағанды шахтері» «Қарағанды теміржолшысы» танк колонналары, «Қарағанды әйелдері» атты санитарлық авиация звеносын құруға көп қаражат жинады. Қарағанды еңбекшілері фашистік басқыншылардан азат етілген Украина шаруашылықтырына зор көмек беріп, оларға 22 мың путтан астам астық, 55 трактор, 40 трактор соқасын, 11 мың ірі қара, 40 мыңдай қой-ешкі, 2 млн. сомдай ақша жіберді. Қарағанды әйелдері Донбасс балалары үшін бақшалар мен яслилер салып жабдықтауға 3 млн. 307 мың сом ақша жинап, жөнелтті». Бұдан да басқа көмек-жәрдемдер көрсетті. Осының бәрі майдан мен тылдың біртұтастығын көрсетеді. Сарыарқаның сәлемдемесі, ақшалай көмегі, басқа да жәрдемдері Ұлы Жеңісті жақындата түсуге және соғыстан кейін қираған аймақтарды қалпына келтіру ісіне қарағандылықтардың тарапынан қосылған үлес еді.
Аман ЖАНҒОЖИН,

Ермағамбет ЛҰҚПАН.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет