Қазақстан – біздің ортақ Үйіміз



Дата22.02.2016
өлшемі54 Kb.
#136


ҚАЗАҚСТАН – БІЗДІҢ ОРТАҚ ҮЙІМІЗ
Қазақ жерінде ғасырлар бойы сан түрлі дінді ұстанған әралуан халықтар өзара келісім мен татулықта өмір сүріп келеді. Сондықтан да қазіргі таңда Қазақстан бүкіл әлем үшін дінаралық және ұлтаралық келісім салтанат құрған тату елдің жарқын үлгісіне айналып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Азаматтық татулық  пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған», - деп атап көрсетті.

Біздің елде мұсылмандармен қатар православтық, католиктік, протестанттық, иудаизм, буддизм және басқа да конфессиялардың өкілдері береке-бірлікте өмір сүруде. Тек соңғы үш жылдың ішінде ғана бас қаламызда Орталық Азиядағы аса ірі ғибадат ғимараттары – Әзірет Сұлтан мешіті мен Құдай Ана Успения храмы, ал Қарағанды қаласында католиктік «Пресвятая Дева Мария Фатимская» кафедралды соборы бой көтерді.

Қазақ халқының басқа діндерге деген құрметі, толеранттылығы мен өзара түсіністігі маңызды біріктіруші факторға және мемлекеттілікті тұрақты дамытудың, елдегі қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты шартына айналды.

Сұхбат, өзара түсіністік пен құрмет – барлық мәдени-діни қауымдар мен ұлыстардың қауіпсіздігі мен ынтымақ-келісімдерін, әл-ауқаты мен бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ететін жер шарындағы ең әлеуеті мол күш. Біз өзіміздің сыртқы саяси қызметімізде де төзімділік, келісім және ынтымақтастық қағидаттарын ұстанамыз.

Барлық азаматтардың ұлттық ұстанымына және діни сеніміне қарамастан, тең құқықты және еркін дамуы қағидаттарына негізделген саясатты іске асырудың басты құралдарының бірі – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған қоғамдық институт – Қазақстан халқы ассамблеясы болып табылады. Ассамблея этносаралық қана емес, конфессияаралық қатынастардың да бірегей сұхбат алаңына айналып отыр.

Бүгінде Қазақстан әлем мойындаған мәдениетаралық және конфессияаралық сұхбат орталығына айналды. Біздің жас та әсем елордамыз – Астана қаласы осыған дейін төрт рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қонақтарын зор ілтипатпен қабылдады.

Қазақстан Шығыс пен Батыстың, ислам мен христиан діндерінің арасындағы алтын көпір іспеттес. Діни көшбасшылардың форумдарын, Қазақстанның ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға төрағалығы шеңберіндегі іс-шараларды, толеранттылық тақырыбындағы конференцияларды өткізу – Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің жаһандық деңгейде сұранысқа ие екендігіне дәлел болып табылады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен осыдан 10 жыл бұрын құрылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі қазіргі заманғы діндер арасындағы жаһандық үндесудің ықпалды әрі табиғи бөлігіне айналды. Съезд дін көшбасшыларының, діндер мен халықтардың арасындағы өзара түсіністікті арттыруға мүмкіндік беріп, маңызды рөл атқарып отыр.

Барлық діндер жоғары гуманистік және адамгершілік құндылықтарды насихаттайды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық сұхбатты ілгерілетіп дамытуға, діни қауымдар арасындағы өзара түсіністікті және құрметті нығайтуға, толеранттылық пен өзара сыйластық мәдениетін дамытуға, діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы үндесуді арттыруды мақсат еткен барлық халықаралық ұйымдар мен құрылымдармен бірлесе жұмыс жүргізуге мүмкіндік туғызады.

Қазіргі қоғамдағы жағдай тұрғындардың жат әрі жалған діни идеологиялық «екпелерге» қарсы тұрақты иммунитетін күшейтетін дүниетанымдық көзқарастарды қалыптастыруды талап етіп отыр. Қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың конституциялық басымдылығын сақтау, конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту, азаматтардың діни сенім бостандығына құқығын іске асыру, дінде экстремизм жоқ деп тану – радикалдық және экстремистік ағымдар идеологиясына қарсы іс-әрекет етудің қағидаттары болып табылады.

Біздің еліміз 20 жылдан астам уақытта көптеген сынақтар мен қауіп-қатерлерге, қиыншылықтарға тап болды, алайда өзінің қазақстандық бірегей жолын ұстана отырып, оларды жеңе білді. Біздіңше, барша қоғам мүшелері, діни бірлестіктердің, этностық қауымдардың өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына, халқымыздың рухани мұрасы мен ұлттық мәдениетін насихаттауға, радикалдық діни ағымдардың орынсыз шабуылдарынан діни негіздерді қорғауға бұдан да белсендірек қатысулары керек.

Қоғамның рухани өмірін арттырудағы маңызды міндет – исламдағы ізгілікке, адамгершілікке баулитын, адалдық пен әділдікті насихаттайтын, өз еліне деген сүйіспеншілікке, халықтың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеуге тәрбиелейтін шынайы құндылықтарды түсіндіру болып табылады.

2011 жылдың 11 қазанында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына қол қойды. Заңның басты ережелерін іске асыру дін саласын құқықтық реттеуді жөнге келтіруге мүмкіндік берді.

Өз дәстүрлері мен құндылықтары бар этностық және конфессиялық топтардың әралуандығы, Қазақстанның геосаяси тұрғысынан қолайлы жерде орналасуы қоғамдық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен жан саулығына төнетін қатерлерге қарсы әрекет етудің тетіктерін жасап шығаруды және нығайтуды талап етті. Сондықтан жаңа заңның діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу туралы ережесі осы саланы дұрыс реттеудің қажетті тетігі болып табылады. Жалпы, діни бірлестіктерді қайта тіркеу шаралары ел-жұрттың және негізгі діни бірлестіктердің оң бағасын алды, сондай-ақ еліміздегі конфессиялық кеңістікті жүйелеу мен қолайлы түрде құрылымдаудың маңыздылығын тағы бір рет дәлелдеп берді.

Дін әлімсақтан бері халықтың рухани мұрасын, моральдық құндылықтарын, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтаушы миссиясын атқарып келеді. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында: «Қазақстан Республикасы халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін таниды, Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейді», - деп көрсетілуі кездейсоқтық емес.

Қазақстан аумағында ислам мен православиенің тарихи рөлінің танылуы осы діндердің елдегі дінге сенушілердің 95%-ын қамтитындығымен тікелей байланысты. Сонымен қатар, заңнамада Қазақстан Республикасының әрбір азаматтың ар-ождан бостандығын құптайтыны, өзге діндерді құрметтеп, конфессияаралық келісімнің маңыздылығын мойындайтыны да жазылған.

Мемлекеттің дінге қатысты саясаты конституциялық ар-ождан бостандығы ұстанымы мен барлық діндердің заң алдында теңдігін ұлттық қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз ете отырып, үйлесімді түрде іске асырумен, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын, дәстүрлі рухани құндылықтарын дамытып, сақтауға баса мән берумен айқындалуы тиіс.

Қазақстанның ұлт бірлігі доктринасында этникалық немесе өзге де тегіне, діні мен әлеуметтік деңгейіне қарамастан, азаматтардың барлығына тең мүмкіндіктердің берілетіні жазылған және бұл ұлтаралық ынтымағымызды негіздейтін басты қағидаттардың бірі болып табылады. Мемлекетіміздің азаматтары қай этникалық немесе діни қауымдастықтың өкілі болып саналса да, бірегей азаматтық қоғам құра отырып, ортақ құқықтар мен бостандықтарды толығымен пайдаланады.

Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынасын айқындайтын ұстанымдар - діни сенім бостандығы деңгейін танытатын айқын индикатор іспеттес. Біздің бұл саладағы басымдықтарымыз анықталған. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, «Қазақстанда қоғам діннен бөлінбеген, сондықтан да мемлекет осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуден тыс қала алмайды. Оның өзінде діни сенімдердің адамгершіліктік бастауларға негізделетінін және үлкен гуманистік әлеуетке ие екендігін ескерген жөн, оларды қоғамның рухани құндылықтарын дамытып, қазақстандық патриотизмді нығайтуға, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты тұғырландыру мен діни экстремизмнің алдын алуға пайдалану керек».

Қоғамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қорғау, діннің теріс пиғылды және экстремистік мақсаттарға пайдаланылуына жол бермеу – міне, мемлекеттің дін саласындағы саясатының басты бағыттары осындай.

Заманауи әлем дүниетанымдық және құндылықтық дағдарысты бастан кешуде. Өркениеттер текетіресін айғақтаған, тарихтың ақыры таянғанын болжамдаған жанайқайлар жиілеп қана қоймай, қаттырақ шыға бастады.

Бүкіл жер-жаһанда ұлтаралық және дінаралық қақтығыстардың көбейгені - бүгінгі күннің шындығына айналып отыр. Дүрдараздықтар, діни төзімсіздіктің артуы, ксенофобия мен радикализм қоғамды бөлшектеуде, сондай-ақ жаһандық қана емес, жекелеген мемлекеттердің шеңберіндегі текетірестер туралы сөз қозғауға себеп болуда.

Белсенді миграциялық үдерістердің нәтижесінде көптеген елдер қоғамнан оқшауланған, томаға-тұйық этно-конфессиялық анклавтардың пайда болуы секілді құбылыстармен бетпе-бет келді.

Бізге тұрақты қоғам құрудағы төл жетістіктерімізді сақтап қалу өте маңызды. Елімізде әралуан этномәдени және діни дәстүрлердің бірге жасасып келе жатқаны айдан анық. Біздіңше, бұл көпэтникалық және көпконфессиялық жасампаздық пен ілгерішілдіктің басты факторына айналуы тиіс. Біз рухани тәжірибедегі, тарих пен мәдениеттегі табиғи алуан түрлілікті баршаға ортақ игілік пен ілгерішілдік жолында пайдалануымыз керек.

Біз өзіміздің сұхбат пен мәмілегерлік ұстанымдарына адалдығымызды растаймыз. Өзара түсіністік пен татулық жолымен ғана жетістікке жетуге болады, осы жол арқылы ғана қазақстандық қоғамның сан айшықты келбетін құрайтын барлық діндер мен мәдениеттердің бірегей ерекшеліктерін сақтай отырып, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, жасампаздық рухын асқақтата аламыз.


Қайрат Лама Шариф

ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет