Федоров мәдениеті. Бұл мәдениеттің ескерткіштері б.з.б. ХV-ХІ ғасырлармен мерзімделінеді.
Федоров мәдениетінің хронологиясы пікір таластар туғызып келеді: кейбіреулер оны хронологиялық тұрғыдан алакөлден кейін қойса, басқалар оларды қатар қояды. Бірақ алакөлдік ескерткіштер шығыс өңірлерде, федоровтық ескерткіштер батыс өңірлерде кездесе қоймайды.
Федоров қоныстарынан анықталған және зерттелген баспаналардың қирау дәрежесі оларды нақты қалпына келтіруге мүмкіндік бермей отыр. Әзірге баспана тұрғызуда екі тенденция байқалған: оның бірі жер бетіне салынған каркасты шағын құрылыстар болса, екіншісі тікбұрышты жартылай жертөле типіндегі құрылыстар.
Айталық, Петропавлдық Есіл өңіріндегі бір мәдени қабаттан тұратын Бишкуль-4 қонысынан ауданы 140 м, пішіні (тұрпаты) шаршы тәріздес, бұрыштары қатты дөңгеленген каркас үйдің бөлігі аршылған. Баспананың қазаншұңқыры аздап материктік бөлікке дейін қазылған. Дәліз тәрізді шығар есігі шағын кертпе түрінде. Баспананың орталық бөлігінен көлемі 1,3-1,8 м бөренелі рама анықталған. Раманың және бағаналық шұңқырлардың орналасуына қарағанда, сәл қисайтылған баспана қабырғалары төменгі бөлігі қазаншұңқырға тірелген, жоғарғы бөлігі бөренелі рамаға жалғасқан кеспелтектерден немесе бөренелерден тұрған. Өз кезегінде рама баспананың ішкі шекарасынан 1,5-2 м кейін орналасқан тігінен қазылып қойылған бағаналарға тірелген. Шатырының жоғарғы бөлігі орталық рамаға (оның қалдықтары еденнен аршылған) бекітілді, және де оның астына ошақтар орналасты. Сайып келгенде, баспана кесілген пирамида секілді тұрпатты иемденді. Жылыту үшін қабырғасы шыммен, күлмен өрілді.
Тікбұрышты жартылай жертөле типіндегі ірі құрылыстар Петропавлдық Есіл өңіріндегі Новоникольское-1 (№4 баспана) мен Атасу-1 )қарағанды облысы) қоныстарынан анықталған. Айталық, атасу-1 қонысындағы баспаналар ауданы 150-200 шаршы метрді қамтиды. Федоровтық баспаналар ішінара Қарағанды облысындағы Усть-Кенетай мен Әкімбек қоныстарында да сақталған.
Тұтас архитектуралық ансамбльді көрсететін жалғыз федоровтық баспана кешені Икпень-1 (ортаңғы мәдени қабат) қонысынан қазылған. Бұл қоныстан тұрпаты сопақша келген, тереңдігі 0,2-0,4 м, ауданы 80-120 м 8 құрылыс-жертөле аршылған. Баспанаға кіретін жалғыз есік бұрышынан немесе қабырғасынан түсірілген. Еденнен 1-ден 4-ке дейін ошақ орны, 2-5 шаруашылық және 10-32 бағаналық шұңқырлар, ұралар, тереңдігі 3 м-ге дейін жететін және қабырғасы бұтақпен өрілген алакөл мәдениетіне тән 1-2 құдықтардың орындары анықталған. А.А.Ткачевтың пікірінше, мұндағы құрылыстар өз мәні бойынша қауым мүшелеріне, сүйек өңдеуші және металлургтардың баспана-шеберханаларына, культтарға қызмет ететін адамдарға арналған баспаналарға бөлінеді.
Икпень-1 қонысының қыш құмыралар топтамасы 6 бүтін және 500-ден астам ыдыс сынықтарынан тұрады. Ыдыстар мұқият жасалған, сырты көбіне жылтыратылған, илеуінде құм мен шамот (отқа төзгіш күйдірген топырақ), ішінара ұсақ тас (ірі құм), слюда, қабыршақ кездеседі. Ою-өрнекті түсіруде көбіне «тарақты» техникасы басымдық танытады. Тұрпаты (пішіні) бойынша ыдыстар 2 топқа жіктелген: профилі жатық ыдыстар және банка-ыдысы секілді профилі әлсіз құмыралар. Ыдыстардың бір бөлігі қатарлата басып ою әдісі бойынша белгілі аймақтарына сай «мойыны мен денесі көрсетіле тарақты штамппен өте көркем өрнектелген». Алғашқы топ ыдыстарында геометриялық – бұрышы қисық үшбұрыштар, тікбұрыштар, теңбүйірлер, меандр, фестон, «кілем өрнектері» сияқты ою-өрнектер тән. Жартылай кесінді техникасымен түсірілген мейлінше «көркем» ыдыстардағы ою-өрнектер – көлденеңінен түсірілген сызықтар, кертіктер мен ойықтар, қисық сызықтар, шыршалар. Екінші топтағы көлденең сызық, шырша, ойық, кертпеш түрінде түсірілген ыдыстар ою-өрнегі де осы техника бойынша жасалған.
Қазба барысында жапырақ тәрізді пышақтар, төлкелі чекан (металл бұйымдардың бетіне басып нақыш бедер салу үшін қолданылатын аспап), құйылған самай сақинасы мен балтаның бөліктері, сүйектен жасалған екі тесікті сулық, саз балшықтан жасалған құйма қалыптар сынықтары шыққан.
Обалар жерлеу құрылысының үштен бірін құрайды, ал қалған екеуі тікбұрышты және дөңгелек тұрпатты (пішінді) қоршаулардан тұрады.
37 қоршаулар мен обалардан, сондай-ақ шағын қоршау түріндегі 3 құрылыстардан 47 бейіт, соның ішінде 25 тас жәшік, 14 топырақ шұңқыр, 6 циста, қиыстырылған 2 жәшік-циста анықталған. Бейіт тереңдігі 0,45-тен 1,55 м-ге дейін, сонымен қатар мейлінше терең, 1 м-ден асатын бейіттердегі жәшіктердің тас плиталары 0,5 м-ге дейін көмілген.
Бейіттердегі мүрде батыс-шығыс және оңтүстік-батыс – солтүстік-шығыс бағыты бойынша жерленген.
37 моладағы жерлеу ғұрпы мынадай: 24 молада мүрденің сүйектері жерленген, 13 молаға өртенген мүрде қалдықтары қойылған.
Кейбір жерлеу құрылыстарының ерекше белгісі бір-бірімен ішкі және сыртқы болып үйлескен қос қоршаудың, тіпті үшеулік қоршаулардың кездесуі деуге болады. Өзгеше жерленгендер қалпы (позасы) да ұшырасады, мысалы Ә.Х.Марғұланның пікірінше, Қанаттас қорымындағы №11 қоршау бейітіне адам жүресінен отырған күйінде жерленген.
Жерлеу қабіріне 1 немесе 2 ыдыс қойылды. Қола және басқа бұйымдар сирек кездеседі.
Қорымдардағы қыш құмыралар кешені ыдыстар, банкалар түрінен тұрады. Ә.Х.Марғұлан кезінде нұра (федоров) кезеңіне тән қыш құмыралардың жалпы сипаттамасын көрсетіп берген болатын. Профилі жатық ыдыстардың мойыны сыртқа қайырылған, ернеуі жатық, кейде қырлы болып келеді. Түбі жалпақ, кейде табандығы болады. Банка секілді ыдыстардың ернеуінің астындағы, денесінің жоғарғы бөлігіндегі ою-өрнектер аса айқын емес болғанымен, түсірілу техникасы келесі топтағы қыш құмыраларға ұқсас.
Ә.Х.Марғұлан федоровтық қыш құмыралары бар кешендер арасынан Бұғылы-1 кешенін ерекше бөліп көрсетеді. Оның бейіттерінен алынған қыш құмыралар өзгешелеу. Олар аздап «ваза» тұрпатына (пішініне) келіңкірейді. Кейде табандығы да ұшырасады.
Достарыңызбен бөлісу: |