Археология ғылымындағы дамудың алтыншы кезеңін Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастауға болады. Бұл кездері ғылымға бір топ зерттеушілер келді. Олар М.К.Хабдуллина, К.М.Қарабаспақова, В.В.Варфоломеев, И.А.Кукушкин, Ж.Е.Смаилов, А.З.Бейсенов, М.С.Қасенов, Д.А.Талеев, М.Қожа, А.М.Досымбаева, З.Ш.Шарденова, Г.А.Терновая, Т.Мәмиев еді.
Кеңес Одағының ыдырауы, әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер қоғамда түрлі қарама-қайшылықтар тудырды. Бұрынғы идеологиялық шектеулердің алынып тасталуы, формациялық ұстанымнан бас тарту тарих методологиясына да әсерін тигізді. Сөйтіп, жаңа кезең бұрынғы идеологиялық ұстанымдарды қайта қарастыруымен сипатталынады, бір шетінен қоғамда этноцентристік сипаттағы тарихи мифтер де кеңінен белең ала бастаған еді.
Археологияда да бұл жайттардың кейбірі орын алды, бірақ 1991 жылы бәрі өзгере қалды деу аңқаулық болар еді, өйткені академиялық дәлдіктің арқасында мәдени мұраны зерттеудегі археологиялық бағыт бұрынғысындай қала берді, ал ғылыми әдебиет төңірегіндегі «тарихты қайта жазу керек» деген сөз археологиялық ізденістерді шарпи қойған жоқ.
Жаңа кезеңдегі аса ірі оқиғалардың бірі 1991 жылы Археология институтының ашылуы болып саналады.
Көрнекті ғалым, археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, филолог, академик Ә.Х.Марғұлан есімі берілген бұл Археология институты Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 28-тамыздағы №496 Қаулысымен және Қазақ КСР ҒА Төралқасының 1991 жылғы 6-қыркүйектегі №73 Қаулысымен Қазақ КСР ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты Археологиялық зерттеу орталығының негізінде құрылған еді.
Айта кететін бір жайт, мемлекет идеология, мәдени стратегия, ғылым сауалдарын назардан тыс қалдырмады. 1995 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат бойынша Ұлттық Кеңес «Қазақстан Республикасындағы тарихи сана тұжырымдамасын» бекітті. 1999 жыл Ұлттық бірлік пен ұлт тарихы жылы болып белгіленді. 1998 жылы ақпанда ҚР Президентінің Жарлығымен Жібек жолы бойындағы тарихи орталықтарды қайта өркендету, түрік тілді мемлекеттердің мәдени мұрасын қорғау және жалғастыру, туризм инфрақұрылымдарын қалыптастыруға қатысты мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ол тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін зерттеу, музейлендіру, консервациялау, қалпына келтіру секілді іс-шаралар кешенін қамтыды. ҚР Президентінің Жарлығымен 2002 жыл Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды. Ал 2004 жылы Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарламаға төменде біз арнайы тоқталып кетеміз.
Міне, бұл аталған мәдени шаралардың қай-қайсысы болмасын қоғам өмірінде, соның ішінде археология ғылымының дамуында маңызды рөл атқарды, жаңа ашылуларға тың серпін берді. Дегенмен, жыл сайын жаз айларында Қазақстан археологтары үзбей далалық ізденістер жүргізіп отырды. Нәтижесінде палеолиттен бастап кейінгі орта ғасырлар соңына дейінгі сан алуан ескерткіштер зерттелінді, күрделі проблемалар жан-жақты қарастырыла бастады.
Бұл кезеңде археологияның көптеген бағыттары жаңа қарқынмен дамыды. Орталық және Оңтүстік Қазақстанның палеолиттік ескерткіштерінің типологиясы мен кезеңдестірілуі толықтырылып, бірқатар мустье кешендері ғылыми талдаудан өтті (О.А.Артюхова).
Тобыл-Ертіс өзендері аралығындағы голоцен дәуіріне жататын құралдарға жүргізілген трассологиялық талдаулар атбасар мәдениеті кешендерінің шаруашылық жайттарын қалпына келтіріп, Солтүстік Қазақстандағы мезолит пен неолит тұрғындарының өмір салтын нақтылауға жол ашты (А.А.Плешаков).
Қола дәуірі соңына жататын Сарыарқаның археологиялық материалдары ғылыми талдаудан өтті, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан қола дәуірінде тіршілік еткен тайпалар мәдениетінің материалдары жүйеленді, Тамғалы шатқалындағы қола ғасырынан орта ғасырға дейінгі ауқымды хронологиялық диапазонды қамтитын бірегей ескерткіштер кешені зерттелінді (А.Н.Марьяшев, А.А.Рогожинский). 2005 жылы Тамғалы ЮНЕСКО-ң Әлемдік мәдени мұра тізіміне енді.
Сондай-ақ Тамғалы шатқалындағы ескерткіштер кешенімен бірге Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де осы тізімге енді.
Ортағасырлық қалаларды зерттеуде Талас алабындағы, Шу мен Талас өңіріндегі, Орталық Қазақстандағы, Арал маңындағы, Солтүстік-Шығыс Жетісу мен Келес даласындағы қалалар мен қоныстар типологиясы нақтыланды. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың ортағасырлық сәулет өнері зерттелінді.
Ортағасырлық көшпенділердің жерлеу ғұрыптары, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан палеоэкономикасының жекелеген проблемалары, Орталық Азия петроглифтеріндегі сан алуан бейнелер, тас мүсіндер, құлпытастар қарастырылды.
Жыл сайын археологиялық зерттеулер барысында қосымша ақпарат беретін жаңа материалдар алынып, деректік қор құрамы толықтырыла түсті. Алынған археологиялық материалдар деректемелік базаны нығайтып, ескерткіштер типологиясы мен сыныптамасын зерделеуге және жетілдіре түсуге, жаңа археологиялық мәдениеттерді жіктеуге, шаруашылық-мәдени типтерді және тарихи-мәдени қауымдастықтарды нақтылауға, хронология мен кезеңдестіру сауалдарын қарастыруға жол ашты.
Қазақстан аумағында қазба жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде кейбір археологиялық экспедициялардың мәні зор. Айталық, Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (1946 жылдан бері жұмыс істеп келеді), Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (1953 жылдан бері), Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (1947 жылдан бері), Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (1946 жылдан бері), Жетісу археологиялық экспедициясы (1954 жылдан бері), Сарыарқа археологиялық экспедициясы (1980 жылдан бері), Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясы (1992-2002 жылдары жұмыс істеді), Талғар археологиялық экспедициясы, Орал археологиялық экспедициясы (2000 жылдан бері), т.б. көптеген ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Олардан басқа көптеген археологиялық экспедициялар (Алматы, Түркістан, Шілікті, Тұран, Үйгентас, т.б.) да соңғы жылдары белсене қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Ірі археологиялық экспедицияларды Қазақстан жоғарғы оқу орындары, басқа мекемелер де жасақтады. 1970 жылдан бері Қазақ Ұлттық Университетінде археология және этнология кафедрасы жұмыс істейді. Археология ғылымымен айналысатын мұндай кафедралар републиканың басқа оқу орындарында (ҚарМУ, ЕҰУ, ХҚТУ, ҚосМУ, ПМУ, т.б.) да соңғы жылдары ашылды. Олар сонымен қатар мамандарды даярлауда елеулі рөл атқарып келеді.
Археологиялық экспедициялар құрамында Франция, АҚШ, Италия, Германия, Польша, Бельгия, Жапония, Ресей Федерациясы, т.б. елдердің мамандары да қатысып отырады.
Әдетте, табиғи факторлар мен техногенді және антропогенді әсер етулер археологиялық ескерткіштердің бүлінуіне, қирауына және жойылып кетуіне әсерін тигізетіндігі белгілі. Сол себепті де тарихи-мәдени мұраны сақтау мен пайдалану жұмыстарының жалпымемлекеттік маңызы зор. Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді тізімге алудың алғашқы тәжірибесі 1960 жылы жарық көрген «Археологическая карта Казахстана» атты жинағынан бастау алады. 1981 жылдан бастап көптомдық «Тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағын» құрастыру қолға алынған. Қазіргі таңда Шымкент (Оңтүстік Қазақстан) облысы мен Жамбыл облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің Жинағы жарыққа шыққан. Сонымен қатар республика кейбір аудандар, ауылдық округтерінің де (Мәртөк ауданы, т.б.) жинағы жарияланып отыр. Мұндай энциклопедиялық сипаттағы ғылыми-ақпараттық жұмыстар ескерткіштердің орналасуын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар оларды сақтауға, құрылыс жұмыстары кезінде кездейсоқ қиратылуға, қалпына келтіруге де көп септігін тигізеді.
Бүгінгі күні Қазақстан аумағынан үңгірлік тұрақтардан бастап кездейсоқ ұшырасқан бұйымдарға дейін есептегенде 450-дей палеолит, 50 шақты мезолит, 800-дей неолит ескерткіштері анықталған (Д.С.Байгунаков).
Тас дәуірін зерттеуге 1992-2002 жылдары біріккен Қазақстан-Ресей археологиялық экспедициясы (жетекшісі академик А.П.Деревянко; Қазақстан жағынан отряд басшысы Ж.Қ.Таймағамбетов) көп үлес қосты. Аталған экспедиция Қазақстанды түгелдей дерлік шарлап шықты. Қоcқорған, Шоқтас (Түркістан-Кентау маңы), Қараүңгір, Қызылтау, Соркөл (Қаратау сілемдері) археологиялық нысандарында, Арал ескерткіштерінде (Арал маңы), Мұғалжар ескерткіштерінде (60 шақты орыннан; Мұғалжар таулары) зерттеу жүргізіп, Маңғыстаудан, Шығыс Қазақстаннан көптеген кешендер тапты. Бірнеше жылға созылған зерттеулер травертинді сақинасы бар Оңтүстік Қазақстан кешендерінде (Шоқтас-1-3, Қоcқорған-1-3) шағын индустриялы өзіндік мәдениеттің қалыптасқандығын, Мұғалжар тауларындағы бірегей ашельдік дәстүрдің орын алғандығын, ерте голоцендік Шахантай (Қаратау) сынды ескерткіштердің даралығын дәлелдеуге мүмкіндік берді. Алынған материалдар тас индустриясының эволюциясын, тұрақтардың геоморфологиялық жағдайын, кезеңдестіру мен хронология сауалдарын, алғашқы қоныстану мәселелерін, жергілікті тас дәуірі мәдениеттерінің жайттарын, т.б. көптеген проблемаларды нақтылауға септігін тигізді.
Қола дәуірінің Орталық және Солтүстік Қазақстандағы көптеген ескерткіштері қазылып, бірегей материалдар алынды. Жезді өңіріндегі Талдысай шатқалындағы металлургиялық кешендері бар қонысты, Орталық Қазақстандағы Кент кешендері іргелі ғылыми ізденістерге бастама болды. Осы аралықта Беғазы-дәндібай, т.б. археологиялық мәдениеттердің жарқын ескерткіштері қазылды.
Айталық, Түркістан жазирасындағы Шербай қорымынан андроновтық материалдардың алынуы, Оңтүстік Қазақстан қола дәуірі туралы таным көкжиегін кеңейте түсті (Е.А.Смағұлов).
Жетісу қола дәуірі туралы да толымды мағлұматтар алынды. Көп жылдарға созылған жүйелі археологиялық зерттеулер мұнда Жоңғар Алатауы, Іле таулары мен оның солтүстік беткейлері сынды үш жерде ескерткіштердің шоғырланғандығын дәлелдеді. Жетісудың таулы аймақтарынан Түрген кешені, Бұтақты-1, Серектас, Асы қоныстары, Қызылбұлақ-1-2, Қалақай, Құйған-2, Көлсай, Ұзынбұлақ қорымдары секілді ескерткіштер кешенінің қазылуы, қола дәуірінің соңына жататын «көлсай» мәдениетін бөліп көрсетуге мүмкіндік берді. Көлсай типіндегі ескерткіштердің мәдени-хронологиялық атрибуциясы анықталып, оның негізінде жергілікті сақ мәдениеті қалыптасқандығына пайымдау жасалды (А.Н.Марьяшев, А.А.Горячев, С.А.Потапов).
Үстірттегі Тоқсанбай кешенінен де қола дәуіріне жататын көптеген материалдар алынды. Бұл ескерткіштің ең көне материалдары алғашқыда археологтар тарапынан неолитке-энеолитке жатқызылғанымен, кейіннен жаратылыстану ғылымдары мәліметтерінің негізінде оның қола дәуіріне тиесілі екендігі тұжырымдалды (З.С.Самашев, А.С.Ермолаева, Т.Лошакова). Қазба кезінде табылған бұйымдар мен ескерткіштер құрылысы Тоқсанбайдың палеометалл кезінде ірі орталықтардың бірі болғандығын айғақтайды.
Ерте темір дәуіріндегі ескерткіштер мен мәдениеттер де тәуелсіздік жылдарында Қазақстан археологтарының үнемі назарында болды. Әсіресе, қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өтетін кез ескерткіштерін қарастырудың маңызы артты. Бұл бағытта бірқатар археологтар нәтижелі еңбек етті. Сақ және усунь, кагюй, сармат, ғұн заманындағы біршама ескерткіштер зерттелінді. Іле Алатауындағы сақ және усунь қоныстары қазылып, кейбір ескерткіштер (Түзусай, Цыганка, Талғар-3) жайлы толымды мағлұмат алынды. Мұндағы зерттеулер американдық «Sweet Briar» колледжі мамандарымен бірге жүргізілді (жетекшілері К.М.Байпақов, К.Чанг). Нәтижесінде осы өңірдегі сақтардың отырықшы болғандығы, егіншілікпен айналысып, суландыру жүйелерін пайдаланғандығы анықталды.
Отырықшылық пен егіншіліктің ерте тұрпаттары (формалары) Сарыарқа ерте көшпенділерінен де байқалған. Мұндағы Селеті өзені бойындағы б.з.б. VІІ-VІ ғасырларға жататын Тасқора-1-2 қоныстарынан көтерілген мәселеге қатысты мол ақпарат алынған.
Б.з.б. ІХ-VІІ ғасырларға жататын доңғал-кеңөткел өтпелі кезеңдерін біршама айқындайтын Бұғылы-1, Доңғал, Қарабұлақ, Ендірей ескерткіштерінде де қазба жұмыстары жүргізілген.
Қазақстан археологиясындағы маңызды жайттардың бірі Шығыс Қазақстан өңіріндегі Берел қорымында жүргізілген қазба жұмыстарын айтуға болады. Ондағы зерттеулерді бірнеше жылдардан бері З.С.Самашев басқарып келеді. Зерттеу жұмыстарына шетелдік мамандар (А.-П.Франкфор, т.б.) да көптеп қатысты. Қазба барысында скиф-сақ тайпаларының материалдық және рухани мәдениетін айғақтайтын мол мағлұматтар алынды. Палеогенетика, палеоэкология, т.б. ғылым салаларына қатысты жайттар көтерілді. Тоң басқан берелдік обалардан алынған мәліметтер жерлеу ғұрпына, ағаш құрылыстарына, аң стиліне, т.б. қатысты отандық тарихнама беттерін толықтыра түсті.
Ресейлік мамандар (В.С.Ольховский, т.б.) да отандық археологтармен бірігіп Арал-Каспий өңірін б.з.б. І-мыңжылдықта мекен еткен тайпалардың этномәдени және әлеуметтік-саяси тарихын зерделеді. Қазақстанның батыс өңіріндегі Бәйте-3, Сарықамыс пен Қаратон, т.б. ескерткіштерде қазба жүргізілді. Қызылүйік секілді сарматтардың ғибадатханасында қазба жұмыстары 2004 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Жартас суреттерін зерделеу ісі кең қанат жайды. Археология институтының қызметкерлері 1991 жылы Франция Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығымен бірігіп «Орталық Азия петроглифтерінің корпусы» атты бірнеше жылдық бағдарлама қабылдады. Бұл бағдарлама бойнша жартас суреттерінің әмбебап аумақтық-хронологиялық сызбасы жасалынды, мұндай ескерткіштер хронологиясын анықтаудың және көшірмесін түсірудің заманауи әдістері меңгерілді. Жетісу жерінен ең ерте кезі қола дәуіріне, ал соңғы кезеңі кейінгі орта ғасырларға дейін баратын 30-дан астам жартас суреттері анықталды. Көптеген ескерткіштердегі маңызды сюжеттер мен бейнелердің интерпретациясы жасалынып, жекелеген семантикалық блоктар қарастырылды.
Сондай-ақ қазақ этнографиялық суреттерінің (Түпқараған, т.б.), сағана-тамдардың, кесенелердің, қойтастар мен құлпытастардың жай-жапсары зерделеніп, ілкіден тамыр тартқан мәдениеттер жөнінде ғылыми ақпараттар кеңістігі ұлғая түсті.
Оңтүстік Қазақстандағы б.з.б. І-мыңжылдық соңы мен б.з. VІІ ғасырларына жататын Кангюй мемлекетінің тарихын көрсететін бірқатар археологиялық кешендер зерттелінді. Талас, Арыс және Сырдария өзендері бойынан алынған материалдар ерте ортағасырлық қалалар мен қоныстардың кангюйлік археологиялық нысандар негізінде дамитындығын дәлелдеп берді. Кейбір жұмыстарға Франция Ұлттық ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері (Р.Бушарла, т.б.) де қатысты. Нәтижесінде жетіасар мәдениетінің материалдары, ескерткіштердің топографиясы мен хронологиясы нақтыланып, алынған материалдар талдаудан өтті және жүйеленді.
Арал өңіріндегі көпжылдық археологиялық ізденістерді қорытқан еңбектер да жарияланды. INTAS «Climan» гранты бойынша Аралдың солтүстік-шығыс бөлігінде геологтар, гидрогеологтар, топырақтанушылар, палеонтологтар мен археологтар кешенді зерттеулер жүргізді (жетекшісі Х.Оберхайсли). Тереңөзектен шығысқа қарай 120 км жерде Аралдың кеуіп кеткен орнынан ХІV-ХV ғасыр бас кезіне жататын екі қаланың орны анықталып, «Арал дағдарысы» тек қана ХХ ғасыр соңы мен ХХІ ғасыр бас кезінде орын алмағандығы дәлелденді (К.М.Байпақов, Д.А.Воякин).
Талас алабындағы Ақыртас кешенінде археологиялық зерттеулермен қатар музейлендіру жұмыстары да жүргізілуде (К.М.Байпақов, Д.А.Воякин, З.Ж.Шарденова).
Талғар қаласындағы қазба жұмыстары сан алуан құрылыстар, баспаналар орнын анықтап, алынған тұрмыстық-шаруашылық материалдар ортағасырлық Талғар қаласы Жетісудағы темір өндіретін ірі орталықтың бірі болғандығын дәлелдеп берді. Мұнда тіптен болаттың да өндірілгендігі анықталды (Т.В.Савельева, Н.М.Зиняков).
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде ортағасырлық қалаларды зерттеу ісі де зор қарқынмен дамыды. Далалық ізденістер нәтижесінде Құлан, Жуантөбе, Қостөбе, т.б. көптеген қалалардың мәдени қабаттары аршылып, тың мәліметтер алынды.
Қарлұқ жабғуының астанасы болған ортағасырлық Қаялық (Қойлық, Қайлақ) қаласымен салғастырылатын Антоновка қаласындағы ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататын будда храмын зерттеу жұмыстары да аяқталды. Сондай-ақ ХІІ-ХІІІ ғасырлармен мерзімделінетін бай усадьба аршылды. Баспаналарды бірнеше пештермен жылытып тұрған кан жүйесіне қатысты қосымша ақпараттар алынды. Қаланың қызықты құрылыстарының бірі ретінде ХІҮ ғасырға жататын хаммам-моншасы мен ХІІ ғасырға жататын кесенені де атауға болады. Қазба барысында қыш ыдыстардың, металдан және шыныдан жасалған бұйымдар топтамасы алынды (К.М.Байпақов, Д.А.Воякин, Б.А.Железняков, М.М.Нұрпейісов).
Түркістан, Күлтөбе, Шойтөбе қалаларында зерттеу жұмыстары да өз жалғасын тапты.
Археологиялық барлау нәтижесінде Түркістан оазисінен бірнеше ортағасырлық қалалар табылды, олардың арасынан І-ІХ ғасырларға жататын Сидақ қаласын ерекше атап кетуге болады. Түркістан қаласының төңірегіндегі материалдар мұнда оңтүстікқазақстандық ірі егіншілік мәдени орталық қалыптасқандығын дәлелдеді (Е.А.Смағұлов, М.К.Тұяқбаев, М.Е.Елеуов).
Бұл жылдары Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының (жетекшісі К.М.Байпақов) негізгі зерттеу нысаны Отырар қаласы болып қала берді. Мұнда ХІІІ ғасыр соңы мен ХІV ғасыр бас кезінде пайдаланылған мешіт орнында қазба жүргізілді. Бұл құрылыс Түркістанда Әмір Темір бұйрығымен салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен қатар тұрғызылған еді.
2000-2004 жылдары Отырар мен Отырар шұратындағы (оазисіндегі) қалаларда «Көне Отырар қаласын сақтау мен қалпына қалпына келтіру» атты ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония біріккен бағдарламасының негізінде археологиялық-консервациялық жұмыстар жүргізілді. Оның мақсаты қазба арқылы жаңа мағлұматтар алу, бұрын қазылған ХІV ғасыр соңы мен ХV ғасыр бас кезіндегі мешіт, ХVІІ-ХVІІ ғасырлардағы мешіттерді, ХІІІ-ХІV ғасырлардағы моншаларды, қыш құмыра жасау шеберханаларын, ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы қала махаллаларын консервациялау, ескерткіш нысандарын фортификациялау арқылы Отырарды археологиялық саябаққа және Ұлы Жібек жолы бойындағы туризм орталығына айналдыру еді.
2004 жылы бұл бағдарлама аяқталған соң, жұмыстар «Көне Отырарды өркендету» жобасы аясында жалғастырылды. Отырардағы далалық жұмыстармен қатар Құйрықтөбе қаласындағы моншада, мешітте қазба жүргізілді, мешіт пен сарай консервациясы, Мардан-Күйік фортификациясы жасалына бастады (К.М.Байпақов, Д.А.Воякин, Т.С.Дощанова).
Ортағасырлық түрік мәдениетін толымды түрде көрсететін басқа да ескерткіштер көптеп зерттелді. Мысалы, көне түріктер заманындағы қорымдар, ғибадатханалар, жартас суреттері жайлы еңбектер шықты (Л.Н.Ермоленко). Мерке, Шу алабындағы Жайсан өңіріндегі тас мүсіндер, жартас суреттері туралы ақпараттар ғылыми айналымға еніп, қазақ және орыс тілдерінде бірнеше монографиялар жарияланды (А.М.Досымбаева). 2000 жылдан бері Батыс Қазақстанда Орал археологиялық экспедициясы нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Экспедиция барысында алынған тың мәліметтер монографиялық еңбектерде көрініс тапты (А.А.Бисембаев, С.Ю.Гуцалов, т.б.). Мұндай орталықтар Қазақстанның басқа өңірлерінде де ашыла бастады.
Көптеген мамандардың (К.М.Байпақов, З.С.Самашев, У.Х.Шәлекенов, Е.А.Смағұлов, М.Е.Елеуов, Т.В.Савельева, А.Ә.Нұржанов, Ж.Смаилов, Г.А.Ахатов, т.б.) монографияларында осы орта ғасырлық мәдениетке қатысты сан алуан мәселелер көтеріліп, соны мәліметтер жарияланды.
Өткен ғасырдың 90 жылдарының бас кезінде К.М.Байпақов, В.Ф.Зайберт, В.H.Логвин, Ж.Қ.Таймағамбетов, З.С.Самашев, т.б. мамандардың іргелі ізденістері бірнеше кітап болып шыққан болатын, уақыт өте келе археологтар жаңа мәліметтер негізінде бірнеше еңбектер жариялап үлгерді.
Жартас суреттеріне қатысты бірнеше іргелі еңбектер жарыққа шықты (А.Н.Марьяшев, А.Горячев, B.Новоженов, т.б.). Ол көне мәдениет туындыларын біршама толымды түрде сипаттауға жол ашты.
Соңғы жылдардағы мәліметтер негізінде қола дәуіріне жататын беғазы-дәндібай кешендері жайлы монография жарық көрді (А.З.Бейсенов, т.б.). Оған дейін жарық көрген Э.Р.Усманова, С.Жауымбаевтың монографиялары қола дәуірін зерделеуге тың серпін берген еді. Ерте темір дәуірінің сауалдарына қатысты бірқатар ізденістер шықты (К.М.Байпақов, З.Самашев, т.б.). Берел қорымындағы көптеген материалдар негізінде бірнеше іргелі еңбектер жарияланды (З.С.Самашев, т.б.). Тас дәуірінің зерттелуін, негізгі мәселелерін қарастырған еңбек жарыққа шықты (Ж.Қ.Таймағамбетов, Д.С.Байгунаков). Сонымен қатар қола дәуіріне жататын ескерткіштердің зерттелуін бір ізге түсірген, кейбір мәселелерін қаузаған тарихнамалық бағыттағы монография да жарық көрді (Ж.Қ.Құрманқұлов, Д.С.Байгунаков). Альбом-каталогтар, тақырыптық альбомда, т.б. да шығып тұрады. Белгілі бір өңірдің археологиясына, тарихы мен этнологиясына арналған жинақтар да соңғы жылдары көптеп шығып отыр. Сайып келгенде, Қазақстан археологтары тас дәуірінен кейінгі орта ғасырларға дейінгі аралықтағы түрлі мәселелерді қозғап, отандық тарихнамаға мол үлес қосты.
Шетелдік басылымдарда да Қазақстан Республикасының археологтар еңбектерін көптеп жариялап келеді. Отандық археологтар алыс-жақын елдерде өткен көптеген басқосуларда, жиындарда баяндамалар жасап жүр. Ғылыми жұртшылыққа Ресей Федерациясында, Францияда, Италияда, т.б. елдерде жарыққа шыққан еңбектер кеңінен танымал.
Қазақстан археологиясы тарихында орын алған бұл кезеңнің жарқын құбылыстарының бірі алыс-жақын елдердің мамандарымен байланыстардың күшеюі болып табылады. Отандық археологтар шетелдік гранттарға да қатысып отырады, олар бойынша да жұмыс істейді. Шетелдерде ұйымдастырылған көрмелер арқылы Қазақстан археологтарының жұмыстары мен жеткен жетістіктері көрсетіледі. Мәселен, «Алтын адам және Қазақстанның ежелгі қазыналары», «Қазақстанның ежелгі діндері» секілді Археология институтының музейі ұйымдастырған көрмелер Италия, Франция сынды елдерден зор табыспен оралды.
Достарыңызбен бөлісу: |