Қазақстан археологиясы


ҮІI-тарау ЖАЗБА ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ДЕРЕККӨЗДЕРІНДЕГІ



бет23/28
Дата23.02.2016
өлшемі2.69 Mb.
#3591
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28

ҮІI-тарау
ЖАЗБА ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ДЕРЕККӨЗДЕРІНДЕГІ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛАЛАРЫ

Ортағасырлық Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолы.
Б.з. II-V ғасырларында егер Шығыстан жүре бастасақ, Жібек жолы Қытайдың ежелгі астанасы Чаньаннан шығып, Ланчжоу маңындағы Хуанхэ өткеліне баратын да, одан әрі Нань-Шаннінң солтүстік сілемдерімен жүріп отырып, Ұлы Қытай қамалының батыс шетінен, Яшма қақпасының шебінен барып шығады. Осы арадан сара жол екіге айырылып, Такла-Макан шөлін солтүстік және оңтүстік жағынан айналып өтетін. Терістік жолы Хами, Тұрфан, Бесбалық, Шихо көгал аймақтары арқылы Іле алқабына жететіп; ортадағы жол Чаочаннан Қарашарға, Ақсуға, сосын Бедел асуы арқылы Ыстық көлдің оңтүстік жағалауынан шығып, Дунхуан, Хотан, Яркенд, Бактрияларды басып өтіп, Үндістан мен Орта теңіз аймағына қарай шырқап кететін; бұл Оңтүстік жолы деп аталатын. Ал, Солтүстік жолы Қашғардан Ферғанаға, одан әрі Самарқанд, Бұхара, Мерв арқылы Хамаданға, Сирияға, Мысырға баратын.

VІ-VІІ ғасырларда бұрынғы жол (Ферғана арқылы) қысқа әрі қолайлы болуына қарамастан, Қытайдан шығып, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан арқылы Батысқа қарай өтетін жол бәрінен де жанданып кетеді. Жолдың бұлай ауытқуын бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, Жетісуда Орта Азиямен жүретін сауда жолдарын бақылайтын Түрік қағандарының ордалары орын тепті. Екіншіден, Ферғана арқылы жүретін жол VII ғасырда ішкі қырқыс салдарынан қауыпты болып қалған еді, үшіншіден, аса бай түрік қағандары мен олардың айналасындағы кісілер, теңіздің арғы бетінен келген тауарларды аса көп тұтынатындар қатарынан саналатын. Сөйтіп, VII-XV ғасырларда бұл жол маңызды болып, елшіліктер және сауда керуендерінің дені Жібек жолының осы тармағымен жүретін.

Сан ғасырлар бойы жол тынымсыз өзгеріп отырған, оның бір телімдері айрықша маңыз алып, көркейіп жатса, екінші бір телімдері жабылып, ондағы қалалар мен сауда бекеттері қаңырап бос қалып жатты. Мәселен, VI-VIII ғасырларда негізгі күре жол Сирия – Иран – Орта Азия – Оңтүстік Қазақстан – Талас алқабы – Шу алқабы – Ыстық көл шұңқыры – Шығыс Түркістан болған. Осынау жолдың бір тармағы, дәлірек айтсақ, тағы бір бағыты Византиядан шығып, Дербент арқылы Каспий өңірі даласына – Маңғыстау – Арал өңірінен өтіп, Оңтүстік Қазақстанға жеткен. Бұл жол Сасанидтер Иранына қарсы, Батыс түрік қағанаты мен Византия арасында сауда-елшілік одағы жасалған кезде, Иранды айналып өтетін болған. IX-XII ғасырларда жолдың бұл желісі, Орта Азия мен Таяу Шығыс арқылы Кіші Азия мен Сирияға, Мысыр мен Византияға баратын жолға қарағанда, едәуір аз пайдаланылған, ал XIII-XIV ғасырларда ол қайтадан жанданады. Құрлықтағы саяси хал-ақуал елшілер мен саудагерлердің және басқа да саяхат-серуенде жүрген кісілердің қай жолды таңдап алатынын анықтап отырған. Бұл кездері Еуразияда Түрік қағанатынан кейінгі екінші еуразиялық мемлекет Моңғол империясы пайда болған еді. Ұлы Жібек жолы теңіз жолдары қалыптасқан кезге дейін жұмыс жасап тұрды.

Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолы төмендегідей қалалар мен қоныстар арқылы өтті.



Оңтүстік Қазақстан, Талас пен Шу өзендері аралығындағы қалалар. Шаштан (Ташкент) шыққан жол Тұрбат асуы арқылы Испиджабқа келді.

Испиджаб-Сайрам – Оңтүстік Қазақстанның ең ірі қалаларының бірі – Сырдарияның сыртындағы отырықшы-егінші аймақтың орталығы болған. Қала жазба дереккөздерінде VІІ ғасыр бас кезінен бастап белгілі болады. Сюань-Цзянь жылнамасында «Ақ өзендегі қала» атымен аталған. ХІ ғасырға жататын Махмұд Қашқари хабарламасында: «Сайрам – «Ақ қаланың» аты (Әл-Мединат әл-Байда), ол Испиджаб деп аталады» деп көрсетілген.

Х ғасыр географы Ибн Хаукал былай деп жазды: «Испиджаб – шамамен Бинкеттің үштен бір бөлігіндей қала. Ол мединадан, цитадельден және рабаттан тұрады, цитадель қираған, ал медина мен рабадта адамдар өмір сүріп жатыр, медина дуалмен қоршалған, рабадты та бір фарсах шамасындағы дуал қоршап тұр. Рабадта бау-бақшалары мен сулары бар. Құрылыстары саз балшықпен тұрғызылған... Мединаның төрт қақпасы бар, соның ішінде Нуджакет, Фархан, Савакрарабад, Бұхара қақпалары...». Испиджаб ірі әкімшілік орталық қана емес, транзиттік сауда пункті ретінде де белгілі болды. Қаладағы рабадта сауда қатарлары мен керуен-сарайлар көп болған еді. Бұлардың бірқатарына Нахшеба, Бұхара, Самарқанд саудагерлері иелік етті. Барлығы 1700 рабад есептелген. Испиджабтан басқа жерлерге бөз мата, қару-жарақ, семсер, мыс пен темір жеткізілді. Қала бүкіл Шығысқа құл саудасының орталығы ретінде де танылды, онда соғыс пен шапқыншылық кезінде қолға түскен тұтқындар сатылды.

Испиджаб округына бірқатар қалалар мен қоныстар қарады, олардың арасында Сырдария алқабындағы Фараб пен Шауғар, Сауран мен Шағылжан, Жент пен Жанкент; Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі Баладж; Талас алқабындағы Тараз, Сұс, Жікіл, Атлах пен Жамуқат; Шу аңғарындағы Құлан, Мерке, Невакет, Баласағұн және тағы басқалары болған еді.

Испиджаб өз округімен және жақын жатқан қалаларымен бірге адам тығыз қоныстанған аудандардың бірі болды, қаланың өзі мен оның маңайында ХІ-ХІІ ғасырларда археологтар есептеуінше 40 мыңдай адам қоныстанды. Адам санын арттырып тұрған түріктер еді. Мұны ортағасырлық авторлар да растайды. Мәселен, Махмұд Қашқари мұнда VІ-VІІІ ғасырларда қоныстанған соғдылықтар ХІ ғасырда түріктеніп кетті деп жазады: «Баласағұн тұрғындары, Тараз бен Ақ қала (Әл-Мединат әл-Байда) халқы секілді соғды және түрік тілдерінде сөйлейді».

Испиджабтың өрлеуі ХІІ ғасыр орта тұсына дейін жалғасты, бұдан кейін жергілікті түрік халқы, қарақытайлар, наймандар мен Хорезм арасындағы қырқыстар басталып кетті. Хорезмшах пен қарақытайлар, одан кейін хорезмшах пен наймандар арасындағы күрес хорезмшах Мұхаммедтің Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан қалаларын қарсыластарға кетіп қалмас үшін қиратуға бұйрық беруіне алып келді. Сол кездері мұны көзімен көрген «Мүджам әл-бұлдан» географиялық сөздігінің авторы Якут әл-Хамауи Испиджаб, Тараз, Сауран, Усбаникет пен Фараб қалаларындағы оқиғаларды толымды сипаттап берген. Ол хорезмшах Мұхаммед ибн Текештің біршама қалаларды күйреткендігін, басып алған қалаларды қашық болғандықтан игере алмағандығын, ондағы шекаралық бекеттерді қиратып, талап алуға әскерлеріне бергендігін, халықтың жосып кеткендігін, кейіннен 1218-1220 жылдары моңғол-татарлардың басып кіргендігін, одан соң қираған үйінділер қалғандығын тәппіштеп жазып кеткен.

Алайда қаланың қирағанына қарамастан моңғол шапқыншылығы қарсаңында қалада тіршілік қалыпты жағдайда болғандығын топшылауға болады. Өйткені дереккөздерінде моңғолдар «Сайланды (Сайрамды) қоршаған кезде катапульта қолданды» делінген. Демек қаланың қорғануға шамасы болған. Бірақ қала моңғолдарға бағынады. Сірә, олар қаланы мүлдем қиратып жібермесе керек. Себебі 1221 жылы Сайрамнан өткен даос монахы Чань Чунь қаланың жағдайы жақсы екендігін айтады және шәкірттерімен бірге мұнда бірнеше күн тынығады. Отанына қайтар жолында Чань Чунь 1223 жылы тағы да қалаға соғады, бұдан кейін мәтіндерінде автор оны «үлкен қала» деп атайды.

Сайрам, кейінгі орта ғасырларда да Үндістан, Иран, Араб Шығысы, Орта Азиядан Орталыққа Қазақстандағы Ақ Ордаға, шығыста Моғолстанға, Хорезм арқылы батысқа, одан Оралға, Еділге және Еуропа мен Алтын Ордаға, Русь пен Византияға баратын жолдың түйіні болып қала берді. Өз заманы үшін қала мықты бекініс болған еді. Сайрамның оры ХҮІ ғасырдағы оқиғаларды сипаттаған Хафиз-и Таныш шығармасында да айтылады. Қазақтар иемденген соң, қала Қазақ хандығының маңызды тірегіне айналды. 1681 жылы және 1683 жылы Сайрамға жоңғарлар жақындап келді, ал 1684 жылы қаланы олар басып алып, қиратты.

Сайрам қаласының «қала» деп аталатын қалдықтары Сайрам ауылының орталығында сақталынған. Қазіргі таңда ол тікбұрышты төбешік. Биіктігі 6,5-11 м аралығында және ауданы солтүстіктен оңтүстікке қарай 500 м, ал шығыстан батысқа қарай 550 м. Оны бойлай жал, яғни бұрынғы қамал қалдығы орналасқан. Қабырғаның қалдықтары ХІХ-ХХ ғасыр бас кезіне дейін сақталған. Цитадель шығыс бұрышта орналасқан. Соңғы уақыттарға дейін Қала ортағасырлық шығыс қалаларына тән жоспарын сақтап қалған. Қаланың бір-біріне қарама-қарсы орналасқан төрт қақпасы болды, олар кесіп өтетін магистраль көшелермен жалғанып жатты.

Қала топографиясы кейінгі орта ғасырларда қалыптасты, дегенмен ол ерте уақыттардағы кескін-келбетін сақтап қалса керек.

Ежелгі және орта ғасырлардағы Сайрамның қазіргі күнгі құрылыс астында қалуы оны археологиялық тұрғыдан зерделеуді едәуір қиындатады. Көне замандардағы мәдени қабаттарды аршуға кейінгі орта ғасырлар стратиграфиясы да елеулі кедергі келтіреді.

Алайда кездейсоқ жиналған және археологиялық барлау нәтижесінде алынған материалдар қаланың қалыптасуы біздің заманымыздың бас кезінде орын алған деп түйіндеуге мүмкіндік береді. Оның қараханидтер тұсында да өркендеп тұрғандығын топшылауға болады.

Сайрам қаласында атқарылатын кең ауқымды археологиялық жұмыстар әлі алда. Оны алғашқылардың бірі болып М.Е.Массон зерттеді. Бұл ғалым екі қатар «ұзын қабырғаны» сипаттап өтті. Ол екінші қабырғаны ІХ ғасырда саманидтік Нұқ бұйрығымен көшпенділер шапқыншылығынан егістік пен жүзімдікті қорғау мақсатында тұрғызылған деп пайымдау жасады. Бұл әбден мүмкін, себебі қала сыртындағы бұл аумақ диаметрі 18 км шамасында.

Мұнда орналасқан ірі ескерткіштердің қатарына Ұлықтөбе мен Мәртөбе қалалары, сондай-ақ өзен террасасында орналасқан көптеген қорымдар жатады. Сайрамсу мен Бадам аңғарларында Испиджаб жазирасына кіретін ондаған қоныстар мен қалалар бар.

Сайрам орталығынан шығысқа қарай 5 км жерде жатқан Мәртөбе қаласында қазба жұмыстары жүргізілген.

Қала қатты қираған, қазір тек орталық төбешіктің бір бөлігі ғана сақталған, оның табанындағы ауданы 20х30 м, биіктігі 10 м, қасында оған ауданы 60х20 м, биіктігі 4 м жалпақ төбешік жалғасқан.

Орталық төбешік кесіндісінің негізінде қала стратиграфиясы анық көрінеді. Одан екі мәдени қабат байқалады. Мәдени қабаттардан шикі кірпіштен тұрғызылған қабырға қалдықтары, отырған күмбездер мен құрылыстар іздері нақты көрінеді. Отырар-қаратау мәдениетіне жататын олжалардың, соның ішінде ең алдымен керамиканың шығуы, Мәртөбені біздің заманымыздың І мыңжылдығының алғашқы жартысымен мерзімдеуге жетелейді, бұл мағлұматтар аталмыш көгалды аймақта урбанизация б.з.б. І-мыңжылдық соңы мен б.з. І-мыңжылдығының бас кезінде басталғандығын нақты аңғартады.

Куфи жазулы тас колонна, түргештік, қараханидтік және кейінгі ортағасырлық монеталар, Х-ХІІ ғасырлардың суармалы керамикасы мен шынылары, қола келі секілді кездейсоқ табылған олжалар Испиджаб-Сайрам сынды астаналық қаланың мәдениетінен молынан хабардар етеді.

Ортағасырлық Манкет қаласының атауы қазіргі күні Манкент елді мекенінің атауында сақталған. Оның қасында ҮІ-ХІІ ғасырларға жататын Бұлақ-қуал қаласы бар, ол Манкет қаласы болуы мүмкін.

Испиджабтан шыққан керуендер шығысқа қарай бет алып, Таразға барған. Жолда керуендер Шараб, Будухкет, Тамтадж, Абардадж қалаларына соққан.

Шараб қаласының атауы – түрік тілінде Қарасу (Черноводск) деген мағынаны білдіретін Шаваб атуының қолжазбаларды жазу кезінде бұрмаланған есімі болуы керек. Испиджаб пен Шавабтың аралығы 4 фарсах, немесе 24-28 шақырымды құраған. Шаваб қала-жұрты қазіргі Қарабұлақ ауылының маңында орналасқан. Оның бірі VІІІ-ХІІІ ғасырларды, екіншісі - ХІІІ-ХҮІ ғасырлар аралығын қамтиды.

Будухкет қаласы Испиджабтан шығысқа қарай 9 фарсах жерде, Ұлы Жібек жолының бойында орналасты. ІХ ғасырда қалада теңге сарайы жұмыс істеген. Оңтүстік Қазақстандағы ірі қалалардың бірі болған Будухкет, Төрткүл Балықшы жұртымен салғастырылады.

Тамтадж бен Абарджадж (Барджадж) қалалары Будухкеттен 5 және 9 фарсах жерде орналасқан. Х ғасырда Кудама былай деп жазып қалдырған: «Абарджадж маңындағы жотада мың бұлақтың суы жиналып, шығысқа әрі өрге қарай ағып, Баркуаб өзені деп аталады. Аудармасы – «теріс аққан» дегенді білдіреді». Тамтаджд қазіргі Т.Рсқұлов (Ванновка) ауылы маңындағы VІІІ-ХІІ ғасырларға жататын қала-жұртта болған. Абарджадж – Высокое ауылының маңында, ал, Баркуаб қазіргі Бауыржан Момышұлы (Бурный) маңындаңы Терісаққан өзені болса керек.

Испиджабқа жақын жерде Хурлуг пен Джумишлагу қалалары ораласты.

Зерттеушілер Хурлугты қазіргі Шымкент қаласының орталығында орналасқан, ал, Джумишлагу Құмыш (Күміс) өзенінің Арысқа құяр сағасындағы Төрткөл қала-жұрты деген пікірді ұстанады.

Ұлы Жібек жолымен келе жатқан керуендерге Талас аңғарында алғашқы кездесетін Шауғар мен Жамухат қалалары болды. Олардан соң Тараз қаласына аяқ басатын. Қазақстанның аса ірі қалаларының бірі Тараз VI ғасырдағы жазба деректерде белгілі болған. 568 жылы Түрік қағаны Дизабұл Византия императоры ІІ-Юстиниан жіберген стратег Земарх бастап келген елшілігін тап осы қалада қабылдаған. ІХ-ХІ ғасырларда бастаухаттар оны «көпестер қаласы» деп атаған. Мұның үстіне ол түргештердің, содан кейін қарлықтар мен қарахандардың астаналық орталығы болған. VІІІ-ХІV ғасырларда қалада теңге соғылған.

Тараз жайында 629 жылы Сюань Цзянь былай деп жазады: «Цяньцюаньнан батысқа қарай 140-150 ли жүргеннен кейін, Доласы қаласына келіп жеттік. Қала аумағы 8-9 лиді құрайды. Мұнда әртүрлі елдердің саудагерлері өмір сүреді...».

VІІ ғасырда Тараз Ұлы Жібек жолындағы маңызды қалалардың біріне айналады. Осыдан бастап оның аты барлық жиһанкездер мен саяхатшылардың еңбектерінде жиі кездеседі.

Алқаптың жазық жағында Атлах қаласы орналасқан, 751 жылы оның түбінде осы араны ықпалында ұстау үшін арабтар қытай әскерімен шайқасқан болатын. 766 жылы қала қарлұқтардың қоластына қарайды.

Дереккөздеріне қарағанда 893 жылы Саманилер билеушісі Исмайл ибн Ахмад Таразға жорық жасап, үлкен қиыншылыққа тап болады. Ақырында қала әмірі беріліп, исламды қабылдайды. Осыған қарамастан Исмайл ибн Ахмад «әмір мен оның ханшайымын және 10000 мыңдай адамды тұтқындап, көпшілігін өлтіреді. Қисапсыз жылқыларды тартып алады. Бөліс кезінде әрбір мұсылманға 1000 дирхамнан олжа бұйырады».

Х-ХІІ ғасырларды Тараз одан әрі гүлдене түседі. Оның орналасқан жері, сауда жолының бойы мен бай егіншілік аймақтың орталығы және күміс кенінің болуы, қаланың дамуына үлкен ықпал етті.

Х ғасыр географы әл-Мақдиси: «Тараз – халық тығыз қоныстанған, берік қорғалған қала. Онда, рабадқа кірер төрт қақпа алдына ор қазылған және көптеген бақтары бар. Қаланы өзен қақ бөліп жатыр. Мешіт базар ортасында орналасқан» - деп жазады.

Х-ХІ ғасырларда қарахандар әулетінің Орта Азия, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуды жаулаушылығынан кейін, Тараз қаласы жаңа мемлекеттің бір бөлігінің астанасына айналады.

ХІІІ ғасырдың басында, Тараз қарақытайлардың, наймандардың, хорезмшахтың қол астына алма-кезек өтіп отырды. Моңғолдардың қолына өтпеуі үшін 1212 жылы хорезмшах Мұхаммедтің бұйрығымен, Тараз қиратылады.

ХІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІV ғасырдың басында қаладағы жағдай саяси жағынан тұрақсыз болды. Жетісу, соның ішінде Талас аңғарындағы билік үшін Шыңғыс хан ұрпақтарының арасында үнемі күрес жүріп отыруы қалалар мен қыстақтардың құлдырауына алып келді. ХІV ғасырдың ортасына қарай, мұндағы көптеген қала ошақтары күйреуге ұшырайды.

Талас аңғарындағы – Талас, Жаңа Талас, Жаңа Балық, Кенжек қалалары туралы ақпараттар ХІҮ ғасырдағы жазушысы, әл-Омаридің еңбегінде ұшырасады.

Қазіргі таңда ежелгі Тараздың үстінде құрылыс салынып кеткен. Тек қана, ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы ақпараттарға сүйеніп қана қала-жұрттың қандай болғандығын елестетуге болады.

Археологтар тарапынан шахристанның солтүстік қабырғасының 370 м, батыс қабырғасының 160 м барланды. Оңтүстіктегі қала қалдығы 200 метрге созылып жатқан. Шахристанның солтүстік қабырғасына цитадель жапсарлас салынған. Бұл төрт бұрышты төмпешікті құрайды. Рабад қалдықтары шахристтанның батыс пен шығыс бөлігінде сақталған. Алайда, оның көлемін анықтау қиындық туғызып отыр. Бұл жерде, көптеген төбешіктер болған. ХІХ ғасырда құрастырылған бір сызбада 48 төбешік көрсетілген.

Тараз қаласын қазуды алғаш рет А.Н.Бернштам жетекшілік еткен Жетісу археологиялық экспедициясы 1938 жылы қолға алған болатын. 60-шы жылдары бұл жерде Е.И.Агеева, Т.Н.Сенигова, М.С.Мерщиев сынды археологтар қазба жүргізеді.

Шахристан мен цитадельде салынған стратиграфиялық шурфтардың арқасында, қаланың негізгі кезеңдерін анықтауға мүмкіндік туды.

Біздің заманымыздың алғашқы жылдарының қабаты, цитадель мен шахристанның оңтүстік-батыс жағында жүргізілген қазба кезінде анықталды. Оның қалыңдығы 0,5 м. Ол күл мен кірпіш қалдықтарынан тұрған. Қабаттан құмыралар сынығы алынған.

ІV-VІ ғасырларға жататын қабаттың қалыңдығы 15 см. Мұнда 50х29х9,5 см болатын шикі кірпіштен соғылған ғимарат аршылған. Оның сақталған қабырғасының биіктіктігі 1 м, қалыңдығы 1-1,5 м. Қабаттан өзіндік керамика топтамасы алынды. Бұл сырты ақ не қызғылтым көмкерілген жұқа ыдыстар, шүмекті құмыралар, хумдар және т.б.

VІ-VІІІ ғасырларға жататын қабат барлық стратиграфиялық қазбалардан анықталған. Мұндағы ғимараттар шикі кірпіштен соғылған. Алынған керамика түрлердің әркелкілігімен мен безендірудің алуандығымен ерекешеленеді. Олардың арасында алмұрт тәрізді құмыралар мен қызылжылтырақ ожаулар және т.б. кездеседі. Сонымен қатар, саз мүсіншелердің бастарын құюға арналған пішіндер, сириялық жазуы бар ыдыс табылған.

VІІІ-Х ғасырларға жататын қабат, осы кезеңдегі қаланың қарқынды өмір кешкендігін көрсетеді. Қабатта VІІ-VІІІ ғасырларға жататын түргеш теңгелері көптеп табылған. Едені 22х22х5 см келетін күйдірілген кірпіштен соғылған үй қирандылары, құрылыс техникасының өзгергендігінен хабардар етеді.

Керамикасы сырсыз және сырлы болып екі топқа жіктелінеді.

ХІ-ХІІ ғасырлардағы мәдени қабат қараханидтік монеталармен мерзімделінеді. Одан металдан, шыны мен асыл тастан жасалған бұйымдар (моншақтар, ыдыстар, т.б.), керамика мен шырағдандар шыққан.

Шахристаннан, оның шығыс бұрышынан 200 шаршы м телім қазылған кезде монша орны аршылған.

Тараздың түрлі тарихи-мәдени кезеңдеріне жататын қабаттарды қазған кезде құрылыс техникасы, ғимараттар жоспары, жылыту жүйелері, керамикалық ыдыстар, су құбырлары мұнда ХІ-ХІІ ғасырларда монша болғандығын нақты көрсетіп берді.

Тараздан батысқа қарай Керуен-сарай қазылған. Одан екі бөлме аршылған. Керамикалық материалдарына қарағанда, Керуен-сарай ХІ-ХІІІ ғасырларда жұмыс істеп тұрған.

Керуендер Талас алқабына Фергана аймағынан Шатқал қыратындағы Шанаш асуы және Талас Алатауындағы Қарабура асуы арқылы да өтіп келетін. Жолдың осы бөлегі Жібек жолының Ферғаналық және Жетісулық бағыттарын біріктіретін.

Талас аңғарындағы ежелгі қалалардың бірі Жамұқат (Хамукат) қаласы болды. Оны дереккөздеріне қарағанда ҮІ ғасырда бұхаралықтар салған.

Жамұқат Талас өзенінің оң жағалауындағы Қаракемір ауылына қарама-қарсы тұрған Қостөбе қаласымен салғастырылады. Ол Тараздан солтүстікке қарай 15 км жерде орналасқан. Қала жоспары бойынша тікбұрышты төбешік, көлемі 420х450 м, оны бойлай араларында оры бар мұнаралы екі қатар қабырға қоршап тұр. Сыртқы дуалының кейбір бөліктері 3 м-ге дейін, мұнаралары 3,5 м-ге шейін сақталған.

Қала топографиясын зерттеу, біртекті мәдени қабатын зерделеу және теріліп алынған материалдарды талдау қаланың шахристан шеңберінде қалыптасқандығын және де бірден дуалмен қоршалғандығын көрсетіп берді. Дуалдары пахса блоктарымен тұрғызылған.

Қала цитаделінде жүргізілген қазба жұмыстары салтанатты бөлмелері, мінәжат орындары, шаруашылық кешендері бар сарай қалдығын анықтап берді. Сарай VІ-ІХ ғасырлармен мерзімделінеді.

Культтық бөлмелерден от қалдықтары сақталған сопақ сыпалар анықталған. Бұл бөлмелердің қабырғалары оймышталған. Түскен ою-өрнектері - өсімдік, геометриялық, эпиграфиялық сипатта.

Қала бейітін қазған кезде наустарға жерленген, арнайы шикі кірпіштен тұрғызылған бөлмелерден ұжымдық қабірлер аршылған, олар отбасы молалары болса керек. Одан мола шұңқырына жерленген мүрделер, көмілген сүйектер шоғыры, керамикалық ыдыс-хумға жерленген мүрделер анықталған.

Қабірлерден біршама әшекейлер алынған. Олар – қола және күміс жүзіктер, сырғалар, «өмір ағашы» жанында қораздар суреттелген қапсырмалар, қола айна, керамика (құмыра, саптыаяқ), т.б.

Әсіресе культтық олжалар – денеге тағатын күміс айқыш пен бодисатва фигурасы түріндегі заттар қызықты. Қостөбе бейіті VІІ-ІХ ғасырлармен мерзімделінеді. Ондағы кейінгі қабірлер ислам ғұрпында жасалған, олар х ғасырға жатады.

Аңғардағы ірі қалалардың бірі Атлах болды. Х ғасыр географы әл-Мақдиси оны былай сипаттады: «Атлах – үлкен қала, алаңы бойынша бас қалаға келіңкірейді, оны айналдыра дуал қоршаған... Орталық мешіті Мединада, базарлары рабадта орналасқан». Махмұд Қашқари «Атлах – Тараз маңындағы қала» деп көрсеткен. Қаланың Атлах шайқасына байланысты аты шыққан. Оның қасында 751 жылы арабтар мен қытайлар соғысқан болатын. Шешуші сәтте қарлұқтар арабтарды қолдап, қытайлар жеңіліске ұшырайды. Тұтқынға түскен қытайлардың бір бөлігі Самарқандқа жөнелтілді, онда олар қағаз, түрлі қару-жарақтар мен аспаптар жасады, бір бөлігі осында қалып, өмір сүрді.



Жікіл (Шығыл) қаласы «Тараздан айқайлағанда естілетін қашықтықта. Ол дуалмен қоршалған, цитаделі бар. Соборлық мешіт базар маңында» деп сипатталған. Жікілге Жалпақтөбе қаласы сай келуі мүмкін. Ол Тараздан 5 км қашықтықта. Қазіргі күні қала аумағында.

Ол жоспары бойынша тікбұрышты төбешік, табанынан есептегендегі мөлшері 90-95 м, биіктігі 3-4 м. Шығыс жағында цитадель орналасқан, оның диаметрі 30 м, биіктігі 4,5 м шамасында. Төбешіктің айналасында әлі күнге дейін тереңдігі 0,5 м, ені 10 м ордың ізі сақталған. Орталық қақпасы оңтүстік қабырғаның ортасында болған. Қазіргі таңда ол екі шетінде тұрпаты дөңгелек келген мұнаралары бар жыра тәріздес.

Қалада жүргізілген қазба жұмыстары VІ-ІХ ғасырлардағы құрылыс іздерін айқындады. Тұрғындары тығыз қоныстанған, барлық үйлер бір-біріне жапсарластырыла салынған. Тұрғын үйлерден ашық ошақ пен қабырғаны айналдыра салынған сыпалар анықталған.

Саптыаяқ, доға тәрізді қазандық, саздан және алебастрдан жасалған дөңгелек үстел-дастархан, шырағдан секілді тұрмыстық-шаруашылық заттар алынған. Түргеш монеталары Жалпақтөбені VІІІ-ІХ ғасырлармен мерзімдеуге мүмкіндік береді. Қаланың жоғарғы мәдени қабаттарынан алынған сырлы ыдыстардың сынықтары Х-ХІІ ғасырларға жатады.

Қазба жұмыстары қала фортификациясын анықтауға мүмкіндік берді. Дуалдары 4 м-ге дейінгі биіктігін сақтап қалған. Төменгі (табан) жағында оның ені 5 м, жоғарыға қарай қабырға тарыла түседі. Дуалдың іргесіне көлемі 80х80х60 см пахса блоктары қойылып, оның үсті көлемі 35х25х10см шикі кірпішпен өрілген. Дуалдардың бұрыштарында дөңгелек мұнаралар орналасқан.

Тараз маңында Дех Нуджикес және Адахкет қалалары болған. Олардың орындары Ибн Хордадбех пен Кұдама мәліметтері бойынша анықталынады. Қимақтарға барар жолды сипаттаған олар Тараздан 7 фарсах қашықтықтағы Кевакет (Кевакиб) маңындағы екі қонысты атап кетеді. ІХ ғасыр авторы әл-Факих олардан да дәл мәлімет береді, ол Тараздан Кевакибқа дейін 7 фарсах дейді да, қимақтарға баратын жол Тараздан солға қарай, яғни солтүстікке қарай жүреді деп көрсетеді.

Адахкет пен Дех Нуджикес Тараздан солтүстік-шығысқа қарай жатқан 30 км жердегі Ассы аңғарында болуы мүмкін. Бұл жердегі ескерткіштерді аэрофото түсірілім жасап, көзбен мөлшерлеген кезде Қаракемер-1 және Қаракемер-2 қалаларынан ұзын дуал орны анықталған. Бұл жазира Кевакибке келіңкірейді, ал қалалар осы аталған екі қала болуы ықтимал.

Тараздан оңтүстікке қарай Шелжі, Сұс, Көл және Текабет қалалары орналасты.

Олардың арасынан Шелжі кеңінен танымал. Тараз бен Шелжі арасы 4 фарсах жол болған. Зерттеушілер бір ауыздан Тараздан 30 км оңтүстікте жатқан Садыр-Қорғанды Шелжі деп есептейді.

Сұс туралы, ол «үлкен қала, ал Көл одан кішкентай», «Текабет – үлкен қала, оның тұрғындарының жартысы діннен жаңылысқандар (мұсылмандар емес)» деп айтылады. Аталған қалаларды Орлов Ақтөбесі (Көл), Талас Ақтөбесі (Текабет) және Чалдовар (Сұс) қалаларымен сенімді түрде салғастыруға болады.

«Кенджақ-Сеңгір – Тараз маңындағы қала» деп алғаш рет Махмұд Қашқари көрсетеді. ХІІІ ғасырда қала Кенджақ атауымен тіршілік етіп жатты. Дереккөздерінде былай делінеді: Янги – төрт қала. Олардың әрқайсысының арасы бір фарсах, әрбір қаланың өз атауы бар. Бірі – Янги, келесісі – Янги-Балық, үшіншісі – Кенджақ, соңғысы – Тараз». ХҮ ғасыр бірінші жартысындағы Арабшахта Испиджабтан төрт күндік жерде Янги-Талас қаласы бар дейді.

1253 жылғы саяхатшы Гильом Рубруктың жазбаларында Кинчат қаласы туралы айтылып кетеді. Одан Кенджақ атауын байқауға болады. Гильом Рубрук қала мен бір кент туралы және бұл жердің топографиясы, табиғаты жөнінде сипаттап берген.

Рубруктың жазбаларына қарағанда, Кинчат Таластың төменгі ағысында болған. Бұл жерден ХІІІ-ХІV ғасырлардың мәдени қабаты бар екі қала белгілі: бірі Шарвашлык (Шаруашылық), екіншісі – Оххум. Кинчатқа Шарвашлык, ал Рубрук келесі күні жеткенелді-мекен Оххум болуы әбден мүмкін.

Тараздың солтүстік-батысында Хутухчин мен Берукет қалалары орналасты. Берукет Х ғасырдан бастап белгілі. ХІІІ ғасырдағы армян патшасы Гетум Тараздан шыққан соң, Хутухчин, Пергант арқылы өтіп, Сугулханға жүргендігін жазады.

Хутухчин мен Берукет (Пергант), өз кезектерінде Майтөбе мен Тамды қалаларының орындарында болса керек. Ал Сугулхан (Сүгүлхан?) болса Саудакент болуы ықтимал.

Тараздан кейін Жібек жолы бойынша шығысқа қарай жатқан келесі қала деп ортағасырлық авторлар Төменгі Барысханды атайды. Ибн-Хордадбех пен Кұдама еңбектеріне қарағанда Төменгі Барысхан Тараздан фарсах жерде. Ол туралы: «Барсхан – Тараздан шығысқа қарай екі адам айқайы жерінде, дуалмен қоршалған, бірақ ол қираған. Орталық мешіті базарлардың ортасында» делінген.

Төменгі Барсхан Тараз темір жол стансасы маңындағы Төрткүлтөбе қаласымен салғастырылады, ол көне Тараз қирандыларынан 10 км қашықтықта. Оның топографиясында цитадель мен шахристан анық байқалады.

Қала жоспары бойынша екі қабатты тікбұрышты төбе, бұрыштары әлемнің тараптарына бағытталған. Төбенің табанындағы мөлшері 140х140 м, биіктігі 4-5 м. Солтүстік-батыс бұрышында цитадель орналасқан, ол мөлшері 30х30 м, биіктігі 10 м төбешік түрінде. Шахристан айналдыра жайылып кеткен жалмен қоршалған, араларында мұнара орындары байқалады. Шахристан аумағына адамдар шығыс және батыс жақтағы мұнаралы қақпалардан кірген.

Тараз бен Барсханнан шыққан жол шығысқа, Құлан қаласына қарай асатын еді. Тараз бен Құлан аралығындағы аумақ ұзақ уақыт қарлұқтарға қарады. Құланға бара жатқанда жол Касрибас, Күлшөп, Жолшөп сияқты қалалардан өтетін. Зерттеушілер Қасрибасқа Ақыртас, Күлшөпке Өрнек, Жолшөпке Құмарық қалалары сай келеді деп пайымдау жасаған.

Құлан қаласы (қытайлар Цзюй Лань деп атаған) Тараздан шығысқа қарай 17 фарсах жерде орналасқан. Ол Луговое қала-жұртының орнына сай келеді.

Құланнан әрірек шығыста бір-бірінен төрт фарсахтай жерде Меркі мен Аспара қалалары орналасты. Олардың атаулары күні бүгінге дейін сақталған.

Сосын сауда керуендері Нүзкет, Харраджуан,Жол қалаларына соғып өтетін. Жолдан кейін ол «түрік қағанының қыстағына», одан ары Қырмырау мен Навакетке (қытайлар Син Чэн деп атаған) баратын. Навакет (Науакент) түрік қағандарының сарайы және соғдылардың қаласы болған. Оған зертеулер мәліметі бойынша Қызыл Өзен қаласы (Қырғызстандағы Красная Речка және Новоивановка ауылдарының арасында) сай келеді.

Жол Науакенттен шыққан соң Пенджикент (Бунджикет) арқылы Жетісудың аса үлкен қаласы, Батыс Түріктерінің астанасы (кейін түргештер, қарлұқтар астанасы) Суябқа келеді. Бұл қала туралы қытай, араб саяхатшылары X ғасырға дейін жазып келген. Соңынан астана рөлі Баласағұнға көшеді, тегі оның ертеректегі аты Беклиг немесе Семекна болса керек. Баласағұн қарахандардың, сосын қарақытайлардың астанасы ретінде белгілі, оны кейін ХШ ғасыр бас кезінде қарақытайлар қиратады. Қала содан қайта салынады, бірақ XIV ғасырда тағы да ойрандалып, үйінділері ғана қалады. Бү қалалардың тұрған жері қазіргі Тоқмақ қаласына (Қырғызстан) жақын жерде және орта ғасырдың көпке белгілі екі ескерткішіне – Ақбешім мен Борана қала-жұртына сәйкес келеді.

Суяб қаласынан керуен жолдың не солтүстік, не оңтүстік тармақтарымен жүріп, Ыстық көлдің жағалауына шығады. Оңтүстік жақпен жүрген керуендер Жоғарғы Барсхан деген үлкен қаланы басып өтеді, ал жолдың солтүстік тармағында шағын керуен сарайлар орны кездеседі, олардың аттары бізге дейін жетпеген. Сосын осынау екі айрық жол Бедел асуында бір-бірімен қосылады да, не осы асу арқылы, не Ташрабат арқылы Жібек жолы Кашғар мен Ақсудан барып шығады.

Ал керуен жолы Ыстық көл қазаншұңқырынан Санташ асуы арқылы Қарқара жайлауына барып, төмендеп Іле алқабына түседі де, өзеннің оң жагалауын бойлап отырып, Үсек, пен Хоргос алқаптарынан өтіп, Алмалық қаласына барады, ал сосын Такла-Макан шөлінің солтүстік жиегін айналып, Хами мен Тұрфан көгал аймақтарын басып, Дунхуан мен Қытайга жететін болған.

X-XII ғасырларда Жібек жолының бір тармағы күллі Іле алқабын оңтүстік-батыс жағынан көктей өтіп, солтүстік шығысқа қарай кетеді екен. Бұл тармақ Науакенттен басталып, Бунджикет және Қастек асуы арқылы жүріп, Іле Алатауының теріскей жоталарына әкелген.

Іле алқабы мен Жоңғар Алатауындағы қалалар. Қастек асуына тағы бір жол Баласағұннан келетін болған. Бұл арадағы танымал белгі қасиетті Ұрын-Арж тауы екен, ол Шу мен Іле өзендерінің су айрығында. Бұл таулар туралы ҮІІ-ҮІІІ ғасырлардағы қытай жолаушылары айтқан, олар оны «Цзе Дань таулары» деп атаған. Ұрын-Арж топонимі қазіргі замандағы Ұзынағаш ауылының атауында сақталып қалған.

Жол Іле Алатауының баурайындағы, кәзіргі Қастек, Каскелең мен Алматы орындарындағы шағын қалашықтар арқылы Талғар қаласының теріскей шетіне орналасқан Талхиз (Талхир) қаласына жеткен. Осы арада Талғар өзенінің оң жағалауындағы тау баурайында орта ғасырдың аса ірі кала жұртының ойран болған орны жатыр. Талхиз транзитті сауданың үлкен орталығы болған.

Іле алқабына басқа жолмен де келе береді екен: Құлан мен Аспарадан немесе Нүзкенттен шығып, Шудың орта және төменгі ағысындағы қалаларға барған. Сосын Тасөткел қайраңынан өтіп, жол Шу-Іле тауларының теріскей жотатарын жағалап келіп, Іле Алатауының теріскей бетіндегі қалаларды қуалай жүрген. Жалпылама түрде айтқанда, бұл аймақта Алматы, Талхир, Екі-Оғыз (Эквиус), Қаялық (Қайлақ, Қойлық), Иланбалық қалалары жатты.

Алматының ресми тарихы Кіші Алматы өзені бойында 1854 жылы Верный атты орыс бекінісі салынған кезден басталады. Алайда ХVІ ғасырдың бірінші жартысындағы мемлекеттік қайраткер, жазушы әрі ақын Захиридин Мұхаммед Бабыр шығармасында мынадай жолдар бар: «Ферғана… солтүстігінде, Алмалық, Алмату және Янги сынды Таразкент кітабында жазылғандай қалалар болғанымен, оларды моңғолдар қиратқан, бұл жерлерде елді-мекендер қалмаған».

Алмату елді-мекені жайлы Бабыр замандасы, «Тарих-и Рашиди» авторы Мұхаммед Хайдар Дулати айтып кеткен. Ол моғолдардың осы елді-мекен жанында шайқасындығын жазған.

Бұлардан ертеректе айтылған мәліметке де тоқтап кеткен жөн. Тарихшы Рашид-ад Дин (1274-1318) аты аңызға айналған Оғыз-хан туралы мағлұмат айтқан кезде Алмалық жөнінде де айтып өтеді. Ол, сірә Х-ХІІ ғасырлардағы оқиғаларды сипаттап жазған, мұнда Рашид-ад Дин Оғыз-хан өз жорықтарының бірінде Алатауға және Алмалық өңіріне жетеді де, осындағы Ақ-Қая қойнауына жауынгер-ардагерлер тобын қоныстандырады. Алмалық атауын географиялық тұрғыдан Іле Алатауы мен Алматы ауданымен сәйкестендірген де жөн сияқты. Әсіресе бұл жерде нумизматикалық дереккөздері бойынша алынған мәліметтер қызықты болып табылады.

1979 жылы Алматыдағы Шекара училищесі (қазіргі ҚР ҰҚК Әскери институты) аумағынан екі күміс монета табылған. Монеталардың екі бетінен таңба секілді көмескі тартып бейнелер анықталған. Бұларды толық ғылыми талдаудан өткізуге мүмкіндік болмағанымен, нумизмат В.Н.Настич монеталардың жергілікті билеушілер жасағандығын, солардың таңбасы түсірілгендігін, қазіргі Алматы аумағында монета шығаратын сарайдың ХІІІ ғасырда жұмыс істеп тұрғандығын топшылаған болатын. 1990 жылдары В.Н.Настич қолына тағы да екі монета түседі, бұлардың таңбасы алдыңғы монета таңбаларына ұқсас, бірақ орналасуы сәл өзгеше (таңбалар қатар орналаспаған, екі бетке түсірілген) еді. Монеталардың бірі көмескіленіп кеткен, ондағы жазуларды оқу мүмкіндігі шектеулі болған. Ал екінші монетадағы айналдырыла жазылған жазу бөліктерін В.Н.Настич былай оқыды: «чеканен этот дирхем в области (балад) Ал.м. ту в году пять…». Кейінгі бір мақаласында В.Н.Настич монеталарға толық дәлелдеме береді, оның ойынша қала атауы Алматы деп оқылады, ал монеталар 1272-1273 жылдары соғылған. Сөйтіп, археологтар Алматы қаласының орнын нақтылады.

«Үлкен Алматы» ауданы ескерткіштерге толы. Оны адам баласы ілкі замандарда игерген. Қола дәуірінің соңғы кезіндегі б.з.б. Х-ІХ ғасырларда мұнда отырықшы қоныстар болған, олардың тұрғындары егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысқан, жартылай жертөле сынды баспаналарда тұрған. Қола дәуіріндегі Тереңқора, Бұтақты (Көктөбе беткейі) секілді қола дәуірінің қоныстары зерттелген. Сақ-усунь заманындағы да бірнеше қоныстар мен қорымдар анықталған.

Орта ғасырлар кезеңінде қазіргі Алматы аумағында бірнеше қалалар мен қоныстар болы. Олардың бірі – Алматы-1 қаласы «Горный Гигант» ұжымшарының аумағында орналасты. Весновка қаласы Ботаникалық бақтың аумағында.

Үлкен Алматы қойнауына (қазіргі «Орбита» ықшамауданы) қарама-қарсы орналасқан қала жөнінде 1894 жылы академик В.В.Бартольд жазған болатын. Ол қаланы сол кездегі қала архитекторы В.П.Гурдэмен бірге зерттеген. Қаланың беткі қабаттарынан күйдірілген кірпіштен тұрғызылған құрылыстар анықталған, кірпіштерді Верный тұрғындары өз құрылыстарына тасып әкетіп жатқан.

Бұл маңда 2009 жылы Алматы кешенді археологиялық экспедициясына (жетекшісі К.М.Байпақов) тиесілі отряд жұмыс істеді. Далалық ізденістер барысында көптеген археологиялық материалдар (керамика, т.б.) алынған. Қазба барысында қаланың үш мәдени қабаттан тұратындығы анықталды: біріншісі, усунь заманына, екіншісі, орта ғасырларға, үшіншісі кейінгі орта ғасырларға жатады. Кейінгі орта ғасырларға жататын мәдени қабат алдыңғы екеуіне қарағанда біршама жұқа болып келеді.

Шекара училищесі аумағындағы мағлұматтар да өте қызықты. Бұл жерден 1980 жылдардағы құрылыс кезінде ортағасырлық шеберхана орны, одан ұстаның асай-мүсейлері (балта, көрік қалдықтары, т.б.) табылған. Шеберхана Х-ХІ ғасырлармен мерзімделінеді. Дәл осы қаламен жоғарыда сипатталған ХІІІ ғасыр монеталары тікелей байланысты болған.

Алматының солтүстік жағында орналасқан Тереңқара қаласы да белгілі.

Жазба дереккөздері мен археологиялық мағлұматтарға сүйене отырып, Алматы қаласы Х-ХІ ғасырларда қалыптасқан, бұл қаланың кем дегенде мыңжылдық тарихы бар деуге болады. Қала негізгі белгілеріне қарағанда, ірі саяси-мәдени және экономикалық орталық болған. Мұнда қолөнер, сауда дамыған. Монета шығаратын сарай жұмыс істеп тұрған.

Жетісудың тағы бір ірі қаласы Талхир болып табылады. Ол қазіргі Талғар қаласының оңтүстік бөлігінде, өзімен аттас өзен жағалауында.

Талғар топонимінің көне екендігі белгілі, оның екінші «ғар» бөлігі үндіеуропалық тілдерде «тау» деген мағына береді.

Талхир туралы қызықты мағлұматтар Х ғасырда парсы тілінде жазылған «Худуд ал-Алам» шығармасында берілген. В.В.Бартольд пікірінше, еңбек авторы өз замандастарына қарағанда Орта Азияның, әсіресе оның шығыс бөлігіндегі аймақтардан молынан хабардар болған. Белгісіз автор шығармасында Ыстықкөлге жақын жерде, жікілдер мен қарлұқтар иеліктерінің арасындағы Тон және Тальхиз (Тальхир) сынды мекендер айтылады. Бұл елді-мекендердің тұрғындары «жауынгер әрі ержүрек» деп сипатталынады.

Ә.Х.Марғұлан және басқа да зерттеушілердің пікірінше, Тальхиз өз кезегінде Тальхир қаласының аздап бұрыс айтылған атауы болып табылады.

Қаланың орталық бөлігі жоспары бойынша тік төрт бұрышты тұрпатта. Оның солтүстік-шығыс жағы 300 м-ге, солтүстік-батыс жағы 280 м-ге, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс бөлігі 302 м-ге созылып жатыр.

Қала аумағы 9 га шамасында. Барлық жағынан қала дуалмен қоршалған. Қазіргі таңда ол жайылып кеткен. Айналдыра ор қазылған.

Қаланың бұрыштарында мұнаралар болған, мұнаралар дуалда да орналасты.

Кіретін қақпалары қабырғаның орталық бөлігінде, бір-біріне қарама-қарсы жақта орналасқан. Оларды біріктіретін көшелер қаланы төрт бөлікке бөліп тұрады. Орталық бөліктің сыртындағы құрылыстар бір типте салынған. Сақталып қалған тастан өрілген қабырға қалдықтарына қарағанда бұлар аумағы 200-500 м аралығындағы құрылыстар болған. Көпшілігі орталық бөліктің оңтүстік және батыс жағына шоғырланған.

Ескерткіш ертеден-ақ зерттеушілерді қызықтырған болатын. Олардың арасында А.Н.Бернштам мен Ә.Х.Марғұлан секілді белгілі археологтар да болған еді. Бұл мамандар жылнамалардағы Тальхир мен Талғар қаласы бір екендігін анықтап берді.

Көп жылдардан бері Талғар қаласында қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде қала жоспары айқындалды. Қала экономикасының өркендеуіне, шаруашылығы пен қолөнерінің дамуына, бір тармағы Іле аңғарын кесіп өтіп, Қытайға, Жапонияға, Орта Азияға, Иран мен Византияға апарған Ұлы Жібек жолы үлкен рөл атқарады. Мұны сонымен қатар іргелес өңірлерден, алыс-жақын аймақтардан әкелінген заттар кешені (ыдыс-аяқ, әшекейлік бұйымдар, т.б.) мен монеталар да нақты дәлелдейді. Мәселен, фаянс ыдыстар Талғарға Жапониядан келген, Үндістаннан піл сүйегінен жасалған бұйымдар әкелінген, Ираннан қола құмыралар тасылған, Қытайдан айна, фарфор ыдыстар алынған. Самарқандтан сырлы ыдыстар әкелінген. Сондай-ақ қала аумағынан алтыннан, күмістен, қоладан, темірден дайындалған мол археологиялық топтама алынған.

Зерттеулерге қарағанда Талғар сақ-усунь заманында іргесі қаланған бір қоныстың орнында салынған. Қала ҮІІІ ғасырдан қалыптасып, Х-ХІІІ ғасырларда гүлденген.

Қала перпендикуляр көшелермен махаллаларға бөлінген. Әрбір махаллада 12-14 үй болған.

Үйлердің іргетастарын қалауға өзеннен алынған, көлемі әртүрлі малтатастар қолданылған. Малтатастар сазбалшықпен қаланған. Қабырғалары қам кірпішпен өріліп, сыртынан сазбалшықпен сыланған. Үйлердің шатыры бір шеті биіктетіліп, ал екінші шетіне қарай еңістетілген. Оның шатырына қойылған сырғауылдардың үстіне қамыс пен сазбалшық аралас төсеніш жабылған сияқты. Шаруашылық бөлмелердің бірінен егіншілік құралдары бар «көмбе» табылды. Оның құрамында қоладан жасалған заттар, тостаған, майшам, шырағдан, керамика, т.б. шаруашылық-тұрмыстық заттар да бар. Майшамның бір ұшы шырағданға, ал екінші ұшы табақ-тұғырға бекітілген қола тұтқасы бар. Осыған ұқсас бұйымдар Талғар қаласының жер бетінен кездейсоқ олжа ретінде кейде қазбалардан осыған дейін де кездесіп отыратын. Мұндай қола бұйымдар Алдыңғы Азия өнімі деген және олар бұл жерге Ұлы Жібек жолымен сауда-саттық нәтижесінде сырттан келген деген пікір бар. Табылған бұйымдар ХІ-ХІІ ғасырларға жатады.

Талғар қаласында соңғы жылдары біршама жұмыстар атқарылды. Қазба барысында шыныдан, темірден жасалған көптеген бұйымдар алынды. Ең алдымен Солтүстік-Шығыс Жетісудың XI ғасыр мен ХІІІ ғасыр бас кезіндегі ортағасырлық қаласының сәулет өнері жайлы тың мағлұматтар жиналды. Орталық және махалла көшесінің қиылысқан жері аршылды. Көшенің бір беті тегіс өзен малтатасынан теселгендігі анықталды. Далалық жұмыстар барысында алынған темір бұйымдарының (тұрмыстық бұйымдар, құрал-саймандар, ауыл шаруашылық құралдары) бірегей жиынтығы жаңа бұйымдармен толықтырылды. Сондай-ақ жергілікті темір өндірісінің жоғарғы деңгейде болғандығын көрсететін дайындамалар - темір тіліктері, құймалар, крица мен өңдіріс қалдығы - қож көптеп табылды. Өткен жылдардағы деректермен қоса отырып, бұл жерде алдыңғы қатарлы жергілікті шыны өндірісінің болғандығын көрсететін шыны жиынтығы жинап алынды. Қола бүйымдарының жиынтығы, олардың бір бөлігі сауда керуендерімен Алдыңғы Азиядан келгендігін, сонымен қатар жергілікті қола өндірісінің болғандығын айғақтайтын жаңа олжалармен толықтырылды. Қола бұйымды жөндеп қана қоймай, сонымен қатар жаңа бұйымдар - тостақ, құмыра, құмған, майшам және шара жасай алатын шеберлер болғандығын археологиялық ізденістер нақты көрсетеді.

Талғар халқы шахмат ойнай білген. Қазба барысында қала мәдени қабаттарынан сүйктен және саздан жасалған осы ежелгі ойынның фигуралары алынған, яғни бұл ойынның әуесқойлары ХІ-ХІІ ғасырларда Талғарда да тұрған.

Талғарда құмыра, шыны, зергерлік гүлденген. Ол әсіресе темір мен болат қорыту бойынша Жетісудың ірі орталықтарының біріне айналған. Сайып келгенде, Талғар қаласы аймақтағы қолөнер, сауда, ауыл шаруашылығы мен мәдениетінің маңызды орталықтарының бірі болған.

Тальхирден Жібек жолы екіге айрылады: оңтүстік желісі (оңтүстік жол) Есік пен Түрген, Шелек ортағасырлық қалаларының үстімен жүріп, Іленің Борохудзир маңындағы өткелінен өтіп, оның оң жағалауын қуалап, Хоргос арқылы Алмалыққа жетеді де, осындағы Ыстық көл жақтан келген жол тармағымен қосылады. Жолдың осы бөлігінен археологтар Есік, Түрген, Лауар сияқты кішкене қалалардың, үлкен қала Шелектің төбешіктеніп қалған орындарын тапты, Іленің оң жағымен жол қазіргі заман қыстағы Көктал мен Жаркент арқылы өтеді. Көктал маңында Ілебалық қаласының орны болуы ықтимал.

Алматыдан немесе Тальхирден басталатын теріскей жолы (солтүстік жолы) Талғар өзенін қуалай жүріп, Іленің Қапшағай шатқалы маңындағы өткеліне дейін жеткен. Одан әрі жол Шеңгелді үстімен Алтын Емел белесінен асып, Көксу алқабына түседі де, Екі-Оғыз қаласына жетеді. Ол қазіргі Дүнгене (Дунгановка) ауылының орнында болған. Гильом Рубрук бұл қаланы Эквиус деп атаған. Іле алқабының ең үлкен қала жұртының бірі тап осы жерден табылған. Онда 1253 жылы болған Гильом Рубрук осынау қалада Персиядан алыс жатқанына қарамастан парсы тілінде сөйлейтін «сарациндер» тұрушы еді деп жазады. Екі-Оғыз қазіргі Қапал маңында орналасқан деген пікірді ұстанатын зерттеушілер де болды.

Мұны археологиялық зерттеулер нақтылап берді. Егер Шеңгелді Екі-Оғыз дейтіндер болса, оларға Шеңгелдінің керуен-сарай екендігін еске салған жөн. Яғни, оның аумағы (75х75 м) қала деуге келмейді. Дүнгене болса (Балпық ауылы аумағында) барлық өлшемдері бойынша ірі қала.

Қаланың солтүстік-шығыс жағы 675 м, ал оңтүстік-шығыс жағы 565 м.

Бұл қалада зерттеу жұмыстарын өз уақытында А.Н.Бернштам басқарған Жетісу археологиялық экспедициясы жүргізген. Түсірілген шурфтан түрлі кезеңдерді қамтитын үш мәдени қабат анықталған. Бұл мәдени қабаттар бірін-бірі алмастырған. Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, бұл жерде ІХ-Х ғасырларда қоныс болған, оның тұрғындары ауыл шаруашылығымен және қолөнер салаларымен айналысқан. Кейіннен Х-ХІ ғасырларда қоныс қалаға айналған.

ХІ ғасырда Махмұд Қашқари «Екі-Оғызды» өз картасында көрсеткен. ХІІІ ғасырда бұл қалада Гильом Рубрук болған.

Өз жолында Гильом Рубрук екі қаланың қирандыларын көрген, олар қазіргі Қапал мен Арасан маңында. Одан кейін таудан өтіп, ол Ақсу өзенінің аңғарына келеді және одан кейін лепсі өзеніне қарай жүреді. Ол бұл жазықтықты тәппіштеп жазып кеткен.

Жалпы алғанда Жібек жолы Екі-Оғыздан шығып, қарлұқтар жабғысының астанасы Қаялыққа (Койлақ, Қойлық) барады екен. Бұл шаһардың базарларымен аты шыққан. Онда мұсылмандармен бірге, басқа дінді тұтынатындар да тұрған. Ол жөнінде моңғол ханы Мөңкеге бара жатып, осы қалаға соғып кеткен, Людовик IX елшісі, монах-сопы Гильом Рубрук хабарлайды. Каялық – қарлұқтар астанасы болған, IX ғасыр мен XIII ғасыр бас кезінде Іле алқабының солтүстік-шығыс бөлегі қарлұқтар қоластына қараған. Рубруктың жазбаларына қарағанда, Каялыққа жақын-жуық жерде христиандар селосы болған, Жібек жолы сол арқылы да өткен.

Рубрук қалада 12 күн тұрған. Осы кезде қала базарларын, т.б. аралап шыққан. Ол христиан шіркеулерін іздеп, екі храмға кіріп шыққан. Бірақ христиан шіркеулерімен ұқсастық таппаған.

Ол кумиренді жан-жақты сипаттап қалдырған. Оның жазғандары храмның буддалық сипатын байқатады. Әсіресе будда құрбандық үстелі «ширэ» дәл сипатталған.

Жалпы алғанда, Қаялық (Қиялық, Қойлық) Солтүстік-Шығыс Жетісуда, Талдықорған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 190 шақырымда, қазіргі Қойлық ауылының шығыс жағында (Сарқанд ауданы) орналасқан. Бұл ескерткіш Іле алқабындағы ең үлкен қала. Ол Ащыбұлақ өзенінің жағасында орналасқан. Қаланың аумағы биіктігі 3,5-4 метр биіктіктегі қабырғамен қоршалған, қаланың жобасы дүниенің төрт жағына қаратылған сопақша төртбұрыш пішінді. Солтүстік-шығыс қабырғаның ұзындығы 1200 м, оңтүстік-шығыс жағы 750 м, ал қаланың оңтүстік-батыс жағы тауға келіп тіреледі. Шамамен алғанда, әрбір 30-40 м сайын қабырғаға дөңгелек пішінді мұнара орнатылған. Батыс бұрышына жақын жерде көлемі 70x80 м және биіктігі 4,5 м пішіндегі шаршы дөң орналасқан. Қалаға кіретін қақпа солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс жақтарында. Қаланың ішкі барлық аумағы көптеген дөң (төбешік), ойпат секілді бұрынғы құрылыстардың ізіменен жабылған.

Қала тарихи әдебиеттер арқылы XI ғасыр мен XIII ғасыр бас кезіндегі қарлұқ жабғысы (жабғуы) мемлекетінің, қараханидтер қағанатындағы түркі қарлұқтарының дербес иелігінің астанасы ретінде белгілі, ал ол XIII ғасырдың ортасында моңғол империясының қаласы болған. Қарлұқ жабғысы Арслан моңғолдар билігін ерте кездері-ақ мойындаған. Сөйтіп, өзі моңғолдарға қосылып, батысқа жорыққа қатысқан.

Қалада жүргізілген археологиялық зерттеулер аталған ескерткіштің ІХ-Х-ХІІІ-ХІҮ ғасырлар кезеңіне жататындығын анықтауға мүмкіндік берді. Оның іргесі ҮІІІ ғасырда қаланған.

Қаланы археологиялық зерттеу 1964 жылы басталды, онда бірқатар шурфтар түсіріліп, қаланың жоспары анықталған болатын. Одан кейінгі жұмыс 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық эспедициясының шеңберінде қайтадан қолға алынды, оның барысында «Будда храмы» ретінде айқындалған нысан қазылды, сондай-ақ қаланың қамалындағы тұрғын үй-жайы зерттелді. 1999-2000 жылдары қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан «ауқатты адам үй-жайында» жұмыстар жүргізілді. 2001 жылы күйдірілген кірпіштен қаланған «хаммам» типіндегі монша аршылды, сондай-ақ оның құлдырау кезеңінде салынған қала аумағында тұрғызылған кесене де зерттелді. 2002-2003 жылдары ескерткіштің стратиграфиясын зерттеу, сандық екі өлшемді топографиялық негізін құру жүзеге асты, сондай-ақ «будда храмында» консервациялық шаралар мен мониторинг негізінде жұмыстар атқарылды.

2004-2005 жылдардың қазба жұмыстарын жүргізу маусымы жұма мешітінің құрылысын, «манихей» храмының, кесенелердің құрылыстары ашылуымен маңызды, олардың қасбеті ойылған терракотамен безендірілген, сондай-ақ кесенелерге жақын орналасқан ханака зерделенді. 2006 жылы қаланың шахристаны оңтүстік-батыс бөлігінің аумағындағы үй-жай ішінара қазылды, сондай-ақ монша-хаммамға келіп тірелетін аумақ зерттелді, шахристан төрткүлін қазу басталды. 2007-2009 жылдары қаланының бірқатар бөліктерін қазу барысында да мол мағлұматтар жинақталды.

2006 жылы жоғары қабаттағы қазба жұмыстары кезінде бұзылған құрылыс құрылымдары анықталды, оның бірқатар белгілеріне қарағанда тұрғын үй деуге болады. 2007 жылы қазба жұмысының аумағы кеңейтіліп, оның көлемі 400 шаршы метрге жетті.

Зерттелген телімде әртүрлі мақсатқа арналып салынған бірнеше бөлме-жайлар аршылды.

Қаланың солтүстік жағынан ХІ-ХІІ ғасырларға жататын кесенелер қазылды. Олардың қабырғаларының кірпіштері оймышталған (геометриялық, өсімдік, т.б.).

Қала қазу кезінде аршылған мешіт те қызықты. Оның мөлшері 34х28 м. Шикі кірпіштен тұрғызылған. Оңтүстік-батыс қабырғасында михраб болған, ол Меккеге бағытталған.

Мешіт шатыры жалпақ болған, бірақ сыртқа қарай еңістетілген және ол ағаш колонналарға тіреліп тұрған. Колонналар саны – 54. мешіт қабырғасы сыланып, ақталған. Қыста мешіт жылу әкелетін каналдар арқылы жылытылған. Қазба барысында ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататын керамика жинастырылған.

Қаялықтан Гильом Рубрук қасиетті Андрей күні, яғни 30 қарашада шығып кеткен. Қаладан үш лье жүргеннен кейін несториандық қоныс кездестірген. Оның шіркеуіне кірген. Археологтар бұл қоныстың орнын Лепсі қаласы деп есептейді.

Содан әрі қарай жол Тентек алқабымен жүріп, Алакөлді айналып өтіп, Жоңғар қақпасын басып Шихо алқабына жетеді, сосын Бесбатықты басып, Дунхуанға барады да, Ішкі Қытай жаққа кеткен.

Алакөлдің оңтүстік-батыс шетінде бір қала болған, оны XIII ғасыр саяхатшылары «Облыстың астанасы» деп атаған. Мұны зерттеушілер Көктума қаласы деп есептейді.



Сырдария қалалары. Енді қайтадан оңтүстікке оралайық. Испиджаб қаласынан шығатын керуен жолы Арыс бойындағы Арсубаникетке, содан Отрар-Фарабқа, Ясы-Түркістанға одан соң Сырдария бойымен жүріп, Арал өңіріне, Орал өзені бойындағы қалаларға, Еділ арқылы Еуропаға өткен.

Сырдария бойын қуалай жүретін керуен жолы үстіндегі қалалардың ірісі Отырар-Фараб пен Шауғар екен. Бірінші қаланың аты Арыстың Сырдарияға барып құятын жеріне жақын орналасқан, аса үлкен қала жұртының атында сақталып, осы күнге дейін жеткен. Отырар жанында Кедер қаласы орналасқан, ол Х ғасырда Отырар жазирасының басты орталығы болған.

Отырар Сырдария орта ағысындағы ірі қала ретінде кеңінен танымал. Ол көптеген дереккөздерінде айтылады. Қала Жетіму қалалары қатарында да, Испиджаб қалалар тізімінде де аталынады. Тіпті бірнеше Отырар болған сияқты. Алайда Отырар біреу ғана болды. Оның дереккөздерінде жиі кездесетіндігін, қаланың сауда жолының бойында орналасуымен де түсіндіруге болады.

Былайша айтқанда, Отырар тоғыз жолдың торабында тұрған. Одан шыққан жолдың бір тармағы Шауғарға, екінші тармағы Сырдария өткелінен өтіп, Васиджа (Весидж) қаласына баратын болған. Весидж қаласы Әбу Насыр әл-Фараби сынды шығыс ғалымының туған жері ретінде белгілі. ХІІІ-ХІV ғасырларда бұл қала Зернук аталса керек. Қаладан Сырдариямен жоғары өрлеп, оғыздар қаласы Сүткентті басып, Шашқа, ал төмен қарай – Жентке кеткен. Жент ХІІ ғасырда Сығанақ секілді Қыпшақ мемлекетінің маңызды орталықтарының бірі болды. Ал Женттен Қызылқұм арқылы Хорезм мен Үргенішке қарай жол тартылып, одан әрі Еділ бойы мен Қара теңіз жағалауына, Кавказға асып кететін болған. Бұл жөнінде кеңес археологы А.Н.Бернштам «Орта Азияда бұдан қолайлы және одан қауіпті жағдайды таба қою қиын» деп жазған еді.

Қазіргі таңда Отырар қаласының орнында қирандылар ғана қалған. Отырар жазирасына кіретін қалалар мен қоныстардың замоктар мен қарауыл мұнараларының қалдықтары да сақталған. Құрғап қалған егістіктерді каналдар кесіп өтеді. Бұрын қала-жұрты болған әрбір төбешіктің бүгінгі таңда өз атаулары бар: Алтынтөбе, Жалпақтөбе, Құйрықтөбе, Күйік-Мардан, Пшақшытөбе. Бұлардың бұрын өз атаулары болған. Қазіргі күні тек екі-үш қаланың өз атаулары археологтар еңбектерінің арқасында қайта жаңғыртылып отыр. Олар – Құйрықтөбе орнындағы Кедер мен Оқсұз орнындағы Весидж; сонымен қатар Бұзұқ қаласы мен Шілік бір елді-мекен болған.

Отырар алқабы 2500-ден астам шаршы шақырым аумақты алады, ол 200 шақты тарих пен мәдениет ескерткіштерін біріктіреді. Бүгінгі таңда алқаптың орталық туристік өзегі 4 қаланың, Арыстанбаб кесенесі мен көптеген ежелгі суландыру жүйелерінің аумағын қамтиды. Отырарда жыл сайын қазба жұмыстары жүргізіліп тұрады. Қаланың өзін зерттеу, оның келбеті Орта Азия мен Қазақстандағы ортағасырлық қалаларға ұқсайтындығын анықтап берді. «Орталық қирандылары» жоспары бойынша бес бұрышты төбешік, оның биіктігі 18 м, алаңы 20 га. Жан-жақтары тең: оңтүстігі – 380 м, оңтүстік-батысы – 145 м, батысы – 400 м, солтүстік-шығысы – 380 м, шығысы – 350 м. Төбешікті бойлай дуал қалдықтары қоршап тұр. Оның мұнаралары бар. Қабырға сыртында жыра түріндегі ордың іздері сақталған, оның тереңдігі 2-3 м, ені 10-15 м. Қалаға адамдар үш жақтан кірген. Екеуі бір-біріне қарама-қарсы оңтүстік және солтүстік-шығыс дуалда, үшіншісі батыс қабырғада орналасқан. Орталық көше оңтүстік көшемен жалғасып, қаланы бөліктерге бөлген. Одан бірнеше шағын көшелер тарамдалып кеткен.

Орталық қирандыларға бекіністі рабад жалғасады. Оның ауданы 150 га. Рабадты қоршаған дуалдың кейбір бөліктері ғана сақталған.

Отырардың біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында қалыптасқан, яғни ІХ ғасырлардан бастап Отырар-Фараб атауымен жазба дереккөздерінде кездеспей тұрып-ақ негізі қаланған болатын. Алайда одан да ерте кездердегі қала атауының нұсқалары туралы мәліметтер бар.

Бұл сауалды шешуде Отырар мен оның жазирасындағы қалалардан алынған анэпиграфиялық монеталар маңызды рөл атқарады. Осындай монеталардың беткі жағында түргештердің садақ түріндегі таңбасы бейнеленген, ал сыртқы жағына арыстанның бедері түсірілген. Екінші типтегі монеталарда шырағдан белгісіндегі таңба бедерленген. Жетісу, Шаш, Соғды монеталармен салыстырған кезде, бұлардың мүлдем жаңа типтегі монеталар екендігі анықталған. Оны ең алдымен жергілікті билеуші шығарған деуге болады. Монеталарды орталығы Отырар болған, Сырдарияның бойындағы түріктер иелігіндегі Кангу Тарбан билеушілері соққан деген топшылау да кездеседі. Бұл иелік астанасы Тарбан, Тарбанд болған, сірә одан Отырар-Фараб атауы келіп шықса керек.

ІХ-Х ғасырлардағы дереккөздері Отырарда Испиджаб қалалары қатарына жатқызады.

ІХ-ХІІ ғасырларда Қазақстанның оңтүстігінде қала мәдениеті жанданады. Осы кездері жаңа қалалар пайда болады, көне қалалар аумағы ұлғаяды. Қалалар рабад, сауда-қолөнер қоныстары есебінен ұлғая түседі. Бұл уақыттарда отырар аумағы 200 га-ға жетеді.

ІХ-Х ғасырларда Оңтүстік Қазақстан қалаларында исламдану басталады. Жаңа дін қалалық арасында тез тарайды. Соған байланысты мұсылман бейіттері, кесенелері, культтық ансамбльдер тұрғызылады. Қалаларда мешіт салынады. Ерте кездегі мешіттердің бірі Құйрықтөбе қаласынан қазылған. Ол Х-ХІІ ғасырларда жұмыс істеп тұрған.

Отырардың өркендеуін моңғол шапқыншылығы тоқтатады. Оған дейін Отырар Хорезмшах мемлекетінің құрамына өткен болатын. 1218 жылы Шыңғысхан хорезмшах Мұхаммед сарайына сауда керуенін жіберген болатын, алайда керуен Отырарға келген оны Отырар билеушісі, Иналшық Қайырхан тонап алады. Шыңғысхан кінәлі адамдарды жазалауды және Қайырханды беруді сұрайды, бірақ хорезмшах моңғол елшісін өлтіріп тастайды.

1219 жылы күзде моңғолдар Отырарға келді. Оған дейін Үргеніште хорезмшах Мұхаммед әскери кеңес өткізеді, сол жерде қолбасшылардың бір барлық күшті біріктіріп, шайқасайық деп ұсыныс тастады. Алайда Мұхаммед басқа жол таңдады, ол әскерлерін қала гарнизондарына орналастырып, әрбір қаланы жеке-жеке соғысуға мәжбүрледі. Отырарды жаулап алу бірқатар дереккөздерінде айтылады. Алты айдай қорғаннан кейін Отырар күйрейді.

Моңғол шапқыншылығынан кейін Отырарда өмір қайтадан жанданады. Сөйтіп, қала біртіндеп Сырдариядағы саяси және экономикалық орталыққа айнала бастайды. ХІІІ ғасыр орта тұсында Батыс пен Шығысты жалғастырған ірі сауда орталығына айналады. Ол арқылы Алмалыққа қарай Үргеніш жолы өтті. Отырар монета соғатын орталық ретінде де кеңінен танымал. ХІІІ-ХІV ғасырларда қалада медресе, ханака, мешіт секілді ірі құрылыстар салынады.

ХІV ғасырдың екінші жартысында Оңтүстік Қазақстан Темір державасының құрамына кіреді. Темір дәуірінде бұрынғы моңғол иеліктеріндегі жағдай біршама тұрақталды. Оның кезінде Түркістанда Ахмед Ясауи кесенесі тұрғызылды. Отырарда Ахмед Ясауи ұстазы Арыстан-баб моласына кесене салынды. Темірдің кезінде қалада орталық мешіт те тұрғызылған болатын.

ХV ғасыр ортасында «Көшпелі өзбектер мемлекетінің» ханы Әбілхайыр Шығыс Дешті Қыпшақта билік құрды. Оған қазақ хандары қарсы тұрды. Оның ұрпақтары мен қазақ хандары Сырдария қалалары үшін ұзақ жылдар бойы соғысты. 1510 жылы Мұхаммед Шәйбани қайтыс болғаннан кейін оңтүстік өңірлердің біраз бөлігі мен Сарыарқа қазақ хандарына өтеді. Қасым хан тұсында хандық нығайып, шекарасы кеңейе түседі. ХVІІ ғасыр ортасынан бастап Қазақстан жеріне жоңғарлар шапқыншылық жасай бастайды. Олар бірнеше рет тонаушылық жорықтарын жасап, Сайрам, Түркістан және тағы басқа қалаларды қиратады. Мұнымен бірге қазақтар ішінде де алауыздықтар басталады. Мұның барлығы бұрын гүлденіп тұрған Сырлария өңіріндегі қалалардың құлдырауына алып келді. Отырар қаласының қазба жұмыстары ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қала өмірінің кейбір тұстарын нақты сипаттайды.

Орта ғасырлардағы хаммам типіндегі ортағасырлық моншалар шығыста кеңінен таралған. Олардың құрылысы, архитектурасы, атрибуттары - әмбебап. Бұл құрылыстардың таралу кезеңі аймақтардың өсіп-өркендеуіне тікелей байланысты. Қазақстан аумағында моншаның мұндай типін 1977-1978 жылдары археологтар зерттеді. Соңғы жылдары да Отырардан моншалар зерттелінді. Монша қабатымен жабылған тегістелген алаңда салынған. Оның өлшемдері солтүстік-оңтүстік желі бойынша - 11,5 м, шығыс-батыс желісі бойынша - 16,5 м. Бұрыштары әлем тараптарына қаратылған. Іргетасы жоқ қабырғалары 22-23x22-23x5 см өлшемдегі күйдірілген кірпішпен қаланған. Қабырға қалыңдығы 0,7-0,9 м. Моншаның жобалау негізінде айқыш сұлбасы анық байқалады. Орталық бөлмежай төрт басқа бөлмемен қиылысатын осьте орналасқан. Моншаның құрамында уқалау-ысқылауға (массажға) арналған лоджиясы бар орталық залдан басқа жуынатын бөлмелері болған. Батыс бөліктің үш бөлмесі киініп-шешінуге арналған, демалыс бөлмесі және намаз оқитын бөлмесі де болған. Шығыс жағында от жағатын орын және су құйылғаи цистерна қойылған бөлме орналасқан. Бұл жерде құдықтың аузы аршылды. Оның қабырғалары күйдірілген кірпішпен өрілген. Пайдаланылған су құбырлар арқылы сырттағы шұңқырға құйылған. Моншаны жылыту ыстық ауа жүретін каналдар арқылыжүзеге асырылған. Қазба кезінде қабырғалардың жылыту жүйесінің орны мен бағаналарының қалдықтары табылды. Моншаның жоспарлануы жағынан Орта Азиядағы, Кавказдағы, Таяу және Орта Шығыстағы моншаларға ұқсайды.

Ежелгі Отырардың фортификациялық жүйесінің тарихи құндылығы жоғары. Қаланың мүжілген қабырғалары ерекше әсер туғызады. Бұл жүйе біршама жақсы дәрежеде. Қалыңдығы 2 см болатын қабырғалардың сылағы сақталған. Шикі кірпіштен өрілген қаланды көзге түседі. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ортағасырлық Отырардың бірнеше бекініс жүйелері болғаны анықталды. Сыртқы қабырға рабадты қорғаған, ол қаланың солтүстік-батысында және батыс бөлігінде жақсы сақталған. Сондай-ақ, шахристанда да қуатты қала қабырғасы қоршап жатқан. Әсіресе, ХІV-ХV ғасырлар мешітіне жақын жердегі қабырға бәрінен де жақсы сақталған. VІІІ-Х ғасырларға жататын қабырға анықталған, онда жарты метрге ішке қарай ауысқан ХІ-ХІІ ғасырлардың қабырғасы тұрғызылған. Ол тығыз шикі кірпіштен қаланған. Негізіндегі сақталған биіктігі 6 метрден астам, қалыңдығы 4 м және тармағы бойынша 1 м. ХІV ғасырдың бас кезінде бұл қабырға 1 метрге қалыңдатылған және ашық сұр түсті шикі кірпішті пайдалану арқылы құрылыс салынған. ХІV ғасырдың аяғында және ХV ғасырдың басында бекініс қабырғасы қайтадан жөндеуден өткен. Қалыңдығы 1 м жаңа қабырға бұрынғы қабырғаларының үстіне салынған. Отырартөбенің солтүстік және солтүстік-батыс бөліктеріндегі жүргізілген қазба жұмыстары қаланың жаңа қабырғасы XIII ғасырдың аяғында – ХІV ғасырдың басында салынғанын көрсетті.

Бірнеше мұнаралары да зерттелінген. Солардың бірі – қақпа мұнарасы. Ол тікбұрышты пішінді, бекіністің қабырғасына тіке орналасқан, дуал сызығынан 4,4 м шығыңқы орналасқан. Мұнара 2 м биіктікте сақталған, оның өлшемі 3,7x3,7 м. Мұнара шикі кірпіштен қаланып, сұрр түсті сазбен сыланған.

XII-XII ғасырларға жататын махаллалар аршылған. Отырар аумағында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде қаланың шахристанының үйіндісі аршылды. Отырар мәдениетінің гүлдену кезнің бірі ХІ-ХІІ ғасырлардағы қараханид кезеңі тарихымен тұспа-тұс келеді.

Отырар мешіттері де ғылымда кеңінен белгілі. Қазба жұмысының бірі XIV ғасырда тұрғызылған мешіттің солтүстік бұрышында жүргізілген. Қазбаның жалпы алаңы - 32x18 м, телімнің 576 шаршы метрі аршылған. Қазба кезінде мешіттің солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс қабырғаларының жалғасы анықталған. Қабырғалардың негізгі бөлігі сақталмаған. Қазіргі кезде күйдірілген кірпіштен салынған солтүстік-шығыс қабырғаның (биіктігі 6-7 м) бөлігі сақталған. Солтүстік-батыс қабырғаның қалдықтары екі қатарда ғана сақталыпты. Қазба жұмысын одан әрі жүргізуде қабырғаның жалғасы табылды, бұл мешіт құрылысын тұтастай анықтауға мүмкіндік берді.

Отырар қаласының тұрғындары шахмат ойнаған. Оны қазба кезінде табылған осы шахмат фигуралары нақты көрсетеді.

Керуен жолының торабындағы Отырар үнемі жанданып отырды. Бұл жол көпке мәлім болды. Жібек жолының осы бөлегі XIII ғасырда өзгеше жанданып кетеді және Жент, Сығанақ, Сарайшық, Сарай-Бату, Каффу сияқты шаһарлар үстімен жүретін болады. Шауғар VIII ғасыр деректерінен белгілі, оған, әсілі, Түркістан төңірегінде орналасқан Шөйтөбе қала жұрты сәйкес келетін секілді. Қазіргі Түркістан тұрған жерде, Шауғармен қатар X-XIII ғасырларда Ясы шаһары ірге тебеді, атақты ақын, сопы Ахмет Ясауи сол шаһарда тұрып, діни уағыз-насихатын жүргізген.

Түркістан қаласының іргетасы б.з. І-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Алайда оны одан да бұрын қаланған деп есептейтін ғалымдар да жеткілікті. Қалай болғанда да ол ХІІ ғасырлардағы деректемелерде Ясы атауымен Шауғар округінің орталығы ретінде кездесе бастайды. ХVІ ғасырдан бастап қазіргі атауын иемденеді. ХVІ-ХҮІІ ғасырларда Ясы-Түркістан Қазақ хандығының саяси, экономикалық және мәдени орталығы болды. Ұзақ жылдар бойы хандық астанасы болып тұрды. Қазақтың игі-жақсылары осында жерленді. ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы қаланы құлдыратып жіберді. 1819-1864 жылдары Түркістан Қоқан хандығының қол астына қарады. Сол кезеңде Түркістан қаласының аумағы 70 га-ға жуықтады. Ол балшықтан соғылған қамалмен қоршалды. Қабырғада 12 мұнара мен 4 қақпа болған. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Түркістанда 20 шақты мешіт, 2 медресе және өзге де ірі қоғамдық құрылыстар жұмыс істеп тұрды.

ХІІ ғасырда діни уағыз айтқан Ахмед Ясауи тұрған жер ретінде қала кеңінен танылды. Ахмед Ясауи қайтыс болғаннан кейін Ясы діни-культтық идеологиялық орталыққа айналды, оған жер жаһаннан адамдар ағылып келіп жатты. Бұл уақытқа жататын ертедегі кесененің сыртқы қабаттары ғана сақталған.

Ясы-Түркістан орта ғасырлық қаласы қазіргі Түркістанның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан.

Қаланың Ясы атауымен ХІІІ ғасырдың басында болғандығын күміс монеталардың олжалары да растайды. Бұл монеталар хорезмшах Мұхаммед ибн Текеш атынан соғылған. Олар Сырдарияның біраз қалалары хорезмшахқа бағыннан кейін 1210, 1216-1218 жылдары осында соғылған болатын. Қаланың Асон атауымен кездесуі армян патшасы І Гетум жазбаларында сақталған. Ол Оңтүстік Қазақстан арқылы ХІІІ ғасыр орта тұсында моңғолдардың ұлы ханы Мөңке бара жатқан сапарында соққан еді. Кейінірек, ХVІ ғасырдағы шығармаларда, Түркістан қаласы «Ясы қамалы», бірде «Түркістан қамалы» атаулар қолданылады.

Ясы-Түркістан қаласы Түркістан аймағындағы басты қалалардың бірі екендігі «Бұхара мейманының жазбалары» атты шығарма қалдырған Фазаллах ибн Рузбихан Исфахани еңбегінде де айтылады. Ол Ясы қаласында тауарлар мен бағалы бұйымдар өнірілетіндігін, мұнда саудагерлер мен саяхатшылар көптеп келетіндігін жазып қалдырған.

Қаланың тарихи дамуы оның планиграфиясын күрделендіріп жіберген. Онда цитадель, дуалдары, махаллалар сақталған. Цитадельден батысқа және оңтүстік-батысқа қарай 23,5 га аумақта қала орналасқан. Бұл жердегі микрорельефте әлі күнге дейін махалла құрылыстарының іздері байқалып қалады. Шахристанның батыс жағында өзеннен келетін үлкен су алабы жасалған. Бұл бөлікте бұрыштарында мұнара орындары бар дуал қалдықтары сақталған.

Қазіргі Түркістан аумағындағы Күлтөбе қаласында қазба жұмыстары кеңінен жүргізілген. Ол ахмед Ясауи кешенінен оңтүстік-шығысқа қарай 300 м жерде орналасқан. Бұл орынды аршыған кезде кейінгі орта ғасырлардан бастап қауыншы мәдениетіне дейінгі уақытты қамтитын мәдени қатпарлар анықталған. Сөйтіп, алынған материалдар қала іргесі б.з.б. І ғасырда және б.з. І ғасырында салынғандығы нақты анықталып отыр.

Жібек жолының трассасы Түркістаннан шыққаннан кейін Сырдарияны бойлай оның бойында орналасқан Сауран, Сығанақ, Жент, Янгикент қалаларына соғатын.



Сауран Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 35 км жерде орналасқан. Қаланы ХІХ ғасыр екінші жартысында А.К. Гейнс, П.И. Лерх зерттесе, 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам), 1967 жылы Жетісу археологиялық экспедицисы (К.A.Ақышев) зерттеді, 2004 жылдан бері Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (К.М.Байпақов) зерттеуде. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қаланың өлшемі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай – 800 м, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай – 550 м, мәдени қабатының биіктігі 2 м.

Сауран қаласы жазба деректемелерде Х ғасырдан бастап кездеседі. Әл-Мақдиси ол туралы «Сауран (Савран, Сабран) үлкен қала, оны жеті қатар қамал қоршаған, рабады бар, мешіті қаланың ішінде орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтарға қарсы тұрғызылған шекаралық қамал» деп жазған.

ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум Сауранды Савран деген атпен Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харчук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атаған.

Кейіннен қала Сырдарияның оң жағалауымен өтетін керуен жолының бойындағы ірі саяси-экономикалық, мәдени және халықаралық сауда орталығы ретінде белгілі.

ХІV ғасырдағы деректемелерде Сауран Ақ Орданың астанасы болғаны айтылады. Онда Ақ Орда ханы 1320 жылы қайтыс болған Сасы Бұқа жерленген. Оның ұлы Ерзен хан Сауран мен басқа қалаларда мешіт, ханака, медресе тұрғызған. Астаналық орталық рөлін Сауран ұзақ уақыт сақтап тұрған. ХV ғасырдағы Сауран Рузбихан еңбегінде сипатталған. Ол қала көркін, ауасын, табиғатын, қабырғаларын, дуал сыртындағы орларын сипаттап жазып кеткен.

ХVІ ғасырдағы дереккөздерінде сыртында биік дуалы мен айнала қазылған оры бар әсем қала ретінде айтылады. Сол кездегі мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб осы қалада туылған. Ол кейіннен туған қаласына екі кәрізді су жүйесін салған. 1514-1515 жылдары осында тұрған ақын әрі жазушы Васифидің айтуынша, «мұндай кереметті су мен құрлық арқылы әлемді айналып шыққан адамдар да көрмеген» дейді. Бастауын қаладан 7 км жерден алатын кәрізді салуға 200 үнді құлы пайдаланылған. Кәріздің басына бекініс салынып, оның ішіне құдықтар қазылған. Суды шығыр арқылы шығарған. Шығырды өгіздер айналдырған.

Қалада тұрған Васифи мұндағы ерекше құрылыстардың бірі ретінде шайқалып тұратын екі мұнарасы бар медресе туралы «Оның айванының иығына салынған өте биік және аса көрікті екі мұнараның «гүлдастасына» шынжыр байланып, олардың әр күмбезінің астына (кубба) бөрене (чуб) бекітілген, егер біреу күшпен бөренені қозғаса, шынжыр дірілдеп, қарсы мұнарада тұрған адамға мұнара құлап бара жатқандай көрінеді, бұл әлемнің таңғажайып кереметтерінің бірі» деп жазған.

Сауранның ортағасырлық мықты бекіністі қала екендігі туралы көп авторлар жазған.

1598 жылы Сауранды қоршаған әскерлер қорғаныс қабырғасын Бұхарадан алдырған тас атқыш қондырғымен атқылап, қамалдың астын қазып, су жіберген. Сауранда өмір ХVІІІ ғасыр соңына дейін жалғасқан, алайда бұл кезде қала «Түркістан маңындағы кішкене елді мекенге» айналды.

Сауран қаласының жанында, одан шығысқа қарай 3 км жерде Қаратөбе қаласы орналасқан. Ол біздің заманымыздың алғашқы ғасырларынан ХІІ ғасырға дейін мерзімделінеді. Қала топографиясы дамыған ортағасырлық қалаға белгілері бойынша өте жақын, онда цитадель, шахристан мен рабад анық байқалады. Алғашқы кезде Қаратөбе орнында Сауран болған, кейіннен қала қазіргі орнына көшірілген. Қалада жүргізілген қазба жұмыстары екі қаланың бір екендігін айқындап берген.

2004-2006 қазба жүмыстарын жүргізу маусымында Сауран қаласының орталық алаңынан медресе орнын аршылды. Үйінді қабатының астында солтүстік мұнараға келіп қосылатын телім мен медресе құрылыс орнының оңтүстік-батыс бөлігі жатыр, онда 2007 жылы маусымда іздестіру жұмыстары жалғасқан. Медресенің оңтүстік-батыс бөлігіндегі қазбаның алаңы 206 шаршы метрді құрайды. Үйіндінің астында 7 құжыра және медресенің оңтүстік-батыс қанатының дәлізі көміліп қалған. Оны тазалау кезінде күйдірілген кірпіш сылақ бөліктері және төбе жабынының бөлшектері кездесті. Құрылымдардың сақталуы өте нашар, өйткені ғимарат кірпіштері құрылыс салуға бұзылып алынған. Бөлме-жайды бөлетін кейбір қабырғалар түбіне шейін бұзылған. Олардың орналасқан жерін еден іздері нақты көрсетеді. Бөлме-жайдың өлшемі 3,20x2,75 м. Бөлме-жайлар мен дәліз солтүстік-шығыс қанатқа қарама-қарсы бөлме-жайларға қатаң симметриялық түрде орналасқан. Тар дәліздің жанында көшеге шығатын есік бар. Өтетін жердің ені - 85 см, барлық бөлме-жайларда кіреберісте әртүрлі деңгейде сақталған тереңдетілген ташнау алаңы, ошақ-сандалдар болғаны айқындалды. Жақсы сақталған бөлме-жайларда да оңтүстік бұрыштан пештер табылды. Пештердің аузы ташнауы бар алаңға қаратылған. Түтін жолдары бөлмеге тікесінен орнатылған құдық арқылы жүргізілген.

Медресеге кірер жердің солтүстігіндегі үйінділерді тазалау кезінде солтүстік мұнараның негізі табылды. Қазба жүмыстары нәтижесінде цокольдің үстінен шығатын мұнара негізінің төрт жоғарғы қатары анықталды. Цокольдің астында биіктігі 1 м 11 қатар кірпіш өрілген. Мұнара негізінің диаметрі шамамен 3,3 м. Мұнараның төменгі бөлігі доға күйінде қаспеттік қабырғадан шығады. Екінші бөлігі қаспеттік қабырғаға орнатылған және портал тұтас қалауымен өрілген. Мұнараның сұлбасы төбеге дейін жеткен, ал одан кейін бұранда баспалдақ көтерілген.

Қала құрылыстарына сазға күл (қыр) қосылып, құйылған күйдірілген кірпіштер пайдаланылған. Олардың көлемі 23-25x23-25x5-6 см. Бірқатар құрылыстар осындай кірпішпен тұтастай қаланып шыққан.

Орталық үйіндіден 1400-1600 м радиуста жекелеген қоныс-жай (усадьба) қалдықтары көптеп кездеседі. Әрбір қоныс-жай үйден, телімнен және қоршалған дуалдар тұрады. Телімдерде бау-бақша өсірілген.

Қоныс-жайлардың өлшемдері әрқилы. Ең ірілері 150х110 м; 180х90 м және де 1,5-1,8 га аумақты алып жатыр. Орташа қоныс-жай ауданы 1 га шамасында, ал ұсақ қоныс-жайлар 0,5 га. Алдын-ала есептеулер бойынша Саураннан 350-дей қоныс-жай анықталған.

Алынған материалдар (керамика, монета) Сауран маңындағы қоныс-жайлардың ХІІІ-ХІV ғасырларға және ХV-ХVІІІ ғасырларға жататындығын дәлелдейді.

Сауран кәріздер арқылы суғарылғандығы жоғарыда айтылды. Оны іздестіру кезінде (аэрофототүсірілім және көзбен жобалап қарау) диаметрі 5 м, аралары 12-15 м құдық орындары Міртөбе қаласы маңынан анықталған.

Сауран қаласы қазіргі күні сақталып қалған биік қабырғаларының бөліктерімен бірге, сондай-ақ қала махалласы мен кәріздері, көне егістік телімдері бойынша Қазақстанның баға жетпес археологиялық және архитектуралық ескерткіші болып табылады.

Сырдария өңіріндегі келесі ірі қала – Сығанақ.

Сығанақ жайлы алғашқы дерек Х ғасырдағы «Худуд әл-Алам» шығармасында кездеседі. Сығанақ үшін қыпшақтар хорезмшах мелекетімен ұзақ уақыт күрескен. Кейіннен Сығанақ өңірі хорезмшахқа бағынады. 1219 жылы Сығанақ жеті тәулік бойы Шыңғысхан әскерлеріне төтеп береді. Сығанақты Жошы бастаған моңғол-түрік әскерлері басып алып, қарсылық көрсеткені үшін қала халқы қырып тастайды. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында қала қайтадан жанданады. Мұнда монета соғатын сарай жұмыс істеді, құрылыс қарқынды дамыды. ХІІІ ғасырда Сығанақ армян патшасы Гетум жазбаларында аталады. ХІV ғасыр екінші жартысында қала Ақ Орда астанасы болады. Мұнда өз астанасын Әбілхайыр хан да көшіріп әкелген. Қала жайлы шәйбанидтік деректемелер мол мағлұмат береді. Онда қазақ хандары мен шәйбанидтер арасындағы соғыстармен қатар, Сырдария бойындағы қолдан-қолға өтіп отырған қалалар тағдыры кеңінен баяндалынады. Мұндай қалалар арасында Сығанақ та болған еді.

ХVІ-ХVІІ ғасырларда Сығанақ Сырдария өңіріндегі ірі қала болып тұрды. Біршама уақыт жаңадан құрылған Қазақ хандығының астанасы да болған еді. Оның базарларында 500 түйеге артылған тауарлар бір күнде сатылып отырды; айналасындағы халық егіншілікпен де айналысты. Сырдариядан Ордакент, Қызылтал, Бозғылаяқ, Төменарық, т.б. каналдар тартып, жерді суландырды. Осы кездері сығанақты «Дешті Қыпшақ гаваны» деген де болатын. ХVІ ғасыр тарихшысы Рузбихан қала жайында мол мағлұматтар қалдырған. Ол қаланың бұрын көркейіп тұрғандығын, ірі құрылыстарымен және өңделген егістік алқаптарымен қоршалып жатқандығын, сан алуан тағам өнімдерін шығарғандығын, қазақ халқының сауда пункті болғандығын айтқан.

Сығанақ қирандылары Төменарық темір жол стансасының маңында. 2003 жылдан бастап мұнда археологтар (С.Жолдасбаев, Б.Нұрханов, т.б.) қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі таңда мешіт пен кесенелер аршылған. Қала орнындағы зерттеу жұмыстары алғаш реті ХІХ ғасырда басталған. 1867 жылы оның орнын П.И.Лерх көрген. 1906-1907 жылдары И.А.Кастанье, 1927-1928 жылдары А.Ю.Якубовский, 1947 жылы А.Н.Бернштам зерттеу-барлау жұмыстарын ұйымдастырған. Қаланың қазіргі орны Сунақата деп аталады. Ол 10 га жерді алып жатыр. Жоспары бес бұрышты төбе. Қазба барысында ҮІ-ХҮІІІ ғасырлар аралығындағы уақытқа жататын тұрмыстық-шаруашылық бұйымдар жинастырылған. Олардың барлығы қала өмірінің басты деректік негізін құрайды.

Сығанақтан шыққан жол оғыздар астанасы – Янгикентке қарай тартатын. Жанкент (Янгикент) қаласы да соңғы жылдары қазыла бастады. Зерттеу қаланың солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан цитадельде жүргізілді. Ескерткіштің сыртқы түрі және параметрлері С.П. Толстовтың сипаттамасы мен жобасына сәйкес келеді. Ол өткен ғасырдың ортасында қалада зерттеулер жүргізген және оның аэрофото суреттерін алған болатын. Қала-жұртының өлшемі 100x100 м, жобасы шаршы пішіндес. Бүгінде жайылып, үйінді тәрізді пішінге айналған қабырғаның биіктігі 7-8 м. Төрт қабырғаның әрқайсында кішігірім жайылған төмпешік түрінде мұнараның орындары сақталған. Қазба ішкі секторда, солтүстік-шығыс бұрышта атқарылған. Қазба барысында кірпіш бөліктері, керамика сынықтары, ғұрыптық кешен қалдықтары, т.б. материалдар алынған. Бұл материалдар Янгикент қаласының алыс-жақын елдермен кең түрде байланысқа түскендігін айғақтайды.

Осы арадан Қызылқұмды басып, тағы бір жол Хорезмге, Үргенішке баратын. Әуелі, Шауғардан, кейінірек Ясыдан басталған жол Тұрлан асуы арқылы Қаратаудың солтүстік жоталарына шығып, Сырдарияны қуалап кететін жолмен жарыса (паралелль) жүретін. Ол жолда Созақ, Ұрысоған, Құмкент, Сүгүлкент қалалары бар еді. Бұл жол не Таластың төменгі жағынан шығып, содан жоғары өрлеп, Таразға баратын, не Билікөлдің батыс жағасымен жүріп, Берукет-Паркет, Хутухчин қалалары арқылы бұл да Таразға жететін.

Қаратаудың солтүстік беткейлеріндегі қалалар да ғылыми әдебиеттерде кеңінен белгілі. Олардың көпшілігі ортағасырлық өз атауларын сақтап қалған; мәселен, Созақ – Созақ, Құмкент – Құмкент. Ал Сүгілкент – Саудакент, Ұрысоған – Қарасауын.



Орталық, Шығыс және Батыс Қазақстан қалалары. Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу арқылы өтетін негізгі арқауынан жол тарамдалып, терістік пен шығысқа қарай, Орталық және Шығыс Казақстан аудандарына, кейін Сарыарқа атымен мәлім болған Дешті Қыпшаққа, Ертіс жагалауы мен Алтайға, Моңғолияға асып кеткен. Осы арамен атты көшпелілер тайпалары жүретін дала жолы өткен. Сөйтіп малға, жүн мен теріге, металға (мыс, қалайы, күміс, т.б.) бай Орталық Қазақстан аймағы сауда-саттық байланыс жүйесіне, оның ішінде халықаралық жүйеге тартылып, көптеген керуен сүрлеулері арқылы Жібек жолы торабымен тоғысады.

Жолдың Отрардан таралған бір желісі Арсубаникеттен өтіп, Арыстанды, Шаян алқаптарына, сосын Каратаудың жатаған белесінен асты; ал Шауғар мен Ясыдан шыққан желісі Тұрлан асуынан асты; Сауран мен Сығанақ тармағы, Янгикент тармағы – бәр-бәрі тұс-тұстан Орталық Қазақстан жазығына шығып, Сарысу мен Қеңгір, Торғай мен Есіл бойларына баратын болған. Сол аймақтан орта ғасырлардың: Болған-ата, Жаманқорған, Нөгербек-Дарасы, Домбауыл, Милықұдық, Ормамбет сияқты қала-жұрттарының қалдықтары табылған. Әсілі, орта ғасыр дереккөзерінде айтылатын Жұбын, Конгликет, Ортау мен Кейтаг сияқты қалаларды, Гарбиан мен Бақырлытау сияқты кен орындарын осы маңайдан іздеген жөн.

Янгикенттен шыққан жол солтүстік-шығысқа қарай Білеуті өзенінің жағалауына қарай жетіп, Қоңырат пен Қарсақпай аудандарына келгендігі анықталған. Орталық Қазақстанға Сарысу жолы деп аталатын жол жүрген болатын: Отырардан шығып Шауғар мен Тұрлан асуы арқылы Ақсүмбеге, Сарысу төменгі ағысы мен өзенді жоғары бойлай Ұлытауға (Кендірлік тауы), одан кейін Есіл мен Ертісті бойлай Сібірге жеткен. Басқа бір жол – Бетпақдала шөлі арқылы Жезқазған ауданына өткен. Тағы бір жол – «Хан жолы» - Тараздан шығып Таластың төменгі ағысы бойымен Мойынқұм құмы мен Бетпақдала арқылы Атасу өзенінің жағалауына барған. Тараздан шыққан тағы бір сауда жолы Адахкес пен Дех-Нуджикес қалалары арқылы Ертіс жағасына, қимақтар қағанының сарайына барып, одан әрі асып, Енисейдегі қырғыздар еліне тартатын болған.

Орталық Қазақстанның жақсы зерттелген қалаларының бірі Бұзоқ (Бұзұқ), ол Астана қаласының шетінде орналасқан. Қаланың ХІ-ХІІ ғасырларда қалыптасқандығын және ХІҮ ғасырға дейін мұнда тіршілік жанданғандығын қазба жұмыстары көрсетіп берді. Қала аумағынан сыпасы бар жертөле бөлмелері аршылып, бекініс құрылыстары, ХІІІ-ХІҮ ғасырларға жататын бейіті зерттелген. Аршылған қабірлер арасында қару-жарақпен және мол әшекейлермен жерленген әйел адамдардың да қаңқасы кездеседі.

Іле алқабы Орталық Қазақстанмен Шу-Іле тауының теріскей жоталарымен жүріп Шуға шығады да, сосын оның бойын қуалап барып, Сарысу өзені жағалауына шыққан. Жолдың өзге бір желісі Теріскей-Іледегі Шеңгелді маңынан шығып, Көктал мен Бояулы керуен сарайлар арқылы Балқаш өңіріне, сосын Іледен тарайтын Ортасуды жиектеп, сол арадағы Ақтам қала жұртының орнын басып, көлдің түскейінен 8 шақырым бұгаз арқылы теріскейіне шығады. Керуендер бұғазды кешіп етіп, Тоқырауын өзенінің құярлығына жуық жерден шығады да, оның бойын қуалап, әрі Ұлытау жоталарына қарай кетеді деп топшылауға болады.

Теріскей-Іле жолының бір желісі Алакөлді батыс жағынан айнала өтіп, Тарбағатай арқылы Ертіске, қимақтар мемлекетінің жеріне жеткен. Тарбағатайда, Ертіс жағалауында қимақтың Банджар, Ханауш, Астур, Сисан секілді қалалары және айналасы бекіністі қамалмен қоршалған, қақпалары темірмен құрсалған орасан зор қала – «қағандар астанасы» орналасқан еді. Қимақтың қалалары сауда жолдары арқылы Енисейдегі қырғыз, Моңғолиядағы ұйғыр қалаларымен, Шығыс Түркістанның көгалды аймақтарымен байланысып отырған.

Батысқа қарай Еуропаға, Қырым мен Кавказға жүрген жолдар Аралдың оңтүстік және солтүстік жағалаулары арқылы Жайық-Орал өзені бойындағы қалаларға жеткен.

Мұндағы ірі қалалардың бірі Сарайшық болған еді. Ол Батыс Қазақстан аумағындағы ортағасырлық қала. Бұл қала жөнінде ХІҮ ғасыр саяхатшысы Ибн Батута былай деген болатын: «Сарайшық, шық деген кішкантай. Олар, бұлайша, оны Кіші Сарай деген мағынада айтады. Аталмыш қала суы мол Ұлысу деп аталатын өзеннің жағалауында, оның мәні «ұлы су». Онда тура Бағдаттағыдай қайықтан жасалған көпір бар. Бұл қалада аттарымыз арба сүйреген саяхатымыз аяқталды...».

Осы және басқа да жазба дереккөздері Азияның өзіндік бір қақпасы болған бұл қаланы Ұлы Жібек жолындағы маңызды орталық ретінде сипаттайды.

Сарайшық үйінділері Атырау қаласынан 50 км жерде, Орал өзенінің жоғарғы ағысында. Әлі күнге дейін ежелгі қала орнында тұрған кент Сарайшық деп аталады. Оның аумағында, Орал өзенінің жағалауында Сарайшық қаласы орналасқан. Бірнеше жылдан бері мұнда археологтар жұмыс істеп жатыр.

Қала, дереккөздеріне қарағанда, 1227-1254 жылдары ел билеген Алтын Орда ханы Батудың өкімі бойынша қалыптасқан. Дәл осы қалада, тарихи жазбаларға қарағанда моңғол ханы Берке (1257-1266) исламды қабылдаған, бұдан кейін ислам Алтын Орданың мемлекеттік діні бола бастаған.

Алайда Сарайшық одан да ерте кезде, яғни Х-ХІІ ғасырларда, моңғолдарға дейін-ақ қалыптасқан деген де пікір бар, дегенмен мұны тек археологиялық ізденістер ғана нақты шешетіндігі анық.

Сарайшықтың өркендеуі Алтын Орда тарихымен тығыз байланысты болған еді. Бұл кездегі қалалар аумағы ұлғайып, жаңа қалалар қалыптасып жатты. Олар сауда мен қолөнер орталықтарына айналады, аумақтарында жаңа архитектуралық кешендер бой көтереді, мешіттер, кесенелер, моншалар, керуен-сарайлар тұрғызылады. Көптеген қалаларда монеталар соғылды. Сарайшықта да монета шығаратын сарай жұмыс істеп тұрды. Бұл мекеме құны әркелкі түрлі мыс монеталар шығарды. Бірінің бетіне «Сарайшық қаласында соғылған» деп жазылды, екінші бетіне гүл мен жыртқыш аң, бәлкім арыстан салынды. Сарайшықты қазған кезде шет жақтан әкелінген, соның ішінде Алтын Орда, сондай-ақ Хорезм, Самарқанд, Иран қалаларында жасалған монеталар өте көп ұшырасқан.

Қаланың дамуына Сарайшықтың исламды таратудағы идеологиялық орталық болуы да оң әсерін тигізді.

Мұнда мұсылман діни қайраткерлері мен уағызшыларының, Алтын Орда хандары мен ақсүйектердің пантеоны (моласы) болды. Дәл осы жерге 1290-1312 жылдары Алтын Орданы билеген Тоқты хан жерленген. Оны белгілі саяхатшы Марко Поло «Батыс патшасы» деп атаған еді. Кейіннен мұнда қазақ ханы Қасым да жерленді.

Қазба барысында Сарайшықтан тұрғын махаллалар, үйлер аршылды. Олар шикі кірпішпен тұрғызылған. Әрбір үйде екі-үш бөлмеден болды, олар кан жүйесі бойынша жылытылды.

Сарайшықтың бай ғимараттарынының бірі қазылған. Ол порталдан (кірер бөлігі), оны қоршап тұрған бұрыштарында мұнаралары бар дуалдан тұрған.

Қаланы мекендеген қолөнершілер сату үшін балық пен құс суреттері бар геометриялық, өсімдік бейнелі ыдыстар; алтыннан, күмістен дайындалған зергерлік бұйымдар; түсті және бағалы тастар салынған сақина мен сырғалар; сүйектен жасалған тарақ, түйме, ілгек-қаусырма, т.б. дайындады.

Сарайшық өркендеп тұруды да, құлдырауды да басынан кешірді, ал ХҮІ ғасырда оған Дон казактары қарақшылық шапқыншылық жасады, сол кезден бастап ол қала болуын тоқтатты. Дон казактары алтын іздеп молаларды да ақтарып тастады.

Орал өзені бойында тағы бір қаланың қирандылары анықталған. Оны археологтар тауып, зерттеді. Оған Арал маңындағы жол арқылы керуендер келген. Бұл қала шартты түрде Жайық деп аталған.

Қала аумағы алдын-ала 7-9 га деп анықталып отыр. Қаланың қолдан соғылған дуалы бар. Оның бөліктері, оры мен жалы сақталып қалған.

Қала үстіндегі екі төбешікті қазу барысында, олардың қоныс-жай екендігі анықталды. Құрылыстары шикі кірпішпен тұрғызылған. Тұрғын-жайлары кан жүйесі бойынша жылытылған. Жүйе сыпа астынан өткен. Қазба барысында шаруашылық шұңқырлары, қоқыс төгетін шұңқыр, ташнау (санитарлық-гигиеналық қондырғы) аршылған. Үйлердің жоспары оның құрылысына Хорезм мен сырдария көгалды аймақтарындағы қала мәдениетінің ықпалы әсер еткендігін көрсетеді. Жайық қаласындағы үйлердің құрылысы ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Үргеніш, Отырар, Түркістан баспаналарының жоспарымен сәйкес келеді. Өзгешеліктері кейбір интерьер бөлшектері мен жылыту жүйесінде ғана байқалады.

Мұнда ХІІІ-ХІV ғасырларда дамыған қала болғандығын, осы жерден табылған монша қалдықтары да растай түссе керек.

Қаланы қазған кезде ХІV ғасыр бірінш жартысына жататын монеталар алынған. Монеталар мен керамика материалдары қаланы ХІІІ-ХІV ғасырлармен мерзімдеуге толық мүмкіндік береді.

Қаладан шығысқа қарай 1,5 км жерден археологтар қала бейітін тапқан. Онда бұрын сәулетті кесенелер тұрған.

Олардың екеуі қазылған. Кесенелердің архитектурасы мен жоспары ортаазиялық кешендерге ұқсас. Бұлар екі камералы кірер аузы бар күмбезді құрылыс. Сыртқы қабаттары оймышталған. Күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, глазурь жағылған плиталармен сәнделген. Кейбір плиталарда жазулар бар. Олардың біразы алтынмен жазылған. Рельефті өрнекпен көмкерілген плиталар да кездеседі. Бір кесененің еденіне күйдірілген алты бұрышты плитка төселген. Өкінішке орай, кесене тонаушылар тарапынан бүлінген.

Қала атауы капитан Антоний Дженкинсонның 1562 жылы құрастырған белгілі картасына түсірілуі де мүмкін. Онда Сарайшықтан жоғарырақ Жайық өзенінің оң жағалауында Шакафни (Shakafni) атты қала көрсетілген. Бәлкім бұл ағылшын транскрипциясында бұрмаланған атау шығар. Бұл қаланың жергілікті халқы пайдаланған Шаған деген атауы болар, осы атау әлі күнге дейін сақталған.

Әзірге қаланың не себепті күйрегендігін нақты анықтау қиын, бәлкім ол 1391 жылы Еділ бойына Әмір Темір жасаған жорықтан кейін қираған шығар, өйткені сол кезде Алтын Орданың барлық ірі қалалары қиратылған болатын.

Сөйтіп, Ұлы Жібек жолы ежелгі замандар мен орта ғасырларда Қазақстанның барлық аумағын қамтыды деуге болады.

Сауда мен тауарлар. Жібек жолы әуелгі кезде қытай жібегін шетелдерге шығаруға қызмет еткен. Сосын реті келген кезде Рим мен Византиядан, Үндістан мен Ираннан, Араб халифатынан, кейінірек Еуропа мен Русьтен осынау күре жолмен мирри мен ладан, жасмин суы мен амбра, кардамон мен мұсқат жаңғағы, жень-шень мен питонның өті, кілемдер мен маталар, бояулар мен минералдық шикізат, гауһар мен яшма, янтарь мен маржандар, піл сүйегі мен «балық сояулары», құйма күміс пен алтын, ұлпандар мен теңгелер, садақтар мен жебелер, семсер мен сүңгілер, т.б. көптеген заттар әрлі-берлі тасылып жатқан. Жібек жолымен саудаға салу үшін Ферғананың атақты «тері қан боп шығатын» сәйгүліктері мен араб арғымақтарын, түйелер мен пілдерін, мүйізтұмсықтар мен арыстандарды, ілбіс пен жайранды, қаршығалар мен тауықтарды, тоты құстар мен түйеқұстарды алып жүрген. Жібек жолы арқылы жүзім, шабдалы мен қауындар, бұрыш, қалампырлар, қант, көкөніс пен жемістер, әртүрлі көктер әлемге таратылған. Дегенмен сауданың ең басты жібек болған. Алтынмен бірге ол халықаралық валюта да болды, оны хандар мен елшілерге тарту еткен, жалдамалы әскерге жалақы етіп берген, мемлекеттік қарызды сонымен төлеген. Керуен жолымен тасылатын жібек пен басқа да тауарлардың бір бөлегі қазақ даласының қалаларында қалып отырған. Археологиялық олжалар соның айқын айғағы.

Мәдениеттердің өзара ықпалы. Тауарларды, қолданбалы өнердің, сәулет өнері мен қабырға суретінің мәдени үлгілері мен эталондарын таратумен бірге, Шығыс пен Батыс елдеріне саз бен би өнері де, сахналық ойындар да кеңінен таратылып отырған. Шетел оркестрлері сарай қызметіндегі кісілер құрамына енгізілген. Мәселен, Сюань Изунь патша 30 мың сазгер ұстаған. Түрік қағанының Суяб төңірегіндегі ордасында елшілерді қалай қабылдағаны жөніндегі сипаттама сақталып қалған. «Қаған, – деп жазады сол сияпатты көзімен көрген будда сопысы Сюань Цзянь, – шарап әкеліп, саз ойнауға әмір етті... сосын бір үзілмей, металл сыңғырымен сүйемелденген жатжерлік саз әуезі тамылжып төгілді де тұрды. Және ол жабайылардың сазы болғанымен, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырып, жаны мен ойын жадыратып отырды».

Иран, соғды мен түрік актерлері әлем хореографиялық мәдениетіне көптеген жаналықтар енгізеді. Мәселен, Константинопольде Шығыс артистері жиі-жиі өнер көрсетіп тұрады.

Жібек жолы бойынан әртүрлі жердегі ескерткіштерді қазған кездері мәдениеттердің дамуын және өзара бірін бірі байытуын дәлелдейтін көптеген материалдық дәйектер табылған: бишілер мен биші әйелдерді, маскалы актерлерді, түйе үстіне жайғасып отырған музыкалық ансамбльдерді бейнелейтін Тан дәуірінің терракота топтамасы – осының айғағы. Мұндағы көптеген артистердің бет бейнесінен Орта Азия халықтары өкілдері екені көрініп тұр. Пенджикенттің, Варахша мен Топырақ қаланың және Шығыс Түркістанның қалаларындағы салтанат залдарында сақталып қалған қабырғалардағы суреттерде сазшылар мен актерлер бейнеленген. Биші әйелдің ағаштан қашалған таңғажайып мүсіні Пенджикенттен табылған. Сырдария бойындағы Кедер қаласында қазба жүргізген кезде X-XI ғасырлардағы артистің қыш маскасы кездескен. Терракота маскалар Құланнан да табылған.

Дін соқпақтары. Жібек жолымен діни идеялар да кең таратылып отырған, ал кейбір миссионерлер өз дінін тіпті теңіздің арғы бетіндегі елдерге барып таратқан. Зерттеушілердің пікіріне қарағанда, Қытайға буддизм Үндістаннан Орта Азия мен Қазақстан арқылы барған. Бұл әрекет б.з.б. I ғасырда басталған. Шығыс Түркістан мен Қытайға будда дінін таратуда ортаазиялық діндарлар мен миссионерлер, әсіресе соғдылар, парфяндар мен кангюйлер көп еңбек сіңірген. Б.з. II-III ғасырларында буддизм белсенді түрде таратылған, тегі, бұл Кушан империясының Шығыстағы саяси мақсаттарына байланысты болғанға ұқсайды.

Ерте ортағасырларда буддизмнің негізгі миссионерлері қызметін соғдылар өз міндетіне алған. Будда дінін Орталық Азияда тарату ісінде солар маңызды рөл атқарады. Шығыс Түркістандағы түріктердің будда мәтіндеріндегі терминдерді талдап тексергенде, олардың соғдының көмегімен алынғаны анықталды. Ұлы Жібек жолы үстіндегі бірқатар қалалардан будда ескерткіштері табылды.

Жібек жолы бойымен, Батыстан Шығысқа қарай жылжып отырып, буддизмнен қалмай христиан діні де тараған. V ғасыр бірінші жартысында Шығыс Рим империясында діндар Несторий үмбеттерінің «дінсіз» мазһабы пайда болады. Несторий ізбасарларын Мария бике құдайды емес, адамды туды, Христос тек «құдайдың шапағатынан түскен», оның рухының иесі ғана деп үйретеді. Оның пікірі бойынша, Мария бикені тәңірия демей, Христосты туушы деген дұрыс. Атап айтқанда оның осы жаңалығы қалың көпті әбігер етіп, береке-құтын қашырды. Бұл 325 жылы Никей соборында қабылданған дін бейнесіне қарама-қайшы келеді, ол қағида бойынша, Христос бөлуге болмайтын ипостастың – адамдық және құдайлық киелі қасиеттің иесі болып есептелетін, сол себепті де оның құдай-әкемен біртамырлас екенін жоққа шығаруды ресми шіркеу барып тұрган дінсіздік деп таниды. Несторийдің ілімі 431 жылы Эфес соборында айыпталып, несториандар рақымсыз қаталдықпен қудалана бастайды. Осындай қуғын-сүргіннің салдарынан олар шарасыздықтан Иранға қашады.

VII-VIII ғасырларда несториандық ағым Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларында кеңінен тарайды. Көптеген қалаларда христиан шіркеулері болады. Жамұқат пен Науакет қалаларының мазарларын қазған кезде олардан күміс және қола айқыштары (крестері) бар христиандар қойылғаны анықталды. Қызылөзек қала-жұртынан нефрит айқышының кездейсоқ табылғаны да елге мәлім. Шымкент музейінде Төрткөлтөбе қала-жұртынан табылған, бүйірінде христиандықтың белгісі – айқыш пен көгершін салынған келі қойылған. Таразды қазған кезде VI-VIII ғасырлар қабатынан сирия жазуымен «Петр мен Гавриил» деген жазуы бар қыш саптыаяқ кездесті.

Жетісуда христиан қауымының болғаны туралы деректі құлпытастардағы сирия жазуларынан ғана емес, қыш ыдыстардағы, үлкен хумдардың мойындарындағы соғды жазуларынан да байқауға болады.

Жібек жолымен III ғасырда Иранда пайда болған манихейлік діні де тараған, ол аз уақыт ішінде жеделдетіп Италиядан Кытайға дейін жайылады. Тұтас алғанда ол зороастризм мен христиан дінінің қорытылуынан туған. Христиан дінінен ол мессиандық идеясын, ал зороастризмнен – жақсылық пен жамандықтың, жарық пен қараңғының күресі идеясын алады. Соғдылар манихейлікті таратуда да жетекші рөл атқарады. VIII-ғасырдың бас кезінде манихейлердің жоғарғы басшысының Самарқандта сарайы болған. Манихейлік дін Орта Азияда ұзақ уақыт бойы өмір сүрген, сонда оның пантеонына, терминологиясына, тіпті концепциясына дейін буддизм қатты әсер еткен.

Манихей дінінің өкілдері Жетісу мен Оңтүстік Казақстанда, ең алдымен отырықшы жұрт арасында болған.

Ортағасырлардағы Казақстан қалалары тұрғындары арасында б.з.б. VII-VI ғасырларда ежелгі Иран аумағында туған (кейбір мамандар қола дәуірінде Қазақстан аумағында қалыптасқан дейді) зороастрлық діннің де өкілдері болған. Оның әдет-ғұрпы бойынша әлемнің төрт нәрсесі – су, от, жер мен ауа киелі деп қатты құрметтеледі. Зороастр діні ескерткіштерін Орта Азиядан, Соғдыдан, Сырдария қалалары мен Жетісудан кездестіруге болады. Олар мұнара секілді құрылыс қалдықтары, әдетте от мұнараларына ұқсайды. Олар Костөбе мен Қызылөзек қала-жұртының топографиясында сақталған. Алайда Орта Азия мен Қазақстанда зороастрлықтың қағидаға айналған үйреншікті түрі емес, айрықша түрі таралған. Ол жергілікті мәжусилік байырғы дін мен отқа, ата-бабалар аруағына, жануарларға – қойға, ат пен түйеге табынушылықпен сіңісіп, бірге өріліп кеткен. Осы дінге байланысты табылған нәрселер: мүрдені оссуарийлерге – қыш жәшіктерге, хумдарға салып жерлеу, өлікті жер бетіндегі бейіттерге — наустарға қою, сүйекті үйіп жерлеу сияқты болып келеді. Зороастр дініне байланысты көптеген табынудың жосын-жоралғылары Қазақстан қалаларында ислам пайда болғаннан кейін де сақталып қалды. Мысалы, Тектұрмас, т.б. ескерткіштерден бұл көрініс анық байқалады.

Дегенмен Қазақстанда бел алған ислам бірте-бірте христиан дінін де, будда дінін де, зороастр дінін де, жергілікті тәңіріге табынушылықты да ығыстырып, ысырып тастады. Жаңа «хақ» дін Жібек жолының көптеген қалаларында біржолата орнықты.

VIII-IX ғасырлар оқиғаларын баяндайтын деректер Оңтүстік Қазақстан халқының жаппай ислам дініне кіргенін жазады. 840 жылы Нұқ ибн Асад Испиджабты бағындырады. 859 жылы оның інісі Ахмед ибн Асад Шауғарға жорық жасайды. 766 жылдан бастап Жетісуға және Казақстанның оңтүстігіне саяси өктемдігін жүргізген қарлұқтар мұсылман мәдениетінің ықпалына өзгелерден гөрі бұрынырақ түседі. Олар исламды тіпті Махди халифтың (775-785) кезінде қабылдады деген де пікір бар. Алайда бұл пікір олардың белгілі бір бөлігі жөнінде ғана болса керек, өйткені 853 жылы Исмаил ибн-Ахмад Таразды алғанда «оның басты шіркеуін мешітке айналдырады».

X ғасырдың бас кезінде Қарахандар әулетінің негізін салушы Сатұқ исламды қабылдайды, ал оның ұлы Бограхан Харун б. Мұса 960 жылы исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Жаңа дін біртіндеп көшпелілер арасына да тарайды. XI-XIII ғасырларда ислам дінінің қыпшақтар арасына таралғаны жөнінде де мәліметтер бар.

IX ғасыр мен XIII ғасыр бас кезі аралығындағы ескерткіштерге археологиялық қазбалар жүргізген кездері сол аймақта мұсылмандардың калалық мәдениетінің құрылып, қалыптаса бастағанын байқалады. Тараз бен Меркеде христиан шіркеулері мешіттерге айналдырылады. Исламды ұстанатын халық саны көбейген сайын қалаларда үлкен мешіттер салына бастайды. Сөйтіп, осы кездерден бастап Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағында ислам мәдениеті таралды. Мұны ортағасырлық қалалардан аршылған мешіттер мен медреселердің орындары да айғақтайды.

Исламды тарату заманы кезінде Орта Азия мен Қазақстан қалаларында пайда болған құрылыстар қатарына қоғамдық моншалар да жатады. IX-X ғасырлардың екінші жартысында өлікті жер қазып қабірге қою, шикі кірпіштен мола жасап қою ғұрпы өзгертіліп, мәйіттің басы құбылаға қаратылып қойылатын болады. Қабірге әртүрлі заттар қойылмайтын болады. Мұсылмандардың ең ертедегі қорымы Отырар көгалды аймағында IX-X ғасырларға пайда болған, ал Борана қаласындағы мұсылмандық қорым X ғасырға жатады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет