Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәртіптік жарғысы



жүктеу 0.6 Mb.
бет1/4
Дата01.07.2016
өлшемі0.6 Mb.
  1   2   3   4
Қазақстан Республикасы Президентінің

2007 жылғы 5 шілдедегі

№ 364 Жарлығымен

бекітілген



Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының
тәртіптік жарғысы

(2014.04.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)



Мазмұны

1-тарау. Жалпы ережелер

2-тарау. Көтермелеулер

Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қолданылатын көтермелеулер

Командирлердің (бастықтардың) оларға бағынысты мерзімді әскери қызметтің

әскери қызметшілеріне көтермелеулер қолдану жөніндегі құқықтары

Көтермелеулерді қолдану тәртібі

Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) қолданылатын жазалар

Командирлердің (бастықтардың) оларға бағынысты мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне жазалар қолдану құқықтары

Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге қолданылатын жазалар

Командирлердің (бастықтардың) оларға бағынысты келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге тәртіптік жазалар қолдану құқықтары

Қызметтік тексеру жүргізу тәртібі

Тәртіптік комиссия құру және жұмысының тәртібі

Жаза қолдану туралы шешім қабылдау тәртібі

Ерекше жағдайларда жазалар қолдану

Жазаларды жариялау тәртібі

Жазаны алу

4-тарау. Көтермелеулерді және жазаларды есепке алу

5-тарау. Әскери қызметшілердің оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту кезіндегі құқықтарының кепілдіктері

Әскери қызметшілердің өтініштерін қарау және шешу тәртібі

1-қосымша Қызметтік карточка

2-қосымша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің үлгі лауазымдары



бойынша тәртіптік құқықтардың салыстырмалы кестесі

3-қосымша Әскери бөлімнің (кеменің) Құрмет кітабы

4-қосымша Тәртіптік комиссия туралы үлгі ереже

Осы Жарғы әскери тәртіптің түсінігі мен мәнін, әскери қызметшілердің оны сақтау жөніндегі міндеттерін, көтермелеу, тәртіптік теріс қылықтар мен тәртіптік жазалар түрлерін, командирлердің (бастықтардың) оларды қолдану жөніндегі құқықтарын, қызметтік тексеру жүргізу, тәртіптік комиссиялардың жұмыс тәртібін, әскери қызметшілерді әскери тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту тәртібін, ұсыныстар, арыздар мен шағымдар беру және оларды қарау тәртібін айқындайды.

Жарғының күші Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының (бұдан әрі - Қарулы Күштер) әскери қызметшілеріне, сондай-ақ әскери жиындар өткізілген кезеңде оларға шақырылған әскери міндеттілерге қолданылады.

Әскери қызметшілер өздерінің әскери атақтарына, қызметтік жағдайына және сіңірген еңбегіне қарамастан, осы Жарғының талаптарын қатаң басшылыққа алуы тиіс.

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Әскери тәртіп дегеніміз - әскери қызметшілердің заңдармен, жалпы әскери жарғылармен, басқа да нормативтік құқықтық актілермен және командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарымен белгіленген ережелерді қатаң және нақты сақтауы.

2. Әскери тәртіп әскерлердің жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ететін басты шарттардың бірі болып табылады.

Әскери тәртіп әрбір әскери қызметшінің өз әскери борышын және өз Отаны - Қазақстан Республикасын қорғауға деген жеке жауапкершілігін сезінуіне, өз халқына шексіз адалдығына негізделеді.

3. Командирлер (бастықтар) заңнаманың, жалпыәскери жарғылардың, жоғары тұрған әскери басқару органдарының командирлері (бастықтары) бұйрықтарының талаптарын қатаң басшылыққа ала отырып, әскери бөлімдерде, кемелерде және бөлімшелерде әскери тәртіпті күнделікті ұстауға міндетті.

4. Әскери тәртіп әрбір әскери қызметшіні:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға;

2) әскери анттың, жалпыәскери жарғылардың, командирлер (бастықтар) бұйрықтарының талаптарын нақты орындауға;

3) әскери қызметтің қиындықтарынан табандылықпен өтуге;

4) қырағы болуға, мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға;

5) командирлерге (бастықтарға) және бір-біріне құрмет көрсетуге, әскери сәлемдесу мен әскери сыпайылылық ережелерін сақтауға;

6) әділ болуға, әскери істі адал зерделеуге және сеніп тапсырылған қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, әскери мүлікті сақтауға;

7) өзін абыроймен ұстауға, өзі лайықсыз қылық жасамауға және басқалардың оны жасауына жол бермеуге, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға жәрдемдесуге міндеттейді.

5. Әскери тәртіпке:

1) әскери қызметшілерді патриоттық, әскери, адамгершілік және рухани тәрбиелеумен, оларда жоғары моральдық-психологиялық және жауынгерлік қасиеттерді және командирлерге (бастықтарға) саналы бағынуды қалыптастырумен;

2) әрбір әскери қызметшінің өз міндеттерін және заңнама мен жалпыәскери жарғылардың талаптарын орындауға жеке жауапкершілігімен;

3) әскери бөлімде (бөлімшеде) жарғылық тәртіпті ұстаумен, әскери қызметшілердің күн тәртібін және қызмет уақытының регламентін қатаң сақтауымен;

4) жауынгерлік даярлықты нақты ұйымдастырумен және онымен жеке құрамды толық қамтуымен;

5) командирлердің (бастықтардың) жеке үлгі көрсетуімен және бағынысындағыларға әскери қызмет міндеттерін олардың тиісті орындауы үшін күнделікті талап қоюымен, олардың орындаушылығын ұдайы бақылаумен, әскери қызметшілердің құқықтары мен жеке қасиеттерін құрметтеумен, оларға үнемі қамқорлық жасаумен, көтермелеу, сендіру, мәжбүрлеу және ұжымның қоғамдық ықпал ету шараларын шебер үйлестірумен және дұрыс қолданумен;

6) әскери бөлімде (бөлімшеде) әскери қызмет өткеру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайлар, қажетті материалдық-тұрмыстық және өзге де жағдайлар жасаумен қол жеткізіледі.

6. Тәртіптік жауапкершілік - әскери қызметшілердің, олар әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жауапты болатын жауапкершілік түрі.

7. Әскери қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі - теріс қылық) - әскери қызметшілердің оларға жүктелген міндеттерді құқыққа қарсы, кінәлі орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, әскери тәртіпті, қызметтік этика ережелерін бұзуы, тәртіптік түрде жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты жасауы, сондай-ақ заңдармен белгіленген әскери қызмет өткеруге байланысты шектеулерді сақтамауы.

8. Тәртіптік жаза (бұдан әрі - жаза) - әскери қызметшілер жасаған теріс қылықтар үшін осы Жарғыға сәйкес осындай құқығы бар командирдің (бастықтың) билігімен оларға қолданылатын тәртіптік жауапкершілік шарасы.

9. Тәртіптік комиссия - қызметтік тексеру материалдарын қарау және әскери қызметшінің тәртіптік теріс қылығына қатысты фактілерді зерттеу үшін, оны жасаудың мән-жайын жан-жақты, толық және объективті белгілеу мақсатында әскери бөлімде, мемлекеттік мекемеде (бұдан әрі - әскери бөлім) құрылатын тұрақты әрекеттегі алқалық консультативтік-кеңестік орган.

10. Көтермелеу - әскери қызметшіні тәрбиелеудің және әскери тәртіпті нығайтудың маңызды құралы болып табылатын оның қызметтік іс-қимылын оң бағалау.

11. Қызметтік карточка - әскери қызметшінің көтермелеулері мен жазалары туралы мәліметтерді көздейтін белгіленген нысандағы қатаң есептілік құжаты (1-қосымша).

Қызметтік карточка әскери бөлімнің штабында тіркеледі және әскери қызметшіні ауыстырған кезде жеке ісімен бірге жаңа қызмет орнына жіберіледі.

12. Қызметтік тексеру - оқиғаның, теріс қылық жасаудың мән-жайын немесе өтініште көрсетілген фактілерді жан-жақты, толық және объективті зерттеу.

13. Әскери қызметшілерді тәртіптілікке тәрбиелеудің негізгі әдісі сендіру әдісі болып табылады.

14. Әскери бөлімдегі (бөлімшедегі) әскери тәртіптің жай-күйіне командир (бастық), оның орынбасарлары және жалпыәскери жарғыларға сәйкес міндеттер мен тәртіптік құқықтар берілген басқа да лауазымды адамдар жауап береді. Олар бағынысындағылардан оның сақталуын талап етуге, лайықтыларды көтермелеуге, бұзушыларды қатаң, бірақ адал жазалауға міндетті.

Жарғылық тәртіпті және заңнама, жалпыәскери жарғылар, командирлер (бастықтар) бұйрықтарының талаптарын сақтауға қажетті жағдайлармен қамтамасыз етпеген, әскери тәртіпті бұзудың және қылмыстардың алдын алу бойынша шаралар қабылдамаған, оларды жасыруға жол берген командир (бастық) ол үшін осы Жарғыда және заңнамада белгіленген жауаптылықта болады.

15. Әскери бөлімде (бөлімшеде) әскери тәртіпті ұстау мақсатында командир (бастық):

1) бағынысындағылардың жеке қасиеттерін зерделеуге, олардың арасында достықты нығайтуға, әскери қызметшілер арасындағы жалпыәскери жарғыларда айқындалған өзара қарым-қатынас ережелерін қолдауға, әскери ұжымды шоғырландыруға;

2) жеке құрамның моральдық-психологиялық қасиеттерін білуге, бағынысындағы командирлердің (бастықтардың) талаптарды, әскери тәртіпті нығайту міндеттері мен тәсілдерін бірыңғай түсінуіне қол жеткізуге, жеке құрамның жоғары моральдық-психологиялық жай-күйін қамтамасыз ету жөніндегі олардың қызметіне басшылық жасауға, бағынысындағыларды тәртіптік практиканы дұрыс қолдануға үйретуге;

3) құқықтық насихатты ұйымдастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізуге;

4) әскери қызмет өткеру ережелерінің анықталған бұзушылықтарын дереу жоюға шаралар қабылдауға;

5) бағынысындағы, соның ішінде қызметтен тыс уақытта және демалыстарда болатын әскери қызметшілердің әскери тәртіпті сақтауын қамтамасыз ететін барлық шараларды қабылдауға;

6) бағынысындағыларды заңнама, әскери ант, жалпыәскери жарғылар, командирлердің (бастықтардың) бұйрықтары талаптарын мүлтіксіз орындау рухында тәрбиелеуге, оларда ар-намыс сезімін, әскери борышын үлгілі орындауға талпынысты дамытуға және қолдауға;

7) әскери бөлімде (бөлімшеде) әскери тәртіпті, әсіресе әскери қызметшілер арасындағы жарғылық өзара қарым-қатынас ережелерін бұзушыларға және әлеуметтік әділетсіздік фактілеріне төзбеушілікпен қарауды қалыптастыруға;

8) бағынысындағыларды, олардың жеке басын және ар-намысын құрметтеуге, бағынысындағыларға дөрекілік көрсетуге және оларды кемсітуге жол бермеуге, олар үшін заңнаманы, жалпыәскери жарғылар мен бұйрықтарды қатаң сақтаудың тұрақты үлгісі болуға;

9) бағынысындағылардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуы туралы қамқорлық жасауға, олардың мұқтаждары мен сұраныстарын білуге, олардың қанағаттандырылуына қол жеткізуге;

10) жоғары тұрған командирге (бастыққа) әскери тәртіптің жай-күйі және жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі туралы уақтылы және объективті баяндауға;

11) құқық қорғау органдарына әскери бөлімде (бөлімшеде) жасалған қылмыстар мен оқиғалар туралы дереу ақпарат беруге міндетті.

16. Командирдің (бастықтың) әскери тәртіпті нығайту мен ұстау жөніндегі іс-қимылын бағалаудың негізгі өлшемдері:

1) бөлімдегі (бөлімшедегі) әскери тәртіптің жай-күйі, теріс қылықтардың, оқиғалар мен қылмыстардың саны мен сипаты, жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі;

2) командирлердің, олардың орынбасарларының, офицерлер мен сержанттардың (старшиналардың) жеке үлгі көрсетуі, олардың заңнама нормаларын, жалпыәскери жарғылардың талаптарын сақтауы;

3) белсенді құқықтық насихат ұйымдастыру мен жүргізу, бөлімнің басшылық құрамының, бөлімше командирлерінің тәрбие жұмыстарын жүргізуіне қатысу, жұмыстың озық тәжірибесін жүргізу және енгізу;

4) заңнама нормаларын, жалпыәскери жарғылардың талаптарын сақтау;

5) құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жұмыстың жай-күйі;

6) жауынгерлік әзірліктің және қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдың жай-күйі, жауынгерлік даярлық процесін ұйымдастыру, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық даярлық жоспарларын орындау сапасы.

17. Әскери қызметшілердің әскери бөлімнің орналасқан жерінен тысқары қызметтен тыс уақытта жасаған және қызметтік іс-қимылымен немесе әскери қызметтің мүдделерімен байланысты емес қылмыстары мен теріс қылықтары үшін командир (бастық) тәртіптік жауаптылықта болмайды.

18. Әрбір әскери қызметші командирге (бастыққа) әскери бөлімде (бөлімшеде) тәртіп орнатуға және әскери тәртіпті ұстауға жәрдемдесуге міндетті. Командирге (бастыққа) жәрдемдесуден бас тартқаны үшін әскери қызметші жауаптылықта болады.

19. Командирдің (бастықтың) бұйрық беру құқығы және бағынысындағының командирге (бастыққа) мүлтіксіз бағыну міндеті дара басшылықтың негізгі принциптері болып табылады.

Әскери қызметші ашық түрде бағынбаған немесе қарсылық көрсеткен, ол теріс қылық жасаған жағдайларда, сондай-ақ әскери қызметшіні дереу уақытша оқшаулауды талап ететін жағдайлар кезінде командир (бастық) реттілік пен тәртіпті қалпына келтіру үшін оны ұстауға және уақытша ұсталғандар үй-жайына кіргізуге және жауапкершілікке тартуға дейін заңнамамен көзделген барлық мәжбүрлеу шараларын қолдануға міндетті. Бұл ретте қару тек жауынгерлік жағдайда ғана, ал бейбіт уақыт жағдайларында - заңнамаға сәйкес ерекше жағдайларда қолданылуы мүмкін.

20. Командирлердің (бастықтардың) тәртіптік құқықтары атқарып отырған лауазымына немесе атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген әскери атағына сәйкес айқындалады (2-қосымша).

Әскери қызметшілерге және әскери міндеттілерге мерзімінен бұрын әскери атақтар беру, сондай-ақ әскери қызметшілерді теріс дәлелдер бойынша әскери қызметтен босату заң негіздері бойынша жүргізіледі және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелеріне (бұдан әрі - Әскери қызмет өткеру ережелері) сәйкес жүзеге асырылады.

21. Осы Жарғыда лауазымдары көрсетілмеген командирлер (бастықтар) оларға бағынысты әскери қызметшілерге қатысты атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген әскери атағына сәйкес тәртіптік құқықтарды:

1) кіші сержант, сержант, екінші сатылы старшина мен бірінші сатылы старшина - бөлімше командирінің билігін;

2) аға сержант және бас старшина - взвод сержантының, взвод командирі орынбасарының (команда старшинасының) билігін;

3) үшінші сыныпты сержант және үшінші сыныпты старшина - рота сержантының, рота старшинасының (боцманның) билігін;

4) екінші сыныпты сержант және екінші сыныпты старшина - батальон сержантының билігін;

5) бірінші сыныпты сержант және бірінші сыныпты старшина - полк, бригада сержантының билігін;

6) штаб-сержант және штаб-старшина - өңірлік қолбасшылық сержантының билігін;

7) шебер-сержант және шебер-старшина - Қарулы Күштер түрі сержантының билігін;

8) лейтенант және аға лейтенант - взвод командирінің билігін;

9) капитан және капитан-лейтенант - рота (4-дәрежелі кеме) командирінің билігін;

10) майор, подполковник, 3-дәрежелі капитан және 2-дәрежелі капитан - батальон (3 және 2-дәрежелі кеме) командирінің билігін;

11) полковник және 1-дәрежелі капитан - полк, бригада (1-дәрежелі кеме) командирінің билігін;

12) генерал-майор және контр-адмирал - өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының билігін;

13) генерал-лейтенант, вице-адмирал - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскер тегі қолбасшысының билігін;

14) генерал-полковник, адмирал - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрі бас қолбасшысының билігін пайдаланады.

Штаттарда екі әскери атақ көзделген лауазымдарды атқаратын командирлер (бастықтар) жоғары әскери атағына сәйкес тәртіптік құқықтарды пайдаланады.

Қызмет бойынша міндеттерді уақытша атқару кезінде командирлер (бастықтар) бұйрықта жарияланған лауазымы бойынша тәртіптік құқықтарды пайдаланады.

22. Бөлімшелер, әскери бөлімдер командирлерінің орынбасарлары, кеме командирлерінің аға көмекшілері, оларға бағынысты адамдарға қатысты олардың тікелей бастықтарына берілген құқықтан бір сатыға төмен тәртіптік билікті пайдаланады.

Кеме командирінің аға көмекшісі мен көмекшісі бар кемелерде соңғысы аға көмекшіге берілген құқықтардан бір саты төмен тәртіптік билікті пайдаланады.

23. Бригада командирінің орынбасарынан бастап және одан төмен офицерлер бөлімшелермен немесе командалармен олардың бастықтары ретінде іссапарда болған кезде, сондай-ақ өз бөлімінің орналасқан орнынан тысқары жерде бөлім командирінің бұйрығында айқындалған дербес міндеттерді атқарған кезде атқарып отырған лауазымынан бір сатыға жоғары тәртіптік билікті пайдаланады.

24. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлерге келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін офицерлер үшін көзделген көтермелеу және жазалау түрлері қолданылады.

25. Офицерлер - курсанттардың (тыңдаушылардың) бөлімшелер командирлері - әскери оқу орындарында өздеріне бағынысты адамдарға қатысты атқарып отырған лауазымы бойынша құқықтардан бір сатыға жоғары тәртіптік билікті пайдаланады.

26. Қарулы Күштер орталық аппараты департаменттерінің, басқармаларының, бас басқармаларының бастықтары өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының тәртіптік құқықтарын пайдаланады.

ҚР Президентінің 2013.15.04. № 541 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2013.06.05. № 561 Жарлығымен (бұр.ред.қара) 27-тармақ жаңа редакцияда

27. Қорғаныс министрлігі Штабтар бастықтары комитеті төрағасының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлері Бас қолбасшысының, Бас әскери прокурордың орынбасарлары өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты әскер тегі қолбасшысының тәртіптік құқықтарын пайдаланады.

ҚР Президентінің 2009.19.05. № 805 Жарлығымен 28-тармақ өзгертілді; ҚР Президентінің 2012.07.05. № 320 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2013.06.05. № 561 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2014.04.05. № 814 Жарлығымен (бұр.ред.қара) 28-тармақ жаңа редакцияда

28. Қорғаныс министрінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының, Төтенше жағдайлар министрінің орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары - Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметінің (Республикалық ұлан) бастығы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры, Ұлттық ұланның Бас Қолбасшысы, Бас әскери прокурор өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты Қарулы Күштер түрі Бас қолбасшысының құқықтарын пайдаланады.

ҚР Президентінің 2009.19.05. № 805 Жарлығымен 29-тармақ өзгертілді; ҚР Президентінің 2012.07.05. № 320 Жарлығымен (бұр.ред.қара); 2014.04.05. № 814 Жарлығымен (бұр.ред.қара) 29-тармақ жаңа редакцияда

29. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі және Қазақстан Республикасының Бас әскери прокуроры өздеріне бағынысты әскери қызметшілерге қатысты осы Жарғыдағы тәртіптік құқықтарды толық көлемде пайдаланады.

30. Азаматтық персонал қатарынан Қарулы Күштердің лауазымды адамдары бағынысындағы әскери қызметшілерге қатысты атқарып отырған лауазымына сәйкес тәртіптік билікті пайдаланады.



2-тарау. Көтермелеулер

31. Көтермелеулер әскери қызметтің міндеттерін адал және ынтамен атқаратын және әскери борышын орындау кезінде ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге қатысты қолданылады.

Әрбір командир (бастық) оған осы Жарғымен берілген құқықтар шегінде бағынысындағыларды жетістіктері, ынта-жігері, қызметтегі ерекшеліктері мен парасатты бастамасы үшін көтермелеуге міндетті.

Командир (бастық) өзіне берілген құқықтарды жеткіліксіз деп санаған жағдайда ол ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді аға командирдің (бастықтың) билігімен көтермелеу туралы өтініш жасауы мүмкін.

32. Ерекше көзге түскен офицерлер жауынгерлік ерліктері және мемлекет алдында сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде атаулы қарумен наградталуы мүмкін.

33. Әскери борышын орындау кезінде көрсеткен ержүректілігі, ерлігі мен батылдығы, бағынысындағы бөлімшелерді, бөлімдерді, әскерлерді үлгілі басқарғаны және мемлекет алдындағы басқа да үздік сіңірген еңбегі, жауынгерлік даярлықтағы жоғары көрсеткіштері, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың жаңа үлгілерін үздік игергені үшін жеке батальон (2-дәрежелі кеме) командирінен бастап және одан жоғары лауазымды адамдар оларға бағынысты әскери қызметшілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсыну туралы өтініш жасауға құқылы.



Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне

қолданылатын көтермелеулер

34. Мерзімді әскери қызметтің сарбаздарына (матростарына), сержанттарына (старшиналарына), әскери оқу орындарының курсанттарына, сондай-ақ әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан Кадет корпусының оқушыларына мынадай көтермелеулер қолданылады:

1) бұрын қолданылған жазаны алып тастау;

2) алғыс жариялау;

3) әскери бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға кезектен тыс сейілдемеге шығуға рұқсат ету;

4) туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын үлгілі орындауы туралы және алған көтермелеулері туралы хабарлау;

5) грамотамен, бағалы сыйлықпен наградтау;

6) әскери қызметшіні әскери бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы (Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке суретімен наградтау;

7) қатардағы жауынгерлерге (матростарға) «ефрейтор» («аға матрос») әскери атағын беру;

8) сержанттарға (старшиналарға) кезекті әскери атағын атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген әскери атақтан бір сатыға жоғары беру;

9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының үздігі кеуде белгісімен наградтау;

10) әскери бөлімнің (кеменің) Құрмет кітабына енгізу (3-қосымша);

11) қысқа мерзімді демалыс беру - демалысты өткізу орнына барып-қайту үшін уақытты есептемегенде 10 тәулікке дейін.

35. Әскери оқу орындарының курсанттарына (оқушыларына) қысқа мерзімді демалыс беру түріндегі көтермелеу қолданылмайды.

36. Әскери оқу орындарында осы Жарғының 34-тармағында аталған көтермелеулерден басқа, сонымен қатар әскери оқу орнын алтын медальмен аяқтаған курсанттардың (оқушылардың) тегін Құрмет тақтасына жазу қолданылады.

Командирлердің (бастықтардың) оларға бағынысты мерзімді әскери қызметтің

әскери қызметшілеріне көтермелеулер қолдану жөніндегі құқықтары

37. Бөлімше командирінің, взвод сержантының (команда старшинасының), взвод командирі орынбасарының (команда старшинасының):

1) өздері бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;

2) алғыс жариялауға құқығы бар.

38. Рота аға технигінің (технигінің), рота старшинасының (боцманның), рота, батальон сержантының (боцманның) (дивизион старшинасының):

1) өздері бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;

2) алғыс жариялауға;

3) әскери бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға кезектен тыс сейілдемеге - бір сейілдемеге шығуға рұқсат етуге құқығы бар.

39. Полк, бригада, өңірлік қолбасшылық, әскер тегі, Қарулы Күштер түрі сержантының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері бас сержантының:

1) өздері бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;

2) алғыс жариялауға;

3) әскери бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға кезектен тыс сейілдемеге - екі сейілдемеге дейін шығуға рұқсат етуге құқығы бар.

40. Взвод командирінің (топ командирінің), рота (4-дәрежелі кеме) командирінің, батальон (3-дәрежелі кеме) командирінің:

1) өздері бұрын қолданған жазаларын алып тастауға;

2) алғыс жариялауға;

3) әскери бөлімнің орналасқан жерінен немесе кемеден жағаға кезектен тыс сейілдемеге:

взвод командирі (топ командирі) - бір сейілдеме; рота (4-дәрежелі кеме) командирі - екі сейілдемеге дейін;

батальон (3-дәрежелі кеме) командирі - үш сейілдемеге дейін босатуға рұқсат етуге құқығы бар.

41. Жеке батальон (2-дәрежелі кеме) командирінің, полк, бригада (1-дәрежелі кеме) командирінің, өңірлік қолбасшылық әскерлері, әскер тегі қолбасшысының, Қарулы Күштер түрі бас қолбасшысының оларға бағынысты мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне қатысты осы Жарғыдағы көтермелеулерді толық көлемде қолдануға құқығы бар.

  1   2   3   4


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет