48. Жаңадан тағайындалған әскери бөлімнің командирі нұсқама немесе үлкен командирдің (бастықтың) бұйрығы негізінде қолбасшылыққа кіріседі. Қолбасшылыққа кірісу туралы әскери бөлімнің командирі бұйрықта жариялайды және үлкен командирге (бастыққа) баяндайды.
Жаңадан тағайындалған әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирін үлкен командир (бастық) әскери бөлімнің (бөлімшенің) жеке құрамына таныстырады.
49. Жаңадан тағайындалған рота (4-дәрежелі корабль) командирінен бастап және одан жоғары әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) командирлері лауазымды қабылдау кезінде кейіннен оларды шешу үшін олардың ұсыныстарын, шағымдарын, өтініштерін анықтау мақсатында әскери бөлімнің (бөлімшенің) әскери қызметшілеріне сауалнама жүргізеді.
50. Командирлер (бастықтар) қызметі бойынша ауысқан, бір ай уақыттан астам мерзімге уакытша кеткен кезде істері мен лауазымын акт жасаумен тапсыруға және қабылдауға міндетті: бригада командирінің істері мен лауазымын қабылдау, тапсыру мерзімі он күнге дейін, полк және жеке батальон (1 және 2-дәрежелі корабль) - жеті күнге дейін, бригада (полк) командирінің қару-жарақ жөніндегі және тыл (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарлары - он бес күннен аспайтын, батальондар мен роталар (3 және 4-дәрежелі корабль) командирлері - бес күннен аспайтын, взвод командирі - үш күннен аспайтын, әскер тектері мен қызметтер бастықтары - он күннен аспайтын болып белгіленеді. Арсенал, база командирінің (бастығының), сондай-ақ басқа да лауазымды адамдардың істері мен лауазымын қабылдау, тапсыру мерзімін үлкен командир (бастық) айқындайды, бірақ бір айдан аспайды.
Үлкен командирдің (бастықтың) тиісті актіні бекітуі істері мен лауазымын қабылдау (тапсыру) аяқталды деп саналады. Актіні белгіленген тәртіппен уақтылы бекітпегені үшін үлкен командир (бастық) жауаптылықта болады.
51. әскери бөлімнің командирі істері мен лауазымын қабылдауды, тапсыруды үлкен командир (бастық) өкілінің қатысуымен жеке өзі жүргізеді.
Одан басқа, істері мен лауазымын қабылдау және тапсыру үшін үлкен командирдің (бастықтың) бұйрығымен комиссия тағайындалады, ол әскери бөлімнің жалпы жай-күйін, жеке Жауынгерлік Тудың, қару-жарақ пен әскери техниканың, оқ-дәрілердің бар болуы мен жай-күйін, оларды есепке алуды, сондай-ақ жеке әскери бөлімнің әскери және қаржы шаруашылығын тексереді және актілер жасайды.
Істері мен лауазымын қабылдау, тапсыру туралы актіде: әскери бөлімнің тізімдік және бар құрамы; жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының, оқу материалдық-техникалық базаның жай-күйі; жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі және әскери тәртіптің жай-күйі; құпия құжаттардың бар болуы көрсетіледі.
Қаруды, қару-жарақ пен әскери техниканы, оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдарды қабылдау, тапсыру туралы актіде: штат бойынша тиесілі, құжаттар бойынша есептегі саны, нақты бар болуы, сапалық және техникалық жай-күйі, күтіп-ұстау және сақтау жағдайлары көрсетіледі.
Әскери және қаржы шаруашылығын қабылдау, тапсыру туралы актіде: ғимараттардың, құрылыстардың пәтер-тұрмыстық жағдайлары, мүкәммал мен жабдықтың бар болуы мен жай-күйі; жанармай және жағармай материалдарының, азық-түліктің, заттай, техникалық мүлік пен ағымдағы жабдықталымдағы және жұмсалмайтын қордағы материалдық құралдардың, ақшалай қаражаттың бар болуы, жай-күйі, жұмсау заңдылығы, есепке алу мен сақтау тәртібі көрсетіледі.
Актілерге қабылдайтын және тапсыратын командирлер, комиссия мүшелері қол қояды және үлкен командирге (бастыққа) бекітуге ұсынылады.
52. Бөлімше командирі істері мен лауазымын қабылдауды, тапсыруды әскери бөлім бойынша бұйрық негізінде жеке өзі жүргізеді.
Бөлімше командирінің істері мен лауазымын қабылдауы үшін бөлімде комиссия тағайындалады.
Істері мен лауазымын қабылдағаны, тапсырғаны туралы бөлімше командирі команда бойынша әскери бөлім командиріне жазбаша баяндайды.
Лауазымды қабылдайтын адам баянатпен бірге бөлімшені қабылдағаны туралы актіні қоса ұсынады, онда: бөлімшенің тізімдік және бар саны; жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының жай-күйі; жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйі және әскери тәртіптің жай-күйі; қару-жарақ пен әскери техниканың, басқа да материалдық құралдардың бар болуы мен жай-күйі; әскери қызметшілердің тұрғын үй және тұрмыстық жағдайларының жай-күйі көрсетіледі.
Актіні комиссия мүшелері, лауазымды қабылдайтын және тапсыратын адамдар жасайды және оған қол қояды, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бөлім командирі бекітеді.
Офицерлер құрамындағы негізгі лауазымды адамдардың міндеттері
әскери база бастығы
53. Әскери база бастығы бағынысты мемлекеттік мекемеге қатысты әскери бөлім командирінің құқықтарын пайдаланады және міндеттерін орындайды, ал гарнизонның әскери бөлімдеріне қатысты гарнизон бастығының құқықтарын пайдаланады және міндеттерін орындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |