Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі туралы ереже Жалпы ережелер



Дата04.07.2016
өлшемі96.5 Kb.
#178117
Байланыс және ақпарат министрлігі туралы ереже
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2010 жылдың « 18 » мамырындағы
№ 427 қаулысымен
бекітілген

 

Қазақстан Республикасы


Байланыс және ақпарат министрлігі туралы
ереже

1. Жалпы ережелер

  1. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі         (бұдан әрі – Министрлік) байланыс саласындағы және ақпараттандыру, ақпарат, мұрағат ісі мен құжаттама салаларындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.

Министрліктің мынадай ведомстволары бар: Ақпарат және мұрағат комитеті, Байланыс және ақпараттандыру комитеті.

  1. Министрлік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

  2. Министрлік мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес қазынашылық органдарда шоттары болады.

  3. Министрлік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

  4. Егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе, Министрліктің мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.                                     

  5. Министрлік өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Министрдің бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

  6. Министрліктің штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі аумақтық органдар мен ведомстволық бағынысты мекемелердің санын ескере отырып бекітеді.

  7. Министрліктің заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8-үй, 14-кіреберіс.

  8. Министрліктің толық атауы: «Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі» мемлекеттік мекемесі.

  9. Осы Ереже Министрліктің құрылтай құжаты болып табылады.

  10. Министрліктің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.                      

  11. Министрлікке кәсіпкерлік субъектілерімен Министрліктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Министрлікке Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Министрліктің негізгі міндеттері мен функциялары

  1. Министрліктің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

1) байланыс саласында мемлекеттік саясатты  әзірлеуге қатысу және іске асыру, байланыс саласындағы қызметтерді ұсынатын немесе оларды пайдаланатын адамдардың қызметін мемлекеттік бақылау, үйлестіру және реттеу;
2) ақпараттандыру және «электрондық үкімет» саласындағы мемлекеттік саясатты  әзірлеуге қатысу және іске асыру және қызметті мемлекеттік реттеу;
3) почта байланысы саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге қатысу және іске асыру, почта операторларының қызметін мемлекеттік бақылау, үйлестіру және реттеу;
4) ақпарат, мұрағат ісі мен құжаттама саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге қатысу және іске асыру және қызметті мемлекеттік реттеу;
5) табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда телекоммуникация мен почта байланысының жалпы қолжетімді қызметтері саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге қатысу және іске асыру әрі мемлекеттік реттеу және бақылау;
6) ақпарат, мұрағат ісі мен құжаттама салаларындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
7) Министрлікке жүктелген өзге де міндеттер.

  1. Министрлік қолданыстағы заңнамаға және өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:  

1) Қазақстан Республикасының байланысын дамыту мен жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және негізгі бағыттары мен басымдықтарын іске асыруды ұйымдастыру;
2) ақпараттандыру саласында және «электрондық үкімет» қалыптастыруда халықаралық ынтымақтастықты дамыту;
3) Қазақстан Республикасының байланыс әкімшілігі ретінде халықаралық байланыс одақтары мен ұйымдарында өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының мүддесін білдіру және қорғау;
4) радиожиілік спектрін пайдалануды жоспарлау;
5) Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес радиожиілікті халықаралық үйлестіру;
6) Қазақстан Республикасының почта әкімшілігі ретінде басқа мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың почта әкімшіліктерімен өзара іс-қимылда өз құзыреті шегінде почта байланысы саласында Қазақстан Республикасының мүддесін білдіру және қорғау;
7) Қазақстан Республикасының почта байланысын дамыту және почта-жинақтау жүйесін қалыптастыру бағдарламасын әзірлеу;
8) байланыс және ақпараттандыру саласында «электрондық үкіметті» қалыптастыру кезінде қызметті салааралық үйлестіру;
9) байланыс саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, бекіту;
10) ақпараттандыру және байланыс саласындағы техникалық регламентті әзірлеу;
11) телекоммуникацияның әмбебап қызметтеріне тарифтерді бекіту;
12) телекоммуникация және почта байланысының жалпыға бірдей қолжетімді қызметі саласындағы табиғи монополиялар аясында және реттелетін нарықтарда реттеу мен бақылау;
13) телекоммуникация және почта байланысы саласында реттелетін нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, қызметтеріне) баєаларды реттеу;
14) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдарының, әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының мұқтаждықтары үшін техникалық құралдарды орналастыруға қажетті байланыс желілері мен арналарын, кәбілдік кәріздердегі арналар мен алаңдарды беру қызметтерінің бағаларын (тарифтерін) реттеу;
15) телекоммуникация және почта байланысы саласындағы нарық субъектілерінің тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) және инфрақұрылымға кемсітпейтін қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында тауар нарықтарына талдау жүргізу;
16) телекоммуникация және почта байланысы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне тарифті (бағаларды, алым ставкаларын) және тарифтік сметаны бекіту;
17) телекоммуникация және почта байланысы саласындағы табиғи монополиялар субъектілері үшін тарифтерді (бағаларды, алым ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейін есептеу әдістемелерін әзірлеу және бекіту;
18) телекоммуникация және почта байланысы саласындағы табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифтерге (бағаларға, алым ставкаларына) уақытша төмендету коэффициентін бекіту;
19) телекоммуникация және почта байланысы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған уақытша өтемдік тарифті бекіту;
20) телекоммуникация желілері мен құралдарының техникалық үйлесімділігін қамтамасыз ететін нормаларды, байланыс қызметтерінің сапа көрсеткіштерін, тарифтеу бірліктері мөлшерлерін бекіту;
21) телекоммуникация және почта байланысы саласындағы табиғи монополиялар субъектілері шикізат, материалдар, отын, энергия шығыстарының техникалық және технологиялық нормаларын бекіту;
22) телекоммуникация және почта байланысы саласындағы табиғи монополия субъектісі персоналының нормативтік санын бекіту;
23) жарғылық капиталына мемлекет және олармен аффилиирленген тұлғалар қатысатын заңды тұлғалар болып табылатын телекоммуникация және почта байланысы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің штат кестесін белгіленген тәртіппен келісу;
24) жарғылық капиталына мемлекет және олармен аффилиирленген тұлғалар қатысатын заңды тұлғалар болып табылатын телекоммуникация және почта байланысы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің әкімшілік персоналының басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің шекті деңгейін белгіленген тәртіппен келісу;
25) телекоммуникация және почта байланысы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің негізгі құралдары құнының өсуіне әкелмейтін ағымдағы және күрделі жөндеу мен басқа да қалпына келтіру-жөндеу жұмыстарына бағытталған шығындардың жылдық сметасын келісу;
26) электрондық қызметтер нарығының жұмыс істеуіне жағдайлар жасау;
27) мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын бағалау әдістемесін әзірлеу және бекіту;
28) электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба мәселелері жөнінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарға практикалық және әдістемелік көмек көрсету;
29) «электрондық үкімет» қалыптастыру және мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық желілерді дамыту, Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігінде олардың үйлесімділігі мен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
30) электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің мемлекеттік тізілімін жүргізуді қамтамасыз ету;
31) куәландырушы орталықтың Үлгі ережесін әзірлеу және бекіту;
32) мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстар және ақпараттық жүйелерді, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалану және олардың өзара әрекет ету ережесін әзірлеу және бекіту;
33) ұлттық электрондық ақпараттық ресурстарды және ұлттық ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық желілерді қалыптастыру және олардың жұмыс істеу тәртібін әзірлеу және бекіту;                   
34) ақпараттандыру саласында ақпараттық жүйелер, инвестициялық жобалар және бағдарламалар аудитін жүргізу тәртібін әзірлеу және бекіту;
35) байланыс саласындағы ұлттық ресурстарды бөлу;
36) байланыс саласындағы ұлттық ресурстар мен лицензиаттардың тізілімін жүргізу;
37) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтінің электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтіне сәйкестігін куәландыру бойынша, сондай-ақ тіркеу куәлігінің сенімділігін растау бойынша  байланыс саласындағы телевизиялық және (немесе) радиохабарларын таратуды ұйымдастыру жөніндегі қызметін лицензиялау;
38) радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсаттар беру;
39) ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесіп, байланыс операторларының байланыс саласындағы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру;
40) Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланымдағы телекоммуникация желісін және телекоммуникацияның бірыңғай желісін құру тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту;
41) пайдалануға және шетелден әкелуге рұқсат берiлген радиоэлектронды құралдардың және жоғары жиiлiктi құрылғылардың тiзбесiн әзiрлеу және бекiту;
42) радиожиілік спектрін пайдалануына тексерулер жүргізуге қатысты құжаттардың үлгілерін (хаттамалар, нұсқамалар, тексеруді тағайындау туралы актілер) әзірлеу және бекіту;
43) бөлінетін жиілік жолағын, радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) техникалық сараптау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
44) радиоэлектронды құралдарды, жоғары жиiлiктi құрылғыларды тiркеу және пайдалану, сондай-ақ шетелден әкелу ережесiн әзiрлеу және бекiту;
45) байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын әзірлеу және бекіту;
46) қорғау аймақтарының және ондағы жұмыс режимінің тәртібін әзірлеу және бекіту;
47) Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланымдағы телекоммуникация желісіне телекоммуникация желілерін қосу және ортақ пайдаланымдағы телекоммуникация желісі бойынша трафикті өткізуді реттеу қағидаларын әзірлеу және бекіту;
48) почталық ақы төлеу белгілерінің мемлекеттік топтамасын қалыптастыру;
49) Ұлттық почта операторының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында почта байланысының өндірістік объектілеріне почталық индекстер беру;
50) почта байланысы қызметтерін ұсыну қағидаларын әзірлеу және бекіту;
51) почта желілерімен жөнелтуге шек қойылған нәрселер мен заттардың  тізбесін   әзірлеу және бекіту;
52) почта жөнелтімдеріндегі почталық штемпельді қолдану тәртібін әзірлеу және бекіту;
53) Ұлттық почта операторы қызметкерлерінің нысанды киім (погонсыз) үлгілерін, оларды кию тәртібін олармен қамтамасыз ету нормаларын әзірлеу және бекіту;
54) франкировальді машиналарды қолдануға рұқсат беру тәртібін, сондай-ақ оларды пайдалану тәртібін әзірлеу және бекіту;
55) радиоэлектронды құралдарды және жоғары жиілікті құрылғыларды тіркеу;     
56) электронды ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді тіркеу;     
57) ақпараттандыру және байланыс, ақпарат, мұрағат ісі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының орындалуын бақылау;
58) депозитарий жүргізуді тексеру;
59) телекоммуникация және почта байланысы саласындағы реттелетін нарық субъектілерінің баға белгілеу тәртібін сақтауын бақылау;
60) телекоммуникация және почта байланысы саласындағы реттелетін нарық субъектілерінің баға белгілеу мониторингін жүзеге асыру;
61) жеке және заңды тұлғалардың радиожиілік спектрін пайдалануын радиобақылау және тексеріс жүргізу;
62) Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасын бұза отырып қолданылатын радиоэлектронды құралдарды және жоғары жиілікті құрылғыларды анықтау және алдын алу;
63) радиоэлектронды құралдардың және жоғары жиілікті құрылғылардың электромагниттік сәйкестігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастыру - техникалық іс-шаралардың орындалуын бақылау;
64) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес телекоммуникация және почта байланысы желілері мен құрылыстары құрылғыларының оларды техникалық пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі техникалық нормалар мен талаптарға сәйкестігін тексеру;
65) депозитке беруді тіркеу, беру, сақтау, оның толықтығын қамтамасыз ету және депозитарийге бағдарламалық өнімдерді, бағдарламалық кодтарды және нормативтік-техникалық құжаттаманы тіркеу, беру және сақтау туралы мәліметтерді ұсыну тәртібін бекіту;
66) ақпарат, мұрағат ісі мен құжаттама саласындағы мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламаларды әзірлеу;
67) ақпарат, мұрағат ісі мен құжаттама саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
68) мұрағат ісі жөніндегі халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасының өкілдік етуін қамтамасыз ету;
69) Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының құрамы мен мазмұны және оны толықтыру көздері туралы деректер жиынтығын (каталогын) жүргізу;
70)  Ұлттық мұрағат қорының құжаттарына орталықтандырылған мемлекеттік есеп жүргізілуін қамтамасыз ету;
71) заңнамада белгіленген тәртіппен ұлттық мұрағат қоры құжаттарын Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге уақытша әкетуге рұқсаттар беру;
72) Ұлттық мұрағат қорын қалыптастыру мен толықтыру көздерінің тиісті атқарушы органдармен келісілген тізімдерін бекіту;
73) сараптау-тексеру комиссиясының қорытындысы негізінде тарихи және өзге де құндылығы жоқ және практикалық маңызын жойған құжаттарды сақтау мерзімі мен жою тәртібін белгілеу;
74) автоматтандырылған мұрағаттық технологияларды әзірлеу мен енгізуді ұйымдастыру, ұлттық мұрағат қорының құжаттары бойынша ақпарат желісі мен дерекқор құру;
75) мұрағаттану, құжат жүргізу және қосалқы тарихи пәндер саласындағы ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік қызметті дамыту, ғылыми-техникалық үдеріс жетістіктерін пайдалану;
76) мемлекеттік мұрағаттар мен басқа да мұрағат мекемелерінің қызметі үшін оңтайлы жағдайлар жасау;
77) басқа мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, басқа мемлекеттердің жеке және заңды тұлғаларының сұратуы бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік мұрағаттарынан шығатын мұрағаттық анықтамалар мен мұрағат құжаттарының көшірмелерін апостильдеуді жүргізу;
78) Ұлттық мұрағат қоры құжаттарының басылып шығарылуын ұйымдастыру, сондай-ақ оларды мемлекеттің, қоғамның, азаматтардың сұрауларын қанағаттандыру үшін пайдалану;
79) Құжаттар көшірмелерінің мемлекеттік сақтандыру қорын қалыптастыру мен қамтамасыз ету;
80) мұрағат ісі, мемлекеттік, ведомстволық, жеке мұрағаттар жөніндегі заңнаманың сақталуын бақылау;
81) мұрағат ісін басқару және жүргізу органдарының қызметіне әдістемелік басшылық жасау және оны үйлестіру;
82) мұрағат ісі мен құжаттамалық қамтамасыз етуде жеке және заңды тұлғалардың қызметін үйлестіру;
83) мұрағаттарды, мұрағат қорларын және коллекцияларды ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызу туралы, сондай-ақ оларды оның құрамынан шығарып тастау туралы шешім қабылдау;
84) орталық және жергілікті атқарушы органдардың бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру;
85) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының бірыңғай тізілімін жүргізу;
86) бұқаралық ақпарат құралдарын есепке қою;
87) телевизия және (немесе) радио хабарларын тарату үшін радиожиілік номиналдарын бөлу жөнінде ашық конкурстар ұйымдастыру және өткізу;
88) Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру;
89) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тјртіппен республикалық деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыстарды қалыптастыру, орналастыру;
90) Ұлттық мұрағат қорының жеке меншіктегі құжаттарын сақтау мен пайдалану жөніндегі шарттарға қол қою;
91) Үкіметтің шешімдері бойынша ұлттық мұрағат қорының мемлекеттік меншіктегі құжаттарын тұрақты сақтауға басқа мемлекеттерге беру;
92) шет елдердегі Қазақстан Республикасының тарихы жөніндегі мұрағат құжаттарын жинау мен елге қайтаруды жүргізу;
93) лицензиаттың лицензияда көрсетілген шарттарды сақтауын бақылау;
94) Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын, оның ішінде электронды құжаттарды толықтырудың, сақтаудың, есепке алудың, пайдаланудың бірыңғай қағидалары мен нормаларын бекіту;
95) іс жүргізу мәселелеріне салааралық ұйымдастырушылық-әдістемелік басшылық жасау және іс жүргізудің жай-күйін, республикалық меншіктегі құжаттардың ведомстволық сақталуын бақылау;
96) Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасаудың және құжаттаманы басқарудың үлгілік қағидаларын бекіту;
97) мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметінде жасалатын үлгілік құжаттардың тізбесін сақтау мерзімдерін көрсете отырып бекіту;
98) тарихи және (немесе) мәдени құндылығы бар жазбаларды сақтау тәртібін анықтау;
99) Журналистерді аккредиттеу қағидаларын бекіту;
100) Радио хабарларын тарату құқығын алуға конкурстар өткізу қағидаларын бекіту;
101) Орталық сараптау-тексеру комиссиясын құру және ол туралы қағиданы бекіту;
102) автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;
103) ақпараттық кеңістікке мұрағат ісі салаларында көрсетілетін қызметтерге талдау жүргізу;
104) республикалық меншіктегі тарих және мәдениет деректі ескерткіштерін қорғауды, оларды сақтау мен пайдалануды қамтамасыз ету;
105) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құжаттарды ведомстволық сақтауды ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу;
106) «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлеу және бекіту.

  1. Министрліктің өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру және өзінің функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен:

1) өз құзыреті шегінде орындау үшін міндетті нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға;
2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпарат пен материалдарды заңнамада белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
3) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

 

3. Министрлiктің қызметiн ұйымдастыру



  1. Министрді Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Министрдің орынбасарлары (вице-министрлері) болады. Министрдің ұсынымы бойынша вице-министрлерді қызметке тағайындауды және қызметтен босатуды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі жүзеге асырады.

  2. Министр Министрлікке басшылық жасайды және оған жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады.

  3. Министр:

1) өз орынбасарларының міндеттерін айқындайды;
2) заңнамаға сәйкес еңбек қатынастары мәселелері оның құзыретіне жатқызылған Министрлік жүйесінің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және  босатады;
3) заңнамада белгіленген тәртіппен Министрлік қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды өзінің құзыретіне жатқызылған еңбек қатынастары мәселелерін шешеді;
4) Министрліктің бұйрықтарына қол қояды;
5) барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Министрлікті білдіреді;
6) Министрліктің жұмыс регламентін бекітеді;
7) Министрліктің ведомстволары туралы ережені бекітеді
8) Министрліктегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау үшін дербес жауапты болады.

  1. Министрліктің аппаратына басшылықты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы жүзеге асырады.

  2. Үкіметтің, министрдің орнынан түсуі жауапты хатшының өкілеттіктерінің тоқтауына әкеп соқпайды.

  3. Жауапты хатшы өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Президентіне, Премьер-Министрге, Министрге есеп береді.

  4. Жауапты хатшы:

1) Министр қалыптастыратын мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді оның актілері мен тапсырмаларын орындайды;
2) Министрліктің аппаратына басшылық жасауды жүзеге асырады, оның құрылымдық бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді;
3) Министрліктің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастыру-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
4) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Министрліктің штат санының лимиті шегінде Министрмен келіскеннен кейін Министрліктің, ведомстволардың, сондай-ақ аумақтық органдардың құрылымы мен штат санын бекітеді;
5) Министрмен келіскеннен кейін Министрліктің құрылымдық бөлімшелері және оның аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
6)      Министрліктің тәртіптік, аттестаттау және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын, кадр қызметінің жұмысын және құжат айналымын ұйымдастыруды бақылайды;
7) Министрліктің қызметін қамтамасыз ету және оған жүктелген міндеттерді орындау мақсатында мемлекеттік сатып алуды өткізуді ұйымдастырады;
8) Министрмен келіскеннен кейін Министрліктің департаменттері мен басқармаларының басшыларын, органның аумақтық бөлімшелерінің басшыларын және басшыларының орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
9) Министрмен ведомствоның басшылары тағайындау үшін ұсынатын ведомство басшыларының орынбасарларын тағайындауды келіседі;
10) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрліктің қызметкерлерін қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады;
11) Министрмен келісім бойынша Министрліктің қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
12) Министрмен келісім бойынша еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Министрлік қызметкерлерінің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
13) Министрліктің Республика Президенті, Республика Үкіметі және Министр бекітетін стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
14) Министрліктің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және оның қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлеуді қамтамасыз етеді және Министрге бекітуге ұсынады;
15) Министрліктің бюджеттік өтінімін дайындауды, бюджеттік өтінімді Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізетін Министрге ұсынуды, сондай-ақ бюджет үдерісінің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді;
16) Министрмен келіскеннен кейін Министрлікті қаржыландыру жоспарын және Министрліктің қаржылық есептілігін әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз етеді;
17) мемлекеттік қызметтер көрсету регламенттері мен стандарттарын әзірлеуді ұйымдастырады;
18) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;
19) Министрлікке келісуге түскен нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастырады;
20) өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қатынастарда Министрліктің атынан өкілдік етеді;
21) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Республика Президентінің актілерімен жауапты хатшыға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

  1. Өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін жауапты хатшы:

1) Министрлік аппаратының қызметкерлеріне орындауға міндетті тапсырмалар беруге;
2) өзге де мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан жауапты хатшының құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешу үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға және алуға;
3) жеке қолданылатын құқықтық актілер қабылдауға құқылы.

  1. Министрліктің консультативтік-кеңесші орган болып табылатын алқасы болады. Алқаның сандық және дербес құрамын Министр Министрліктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының қатарынан бекітеді.

  2. Министрлік қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері, лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері, оның қызметін қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелердің құзыреті мен өкілеттіктері Министрліктің жұмыс регламентімен және құрылымдық бөлімшелер туралы ережелермен белгіленеді.

 

4. Министрліктің мүлкі

  1. Министрліктің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болады.
    Министрліктің мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен қалыптастырылады, сондай-ақ құны Министрліктің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.

  2. Министрлікке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

  3. Министрліктің өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша бөлінген қаражат есебінен алынған мүлікті, егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, өз бетімен иеліктен шығаруға немесе өзге де тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

 

5. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату

    1. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет