Сұрақтар мен тапсырмалар
1.А.Байтұрсынов өмір сүрген дәуірдегі тарихи жағдайды баяндаңыздар. Ақынның қазақ балалар әдебиетіндегі орнына нақты деректерге назар аудара отырып баға беріңіздер.
2.И.А.Крылов мысалдарын қазақшаға аударған ақын-жазушылар. А.Байтұрсынов мысалдары ерекшеліктеріне тоқталыңыздар. А.Байтұрсынов, 3.С.Дөнентаев, С.Көбеев мысалдарын өзара салыстырыңыздар.
Оқуға ұсынылатын кітаптар
1.А.Байтұрсынов. Ақ жол. - Алматы: Жалын, 1991.
2.Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 2- кітап. – Павлодар: Арман, 2004.
ТАРАУ. МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ
«Қирағат» кітабы (1924). Кітапқа Наурыз(1911), «Мектепке» (1911), «Мектептен» (1911) өлеңдері енгізілген. Жалпы «Қирағат» кітабы 1911, 1914, 1916, 1923, 1924 жылдары жарық көрген. Балалар әдебиеті саласында әжептәуір еңбек еткен М.Дулатовтың өлеңдері мен әңгімелерінен Ыбырай мен Абай салған арна-дәстүрлердің анық көрінісі бар. «Наурыз» (Жаңа жыл) 13 шумақтан тұрады. 7 буындық өлшеммен жазылған. Ақын жаңа жыл сипатын береді. Табиғат суреті салған жерден ел тірлігімен ұштастырылады.
Аспанда күннің нүры,
Мақпалдай жердің түрі.
Қуаныш мал мен жанда,
Қыс шыққан өлмей тірі.
Ойнаған анау бала
Көкорай жалын дала.
Егіндік егін еккен
Ұзамай болар жаңа.
Наурыз ерекшелігін М.Дулатов өзінің «Қош келдің, Наурыз!» мақаласында былай жалғастырады: « ... бұл Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып күлісіп, жанның бәр дүнияға жаңа келгендей мәз-мейрам болса керек. Мұның бұл айда бұ күнгі күнді жыл сайын осында қуанышпен қарсы алып, ойнап-күліп өткізу үшін қазақ елі ерінбей еңбек сіңіріп, мезгілін өткізбей егін егіп, пішен шауып, күн ілгері қамынды же. Сонда ғана былтырғы, бұрнағы жылдардай қан жыламай алдағы наурыздарды да шын мейрам, шын шаттықпен өткізесің». Буын өлшемінің өзгешелігі болмаса, Абайдың «Жазғытұрым», «Жаз» өлеңдерін еске салады.
Бай, жарлы келген күйі,
Ойын-той ауыл, үй
Қой сойып, қонақ асы
Мырзалық еткен сыйы.
Ат шауып, тай жарысқан,
Таласып бәйгі алысқан
Көтерем арық-тұрық,
Жаз шығып жайланысқан.
Сұлу жүр сылаңдаған
Күлімдеп қылаңдаған.
Ерініп бір басуға,
Жас талда бұраңдаған.
«Мектепке» (1911) және «Мектептен» (1911) өлеңдерінде мезгіл құбылысы оқушы бала тірлігімен астаса берілген. Мезгіл болғанда қыс мезгілі. Әдетте, мектепке, оқуға шақыру күзбен байланыстырылса керек еді.
Ашық күнде жарқырап,
Жаңа жауған жатыр қар.
Домбықтырып беттерін
Адамдардың тұр ызғар.
Мұнда автор қыстың ажарлы бір келбетін суреттеуден қытымыр кескінін хабарлауға жедел ойысқан. Мұның себебі өлеңнің философиялық астарында жатқан сияқты.
Жатырсыңдар неге ұйықтап?
Күн шығып қалды, балалар.
Таңертеңгі аязбен
Мектебіңе жөнел бар.
«Оян, қазақтың» авторы бұл жерде де «ұйқыдан ояту» идеясына адал. Символика айқын: жаңа жауған қар - өмірдің әдемілігі, ызғар - тіршілікте болмай қоймайтын қиьшдық. Шыққан күн - мезгіл, сәт, уақыт. Әр адамның шешуші қадам жасар кезі. Таңертеңгі аяз - сол «ызғар» ұғымында: қиыншылық, бөгет деген сөз. Кедергі-бөгетке қарамай, алға ұмтыл, уақытыңды сәтімен пайдалан деген ойды ұғамыз. «Мектептен» өлеңіндегі (1911) сабақтан қайтқан балаларға ықылас үлкен. Тіпті үй алдындағы Майлыаяқ та «құйрығын былғап еркелеп, қылды ықылас шындықтан». Оқу - еңбек түрі. Соңғы шумақ «Еңбек түбі - бейнет, бейнет түбі - зейнет» немесе «еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» даналығының салмағын көтеріп тұрғандай әсер береді:
Күліп шулап, кірсе үйге,
Самауыр тұр бу шыққан.
Тойып алып тамаққа,
Балалар жатып тыныққан.
Екі өлеңді («Мектепке» және «Мектептен») бір-бірімен байланыстырып тұрған - ақынның балаларды оқуға шақыру идеясы. М.Дулатовтың алғашқы өлеңінде Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық!» дегеніндегі сыпайылық емес, «тезірек қимылдамасаң, несібеңнен қағыласың» дегенді аңғартатын жанашыр қамқорлық бар, «мектебіңе жөнел бар» түріндегі өктемдік бар. Абай ықпалы қыс келбетін суреттеуі мен идея біртектестігінен көрінеді.
Мектептен қайтып балалар
Қызарып беті суықтан.
Абайдың өнер-білім, ғылым тақырыбындағы өлеңдерінің дидактикалық сипатымен, уағыздық қасиетімен ерекшеленетінін, жыл мезгілдеріне арналган өлеңдері мезгіл құбылысын дәл, өз қалпында суреттеуімен өзгеше екендігін білеміз. Демек, Міржақып Абай шығармаларының уағыздық қадір-қасиетінен гөрі өмір құбылысын дәл беру қасиетін ерекше қалап алған тәрізді. 1924 жылы Орынборда шыққан «Қирағат» кітабындағы шағын әңгімелері «Жаз», «Жазғы кеш», «Шілде», «Күз», «Қыс», «Қоян», «Қасқыр қысты қалай өткізеді?», «Бұғы», «Піл», «Кит», «Үй жануарлары», «Бөрік», «Күлкі сөз», «Оқу», «Нұрым мен Дүйсен», «Оқымысты бала», «Шалдың үш баласы», «Жастық», «Күлмеңіздер кәріге», «Қонақ кәде», «Ешкімге жауыздық жасама», «Байлық» деп аталады. «Ай-құлақ» (балалар ойыны), «Дүмпілдек» (қырғыздың ойыны), «Марламқаш» (балалар ойыны), «Денсаулық жайынан» «Оқу құралы» (Қирағат) жинағынан алынған. М.Дулатов жыл мезгілдерін қара сөзбен суреттейді. «Жаз», «Шілде», «Күз», «Қыс» суреттемелері бала ұғымына лайықталып жазылған. Ақынның «Жазы» көктем мезгілін бейнелейді. «Наурыз» өлеңіндегі ел тұрмысы айна-қатесіз ұсынылады: «Су өзеннің жиегімен асып, жағаларын қар кешіп, күн жылынып болған соң, шөп шығып, трлі түсті гүдер шешек атады. Егіншілер соқа-сайманын түзеп, жер жыртуға шығады. Тоғай да жапырақтарын жамылып, жаңа келген сайрағыш құстардың үнімен көңілді болып кетеді. Қыстан қысылып шыққан мал жүнін тастап, бие құлындап, қой қоздап, қара жерді сағынып қалған жануарлар баласа тұрмай, далаға қашады. ...Балалар ойынға шығып, жүгіріп, жыл құстары тегіс келіп, жұмыртқа салған». Абайдың «Жаздыкүн шілде болғанда» өлеңін мазмұны жағынан жартылай қайталайтын суреттеме «Шілде» деп аталады. Жартылай дейтініміз, жаз қызығын баяндау көшпелі елдің өміріне біртіндеп еніп келе жатқан жаңалық нышанын танытуға ауысады. «Осы кезде қазақ бұрынғыдай алысқа көшпейді. Бұрын жердің еркін шағында жүз елу, екі жүз шақырым жерлерге жайлап кетеді екен. Үлкендер сол күндерін осы күні қатты сағынып сөз қылысады. Шөп шабатын мезгіл де жетті. Боз балалар жайлаудың қызығын қия алмай ерініп әрең шығады. Қазақ шөпті бел орақпен шабады. Машина жаңа тарап келеді. Оқудағы балалар да жаздай қымыз ішіп тынығып, енді сабаққа баратын күндерін санап жүр». Сүреңсіз көрініс күз, қыс мезгілдеріне тән болатын болса, Міржақып әңгімелерінде осындай құбылыстың болу себебі егжей-тегжей баяндалады. Ел мінезі де көрінеді. «Жаз күні көп байлағаны есіне түсіп, қымызшыл шалдар арық құлынын жаңа аяп отыр» («Күз», 193). Түз хайуанына қыс мезгілінің жайсыздығы баян етіледі. «Орман қарайған, ішінде құстарды көре алмайсың, қоян күндіз жасырынып, түнде ғана жүгіріп жас ағаштарды кеміріп жүр» («Қыс», 194). «Қыс» суреттемесінде оқуға баратын бала жайы тағы да назарға алынады: «Сабаққа мезгілімен жүретін баланың да ертеңгі аяз есінен көпке дейін шығатын емес» (194). Суреттеме соңындағы «Қыс қысыл, жаз жазыл» түйіндемесі - мезгіл сипатын айқын танытатын қорытынды. Танымдық мақсатта жазылған шағын әңгімесінің бірі - «Жазғы кеш». Ойын қызығына түсіп кештің қалай батқанын байқамай енді үйлеріне жүгіріп келе жатқан баланың көзімен суреттелген құбылыс. Түп қурайдың тұсынан мұнарланған көктің жиегін өртке ұқсатады. Онысы туып келе жатқан ай болып шығады. Жер ошақ басындағы сүт пісіріп отырған әжесі - жазғы кеш көрінісін толықтырып тұрған бейне. М.Дулатовтың қоян, қасқыр, бұғы, піл, кит тәрізді түз хайуандарының түр-сипат, тірлігін сипаттайтын әңгімелері бар. Олардың адамға тигізетін пайда-залалы қатар көрсетіледі. Бұғы еті мен сүтінің, терісінің, қыл-аяғы қанының пайдасын, жексе, көлік болатынын, пілдің де адамға көп қызмет қылатынын, киттің майына бола ауланатындығын баяндайды. «Кит» әңгімесін «Тілінің үлкендігі алты қанат үйдің орнынан үлкен болмаса, кіші шықпас, қазақтың «жандыда балық үлкен, жансызда қамыс үлкен» деп жүргені осы кит болса керек» деп түйіндейді.
«Бұғы», «Піл», «Кит» әңгімелері сипаттау түрінде келсе, «Қоян», «Қасқыр қысты қалай өткізеді?» әңгімелері аталған хайуандардың бір күндік тірлігін суреттейді. «Қоян» әңгімесінде адам тұрмыс-тіршілігін байқататын эпизодтар баршылық. Ел мінезі де көрінеді. «Екі қазақ қатарласып, біреуіне екіншісі қалайша былтыр бір атын ұрлатқанын сөйлеп келе жатыр еді. Жүк өтіп кетті, қоян орғып, жолдан өтіп, қырманға қарай жөнелді. Жолда ескі таныстарынан екі қоянга кез келіп, олармен біраз ойнап жүрді де әрі кетті». Түнгі жолаушының қырағы көзі шалған құбылыс дерсің. Осы қырағы көз бидай мен сұлы дәнін жеп түн жартысын ойынмен өткізген қояндар тірлігін бақылаумен болады. Бір сәт бір үйден шыққан баланың жылаған дауысына елеңдейді. Таң ата ел өмірі қайта жанданады. «Қатындар суға жөнеліп, еркектер жұмыстарына қарап, балалар да жылап шулай бастады. Жүкшілер жолға шығып қалған екен». Ал қоян ше? «Біздің қоян қайтадан жүгіріп ініне келіп, екі құлағын арқасына салып, екі көзін бадырайтып ашқан қалпыменен ұйықтап қалды». Міржақыптың аталмыш әңгімелерінің осындай танымдық сипатымен қоса тәлім-тәрбиелік мәні де қоса- қабат жүреді. «Қасқыр қысты қалай өткізеді?» әңгімесі қазақтың алқам-салқам мінезін тұспалдайды. «Жалғыз-ақ сорлы қасқырдың басына қыс күні бар бәле орнаған, мұның бір ғана үміті - бекітусіз қора, күзетсіз жылқы». Әңгімнің
«Малға абай бол, ит-құстан сақ бол» дегенді аңғартатыны анық, сергектікке, сақтыққа үйретері хақ. «Үй хайуандары» әңгімесінде жылқы, түйе, сиыр, қой, ешкі, ит, мысық, тауықтың адамға қызметі баяндалады. «Олардың қызметі үшін адам асырайды, бағады, қысты күні аяздан тоңбайтын жылы қора жасайды, ұры, бөріден сақтау үшін бақташы қояды». Жазушының бала мінезіне, іс-әрекет, сөзіне құрылған шағын әңгімелері - «Бөрік», «Күлкі сөз», «Оқу», «Нұрмаш пен Дүйсен». Әкесінің бөркін киіп «үлкен кісі болдым» деп ойлаған Нұрмаш әрекеті күлкі туғызады. «Сөйткенмен бөрік олай ойламады. Үлкен кісі болған Нұрмаштың көңіліне қарамастан, дәл мұрнына түсті». Автор юморы айқын. «Күлкі сөз» әңгімесі диалогқа құрылған. Қазіргі «Бала тілі - бал» айдарымен берілетін әңгімелерді еске түсіреді.
Әй, Қасым! Неге аузыңды томпайтасың?
Күпімді күйдіріп алдым.
Неге жамап алмайсың?
Инем жоқ,
Тесігі үлкен бе?
Жағасынан басқа түгі қалған жоқ.
«Нұрмаш пен Дүйсен» әңгімесі жұмбақ-сауал түрінде келеді. «Сен біздің үйге бала бол, сонда сіздің үйдің де, біздің үйдің де кісілері бірдей болады» дейді Дүйсен. Нұрмаштың үйінде неше кісі, Дүйсеннің үйінде неше кісі деген сауал қояды автор. Әңгіменің балаға есеп үйрету қызметі бар. «Оқу» әңгімесінде сегіз жастағы Жүністің оқуға ынтазарлығы айтылады. Ақырында Жүніс оқу, жазу, есеп үйренеді. «Бір оқығанға екі оқымағанды береді» деген мақалмен өз тұжырымын жасайды автор. «Оқымысты бала», «Шалдың үш баласы», «Күлмеңіздер кәріге», «Қонақ кәде», «Ешкімге жауыздық қылма», «Байлық» аңыз-әңгіме, ертегілері халық аузынан алынған. «Оқымысты бала» әңгімесінде қалада оқитын бала жазғытұры ауылына келеді. Әкесінің «қолыңа тырнауыш алып, шөп жинауға жәрдемдес» дегеніне бала «мен әр түрлі ғылымдар оқып қайттым, қара қазақтың сөздерін ұмыттым, тырнауыш деген не нәрсе?» -дейді. Далада жатқан тырнауышты басып қалып, сабы маңдайына тиеді. «Тырнауышты аяқ астына тастаған қандай ақымақ екен» - деп ашуланады. «Жан тұрмысы өркендеу үшін жас балаға ертегі тым қымбат. Бала ертегіні жан-тәнімен тыңдайды. Жандандырып, суреттеп алып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтылғанмен бірдей. Егер сен балаға өтірігінен қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпа керек екендігін сонда ұғады. Қысқасы, балаға ертегі тым қымбат нәрсе» (М.Жұмабаев). «Шалдың үш баласы» ертегісінде
«мен өлгенде қалай көмесің?» деген ауқатты әке сұрағына кенже баласы «сенің өлуің біледі, менің көмуім біледі» деп жауап береді. «Жібекке орап, ақ жуып, арулап қоямыз, шақырылмаған ел қалдырмай ас береміз, үстіңе күмбезден мола салдырамыз, басыңа атыңды жаздыры, көк тас қойғызамыз» - деген үлкен ұлдары ашаршылық жылы аштан өледі. Ауырып қайтыс болған әкесін кенжесі үстіндегі шекпеніне орап, жерошаққа көмеді. «Күлмеңіздер кәріге», «Қонақ кәде» әңгімелеріндегі кәрі кісіні келемеж қылған балаларын бір ауыз сөзбен тыйған әке, қатықсыз қара көже беріп қонақ кәде дәметкен әйел аптығын бір шумақ өлеңмен басқан адам - қарапайым халық ортасынан шыққан өкілдер. «Ешкімге жауыздық қылма» әңгімесінде бір кезде өзін таспен атып қуған байды тіленші мүсәпір халде кездестіреді. «Әттеген-ай, бүл тасты бекер сақтап жүрген екенмін, мұнан бай әлі күшті күнінде мен бұдан қорқушы едім, мұны күндеуші едім, енді қазір мұндай нашар халін көріп көңіліме аяушылық түсті» - деп байға аяушылық танытады. «Байлық» әңгімесінің идеясы - барға қанағат етушілік. Ұстазы шәкіртін «сенің денің сау, қол-аяғың аман, жұмысқа жарарлықсың. Қалайша енді осынша байлыққа ие бола тұрып, жарлымын дейсің?» - деп жазғырады.
Достарыңызбен бөлісу: |