ІІ тарау. Қазақ ойшылдарының шығармашылығындағы
тарихи үдерістің зерделенуі
орындарының дәрісханалары мен кітапханаларының төрінен орын
алды. Шығармалары оқулықтар мен оқулықтарға енгізілді.
Тәуелсіз Қазақстанда дулатитану ғылымын өркендетуге отаны-
мызға танымал шығыстанушы-ғалым, бұрынғы бас муфти Әбсаттар
қажы Дербісәлінің ерен еңбек сіңіргенін ерекше атап өтуге болады.
Бұл кісі Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен оның қалдырған
мұрасын асқан ыждаhаттылықпен зерттеді. Үндістанға, Кашмирге
арнайы ғылыми сапармен барып, ұлы бабамыздың жатқан қабірін
тапты және ол туралы алғаш рет өмірбаяндық-библиографиялық
анықтамалық жазды. М.Х. Дулати қоғамдық қоры құрылып, осы
қордың ұйымдастыруымен, «Тарих-и Рашидиді» 1996 жылғы
Тәшкентте шыққан орыс тілді толық басылыммен салыстыра
отырып, парсы тілінен тікелей қазақ тіліне аудару қолға алынды.
Бұл шара 2003 жылы аяқталып, жақсыдан қалған осы жәдігер –
Алматы қаласындағы «Тұран» баспасынан басылып шықты. Парсы
тілінен Ислам Жеменей тәржімәлап, оның ғылыми редакциясына Ә.
Дербісәлі, Ә. Байбатша, Б. Кәрібаев, М. Қазыбек сияқты зерттеуші-
ғалымдар атсалысты. Осылайша көптен күткен игілікті іс жүзеге
асып, ұмыт қалған ата мұра ұрпақтарымен қайта қауышты.
«Тарих-и Рашиди» Кашмирде жазылды және ол екі дәптерден
тұрады да оның екінші дәптері біріншісінен бұрын жазылды: біріншісі
1546 жылы, ал екіншісі 1542 жылы аяқталды. Бұл шығарманың түрік
тілінде көптеген аудармалары болды, ағылшын тіліндегі тәржімәсі
де жарияланды. Орыс және қазақ тіліндегі аудармалары таяуда ғана
іске асырылды, бірақ орыс тіліндегі аудармалары үзінді түрінде көп
мәрте қолданылды.
«Тарих-и Рашидиді» жазу барысында жергілікті халық арасында
кеңінен таралған ауызекі әңгіме, аңыздар кеңінен қолданылған.
Сонымен қатар, Мырза Хайдар өз шығармасында өзі пайдаланған
бірнеше еңбектердің атауын келтіреді: Мір Ғияс ад-Дин Мәнсүрдің
«Джам-и гити-нумай», Жақұттың «Та’риф-и булдан», Фазылаллах
Рашид ад-Диннің «Джами ат-тауарих», Хамдаллах-мустауфи
Казвинидің «Та’рих-и гузида», Әбд ар-раззақ Самарқандидің
«Та’рих-и манзум», Ұлықбектің «Улус арба’а», Қазіреті Мәулана
Мұхаммед Қазидің «Силсилат ал-арифин», Захир ад-Дин Бабырдың
мемуарлары мен «Мубайин» және тағы басқа еңбектер. Дулатидің
аталмыш еңбегінде Ата Мәлік Джувейнидің «Та’рих-и джахан-
кушай» еңбегі мен Шараф ад-Дин Әлі Иездидің «Зафар-наме»
еңбегінен көлемді көшірмелер кездеседі.
«Тарих-и Рашиди» ең алдымен тарихи дерек ретінде аса құнды.
Бұл еңбек сол кездері қазіргі Қазақстан территориясының оңтүстігі
|