Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы



Pdf көрінісі
бет80/126
Дата01.11.2023
өлшемі2.92 Mb.
#482164
түріБағдарламасы
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   126
4100d37a29d9cd8e6f0c6385f1c84be9

Қиссадағы кемел, әкім бейнесі. «Қисса Жүсіпте» Платонның, әл-
Фарабидің, Ж.Баласағұнидің тұтас идеал ел жүйесі жалғасын тапты. 
Орхон ескерткіштерінде де ел қамын ойлап, «күндіз отырмайтын, түнде 
ұйықтамайтын, қызыл қанын ағызып, қара терін төгетін» кемел көсемдер 
бейнесі жасалған болатын.
Түрік әдебиетінде Баласағұни: басшысы – әділ, ақылды, мейірбан; 
уәзірі – ақылман, елмен қарым-қатынасты жетік білетін; хас хажабы 
– (сарай министрі) сырты сұлу, жібі түзу, жаны бай; қазаншысы – 
арамдыққа жол бермейтін мемлекет жүйесін жасады. Онда көршімен 
қарым-қатынас, жар таңдау, ұл-қыз тәрбиесі – бәрі-бәрі айтылады. «Ай 
маңдайлы ұл-қыз туса алдында, өсір, бөтен жерде қалдырма».
Баласағұнидің ел басқарған бекке қояр талабынан мінез билеушісі 
бейнесі көрінеді: 
1. Бек: көрікті болсын – жауы күйінсін,
Орта бойлы болсын – көзің сүйінсін (20836)
2. Шарап, ішпе, басыңа зинақорлық қылмағын,
Құтың қашар, басыңа мұң шырмалып (2091).
3. Кішпейіл, болсын жарқын мінезі,
Кішілерді кешіре алсын бір өзі (2022)
4. Ел халқына лайық ойдың теңізі,
Ел сүйінер шындық болсын лебізі (21246)
5. Бір – елге әділ заңды қаратқын,
Екінші – әскер, ерге күміс таратқын (2133)
6. Жаны жұмсақ, сақилығы жарасып,
Мейіріммен жүрсе жұртқа қарасып (2073)
7. Болсын бектің сөзі берік, ісі анық,
Халық сенсін! Халық сенсе – күш алып! (2038)
8. Болу керек бек жігерлі, бек сергек,
Салғырт болса – оған қалай ел сенбек! (2014)
9. Ұят – қасиет, нұр құяды өңіне,
Ол сүйрейді ізгіліктің өзіне (2009)
10. Болу керек бек білікті, ақылды,
Емде ақылмен ауру шалмас басыңды (1969), – дей келіп:
Осындай бек – болар халық көсемі,
Ұрпағы өссе – даңқы өседі, – деп түйіндейді.


302
Біздің ойымызша, Баласағұни осы кітабын жазғанда, бұрынғы Білге 
мен Тоныкөк, Күлтегіндерді біліп, солардың жырдағы тұлғасына қарап, 
оны елестете отырып жазған болса керек. Ақын оларды: «Өтүкен бектері» 
деп атаған. Осы атау әдемі де сәтті табылып айтылған секілді, бүгін де 
белгілі түрік көсемдерін «Өтүкен бектері» десе, орынды-ақ болар еді 
деген ойдамыз. 
Орхон ескерткіштерінде «автор соғыс жүргізіп барып қаратып алған, 
өзге елмен шектесетін мекеннен ертедегі түркілер әуелде орда көтерген 
мекенде – «түріктің ыдұқ (қасиетті) жер-суын» бөліп айтады. Ол – Орхон 
өзені, Өтүкен тауы, Алтай мен Жоңғар (Сол қар – сол қол). Ол – Алатау 
сілемдері, Іле бойы. Автор сол «ыдұқ жер-суда» түркі халқын қозғалмай, 
отыруға үгіттейді. Түркі ордасының бөлініп, жерді тастап, қаша көшуге, 
әсіресе, Хуанхэ өзеніне, Ордосқа қарай баруына қарсы. Ол: «Сен көшпе, 
ол жерге барсаң, түркі халқы, құрып бітесің. Өтүкен жерінде отырып, 
алым үшін керуен жіберіп тұрсаң, дүниең көп, қайғың жоқ болады. 
Өтүкенде отырсаң, мәңгілік бірлігің бұзылмайды», – дейді (Өмірәлиев 
Қ., 1985-45). Олай болса осы сөздерді айтып отырған, оны тасқа қашап 
жазып кеткен ҮІІІ ғасыр түріктерінің көсемін «Өтүкен бектері» деуі 
көңілге қонымды көрінеді. Баласағұни былай дейді:
Не дегенін тыңда, Өтүкен бегін де,
Есті сөзбен ер атанған тегінде:
Шыншыл, сара басшы керек халыққа,
Халық үшін түсіп шығар тамұққа.
Халыққа жақ, көңілі – тоқ, көзі – тоқ,
Ойы терең, тілі майда, сөзі – шоқ...
Жасай алар ізгілік пен ірілік,
Заң, ұятты сақтай білер жүгініп (1962-1965).
Өтүкен – түрік жұртының қасиетті мекені, ежелгі шаңырақтың шамын 
жағып, түтінін түтеткен, сүттей ұйып, тіршілік еткен жер ретінде жазба 
әдебиетте қалған.
Түрік жұрты елінің бүтіндігі үшін жан беріп, жан алған Алып – Ер 
Тұңға бекті де қадірлей еске алып, оған арналған жоқтау жырында ел 
бегінің кемел бейнесін жасайды. Ол Фирдоусиде – Афрасияб, Авестада 
– Франграсиан, бауырының аты – Агрерата. Яғни зороастр діні шыққан 
заманның өзінде мифке айналып үлгерген бейне (б.д.д. ХҮ ғ.).
Осының өзі Афрасиябтың жиынтық бейне екенінің дәлелі болса керек. 
Зерттеуші, жазушы Т.Жұртбаев та осы пікірді айтыпты. Ар Афрасиябты 


303
«Ишпақай немесе оның немересі – Мәди патша», – деген ұсынысын 
ғалым өз дәлелдерімен толықтыра түсер (Жұртаев Т., 1994-94).
Алып – Ер Тұңға патшаның «Жоқтау жырындағы» бейнесінен мынаны 
көреміз:
1. Аяулы ер: Түрік көсемінің өліміне елдің қабырғасы қайысып, 
«жүрегі жыртылып, қайғы солдырып», әйелдердің меңді жүзі сарғайды».
2. Бектердің бегі: «Бектердің бергін алып кетті,
Қашса, қалай құтылар».
3. Атқан оғы дәл тиіп межені күйретер күшті ер:
«Оғын атса дәл кезеп,
Кім тоқтатар көлбеу кеп.
Тауды атса көздей кеп,
Шың шатқалы қақырар».
4. Білімді батыр: «Білімді батыр жүнжіді,
Замана аты жаншыды».
5. Ізгі: «Ізгілер тәнді жидіді,
Жерге тиіп сүртілер».
(Өмірәлиев Қ., 1985).
Баласағұни жасаған бектердің, Өтүкен бектерінің, Алып – Ер Тұңға 
бектің де кемел бейнелері ХІІІ-ХІҮ ғасыр әдебиетінде жалғасын 
тапқан. Сәйф Сараидың «Гүлстан би-т-түркиіндегі» Әмір Тейхасбегі, 
Хорезмидің «Махаббат намасындағы» Қожабегі – кемел патша бейнесі 
желісіне қызмет етеді.
Сәйф Сараидің Әмір Тейхасбегінің сипаты төмендегідей: 
Ол – мейірім бұлағы, қайырымдылық – қанында,
Ізгі аты – дәйім ел аузында.
Дін, дүние, атақ-даңқ – бәрі өзінде.
Білімнің бұлағы, тамаша жан.
«Гүлстанның» сәні – Тейхасбек (Ежелгі дәуірдегі... 1991-269).
«Тейхасбек төрелік айтса, қара қылқы қақ жарады. Хатымтайдай 
мырза, сөзі – жауһар, арыстан жүректі ер» (Сонда).
Әділ патша бейнесін «Қабуснамада» (1082-1083), өзінің ұлы 
Гиланшаһқа арнап, пайғамбар жасына келгенд Кейқауыс дана да жазған. 
Ақыл-кеңестері түгелімен Баласағұни мен Әли ойларына үндеседі:
«Ей, перзентім, егер падиша болсаң, өзіңді жаман істерден аулақ 
ұстай білгін... Жан дүниең таза болсын. Әрдайым шыншыл болып, кем 
сөйлеп, аз күлгін... Әрдайым кешірімді болуға әрекеттен, Құдайдың 
пенделеріне рақымды бол. Ал рақымсыздарға рақымсыз болу артық 
емес... Алты нәрсені әрдайым есіңнен шығарма. Олар: сестілік, 
әділеттілік, қайырымдылық, мейірімділік пен мәдениеттілік, шындық», 
– дейді (Қабуснаме. 192-145).


304
ХІІІ ғасырдағы түрік әдебиетінде осы дәстүрді жалғастырушы Әли 
«Қисса Жүсіпте» негізгі кейіпкер Жүсіп бейнесі арқылы, «әділ не қадірлі 
патша қандай болуы керек?», – деген сұраққа жауап іздейді. Сөйтіп, 
мінсіз патшаның тұлғасын жасап шығады.
Жүсіп – сұлулық нышанына айналған кейіпкер. Өйткені, Таурат-
Інжіл, Құрандағы Жүсіптің бірінші қасиеті – сұлулығы болатын (Иосиф 
Прекрасный). Бірақ, Жүсіп пайғамбар бала күнінде өзін айнадан көріп, 
таң қалғандығы үшін, мақтанға салынғандығы үшін, Алла Тағала 
жазалайды. Оны кейін ағалары Мысырға құл қылып сатып жібергенде, 
Жәбірейіл періште былай дейді:
Иа, Иүсүф, сен көзге бақтыңмеді,
Көзгуде көркүң көрүп ұқтұңмеді,
Бен сатылұр құл олсам дедіңмеді,
Бенім баһам кім еткүрүр дедің емді.
Аудармасы:
Иә, Жүсіп, сен айнаға қарамап па ең,
Айнадан көркің көріп таңбанбап па ең?
«Мен сатылар құл болсам, – демеп пе едің?
Менің бағама кім жетер!» – демеп пе едің?
Сөйтіп, «бағама кім жетер!», – деп мақтанған Жүсіптің түкке тұрғысыз 
болып сатылғандығын келтіреді. Патша болған кісіге мақтаншақтық 
жараспайтынын қиссадан екі рет ескертеді. Екіншісінде, Құддыс бегі 
Жүсіптің жүзін көріп, ол келе жатқан керуенге құрмет көрсетеді, тіпті 
оны сатып алып, иеленген Мысыр көпесінен тартып та алмақшы болады. 
Сонда Жүсіптің жүзін бір көрген 12 мың әскер түгел есі ауып, құлап 
қалады. Жүсіпке:
«Беңа беңзар һеч кімсана иоқдүр емді».
«Маған тең келер ешкім жоқ енді», – деген мақтаныш көңіліне кіреді. 
Бұл жерін Жүсіпбек Шайхұсламұлы былай суреттейді:
Он екі мың кісі еді келген шауып,
Бірі қалмай құлады есі ауып.
Керуен күштеп жөнелді аман-есен,
Дұшпаннан кетті алысқа қылмай қауіп.
Олардың басы айналып, естен танды,
Керуен халқы бұл іске қайран қалды.
«Мендей көрікті жаһанда жан бар ма!», – деп,
Жүсіп тағы бұл істі көңіліне алды.
(Ғашық... 1976-388).


305
Алла Тағала Жүсіпті онда да тәубасына келтіреді. Керуен тағы бір 
жерге барғанда, Жүсіпке ешкім қарамай қояды. Сөйтсе, ол қаланың 
адамдары Жүсіптен де сұлу екен. Оның себебін түсінген Жүсіп, Алла 
Тағаланың ісіне шүкірлік қылады. Осы екі мысал арқылы Әли патшаға 
мақтансүйгіштіктің керек емес екендігін ұқтырады.
Жүсіп сұлулығы Зылиханың сөзімен де беріледі. Бұл үрдіс «Махаббат 
намада» да бар. Онда қыз сұлулығы жігіт аузымен сипаттау арқылы 
беріледі. Осындай ұқсастық «Махаббат нама» мен «Қисса Жүсіптің» 
суреттеу тәсілдері мен тілінде де бар екенін кездесіп қалып отырады. 
«Қисса Жүсіпте»: 
Айдыр, айа Иүсүф, сенің сөзің датлу,
Ұсанымдан дыңламаға не рахатлу.
Иүзүң ләтәйф, құлажың хүб марұтлу,
Ешітсем рахатым артар емді.
Уәсәлің діләрам жан рахатым,
Жамалың құйал кебі, ғишқың қатты.
Суретің ғажаб, тарафа лұғазын йетті,
Ханжар кебі жанымдын кечәр емді.
Аудармасы:
Айтшы, ай, Жүсіп, сенің сөзің тәтті,
Шаршамай тыңдай берсем, қандай рахат!
Жүзің жұмсақ, лебізің сүйкімді,
Естіген сайын рахаттана беремін.
Кездесуді күткен кезім – жан рахаты,
Жамалың күн сияқты, ғашықтық қатты.
Суретің ғажап, шартарапқа тілің жетті,
Қанжар сынды жанымды алар енді.
ХІІІ ғасырда жазылған осы суреттеуді өз нұсқасынан оқығанда, 
шығыстың поэтикалық жүйесі аңғарылып тұрса да, құлағымыз үйренген 
қазақ өлеңінің әуенін естігендей боламыз. Әлидегі Зылиханың Жүсіпке 
айтқан бұл сөздерін Ж.Шайхұсламұлы айна-қатесіз қайталайды, бірақ өз 
заманының оқырманына лайықтап жазады:
- Ай, Жүсіп, жүзің нұрлы, сөзің – шырын,
Бұл күнде ішкен асым – у мен ірің.
Сен сөйлесең, көңілімнен сабырым кетер,
Сөзімнің тыңдамайсыз бір де бірін.
Менің сізден тілегім – жан нәубеті,
Нұр жүзіңнің ыстығы ішіме өтті.
Қанжардай тілді бауырымды нұрлы жүзің,


306
Суретің, ғажап түрің, лебізің тәтті.
Пиала сипатындай қастарыңыз,
Тіс – меруерт, қызыққандай достарыңыз.
Өз қолыммен өруге лайық дүр,
Жұпар, сүмбіл секілді шаштарыңыз.
Біз сілтеменің ұзақ болып кетпеуін ескеріп, Әлидің де, Жүсіпбектің 
де қиссаларынан осы үзіндіні қысқартып беріп отырмыз. Ал түгел 
салыстырып қарағанымызда, суреттеу атрибуттары мен нышандарының 
түгелге жуық сәйкес келетініне көзіміз жетті.
Әли қиссасында Жүсіптің кейпіне қыпшақ атрибуты қосылады. 
Яғни, жігіттің шашын тарап-өру. Зылиха оның шашын тарап, 12 өрім 
қылып өреді (Рабғузиде – 40 өрім). Бірақ, кейінгі ақындар бұл жерін 
қабылдамаған секілді, өйткені, уақыт өте келе, бұл салттың өз де қалған. 
Мысалы, Жүсіпбекке «шашын тарау» дерегі сақталғанымен, толық 
көрсетілмейді:
Өз қолымен Жүсіптің шашын тарар,
Інжу-маржан, меруертпен байлап, орар.
Күннен күнге артады ғашық оты,
Көрген сайын қалмайды сабыр-қарар
(Ғашық наме. 1976-403).
Қиссада Жүсіптің сұлулығы да мынадай бір-екі тұстардан 
толықтырылады:
Бірінші, Жүсіптің ағалары алдына келіп (бірақ Жүсіпті танымайды), 
бір інісі болғандықтан, оны жас кезінде қасқыр жеп қойғандығын, оны 
әкесінің бәрінен артық көргендігін айтқанда, Жүсіп әдейі: «Ол қалай, 
пайғамбар жұрттың бәріне бірдей болмай ма?», – дейді. Ағалары:
«Сәуар һәм сен оны һазар жандан,
Сен көрмәдің уәсфін нете қалам емді».
Аудармасы:
«Сүйер едің сен де оны жаннан артық,
Көрген болсаң оның жүзін қаламменен сызғандай», – 
деп, Жүсіп сұлулығын әсерлей түседі.
Екінші, Мысыр әйелдерінің Жүсіпті көргенде, сәбіз кесемін деп, 
өз қолдарын кесіп алуы Жүсіп көркіне психологиялық әсерлік беріп, 
сендіре түсу қызметін атқарады.
Қолдарын қызыл қан ғып турап отыр,
Ғашық дертке қатындар, улап отыр.


307
Ісі жоқ қолыменен қатындардың,
Қолдарынан қандары ағып отыр.
***
Жүсіпті көрген қатын таң боп кетті,
Адасып ақылынан қаңғып кетті.
Тамақ ішіп-ішпегені есінде жоқ,
Үсті-басы шиедей қан боп кетті.
Түрік қиссаларында (Әли, Жүсіпбек) Зылиханың Жүсіпке 
ғашықтығын айтып, «еліттіру» желісі сыпайылық межеден аспай 
жырланады. Ал, парсы нұсқаларында (Табари, Ансари, Жәми) Зылиха 
Жүсіптің екі рет еркектік намысына тиген соң, шидай алмай Зылихаға 
берілмекші болады (Хисамов Н.Ш., 1979-52). Әлиде: Зылиха Жүсіптің 
қолынан ұстаған кезде, ол күлімсірейді де, Алладан хабар келген соң, 
бұрылып кете барады. Ал, Ж.Шайхұсламұлына Зылиханың Жүсіптің 
қолынан ұстауы айтылмайды, бірақ, Жүсіп нәби Алладан дауыс келген 
соң, қатты қорқады:
Ғайыптан Жүсіп садық үн есітті,
Жаман істен қолыңды тартқын депті.
Ол аятты есітіп, қатты қорқып,
Онан соң Жүсіп нәби сабыр етті
(Ғашық наме. 1976-409).
Жүсіптің бұл арадағы іс-әрекетін бір адамның басындағы махаббат 
және Алланың парызы деген екіұдай сезімнен туған деп түсінуге болады. 
Өйткені, Жүсіптің Зылиханы жек көруі туралы әңгіме жоқ. Ол тек 
Алланың берген пайғамбарлығына адал болуды ойлайды. Бұл желі Әлиде 
махаббаттан гөрі Аллаға адалдығын баса көрсетуінен байқалады. Жалпы, 
Жүсіп мифтерінің еуропалық нұсқаларында: «Иосиф Прекрасный» 
болса, мұсылман мифтері «Жүсіп Сыддық» (сенімді) деген эпитет қосып 
айтады.
Жүсіпбек кемел патша бейнесін Жүсіпті Мысырға сатуға әкелген 
Мәлік Дуғарға айтқызады:
Әуелі, орта бойлы, гауһар көзді,
Екінші, өз сұлу көркем жүзді.
Үшінші, жетпіс екі тілді білер,
Сөйлесе, балдан тәтті, жұмсақ жүзді.
Төртінші шапағатты, инабатты,
Бесінші адал жүрек, бек айбатты.


308
Алтыншы, қырық кісінің жігері бар,
Бір өзі қырық кісіден һәм қайратты.
Жетінші, діні таза, диянатты,
Сегізінші, залым емес, ойлар хақты.
Тоғызыншы, пайғамбардың нәсілінен,
Оныншы, мінезі артық, шапағатты.
Бұл жерде Жүсіпбектің дастан қаһарманына он қасиет беруі 
мынаған байланысты болса керек: 10 – мифтік санын қасиеттеп айту 
дәстүрін ұстанған (Дүние жеті тұтастықтан тұрады және үш әлем, 
оған тағы жер беті, жұмақ, тозақ қосылады. Жеті тұтастықтың төртеуі 
– төрт тарап),.
Жүсіп Баласағұни де Хас Хажыпқа он түрлі қасиет береді:
Хажыптыққа он қасиет табылсын,
Ажарымен, ақылымен танылсын (2487).
Осы он түрлі қасиеттің алғашқыларының бірі – көрікті болу: 
«Болу керек өңді, күндей оянған». Баласағұни жасаған кемел ел 
басқарушысының бұдан да басқа да жақсы қасиеттері: ақыл, білім, 
діндарлық, тектілік, кең пейілді, құлқы түзу (парақорлыққа қарама-қарсы 
ұғым ретінде беріледі А.Қ.), сондай-ақ, ұяты бар, арлы, үні күшті, сөзі 
мәнді, ойлы орман (Баласағұни Ж., 1986-252-255).
Көптеген туындыгерлер Жүсіптің қайратты, күштілігіне мән береді. 
Табари «Тәфсірінде» Жүсіп керуеннен ибн Иәмин атты інісін алып 
қалу үшін соғысады. Фирдоусиде: пілдей күркіреп, орнынан тұрған 
кезде айналасындағылар қалтырап қоя береді. Ал, Дүрбек қиссасында 
ағаларымен, әуелі, Жүсіптің ұлы Мишам жекпе-жекке шығады. Иаһуда 
мен Шамғұнды жеңген соң: «Әкем менен күшті!», – дейді. Ағалары 
Жүсіптің ұсынысымен, далада жатқан ауыр тасты көтеріп көріп, орнынан 
қозғалта алмайды, ал Жүсіп аяғымен түртіп қалғанда, тас қаңбақ құрлы 
болмай, шырқай ұшып, аспанға бір-ақ жетеді. Ғалымдар бұл бөлігі түрік 
фольклорынан енгендігін атап көрсетеді.
Ал, Әли мен Жүсіпбек қиссаларында патшаның аса күштілігі 
бірінші орында емес. Жоғарыда суреттелген он қасиеттің ең негізгілері: 
«сұлу, жетпіс екі тілді біледі, жұмсақ жүзді, мейір-шапағатты». Әлиде: 
«шафағатлы, марұтлы». Жүсіптің жетпіс екі тілді білуі сандық нышанға 
(числовая символика) байланысты. 
Жүсіптің тағы бір қасиеті әкесімен жақсы қарым-қатынасы арқылы 
көрінеді. Жақыптың Жүсіпті жақсы көру себебі қиссаларда баяндалып 
жатпайды, оның төркіні Жақып жайындағы мифтерде сақталған.
Жүсіптің ағалары Лия мен оның күңі және Рахилдің күңінен туған


309
болатын (Рахил – Жүсіптің анасы). Сол себептен Жақыптың Жүсіпті 
жақсы көруі өзінен-өзі белгілі болып есептелініп, қиссада дәлелденіп 
жатпайды. Ілгеріде айтып өткніміздей, Рахил Жақыптың ең сүйікті жары 
болған. Бұл жердегі әңгіме өзегі Жүсіпке байланысты өрбиді.
Жақыпқа балалары «Жүсіпті қасқыр жеп қойды», – деп, көйлегін 
қанға бояп әкелгенде, сол қасқырды куәлікке шақырады. Ол өзі жоғалған 
бөлтірігін іздеп шыққан екен. Бұл тұста ежелгі мифтер бойынша алынған 
бөрі – бір тайпа ел бейнесі болуы мүмкін (бөрі төтемі). Көйлекті қанға 
бояп көрсету желісі «Қорқыт ата кітабында» да бар. Банушешектің ағасы 
Қаршар Бамсының көйлегін қанға бояп, Байындыр ханға әкеледі:
- Ей, бұл не көйлек? – деді.
- Сұлтаным, бұл – Бәйректің көйлегі, Қара Дербендте өлтірген, – деді.
Көйлекті көрген бектер бұған нанып, өкіре-өкіре жыласып, айғай-шу, 
азан-қазан болды (Қорқыт... 1995-58).
Жақыптың баласына деген махаббаты шексіз. Құлдыққа сатылып 
кеткен Жүсіптің хабарын самал желден сұрайды:
Ақырын аскіл сабах йел етерсің,
Сен хақиқат Иүсүфмден иіс дұтарсың.
Жарахатым үлгірімге сен йетарсың,
Сен өсәлі бен мафрұх олдым емді.
Аудармасы: 
Ақырын ес, самал жел, соқпай кетпе,
Сенде ақиқат, Жүсібімнің иісі бар.
Жарақатым жүрегімде сен жазарсың,
Сен ескен соң, мен қуанышты болдым енді.
Жүсіп құлдыққа сатылғанда, ең әуелі, әкесін ойлайды. Мысалы: 
«Ағламақтан екі көзі көрмез емді» – «Жылаудан екі көзі көрмей қалар». 
«Аһ, дариға, ғазиз едім далил (қор) бодым», – деп жылайды. 
Зылиха Жүсіпке арнап сарай салдырып, оған Жүсіпті шақырып, өзіне 
көндірмек болғанда, Жәбірейіл әкесінің кейпіне келеді. Нәпсісін тыйып, 
сабыр қылуға ақыл береді (Оқиғаның бұл бөлігі Жүсіпбек қиссасында 
жоқ). Фирдоуси дастанында Жүсіпке жазуы бар қол көрінеді. Онда: 
«Аллаға бәрі де аян!», – деген сөз бар екен. Оған да көнбей, Жүсіптің 
пендешілік оты маздай бастайды. Қол тағы көрініп: «Бұл ісің жұмаққа 
барар жолыңдағы үмітіңді үзеді!», – деген жазу шығады. Сол кезде 
Жәбірейіл Жақып кейпінде кіріп келіп тоқтатады. Әкесін сүйген Жүсіп, 
сонда ғана сабырға тоқталады.
Фирдоуси сюжеті бойынша, Жүсіп Египетке патша болған кезінде 
әкесін сағынып, оған сәлем айтатын кісі іздейді.


310
Ол Ханааннан келген адам болуы керек еді. Ақыры, базарда бір 
кісінің түйесі Жүсіпті көріп, тоқтай қалады. Үстіндегі кісі аң-таң болып, 
«Сен кімсің?» – деп сұрайды. Жүсіп Ханаандық кісі екнін білген соң: 
«Жақып аман ба?» дейді. Көзінен жасы сорғалап тұрады. Әлгі араб: «Он 
екі баласы бар еді, біреуін қасқыр жеді», – деген кезде: «Ол баласы мен 
едім», – деп, басынан өткен оқиғасын баяндап береді (Хисамов Н.Ш., 
1979-79).
Әлиде Ханаандық кісіні Жүсіп зынданда отырған кезде көреді. Өзі 
қайғыланып отырған Жүсіптің туған елінен келген кісіні көріп, көзіне жас 
алуы онда сенімдірек берілген. Арабтың түйесі зынданның қақпасының 
алдына шөгеді де, Жүсіпке Ханааннан келгенін және Жақыпты білетінін 
айтады:
Иүсүф айдыр: Қанғаннан күлүрмүсін,
Анда бір қаба ыйғаг білүрмүсін?
Чөресінде бұтақлары білүрмүсін,
Ол бұтақлар он екі му тамам емді?
Ғараб айдыр: аңладым бұ сөзіңні...
Аудармасы:
Жүсіп айтты: Ханааннан келдің бе сен?
Онда бар бір биік ағаш білдің бе сен?
Және тағы бұтақтарын білдің бе сен?
Ол бұтақтар он екі ме – бәрі түгел?
Араб айтты: аңдадым бұл сөзіңді...
Жүсіпбек бұл тұста Әлиді қайталай отырып, эпостық жыр дәстүрімен 
жырлайды:
Жүсіп сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
Қанғаннан мұнда келдің бе?
Ол шаһардың ішінде,
Қаба ағаш білдің бе?
Он екі бұтақ басында,
Түгел ме екен көрдің бе?
Ғараби сонда сөйлейді...
(Ғашық шаме. 1976-418).
Мұндағы «қаба ағаш» – биік ағаш, әлем үйлесімінің нышаны – 
бәйтерек бейнесі болуы керек. Арабтан әкесінің хабарын естіген:
Жүсіп қатты жылады,
Атасы жайын есітіп,


311
Сүйегі жаман сынады,
«Уа, дариға, атам», - деп,
Жер бауырлап құлады,
Атасын ондай деген соң,
Қайтіп шыдап тұрады?
Жүсіп бейнесіндегі адамгершілік қасиеттері анасы Рахилдің бейітінің 
қасынан өтіп бара жатып, зар еңіреп жылауы арқылы, еміреніп, егілуі 
арқылы берілген:
Зары қыбылб айдыр: «Анам – Үммі Рахил!
Бенім халым нетелгін көзің көргіл.
Қардашларым сатты бені, байан білгіл,
Аза ердім, бенделікке дүшдім емді».
Аудармасы: 
Зарын қылып айтты: «Анам – Үммі Рахил!
Менің халым не болды, көзіңмен көр.
Бауырларым сатты мені, оны біл,
Азат едім, бенделікке (құлдыққа – А.Қ.) түстім енді.
Осы кезде аспан күркіреп, қар аралас жаңбыр төгіп жібереді. Оқиғаның 
бұл тұсын Жүсіпбек Әли мәтінін сақтай отырып, әдемі баяндайды:
Мейірбан ғарап анам, халым көргін,
Ағаларым сатты ғой, мені, білгін.
Күншілдікпен қас болып, залымды қып,
Нұр шұғыласын көп көрді жарық күннің.
Ағаралым үстемдік жүрдірді ғой,
Қасірет отпен жанымды күйдірді ғой.
Қол-аяғым шынжырлы, мойным бұғау,
Ғарбат тонын үстіме кидірді ғой.
Жүсіпке айтқан анасының зары, аналық мейірінен төгілген сөздері 
«Қорқыт ата кітабындағы» Бұқаштың анасының зарына, эпостық 
жырлардағы аналар зарына ұқсас келеді.
Жүсіпбек Шайхұсламұлы Әли қиссасындағы жолдарды мағыналық 
жағынан айнытпай қайталайды. Әли:
Анасының молдасынан бір үн келді.
Иә, Жүсібім, халың неге бұлай болды?
Ағаларың бұл қорлықты неге қылды,
Ғапыл болып бұл бәлеге түстің енді
(Хисамов Н.Ш., 1979-113). 


312
Жүсіпбек:
Үн келді қабірінен анасының,
«Жүсібім, халың қиын, қарашығым.
Ағаларың неліктен мұндай қылды,
Неліктен сенен алды бар ашуын?
***
Ғапыл болып бәлеге неғып түстің,
Қасыңа бір ағаң да келмеді ме?»
(Ғашық наме. 1976-384).
Жүсіптің жоғарыда суреттелген қасиеттерінің бәрі оны кемел билеуші 
рөліне дайындап әкеледі. Ол Зылихаға көнбегендіктен, Зылиханың күйеуі 
зынданға салған жерінде көп жыл отырып, ақыры, патшаның екі түсін 
шешкен соң, зынданнан шығады. Құранда патшаға жақын адам болып 
жүреді, ал парсы қиссаларында, әуелі, Зылиханың күйеуінің орнына 
уәзір болады, онан соң сұлтанның орнына таққа отырады екен.
Жүсіп өзі патша болғанға дейін талай қайғыға түсіп, талай жапа 
шегеді. Өмірдің қиыншылығын көруі де әділ патша болуына әсер етті 
деген ой туады. Зынданнан шыққан Жүсіпті Египеттің барышасы қуана 
қарсы алады:
Мысыр аһлы жұмласы қарсы келді,
Иүсүфнің йүзін көріб ләзиз болды.
Алтын-күміш, інжу-маржан назар қылды,
Хас уа хамлар арзу қылыб иүкірер емді.
Аудармасы:
Мысыр халқы қарсы алып келді бәрі,
Жүсіптің жүзін көріп, ләззат алды.
Алтын-күміс-інжу-маржан шашып,
Қас жақсы мен қаралар жүгірді енді.
Бұл тұсын Жүсіпбек былай келтіреді:
Мысыр халқы Жүсіпке келді бәрі,
Ұлы-кіші шаһарда жас пен кәрі.
Басына дүррі, маржан, інжу шашып,
Тағзымдап қатар тұрды баршалары.
***
Риянның (патшаның А.Қ.) қадір Алла мейірін салды,
Жүсіптің жүзін көріп қайран қалды.


313
Жүсіпке тақтан түсіп, орын беріп,
Мәлік-Риян тағзым ғып қолын алды.
Жүсіпбекке Мысыр патшасы бірден тағынан түсіп береді. Барлық 
қиыншылықты басынан өткізген Жүсіп, халқына қайырымды патша 
болып, жеті ашаршылықта елді аздырмай ұстайды. Сәйф Сараи 
«Гүлстанда»: «Жүсіп патша Мысырда аштық болған жылы аштарды 
ұмытпас үшін тамақ жемепті» деген қанатты сөзді келтіреді.
Жүсіп патшалығында елі мен билеушісі үйлесім тапқан бақытты 
халық өмір сүреді. Жүсіпті Әли: «һеч кімсеге чор жафа қылмаз емді», – 
дейді. Жүсіпбек оны:
Өзі ғалым, данышпан, ақылы кәміл,
Қақ жарған қара қылды болды әділ.
Аузынан шыққан сөзі шекер-балдай,
Адамның ешбіріне қылмас жәбір, – деп жазады.
Жәбірейілден: «Алдыңнан кездескен бірінші адамды уәзір қылып ал», 
– деген соң, атқа мініп жолға шыққанда, алдынан жыртық шапаны бар 
біреу шығады, сөйтсе, ол баяғы бесікте жатып куәлік беретін бала екен. 
Баласағұни: «Тауып ал сенер үш кісіңді: бірі – қазы, екіншісі – халифе, 
үшіншісі – уәзір», – дегендей, кемел елдің уәзірі де патшасына сай болып 
шыққанын қалайды. 
Жүсіп патша бетіне перде жауып, базарды аралайды, халқының халі 
не болып жатқанын содан біледі. Сонымен, Әли Жүсіп бейнесіндегі 
мінсіз, кемел әкімді жасау арқылы Платон мен әл-Фараби, Баласағұнидің 
«қайырлы мемлекет» идеясын жалғастырды демекшіміз. 
Әлиде «хәкім мен әкім» мәселесі бір тұлғаның басына жинақталу 
арқылы шешіледі. «Қисса Жүсіптегі» Жүсіп – әрі хәкім (дана), әрі әкім. 
Хакім мен әкімнің даралануы «әкімнің хакім болуы шарт емес» деген 
тұжырымға келген кездерде басталса керек. Бұл мәселе ежелгі мифтерже 
«Мұса мен Перғауын» оқиғасында түйінделген болатын. Оны Ақмолла 
ақын (ХХ ғ. басы) өлеңмен былай деп өрнектеген:
Білуші ем мен де біраз сөз толғауын,
Дұшпанның жаласына жоқ қой дауым.
Біз түгіл пайғамбарлар қуғындалған,
Тұсында әр Мұсаның бір Перғауын
«Хакім мен әкім» желісінің бір тармағы әдебиетте «әкім мен ақын» 
мәселесіне ұласқан. Бұлар – өз алдына салмақты зерттеуін күтетін 
тақырыптардың бірі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   126




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет