Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ



бет4/18
Дата25.04.2016
өлшемі2.01 Mb.
#90029
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

1.2.2 Тұрғылықты түрде жинау тәсілі.
Тұрғылықты түрде дегеніміз- белгілі бір мекенде тұрып, фольклорды сол маңайдан үзіліссіз жинау. Бұл жұмыспен аудан орталығында, үлкен селода т.с. мекенде тұрақты тұратын маман (әдебиетші, мұғалім, журналист т.б.) шұғылданады. Ол алыс елді аралайды. Өз айналасындағы, облысындағы (аймақтағы) фольклорды үзіліссіз, үнемі жинап тұрады. Жинағанын өзінде сақтайды, немесе арнаулы ғылыми, оқу мекемеге жібереді. Оларды, әдетте, тілші-жинаушы деп атайды.

ХІХ ғасырдағы ғылыми ұйымдар: Орыс археологиялық қоғамының Шығыс бөлімі, Қазан университеті жанындағы Археология, тарих және этнография қоғамы, Москва университетінің жанындағы жаратылыспен, антропологиямен және этнографиямен әуестенушілер қоғамы. Әсіресе қарауында көптеген бөлімдері мен бөлімшелері бар Орыстың географиялық қоғамы өз төңіректеріне таңдаулы ғылыми күштерді топтастырып, фольклорлық материал жинауға арналған саяхаттарды жабдықтап, жиналған материалдарды өзінің баспасөз орындарында жариялап отырды.

Халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жазып алушылардың көпшілігі ғылымға қатысы жоқ, чиновниктер мен әскери адамдар болған. Олар қызмет бабында бастықтарының тапсырмаларын орындау үшін, немесе өз беттерінше жолаушылап жүрген кездерінде қазақ халқының өмірін байқап, тілмаштар мен орысша тіл білетін адамдар арқылы халықтың тұрмысы мен тарихы туралы мағлұматтар жинай жүрген. Бұл адамдардың бірен-сараны болмаса, көпшілігі қазақ тілін білмеген. Сондықтан да олар фольклор жинау жөнінде ел билеуші әкімдерге және тілмаштарға бағынышты болған.

Фольклорды тұрғылықты тәсіл арқылы жинаудың ұтымды жағы: біріншіден, барлық жанрларды асықпай іздестіру мен мұқият қағазға түсіру. Мұнда жинау жұмыстары ең алдымен жергілікті жерде кездесетін барлық фольклор жанрларын барынша анықтаудан басталады. Содан кейін ғана оларды толыққанды күйде қағаз бетіне түсіреді. Дегенмен барлық жанрларды алдын-ала анықтау мүмкін емес. Мұның бәрі де сол елді-мекендегі фольклордың жалпы өмір сүру жағдайынан хабардар етеді. Мұндай фольклорды жинау түрі жинаушы алдына нақты мақсат қояды- ол сол елді-мекендегі фольклорды айтушылардың неғұрлым басым көпшілігімен кездесіп, мәтіндерді толық қағазға түсіру. Мұндай жағдайда мәтін не аяқталған үлгіде, не үзінді түрінде болсын, не тіпті сирегірек кезесетіні, елдің көбі біле бермейтіні болса да– бәрі де өте бағалы қазына ретінде қабылданады. Сондай-ақ белгілі бір мекенде, жергілікті жерде фольклорлық шығарманың қайсысы жиі айтылады, қайсысы бәріне танылған, ал қайсыбірі сирегірек, тіпті айтылмайтындары да болса да, олардың бәрі де қағазға түседі.

Екіншіден, фольклорды жинауды арнайы тапсырыс бойынша тақырыптық жағынан ұйымдастырғанда, ең алдымен міндетті түрде жинаушылық жұмыс атқарылатын елді – мекен таңдалынады. Тұрғылықты жинау жұмыстарында тақырыптың белгілі бір елді-мекенге байланыстылығы, үндестігі ескеріледі. Мұндай белгілі бір жанрға ғана қатысты мәтіндерді жинау міндеті қойылғанда, сол мәтіндердің түрлі нұсқаларын да қағазға түсіру қоса жүруі керектігі ойластырылады. Демек, жанрлық принцип бойынша фольклорды жинағанда, барлық сөз арқылы таралатын мәтіндер мен олардың түрлі нұсқалары да толық қағазға түсіріледі. Мәтіндерді қағазға түсіре отырып, олардың қаншалықты кең таралғанына да, қай ортада көбірек бағаланатыны да т.б. – бәрі де белгіленіп отырылады. Сонымен бірге фольклорды тудырушылар мен орындаушылардың шығармашылық қабілеттілігі, өмірі мен қызметі, орындаушылық репертуары т.б. төңірегінде мәліметтер де қоса қамтылады. Жинаушының негізгі міндеті- мүмкіндігінше барлық анықталған материалдарды тіркеу. Ал, егер уақыт жағынан мүмкіндік болса, тіпті бүкіл естігенін қағазға түсіру.

Жалпы фольклорды жинау жұмыстары барысында: түрлі жанрлардың өмір сүру ерекшелігін бақылау; айтушының шығармашылық ерекшелігі, репертуары төңірегінде сілтемелер жасау, сөзбен айтылатын мәтіндерді неғұрлым көп, әрі дұрыс, әрі сөзбе-сөз қағазға түсіру т.б. тәрізді жинаудың шарттары- осы тұрғылықты жинау тәсілі кезінде де орындалады. Бұл шартты М.Ж.Көпеев те ұстанған. Мәселен, «Төйте тәуіп туралы» әңгімеге қатысты М.Ж.Көпеев мынадай түсінік-сілтеме берген: «Қозғаннан шыққан Төйте тәуіптің моласы – Сілеті бойында, Ешкі өлместен жиырма бес шақырымдай төмен, жебеге Ақылтау ұрпағының қотанында: бас жағына-қараған, аяқ жағына тікен шыққан. Моласын өзі тірі күнінде ағаштан қиытып жасатқан екен дейді. Басына түнеп балалы болғандар көп дейді. Ақыл шөбересі, Асаубай немересі, Бәзіл қажы баласы Бөпкен сөйлейді»,- делінген [99].

Мұнда айтушы аузынан әңгіменің қағазға түсуіне қатысты аталған адамның қай жерде жерленгеніне, тіпті моласының суреттелуіне де М.Ж.Көпеевтің ерекше мән бергенін көреміз. Сілтемеде әңгімені ақынға жеткізушінің аты-жөні ғана берілмей, оның әкесінің де, атасының да, одан да үлкен бабасының да аты-жөндері қамтылған. Г.Н. Потанин, Ә.Диваев тәрізді зерттеушілер ел арасынан ауыз әдебиеті мен фольклорлық үлгілерді жинағанда жеткізушінің аты-жөні, нұсқаның қай жерде жазылғаны, тіпті қай мезгілде хатқа түскенін т.б. қамтитын жалпы жинаушылық талаптарды орындаған.

Г.Н.Потаниннің фольклорды жинауға ынтасы Омбы кадет корпусында оқып жүрген (1845-1852 ж.) кезде туған. Оның үстіне Шоқан Уәлихановпен дос болып, бірге жүріп, бірге өсуі Г.Н.Потаниннің жинаушылығына игі әсер етті. Г.Н.Потаниннің фольклорды жинаудың негізгі үлгісі- экспедициялық тәсіл екені мәлім. Сонымен қатар Г.Н.Потанин фольклорды тұрғылықты тәсіл арқылы да жинаған [100].

Г.Н.Потанин жинаушылығының басты мақсаты- ол түркі-монғол халықтарының аңыз-әңгімелері, ертегілерінің т.б. әлемдік мәдениеттің дамуына игі әсері өлшеусіз, маңызды екенін таныту болатын. Бұл мақсатқа жетуде барлық фольклорды бір адамның жинауы мүмкін еместігін ескере отырып, тұрғылықты тәсіл арқылы әр жердің оқыған қазақтардың өздерін фольклорды жинау қызметіне тартуды ойластырған. Бұған жер-жердегі энтузиаст адамдардың да, тұрақты хабаршы-тілшілердің де көмегі болды. Мәселен, Ш.Уәлихановтың ауылы Сырымбет жерінен Бейсемби атты айтушыдан «Есек қырған жұлдызы», «Адам білмес тас», «Әлекей ұлы Әлеуке батыр», «Әлеуке батыр және оның баласы Орақ» т.б. ертегілер мәтінін алған [100, 299, 314, 318, 324 б.]. Сол кезде Баянауыл елді-мекенінің аға сұлтаны болып тұрған Мұса Шорманов та Г.Н.Потанинге фольклорлық үлгілерді жинастыруға көмек берумен қатар, өзі де жинастырғаны турасында дерек белгілі ғалым С.А.Қасқабасов түсініктемесінде бар: «Сказка ( «Вечная вода»- Н.Ж.) обнаружена среди материалов и документов Г.Н.Потанина в архиве НБТГУ, д.21, 1. 105 за подписью Мусы Чорманова, который записывал образцы фольклора и передовал их Ч.Валиханову, Г.Потанину и А.К.Гейнсу»,- делінген [100, 317 б.]. Сондай-ақ ғалым К.В.Урасов та «Сүлеймен пайғамбар» нұсқасын Көкшетау жерінен жазып алып, Г.Н.Потанинге тапсырғаны турасында дерек бар [100, 330 б]. Сонымен қатар біраз ертегілерді Г.Н.Потанин өзінің Ақмола жеріндегі тілшісі А.М.Головачевтан алған. Мәселен, «Асан Қайғы» нұсқасын 1900 жылы қазан айында Ақмола жеріне қарасты Нұра болысының биі 49 жастағы (Бужин) Өтеуден А.М.Головачев аудармашы Ілияс Итжанов арқылы қағазға түсіріп, Г.Н.Потанинге тапсырған [100, 307 б.].

Г.Н.Потанинге фольклорды жинастыруға жергілікті жердің көзі ашық азаматтары: Нұрсейіт, Абе (Сырымбет тұрғыны), Жақып Уәлиханов, Жанмұхамед Уәлихановтар да т.б. көмектескен [100]. Міне, бұлар Г.Н.Потанинге фольклорлық мәтіндерді тұрғылықты жерінен үздіксіз жинап беріп отырған. Демек фольклорды тілшілер арқылы жинау барысында Г.Н.Потанин тұрғылықты тәсілді қолданғаны анықталады.

Ал, фольклорды жинаудың тұрғылықты тәсілі неғұрлым өнімді жеміс беруі үшін, Г.Н. Потанин өзінің жоба-нұсқаларын баспа бетінде жариялайды. Бірі- 1880 жылы басылса [101], ал екіншісі 1888 жылы жарияланғаны мәлім [102]. Бұл жоба-нұсқаларда фольклорды жинаушылардан жалпы аңыздар мен ертегілерге баса назар аудару қажеттігі, ондағы халықтық дүниетанымның әлем жаратылысына, космосқа, атмосфералық құбылыстарға т.б. көзқарасын анықтауға барынша күш салу керектігі сөз болады. Сонымен қатар қандай нақты қоғамдық- тұрмыстық, тарихи тақырыптарды жинастыру қажеттігі ескертілген. Сөйтіп, екі жоба да, негізінен, мифологиялық пен тарихи-этнографиялық материалдарды іздестіруге арналған.

Тұрғылықты жинау тәсілінің мүмкіндігі кең: біріншіден, фольклор үлгілері жергілікті елдің азаматы арқасында жиналғанда, оған деген халықтың сенімі мол болуы- жұмыстың қарымды жүруіне игі ықпал жасайды. Әсіресе фольклордың ұсақ жанрлары: мақал-мәтел, жаңылтпаш пен жұмбақтарды қағазға түсіру бір күннің ішінде емес, ұзақ уақыттар бойы халықпен араласа отырып жиналады. Мұндай жағдайда тұрғылықты жинаушының мүмкіндігі мол, мәтінді асықпай, үздіксіз қағазға түсіреді.

Екіншіден, жинаушы айтушыдан оның сүйікті орындайтын нұсқаларын сұрастырады. Үлгіні айту басталысымен-ақ жинаушы бірден нұсқаны есту арқылы тікелей сөзбе-сөз қағазға түсіреді. Осылай сөз артынан сөз, мәтін соңынан мәтіндерді т.б. бірінен соң бірін асықпай қағазға түсіру жемісті болады. Себебі бір мезгілде, бір әңгіме барысында барлық фольклорлық нұсқаларды қатар қағаз бетіне түсіру мүмкін емес. Сол себепті айтушының жағдайын есепке ала отырып, оның келесі бір қолы бос мезгілінде қағазға түсіру жұмысы жалғастырылады. Ғалым Ф.М. Селивановтың пікірінше, жергілікті халыққа құрмет көрсету, тіпті орындаушының жұмысына, тәжірибесіне, жасы мен біліміне ілтипатпен қарау т.б.- бәрі жинаушылық қызметтің табысты болуының аса қажет кепілі болады [103].

Жинау барысында жергілікті азаматтардың түрлі жазбалары, жинақтары да т.б. кездеседі. Онда ондаған жылдар бойы жинақталған мақал-мәтелдер шоғыры, тұрмыс-салт жырларының үлгілері кездеседі. Мұндай жағдайда әр жазбаның , не жинақтың т.б. иесіне ерекше құрмет көрсетіледі. Жинаушы оның ішіндегі мазмұнымен зер салып танысады. Егер де қажет болған жағдайда иесінен рұқсат алып, шығарманың көшірмесін алады. Көшіргенде де мәтіндерді сөзбе-сөз, өзгеріске т.б. түсірмей қағазға түсірумен бірге, жинаушы мен қолжазба иесі арасындағы әңгіме барысында алынған көшірменің өзіне тән паспорттық деректерін бірге береді.

Жалпы жинаушыларға қойылатын талаптар ішінде ерекше маңыздысы – ол фольклорлық шығарманың паспортын толтыру. Фольклордың әр орындаушысына паспорт толтырылғанда, төмендегідей ақпарат көзі қамтылады: а) тегі, аты, әкесінің аты; ә) туған жылы; б) туған жері; в) әлеуметтік жағдайы; г) мамандағы; д) сауаттылығы; ж) әңгіме айтылған орынға қоныстанбас бұрын қай елді-мекендерде, қанша уақыт болғаны; з) жинаушылар тарапынан қарастырылатын елді- мекенде қай уақыттан бері тұратыны - мұның бәрі тұрғылықты жинау кезінде орындалып отырылған. Сонымен бірге, біріншіден, ата тегінде өзі тәрізді орындаушылар болды ма; екіншіден, қазірде де өзінен басқа жанұяда орындаушылар бар ма; үшіншіден, бұл айту өнерін кімнен үйренді; төртіншіден, фольклордың қай жанрларын өзі тудырады, әрі орындайды; бесіншіден, орындаушылықтың қай түрін менгерген; алтыншыдан, қандай аспап көмегімен сүйемелдейді; жетіншіден, қағаз бетіне мәтін қай елді-мекенде түсіріледі; сегізіншіден, қағазға түсу уақыты; тоғызыншыдан, жинаушының аты-жөні көрсетіледі. Ғылым шарты осы еді, бірақ ХХ ғасыр басында мұның бәрі істелген жоқ. Тұрғылықты жинау барысында, нұсқаны қағазға түсіргеннен кейін, алдымен соны орындаушыға қайта бір оқып беріп, сонан соң бастапқы айтушының ескертпелері, толықтырулары енгізіледі. Демек белгілі бір өзгерістер туса, оларды енгізгенде, соңынан соның өзін, ескерткен түсініктемесін де бірге береді. Бұл жұмыстардың бәрін сол елді-мекеннің өзінде жасалады. Себебі қағазға түсіру барысында түсінбеген, не белгісізді анықтау, не тексеру, не қайталау қажеттігі туса, алысқа бармай-ақ сол жерде анықтауға, қажет өзгерістерді жасауға мүмкіндік болуы – бұл тұрғылықты жинау тәсілінің артықшылығы.

Жалпы мақал мен мәтелдерді тұрғылықты тәсіл арқылы жинау мен қағазға түсірудің дәстүрлі екі әдісін кезінде белгілі орыс ғалымы М.А.Рыбникова көрсетіп кеткен [104]. Біріншісі, ол- мақал-мәтелді жинауға аттанбас бұрын, алдымен өзі үйден бірнеше мәтіндерді қағазға түсіріп алуы қажеттігі. Содан кейін ғана жергілікті жердің орындаушыларын тауып, үйден әкелген мәтіндерді асықпай, баяу, түсініктемесімен бірге т.б. оқу керектігі. Сонда ғана барып әр орындаушы соған қатысты өз пікірін қосады, ал туған сәйкессіздіктерді жинаушы сол орындаушыныкі деп тіркеп отырады.

Екінші әдіс, ол- жергілікті жердегі мақал-мәтелдің білгіріне жинаушының өзінің қағазға түсіргендерімен таныстыра отырып, одан осылайша өздігінен білетін мақал-мәтелдерді қағазға түсіруін өтінеді. Міне, бұл жағдайда жинаушы орындаушының өзін де жұмысқа тартады. Сонымен бірге жиналған мақал-мәтелдермен қатар, олардың тарихи, әрі тұрмыстық түсіндірмелерін де, қоғамдық мағынасын да бірге береді.

Фольклорды жинаудың үш тәсілі ажыратылады: бірі – тұрғылықты, ал, екіншісі – экспедициялық, үшіншісі – тікелей (жеке адамның өзі тікелей жазып алуы). Жинаушылық қызметтің тұрғылықты әдісін, әдетте жинаушы ұзақ уақыт бойы бір елді-мекенде орналасқанда, не өзінің тұрғылықты жерінен жинау жұмыстарын жүргізгенде қолданады. Міне, мұндай жағдайда жинаушы мәтінді ұқыпты түрде қағазға түсіреді, егер де үлгіде сөздік өзгерістер болса, оны белгілеп отырады. Әдетте, тұрғылықты жұмыс ұзақ уақыт бойы мұқият жүргізіледі. Ал, бұл өз кезегінде фольклортанушыларға мәтіндердің өмір сүру ерекшелігін жақсы, әрі дәл түсінуге, олардың өз ішіндегі даму, өзгеру кезеңдерін т.б. жіті бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда фольклорды жинаушы халық ортасынан шыққан өз адамы, не туысқаны, не жерлесі т.б. болып саналады. Демек, мұндай тәсіл-ғалымның фольклорлық құбылыстарға тереңірек кіруіне, оны жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізуге т.б. жағдай жасайтыны сөзсіз. Халық шығармаларын түрлі жағдай, оқиға кезеңдерінде, ұзақ уақыт бойында жүйелі түрде бақылау, өз кезегінде жинаушының сол түрлі оқиғаларға не күәгер, не тікелей қатысушы ретінде т.б. естігенін, көргенін қағазға неғұрлым дәл де, толық түсіруге мүмкіндік алады. Ал, бұл өз кезегінде жинаушыға тек сондай кезеңдері ғана күтіп, ынтасыздыққа ұрынбауды да талап етеді. Керісінше, тұрғылықты әдісті қолдана отырып, зерттеуші белсенді іздестіру жұмыстарын жүргізумен қатар, тыңғылықты бақылау, үздіксіз жинау жұмыстарын да жүргізе білуі шарт.

1876 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітірген Ә.Диваев Ташкент шаһарында әскери –халықтық Басқармаға қызметке орналасады. 1884 жылы Сырдарияның генерал-губернаторы Н.И.Гродековтың тұрғылықты жердің фольклорын жинай бастағаны, және де бұл жұмысқа Ә.Диваевты тартқаны мәлім. Негізінен, Ә.Диваев Сырдария, Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Өзбекстан, Қарақалпақстан төңірегін қоныстанған халықтардың фольклорын әрі тыңғылықты, әрі ұзақ, әрі үздіксіз жинаған. Ә.Диваев өзінің қызмет орны орналасқан Ташкент шаһарына жақын жерлердің, мәселен, Сырдария өңірінің фольклорын үздіксіз тұрғылықты тәсіл арқылы жинағаны белгілі. Бұлар «Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области» атты жинақтың 1891-1897, 1902, 1904, 1905, 1907 жылдардағы басылымдарында жарық көрді. Мәселен, «Бөдене мен түлкі» ертегісін Ә.Диваев Шымкент төңірегіндегі Арыс өлкесінің тұрғыны Майлықожа Сұлтанқожаұлынан жазып алған [105]. Ал, «Үш ауыз сөз» ертегісін Ә.Диваев 2 рет: бірін- Жүніс Тайшықовтан, екіншісін- Мұса Базановтан қағазға түсірген [106]. Келесі «Тоғыз таз» нұсқасын Ташкент уезіне қарасты Жетісу тұрғыны Атбай Жітібаевтан жинаған [107]. «Жиренше туралы» үш түрлі үлгіні 1920 жылғы 5 қыркүйекте Ақмамбет Тоқжаев Сырдария облысының Ақмешіт уезіне қарасты Кеңтүп елді-мекенінің тұрғыны Мүслім Қарақожаевтан жазып алды. Осы тұста жинаушы Ә.Диваев тапсырмасын орындағанын ескертеді [108]. Демек, Ә.Диваев фольклорды тұрғылықты тәсілмен жинау барысында Ақмамбет Тоқжаев тәрізді тілшілердің де көмегіне сүйенген.

Ә.Диваевтың, әсіресе, Сырдария өңірінен жылда-жылда халықтық шығармаларды қағазға түсіріп, сол кездегі арнаулы ғылыми жинақ «Сборник материалов для статистики Сыр-Дарьинской области» беттерінде басуы- біріншіден, тұрғылықты тәсілдің артықшылығы нәтижесінде фольклорды жинау жұмыстарының үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етсе; екіншіден, жиналатын үлгілердің асықпай қағазға түсуіне мол мүмкіндік берген. Үшіншіден, үзіліссіз жинау арқасында сол өңірдегі бай фольклор нұсқаларының барынша көп жиналуына жағдай жасаған. Міне, осы тұрғылықты жинау тәсілі арқылы Ә.Диваев халықтық поэзияның барлық элементтерін кең қамти білген. Олардың ішінде: эпос, ертегілер, аңыздар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, тұрмыс-салт жырлары мен айтыс үлгілері т.б. бар. Бұларды жинау барысында Ә.Диваев айтушының аты-жөнін, тұратын елді-мекенін т.б. көрсетумен қатар, өз түсініктемелерін де бірге беріп отырған. Сондай-ақ тұрғылықты жинау барысында Ә.Диваев шығармаларды тек ауызба-ауыз әдісімен ғана қағазға түсірумен шектелмеген, сонымен қатар қолжазбалар күйінде де, ол мүмкін болмағанда қолжазбадан көшіру әдісі негізінде де жинастырған. Бәрінде дерлік мәтін паспорты сақталған. Ал, халықтық шығарманың мәтінін неғұрлым дәл беру үшін ғалым Н.С.Смирнова пікірінше, Ә.Диваев олардың дәлділігін тыңғылықты тексеріп отырған: «... В различных уездах Сыр-Дарьинской области, у разных жителей аулов расспрашивал он о том или ином произведении, не один раз прослушивал его, чтобы убедиться, насколько известен записанный текст»,- делінген [109].

Ә.Диваевтың Жетісу, әсіресе Сырдария экспедицияларының материалдарына жасаған тізбесіне қарағанда, ол ақындардың өз шығармашылығымен қатар, олардың халық арасында тарап жүрген өлеңдер мен жырлардың жаңа нұсқаларын жасау жолындағы еңбегіне де үлкен мән береді. Ә. Диваев ақындардың жазып айтқан шығармаларын олардың суырып салма өлеңдерінен бөліп алып қарайды. Мәселен, Ә.Диваев Мәделіқожаның шығармаларына жасаған тізбесінде: «Белгілі жыршы Мәделіқожаның ғибрат өлеңдері», «Мәделіқожаның суырып салма өлеңдері», «Мәделіқожаның әр түрлі жағдайлармен байланысты айтқан (Мәделіқожа суырып салма, әңгімешіл, тапқыр белгілі адам болған) суырып салма өлеңдері мен тапқыр сөздері» - деп атап көрсетеді. Осы секілді өзінің топшылауын Майлықожаның шығармашылығы жөнінде де айтады. Ә.Диваев Майлықожаның шығармаларын «Майлықожаның билер алдында суырып салып айтқан сөздері», «Билердің парақорлығы жөнінде Майлықожаның шығарған өлеңдері» - деген сияқты топтарға бөледі. Жетісудан алынған материалдардың тізбесінде Ә.Диваев «1916 жылдың уақиғасына арналып шығарылған Кенен ақынның өлеңдері» бар екендігін атап өткен [110].

Тұрақты бір адам жергілікті елді-мекендегі фольклорлық шығарманы тұрғылықты тәсіл арқылы жиыстырғанда, оларды не ауызба-ауыз әдісі арқылы, не дайын қолжазбалардан, не кітаптардан көшіріп алу әдісі арқылы қағазға түсіреді. М.Ж.Көпеев фольклорды тұрғылықты тәсіл арқылы жинағанда, сол кездегі ел зиялылары, ауыз әдебиеті, тарих білгірлері көмегіне сүйенгені анық. Олар: Мұса Шорманұлы, Мейрам Жанайдарұлы, Бөгенбай ұрпағы Саққұлақ шешен, Ақан сері, Естай мен Майра ақындар т.б.

Тұрғылықты жазу барысында М.Ж.Көпеев қолжазбасында қолданған көк, қызыл, қара т.б. сиялар өнбеген, су т.б. тиген беттерінің шеткі жақтары ғана өшіңкірген, не үзіліп қалған. Қолжазба ішінде берілген тақырыпшалар жаңа жолдан беріліп, және асты қызыл сия, не қызыл қарындашпен сызылып отырылған. Беттер ішінде келетін ескертулерді жинаушы әр түрлі сия күшімен беруге тырысқан. Қолжазбалардағы беттердің өзі басынан аяғына шейін, яғни оңнан солға қарай араб цифрларымен нөмірленген. Тіпті көшіп-қонуда болсын, қолжазба беттері араласқан жағдайда, әрбір бетті табуы оңай болуы үшін, соңынан келесі бетте басталатын сөзді жеке шетке қарай жазып қалдырып отырған. Мұндай қолжазба жазу әдісі бүкіл шығысқа тән. Кезінде ортағасырлық жазба ескерткіштеріне де тән болатын. Бұл М.Ж.Көпеевтің орта ғасырда жазылған мұраларды көп оқығандығын, солардың қолжазба жазу әдісін кеңінен меңгергендігін танытады. Тіпті, сол кезде баспадан шыққан кітаптарда да солай болған.

М.Ж.Көпеевтің өзіндік жазу ерекшелігі де жоқ емес. Мәселен, қара сөзге қарағанда өлең жолдарды жазу барысында, бет үнемдеу үшін өлең жолдарды бір беттің өзінде-ақ 2 қатарға бөліп жазу үлгісі жиі кездеседі. Қолжазбалар арабша, ескі қадим жазуында берілген. Бұл жазудың қиындығы неде дегенде, жазу барысында сөз басындағы, сөз аяғындағы дауысты дыбыстар сақталғанмен, сөз ортасындағылардың, көбінесе көрсетілмеуінде дер едік. Осы орайда араб жазуында дауысты дыбыстары көрсетілмеген жағдайда, төбесінде көрсетілетін қосымша белгілердің де, яғни харакеттердің қойылу арқылы ол дауысты дыбысты анықтау мүмкіндігі туатын. Ал, бұл белгілер әдетте қолмен жазылған қолжазбаларда көрсетілмейді. Осы орайда қолжазбалардың қадим жазуын жетік меңгерген өз замандастарына арналып жазылғанын да ескеру керек. Мәселен, бір «Мұхаммед» деген сөзді жазуда дауыссыз әріптің, яғни «М», «Х», «М», «Д» дыбыстарының көмегімен беріп отырған. Мұндағы дауысты дыбыстар жазылуда түсіп қалса да, оқыған кезде толық айтылып отырған.

М.Ж.Көпеев қолжазбалары ішінде тұрғылықты тәсіл арқылы жиналған шағын бір беттік әңгімелерден бастап, көлемді эпостық шығармалар да кездеседі. Мәселен, шағын ғана «Төйте тәуіп» әңгімесінің өзінде-ақ, сол жердің не себептен «әулиелі Аккөл» атануын т.б. жәйіттерді М.Ж.Көпеев былай деп жазған: «Бұл Қозғаннан шыққан – Төйте тәуіп Қызылтауда Жосалы деген жерде қоныс қыстады. Таң намазын сол жерде оқып, бесін намазын Аккөлдің жағасында оқып, бір түн түнеп жатып, ертеңгі бамдатты сол жерде оқып, бесінді үйіне барып оқиды екен. Бес намазды Аккөл басында бір дәретпен оқып, өмір бойы әдет қылған дейді. Аккөлдің «әулиелі Аккөл» атанғаны сондықтан дейді. Өзіне Қаракесек деген елден тоқсан қатын келіпті бала сұрап, бәріне де бірдеме депті, бір қатын құры қалыпты. Ол қатын назаланып жылап: «Осынша қатын бәрі алғанда, құдайдың сүймес пендесі мен болғаныма көзіңіз жетті ме?» - деп жылап қоя берген соң, «Бар, бердім!» - депті. Сол бала Жарылғап: Ақтанберді баласы Жанысбай болған екен дейді»,- делінген [99]. Демек Төйте тәуіп лепесімен туған баланың есімін, тегін бәрін дәл көрсетуі- бәрі М.Ж.Көпеевтің бұл материалды сол қаһармандар туып-өскен жердің адамдарынан естігенін аңғартады.

Ал, «Абылай ханның түсі» жазбасында: «Шымкент, Сайрам барып оған Әбдірахман деген сартты ие қылды. Ташкент барып, оған Мырзахмет деген сартты ие қылды. Онан Жизақ үстіне барып, бір Қоңыраттың байы қонақ қылып, сол түні оның бір келіні ұл тауып, ол баланың атын Абылай қойған. Ол Абылай да өсіп-өніп бір тайпа ел болған. Жер ауып жүрген бір Қайып деген ұрпағына сөйлестік» [111], - делінген дерек келтіреді де, әңгіме әрі қарай жалғасын табады.

Бұл үзіндіден хан Абылайдың бір Қоңырат байдың үйіне қонақ болғаны, сол түні оның келіні ұл тауып есіміне бағыштап «Абылай» деп аталатыны сөз болады. Сол Абылайдың өсіп-өнгені, оның бір Қайып деген бір ұрпағынан осы әңгіменің жазылып алынғаны айтылады. Яғни, әңгіме мұнда ауызба-ауыз нақты кімнен жазылып алынғаны, оның әңгіме оқиғасына қаншалықты қатысы бар екені, және де әңгіме Ташкент маңайындағы жерлерден жазылып алынғаны байқалады.

М.Ж.Көпеевтің «Атасының аты білінбей өз аты шыққан ерлер» атты еңбегінде де белгілі бір әңгіменің жазылып алынуына қатысты деректің бірге берілгендігін көреміз: «Қыпшақ Қорлыбай бидің баласы Досболдан, атаға жүйрік дегенмен күн шығыс жұртының біреуі ата сұрапты. Сонда өзінен Адам атаға шейін сырғытып айта беріпті. Адам атаға барғанда, «Адам атасы кім?» - дегенде,



- Адам атасы – Арсалаң, - депті.

Естіп тұрған ғауамдар: -Жарықтың атаға жүйріктігі-ай! Адам атаның атасының атын да біледі, - деген. «Мұндай атаға жүйрік жан тумас», - десіп, дүркірей-ақ жөнеліпті. Ол кісінің айтуы ...» [112]. Көріп отырғанымыздай, М.Ж.Көпеев бұл әңгімені кімнен жазып алғанын нақты дәл көрсетіп отыр. Яғни әңгімені ауызша жеткізуші Қыпшақ Қорлыбай бидің баласы Досбол есімі аталады (тек бұл дерек әдеттегідей шығарманың басында не соңында емес, дәл оқиғаның өрістеген кезі, ортасында жазылған). Бұл М.Ж.Көпеев жинау әдістемесінің бір ерекшелігі екені белгілі.

Келесі «Төлеген ұлы Жанғабыл» әңгімесінің соңында бұл оқиғаның тарихта шын болғанын дәлелі ретінде Кәрібоз ақынның өлеңі кірістірілген:



Кіші жүзге сыя алмай,

Тастай көштің жеріңді.

Төлеген ұлы Жанғабыл

Тоқсан кісіңді өлтіріп,

Бітеу сойып басыңды

Қоқанға берді жеріңді!

Біздіңше, тарихи фактілерді баяндаған осы өлеңге қарап, материалды бізге жеткізушінің екінші бір авторы Кәрібоз деп бағалауға болады. Бұл тұста М.Ж.Көпеев осы тәрізді ел арасында өлеңдер негізінде ауызша таралған әңгімені қара сөзге түсірген болуы керек деп те шамалаймыз. Қалай дегенде де, Кәрібоз өлеңінің қайткенмен, әңгімені жеткізуде белгілі бір рөл атқарғаны анық. Белгілі бір өлеңмен тарихи материал арасындағы сабақтастықты «Шорман би» әңгімесінен де көруге болады. Онда болған оқиға ретінде Қанжығалы: Қоскелді-Досан ақын мен Қаржас: Елтай ақынның сөз қағыстырулары беріліп: «Сонда Елтай ақын:



Керей мен Қанжығалы сен емес пе ең?

Байлаулы бұзауыммен тең емес пе ең?

Кешегі жеті еріңді құнсыз қылған

Балам-ау, әкең Қаржас мен емес пе ем, -

дегенде, Досан ақын дәнеме тауып айта алмай жеңіліп қалыпты», - делінген [113].Міне, бұл айтыс үзіндісі де «Шорман» әңгімесінің негізін құрайтын оқиға желісінің халық арасында өте танымал болғандығын көрсетеді.

М.Ж.Көпеев фольклордың қандай түрін жазып алса да, соған анықтама беріп отырған. Мәселен, ол мақал-мәтелдердің қандай жағдайда, не себептен туғандығына, ел арасында не үшін қолданылатынына, о баста қандай мағына бергендігіне, тіпті қай заманнан бері айтылып жүргендігіне де т.б. назар аудартады. Қолжазбаларының бірінде: «Молдалар», «Құдай сөзі құран айтады», «Пайғамбар сөзі, хадис-шариф мынау», «Хадис-шариф алла жаратады», «Шіп Алутин мен Алайман, хадис-шариф», - делінген айдармен мақал-мәтелдер топтамалары берілген [114]. Бірінде молдалар төңірегінде жиналған мақал-мәтелдер шоғыры орын алса, ал қалғандарында «Хадис-шариф» кітабынан алынған мақал-мәтелдер топтамалары енгізілген. Мұндағы соңғы тақырыпта: «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» мақалының мағынасын қазақ білмейді: «Бұл Хадис-Шарифта» Шіп Алутин мен Алайманның мағынасынан алынған сөз», - деп, оның қандай мағына беретінін де ашып береді. Соның бір көрінісі – біз қарастырып отырған М.Ж. Көпеевтің «Шығасы шықпай, кіресі кірмейді» мақалының шығу төркіні әңгімесі [115]. Әңгіменің қысқаша оқиғасы мынандай: далада келе жатқан жесір әйелдің бір қап ұнын жел ұшырып әкетеді. Соның мәнісін білу үшін Хазірет Дәуіт Ғалейссаламға барады. Ол жауап берудің орнына бірде үш, екіншісінде бес пұт бидай беріп қайтарады. Әр қайтарғанында есік алдында ойнап жүрген Сүлеймен оның ұн алғанға мәз болмауы керектігін, қиянат иесін жауапқа тарту қажет екенін айтып, әйелді қайта әкесіне жұмсайды. «Осы саған далада біреу бір нәрсе үйретіп тұр ма, шыныңды айтшы», - деп Хазірет Дәуіт әйелден сұрағанында, ол үйретуші Дәуіттің он үш жастағы баласы Сүлеймен екенін айтады. Одан әрі Сүлеймен келіп, әкесінің жел әрекетінің себебеін жел иесінен сұраған жөн екенін түсіндіреді. Кейін әкесі Хазірет Дәуіт ғибадатханаға барғанда құдай жіберген періште келіп оған түсінік береді. Сөйтсе, ол қап бидай теңізде батуға таянған бір кемеге ұшырылып апарылып, соның тесігін бітеген екен. Себебі олар құдайға жалбарынып, кемедегі жарты қазынаны жетім-жесірлерге бермекші болыпты. Аяғында кемедегілер соны істепті де, жарты дүниені әйел алыпты. «Шығасы шықпай, кіресі кірмейді» деген сөз содан қалды дейді. Сөйтіп, М.Ж.Көпеев тұрғылықты жері Павлодар облысы Баянауыл төңірегінен, көршілес Ақмола, Көкшетау жерлерінен фольклорды тұрғылықты тәсіл арқылы жинаған.

Қазақ фольклорын тұрғылықты тәсіл арқылы жинаушылардың бірі- Н.Н.Пантусов. ХХ ғасыр басында жариялаған Н.Н.Пантусов жинақтарының кейбір мәтіндері қайдан алынғаны көрсетілмегенмен [116], негізінен, мәтін паспорты беріліп отырылды. Мәселен, Н.Н.Пантусовтың «Қазақ халық әдебиетінің үлгілері» атты жинағын алайық [117]. Мұнда қазақтың 7 ертегісі, ырымдары, бата сөздері, түрлі қарғыс үлгілері, өлеңдер берілген. Жинақ маңыздылығы мәтіндер екі тілде қатар берілген: бірі- түпнұсқа араб әрпімен жинақ соңынан оңнан солға қарай тізбектелсе, екіншісі- аудармасы орыс тілінде берілген. Жинақтың араб әрпіндегі мұқабасында: «Жетісу қазағының арасында жиып алған Николай Пантусов»,- деген дерек бар. Демек, бұл фольклор үлгілерін Н.Н.Пантусов бір елді- мекеннен, яғни Жетісу жерінен тұрғылықты тәсіл арқылы жинағаны анықталады. Мұндағы «Көгершін турасындағы» ертегіні 1905 жылғы 19 қарашада жазып алған Кәрібоз Қаңтарұғлы (руы Құрман) есімі көрсетілген [117, 26 б.]. Ал, «Момынбай мен жеті қарақшы» ертегісін жеткізуші Қапал жерінің қазағы Нысан Кемпрешев екені жазылған [117, 23 б.]. Сондай-ақ қазақ ырымдары да осы Қапал жерінен жиналғаны ескертіледі [117, 35 б.]. Ендеше, Н.Н.Пантусов тұрғылықты бір елді-мекенде фольклорды үздіксіз жинағаны күмән тудырмайды. Одан әрі қазақ өлеңдерін жинастырған. Мұнда Аблайханов екендігі айтылады да, мәтінді орыс тіліне аударған К.Чигиров есімін Н.Н.Пантусов жазады [117, 55 б.]. Демек, бұл тұрғылықты жинау барысында Н.Н.Пантусов жергілікті жердің оқыған азаматтары Кәрібоз Қаңтарұлы, Нысан Кемпрешев, Мұртаза Аблайхановтардың көмегіне сүйенгені анықталды.

Жергілікті жердегі ақындармен бірге халық ауыз әдебиетін жинау жұмысына бұрыннан бұл іске әуестеніп жүрген адамдар да ат салысады. Фольклордың жеке бір жанры, немесе белгілі бір тақырыбы төңірегінде жинау жұмысын жүргізетін адамдар да табылып отырды. Мәселен, белгілі тілші – ғалым Сәрсен Аманжолов жұмбақтарды жинады [118]. Жазушы Сапарғали Бегалин көп жыл бойына Жамбыл жөніндегі материалдарды жинап, халық арасына кеңінен тараған ақын шығармаларын жазып алды. Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы жайында С.Бегалиннің ел арасынан жинап алғаны қазіргі кезге дейін ақынның Қазан төңкерісіне дейінгі өмірбаянын толықтыратын мәліметтер болып табылады [119]. Ә.Марғұлан, М.Хакімжанова, Б.Жақыпбаев, Қ.Данияров, Қыздарбек Қазыбеков, Ф.Ғабитова, Ә.Қоңыратбаев т.б. адамдар көптеген эпосты, ақындардың әр түрлі шығармаларын, халықтың шешендік сөздерін ел аузынан жазып алды.

1934 жылы 30 сентябрьде Қазақстан Коммунистік партиясының өлкелік комитеті ақындарға жәрдем көрсету жөнінде арнаулы қаулы шығарды. Қаулыда ақындардың басын қосып отыруы, жазушыларымыз оларды қамқорлыққа алуы жайлы шаралар белгіленген. Жедел істеуге тиісті жұмыстардың бірі ретінде ақындар слетін шақыру ұйғарылған. Ақындардың республикалық слеті бірінші рет 1934 жылы, онан кейін 1936 жылы өткізілді. Ал 1941, 1942, 1943, 1944 жылдарда шақырылған слеттердің де ақындар үшін маңызы орасан зор болды. Қазақтың ауыз әдебиетін дамыта түсуге Ұлы Отан соғысы кезінде ұйымдастырылған айтыстар, қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндектері көп көмегін тигізді. Ақындар бірімен бірі байланыс жасап, пікір алысып отыруына мол мүмкіндіктер туды. Жазушылар мен фольклористер ауыз әдебиетін дамыту ісіне белсенді түрде араласты. Қазақстан жазушыларының екінші съезінде сөйлеген сөзінде жазушы Л.Соболев ақындарға қамқорлық жасау жөнінде айта келіп: «Ақындардың саяси, мәдени дәрежесін көтеруіміз керек. Бұл жұмысты кәдімгідей дағдыға сіңіріп қалыптастыру қажет» [120],- деп көрсетті.

Қазақтың халық ақындарының мұрасын жинау арқылы, олардың өмір сүріп келген жергілікті жерлерінің фольклорын да қағазға түсіріп отыру мүмкіндігі туды. Жазушылар мен фольклортанушылардың бірігіп жұмыс істеу нәтижесінде елге атағы шыққан: Жамбыл, Нұрпейіс, Мұрын жырау сияқты ақын, жыраулардың көп материал білетіндігі анықталды. Олардың Қазан төңкерісіне дейінгі шығармашылығын айқындаудың үстіне, совет дәуірінде шығарған өлең, жырларын жазып алу басталды. Мәселен, Жамбыл ақыннан оның Құлмамбетпен, Сарбаспен, Досмағамбетпен, Шашубай т.б. ақындармен айтыстары, Өтеген, Сұраншы жайындағы поэмалары, өткен ғасырда және осы заманда шығарған толып жатқан жыр, толғаулары жазылып алынды. Жамбылдың 1936 жылдан бастап айтқан шығармаларын ақынның әдеби хатшылары (Т.Жароков, Ғ.Орманов, Ә.Тәжібаев, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Сатыбалдин) мұқият жазып алып отырды. Қарт жыршы Мұрын- жыраудан көлемді 35 эпикалық шығарма («Қырымның қырық батырынан») жазылып алынды.

Нұрпейіс Байғанин шығармаларын жинау, жазып алу жұмысы 1938 жылы жүргізіле бастады. Алдымен ақынның әдеби секретарьлары Іскендір Ахметов, Қуандық Шаңғытбаев арқылы, кейіннен Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтының Халық творчествосы бөлімі арқылы жүргізілді. Нұрпейістің айтып, жырлап қалдырған әдеби мұрасы мол. Ал, «Қобыланды», «Құбығұл» немесе «Аққкенже», «Нарқыз», «Өрістеген өмір» атты дастандарының өзі тек 1939 жылдан бері ғана қағазға түсті.

Мұрын Сеңгірбаевтың туып-өскен жері қазіргі Атырау облысы, Каспий теңізіндегі Маңғыстау түбегі. Ол 18 жасынан бастап «Қырық батыр» жырын айта бастаған. Ендеше бұл халық ақындарының мәдени мұрасын жинау кезінде, оларды үздіксіз жырлап өткен тұрғылықты елді-мекенінің фольклоры да тұрғылықты тәсіл арқылы қамтылды.

Қазақ көркем әдебиет баспасынан 1935 жылы Ө.Тұрманжанов жинаған «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» жинағы төрт мыңнан астам үлгілерді қамтиды. 1937 жылы «Социалды Қазақстан» газеті (3 октябрь күнгі), 1941 жылы «Жаңа жазу» газеті (19 июнь күнгі) беттерінде Қазақ ССР Ғылым академиясы филиалының Жамбыл атындағы әдебиет секторы жинаған бір топ мақал-мәтелдер басылды. Сонымен қатар мақалдардың аса көп жиналған тұсы Ұлы Отан соғысы кезі [121]. Бұлардың біразы 1943 жылы жеке жинақ болып басылды [122]. Бұл мақал-мәтелдердің қалай, кімнен, қашан жиналғаны жөнінде ақпарат көздері, өкінішке орай, көрсетілмеген.

Қорыта айтқанда, ХХ ғасырдың алғашқы жартысында фольклорды тұрғылықты тәсіл арқылы жинаудың ұтымды жақтары көп болды: біріншіден, тұрақты бір елді- мекенде тұрып, фольклорды сол маңайдан үзіліссіз, үнемі жинайды. Екіншіден, фольклордың барлық жанрлары асықпай іздестіріліп, қағазға мұқият түсіріледі. Үшіншіден, бұл жұмысқа жергілікті халық ортасынан шыққан азаматтары, не олардың туысқандары т.б. тартылады. Сондай-ақ жинаушы хабаршы-тілшілердің де көмегіне сүйенеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет