Аш ішектегі сіңірілу үрдісінің гистофизиологиясы. Ішек бүрлері аш ішектегі қабырғалық ас қорыту мен сіңіру үрдісін қамтамасыз ететін негізгі құрылымдар болып табылады. Бұл үрдісте ішек криптілері де елеулі қызмет атқарады. Ферменттердің әсерімен ыдыраған қоректік заттар бүрлердің бағаналы эпителиоциттеріне өтеді де, сол жерде бірқатар өзгерістерге ұшырайды. Содан соң олар шырышты қабықшаның меншікті табақшасы арқылы қан капиллярларына (ақуыздар, көмірсулар) немесе лимфа капиллярларына (майлар) өтеді. Бүр стромасында орналасқан жазық бұлшықет жасушалары жиырылған кезде, сіңірілген заттар осының әсерінен кеңейетін тамырларға өтуге мүмкіндік алады. Ішек бүрлері жазылғанда, қоректік заттар тағы да эпителий арқылы олардың стромасына өтеді, ал капилляр қайтадан қанмен толығады. Минут сайын әр бүр шамамен 4-6 рет жиырылады. Ішек бүрлерінің неғұрлым белсенді әрекеті сіңірілу үрдісінің үстінде байқалады. Аштық кезінде олардың қозғалысы тежеледі. Бір минут ішінде жеке алынған бүр химустан 0,03 куб.мм шамасындағы затты сіңіре алады. Аш ішекте 1,4 млн. бүр болса, онда минутына олар арқылы шамамен 45 куб. см қоректік зат сіңірілуі мүмкін.
Майлардың сіңірілуі ішек бүрінің ұшында басталып, оның табанына қарай таралады. Әуелі (тәжірибе жасалатын жануарды қоректендіргеннен кейін 20 минуттен соң) майдың ұсақ тамшылары (хиломикрондар) – бағаналы эпителиоциттің жолақты жиегінде, дәлірек айтқанда, оның микробүрлерінің арасындағы кеңістікте, сондай-ақ жасуша цитоплазмасының шеткері аймағында, жиекше астында орналасады. Бұл жерде олар липазалардың әсеріне ұшырайды. Оның барысында холинэстераза мен холинэстериннің көмегімен эстерленіп, жасуша жақсы сіңіретін холестерин эфиріне айнала алатын глицерин мен еркін май қышқылдары түзіледі. Жасуша қабаты арқылы өткеннен кейін, холестерин эфирі ыдырайды да, соның нәтижесінде еркін май қышқылы пайда болады. Олар жасушаға сіңген глицеринмен қайтадан қосылып, май тамшыларын құрайды. Глицерин мен май қышқылдарынан бейтарап майды синтездеуде эпителиоциттің митохондриялары, Гольджи кешені маңызды роль атқарады.
Сипатталған үрдіспен қатар бағаналы эпителиоциттердің эмульгирленген майды тікелей сіңіру мүмкіндігі жөнінде мағлұматтар бар. Содан соң хиломикрондар жасушаның базальдық бөлігіне ығыса бастайды. Біраз кейінірек (эксперимент басталғаннан 30 минут – 1 сағаттан соң) майдың ірі тамшылары ядро үстіндегі Гольджи кешені орналасқан цитоплазма аймағында байқалады.
Аш ішекке ақуыздың сіңірілу үрдісінің гистофизиологиясы аз зерттелген. Белоктық қосындыларды тек ұрық пен нәрестелердің ғана ішек эпителийінен көруге болады. Олардың бағаналы эпителиоциттерде пайда болуы, шамасы ұрықтың амниотикалық сұйықтықты жұтуымен түсіндіріледі.
Аш ішектегі көмірсулардың сіңірілуі бағаналы эпителиоциттердің гликогенді фосфорлау – гексоздарды фосфор қышқылының эфиріне айналдыру жолымен синтездеу қабілетіне байланысты болуы ықтимал. Ұрықтың аш ішек бүрлерінің эпителиоциттерінде гликогендердің көп мөлшері болады. Гликогеннің ересектердің аш ішек эпителиоциттерінде пайда болуы ішектерге көп мөлшерде қант түскен жағдайда ғана байқалады. Ол эпителиоциттердің жолақты жиегіндегі түйіршіктер түрінде көрінеді. Жасушалардың жиегінде және апикальды бөліктерінде көмірсуларды ыдырату мен сіңіру үрдістеріне қатысатын сілтілі және қышқыл фосфатаза мен фосфоамидаза бар. Эпителиоциттер арқылы сіңірілген қарапайым қанттар (негізінен – глюкоза) содан соң қан капиллярларына құйылады. Ішек эпителийі арқылы құрамында еріген минеральдық заттары бар судың, витаминдердің және басқа заттардың сіңірілуі жүзеге асады.
Достарыңызбен бөлісу: |