Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы М. О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер Институты



бет6/15
Дата09.06.2016
өлшемі1.11 Mb.
#123858
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

ШОРМАН МЕН ҚҰДАЙМЕНДЕ

Шорман би бозбала күнінде Қуандық еліне жоқ іздеп барады. Бір байдың үйіне қонып, ел жайьш сұрап отырып, өзінің жоқ іздеп келе жатқанын айтады. Сонда бай айтады:

Әй, шырағым-ай! Жоғыңның жөні болмайды-ау, се-бебі Қуандық елін билеп тұрған Құдайменде төренің жал­ғыз баласы өліп, үш күн болды ас ішпей қайғырып жатыр. Басын көтермейді, көзін ашпайды, ешбір адам көңіл айтуға бата алмайды.



Меймандар байдың үйіне қонып, ертең төренің үйіне аттанады. Ауылға жақын қалғанда аттарынан түседі. Атта-рын тұсап, жаяулап келе жатқан бір топ адамды көрген бір кісі, төреге хабар береді.

Сірә, жат адамдар болу керек, аттарын алысқа тұ-сап, он шақты адам жаяулап келе жатыр,дегенде төре бір көтеріліп, бір жатады. Жолаушылар үйге кіріп, торге отырып, құран оқиды.



Шорман былай деп көңіл айтады:

Уа, сен Құдайменде төресің,



Хақтың әміріне көнесің.

Жалғыз балаң өліп

Құдай сені көріпті.

Түпкі атаң Барақ хан,

Елді заңына қаратқан,

О да өткен дүниеден.

Екінші атаң Мейір хан,

Тентек пенен тебінді

Төрелік беріп айырған,

О да өткен дүниеден.

Үшінші атаң Тұрсын хан,

Өтірік айтқан қымсыңған,

О да өткен дүниеден.

Төртінші атаң Қасым хан

Аруағы басым хан.

О да өткен дүниеден.

Дүние деген фанидың

Өзі де өтер дүниеден.

Дос көтерер көңілді,

Мал көтерер өлімді.

Қайғырғанмен келмейді,

Ажалсыз пенде өлмейді.

Басыңды көтер хан төрем, Күйзелтпе бүйтіп еліңді, Өлемін десең міне пышақ, Өлмеймін десең тұрып бақ!

Сонда хан басын көтеріп алып:

  • Көз таңбалы Сүйіндікте Шорман атты бір ұл бар деп еді, соның өзімісің, өзгемісің?:депті.

  • Болсақ болармыз,депті Шорман.



ҚАЙҒЫСЫЗ, МҰҢСЫЗ ЖАН БАР МА?

Сандыбай өлгенде, бәйбішесі қайғырып жатып алыпты. Көңіл айтып жұбатқандардың сөзін құлағына ілмепті. Бір күні Шорман келсе де, бәйбіше күрсініп жата беріпті.

Сонда Шорманның айтқан көңілі екен:

Жатырмысың қайғырып,



Өтіп кеткен Абыланға.

Алладан бұйрық келгенде,

Кім тұрады жалғанда?

Қайғысыз, мұңсыз жан бар ма?

Талайы қалған арманда.

Айтатұғын сөз бар ма,

Бір жаратқан алғанда?

Әзелда жазған дағдырды

Бір жаратқан бұзған ба!

Үш жүздің анасы емес пе едің,

Өзің көңіл айтсаңшы,

Біздей жетім қалғанға!

Сонда бәйбіше «ә, солай ма?»— деп басын көтеріп Шорманмен амандасқан екен.
ӨЛІМДІ ЕР КӨТЕРЕДІ

Ерден бидің Бимырза деген баласы өліп, соған Шо-қай мен Досбол көңіл айтуға барады. Есіктен кіре бере Шоқай мына сөзді айтады:

Ассалаумағалейкум Ерден!



Кеткенің бе керден?

Аруаққа шет болма,

Басыңды көтер жерден.

Көрісейін деп келдім

Қолыңды әкел бермен!

Әкең Сандыбай да өлген,

Оны да мына Шоқай көрген,

Жақсының басына іс түссе,

Жасымайды, бойлай береді.

Жаманның басына іс түссе,

Күндіз-түні ойлай береді.

Көкті бу көтереді,

Жерді су көтереді.

Жүйрікті ду көтереді.

Жүкті нар көтереді,

Өлімді ер көтереді,

Болмаса қас патша мен хан көтереді.

Сен қарадан туған хан емес пе едің,

Айырдан туған нар емес пе едің?!

Сонда Досбол айтқан екен:

Өлмесе қайда кетті



Бүрынғыңың кәрісі?

Жер жүзін жұтса да,

Тоя ма қара жердің талысы.

Ерден-ау! Өткенге өкінбе,

Келмеске кейіме,

Өлім деген ұзақ жолдың алысы.
УА, ЕРДЕН!

Ерденнің Байменде деген баласы өлгенде Асаубай ше-шеннің айтқан көңілі

Ассалаумағалейкум, уа, Ерден!



Осы балаң өлмесе,

Кетіп едің керден.

Қазаға қарсылық қылмай,

Басыңды көтер жерден.

Көрмегелі көп болды,

Көрісейік кел, бермен.

Балаңды алған құдай ғой,

Өзі алып, өзі берген.

Мен Асаубай досыңмын,

Бұған дұға қыла келген.

Уа, еріп келген қасымда

Құдағи мен құдаң бар.

Өзі берсе, өзі алған,

Тағдырына алланың, .

Сабыр етіп шыдаңдар.

Азаға арнап әкелген,

Тоғыз шұбар құнан бар.

Және азаға әкелген,

Көрген жан қарап тұрғандай

Алты шұбар атым бар.

Айтатұғын датым бар.

Байменде өлсе артында,

Бименде сынды балаң бар.

Тоқтатпаса беруін,

Артьшан үміт және бар.

Екі айғырдың терісін

Біріктіріп істеген,

Нарға артып әкелген,

Екі мойынды саба бар.

Тағы сізге әкелген,

Жаннат ішік, кілем бар.

Басы құндыз болғанда,

Тоғыз түрлі бұйым бар.

Елдің бірін қалдырмай,

Тегіс бәрін жиындар.

Қымызым менің жетеді, ,

Алып келіп құйындар.

Халық көрсін көзімең,

Әкелген сондай сыйым бар.

Төсектен басын Ерден көтеріпті. Сонда шешен былай депті:

Уа, Ерден!



Сағасынан сынар ма,

Алмас қылыш болатың.

Қайырылып сенің қалды ма,

Топшыңнан тиіп қанатың.

Ерлерге зауал кездессе,

Жуан созьшып,

Жіңішке үзіліп қалатын.

Кұс қанатымен ұшып,

Кұйрығымен қонатын.

Баланың қатты қайғысы,

Өзегінді өртеп жанатын.

Жазулы "тағдыр жеткенде,

Жақсы-жаман, кәрі-жас,

Уақытынан асырмай,

Темір үйге қамап қойсаң да

Аманатын алла алатын,

деген екен.
TҰЛПАР БАР МА ТҰЯҒЫ МАЙРЫЛМАҒАН?

Қайтқан баласына қайғырып жатып алған Әпеке биге Орынбай ақынның айтқан көңілі

Тұлпар бар ма, тұяғы.майрылмаған,



Сұңқар бар ма қияғы қайрылмаған?

Адамға тағдыр, ажал жеткен шақта,

Кімдерден кімдер жылап айрылмаған.

Бауыры бүтін сау бар ма, Өлімнен үлкен жау бар ма? Пұлсыз берді, құнсыз алды, Бұған айтар дау бар ма?

Тірлікте бірлік ізде жанға сая,

Ұкпасқа айтқан сөзің болар зая.

Бақиға жеткен қайта келмес болар,

Келмеске жылаған көздің жасы зая.
САБЫРЛЫҚ КЕРЕК ҚАЗАҒА

Кәрібай Жүсіпұлының Жанай, Досай деген өндірдей екі ұлы жас күнінде қайтыс болып, артында қалған қарын-дасы Шария жоқтап жылай беріпті. Қызы егіліп зарлай берген соң әкесі Кәрібай былай деп көңіл айтқан екен:

Сабырлық қыл жылама,



Өлшеулі өмір. тұра ма?

Жылағанмен, шырағым,

Жаның басқа шыға ма?

Тыңда мұны құлақ сал, ,

Артық туған үздік-ақ.

Топырағы торқа боп,

Жарылқасын жалғыз хақ.

Қайғырар бұған туыс, дос,

Жетесі жаман жуыспас.

Қараңғы қабірі нұр болсын,

Шырылдап өткен қыршын жас.

Сабырлық керек Шарияжан,

Ойлауы болмас пенденің.

Қайғылы өмір босқа өтер,

Қайғыға көңіл бермегін.

ШЕШЕНДІК ТОЛҒАУ СӨЗДЕР

Б¥Л ДҮНИЕДЕ НЕ ЖЕТІМ?

:— Бул дүниеде не жетім?

Санай берсең көп жетім.

Үйрек, қаз қалқып ұшпаса,

Дария шалқар кел жетім. Е

л жағалай қонбаса,

Бетегелі бел жетім.

Ұлығы әділ болмаса,

Төресін түзу бермесе,

Болады байтақ ел жетім.

Өз бетімен білмесе,

Айтқан сөзге ермесе,

¥қпасқа айтқан сөз жетім.

Замандасы болмаса,

Өңкей жастың ішінде

Қария болар тез жетім.

Қара қасты, қыпша бел

Сыландаса алдыңда,

Сөзіңді қабыл алмаса,

Құр қараған кез жетім.

Еңбегі еш, тұзы сор,

Көргенсіз болса қатыны,

Өмір бойы ер жетім.

Жаман болса барғаны,

Ішінде көп арманы

Наданға барған жақсы әйел,

Білер болсаң бұл жетім.

Бабын білмей иесі

Аяғына қан түскен,

Ұлы дүбір жиынға

Қосылмаған ат жетім.

Дүниеден өтсе данышпан,

Жүйріктермен жарысқан,

Оқитын ие болмаса,

Жазулы қалған хат жетім.
БҮЛ ДҮНИЕДЕ НЕ ЖАМАН?

Біріншіден не жаман —

Білімсіз туған ұл жаман,

Екіншіден не жаман —

Ененің тілін алмаған, Т

ілазар туған қыз жаман.

Үшіншіден не жаман

Үшкіліксіз пішкен тон жаман.

Төртіншіден не жаман

Төресін әділ бермеген,

Парақор болған би жаман.

Бесіншіден не жаман

Бес уақты ақ намаз

Қаза болған сол жаман.

Алтыншыда не жаман

Алтын тақтың үстіне

Толықпай мінген хан жаман.

Жетіншіде не жаман —

Жеткіншектен оқ тиіп,

Жер таянған сол жамап.

Сегізінші не жаман —

Серке санды ат мініп,

Ат құйрығын шарт түйіп,

Жоқ қараған сол жаман.

Тоғызыншы не жамап

Толықпай түскен жар жаман.

Он дегенде не жаман —

Оймақ ауыз, қиғаш қас,

Жазық маңдай, қара шаш

Бір перзентке зар болса,

Бәрінен де сол жаман.


БАЙҚАСАҢ, ЖАҚСЫ ҚАНДАЙ, ЖАМАН ҚАНДАЙ!

Асып тұрған жақсыны

Алыс қой деп ойлама.

Ақылсыз туған жаманды

Жақыным дел ойлама.

Атам бар деп мақтанба,

Топта айтар сөзі жоқ болса,

Балам бар деп мақтанба,

Ақылсыз туған боқ болса,

Ағайыным бар деп мақтанба,

Дос пен дүшпан келгенде

Қарасары жоқ болса.

Ер жігіттің болгісі

Қара бура нармен тең

Талапсыз ердің тірлігі

Қара топырақ жермен тең.

Саясы жоқ бәйтерек

Сазға біткен талмен тең.

Пайдасы жоқ көп байлар

Арам өлген малмен тең.

Жетесі жаман бозбала,

Тоқсанға келген шалмен тең.

Талапты жігіт нармен тең,

Білімді жігіт нұрмен тең.

Жаманды көп деп санама,

Мың болса да бірмен тең.

Көңілі жерде данышпан

Сәулесі түскен түнмен тең.

Талапты туған ер жігіт,

Жарлы да болса баймен тең.

Басыңнан тайса бақ-дәулет,

Жандай досың жатпен тең.

Басыңнан бағың тайса,

Араз болып ағаң келмес,

Наразы болып балаң келмес.

Абыройың басыңнан тайған күні,

Шын сөзінді айтуға шамаң келмес.

Араз боп бірге туған інің келмес,

Топқа барсаң бұрынғыдай түрің келмес.

Бағың тоқтап, маңдайың қайтқан күні,

Аттап басқан аяғың кейін кетіп,

Сандуғаштай сайрауға тілің келмес.

Байқасаң жақсы қандай, жаман қандай,

Жанды кинап, жүрмеген шабан қандай.

Абыройың басында тұрған кезде

Көпке сөзің қадірлі шекер балдай.

Ақылды күлкі де жоқ, ашу да жоқ,

Кемдік көрсе тарылып сасу да жоқ.

Басына қап тауындай бақыт қонса,

Шарасындай шалқиып асу да жоқ.
Б И IK ТАУҒА ЖАРАСҚАН

Алтай Байдалы айтқан деген сөздер

Биік тауға жарасқан

Басындағы обасы.

Өзен-суға жарасқан

Жағалай біткен қоғасы.

Рулы елге жарасқан

Үлгі айтатын ағасы.

Бәйбішеге жарасқан

Орнықты қара сабасы.

Келіншекке жарасқан

Емізген ұл баласы.

Балалыққа жарасқан

Өнегелі анасы.

Ер жігітке жарасқан

Қолындағы найзасы.

Жақсы болса азамат

Еліне тиер пайдасы.
Ердің «білдім» дегені,

Басына салған ойраны.

Көпке сөзін бергені

Тастан соққан қорғаны.

Өсек басты болады,

Қыздың жасқа толғаны.

Жан түршігер жаман іс,

Ағайын ала болғаны...

Бірінші тілеу тілеңіз,

Бір тәңірге жазбасқа.

Екінші тілеу тілеңіз,

Адам тіліне азбасқа.

Үшінші тілеу тілеңіз,

Пәледен нақақ күймеске,

Төртінші тілеу тілеңіз,

Білімсіз таққа мінбеске.

Бесінші тілеу тілеңіз,

Қатардан кейін қалмасқа.

Алтыншы тілеу тілеңіз,

Ақымақ тілін алмасқа.

Жетінші тілсу тілеңіз,

Атадан алтау тудым деп,

Жалғызға жара салмасқа.

***
Жау көңілін қылышпен басқан жігіт,

Батыр емей немене асқан жігіт?

Жау дегенде найза алып шыға алмаған,

Қорқақ емей немене сасқан жігіт!

Ердің ерін сынайтын майдан жерден,

Қатын емей немене қашқан жігіт!

Мың жылқылы байыңа пысқыра ма,

Оразасын үйінен ашқан жігіт!..

ТҮНДІ ҚАНША МАҚТАСАҢ...

Түнді қанша мақтасаң,

Жарқырап атқан таң болмас.

Тәңірі берген жігітке,

Қойды бақса қор болмас.

Құдай жаман жаратса,

Қанша созса зор болмас,

Құзғын қарға жиылып,

Намыстанса қаз болмас,

Отқа салып илесең,

Алтын, сірә, жез болмас.

Аяққа шұлғау қылсаң да,

Асыл жібек без болмас.

ТАУҒА БІТКЕН ҚАЙЫҢНЫҢ

Беріш Есет батыр айтқан деген сөз

Тауға біткен қайыңның,

Солқылдар басы жел өтсе.

Тоғайға біткен жоңышқа,

Салқын тартар күн өтсе.

Ерні салпы ер аты,

Семірмес қайта ер өтсе.

Еңкейіңкі тартады,

Ер қолынан мал кетсе.

Арбадан үркіп жаман ат,

Ер салдырмас жал бітсе.

Тілеп алған ұлдарың,

Тіл алмайды ер жетсе.

Хан қайрылып қараған,

Би бұрылып жөн сұраған,

Көркі болмас арудың,

Екі он бестен жасы өтсе.

Сылдырлап белін шешінген,

Назданып аяқ көсілген,

Алғаныңа жандарым,

Қадірің кетер күн болар,

Ер қартайып, жас жетсе.

Қатарға мінсең қайыспас,

Қас қара нар мен едім.

Шабуыл шапса, шаршамас,

Шынайы тұлпар мен едім.

Қасарысып келгенде,

Қап тубіне сыймағаң,

Таза болат мен едім.

Қаймақтап ұшқан қу ілген,

Анық сұңқар мен едім.

Тегеурінім теріс біткен,

Тепсем жілік сындырған,

Қыран бүркіт мен едім,

Қартайдым да қор болдым,

Күн сенікі жастарым,

Көріп-біліп бастадым.

Кәрілікке жеткізсе,

Талайды көрер бастарың.

Заманымда өзімнің,

Жасанысқан жау көрдім,

Белсеніскен дау көрдім.

Үрікпедім де саспадым.

Бірі өтірік болмасын,

Табаным тайып қашпадым.

Тәуекел ердің жолдасы,

Тілектес болғаи дос-жарым.

Сол дәулеттің түсыида,

Самарханды сапырып,

Шапқан шөптей жапырып

Аспадым да тоспадым,

Қанды көйлек жолдасты,

Сары алтындай сақтадым

Менің көрген затым бұл,

Төкпей-шашпай қолданып

Ортаға сүйреп тастадым!

ҚАРА ЖЕРДІ ЖАМАНДАМА

Айдабол Торайғыр айтты деген сөз

Қара жерді жамандама,

Кіретұғын інінді.

Қауым жұртты жамандама,

Көп табады мінінді.

Білгендерді жамандама,

Басшы болар пірінді.

Өзің білмесең,

Білгендерден үйрен,

Қырымнан іздеп барсаң да,

Жалғыз ауыз білімді.

* * *.

Жақсыдан жаман туады,

Бір аяқ асқа алғысыз.

Жаманнан жақсы туады,

Адам айтса нанғысыз,

Кедейде де кедей бар,

Байға көңілін бергісіз.

Байларда да байлар бар,

Кедей қатарға алғысыз.

Шыныңменен «айт» десең,

Осындай сөзден сөйлейін

Құлағыңнан қалғысыз.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет