7-дәріс. Ғылым дамуы мен тарихы
7.1.Ғылымның пайда болуы.
7.2.Ғылымның даму алғышарттары мен себептері.
7.3.Ғылымның даму жолдары.
Бүгінгі әлемде қоғам дамуының басты ерекшелігі – дүниені танудағы жаңа ашылымдар мен жетістіктер негізі. Адамның ойлап табу қызметінің нәтижесінде қоғам пайда болуымен қатар техника, одан кейін ғылым дүниеге келді. Қазір постклассикалық емес ғылымды қалыптастыру өтіп жатыр. Олар өздеріне Батыс және Шығыс мәдениетінің эвристикалық потенциалын және жүйеленген математикалық жаратылыстану жетістіктерін игеруде. Бір жағынан өмірге биотехнология жаңа қарқынмен қадам басса, екінші жағынан, компьтерлік, ақпараттық революция басталуда. Тағы бір мәселе - экологиялық, энергетикалық, демографика-лық революцияны қалай тоқтатсақ дегенге келіп саяды.
Ғылымның пайда болуы – күрделі және көпжақ үдеріс. Ғылым бірқатар факторлар байланысы мен нақтылығын ұсынады. 1. Ғылым рухани және материалды мәдениет дамуының нақты алғышарттарынсыз қалыптасуы мүмкін емес. 2. Теориялық сана формасы ретінде ғылымның дамуы мәдениеттің дамуындағы революциямен сапалы өзгерістер болып табылады. Ғылым генезисін талдау аталмыш процестің екі жақтылығын да есепке алуды талап етеді. Осы тұста көңіл аударатынымыз ғылым әрқашанда қоғамдық-тарихи сипатқа ие. Жалпы алғанда ол нақты тарихи жағдайлар барысында жүзеге асады.
Атақты жаратылыстанушылар ғылым тарихы мен оны оқытудың эвристикалық мағынасын әрқашанда ерекше атап өтетін болған. Ғылым тарихының сондай-ақ методологиялық, дүниетанымдық маңызы бар. Көп жағдайда білімдерді жеткізудің тарихи жолы ең нәтижелісі болып табылады. Бұл адамның табиғатты тану барысында, ғылымның қалай дамитыны, жаңа идеялардың қалай туындайтыны, ғалымның қандай түбегейлі қиындықтарды шешуге мәжбүр болатыны жөнінде дұрыс түсінік беруге мүмкіндік жасайды.
Ғылыми танымның нақты салалары тарихының маңызы жөнінде мәселеге көңіл аударайық, мысалы физиканың. Физиканың тарихын зерттеудің үлкен теориялық маңызы бар. Себебі, физика ақпараттың екі түрін өңдейді және пайдаланады:
1) Ғылыми зерттеулердің қазіргі заманғы нәтижелері жөнінде және
2) Физикалық білімдер дамуының тарихы жөнінде. Физикалық зерттеулердің жаңа нәтижелері жөнінде ақпарат, оларды сыни талдаудың практикалық маңызы мынада: бұл материал зерттеу жұмысын ары қарай дамытуға тікелей септігін тигізеді. Физика дамуының тарихи процесі жөнінде ақпараттың және фактілерді талдаудың теориялық маңызы бар, себебі олар жаңа табыстарды неғұрлым терең түсіну үшін физиканың эволюциясының жолдарын алдын-ала көру үшін негіз қалайды. Физика тарихының маңызы кейде бағаланбай жатады, себебі, қазіргі замандық физиканың табыстары ұлан-ғайыр және таңқалдырарлық. Ал, бұрын алынған нәтижелер кейде маңызсыз болып көрінеді. Соңғы жағдай бізді адастырмауы тиіс. Физика тарихының теориялық маңызы ғасырлар бойы жинақталған зерттеу тәжірибесін сыни талдаудан және осы негізде қазіргі замандық физиканың дұрыс және терең тұғырнамасын қалыптастыраудан көрінеді. Физика ғылымының тарихи дамуы барысында жаңа идеялар, нормалар, талаптар жасалады. Мысалы, кванттық механика, салыстырмалы теориясы қалыптастыру процесінде ғылыми ізденістің философиялық негіздері, әлемнің ғылыми бейнесі, методологиялық бағдарлар, мысалы, (қосымшалық, симметрия, сабақтастық, белгісіздік, бақылану және бақыланбау және т.б ұстанымдары) қалыптасады. Ғылыми дүниетаным, әдептілік, адамгершілік қасиеттерді жасауға ықпал етеді. Ғылым тарихының тікелей эвристикалық ролін санамағанда, оны білу ғылым сүйенетін негізгі ұстанымдарды, пайымдауларды неғұрлым түсіну үшін де маңызды. Масса, күш, өріс, вакуум, физикалық кеңістік, уақыт және тағы басқа ұғымдарды зерттеуге осы негізгі физикалық ұғымдар мен шамалар жөнінде бара-бар түсінікті тек қана тарихи бағамның беретінін дәледеп жатудың қажеті жоқ шығар.
Адамның әлем, оның заңдылықтары жөнінде білімдері күрделі, ұзақ, қарама-қайшы таным процесінің нәтижесі болып табылады. Білімін нақтылау, толықтыру жолында адамзат сауатсыздықтан білімге ұзақ және қиын жол кешеді. Сонымен ғылымның өз алдына тарихы бар, ал біздің біліміміз тарихи сипатқа ие. Шын мәнісінде әр зерттеуші қарастырып отырған мәселесінің өзіне дейін қаншалықты зерттелінгенін жақсы білуі керек. Ол алдыңғы зерттеушілердің нәтижелерін сынай бағалауы тиіс. Басқаша айтқанда, ол тарихшы жұмысын атқарып шығуы керек. Яғни, жинақталған білім мен оны ұрпақтан ұрпаққа қалдыру жүзеге асады. Танымның даму процесін, оның динамикасын және ерекше ғылым міндетін - ғылым тарихы құрайды. Ғылымның негізгі мақсаты – объективті шындықтың пәндік саласының заңдарын ашу. Ғылым тарихының негізгі міндеті ғылым дамуын басқаратын заңдарды ашу үшін қалыптасады
Ғылымның тарихын, сырттай, көрнекті дана ойшылдар еңбектерінің нәтижесі деп айтуға болады. Бәріне белгілі ғылым – ол адамдардың шығармашылық, танымдық еңбектерінің жемісі. Бірақ ғылымның дамуы маңызды роль атқаратын белгілі бір тарихи жағдайда өтеді. Ғылымның пайда болуы мен дамуы материалдық өндіріспен байланысын ерекше атап өткен жөн. Экономикалық жағдай, қоғамдық өндірістің тәсілі бүкіл қоғам өмірі, соның ішінде ғылымға да қажетті негіз болады.
Ғылым әлеуметтік институт ретінде қоғамдық өндірістің, өндірістік күштердің дамуын жеделдетуіне және ынталандыруға ықпал етеді. Ғылымның өзі өндірістік күшке айналады. Ғылым мен өндірістің байланысы тарихи құбылыс, әрі олардың дамуы да бір-бірімен сабақтас. Ғылым дамуы, соның ішінде физика, биология, химия ғылымдарының заңдылықтарын зерттеуге үлкен ғылыми мән беруге ерекше көңіл бөлген жөн. Сондықтанда, ғылым дамуының заңдарын зерттеу мәселесі өзекті және ол өмірге жаңа ғылымның бөлшегі – ғылымтанудың пайда болуына әсер етті. Ол – ғылымның міндеті мен даму заңдылықтарын, ғылыми іс-әрекеттің құрылымы мен динамикасын, ғылымның материалдық және рухани өмірдің басқа салалармен байланысын зерттейді. Ол ХХ – ғасырдың 30-шы жылдры пайда болды. Ал 60 жылдары СССР-да, АҚШ-та және басқа мемлекеттерде зерттеудің жеке саласы ретінде қалыптасты.
Ғылымның дамуына екі заңдылық тән: бір жағынан, әр тарихи кезеңдерде өзінің жетістіктерінің мөлшерін белгілеп отырады және әрбір нәтижесі оның ортақ қорының ажырамас бөлігі болып табылады. Жаңа фактілер мен жаңалықтар қайта қаралады және нақтыланады. Екінші жағынан ғылымның даму процесі оның құрылымына әсер етеді. Әр тарихи кезеңде ғылыми таным белгілі бір танымдық формалардың жиынтығын-түбегейлі категориялары мен түсінігі, әдістері, принциптері мен түсіндіру сызбасын пайдаланады. Мысалы, антикалық ойлаудың негізгі білім алу тәсілі, ол – бақылау. Жаңа ғасыр ғылымы тәжірибеге арқа сүйейді.
Қазіргі заманғы ғылым зерттейтін объекті экспериментальді-теориялық іс-әрекеті негізінде жалпы және жан-жақты зерттеуді сипаттайды. Қазіргі заман ғылымының негізгі ерекшелігі белгілі жүйелерге негізделмейтін жаңа материалдарды іздеп табу болып табылды. Сондықтан зерттеушілер жаңа принциптер, таным категориялары мен тәсілдерін дамытуға, ғылымның мазмұнды құрылымының негізгі компоненттерінің радикальды алмасуына алып келетін ғылыми төңкеріске ғылым дамуының жаңа интенсивті жолдарын іздестіреді.
Дифференциация мен кірігудің күрделі диалектикалық үйлесімі ғылымның бүкіл тарихынанан өтіп жатады. Шындықтың жаңа аспектілерін игеру мен танымның тереңдеуі ғылымның дифференциациясы мен білімнің жаңа салаларының пайда болуына алып келеді. Сонымен бірге білімді синтездеп отырудың қажеттілігі әрдайым ғылымның кірігу тенденциясынан көрініс тауып отырады. Ғылымның жеке салаларына қатысты кіріктіруші функцияларды философия, математика, логика, кибернетика секілді ғылымдар атқарады. Олар ғылымның әдістер жүйесін қалыптастырып, оны қолдануына ықпалын тигізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |