Газ құбырлары мен газ тармақтары. Газ өндіру орнынан (газ кені немесе зауыты) қалалар мен елді мекендерге магистралды жүйемен тасымалданады. Магистралды газ жүйесіне - газ тасымалдайтын құбырлар, газға қажетті 5 МПа қысым беруге арналған, әрбір 120-150 км сайын орнатылатын компрессор станциялары (КС), елді мекендерге кіргенде орнатылатын басты құрылым болып табылатын, газ сүзгісі орнатылған және газ қысымын Рг≤1,2 МПа дейін төмендететін газ тарату станциялары ГТС кіреді. ГТС кейін газ - жоғары қысымды Рг=1200÷300 кПа, орта қысымды Рг=300÷5 кПа және төмен қысымды Рг<5 кПа болып бөлінетін газ тарату тармақтарына беріледі.
Газ тұтынатын ірі мекемелер (өндірістік, нан зауыттары, монша және т.б.) жоғары және орта қысымды газ тармақтарына жалғанады.
Тұрғын, қоғамдық және ұсақ коммуналдық-тұрмыстық мекемелер төменгі қысымды газ желілеріне қосылады.
Газ тарату желілері газбен қамтылуына байланысты бір сатылы, екі сатылы, үш сатылы және көп сатылы болып бөлінеді.
Газ тұтыну шығыны төмен кішігірім елді мекендер төменгі қысымды бір сатылы газ тарату схемасын қолданады.
Орташа қалаларды көбінесе екі сатылы, ал ірі қалаларда үш сатылы (кейде көп сатылы) газ тарату схемалары қолданылады.
Мысал ретінде қаланы газбен қамтудың үш сатылы схемасы көрсетілген (60-сурет). Газ магистрал газ желісі 1 бойынша ГТС-на 2 беріледі, одан газ жоғары қысымдағы газ құбыры 3 арқылы газгольдер станциясына 4 жіберіледі, онда газ қоры сақталып, оның тұтынылу графигі теңеледі. Газгольдер станцияларынан кейін орташа қысымның газ реттеу орындарынан (ГРО) 5 шыққан газ орташа қысымдық сақиналанған газ тармағына 6 беріледі, одан төменгі қысымдағы ГРО 7 арқылы төменгі қысымдағы газ құбырларымен коммуналдық-тұрмыстық мекемелерге беріледі.
60-сурет. Газбен қамтудың үш сатылы схемасы
магистрал газ желісі; 2- ГТС; 3- жоғары қысымды газ тармағы;
4- газгольдер станциясы; 5- Орташа қысымды ГРО; 6- орташа қысымдағы газ құбыры; 7- төменгі қысымдағы ГРО.
Газ реттеу орындары мен қондырғылары. Газ реттеу орындары (ГРО) мен қондырғылары (ГРҚ) газ қысымын төмендетіп, оны берілген деңгейде ұстап тұруға арналады.
ГРО әдетте, газ тармақтарына газ жеткізу үшін қолданылады және жеке орналасқан ғимараттарда немесе ғимарат сыртына қойылағн арнайы шкафтарда орнатылады. ГРУ жеке тұтынушыларды газбен қамтуға арналады және мекеменің газ тұтынатын агрегат орналасқан бөлмеге орнатылады.
ГРО мен ГРҚ технологиялық схемалары бірдей деуге болады. Мысал ретінде 61-суретте ГРО схемасы берілді.
61-сурет. Газды реттеу орындарының схемасы
1- ажырату ысырмасы; 2- сүзгі; 3- сақтандырғыш-жаппа қақпақ;
4- қысым реттегіш; 5- ысырма; 6- айналма газ құбыры (байпас);
7- байпас ысырмасы; 8- гидрожаппа; 9- манометр; 10,11- газ кіруі және шығуы.
Жоғары немес орташа қысымды газ ГРО кіреді және ажырату ысырмасынан 1 кейін сүзгі 2 арқылы өтеді де шаңнан және механикалық қоспалардан тазартылады. Сүзгіден кейін газ сақтандырғыш-жаппа қақпақ 3 арқылы қысым реттегішке 4 келіп түседі, онда газ қысымы белгіленген деңгейге дейін төмендетіледі. Қысымы төмендеген газ ысырма 5 арқылы қысымы сәйкес қалалық газ тармағына өтеді. ГРО жабдықтарын жөндеу жұмыстары кезінде газбен қамтуда үзілістер болмауы үшін айналма газ құбырын 6 технологиялық желіде жүргізеді. Байпас арқылы өтетін газ қысымын төмендеті мақсатында, оған ысырма 7 орнатады. ГРО кіретін және шығатын газ қысымын бақылауда ұстау үшін манометрлер орнатылады. Қысым реттегіштен кейін ГРО-дан шығу құбырында гидравликалық сақтандырғыш жаппа (майлы гидрозатвор) 8 орнатылады, ол арқылы артық газ атмосфераға шығарылады. Егер артық газ мөлшері көп болып, гидро жаппаның шамасы келмесе, онда оны алып тастаған дұрыс, сонда сақтандырғыш-жаппа қақпағы іске қосылады.
Газ тармақтарының жабдықтары мен құрылымы. Газ құбырлары, әсіресе, орташа және жоғары қысымдағы газ құбырлары қалалық жер асты коммуникациясы үшін қауіпті болып табылады, себебі газ құбыры зақымданған жағдайда шыққан газ топырақ арқылы ғимараттар төлесіне, құдықтарға және каналдарға (коллектор) жиналып, газды-ауа қоспасын түзіп, жарылыс қаупін туғызады.
Сондықтан, газ құбырларын жер үстімен тарту тиімді болып саналады (эстакада, ғимарат фасады және т.б. бойынша). Бірақ мұндай жағдайлар мүмкін болмаған кезде, жер астымен тартады. Жер астымен тартқан жағдайда газ құбырларын мүмкіндік бойынша ғимараттар, құрылымдар және коммуникациялардан, әсіресе, канализация, жылу тармақтары, сонымен қатар, су құбырлары мен телефон құдықтарынан, трамвай жолдарынан аулағырақ тартқан жөн.
Газ құбырлары болаттан дайындалады. Газ аспаптары, арматуралары және басқа жабдықтар орнатылған тұсқа фланец және оймалы қосылыстар қолданылады. Құбырларды таттанудан сақтау мақсатында алдын-ала оқшаулайды. Газ құбырлары төсеу тереңдігін топырақтың қату тереңдігін ескере отырып, бірақ жер бетінен 0,8 м тереңдіктен таяз төсейді. Газ құрамындағы шық арнайы шық жинағыштарға жиналуы үшін құбырларды 1,5мм/п.м. еңіспен тартады және бұл су тығындарын болдырмайды.
Газ құбырларының жекелеген бөліктерін немесе тұтынушыларды газдан ажырату үшін құдықтарға орнатылған жаппа арматуралар қолданылады. Сол құдық ішіне құбырлардың температуралық деформацияға ұшырауын ескере отырып, линзалық компенсаторлар орнатады (62-сурет).
62-сурет. Құдықтарға орнатылған жаппа арматуралар
1- ысырма; 2- компенсатор; 3- құдық.
5>
Достарыңызбен бөлісу: |