Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерiн аттестациядан өткiзу туралы үлгi ереженi бекiту туралы



жүктеу 104.19 Kb.
Дата24.02.2016
өлшемі104.19 Kb.
Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерiн аттестациядан өткiзу туралы үлгi ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 8 шiлдедегi N 1612 Жарлығы


Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 29, 363-құжат


      Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметiн одан әрi жетiлдiру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерiн аттестациядан өткiзу туралы үлгi ереже (бұдан әрi - Үлгi ереже) бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының басшылары өз актiлерiн Үлгi ережеге сәйкес келтiрсiн және осы Жарлықтан туындайтын өзге де шаралар қолдансын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

Қазақстан Республикасы  


Президентiнiң      
2005 жылғы 8 шiлдедегi  
N 1612 Жарлығымен     
БЕКIТIЛГЕН        

Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерiн аттестациядан өткiзу туралы
ҮЛГI ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Үлгi ереже (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi тағайындайтын лауазымды адамдар мен олардың орынбасарларын қоспағанда, Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының, құқық қорғау органдары оқу орындарының және құқық қорғау органдары мемлекеттiк мекемелерiнiң қызметкерлерiн (бұдан әрi - қызметкерлер) аттестациядан өткiзудiң тәртiбi мен шарттарын айқындайды.

      2. Қызметкерлердi аттестациялау (бұдан әрi - аттестациялау) - олардың кәсiби даярлығы деңгейiн, құқықтық мәдениетiн және азаматтармен жұмыс iстеу қабiлетiн айқындау жөнiнде мезгiл-мезгiл жүзеге асырылатын рәсiм.

      3. Аттестациялау кезiнде негiзгi бағалау өлшемi қызметкерлердiң өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау қабiлетi болып табылады.

      4. Қызметкерлер құқық қорғау органдары жүйесiнде үзiлiссiз қызметте болған әрбiр кезектi үш жыл өткен сайын аттестациядан өтедi. Бұл ретте аттестациялау аталған мерзiм басталған күнiнен бастап алты айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.
      Егер аттестацияланатын қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалған жағдайда, олар тағайындалғаннан бiр жылдан кейiн аттестациядан өтедi. Тең дәрежедегi лауазымдарға тағайындалған кезде, егер бұл функционалдық мiндеттерiн өзгертпейтiн болса, аталған мерзiм есепке алынбайды.
      Қызметкердiң құқық қорғау органдары жүйесiнен қызметтен босаған күнiнен бастап, құқық қорғау органдары жүйесiне қызметке қабылданған күнiне дейiн үш айдан аспаса, оның аталған кезеңде өзге заңды (мемлекеттiк органдарды қоспағанда) және жеке тұлғалармен еңбек қатынастары болмаған жағдайда, құқық қорғау органдары жүйесiнде қызметте болуы үзiлiссiз болып саналады.

      5. Қызметкерлер қатарындағы әйелдер жүктiлiгi және баланы күту үшiн берiлген демалыс мерзiмiнде аттестацияланбайды. Олар қызметке шыққаннан соң, кемiнде алты айдан кейiн және бiр жылдан кешiктiрiлмей аттестацияланады.

      6. Аттестациялау бiрқатар дәйектi кезеңдердi қамтиды:

      1) аттестация өткiзуге дайындық

      2) дене тәрбиесi даярлығы жөнiнде белгiленген нормативтердi тапсыру және медициналық куәландырудан өту (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда);

      3) аттестациялануға тиiс қызметкердiң Қазақстан Республикасы заңнамасын бiлуге және логикалық ойлау қабiлетiне байланысты компьютерлiк тестiлеуден өтуi;

      4) әңгiмелесуге жiберу, аттестация комиссиясының қызметкермен әңгiмелесу жүргiзуi;

      5) аттестация комиссиясының шешiм шығаруы.



2. Аттестация өткiзуге дайындықты ұйымдастыру

      7. Аттестация өткiзу мерзiмi келген кезде құқық қорғау органы, құқық қорғау органы оқу орны немесе құқық қорғау органы мемлекеттiк мекемесi басшысының (бұдан әрi - басшы) тапсырмасы бойынша тиiстi кадр қызметтерi аттестация өткiзуге дайындықты ұйымдастырады.


      Дайындық мынадай iс-шараларды қамтиды:

      1) аттестация өткiзудiң кестесiн әзiрлеу;

      2) аттестация өткiзудiң мақсаты мен тәртiбi туралы түсiндiру жұмыстарын ұйымдастыру;

      3) тестiлеу мерзiмдерi және оны өткiзетiн орынды белгiлеу;

      4) аттестацияланушы қызметкерлердiң қажеттi құжаттарын дайындау.
      Тестiлеуден өтудiң тәртiбi мен шарттарын, сондай-ақ лауазымдардың санаттары үшiн шектi мәнiн (бұдан әрi - шектi мән) тиiстi құқық қорғау органдары белгiлейдi.

      8. Құқық қорғау органының, құқық қорғау органы оқу орнының немесе құқық қорғау органы мемлекеттiк мекемесiнiң кадр қызметi (бұдан әрi - кадр қызметi) алты ай iшiнде бiр рет осы Ереженiң 4-тармағына сәйкес аттестациялануға тиiс қызметкерлердi айқындайды.

      9. Басшы кадр қызметiнiң ұсынуымен аттестациялануға тиiс қызметкерлердiң тiзiмi, аттестация комиссиясының құрамы, оның жұмыс кестесi бекiтiлетiн, аттестация өткiзу мерзiмi белгiленетiн бұйрық шығарады. U051642 , P961644

      10. Кадр қызметi аттестация өткiзу мерзiмi туралы оны өткiзудiң басталуына кемiнде бiр ай қалғанда қызметкерлерге жазбаша хабарлайды.

      11. Аттестациялануға тиiс қызметкердiң тiкелей басшысы оның осы Ереженiң 1-қосымшасына сәйкес нысандағы қызметтiк мiнездемесiн ресiмдеп, оны аттестация комиссиясының отырысына дейiн үш апта мерзiмнен кешiктiрмей кадр қызметiне жолдайды.

      12. Қызметтiк мiнездеме аттестацияланушы қызметкердiң құқық қорғау органдары жүйесiнде қызметте үзiлiссiз үш жыл болуы және бұдан кейiн осы Ереженiң 4-тармағына сәйкес өткiзiлетiн аттестацияға дейiн өткен мерзiмнен тұратын кезең iшiндегi кәсiби, жеке басының қасиеттерi мен қызметтiк iс-әрекетi нәтижелерiнiң әдiл және негiзделген бағасын қамтуға тиiс.

      13. Кадр қызметi қызметкердi өзiне берiлген қызметтiк мiнездемемен аттестация комиссиясының отырысына дейiн екi апта мерзiмнен кешiктiрмей оған қол қойғыза отырып таныстыруға мiндеттi.

      14. Қызметкер өзiне берiлген қызметтiк мiнездемемен өзiнiң келiспейтiнi туралы мәлiмдеуге және өзiн сипаттайтын қосымша ақпаратты кадр қызметiне беруге хақылы.

      15. Кадр қызметi жиналған аттестациялау материалдарын аттестация комиссиясына оның отырысына дейiн үш күн мерзiмнен кешiктiрмей жолдайды.

3. Аттестация комиссиясы

      16. Аттестация комиссиясы кадр қызметiнiң ұсынуы бойынша басшының бұйрығымен құрылады. Аттестация комиссиясы мүшелерiнiң арасынан басшы төрағаны тағайындайды.


      Аттестация комиссиясының құрамына кемiнде бес мүше кiруге тиiс.
      Аттестация комиссиясының қатыспаған мүшелерiн алмастыруға болмайды.
      Аттестация комиссиясының хатшысы кадр қызметi басшысы белгiлейтiн кадр қызметiнiң өкiлi болады.
      Аттестация комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етедi және ол дауыс беруге қатысуға құқылы емес.

      17. Құқық қорғау органы, құқық қорғау органы оқу орны немесе құқық қорғау органы мемлекеттiк мекемесiнiң жұмыс бағыттарына байланысты бiрнеше аттестация комиссиялары құрылуы мүмкiн.

      18. Аттестация комиссиясының төрағасы мен оның мүшелерi аттестациялануға тиiс қызметкерлермен бiрдей немесе жоғары лауазымда болуға тиiс.

      19. Аттестация комиссиясының құрамына құқық қорғау органының, құқық қорғау органы оқу орнының немесе құқық қорғау органы мемлекеттiк мекемесiнiң түрлi бөлiмшелерiнiң басшылары, кадр және заңгерлiк қызметтердiң өкiлдерi (не осы аталған қызметтердiң өзiне есептi адамдар), сондай-ақ өзге де қызметкерлерi енгiзiледi, бұған аттестациядан өтетiн қызметкерлер қосылмайды.

      20. Аттестация комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемiнде үштен екiсi қатысса, заңдық күшi бар деп есептеледi.

      21. Аттестация комиссиясының шешiмi ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған отырысқа қатысқан аттестация комиссиясының мүшелерi санының көпшiлiгi дауыс берсе, шешiм қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда аттестация комиссиясының төрағасы дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.



4. Аттестацияны өткiзу

      22. Аттестация комиссиясы табыс етiлген материалдарды зерделеп, қызметкерлердi әңгiмелесуге жiберу туралы шешiм қабылдайды.


      Дене тәрбиесi даярлығы жөнiнде белгiленген нормативтердi тапсырмаған және медициналық куәландырудан өтпеген (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда), не тестiлеуден өту кезiнде шектi мәннен төмен баға алған қызметкер әңгiмелесуге жiберiлмейдi және аттестация комиссиясы шешiмiмен осы Ережеде айқындалған тәртiппен қайта аттестациялануға жiберiледi.

      23. Аттестация комиссиясының отырысында аттестацияланушы қызметкермен әңгiмелесу жүргiзiледi.


      Аттестация комиссиясының отырысына дәлелдi себептермен қатыспаған қызметкерлер жұмысқа шыққаннан кейiн әңгiмелесуден өтедi.
      Аттестация комиссиясының отырысына қызметкер дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда, аттестация комиссиясы осы Ережеде айқындалған тәртiппен қызметкердi қайта аттестациялау туралы шешiм қабылдайды.

      24. Аттестация комиссиясы әңгiмелесудiң қорытындысы бойынша мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес және мерзiмiнен бұрын арнаулы атақ берiлуге немесе жоғары лауазымға орналасу үшiн кадр резервiне ұсынылады;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес;

      3) қайта аттестациялауға жатады;

      4) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады.

      25. Қайта аттестациялау бастапқы аттестация өткен күнiнен бастап, үш ай өткеннен кейiн және алты айдан кешiктiрiлмей осы Ережеде айқындалған тәртiппен өткiзiледi.
      Бастапқы аттестациялауда немесе қайта аттестациялауда дене тәрбиесi даярлығы жөнiнде белгiленген нормативтердi тапсырған және медициналық куәландырудан өткен (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда), тестiлеуден өткен кезде шектi мәннен жоғары баға алған қызметкерлер әңгiмелесуге жiберiледi.
      Қайта аттестациялау кезiнде дене тәрбиесi даярлығы жөнiнде белгiленген нормативтердi тапсырмаған және медициналық куәландырудан өтпеген (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жағдайларда), не тестiлеуден өткен кезде шектi мәннен төмен баға алған, сондай-ақ аттестация комиссиясының отырысына дәлелсiз себептермен келмеген қызметкерлер аттестация комиссиясының шешiмi бойынша осы Ережеде айқындалған тәртiппен лауазымынан төмендетуге немесе жұмыстан босатылуға ұсынылады.

      26. Аттестация комиссиясы қайта аттестациялау өткiзiп, мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес емес және лауазымын төмендетуге ұсынылады;

      3) лауазымына сәйкес емес және жұмыстан босатылуға ұсынылады.

      27. Аттестация комиссиясы жұмыстан босату туралы ұсыныммен қызметкердiң атқаратын лауазымына сәйкес еместiгi туралы қабылдаған шешiмi аттестациялаудың терiс нәтижесi болып табылады.

      28. Аттестация комиссиясының шешiмi үш жұмыс күнi iшiнде оның отырысына қатысқан аттестация комиссиясының мүшелерi мен хатшысы қол қойған хаттамамен ресiмделедi.

      29. Кадр қызметi аттестация комиссиясының шешiмiн қызметкердiң аттестациялау парағына енгiзедi, ол шешiммен қызметкер қабылданған күнiнен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қолын қоя отырып танысады ( 2-қосымша ).

      30. Аттестация комиссиясының шешiмi қызметкерге мерзiмiнен бұрын арнаулы атақ беруге, қызметкердi жоғары лауазымға орналасу үшiн кадр резервiне тiркеуге, қызметкердiң лауазымын төмендетуге немесе оны жұмыстан босатуға негiз болып табылады.

5. Аттестация комиссиясының шешiмiне шағымдану

      31. Қызметкердiң аттестация комиссиясының шешiмiне басшыға немесе жоғары тұрған лауазымды тұлғаға шағымдануға не сотқа жүгiнуге құқығы бар.

      32. Басшы немесе жоғары тұрған лауазымды тұлға қайта аттестациялауды тағайындай алады, оның қорытындысы бойынша түпкiлiктi шешiм қабылданады. Ол аттестациялау осы Ережеге сәйкес жүргiзiледi.

                                          Қазақстан Республикасы


                                              Президентiнiң
                                          2005 жылғы 8 шiлдедегi
                                             N 1612 Жарлығымен
                                                бекiтiлген,
                                           Қазақстан Республикасы
                                         құқық қорғау органдарының
                                        қызметкерлерiн аттестациядан
                                         өткiзу туралы үлгi ережеге
                                                 1-ҚОСЫМША

           Аттестациялануға тиiс қызметкерге берiлетiн


                    қызметтiк мiнездеменiң
                         ҮЛГI НЫСАНЫ
             (қызметкердiң тiкелей басшысы толтырады)

Қызметкердiң тегi, аты-жөнi _______________________________________


Лауазымы __________________________________________________________
Тағайындалған күнi ________________________________________________
Атағы (сыныптық шенi) _____________________________________________

      1. Лауазымдық мiндеттерiн орындауы (шешiмiне қызметкер қатысқан негiзгi мәселелердiң тiзбесi берiледi; қызметтiк мiндеттерiн орындауының тиiмдiлiгi мен адалдығы, шығармашылық бастамашылығы, азаматтармен жұмыс iстеуi бағаланады және т.б.).


      2. Мемлекеттiк органның қызметi аясында стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды бiлуi, кәсiби бiлiмiн, сондай-ақ бұл қызметтiк мiндеттерiне кiретiн болса, коммуникация және ақпараттық технологияларды қолдануы (стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды бiлуi, кәсiби бiлiмi, коммуникация және ақпараттық технологияларды бiлу деңгейi, оларды жұмыста қолдануы сипатталады және т.б.).
      3. Заңдылықты, оның iшiнде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы , Қазақтан Республикасы мемлекеттiк қызметшiлерiнiң ар-намыс кодексiн , сондай-ақ мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн сақтауы (тәртiптiк жазалары туралы, заңдылықты, оның iшiнде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы, Мемлекеттiк қызметшiлердiң ар-намыс кодексiн, сондай-ақ мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн, iшкi қызмет тәртiбiн сақтауы туралы мәлiметтерi көрсетiледi және т.б.).
      4. Жеке басының қасиеттерi (қызметкердiң жеке басының қасиеттерi сипатталады: тiл табысқыштығы, азаматтармен жұмыс iстей бiлуi, өзiн-өзi жетiлдiру қабiлетi, көшбасшылығы және т.б.).
      5. Қызметкер жұмысын қорытынды бағалау (қызметтер туралы тiкелей басшысының пiкiрi көрсетiледi: атқарған лауазымына сәйкес немесе сәйкес емес, жоғары немесе төмен лауазымға ұсынылуы мүмкiн және т.б.).
      6. Өзге мәлiметтер. *

      Басшының тегi, аты-жөнi_______________________________________


      Лауазымы______________________________________________________
      Атағы (сыныптық шенi)_________________________________________
      Уақыты                   200 ж."__"__________

_______________________________


* Қызметтiк мiнездемеге құқық қорғау органдарының ерекшелiгiне байланысты толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.

                                          Қазақстан Республикасы


                                              Президентiнiң
                                          2005 жылғы 8 шiлдедегi
                                             N 1612 Жарлығымен
                                                бекiтiлген,
                                           Қазақстан Республикасы
                                         құқық қорғау органдарының
                                        қызметкерлерiн аттестациядан
                                         өткiзу туралы үлгi ережеге
                                                 2-ҚОСЫМША

                 Аттестациялануға тиiс қызметкердiң


                       аттестация парағының
                           ҮЛГI НЫСАНЫ

1. Тегi, аты-жөнi    _______________________________________________


2. Туған уақыты      "__"_________________19__ж.
3. Бiлiмi            _______________________________________________
4. Мамандығы         _______________________________________________
5. Аттестациялау кезiнде атқаратын лауазымы
____________________________________________________________________
6. Атағы (сыныптық шенi)
____________________________________________________________________
7. Аттестация комиссиясының ұсынымдары
____________________________________________________________________
8. Өзге мәлiметтер*
____________________________________________________________________

Аттестация комиссиясының төрағасы  _________________________________


                                             (қолы)
Аттестация комиссиясының хатшысы   _________________________________
                                             (қолы)
Аттестация өткiзiлген күнi         200 ж."__"_______________________

Аттестация парағымен таныстым      _________________________________


                                      (қызметкердiң қолы және күнi)

      МО



* Аттестация парағына құқық қорғау органдарының ерекшелiгiне байланысты толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет