Нәтижелері
Қолданылатын шаралар:
инфляцияны жылына 5 – 7 % деңгейінде ұстауға;
отандық қаржы секторының даму деңгейін, оның орнықтылығын, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, бұл өз кезегінде Қазақстанның ТМД мен Орталық Азия өңірі шеңберінде негізгі қаржы орталығына айналуға мүмкіндік береді әрі тұтастай алғанда республика экономикасының дамуына оң әсер етеді;
халықтың инвестициялық сауаттылығы деңгейін арттыруға;
Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының халықаралық қаржы нарығының жаңа сегменті ретінде қалыптасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
4.2.3. Бәсекені дамыту, бәсекелі ортаны қорғау және табиғи монополиялардың қызметін тиімді реттеу
Мақсаты
Еркін бәсекені одан әрі дамыту, табиғи монополиялардың қызметін реттеу.
Міндеттері
1. Еркін бәсекелі орта құру және нарықтың барлық субъектілеріне тең жағдай жасау.
2. Инвестицияларды активтерді жаңғыртуға және жаңартуға бағыттауды ынталандыратын табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің тиімді жүйесін қалыптастыру, олар ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру.
3. Бәсекені қорғау жүйесін жетілдіру.
Шешу жолдары
Алға қойылған міндеттерді шешу үшін мыналар көзделеді:
тарифтік және техникалық реттеу функцияларын біріктіретін тәуелсіз салалық реттеуіштерді жасау жолымен реттеуші органдардың рөлін, функциялары мен құрылымын қайта қарау;
экономиканың инфрақұрылымдық салаларында, оның ішінде темір жол саласында, телекоммуникацияда және энергетикада монополияландыруды және келеңсіз экономикалық шоғырландыруды жою, осы салаларда бәсекені дамыту;
жаңа компаниялардың нарыққа, оның ішінде республикаішілік авиатасымалдар нарығына шығуын бөгейтін кедергілерді жою жөніндегі шараларды іске асыру;
үстем жағдайға ие нарық субъектілерінің міндеттерін заңнамалық деңгейде белгілеу, ашық конкурстар өткізу жолымен монополиялық түрде сатылатын тауарлардың (жұмыстардың және қызмет көрсетулердің) өзіндік құнына елеулі әсер ететін тауарларды (жұмыстарды және қызмет көрсетулерді) сатып алуды жүргізу;
ұлттық заңнамаға халықаралық стандарттарға сәйкес тексеріс жүргізу және оны жетілдіру;
монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін барабар шаралар мен айыппұл санкцияларын енгізу;
мұнай өнімдерінің айналымы және газбен жабдықтау, электр энергетикасы саласында халыққа коммуналдық қызметтер көрсету аясында бәсекені дамытуға келеңсіз әсер ететін артық делдал құрылымдарды алып тастау;
тауар биржаларының ашық және тиімді жұмыс істеуін, оларда сатылатын тауарлардың бағасын қалыптастырудың айқын тетігін, биржа саудасына қатысушылар арасында адал бәсекені қамтамасыз ететін «Тауар биржалары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциясын қабылдау;
бәсекені қорғау жөніндегі мемлекеттік органды институционалдық күшейту;
қызметтерді тұтынушылардың бәріне кедергісіз және кемсітпейтін қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында табиғи монополиялар субъектілерінің желілері мен қызметтеріне қол жеткізуді ұсыну тәртібін қайта қарау;
табиғи монополиялар субъектілері персоналының санын және олардың шикізат, материалдар, отын, энергияның әр түрлі шығыстарын нормалау тәсілдерін қайта қарау;
мыналарды:
табиғи монополиялар субъектілерінің активтерін жаңғыртуға салынатын инвестициялық салымдарды ынталандыруға, олардың қызметтерінің тиімділігі мен сапасын арттыруға, менеджментті және қызмет көрсеткіштерін жақсартуға;
табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтерді көрсету шығындарын және технологияларын ұтымды етуге;
табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерді қалыптастыру кезінде ескерілетін нормативтік техникалық шығындарының деңгейлерін төмендетуге бағытталған нормативтік құқықтық актілер әзірлеу.
Нәтижелері
Республиканың тауар нарықтарында еркін және адал бәсекені дамыту, нарықтарды монополияландыру дәрежесін төмендету, бәсеке үшін тең жағдай жасау, табиғи монополиялар салаларын қысқарту, реттелетін тауарларға (жұмыстар мен қызметтер көрсетуге) бағаны қалыптастыру тетігінің айқындылығын қамтамасыз ету.
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің тарифтер деңгейінің айқындылығын, негізділігін және алдын ала белгілі болуын, табиғи монополиялар субъектілерінің негізгі өндірістік қорларын жаңартуға және жаңғыртуға инвестициялардың жұмыс істеу тиімділігін арттыруды және оларды өсіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін кешенді жүйесі қалыптастырылатын болады.
4.2.4. Бизнестік ортаны дамыту және кәсіпкерлікті қолдау
Мақсаты
Кәсіпкерлікті тиімді дамыту үшін заңнамалық және институционалдық сипатта қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді одан әрі қысқарту, шағын және орта бизнесті, оның ішінде мемлекеттік холдингтердің қолдауы.
Міндеттері
1. Бизнесті дамытуды бөгейтін әкімшілік кедергілерді жою.
2. Бизнес ахуалды жақсарту.
3. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік холдингтермен ынтымақтастыққа тарту үшін ынталық туғызу.
Шешу жолдары
Алға қойылған міндеттерді шешу үшін мыналар көзделеді:
шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің есептілігін оңайлату;
жаңа кәсіпорындар мен компаниялар құру процесін жетілдіру, оның ішінде фирманы тіркеудің мерзімін 2 – 3 күнге дейін қысқарту;
«Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, оның ішінде «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» ұғымын енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
қайталауды жою және рұқсат беру рәсімдері мен тексерулерді қысқарту;
лицензиялау, келісу, сертификаттау, стандарттау, аккредиттеу және аттестаттау рәсімдерін оңайлату;
аудиторлық қызмет туралы заңнаманы жетілдіру;
кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру және бизнестің «көлеңкеден» одан әрі шығуы үшін салық заңнамасын жетілдіру;
кеден заңнамасына экспорттық және импорттық рәсімдерді оңайлату бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
елдің шағын қаржы секторын дамыту;
Қазақстанның барлық өңірлерінде инфрақұрылым объектілерінің қызметін жақсарту және кеңейту жолымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне консалтингтік және үйретуші қызметтер көрсету;
«Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның кредит беруінің жаңа өнімдерін әзірлеу, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін ұзақ мерзімді кредит беруді енгізу;
мемлекеттік холдингтердің құрамына кіретін ұлттық компанияларға тән емес функцияларды шағын және орта бизнеске беру (аутсорсинг);
мемлекеттік холдингтердің құрамына кіретін ұлттық компаниялардың тапсырыстарын Қазақстанның шағын және орта бизнес кәсіпорындары арасында орналастыруды қамтамасыз ету.
Нәтижелері
Дүниежүзілік Банктің (Doing Business) өлшемдеріне сәйкес бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінің мынадай индикаторлары жақсартылатын болады: бизнес ашу, лицензиялау, меншікті тіркеу, салықтар төлеу, халықаралық сауданы жүргізу, компанияны жабу. Нәтижесінде Қазақстанның жалпы рейтингі 2006 жылы 63-орыннан 2007 жылы 58-ге, 2008 жылы 53-ке және
2009 жылы 48-ге дейін жоғарылайтын болады.
4.2.5. Мемлекеттік меншікті тиімді басқару
Мақсаты
Корпоративтік басқару принциптерін енгізу арқылы мемлекеттік меншікті басқару тиімділігін арттыру.
Міндеттері
1. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарда корпоративтік басқару принциптерін енгізу.
2. Мемлекеттік меншікті оңтайландыру.
Шешу жолдары
Мемлекеттік холдингтер мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарда олардың жұмыс нәтижелерін бағалау, тәуелсіз директорлар институтын және корпоративтік басқарудың басқа да принциптерін енгізу жолымен корпоративтік басқару жүйесін жетілдіретін болады.
Мемлекеттік холдингтерді тиімді басқаруды ұйымдастыру, олардың қызметін бақылау және олардың қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар енгізілетін, мемлекеттік холдингтерді дамыту тұжырымдамалары бекітілетін болады, мұның негізінде оларды дамыту стратегиялары қабылданады.
Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар және олардың еншілес (тәуелді) ұйымдары үшін Корпоративтік басқарудың үлгі кодексі бекітілетін болады.
Мемлекеттік меншікті оңтайландыру үшін мемлекеттік меншікті басқару саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған шаралар кезең-кезеңімен қабылданатын болады. Заңнамалық актілерге мемлекеттік кәсіпорындар қызметі салаларына және стратегиялық объектілерге байланысты мәселелерді реттеуге қатысты өзгерістер мен толықтырулар дайындалатын болады.
Мемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті және мемлекеттік холдингтердің, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жарғылық капиталына және бәсекелі ортаға беруге ұсынылатын мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) және мемлекеттік кәсіпорындардың тізбелері айқындалатын болады.
Нәтижелері
Мемлекеттік меншікті басқару тиімділігін арттыру және мемлекетке тиесілі активтердің құнын ұлғайту.
4.3. Орнықты дамуға көшу, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және адами капиталды дамыту
4.3.1. Табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау
Мақсаты
Халықтың өмір сүру сапасын арттырудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерінің теңгерімі негізінде орнықты дамуға және қоршаған ортаны қорғауға көшу үшін жағдай жасау арқылы табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалану.
Міндеттері
1. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлауға орнықты даму принциптерін енгізудің тиімді тетігін жасау.
2. Табиғи ресурстарды, оның ішінде су, орман, балық ресурстарын, жануарлар әлемін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, жаңартылатын энергия көздерін орнықты және ұтымды пайдалану үшін жағдай жасау.
3. Нысаналы көрсеткіштер мен квоталарды белгілеу, Экологиялық кодекстің ережелерін іске асыру, экологиялық-экономикалық ынталандыруды енгізу есебінен қоршаған ортаға эмиссияларды төмендету.
4. Экология (жердің тозуы, биологиялық әртүрлілік және басқалар) және климатты сақтау мәселелерінде трансшекаралық және халықаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуде Қазақстанның рөлін жандандыру.
5. Ең жаңа экологиялық таза технологияларды пайдалана отырып, өндірістер құруды немесе қазіргі кәсіпорындарды қайта жаңартуды ынталандыратын тиімді тетіктерді қалыптастыру және стратегиялық су ресурстарын қорғау саласында халықаралық стандарттарды енгізу, халықты ауыз сумен қажетті мөлшерде және кепілдік беретін сапада орнықты қамтамасыз етуге қол жеткізу.
Шешу жолдары
Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлауға орнықты даму принциптерін енгізудің тиімді тетігін жасау үшін мыналар жүзеге асырылатын болады:
дамудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық факторларының теңгерімін қамтамасыз етуге, республиканың жекелеген өңірлерінің өткір экологиялық проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін экологиялық орнықтылық индексі бойынша Қазақстан Республикасының әлемдегі барынша дамыған елу елдің қатарына кіруін қамтамасыз ету мақсатында кешенді экологиялық саясат жүргізу жөніндегі шаралар;
елдің салалары мен өңірлері үшін орнықты дамудың нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу және бекіту, бағдарламалық құжаттардың орнықты даму принциптеріне сәйкестігіне сараптама жүргізу.
Су, орман, балық ресурстарын, өсімдіктер мен жануарлар әлемін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, жаңартылатын энергия көздерін орнықты және ұтымды пайдалануға жағдай жасау үшін мыналар жүзеге асырылатын болады:
су ресурстарын басқарудың ғылыми негізделген мемлекетаралық, ұлттық және өңірлік бағдарламалар негізінде өзен бассейндерінің ағынын реттеу мен бөлудің қазіргі жүйесін қайта қарау;
қолданыстағы және әзірленетін бағдарламалық құжаттардың негізінде су ресурстарын, ормандар, өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтау және ұтымды пайдалану жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;
өнеркәсіптің базалық салалары мен ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды, су пайдаланудың айналымды және тұйық жүйелерін және су пайдаланудың қалдықсыз технологияларын әзірлеу мен енгізуді ынталандыру;
үш мемлекеттік ұлттық парк, екі мемлекеттік табиғи резерват құра отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту, қазіргі төрт табиғи қорықтың, үш мемлекеттік ұлттық парктің алаңдарын кеңейту;
су, орман, балық ресурстарын және жануарлар әлемін қорғау және молықтыру процесіне жеке меншік капиталды белсенді тарту, табиғат пайдаланушылардың осы салалардағы жауапкершілігін арттыру.
Бұдан басқа, Бурабайда Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі инновациялық жобаларды жинақтауға арналған орталық және Орнықты даму проблемалары орталығын құру жөніндегі мәселелер пысықталатын болады.
Нысаналы көрсеткіштер мен квоталарды белгілеу, Экологиялық кодекстің ережелерін іске асыру, экологиялық-экономикалық ынталандыруды енгізу есебінен қоршаған ортаға эмиссияларды төмендету үшін мынадай шаралар қабылданатын болады:
қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері, эмиссияларға өңірлік квоталар енгізу, жетекші технологияларға кезең-кезеңімен көшуді қамтамасыз ету негізінде экологиялық нормалау моделін және рұқсат беру жүйесін енгізу;
Экологиялық кодекске сәйкес нормативтік құқықтық база қалыптастыру, табиғат қорғау заңнамасын халықаралық стандарттармен одан әрі үйлестіру;
көмірсутек ресурстарын өндіретін, тасымалдайтын және қайта өңдейтін кәсіпорындарды неғұрлым қатаң экологиялық стандарттарға сәйкестікке сертификаттау бойынша «Жасыл мұнай» принципін әзірлеу және енгізу;
пайдаланылған ресурсы бар технологиялар мен жабдықтарды елге әкелуге тыйым салуды енгізе отырып, 4R халықаралық принциптеріне сәйкес қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін құру;
гидрометеорологиялық қызмет жүйесін реформалап және жаңғырта отырып, қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін құру;
ел аумағындағы «тарихи ластануды» түгендеу және оларды кезең-кезеңімен жою жөнінде ауқымды шаралар әзірлеу;
шаруашылық қызметті жүзеге асыру процесінде өңірдің экологиялық сыйымдылығын айқындау үшін ғарыштық технологияларды пайдалана отырып, Каспий теңізінде кешенді мониторингтік зерттеу.
Экология және климатты сақтау мәселелерінде трансшекаралық және халықаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуде Қазақстанның рөлін жандандыру үшін орнықты даму трансшекаралық аймақтары құрылатын, бассейндік принцип негізінде, бірінші кезекте, Балқаш-Алакөл, Жайық-Каспий, Ертіс аймақтарында мемлекетаралық келісімдер мен бағдарламалар іске асырылатын болады.
Ең жаңа экологиялық жағынан таза технологияларды пайдалана отырып, өндірістер құруды немесе қазіргі кәсіпорындарды қайта жаңартуды және стратегиялық су ресурстарын қорғау саласында халықаралық стандарттарды енгізуді ынталандыратын тиімді тетіктерді қалыптастыру, халықты ауыз сумен қажетті мөлшерде және кепілдік беретін сапада орнықты қамтамасыз ету үшін:
экологиялық проблемаларды шешу үшін халықаралық ұйымдар мен донор елдердің мүмкіндіктерін пайдалану;
Орнықты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясын, Биоәртүрлілік жөніндегі БҰҰ Конвенциясының биоқауіпсіздік жөніндегі Картахен хаттамасын және Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ Негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау мәселелерін пысықтау;
мынадай:
эмиссия үшін ақының және табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл санкцияларының ынталандырушы сипатын арттыру;
прогрессивті технологияларды енгізу есебінен эмиссиялардың көлемін едәуір төмендеткен кәсіпорындарды ынталандыру;
мемлекеттік тапсырыс шеңберінде экологиялық қауіпсіз өнімдер мен қызметтер өндірісін ынталандыру үшін «жасыл» сатып алу принципін пайдалану жолымен табиғатты пайдалану мен қоршаған ортаны қорғаудың жаңа экономикалық тетіктерін енгізу;
жұртшылықтың экологиялық ақпаратқа қол жеткізуін, жұртшылықтың шешімдер қабылдауға қатысуын, үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықтың нығаюын кеңейту;
халықты қажетті мөлшерде және кепілдік берілген сапада ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру, ауыз су сапасының сараланған стандарттарын әзірлеу жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Елдің кәсіпорындары мен ұйымдарын ІSO: 14001 экологиялық менеджменттің халықаралық стандарттарымен неғұрлым кеңірек қамту жөнінде, қоршаған орта сапасының стандарттарын халықаралық аналогтармен үйлестіру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Астана қаласында континентте су ресурстарын зерттеу мен қорғау мәселелерін кешенді түрде шешуге арналған Еуразиялық су орталығы құрылатын болады.
Нәтижелері
2009 жылға қарай Қазақстан Республикасы халқының сапалы ауыз суға қол жеткізуін кемінде 15 %-ке ұлғайту қамтамасыз етілетін болады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік табиғи қорық қорының аумағы кемінде 1 232,6 мың га-ға ұлғайтылады.
Ормандарды молайту және орман өсіру жөніндегі жұмыстардың жыл сайынғы көлемі 45 мың га-ға жетеді.
ЖІӨ-нің бір бірлігіне атмосфераға эмиссиялар 20 %-ке, су объектілеріне – 12 %-ке, орналастырылатын қалдықтарға – 14 %-ке төмендейді.
Баламалы және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану үлесі өседі.
Экологиялық орнықтылық индексі 68 балға жетеді.
ІSO: 14001 стандартына сәйкестігіне сертификатталған компаниялардың салыстырмалы көрсеткіші ЖІӨ-нің 10 миллион долларына шамамен 1-ден келеді.
Ірі қалаларда атмосфераның ластануының орташа индексі 21 %-ке төмендейді.
Қоршаған ортаға орналастырылатын улы қалдықтардың көлемі 8 %-ке төмендейді.
Экологиялық ахуал жақсарады және «тарихи» экологиялық проблемаларды шешу үшін жағдайлар қалыптастырылады.
4.3.2. Білім беру, кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесін дамыту
Мақсаты
Қазіргі заманғы білім берудің, кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың нақты экономикалық жағдайларға барабар бәсекеге қабілетті жүйесін дамыту.
Міндеттері
1. Білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделін енгізу.
2. Білім беру қызметтерінің жоғары сапасын қамтамасыз ету.
3. Жаһандық экономиканың талаптарына жауап беретін қазіргі заманғы кәсібилігі жоғары жұмыс күшін даярлау жүйесін дамыту.
Шешу жолдары
Үкімет нысаналы индикаторларды белгілеу жолымен түпкі нәтижелерге қол жеткізуге, республиканың барлық өңірлерінде мектептегі және мектепке дейінгі білім беру қызметтерін және тең де біркелкі көрсетуді қамтамасыз етуге бағдарланған білім беру жүйесін басқарудың жаңа моделін құру мәселелерін пысықтайтын болады.
Осы мақсатта білім беру саласының бюджет қаражатын орталықтандыру және өңірлік коэффициенттерді ескере отырып, жан басына шағу принципі негізінде оларды бөлу, министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасында білім беру қызметтерін көрсету, білім беру ұйымдарының жұмыс істеуі үшін жауапкершілікті бөле отырып, білім беруді басқарудың бірыңғай құрылымын жасау мүмкіндігі зерделенетін болады. Білім беру қызметтерінің сапасын бақылау жүйесі одан әрі дамиды.
Үкіметтің білім беру қызметтерінің сапасын арттыру саласындағы күш-жігері мынадай бағыттар бойынша шоғырландырылатын болады:
білім беру мазмұнын жақсарту, дәл және инженерлік ғылымдарға ерекше көңіл бөле отырып, барлық деңгейлер бойынша мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандарттарын жетілдіру мен үйлестіру;
мемлекеттік білім беру ұйымдарының желісін дамыту және оларды материалдық-техникалық жарақтандыру, оқу процесін тиісті технологиялармен қамтамасыз ету.
Білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі одан әрі дамитын болады.
Мектепке дейінгі тәрбие беру саласында күш-жігер мектепке дейінгі ұйымдардың балаларды қамту деңгейін арттыруға, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдар үшін білікті кадрлар даярлауға бағытталады. Бұдан басқа, балалардың өмір сүру сапасын жақсарту және инклюзивтік білім беруді дамыту жөнінде шаралар кешені қабылданатын болады.
Мектепке барар алдындағы даярлық бөлігінде балаларды қамту ұлғайтылатын болады.
Жалпы орта білім беру саласында:
2008 жылдан бастап 12 жылдық орта білім беруге кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылады;
Қазақстанның салыстырмалы халықаралық зерттеулерге қатысуы қамтамасыз етіледі;
жалпы орта білім беру ұйымдарының желісін дамыту жөніндегі жұмыс жалғастырылады, бұл оның ішінде үш ауысымда оқытуды жою проблемасын шешуге, мектептердің авариялық ғимараттарын қайта жаңартуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді;
үздік мектептерге жыл сайын гранттар тағайындалатын болады;
педагогтарды, оның ішінде 12 жылдық білім беру жүйесі үшін қайта даярлау жөніндегі жұмыс жалғастырылады;
жалпы орта білім беретін мемлекеттік мекемелерге ағылшын тілінің шетелдік оқытушылары тартылады;
үздік оқытушылардың жұмысын бағалау және сыйлық беру жүйесі жетілдіріледі;
отандық, оның ішінде электрондық оқулықтарды әзірлеу мен енгізу, білім беру процесіне қазіргі заманғы ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды, оның ішінде оқу теледидарын енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылады;
мемлекеттік жалпы орта білім беру мекемелерін физика, химия және биология кабинеттерімен, лингафондық және мультимедиялық кабинеттермен жарақтандыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады;
оқу процесіне «Мультисервистік ақпараттық-коммуникациялық білім беру желісі» көп функционалдық жүйесі енгізіледі;
білім алушылардың жетістіктерін бағалау тетіктері жетілдіріледі;
педагог қызметкерлерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Кәсіптік жоғары білім беру саласында:
жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беруді үш сатылы: бакалавриат – магистратура – докторантура моделіне ауыстыру;
техникалық білім беруді дамытуға ден қоя отырып, жоғары оқу орындары желісін оңтайландыру;
Астана қаласында жаңа университет құрылысын жалғастыру;
жоғары оқу орындарын аккредиттеудің халықаралық моделіне көшуді жүзеге асыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады. 2008 жылдан бастап жекелеген білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу жөнінде жұмыс жүргізілетін болады. Оған қол жеткізу үшін нормативтік құқықтық база жетілдірілетін болады;
сырттан бақылау жүйесін құру;
аспирантурада оқитындардың санын бір уақытта қысқарта отырып,
PhD докторантура бағдарламасы бойынша білім алушылардың санын ұлғайту;
мамандық пен жоғары оқу орнының мәртебесіне қарай мемлекеттік білім гранттарын саралауды міндетті түрде енгізе отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырудың жаңа принципін енгізу;
экономиканың басым салалары бойынша кадрлар даярлауды қаржыландыруда мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту;
республиканың жоғары оқу орындарына шетелдік оқытушылар мен консультанттарды тарту, сондай-ақ отандық оқытушыларды шетелде тағылымдамадан өткізу;
жоғары оқу орындарының базасында ақпараттық ресурс орталықтары жүйесін құру;
Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының шеңберінде азаматтарды әлемнің үздік жоғары оқу орындарында оқыту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Жаһандық экономиканың талаптарына жауап беретін қазіргі заманғы кәсібилігі жоғары жұмыс күшін даярлау жүйесін дамыту үшін Үкіметтің күш-жігері мыналарға:
кәсіптік білім беру жүйесін ұлттық экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес келтіруге мүмкіндік беретін өзара іс-қимыл жасаудың «мемлекет – оқу орындары – жұмыс берушілер» жаңа моделін құруға;
техникалық және кәсіптік білім берудің білім бағдарламаларын жоғары білім беру бағдарламаларымен үйлестіруге;
экономиканың жекелеген салалары бойынша техникалық және қызмет көрсету еңбегі кадрларын даярлау және қайта даярлау жөнінде өңірлік кәсіптік орталықтар құруға;
еңбек нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыратын техникалық және қызмет көрсету еңбегі мамандарын даярлауға шоғырландырылатын болады.
Нәтижелері
2009 жылға қарай кемінде 50 мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандарттары жетілдіріледі және үйлестірілетін болады.
Осы кезеңге қарай мектепке дейінгі ұйымдардың балаларды қамтуы кемінде 30 %-ті, мектеп алдындағы даярлық 80 %-ті құрайды.
2009 жылы 12 жылдық білім берумен балаларды қамту 494 мың баланы құрайды.
Қазақстанның салыстырмалы халықаралық зерттеулерге қатысуы
2008 жылы ТIМSS халықаралық зерттеуінде шамамен 55-тен төмен емес орынды алуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде 100 мектеп салынатын болады.
Бағдарламаны іске асыру кезеңінде жылына кемінде 31 мың педагог қайта даярлаудан өтеді.
Жыл сайын кемінде 30 үздік мектеп айқындалатын болады.
2008 жылға қарай мектеп оқушыларының компьютерлермен қамтамасыз етілуі 20 оқушыға кемінде 1 компьютер келетін арақатынасты құрайды.
2008 жылы білім беру ұйымдарының 4 және 9-сыныптары оқушыларының кемінде 50 %-і аралық мемлекеттік бақылаумен қамтылатын болады, ал ҰБТ рәсіміне қосымша пән енгізіледі.
2007 жылдан бастап бекітілген отандық стандарттар бойынша ұлттық аккредиттеу жүйесін енгізу басталады және жоғары оқу орындарын институционалдық аккредиттеу жүзеге асырылады. 2008 жылдан бастап жекелеген білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеу жөнінде жұмыс жүргізілетін болады.
2009 жылға қарай экономиканың жекелеген салалары бойынша техникалық және қызмет көрсету еңбегінің кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі 2 өңіраралық кәсіптік орталық құрылатын болады, сондай-ақ тағы да осындай 2 орталық құру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |