Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 27 маусымдағы №859 қаулысы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы»



бет2/11
Дата14.07.2016
өлшемі1.82 Mb.
#197952
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

есепке алу
 35. Әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да тіркелуге жатпайтын адамдарды қоспағанда, әскери қызметке жарамдылық дәрежесіне қарамастан, әскерге шақыру учаскесіне тіркеу үшін тізімдерге енгізілген барлық азаматтар қамтылған есептік-әліпбилік кітаптар бойынша жүргізіледі.

ЖӘБО жоқ ауылдық жерлерде, қалалар мен кенттерде тұратын әскерге шақырылушыларды есепке алуды әкімдер азаматтардың тізімдері бойынша жүргізеді.

Заңды тұлғалар әскерге шақырылушыларды есепке алуды осы Қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес жеке карточка (№ Т-2 үлгісі) (бұдан әрі – жеке карточка) бойынша жүргізеді. Есепке алудың бұл түрі жұмыс істейтін (оқитын) әскерге шақырылушылар санын айқындау, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына әскерге шақырылатын азаматтарды уақтылы ауыстыруды дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу, әскерге шақырылушылардың осы Қағидаларды сақтауына бақылауды жүзеге асыру және әскери есепке алуды жүргізуде және жастарды әскери қызметке даярлауда ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-ға көмек көрсету мақсатында жүргізіледі.

36. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО:

1) «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес әскерге шақырылушыларды дербес есепке алуды жүргізеді, әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды және жаңа тұрғылықты жерге кеткен кезде оларды есептен алуды уақтылы ресімдейді;

2) әскерге шақырылушылардың жеке істері мен бақса да әскери-есептік құжаттарына отбасы жағдайының, білімінің, мамандығының, жұмыс орнының, тұрғылықты мекенжайының өзгергені туралы мәліметтерді енгізеді;

3) мерзімді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылған әскерге шақырылушыларды есепке алуды жүргізеді және оларды кейінге қалдыру заңдылығына бақылауды жүзеге асырады;

4) әскери-есептік жұмысты жүзеге асыратын адамдармен нұсқаулық-әдістемелік сабақтарды өткізеді;

5) кемінде жылына бір рет заңды тұлғалардың әскерге шақырылушыларды есепке алуының жай-күйін тексереді және әрбір әскерге шақыру алдында олардың есептік деректерін ЖӘБО-ның (қаланың, ауданның) әскери есепке алу деректерімен салыстырады;

6) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдерін әскерге шақырылушыларды әскери есепке алудың жай-күйі туралы хабардар етеді және қажет болған кезде бұл мәселені аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің қарауына шығарады.

37. Әскерге шақыру ресурстарының болуын есепке алу және олардың қозғалысын (кетуі, келуі) бақылау үшін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да осы Қағидаларға 15-қосымшаға сәйкес есепке алу журналы (бұдан әрі – есепке алу журналы) жүргізіледі, онда апта сайын әскерге шақыру ресурстарының құрамында болған өзгерістер көрсетіледі.

38. Есептік-әліпбилік кітаптар және жеке істердің болуы әскерге шақырылушылардың санын және олардың қозғалысын қамтуға тиіс. Есептік-әліпбилік кітаптардағы және әскерге шақырылушылардың жеке істеріндегі барлық жазбалар мен белгілердің тіркеу жөніндегі комиссиялардың және әскерге шақыру комиссияларының тиісті шешімдеріне, жазылған жазбалар мен белгілердің заңдылығы мен негіздемесін растайтын басқа да ресми құжаттарға сілтемесі болуға тиіс. Есептік-әліпбилік кітаптарда және әскерге шақырылушылардың жеке істерінде өшірулер мен ескертілмеген түзетулерге жол берілмейді. Есептік-әліпбилік кітаптардағы түзетулерге ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО бастығы қол қояды және елтаңбалы мөрмен куәландырылады. Әскерге шақырылушылардың жеке істерінде түзетулер қызыл сиямен жүргізіледі, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО лауазымды адамының қол қоюымен және елтаңбалы мөрмен куәландырылады. Әскерге шақырылушыларды есепке алудың нақтылығына, есептік құжаттаманы жүргізудің толықтығы мен сапасына және оның сақталуына ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО лауазымды адамы жауапты болады.

39. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да әскерге шақырылушылардың барлық жеке істері мынадай жүйелілікпен картотекалар бойынша бөлінеді:

1) ағымдағы жылы әскерге шақыру учаскесіне тіркелгендер (ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да әліпби бойынша және селолық округтер бойынша);

2) мерзімді әскери қызметке әскерге шақырылуға жататындар, сәуір-маусымда, қазан-желтоқсанда бөлек (ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да және селолық округтерде әліпби бойынша);

3) әскерге шақыру кейінге қалдыру құқығы барлар (картотека кейінге қалдыру сипаты бойынша жасалуға тиіс: «отбасы жағдайы бойынша», «білімін жалғастыру үшін», «денсаулық жағдайы бойынша», «басқа да себептер бойынша»);

4) емделуге мұқтаждар;

5) денсаулық жағдайы бойынша бейбіт уақытта жарамсыз және тіркеу кезінде әскери есептен шығара отырып жарамсыз деп танылғандар;

6) әскери оқу орындарына түсуге кандидаттар;

7) жеке істеріне әлі сұрау салынбаған, жаңа тұрғылықты жерге көшуіне байланысты әскери есептен алынғандар (бір айға дейінгі мерзімімен және бөлек – бір айдан астам);

8) соттылығы барлар.

Жоғарыда көрсетілген картотекалардың әрқайсысындағы жеке істер әліпби бойынша қатаң бөлінеді.

40. Тұрақты тұратын жеріне немесе уақытша тұруға (үш айдан астам мерзімге), сондай-ақ іссапаларға, оқуға, демалысқа немесе емделу үшін (үш айдан астам мерзімге) келген әскерге шақырылушылар жеті жұмыс күні ішінде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да әскери есепке алуға тұруға міндетті.

41. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО әскерге шақырылушылардың әскери есебіне:

1) белгіленген мерзімдерде әскерге шақыру учаскелеріне тіркелген;

2) тұрғылықты жерін ауыстырған кезде аудан аумағына басқа ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) басқа ЖӘБО-дан келген;

3) түзеу мекемелерінде жазасын өтеген азаматтарды қабылдайды.

42. Әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуға қабылдау мынадай тәртіппен жүргізіледі:

1) есептік-әліпбилік кітапқа әскерге шақырылушы туралы деректер енгізіледі;

2) осы Қағидаларға 16-қосымшаға сәйкес әліпбилік карточканың (бұдан әрі – әліпбилік карточкалар) 2 данасы толтырылады, оның бір данасы жеке істі алғанға дейін жеке папкада сақталады, ал екіншісі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, оның жеке ісін жолдау туралы өтініш жасай отырып, әскерге шақырылушының бұрынғы әскери есепке алынған жері бойынша ЖӘБО бастығына жолданады;

3) әскерге шақырылушылардың жеке істерін алғанға дейін олар ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да сақталатын әліпбилік карточкалар бойынша есепке алынады және есептілікті жасау кезінде бұл адамдар әскери есепте тұрған әскерге шақырылушылар қатарына енгізіледі;

4) тіркеу туралы куәлікке мөртаңбамен әскери есепке алу туралы белгі қойылады;

5) ЖӘБО жоқ елді мекендерде тұратын әскерге шақырылушылар әскери есепке тұру үшін кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдіктеріне келуге тиіс;

6) әскерге шақырылушының жеке ісі келіп түскен кезде есептік-әліпбилік кітапқа және есепке алу картасына тиісті белгі жасалады.

Алынған жеке іс тексерілгеннен кейін тиісті картотекаға салынады. Әліпбилік карточка жойылады.

43. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеген әскерге шақыру жасындағы азаматтарды әскери есепке алу түзеу мекемелерінде жазасын өтегені туралы анықтаманың көшірмесі қоса берілген, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО бастығы атына берілетін жазбаша өтініш негізінде жүргізіледі.

Егер жазасын өтеу орнынан босатылған адамдар, олар жазасын өтегеннен кейін келген сол ЖӘБО-да әскери есепте бұрын тұрған болса, онда олардың жеке істері қалпына келтіріледі. Бұрын басқа ЖӘБО-да әскери есепте тұрған адамдарға сол ЖӘБО-дан олардың жеке істері сұратып алынады, ал сотталғанға дейін әскери есепте тұрмаған адамдарға жеке істері мен басқа да құжаттар белгіленген тәртіппен ресімделеді.

44. Бейбіт уақытта әскери қызметке жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды деп танылған әскери міндеттілер бейбіт уақытта Әскери-дәрігерлік сараптама қағидаларына сәйкес медициналық қайта куәландырылуға жатпайды.

45. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО әскерге шақырылушылардың әскери есебінен:

1) жаңа ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-дан жеке ісін жолдау туралы сұрау салуды алғаннан кейін жаңа тұрғылықты жерге кеткен;

2) әскери қызметке шақырылған және әскерге жөнелтілген;

3) әскери оқу орындарына курсант болып қабылданған;

4) әскерге шақыру комиссияларының шешімі бойынша әскери міндеттілер есебіне алынған және әскерге шақыру комиссиялары әскери есептен ала отырып, әскери қызметке жарамсыз деп таныған;

5) азаматтық оқу орындарында әскери даярлықтан өткеннен және белгіленген емтихандарды тапсырғаннан кейін запастағы офицерлер әскери атақтарын алған;

6) шетел азаматтығын алған;

7) Қазақстан Республикасы прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызметі, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті (бұдан әрі – құқық қорғау органдары) органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы есебіне алынған азаматтарды әскери есептен алады.

46. Әскерге шақыру учаскесін ауыстыруға қаңтар-наурыз және шілде-қыркүйек кезеңінде жол беріледі. Басқа уақытта әскерге шақыру учаскесін ауыстыруға тек, егер әскерге шақырылушы:

1) әкімшілікпен басқа жергілікті жерге жұмысқа ауыстырылған;

2) тұрғылықты жерін өзгерткен;

3) оқу орнына түскен және білім алуды жалғастыру үшін кеткен жағдайда жол беріледі.

47. Әскерге шақырылушыларды әскери есептен алу ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО бастығының немесе оның орнындағы адамның шешімімен жүзеге асырылады.

Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да әскерге шақырылушыларды әскери есептен алу мынадай тәртіппен жүргізіледі:

1)жаңа тұрғылықты жері бойынша әскерге шақырылушының жеке ісін жолдау туралы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО бастығының сұрау салуы бойынша картотекадан әскерге шақырылушының жеке ісі алынады, әскерге шақырылушының есепке алу картасына кеткен күні мен жерінің мекенжайын көрсете отырып, әскери есептен алу туралы белгі жасалады, сұрау салу ЖӘБО-ның тиісті ісіне тігіледі, ол бір жыл сақталады;

2) есептік-әліпбилік кітапта әскери есептен алынған күні, әскерге шақырылушының қай ауданға, қалаға немесе елді мекенге кеткені көрсетіледі, күні, шығыс нөмірі және ол жолданған ЖӘБО көрсетіліп, әскерге шақырылушының жеке ісін жолдау туралы белгі қойылады.

48. Әскерге шақырылушылар әскери есептен шықпай кеткен немесе олар жаңа тұрғылықты жері бойынша әскери есепке тұру үшін келмеген кезде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО бастықтары мұндай әскерге шақырылушыларды ата-аналары, ішкі істер органдары, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары және басқа да ұйымдар арқылы, сондай-ақ Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасынан деректерді сұрау салу жолымен іздестіруге шаралар қабылдайды.

49. Мерзімді әскери қызметке жөнелтілген әскерге шақырылушыларды әскери есептен алу ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-дан облыстық жиын пунктіне (бұдан әрі – ОЖП) жолданған әскерге шақырылушылардың атаулы тізімдерінің екінші даналары негізінде жүргізіледі.

ОЖП-да толтырылатын атаулы тізімде әрбір әскерге шақырылушының тегінің тұсына жөнелтілген күні және команданың нөмірі көрсетіледі. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-ға қайтарылған әскерге шақырылушыларға қайтару себебі көрсетіледі. Әскерге шақырылушыларды жөнелту және қайтару туралы белгіге ОЖП-ның бастығы қол қояды және облыс (республикалық маңызы бар қала және астана) ЖӘБО-ның елтаңбалы мөрімен куәландырылады. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) ЖӘБО-дан алынған атаулы тізімдердің екінші даналары ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да қызметтік құжаттарды есепке алу журналы бойынша есепке алынады. Әрбір атаулы тізім дана нөмірі мен парақ санын көрсете отырып, жеке нөмірмен есепке алынады.

Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО жұмысының жүйелілігі:

1) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) ЖӘБО-дан алынған атаулы тізімдер негізінде әскерлерге жөнелтілген әскерге шақырылушылардың жеке істері іріктеліп алынады;

2) әскерге шақырылушының есепке алу картасында әскерге шақырылушыны әскери бөлімге жөнелтілген команданың нөмірі мен күні көрсетіледі (жазбаға аудан (облыстық маңызы бар қала) ЖӘБО-ның лауазымды адамы қол қояды);

3) есептік-әліпбилік кітапта «Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскерге шақыру туралы белгі» деген бағанда жөнелтілген күні мен команда нөмірі көрсетіледі;

4) әскерлерге жөнелтілген әскерге шақырылушылардың жеке істері әскерге шақыру аяқталғаннан кейін мұрағатқа тапсырылады, онда әскерге шақырылушының есепке алу карталарымен бірге сақталады;

5) есептік-әліпбилік кітапта жеке істі сақтау орны туралы белгі жасалады.

50. Әскери немесе арнайы оқу орындарына қабылданған әскерге шақырылушыларды әскери есептен алу әскери оқу орындары бастықтарының бұйрықтарынан үзінділер негізінде мынадай тәртіппен жүргізіледі:

1) әскерге шақырылушының есепке алу картасында әскери немесе арнайы оқу орнының атауын, қабылданған күнін, әскери немесе арнайы оқу орны бастығының оқуға қабылдау туралы бұйрығының нөмірін және жеке істі сақтау орнын көрсете отырып, әскери немесе арнайы оқу орнына қабылдау туралы жазба жазылады;

2) есептік-әліпбилік кітапта әскери немесе арнайы оқу орнының атауын, қабылданған күнін, әскери немесе арнайы оқу орны бастығының оқуға қабылдау туралы бұйрығының нөмірін көрсете отырып, жоғары немесе арнайы оқу орнына қабылдау туралы жазба жазылады;

3) әскери немесе арнайы оқу орындарына қабылданған әскерге шақырылушылардың жеке істері мұрағатқа тапсырылады;

4) әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу және одан алу жөніндегі іске аудан (облыстық маңызы бар қала) ЖӘБО лауазымды адамының әскери есептен алу туралы белгісімен бірге әскери немесе арнайы оқу орындары бастықтарының бұйрықтарынан үзінділер тігіледі.

51. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеу үшін сотталған әскерге шақырылушыларды әскери есептен алу сот органдарының жазбаша хабарламалары негізінде жүргізіледі. Соттар бір уақытта ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да сотталғандарды тіркеу туралы куәлікті жолдайды.

Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-ға соттылығы туралы хабарлама келіп түскен кезде картотекадан сотталған адамның жеке ісі алынады. Әскерге шақырылушының есепке алу картасына және есептік-әліпбилік кітапқа соттың атауын, шешім шығарылған күнін, Қылмыстық кодекстің баптарын және әскерге шақырылушыны жазалау мерзімдерін көрсете отырып, әскери есептен алу туралы белгі жасалады. Үкімнің көшірмесі немесе сот органдарының хабарламасы әскерге шақырылушының жеке ісіне тігіледі, ол мұрағатқа тапсырылады және олар 27 жасқа толғанға дейін сақталады, одан кейін комиссия оны акті бойынша жояды.

Есептік-әліпбилік кітапқа жеке істі сақтау орны туралы белгі жасалады. Сотталған әскерге шақырылушыны тіркеу туралы куәлік белгіленген тәртіппен жойылады.

52. Қайтыс болған әскерге шақырылушыларды әскери есептен алу АХАТ органдарынан қайтыс болған күнін және актілік жазба нөмірін көрсете отырып, қайтыс болғаны туралы алынған жазбаша хабарламалар негізінде жүргізіледі.

Қайтыс болған күні мен жазбаны куәландыратын құжатты көрсете отырып, әскерге шақырылушының есепке алу картасына және есептік-әліпбилік кітапқа әскери есептен алу туралы жазба жасалады. Жеке іс мұрағатқа тапсырылады, онда бір жыл сақталады және белгіленген тәртіппен жойылады.

53. Әскерге шақырылушыларды әскери есептен алу және оларды құқық қорғау органдарының арнайы есебіне алу алынған осы органдар басшыларының бұйрықтарынан үзінділер негізінде, ал құқық қорғау органдары арнаулы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын – алынған оқу орындары кадрлар бөлімшелерінің бұйрықтарынан үзінділер негізінде жүргізіледі.

Әскерге шақырылушының есепке алу картасына және есептік-әліпбилік кітапқа құқық қорғау органдары басшысы бұйрығының күні мен нөмірін көрсете отырып, әскерге шақырылушыны әскери есептен алу туралы белгі жасалады. Жеке іс мұрағатқа тапсырылады және олар 27 жасқа толғанға дейін сақталады.

Есептік-әліпбилік кітапқа жеке істі сақтау орны туралы белгі жасалады.

54. Оқу орындарының запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтан өткен студенттері әскерге шақырылушылардың әскери есебінен алынады және әскери есепке алу орны бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да запастағы офицерлердің әскери есебіне беріледі.

Запастағы офицерлердің әскери есебіне оларды беруді ресімдеу мынадай тәртіппен жүргізіледі:

1) әскери кафедралар офицерлер құрамына аттестатталған студенттерге тіркеу туралы куәлікте «Әскери даярлықтан өтті (білім беру ұйымының атауы). Офицерлер құрамына аттестатталды» деген жазу жазады, оған әскери кафедра бастығы қол қояды және елтаңбалы мөрмен куәландырады.

2) осы Қағидаларға 31-қосымшаға сәйкес студенттерге аттестаттау парақтарын, атаулы тізімдер мен оларға офицерлер құрамының әскери атақтарын беру туралы белгісі бар есепке алу құжаттарын алған кезде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО оларды әскерге шақырылушылардың әскери есебінен алады, есепке алу құжаттарына берілген әскери атағын жазады, осы Қағидаларға 17-қосымшаға сәйкес запастағы офицерлер әскери билеттерін (бұдан әрі – запастағы офицер әскери билеті) жазып береді;

3) жазып берілген запастағы офицерлер әскери билеті сұрау салу бойынша иесіне беру үшін халыққа қызмет көрсету орталығына беріледі, бұл ретте халыққа қызмет көрсету орталығында иесінен тіркеу туралы куәлік алынады, оны белгіленген тәртіппен жою үшін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-ға беріледі;

студенттерге запастағы офицерлер әскери билеттерін бергеннен кейін олардың жеке істері мұрағатқа тапсырылады, ал қызметтік және әліпбилік карталары тиісті картотекаларға салынады.

Азаматтарға қажет болған жағдайда запастағы офицерлер бағдарламалары бойынша даярлықтан өтуін растау үшін олардың өтініштері бойынша оқу орындарының әскери кафедралары осы Қағидаларға 32-қосымшаға сәйкес анықтама береді.

Студентті әскерге шақырылушының әскери есебінен алу үшін негіздеме аудандық (қалалық) әскерге шақыру комиссиясының шешімі болып табылады.

Студентті әскерге шақырылушының әскери есебінен алу кезінде әскерге шақырылушының есепке алу картасына және есептік-әліпбилік кітапқа жазба жасалады.

Запастағы офицерлерді есепке алуға берілген әскерге шақырылушылардың жеке істері әскерге шақыру туралы есептілікті жасағаннан кейін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да сақталады, жеке істі сақтау орны туралы белгі есептік-әліпбилік кітапқа жасалады.

55. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында көзделген себептер бойынша бейбіт уақытта әскерге шақыруға жарамсыз, соғыс уақытында шектеулі жарамды, сондай-ақ бейбіт уақытта әскери қызметке шақыру бойынша әскери қызметке шақырудан босатылған әскерге шақырылушыларды әскери есептен алу және оларды әскери міндеттілердің есебіне беру облыстық әскерге шақыру комиссиясының шешімімен расталған аудандық (қалалық) әскерге шақыру комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.

Көрсетілген әскерге шақырылушыларды әскерге шақырылушылардың есебінен алу кезінде аудандық (қалалық) әскерге шақыру комиссиясы хаттамалар кітабынан үзінді жасалады және әскерге шақыру комиссиясы хаттамалар кітабымен және әскерге шақырылушының есепке алу каратасымен бірге ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО бастығына қол қоюға ұсынылады.

Әскерге шақырылушының жеке ісі аудандық (қалалық) әскерге шақыру комиссиясының хаттамасынан үзіндімен бірге әскери билет толтыру үшін облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) ЖӘБО-ға беріледі.

Әскерге шақырылушыны әскери есептен алу және оны әскери міндеттілер есебіне беру туралы есептік-әліпбилік кітапқа тиісті белгі жасалады.

56. Қабылданған шешімдердің заңдылығын растайтын құжаттар салынған аудандық (қалалық) әскерге шақыру комиссиясының шешімімен әскери міндеттілер есебіне берілген әскерге шақырылушылардың барлық есепке алу карталары әліпби бойынша салынады, іс (көктемгі және күзгі әскерге шақыру үшін бөлек) ресімделеді, ол 10 жыл бойы жеке істерден бөлек сақталады.

57. Әскери есепке алуға жататын әскерге шақырылушылар:

1) өзімен бірге тіркеу туралы куәлігін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін және көлік құралын жүргізуге құқық беретін жүргізуші куәлігін (ол болған кезде) алып, шақырту (шақырту қағазы) бойынша белгіленген уақытта және жерге ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-ға немесе тұрғылықты жері бойынша әскери есепке алуды жүзеге асыратын өзге де органға келуі;

2) жеті жұмыс күні ішінде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да немесе әскери есепке алуды жүзеге асыратын өзге де органға тегінің, атының, әкесі атының (ол бар болған кезде), отбасы жағдайының, денсаулық жағдайының (бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылса), тұратын жерінің, білімінің, жұмыс орнының, лауазымының өзгергені туралы хабарлауы;

3) жаңа тұрғылықты жерге немесе уақытша тұратын жерге (үш айдан астам мерзімге) елді мекенге (әкімшілік ауданы), сондай-ақ қызметтік іссапарларға, оқуға, демалысқа немесе емделуге (үш айдан астам мерзімге) келген кезде жеті жұмыс күні ішінде келу орны бойынша әскери есепке тұру туралы өтінішпен халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш жасауы. Елді мекенде ЖӘБО болмаған кезде кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімдігінде әскери есепке тұруы;

4) тіркеу туралы куәлігін жоғалтқан жағдайда жеті жұмыс күні ішінде тіркеу туралы куәліктің телнұсқасын беру туралы өтінішпен тұрғылықты жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш асауы қажет.

58. ЖӘБО жоқ елді мекендерде әскери шақырылушыларды әскери есепке алуды әкімдер осы Қағидаларға 21-қосымшаға сәйкес әскери есепте тұрған әскерге шақырылушылар тізімі (бұдан әрі – әскери есепте тұрған әскерге шақырылушылар тізімі) бойынша қамтамасыз етеді.

Әкімдер олардың негізінде әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу жүзеге асырылатын құжат тіркеу туралы куәлік болып табылады.

59. Әскери есепке алуды қамтамасыз ету үшін әкімдері:

1) осы Қағидаларға 22-қосымшаға сәйкес әскери міндеттілерді әскери есепке алуды және тұрғылықты тұруға немесе уақытша тұру орнына (үш айдан астам мерзімге) келетін әскерге шақырылушыларды есепке алады;

2) олардың аумағына тұрақты тұруға немесе уақытша тұруға (үш айдан астам мерзімге) келетін (басқа ауданға, қалаға көшіп кететін) әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды/есептен алуды жүргізеді және есепке алады;

3) олардың аумағында орналасқан барлық заңды тұлғаларды есепке алуды жүргізеді және олардың әскери есепке алуды жүргізуіне жүйелі бақылауды жүзеге асырады;

4) жылына кемінде екі реттен жиі емес есепте тұрған әскерге шақырылушылардың тізімдерін салыстырып тексереді;

5) заңды тұлғалардың әскерге шақырылушылар жеке карточкаларын азаматтарды тіркеу кітаптарымен, сондай-ақ аулалар бойынша аралап тексеру жолымен әскерге шақырылушылардың нақты болуымен салыстырып тексереді;

6) азаматтарды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-ға шақыртулар туралы хабардар етеді және осы шақыру бойынша көрсетілген пункттерге және мерзімдерде уақтылы келуіне жәрдемдеседі;

7) әскерге шақырылушылардың тізімдеріне білімінің, жұмыс орнының, лауазымының, отбасы жағдайының өзгерістерін енгізеді және ай сайын 25-і күні ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-ға хабарлайды;

8) жыл сайын 1 қыркүйекке дейін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-ға 15-16 жастағы азаматтардың тізімдерін, ал 1 желтоқсанға дейін осы Қағидаларға 23-қосымшаға сәйкес келесі жылы әскери есепке тұруға тиіс азаматтардың тізімдерін (бұдан әрі – тіркелуге жататындар тізімі) ұсынады;

9) осы Қағидаларға 24-қосымшаға сәйкес әскерге шақырылушыларды, запастағы әскери міндеттілерді әскери есепке алудың және броньдаудың жай-күйін тексеру журналын (бұдан әрі – тексеру журналы) жүргізеді;

10) азаматтарға әскери есепке алу жөніндегі міндеттерді түсіндіреді және олардың осы Қағидалармен белгіленген нормаларын сақтауына бақылауды жүзеге асырады.

60. Әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою кезінде куәліктерінде бұрынғы тұрғылықты жері бойынша әскери есепке алу туралы белгілердің болуын тексеру, әскери есепке қою, осы Қағидаларға 16-қосымшаға сәйкес әліпбилік карточканы толтыру қажет. Тіркеу туралы куәліктерде сілтеу жасалмаған түзетулер, дәлсіздіктер мен жасандылықтар, парақ санының толық еместігі анықталған кезде әкімдер ол туралы тиісті шаралар қабылдау үшін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБОға хабарлайды.

Барлық әскерге шақырылушыларға тізім жасалады және әліпбилік карточкалар толтырылады. Көрсетілген құжаттарды толтыру тіркеу туралы куәліктердегі жазбалармен дәл сәйкестікте жүргізіледі, бұл ретте білімі, жұмыс орны, лауазымы, тұрғылықты жері мен отбасы жағдайы туралы мәліметтер оларды жеке әңгімелесу кезінде нақтыланғаннан кейін жазылады. Дұрыс емес жазбалар анықталған жағдайда әскери есепке қою ресімделгеннен кейін тіркеу туралы куәліктерге тиісті өзгерістерді енгізу үшін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-ға жолданады.

61. Қайтыс болған әскерге шақырылушыларды әскери есептен алу АХАТ органдарынан қайтыс болғаны туралы хабарламалар алынған кезде жүргізіледі.

АХАТ органдары алған қайтыс болған азаматтың әскери билеті, уақытша куәлігі немесе тіркеу туралы куәлігі ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-ға беріледі. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-да алғашқы есепке алу карточкаларында қайтыс болғаны туралы актілік жазбалардың нөмірін көрсете отырып, белгі жасалады, одан кейін карточкалар есепке алудан алынғандар және шығарылғандар картотекасына салынады. Осы карточкалар, әскери билеттер, уақытша куәліктер, тіркеу туралы куәліктер белгіленген тәртіппен жойылады.

62. Қазақстан Республикасының азаматтығын алған, басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткермеген 27 жасқа дейінгі адамдар әскерге шақырылушылардың әскери есебіне қабылданады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет