Автомобиль көлігі
1-міндет. Автокөлік саласының инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту, автостанциялар мен аялдама пункттерін салу, сондай-ақ экологиялық автокөлікті енгізу.
Жолаушы автотасымалдарының қосымша инфрақұрылымын жақсарту мен құру мақсатында жергілікті атқарушы органдар аудан орталықтарында жаңа автостанциялар салу және қолданыстағыларын реконструкциялау, автостанциялары жоқ елді мекендерде (кенттер, ауылдар) жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін, сондай-ақ барлық қалаларда такси тұрақтарын салу жөнінде жұмыстар жүргізетін болады.
Жоғарыда көрсетілген объектілерді салу жөніндегі бірқатар жобалар мемлекеттік-жекешелік әріптестік нысанында іске асырылатын болады.
Тиісінше жеке меншік сектордың рөлі – инвестициялар, құрылыс, бизнесті ұстау және жүргізу.
Жолаушыларды автобуспен тасымалдау инфрақұрылымын дамыту қатынастар тұрақтылығын ұлғайтуға мүмкіндік береді және сол арқылы тұрғындардың ұтқырлығын арттырады, бұл республиканың өңірлерін дамыту үшін маңызды.
Экологиялық таза көлікті дамыту мақсатында тұрақты автобус тасымалдарында газ-мотор отынымен жүретін автобустарды пайдалану көтермеленетін болады, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамыту газбен және электрмен жұмыс істейтін пайдаланылатын жеңіл көлік санының ұлғаюына әкеледі.
Жолаушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау саласындағы толыққанды және сапалы қызметтерге қол жеткізу үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, қолданыстағы автовокзалдар мен автостанциялардың инфрақұрылымын дамытуға және олар көрсететін қызметтердің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Сондықтан ұлттық стандарттарды енгізу және электрондық билетпен қамтамасыз етуді, жолаушылар мен тұрғындарды тасымалдау процесі туралы ақпараттық қамтамасыз етуді дамытуды көздейтін автовокзалдар мен автостанциялар көрсететін қызметтерге қойылатын талаптарды жоғарылату, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қажетті жағдайлар жасау, санитариялық-гигиеналық талаптар мен температуралық режимдерді сақтау, қорғау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, персоналдың мінез-құлқы маңызды аспект болып табылады.
Осыған байланысты автовокзалдар мен автостанцияларды жолаушылар тасымалы саласындағы заңнаманың және ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкес келтіру қажет.
Стандарттардың іске асырылуын қамтамасыз ету үшін автомобиль көлігі саласындағы ұлттық стандарттарды міндетті қолдану жөнінде заңнамалық нормалар көзделген.
Жергілікті атқарушы органдар автомобиль көлігі саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, жұмыс істеп тұрған автовокзалдар мен автостанцияларды қолданыстағы заңнамада көзделген өкілеттіліктер шеңберінде ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізетін болады.
2-міндет. Елді мекендерді тұрақты автобус қатынастарымен қамтамасыз ету.
Теміржол және авиация көлігінің елді мекендерді қамтудағы мүмкіндігі шектеулі екенін ескерсек, жолаушылар тасымалдауда тұрақты автобус қатынастары маңызды рөл атқарады.
Тұрақты жолаушы қатынасымен қамтылған халқы 100 адамнан асатын ауылдық елді мекендер саны 4 938 бірлікке жетті, бұл Қазақстанның осындай елді мекендерінің жалпы санының 6 623 бірлігі ішінде 75%-ды құрайды.
Инфрақұрылымды, автомобиль жолдары мен тасымалдаушыларды 2020 жылға дейін дамытуды ескере отырып, елді мекендерді тұрақты автобус қатынастарымен толық (100%) қамту қамтамасыз етілетін болады.
Осыған байланысты елді мекендерде автостанциялар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттерін салған кезде жергілікті атқарушы органдар қосымша тұрақты автобус маршруттарын ашады, сондай-ақ қолданыстағы машраттур бойынша автобустар қозғалысының кестесін түзету іске асырылатын болады.
Бұдан басқа, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және процестерін оңтайландыру мақсатында жолаушыларды электрондық билетпен қамтамасыз етуге көшу және маршруттарды онлайн диспетчерлеуді дамыту жүзеге асырылатын болады, бұл жолаушыларға тасымалдау процесі туралы ақпарат беруді автоматтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
3-міндет. Ресми тасымалдаушы таксилердің санын ұлғайту.
Қазақстанда таксомоторлық тасымалдар бизнесі дамудың бастапқы кезеңінде тұр.
Қазіргі уақытта таксомоторлық тасымалдар нарығында қызметі белгіленген талаптарға толық шамада сәйкес келмейтін және ресми такси тасымалдарының дамуы үшін тең жағдай жасамайтын жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер басым. Сонымен қатар инновациялық технологияларды пайдалану үлесінің төмен болуы байқалады, оларсыз таксомоторлық тасымалдарды қазіргі заманғы деңгейде ұйымдастыру мүмкін емес.
Таксомоторлық тасымалдардың дамуын ынталандыру үшін жолаушылар жиналатын объектілерді такси тұрақтарымен қамтамасыз ету, таксимен тасымалдаушыларды тіркеуді оңайлату, таксомоторлық қызметпен айналысуға қойылатын, тасымалдау қауіпсіздігі мен сапасына әсер етпейтін талаптарды азайту, заңсыз таксистерді заңды қызметке көшіру бойынша жағдайлар жасалатын болады.
Сонымен қатар халықтың телекоммуникациялық ресурстар арқылы сапалы такси тапсырыстарын алуына және көрсетілген қызметтерге қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы ақы төлеуді жүзеге асыруға бағытталған таксомоторлық көрсетілетін қызметтерді автоматтандыруды дамыту үшін заңнамалық деңгейде жағдайлар жасалады.
4-міндет. Отандық тасымалдаушылардың халықаралық автокөлік қызметтері нарығына қатысу үлесін ұлғайту.
Халықаралық автокөлік қызметтері нарығындағы отандық тасымалдаушылардың үлесін ұлғайтудағы маңызды аспектілердің бірі халықаралық автокөлік қызметтері нарығындағы экспедиторлық процестің дамығандығы болып табылады.
Отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттігін арттыру жөніндегі одан арғы шаралар отандық тасымалдаушылардың халықаралық жүк тасымалдары нарығындағы үлесін 2013 – 2015 жылдары орта есеппен 6 %-ға арттыруға және оны 2020 жылға қарай елу пайыздық деңгейге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл үшін транзиттік рұқсат беру бланкілерін шетелдік АКҚ-ға сатуды тоқтату жөнінде шаралар қабылданатын болады, Қазақстанның аумағы арқылы шетелдік АКҚ жүріп өтуін бақылау күшейтіледі, сондай-ақ отандық тасымалдаушылардың проблемалық мәселелерін шешу бойынша шет елдермен протекционистік саясат жүргізілетін болады.
Кейіннен халықаралық тасымалдардың өсу үрдісін есепке ала отырып, халықаралық жүк тасымалдары нарығындағы отандық тасымалдаушылар үлесінің төмендеуін болдырмау, үшінші елдерге/елдерден рұқсат беру бланкілерін айырбастау квотасын қысқарту, сондай-ақ орталық Азия елдеріне (елдерінен) Орта Азия және Еуропа елдеріне жүк тасымалдары кезінде үстем жағдай бойынша шаралар қамтамасыз етілетін болады. Тиісінше, халықаралық тасымалдарда жүк АКҚ паркін ұлғайту үшін жағдайлар жасаудың маңызы аз болмайды.
Шетел мемлекеттерімен жүктерді тасымалдау шарттары және өзекті мәселелерді жедел шешу тәртібі көзделетін үкіметаралық қосымша келісімдер жасасу арқылы отандық автотасымалдаушылар үшін жүктерді тасымалдау географиясын кеңейтуге жағдайлар жасалатын болады.
5-міндет. АКҚ паркінің пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының жолдарында қауіпсіздікті, көлік инфрақұрылымын дамытуды, сондай-ақ оның тиімділігін арттыру мақсатында 2014 – 2020 жылдары зияткерлік көлік жүйесінің құрауыштарын енгізу жоспарланған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында жол-көлік оқиғаларының салдарынан болатын өлім-жітімді азайту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында ААШШ жүйесі құрылатын болады.
ААШШ жүйесін құру автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғалары кезінде шұғыл жедел қызметтердің ден қою уақытын қысқартуға бағытталған және құтқару іс-шараларының нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әкімшілік кедергілерді азайту, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қысқарту, автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қозғалыста және қозғалыс қарқындылығын есептеуде АКҚ автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
Аталған жүйе автокөліктің қозғалыстағы салмақтық параметрлерін өлшеуге, қозғалыс қарқындылығын есептеуді жүзеге асыруға, инспектор мен тасымалдаушының тікелей байланысын болдырмауға, АКҚ бақылау мен өлшеу, сондай-ақ АКҚ-ны негізсіз тоқтатуды бақылау процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
2014 жылдың өзінде салмақтық және габариттік параметрлерді өлшеу үшін 18 құрылғы орнатылатын болады. Одан кейін автомобиль жолдарын реконструкциялау және күрделі жөндеу жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының аса қарқынды учаскелеріндегі жүйелердің жалпы саны 2016 жылға дейін 80-ге дейін жеткізілетін болады.
Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге АКҚ паркін жаңарту және техникалық байқау жүйесін жетілдіру арқылы қол жеткізілетін болады.
6-міндет. Автомобиль көлігімен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде кедергілерді азайту.
Кедергілерді азайту автокөлік құралдарын бақылау рәсімін одан әрі автоматтандыру, атап айтқанда, ААӨҚ енгізу бойынша жұмыстарды жалғастыру арқылы жоспарланып отыр, бұл автокөлікті бірнеше мәрте тоқтату мен өлшеуді болдырмауға және жүктің республика аумағы арқылы өту мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды жүзеге асыруға негіз болатын қазақстандық рұқсат беру бланкілерін автоматтандырылған есепке алу жүйесін енгізу мәселесі пысықталатын болады.
КО шеңберінде Ресей мен Беларусьтің ақпараттық жүйелерімен ықпалдасу рұқсат беру бланкілерінің бар-жоғын электрондық түрде бақылауды жүргізуге мүмкіндік береді, бұл қайта тексерулерді болдырмауға мүмкіндік береді.
Ақпараттық жүйелердің тиімді жұмыс істеуі үшін дерекқорды және тексеру нәтижелерін электрондық құжаттаудың автоматтандырылған жұмыс орындарын құру жоспарланған.
Бұдан басқа, ЗКЖ енгізу шеңберінде жүкті жеткізу жылдамдығын мониторингтеуді жүзеге асыруға, автокөлік ең көп кідіретін жерлерді кейіннен жою мақсатында оларды анықтауға мүмкіндік беретін «Транзиттік трафик» кіші жүйесі әзірленетін болады.
Кіші жүйені енгізу АКҚ Қазақстан арқылы транзитпен өтуін тіркеуге және транзиттік трафик бойынша талдамалық есеп жүргізуге мүмкіндік береді, бұл транзиттік ағынның кепілдік берілген уақытта өтуін қамтамасыз ету және транзиттік тасымалдаудың орташа жылдамдығын сағатына 60 км дейін арттыру арқылы транзиттік жүктердің тасымалдануын тиімді бақылауды қамтамасыз етуге және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, шаруашылық жүргізуші субъектілерді тексеру кезінде ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық сипатындағы көріністерді болдырмау мақсатында тексеру актілерін, бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдарды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мен қаулыларды электрондық ресімдеуді енгізу және көліктік бақылау саласында тиісті дерекқор мен АЖО құру арқылы жоспарлы, жоспардан тыс және бақылау мақсатындағы тексерулер жүргізу әдістемесін жетілдіру ұсынылады
Су көлігі
1-міндет. Теңіз порттарының өткізу қабілетін ұлғайту.
Теңіз порттарының қуатын дамыту негізінен құрғақ жүк терминалдарындағы перспективалы қажеттіліктерге байланысты.
Ақтау портындағы құрғақ жүктерді өңдеу өсімінің қазіргі қажеттіліктері портты солтүстік бағытта кеңейту жобасын іске асыру есебінен қамтамасыз етілетін болады, бұл жоба 2015 жылы аяқталады.
Ақтау портын кеңейтудің бірінші кезеңі шеңберінде қорғаныштық гидротехникалық құрылыстар салынды. 2013 жылы порт акваториясының кеңейтілетін бөлігінде түбін тереңдету жұмыстары басталды, ал 2014 жылдан бастап үш құрғақ жүк терминалының құрылысы басталады.
Нәтижесінде Ақтау порты өткізу қабілетінің 2,5 млн. тоннаға өсуі қамтамасыз етілетін болады.
Өткізу қабілетінің артуына Ақтау портында қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар да ықпал етеді. Атап айтқанда, Ақтау портының өндірістік процесін басқару жүйесі автоматтандырылады (тиеу-түсіру жұмыстарын автоматтандыру және қоймалық операцияларды оңтайландыру), сондай-ақ құжаттарды ресімдеу процесін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Бағдарлама шеңберінде Ақтау теңіз портының өткізу қабілеті жоғарыда көрсетілген жобаларды сәтті іске асыру, сондай-ақ Ақтау портының 12-айлағын реконструкциялау және жаңа 11-айлақты салу есебінен 2020 жылға қарай 16,8-ден 20,5 млн. тоннаға дейін артатын болады.
Сонымен қатар, 2017 жылы 4 млн. тоннаға дейінгі қуаттылығы бар Құрық портында паромдық кешеннің құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Бұдан басқа, өзен инфрақұрылымын кеңейту шеңберінде бес айлақтың құрылысы және екі паромдық өткелді жаңғырту жоспарланып отыр.
Су көлігінің инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жекеше инвестицияларды тарту жөніндегі мәселе қаралатын болады.
2-міндет. Ұлттық флоттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Сауда флотының бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін қазақстандық кеме қатынасы компаниялары үшін Қазақстан Каспий маңындағы мемлекеттерден төмен емес деңгейде тең жағдайлар жасауы қажет.
Теңіз көлігінің қалыптасқан жағдайдан шығу бағыттарының бірі Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімін құру болып табылады.
Халықаралық кеме тізілімі кеме иелеріне шығындарды қысқартуға, әлемдік фрахталық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тиісінше ұлттық тоннаждың «ыңғайлы» тулардың астына таралып кетуіне қарсы тұруда көмек көрсетуге арналған.
Бүкіл әлемдегідей, Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімін құрудың негізгі мақсаты кемелерді тіркеуден кірістер алу емес, сыртқы сауданы фрахталық нарықтың күрт ауытқуынан қорғауды, экспорттық-импорттық операциялардың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, теңіздегі кеме қатынасына байланысты экономика салаларын жандандыруды қоса алғанда, тұтастай ел экономикасы үшін әсер ету болып табылады.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімін құру заңнамалық тұрғыда бекітілді. Аталған тізілім онда тіркелген кемелерді көлік салығынан босатуды көздейді.
Бірақ қазақстандық сауда флотының бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру үшін Каспий маңындағы мемлекеттер өз флотына көрсететін деңгейде салықтық преференциялар мен жеңілдіктерді беру бөлігінде қосымша мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мәселесін пысықтау қажет.
3-міндет. Кеме жөндеу-кеме жасау өндірісін дамыту.
Сервистік өндірісті дамыту мақсатында Құрық кенті ауданында кеме жөндеу/кеме жасау зауыты салынатын болады. Көрсетілген зауытты орналастыру Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында салмағы 600 тоннадан астам ірі кемелерді толық және сапалы жөндеуге қабілетті жаңа кеме жасау және кеме жөндеу өндірісінің болмауынан туындап отыр. Осы зауытта мұнай-газ секторына арналған кемелерді, сондай-ақ түрлі мақсаттағы кемелерді жасау болжанып отыр.
4-міндет. Кемелер экипаждары құрамындағы отандық кадрлардың тапшылығын азайту.
Кадр әлеуетін дамыту үшін теңіз көлігі кадрларын даярлау жүйесін халықаралық талаптарға сәйкестендіру, жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайту, курсанттарды жүзу практикасымен және теңіз мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттармен қамтамасыз ету, біліктіліктің салалық шеңберлері мен кәсіптік стандарттарын әзірлеу арқылы ұлттық жүйені енгізу, қайта оқыту және біліктілікті арттыру, оның ішінде шетел тілдерінде, болжанып отыр, бұл қазақстандық мамандардың отандық және халықаралық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде 2016 жылға қарай Кадрлар даярлау жөніндегі халықаралық теңіз ұйымының «Ақ тізіміне» ену болжанып отыр, бұл теңіз кемелері экипажының құрамындағы жергілікті қамтуды ұлғайтуды және кейіннен қазақстандық дипломдардың әлемнің барлық шетелдік порттарда танылуын қамтамасыз етеді.
5-міндет. Ішкі су көлігін дамыту.
Өзендегі кеме қатынасын дамыту және халық пен шаруашылық субъектілерінің Қазақстан Республикасының өзен көлігі көрсететін қызметтерге қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында мынадай іс-шараларды іске асыру көзделеді:
-
мемлекеттік техникалық флоттың 36 кемесін жаңарту, бұл кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізілетін жұмыстардың тиімділігін арттырады және су жолдарын күтіп-ұстау жөніндегі шығындарды азайтуға ықпал етеді;
-
шлюз плотинасының биіктігін СЭС плотинасының деңгейіне дейін жеткізу және көктемгі су тасу кезеңінде шлюзді су басу мүмкіндігін болдырмау мақсатында Шүлбі шлюзінің кеме қатынасының гидротехникалық қорғаныш құрылысын салу;
-
жүк жинақтайтын қойма алаңдары бар 5 айлақ құрылысын салу және екі паромдық өткелді жаңғырту, бұл навигациялық кезеңде, оның ішінде транзиттік жүктерді тасымалдау кезінде өзен көлігінің жүктелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Көрсетілген іс-шараларды іске асыру өзен көлігімен жүк тасымалдарының көлемін жылына 2,5 млн. тоннаға дейін, оның ішінде Ертіс бассейнінде – 1,92 млн. тоннаға, Орал – Каспий бассейнінде – 0,5 млн. тонна және Іле – Балқаш бассейнінде – 0,08 млн. тоннаға ұлғайтуды қамтамасыз етеді.
6-міндет. Су көлігіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыру.
Су көлігіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін мынадай шаралар қабылданатын болады:
-
Халықаралық теңіз ұйымы қабылдаған конвенциялардың талаптарына сәйкес теңіз көлігіндегі бақылауды ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
-
су көлігінде бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында таяу және алыс шет елдердің тиісті ұйымдары мен мемлекеттік органдарында тәжірибе алмасу;
-
бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Ресепубликасы Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің қызметтік су көлігін кезең-кезеңімен жаңарту.
Жағалау маңындағы мемлекеттің маңызды міндеттері өзінің жауапкершілік аймағында кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, теңіз ортасының ластануын болдырмау бойынша барлық шараларды қабылдау, теңізде апатқа ұшырағандарға көмек көрсету болып табылады.
Каспий теңізінде кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді шешу екі бағыт бойынша іске асырылатын болады:
1) жағалау маңындағы мемлекеттердің міндеттеріне жататын халықаралық конвенцияларды орындау;
2) жағалау маңындағы мемлекеттердің порттарына кіретін кемелердің халықаралық конвенциялар талаптарын орындауын бақылау.
Атап айтқанда, Порттың теңіз әкімшілігін құру, навигациялық қауіпсіздікті күшейту, оның ішінде Құрық және Орал – Каспий каналындағы портта кемелер қозғалысын басқарудың қосымша жүйелерін орнату арқылы шаралар қабылдау болжанады.
Азаматтық авиация
1-міндет. Азаматтық авиация саласын нормативтік-құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру.
ИКАО техникалық ынтымақтастық бюросының сарапшыларымен бірге ИКАО аудитінің 2009 жылғы ескертулерін жою жөніндегі жұмыс жүргізілетін болады. ИКАО-ның валидациялық миссиясы жүргізілетін болады.
ИКАО валидациялық миссиясы нәтижелерінің негізінде Қазақстан Республикасының авиациялық билігі Еуропалық Комиссияның Қауіпсіздік жөніндегі комитетінің кезекті тыңдалымына қатысады, оның нәтижелері бойынша қазақстандық авиакомпаниялардың ЕО-ға ұшуына қойылған шектеулер алынатын болады.
ИКАО техникалық ынтымақтастық бюросының сарапшыларымен бірлесіп Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің инспекторлық құрамы қадағалау жөніндегі білікті мамандармен жасақталатын болады.
Бұдан басқа, ИКАО техникалық ынтымақтастық бюросының сарапшылары Азаматтық авиация комитетінің инспекторларын жұмыс орындарында халықаралық талаптарға сәйкес қажетті практикалық оқытуды жүргізетін болады.
Ұшу қауіпсіздігінің деңгейін жоғарылату мақсатында 2015 жылдан бастап тұрақты рейстерде жолаушылар тасымалын орындайтын авиакомпаниялар үшін пайдалану қауіпсіздігі аудитінен IOSA өтуді енгізу жоспарлануда. Авиация саласының қауіпсіз ұшуларды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды қатаңдатуға бағытталған негізгі бағыты Еуропалық талаптарды 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізу болып табылады.
2-міндет. Жерүсті инфрақұрылымын дамыту.
Жерүсті инфрақұрылымын дамытудағы проблемалардың бірі әуежайлардың техникалық және қаржылық жай-күйі болып табылады. Бірыңғай жүйені құру және жай-күйді жақсарту мен проблемалы мәселелерді шешу бойынша пәрменді тетік әзірлеу мақсатында Әуежайларды дамыту стартегиясы (мастер-жоспар) әзірленіп, іске асырылатын болады. Мемлекеттік меншіктің әртүрлі нысанындағы әуежайлар басқару әдісіне жүйелік тәсілді одан әрі қамтамасыз ету үшін республикалық меншікке берілетін болады.
Кейіннен, халықаралық тәжірибе негізінде басқару процестерін жүйелеу үшін жаңа Даму стратегиясын ескере отырып, Ұлттық мультимодальдық көлік-логистикалық операторға мемлекеттік меншіктің әртүрлі нысанындағы (республикалық, коммуналдық, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ) кейбір әуежайлар сенімгерлікпен басқаруға берілуі мүмкін. Бұл ретте авиациялық, автомобиль және теміржол салаларындағы тасымалдарды басқару мен логистикалық қамтамасыз етудің бірыңғай жүйелік тәсілі қамтамасыз етілетін болады.
Бұдан басқа, әуежай инфрақұрылымын ұшу қауіпсіздігі мен сервис бойынша халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келтіру үшін әуежайлардың инфрақұрылымын техникалық жарақтандыру жөніндегі жұмыс жүргізілетін болады.
2014 – 2015 жылдары Қазақстанның әуежайлары ISAGO өтетін болады.
2020 жылға қарай 18 әуеайлақ ИКАО талаптарына сәйкес келетін болады.
Сонымен қатар, 2020 жылға дейін 10 аэровокзал кешенін реконструкциялау жүргізілетін болады. EXPO-2017-ге дайындалу шеңберінде Алматы қаласының әуежайында жаңа терминал салынатын болады. Астана қаласының әуежайында аэровокзал кешенін кеңейту мен реконструкциялау және ұшу-қону жолағын, рульдеу жолдарын, перронды реконструкциялау жөнінде жұмыс жүргізілетін болады.
2020 жылға қарай елде 4 хаб-әуежай жұмыс істейтін болады: Астана, Алматы, Ақтөбе және Қарағанды қалаларының әуежайлары. 2030 жылға қарай қосымша 2 хаб-әуежай жұмыс істейтін болады: Атырау және Ақтау қалаларының әуежайлары.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өнім берушілер көрсететін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін және сапасын арттыру үшін ICAO ұсынымдары бойынша жолаушыларға (жылына 2 млн. жолаушыдан астам) және әуе кемелеріне жерүсті қызметін көрсету бөлігінде, отынмен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әуежай қызметін монополиясыздандыруды жүргізу қажет.
Жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында автоматтандырылған тіркеу платформасын енгізу жоспарланған. Ұшу мәртебесін таблода автоматтандырылған түрде көрсету жүйесін де енгізу қажет. Жолаушылар ағыны 300 мыңнан асатын әуежайларда әуе кемелеріне қызмет көрсетудің тиімді іс-шаралары үшін қосымша жедел дерекқор жүйесін енгізу ұсынылады.
3-міндет. Шағын авиацияны дамыту.
Шағын авиацияны дамыту облыс орталықтарын автомобиль және теміржол желісі нашар дамыған шалғай аудандармен шұғыл көлік байланысымен қамтамасыз ету үшін халықтың авиакөлік қызметтеріне әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Бұдан басқа, шағын авиация әуеайлақтары желісінің дамыған инфрақұрылымы табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайларда шұғыл ден қою күштерін жеткізу, сондай-ақ науқастарды облыстық маңызы бар медициналық ұйымдарға шұғыл санитариялық жеткізу мәселелерін шешуде жәрдемдеседі.
Сонымен бірге, шағын авиацияны дамыту өңірлердің туристік-рекреациялық әлеуетін нығайту, тұрақты жергілікті авиатасымалдар желісін құру есебінен облысаралық және аудан орталықтарымен туристік кластерлерді құру және ілгерілету үшін ынталандыру болып табылады.
Бұған қосымша шағын авиацияны дамыту үшін әуе кемелерін шығару, ұшуда пайдалану, оларға техникалық қызмет көрсету және персоналды оқыту саласында ақылы қызметтер көрсету мен жұмыс жасау жөніндегі қызметке шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тарту жоспарлануда.
Шағын авиацияны дамыту үшін қажетті инфрақұрылым құрылатын болады. 2020 жылға дейін ұшып көтерілу салмағы 50 тоннаға дейінгі әуе кемелерін (жолаушылар сыйымдылығы 50-70) қабылдау мүмкіндігі бар ірі аудандық пункттерде жасанды ҰҚЖ бар жергілікті әуе желілерінің 5 әуеайлағы және ұшып көтерілу салмағы 10-15 тонна (жолаушылар сыйымдылығы 10-30) әуе кемелері үшін топырақты ҰҚЖ бар 11 әуеайлақ салынады және реконструкцияланатын болады.
Бұдан басқа, 2014 – 2020 жылдар кезеңінде отандық авиакомпанияларды ынталандыру арқылы шағын авиация сегментінде авиациялық көрсетілетін қызметтерді дамыту үшін жағдайлар жасалады. Сонымен қатар, шағын авиация мүддесінде төменгі әуе кеңістігі құрылымын жетілдіру, шағын авиация саласында қызметті жүзеге асыру кезіндегі рұқсат беру рәсімдерінің санын азайту мақсатында әуе кеңістігіне кезең-кезеңімен қайта құрылымдау жүргізілетін болады.
Нәтижесінде авиатасымалдаушылар үшін коммерциялық тартымдылық, дамыған шет елдердің тәжірибесі бойынша халық тарапынан шағын авиация секторы бойынша сұраныс пен ұсыныстың тұрақты өсімі қамтамасыз етілетін болады.
Тұтастай алғанда, шағын авиацияны дамыту үшін жергілікті және республикалық бюджеттің қаражаты пайдаланылатын болады, сондай-ақ жекеше инвесторлар тартылмақ.
4-міндет. Әуе кемелерінің паркін жаңарту.
Әуе кемелерінің паркін жаңарту ескіргендерін қазіргі заманғы жабдықтар мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерін қамтитын үздік техникалық параметрлері бар жетілдірілген жаңа түрлеріне ауыстыру мақсатында қажет.
Пайдалану шығыстарын азайту, ұшу сағатының өзіндік құнын төмендету мақсатында қазақстандық авиакомпаниялар әуе кемелерін жеке меншікке, оның ішінде қаржылық лизинг әдісімен, сондай-ақ операциялық лизингпен сатып алуға бағдарланатын болады.
Жергілікті әуе желісін дамыту үшін отандық авиациялық компаниялар шамамен 30 әуе кемесін сатып алып, қайта моторлайтын болады.
5-міндет. Авиатасымалдар нарығын дамыту және ырықтандыру
Бүгінгі күні бәсекелес ортаны және өзін-өзі реттеу тетігінің жұмыс істеуін дамыту мақсатында қазақстандық авиакомпанияларды ішкі авиатасымалдар нарығына жіберудің оңайлатылған тәртібі көзделген. Авиатасымалдаушыларға қойылатын жаңа біліктілік талаптары әзірленген, оның негізінде қазақстандық авиакомпанияларға, субсидияланатын бағыттарды қоспағанда, ішкі авиатасымалдар нарығына конкурссыз кіруге рұқсат етіледі. Аталған өзгерістер қауіпсіздікті жоғарылатуға, авиатасымалдар нарығындағы бәсекелестікті дамытуға, авиабилеттер тарифтерінің төмендеуіне, ұшу географиясының кеңеюіне және тиісінше, ел өңірлерінің дамуына ықпал ететін болады.
Нарықты ырықтандыру кезіндегі басымдық әуежайлар көрсететін қызметтердің көлемін ұлғайту және халықаралық авиатасымалдар сегментінде қазақстандық авиакомпаниялардың бәсекеге қабілеттілігін дамыту болып табылады.
Осы мақсатта мемлекет пен қазақстандық авиакәсіпорындардың мүдделерін сақтай отырып, дәйекті өтуді қамтамасыз ететін кезең-кезеңімен жүргізілетін ырықтандыру көзделеді.
Бірінші кезеңде үкіметаралық келісімдер бойынша елдер арасындағы жиіліктер санын шектеуді екі қала арасындағы жиіліктерді реттеуге ауыстыру жүзеге асырылатын болады, бұл өңірлік әуежайлар мен авиакомпаниялар үшін халықаралық нарыққа қолжетімділікті ашуға, сондай-ақ ұшу географиясын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді.
Екінші кезеңде барлық үкіметаралық келісімдер бойынша тағайындалған авиатасымалдаушылар саны бойынша шектеуді алып тастау және рұқсат етілген пункттер санын ұлғайту ұсынылатын болады.
Үшінші кезеңде қолданыстағы халықаралық бағдарларға жыл сайынғы конкурстар алынып тасталатын болады. Конкурстар отандық тасымалдаушылардың жоспарлары қолданыстағы шектеулерден асып кететін бағыттар бойынша тек жаңа немесе еркін жиіліктер мен бағдарларға жүргізілетін болады. Тасымалдаушыларға рұқсат беру тұрақтылық пен сабақтастықты қамтамасыз ету мақсатында біліктілік талаптарының негізінде жүргізілетін болады.
Төртінші кезеңде отандық тасымалдаушылардың сұраныстары қанағаттандырылмаған бағыттардағы жиіліктер бойынша шектеулерді алып тастау жөніндегі жұмыс (басқа елдердің авиациялық биліктерімен келіссөздер жүргізу арқылы) жүргізілетін болады, осылайша еркіндікті шектеу және конкурстар өткізу қажеттілігі болмайды.
Жергілікті әуе тасымалдарын дамыту мен қолдау тетіктерінің бірі маршруттар өзін-өзі ақтаған кезге дейін оларды субсидиялау болып табылады. Осыған байланысты жаңа маршруттар ашу және/немесе жиіліктерді ұлғайту арқылы әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялау және дамыту бағдарламасын әзірлеу жалғасатын болады.
6-міндет. Кадрлар даярлау.
Біліктілігі жоғары авиация мамандарын даярлау үшін оқу процестерін жетілдіру, оқу ұйымдарын қазіргі заманғы техникалық құралдармен (тренажерлар) және біліктілігі жоғары нұсқаушылар (оқытушылар) құрамымен жасақтау тетігі әзірленетін болады.
Авиациялық биліктің кадр мәселесі авиациялық оқу орталықтары үшін де өзекті. Авиация мамандарын даярлауды біліктілігінің деңгейі пайдалану кәсіпорындарындағыдан төмен болмайтын, материалдық ынталандырылуы мен еңбекақысының деңгейі лайықты нұсқаушылар жүргізетін болады. Сапа саласындағы халықаралық стандарттарды енгізу, ICAO стандарттарын, IATA кәсіптік стандарттары мен ұсынымдарын орындаудың ерекше маңызы бар.
Авиакәсіпорындардың қажеттіліктеріне сәйкес авиациялық оқу орталықтарында іске асырылатын кәсіптік даярлықтағы негізгі бағыттар айқындалатын болады.
2013 жылғы 3 қыркүйекте Азаматтық авиация академиясының базасында ICAO-ның авиациялық қауіпсіздік бойынша өңірлік оқу орталығы ашылды. Бұл орталық мамандарды авиациялық қауіпсіздік бойынша даярлауды ICAO талаптарына сәйкес жүзеге асырады.
Азаматтық авиация академиясының базасында 2015 жылы еуропалық стандарттарға сәйкес келетін ұшу-техникалық персонал даярлайтын оқу орталығын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар ұшу персоналы мен әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі мамандарды даярлауға арналған орталықтар құрылатын болады. Авиация персоналын кәсіптік даярлау білім алушы персонал есебінен және мемлекеттік тапсырыс бойынша жүзеге асырылады.
Азаматтық авиация саласындағы мамандарды оқыту үшін «Қазаэронавигация» РМК кәсіптік оқыту орталығының қызмет аясы кеңейтіледі. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін салалық оқу орталығын құрып, оны кейіннен кезең-кезеңмен дербес бірлікке қайта ұйымдастыру жоспарлануда. 2017 жылға қарай осы мекеме базасында Еуропаның алдыңғы қатарлы авиациялық оқу орталықтарымен бірге кәсіптік даярлауды жүзеге асыру және шетелдік мамандарды оқыту үшін тартымдылықты қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ICAO TRAIN AIR PLUS оқу орталықтары жүйесіне кіру жоспарланған. Бұдан басқа, ұлттық компаниялар пайдаланатын қазіргі заманғы Boeing, Airbus және басқа ӘК түрлерінің тренажер орталығын құру мәселесі қарастырылады.
2015 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша жыл сайын авиациялық оқу орталықтарының нұсқаушыларын тағылымдамадан өткізу және қайта даярлау, сондай-ақ авиация мамандарын даярлау көзделетін болады.
Авиакәсіпорындар өздерінің оқу орталықтарын құруда және мамандарды шетелде даярлауды жүргізуде. Бұдан басқа, кәсіптік даярлау жүйесінде мемлекеттік-жекеше әріптестікті дамыту мәселесі пысықталатын болады.
Сапалы авиациялық кадр ресурсын құру мақсатында балалар мен жасөспірімдердің бұқаралық авиациялық-техникалық шығармашылығы, авиация және парашют спорты, авиациялық кәсіптік-техникалық оқыту саласында жұмыс істейтін ШОБ кәсіпорындарын мемлекеттік гранттармен және тапсырыстармен қолдау ұйымдастырылады.
7-міндет. Ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру.
Ұшу қауіпсіздігінің жай-күйі, авиация жүйесінің сенімділігін арттыру тәсілдері және республиканың азаматтық авиациясында авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саланың орнықты ілгерілеуінің қажетті әрі аса маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.
Әуе кеңістігін пайдалану туралы қолданыстағы заңнамаға, сондай-ақ Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны 19 қосымшасына сәйкес 2017 жылға қарай ұшу қауіпсіздігі жөніндегі бағдарлама қабылданатын болады, онда Қазақстанның азаматтық авиациясы ұшу қауіпсіздігінің шекті мәндері мен нысаналы индикаторлары айқындалады. Сонымен қатар, ҚР ИДМ ААК-і қызметінің барлық бағыттары бойынша қадағалау бағдарламасын жасау көзделеді, ол ұшу қауіпсіздігі бойынша барлық талаптарды толық көлемде қанағаттандыруға қабілетті жүйе құруға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау процесін автоматтандыру мақсатында деректерді есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің негізінде Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласының субъектілерінен келіп түсетін бастапқы ақпаратты беру, өңдеу және сақтау үшін озық технологиялар енгізілетін болатын.
Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету терроризмге және қылмыстылыққа қарсы күрестің мемлекеттік жобалары шеңберінде жүзеге асырылатынын ескере отырып, елімізде авиациялық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруды Қазақстанның авиация қызметтерінің құқық қорғау органдарымен және басқа да күштік құрылымдармен бірге үйлестірілген өзара іс-қимылы есебінен жүзеге асыру жоспарлануда.
Авиациялық қауіпсіздік қызметтері жұмысының тиімділігі авиациялық қауіпсіздіктің белгіленген нормаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру, жолаушылар мен жүктерді тексеріп қарау, әуежайды күзетуді қамтамасыз ету, адамдар мен көлік құралдарының әуежайдың бақыланатын аймағына кіруін ұйымдастыру, заңсыз араласу әрекеттеріне қарсы іс-қимыл жасау шараларын дайындау және іске асыру жөніндегі шараларды күшейту есебінен жоғарылатылатын болады.
8-міндет. Әуе кеңістігін пайдалану тиімділігін арттыру.
Аэронавигациялық жүйені дамыту ICAO-ның Жаһандық аэронавигациялық жоспарына негізделген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған ұлттық аэронавигациялық жоспарын әзірлеу және орындау арқылы іске асырылатын болады. Бұл жоспарды іске асыру әуе қозғалысын перспективалы техника мен жаңа технологияларды пайдалана отырып ұйымдастыруға көшуге мүмкіндік береді. Аэронавигациялық жүйені дамыту Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және бақылау саласындағы ұлттық мүдделерін қамтамасыз етуге бағдарланады.
Әуе кеңістігін ұйымдастыру тұжырымдамасын халықаралық қоғамдастықпен үндестіре дамыту үшін әуе кеңістігін неғұрлым икемді және тиімді басқару дамытылатын болады. Кейіннен ауқымды ақпарат алмасудың ортақ жүйесінің тұжырымдамасын жасай отырып, азаматтық және әскери секторлар арасында жоспарлауды кеңінен үйлестіру ұсынылатын практика болып табылады. Шекаралас елдермен және алыс шет елдермен өзара іс-қимыл жасауды сапалық және сандық жағынан кеңейту жоспарлануда.
Әуе қозғалысын басқарудың автоматтандырылған тиімді жүйелерін дамыту, цифрлық технологияларға негізделген байланыс, қосымша автоматты тәуелді бақылауы бар алдыңғы қатарлы қосымшалар мен локацияларды енгізе отырып, сипаттамаларға негізделген навигация мүмкіндіктерін пайдалану өткізу қабілетін ұлғайтудың технологиялық базасы болып табылады.
Ұшу қауіпсіздігінің қажетті деңгейін қолдау үшін ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізу, сондай-ақ халықаралық трендтерге сәйкес ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз ету жүйесін дамыту жоғары басымдыққа ие. Оған қосымша сапаны бақылау жүйелерін, қауіпсіздікті басқару жүйелерін дамыту және аэронавигациялық ақпаратты басқару ұшу қауіпсіздігінің жоғары деңгейін ұстап-тұруға ықпал етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |