Қазақстан Республикасы Прези­денті мұрағатының қорында 1919 жылдан бастап қазіргі заманға де­йінгі уақытты қамтитын кеңестік ке­зең Қазақстанның тәуел­сіздік алған­нан кейінгі кезеңіне байланыс­ты құжаттар бар



Дата11.07.2016
өлшемі28.11 Kb.
Мұрағатта талай шежіре бар
      Қазақстан Республикасы Прези­денті мұрағатының қорында 1919 жылдан бастап қазіргі заманға де­йінгі уақытты қамтитын кеңестік ке­зең Қазақстанның тәуел­сіздік алған­нан кейінгі кезеңіне байланыс­ты құжаттар бар.

 

Мұрағат қорлары құжаттарынан қазақ интеллигенциясының өмірі мен қызметі, олардың белгілі бір бөлігі – эсерлерге, мень­шевиктерге, кадеттерге, алашорда­лықтарға қатысты мәліметтерді, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Рес­публикасының құрылуы және Қазақ­станды және Орта Азия Республикаларын ұлттық-мемлекеттік межелеуге қатысты тарихи құжаттарды кездестіруге болады. Одан кейін республикада кезегімен тіз­бектеліп өткен – большевиктердің саяси басшылықты алып, социалистік режим орнату, халықты күштеп ұжым­дастыру, бай-құлақтардың байлығын тәркілеу сияқты саяси науқандарға қатысты, Қазақстан тұрғындарының жартысынан көбі қырылған – аштық, Кеңес өкіметіне қарсы көтерілістер, саяси репрессиялар, индустрияландыру науқандары, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы, социализм кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тарихына байла­нысты көптеген мәліметтердің түпнұс­қалары осы жерде жатыр.

Мұрағат қорында сақталатын биогра­фия­лық сипаттағы мемлекет және қоғам өміріндегі зиялы адамдардың мыңдаған өмірбаяны, шығармашылығы туралы маңызды құжаттарды қартотека арқылы тез тауып алуға болады. Мысалы, карто­те­када Қазақстанның мәдени өміріне өзде­рінің қолтаңбаларын қалдыр­ған тұлға­лардың құжаттары былайша белгіленеді: «Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Жеке парағы, мінездемесі, анкетасы». Түпнұсқа. 139-қор..3-тізімдеме.28-іс.3б.»; «Констан­тин Георгиевич Паустовский. Жеке парағы, мінездемесі, анкетасы, өз қолымен жазған өмірбаяны, қолтаңбасы»; «Михаил Михаилович Зощенко. Жеке парағы, мінездемесі, анкетасы, өз қолы­мен жазған өмірбаяны, қолтаңбасы». «Қырғыз өлкесі бойынша губерниялық масштабтағы РКП (б) мүшелерінің, жауапты қызметкер­лердің жеке карточ­калары. 1921 ж.»; Семей губерниялық комитеті Президиумының мүшесі М.О.Әуезовтің, Қырғыз өлкесінің ағарту наркомы А. Байтұрсыновтың жеке кар­точкалары. Түпнұсқа. 139-қор.1-тізім­деме.132-іс.236б. ; «Сегізінші гвар­дия. 1941-1945 жж.», альбомда 129 позитивтер бар: дивизияның және жауынгерлердің командалық құрамының суреттері, оның ішінде Кеңес Одағының Батыры М. Ғаб­дул­­линнің, Б. Момышұлының және т.б. 893-қор.1-тізімдеме.13-іс.19 б.». Кар­тоте­каны алфавит бойынша парақтап отырып, 1919 жылдан бергі мерзімнің ішінде республикалық деңгейде лауазымды қыз­мет атқарған кез келген қоғам және мемлекет қайраткерлері туралы мәлі­меттерді осы қысқаша сілтемелер арқылы тауып алуға болады.
Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының бас сарапшысы Гаухар Бекішева осы тарихи құжаттардың бірімен таныстырды. Бұл құжат мұрағаттың картотекасында «ҚАКСР ХКК төрағасы У.Исаевтің, Д.Сәдуақа­совқа, О. Жандо­совқа, Ғ.Мүсiреповке, С.Асфендияровқа Абабахир-молда Гумар Қарашев, Дәукен Шолақов, Абай және т.б қазақ халқының ауыз әдебиеті өкілдері шығармашылық­тарының тарихи маңыз­дылығы туралы хаты», У.Исаевтың қол­таң­басы бар. Түп­нұсқа. 141-қор.1-тізім­деме. 4976-іс.59б.» деп белгіленген.
– Мұрағатта сақталған құжаттардың ішінде Қазақстан Республикасы тарихи-мәдени мұра құжаттық ескерткішіне жатқызылатындары бар. Солардың бірі – 1932 жылдың 4 шілдесіндегі Ғ.Мүсіре­пов, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, К.Қуа­нышев, М.Ғатауллиннің ауыл шаруашы­лығына байланысты мемлекет саясатының салдарынан болған аштық туралы жазыл­ған хаты. Бұл хат қоғамдық-саяси және тарихи әдебиетте «Бесеудің хаты» деген атпен жақсы таныс. Қазақ­станның әлеуметтік тарихында маңызды орын алған бұл хат елінің қамын ойлаған патриот қазақ коммунистерінің жоғары жаққа топтасып жолдаған алғашқы хаты болатын. Бұл хат авторларының барлығы, Ғ.Мүсі­реповтен басқалары, репрессия құрбан­дары болды. Мәселен, М.Ға­тауллин мен ҚАКСР мемлекеттік жос­парлау төраға­сы­ның бірінші орынбасары А.Лекеров ату жазасына кесілді, Е.Алтын­беков, М.Дәулетқалиев, К.Қуанышевтар болса ұзақ жылға сотталып, сол жақта қайтыс болды. Мұның барлығын мұрағат­тағы сарғайған құжаттардың түпнұс­қалары анықтайды, – дейді Президент Мұрағатының бас сарапшысы Гаухар Бекішева.

 

Қайыржан ТӨРЕЖАН



 

«Айқын» газетінде.- 2015.- 26 мамыр (№ 93).- 2 б. жарияланған мақала.



 


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет