Қазақстан республикасы президентінің жарлығЫ Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою қағидаларын бекіту туралы



жүктеу 113.31 Kb.
Дата13.06.2016
өлшемі113.31 Kb.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАРЛЫҒЫ
Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою қағидаларын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 27-1) тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру тәртібін жетілдіру мақсатында қаулы етемін:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою қағидалары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасының дипломаттық паспорты туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 шілдедегі №59 өкімі;
2) «Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 шілдедегі №59 өкіміне толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 14 мамырдағы №323 өкімі (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., №27-28, 235-құжат).
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.
4. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2011 жылғы 7 қыркүйек. №150
———————————–
Қазақстан Республикасы Президентінің

2011 жылғы 7 қыркүйектегі №150 Жарлығымен БЕКІТІЛГЕН


Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік

паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою

ҚАҒИДАЛАРЫ
Осы Қағидалар «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 27-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының дипломаттық паспорты шетелде Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжат болып табылады, 1961 жылғы Дипломаттық қатынастар туралы Вена конвенциясына және Қазақстан Республикасының басқа да халықаралық шарттарына сәйкес оның дипломатиялық иммунитеті болады.
2. Қазақстан Республикасының қызметтік паспорты Қазақстан Республикасының азаматы өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді атқару үшін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шыққан, келген, тұрған кезде оның жеке басын, иесінің ресми мәртебесін куәландыратын құжат болып табылады.
3. Дипломаттық немесе қызметтік паспортты (бұдан әрі – паспорт) шетелге жеке сапарлар үшін пайдалануға тыйым салынады.
4. Паспорт Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.
5. Паспорт Қазақстан Республикасынан әлемнің барлық мемлекеттеріне шығу үшін жарамды болып табылады.
6. Паспортты Қазақстан Республикасының дипломаттық немесе қызметтік паспортын алуға құқығы бар адамдардың тізбелеріне сәйкес (1 және 2-қосымша­лар) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) береді.
7. Ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасының Президентімен келісім бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Қазақстан Республикасының дипломаттық паспортын алуға құқығы бар адамдардың тізбесінде көрсетілмеген адамдарға дипломаттық паспорт беруге құқығы бар.
8. Ұзақ шетелдік іссапарға баратын және дипломаттық немесе қызметтік паспорты бар адамдармен бірге жүретін жұбайларына/зайыптарына, 18 жасқа дейінгі балаларға да тиісінше дипломаттық немесе қызметтік паспорт, сондай-ақ қызметтік паспорты бар адамдармен бірге жүретін, жасы 18-ден асқан, тұрмысқа шықпаған қыздарға да қызметтік паспорт беріледі.
9. Паспорт бес жыл мерзімге беріледі.
Дипломатиялық қызметтің Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі дипломаттық дәрежесі бар қызметкерлерінің және олардың жұбайларының/зайыптарының Қазақстан Республикасының дипломаттық паспортын өмір бойы пайдалануға құқығы бар.
10. Паспорттардың бланкілері Министрліктің өтінімі бойынша жасалатын қатаң есептегі құжаттар болып табылады.
11. Паспорттарды беруді, есепке алуды, сақтауды және жоюды Министрлік жүзеге асырады.
2. Негізгі ұғымдар
12. Осы Қағидаларда мынандай ұғымдар пайдаланылады:
1) уәкілетті адам – осы Қағидаларда көзделген іс-қимылды жасауға іссапарға жіберуші орган уәкілеттік берген, осы органның қызметкері.
Уәкілетті адам туралы ақпарат іссапарға жіберуші орган басшысының немесе Министрлікте оны алмастыратын адамның қолы қойылып, жазбаша түрде алдын ала жіберіледі;
2) іссапарға жіберуші орган – Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы немесе ұйым;
3) жауапты қызметкер – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің осы Қағидаларда көзделген іс-қимылды жүзеге асыратын қызметкері;
4) өтінім хат – іссапарға жіберуші орган басшылығының немесе іссапарға жіберуші органның құрылымдық бөлімшесі басшысының қолы қойылған фирмалық бланкідегі іссапарға жіберуші органның хаты;
5) лауазымды адамдардың тізбелері – Қазақстан Республикасының дипломаттық немесе қызметтік паспортын алуға құқығы бар адамдардың тізбелері;
6) иесі – Қазақстан Республикасының дипломаттық немесе қызметтік паспорты ресімделген адам.
3. Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою
13. Паспортты ресімдеу үшін іссапарға жіберуші орган уәкілетті адам арқылы Министрлікке мынадай құжаттар пакетін:
1) өтінім хат (3-қосымша);
2) іссапарға жіберуші органның кадр бөлімі куәландырған іссапарға жіберу туралы бұйрықтың немесе өзге құжаттың көшірмесін;
3) паспорт беруге толтырылған өтініш (бұдан әрі – өтініш);
4) 3,5х4,5 мөлшеріндегі түрлі-түсті екі фотосурет;
5) жеке куәліктің көшірмесін береді.
14. Құжаттарды қабылдаған кезде жауапты қызметкер өтініште көрсетілген деректердің жеке басын куәландыратын құжаттардың деректерімен сәйкестігі тұрғысынан салыстырып тексеру жүргізеді.
15. Басқа дипломаттық немесе қызметтік паспорты болған жағдайда, дипломаттық немесе қызметтік паспортты ресімдеуге мынадай:
1) басқа шет мемлекетке кіру үшін кедергі болуы мүмкін шетел визасы болған;
2) қысқа мерзімде бірнеше мемлекеттің визаларын алу қажет болған;
3) Сыртқы істер министрінің, оның орынбасарларының немесе жауапты хатшысының жазбаша нұсқауы болған жағдайларда рұқсат етіледі.
16. Паспортты ресімдеу мерзімі 5 жұмыс күнін құрайды.
17. Уәкілетті адамға паспорт беру жеке куәлігін немесе ұлттық паспортын көрсеткен жағдайда паспорттарды беру журналына қолын қойғызып жүзеге асырылады.
18. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің мұрағатынан паспорттарды беру уәкілетті адам арқылы ұсынылған өтінім хат пен іссапарға жіберуші органның кадр бөлімі куәландырған іссапарға жіберу туралы бұйрықтың немесе өзге құжаттың көшірмесі негізінде жүзеге асырылады. Уәкілетті адам паспортты алғаннан кейін оны иесіне дереу береді.
19. Паспорттың қолданылу мерзімін Министрлік немесе Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері мынадай.
1) иесі шұғыл түрде шетелге іссапарға шығу қажет болған;
2) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемесіндегі жұмыс мерзімі ұзартылған жағдайларда бір жылға дейінгі мерзімге бір мәрте ұзартуы мүмкін.
20. Егер иесі бір ай мерзімде Қазақстан Республикасынан тыс жерге тағы да шықпаса, азаматтар шетелдік сапардан оралғаннан кейін он күн мерзімде паспорт Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің мұрағатына тапсыратын уәкілетті адамға берілуі тиіс. Паспортты тапсыру негізсіз кідіртілген жағдайда, Министрлік оны жарамсыз деп тану құқығын өзіне қалдырады. Тапсырылғаннан кейін паспортты сақтау жауапкершілігі Министрлікке жүктеледі.
Іссапарға жіберуші орган берілген паспорттардың есебін жүргізеді және паспорт иелерінің қызметтік қозғалысы (жұмыстан босатылуы, лауазымының жоғарылауы, төмендеуі) туралы Министрлікке тоқсанына бір рет хабарлап отырады.
Егер иесі оны иелену құқығын жоғалтқан болса, Министрлік паспортты талап етеді. Паспорт қайтарылмаған жағдайда, Министрлік Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне паспортты жарамсыз деп тану туралы ақпарат жібереді.
21. Паспорт шетелде жоғалған, ұрланған жағдайда, оның иесі бұл туралы болу мемлекетінің құқық қорғау органдарына және Қазақстан Республикасының ең таяу шетелдегі мекемесіне, егер жоғалу, ұрлану Қазақстанның аумағында орын алса – Министрлікке және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына дереу мәлімдейді.
Жоғалған, ұрланған паспорттың орнына жаңасын беру жоғалту, ұрлану туралы ақпарат тексерілгеннен кейін жүргізіледі.
22. Паспорттарды сақтау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің мұрағатында жүргізіледі.
Паспортпен бірге паспорт қолға берілген кезде мұрағатта қалатын есепке алу карточкасы да сақталады.
23. Паспорттарды жою осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес акт жасау арқылы жүзеге асырылады.
4. Қорытынды ережелер
24. Осы Қағидалар бұзылған жағдайда, іссапарға жіберуші органдардың басшылары, иелер және уәкілетті адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою қағидаларына 1-қосымша
Қазақстан Республикасының дипломаттық паспортын

алуға құқығы бар адамдардың тізбесі
1. Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасы мүшелері.
2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі.
3. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.
4. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы.
5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.
6. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы.
7. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы.
8. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы.
9. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы.
10. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.
11. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарлары.
12. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы.
13. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасарлары.
14. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы.
15. Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілері, Қазақстан Республикасының Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшілері, Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы өкілдері, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасарлары.
16. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы.
17. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, орталық атқарушы органдардың бірінші басшылары.
18. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалаушы сот алқаларының төрағалары.
19. Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері.
20. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары.
21. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
22. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары.
23. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараттарының басшылары.
24. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Сыртқы байланыстар және протокол бөлімінің меңгерушісі – Премьер-Министр протоколының бастығы.
25. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің көмекшісі.
26. Қазақстан Республикасынан жіберілетін Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері (жұбайлары/зайыптары, балалары), халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері (жұбайлары/зайыптары, балалары).
27. Әскери атташелер, олардың көмекшілері мен отбасы мүшелері (жұбайлары/зайыптары, балалары).
28. Қазақстан Республикасының экс-Президенті мен оның зайыбы.
Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою қағидаларына 2-қосымша
Қазақстан Республикасының қызметтік паспортын алуға құқығы бар адамдардың тізбесі
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары.
2. Аудандардағы қалалардың және қалалардағы аудандардың, селолардың, селолық округтердің, кенттердің, ауылдардың әкімдерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 29 желтоқсандағы №317 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес дипломаттық паспорт алуға құқығы жоқ саяси мемлекеттік қызметшілер.
3. Аудандардағы қалалар және қалалардағы аудандар әкімдерінің орынбасарларын қоспағанда, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары.
4. Дипломаттық паспорт алуға құқығы бар адамдарды қоспағанда, А және В санаттарындағы, С-1, С-2, С-3, С-4 санаттарындағы қызметтерді атқаратын мемлекеттік әкімшілік қызметшілер.
5. Аумақтық органдардың қызметкерлерін қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі­нің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) офицерлік атағы бар қызметкерлері.
6. Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің жұмыскерлері мен олардың отбасы мүшелері (жұбайлары/зайыптары, балалары).
7. Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық даму институттары, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, ұлттық басқарушы холдингтер атқарушы органдарының бірінші басшылары.
8. Қазақстан Республикасы ресми делегацияларының халықаралық ұшып өтуін қамтамасыз ету үшін тартылатын қазақстандық авиакомпаниялардың ұшқыш-техникалық персоналы.
9. Осы тізбенің 8-тармағында көрсетілген шет мемлекеттердегі ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері (жұбайлары/зайыптары, балалары).
Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою қағидаларына 3-қосымша
Паспортты (дипломаттық, қызметтік) ресімдеу үшін
Іссапарға жіберуші органның бланкісінде
№________________
20___ ж. «__» ____________
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ

Консулдық қызмет департаменті


……… (ел) шығу үшін паспортты (дипломаттық, қызметтік) ресімдеуді/беруді сұраймыз:
Т.А.Ә. – лауазымы
Шығуы жылы/күні/айына, …күн (жыл) мерзімге жоспарланған
Бағыты:
Баратын қалалар:
Сапардың мақсаты:
Шығуының негізі: … (ұйымның атауы) шақыруы бойынша
Сапарды: … (ұйымның атауы) қаржыландырады
Қосымша:
1) іссапарға жіберуші органның кадрлар бөлімі куәландырған іссапарға жіберу туралы бұйрықтың немесе өзге құжаттың көшірмесі;
2) паспорт беруге толтырылған өтініш;
3) 3,5х4,5 мөлшеріндегі түрлі-түсті екі фотосурет;
4) жеке куәліктің көшірмесі.
Ұйымның басшысы Қолы Т.А.Ә.
Мөрдің орны
Орындаушы: Т.А.Ә.
Телефон:
Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою қағидаларына 4-қосымша
Дипломаттық/қызметтік паспортты жою актісі
«Бекітемін» ___________________(КҚД басшысы)
_________________Т.А.Ә.
20 ___ ж. «__» __________
Қатаң есептегі бүлінген бланкілерді жою туралы
АКТ
Біз, төменде қол қоюшылар
1. ___________________, (лауазымы) Т.А.Ә.
2. ___________________, (лауазымы) Т.А.Ә.
3. ___________________ (лауазымы) Т.А.Ә.
№____________ паспорттардың бланкілерін жойдық деп, осы актіні жасадық.
Қосымша: жойылған паспорттар бланкілерінің көшірмелері.
____________ қолы, Т.А.Ә.
____________ қолы, Т.А.Ә.
____________ қолы, Т.А.Ә.
Орын.: Тегі, аты


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет