Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізі



жүктеу 48.94 Kb.
Дата22.02.2016
өлшемі48.94 Kb.
Т.ғ.к., Алипбаев А.Р., т.ғ.к., Бюжеева Б.З.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Қазақстан Республикасы

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізі

ХХ ғасырдың 90-жылдарының басындағы саяси үдерістер Қазақ еліне де жаңа леп әкелгені белгілі. Саяси жаңа бетбұрыс кезеңінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы 1991 жылы 10 желтоқсанда қабылданған №1000-ХІІ заңына сай Қазақстан Республикасы деп өзінің мемлекеттік атауын өзгертті. 1991 жылы 16 желтоқсан күні қабылданған №1007-ХІІ заңның негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі салтанатты түрде жарияланды [1]. Осы заңның негізінде Қазақ елі үшін толыққанды тәуелсіз ел ретінде халықаралық қатынастар жүйесімен үйлесу дәуірі басталды.

Сол сәттен бастап әлемнің жетекші елдері Қазақстан Республикасын халықаралық қатынастардың толыққанды мүшесі ретінде танитындықтарын мәлімдеді. Ел тәуелсіздігін жариялаған соң 26 желтоқсанда бірінші болып дүниежүзінің ең қуатты мемлекеті АҚШ Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қатынастар орнатты.

Қазақстан Республикасымен 1992 жылдың 3 қаңтарында дипломатиялық қатынастар орнатқан екінші ірі мемлекет Қытай Халық Республикасы. Одан кейінгі ірі мемлекет Ұлыбритания 19 қаңтарда, ал Франция – 25 қаңтарда Қазақстан Республикасымен дипломатиялық қатынастар орнатқан болатын. Түркиямен ресми түрде дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 2 наурызы күні орнатылды.

Бұл үрдіс өз кезегінде Қазақстанға өзінің сыртқы саяси тұжырымдамасын айқындап, елдің ұлттық мүддесін қорғауға қабілетті диплломатиялық қызметін құруды жүктеді. Өйткені бұрынғы Кеңестер Одағы шеңберінде Қазақстанның сыртқы әлеммен байланысы сол кездегі «орталық» - Мәскеудің билігі арқылы ғана жүзеге асқан болатын. Енді міне, Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел ретінде бүкіл әлем мемлекеттерімен дипломатиялық және консулдық қатынастар орнату нәтижесінде мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуға бет алды.

Жаңа Қазақстанның сыртқы саяси тұжырымдамасын белгілеу үшін еліміздің әлеуетін, оның геосаяси жағдайын айқындау қажет болды. Азия мен Еуропаның тоғысында орналасуы, экономикалық әлеуеті мен әскери-саяси мүдделері Қазақстанды халықаралық қатынастар жүйесінен өзіне лайықты орын алуына мүмкіндік туғызды. Қазақ елі орын тепкен Орталық Азия аймағы жаңа саяси жағдайда халықаралық қатынастар әлемінде жаңа тарихи қадамын бастайды. Орталықазиялық аймақ экономикалық деңгейі әрқилы, азаматтық-қоғамдық даму деңгейі де біргелкі емес бірнеше мемлекеттердің орналасқан өңірі. Осы аймақтың құрамдас бір бөлігі болып табылатын Қазақ елінің бірегейлігі оның еуроазиялық геосаяси кеңістікте орналасқандығы, славяндық Солтүстік пен түріктік Оңтүстік, христиандық Солтүстік-Батыс пен конфуциандық-буддистік Оңтүстік-Шығыс, мұсылмандық Оңтүстік-Батыс арасындағы байланыстырушы көпір іспеттес. Осындай геосаяси тұрғыда ұтымды аймақта орналасқан және кен байлығы жағынан да кенде емес Қазақстанмен өзара ынтымақтастығын жандандыруды мақсат тұтқан елдер дипломатиялық қатынастарын қалыптастырды.

Соның негізінде Қазақстан Республикасымен жандандыратын ынтымақтастық аясының басым бағыт-бағдары айқындалды. Бұл біріншіден, адам құқы, заңның үстемдігі мен демократияландыру саласы, екіншіден, жастар мен білім беру мәселесі болса, үшінші сала, экономикалық даму, сауда және қаржы салымы. Сондай-ақ Қазақстан өңірі ауылшаруашылық өнімдерімен де ерекшеленеді. Энергетикалық бағыт шеңберінде мүдделі елдер Каспий аумағынан энергокөзін тасымалдау арқылы өз қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие бола алады.

Келесі бағыт лаңкестік пен экстремизмге, есірткі тасымалдауға қарсы бірлесе күресу және жалпы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі орталықазиялық елдердің экономикалық өркендеуі үшін ауадай қажет еді. Қазақстандағы, жалпы Орталық Азиядағы тұрақтылық осы аймаққа мүдделі барлық елдер үшін өте маңызды кепілдік. Қазақстан Республикасы елдегі және өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, жаңа қауіп–қатерлермен халықаралық құқық негізінде күресуге, төнер қауіпті болдырмау және алдын ала сақтандыру мәселелерін шешуге, олардың негізінде жатқан іргелі себептерді жоюға қолдау көрсетуді басты бағыттарының бірі деп санады.

Ал Қазақстанның қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты - халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, ғаламдық мәселелер мен қақтығыстарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттыру жолын ұстанатын сыртқы саяси бағытымен айқындалды.

Қазақстанның ядролық қаруды болашақта таратпау саясатының негізін қалаған алғашқы қадамы – 1991 жылдың 29 тамызындағы Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы болды. Қазақ жерінде 40 жылдан астам уақыт бойы сынақ жүргізілген ядролық қаруға тыйым салынды.

Қазақстан, Беларусь, Ресей, Украина басшылары 1991 жылы Стратегиялық ядролық күштерге байланысты Алматы Декларациясында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстап тұруда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту саласындағы бұрынғы КСРО-ның халықаралық міндеттемелеріне беріктігін қуаттады. Адамзат үшін аса маңызды саладағы келіссөздер нақтылы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіншілік туғызды. Соның негізінде 1992 жылғы 23 мамырда Лиссабонда осы елдермен АҚШ өкілдері аталған төрт мемлекеттің аумағында орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қолданылатын Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бесжақты Хаттамаға қол қойды [2].

Қазақстанда Қауіпті Бірлесіп Қысқарту бағдарламасы 1992 жылы іске асырыла басталды. «Нанна-Лугар бағдарламасы» деп аталатын бұл бағдарлама шеңберінде Қазақстан аумағында қалған ядролық, химиялық және биологиялық қарудың нысандары мен инфрақұрылымдарын жою және залалсыздандыру жөніндегі жобалар кешені, стратегиялық шабуыл қаруының демонтажы, экспорттық бақылау жүйесін құру, қорғаныс өнеркәсібін конверсиялау жүзеге асырылды.

Қатерлі қарудың алдын алу бағытындағы қазақстандық сыртқы саясат алға қойған мақсаттан бір мезетте ауытқымады. Орталық Азияның бес мемлекетінің тоғыз жыл бойы жүйелі негізде жүргізген халықаралық келіссөздерінің нәтижесінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семей қаласында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойған болатын. Бұл құжат 2008 жылдың 21 наурызында өз күшіне енді [3]. Аймақтағы мемлекеттер саяси ерік-жігер мен табандылық таныта отырып, ядролық қаруды таратпау, өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібін нығайтуда тағы бір қадам алға жылжыды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ қауіпсіздік, тұрақтылық және өркендеу үшін барлық елдермен, халықаралық ұйымдармен өзара сенім негізінде ынтымақтастық құруға бағытталған бейбіт сыртқы саясат жүргізетінін мәлімдеген болатын. Соның негізінде жас мемлекеттің қауіпсіздік тірегі ядролық қару емес, байыпты және сындарлы сыртқы саясатқа сенімді негіз қалайтын Қазақстан халқының бірлігі мен оның тұрақты экономикалық және саяси дамуы болатынын бүкіл әлемге мәлімдеді. Сол себепті де Қазақстан дипломатиясы осы стратегиялық бағытты бұлжытпай жүзеге асыруда.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан: мемлекеттік кезеңдері. Конституциялық актілер.-Алматы, 1997.-Б.132.



2. Дипломатическая служба Республики Казахстан/Под общ. ред. К.К.Токаева.- А.: «Эдельвейс», 2004. -С.22.

3. Әліпбаев А.Р. Халықаралық келіссөздер. Оқу құралы. -Алматы, 2012. -Б.15.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет