Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы



бет1/10
Дата17.07.2016
өлшемі0.98 Mb.
#205841
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығы

      Қазақстан Республикасының экономикасын ұзақ мерзімді кезеңде әртараптандыруды қамтамасыз ету және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
      1) бір ай мерзімде Қазақстанды индустрияландырудың 2010 - 2014 жылдарға арналған картасын және өндірістік қуаттарды ұтымды орналастырудың 2015 жылға дейінгі схемасын әзірлесін және бекітсін;
      2) бір ай мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін;
      3) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 4 наурыздағы № 931 Жарлығында белгіленген мерзімде және тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Бағдарламаға мониторинг пен оны бағалаудың нәтижелерін ұсынсын.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 2012.08.27 № 371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 01.08.2013 N 607 Жарлықтарымен.
      3. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
      4. Осы Жарлықтың қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.
      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының


      Президенті                                         Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы


Президентінің    
2010 жылғы 19 наурыздағы
№ 958 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН     

Мазмұны

      Ескерту. Мазмұнға өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 01.08.2013 N 607; 25.12.2014 № 984 Жарлықтарымен.

Бағдарламаның паспорты


Кіріспе
Ағымдағы жағдайды талдау
Бағдарламаның мақсаты, басымдықтары, міндеттері мен принциптері
Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары
1. Экономиканы әртараптандыруды және оның бәсекеге қабілеттігінің өсуін қамтамасыз ететін басым секторларын дамыту
1.1 «Дәстүрлі индустриялардағы» өндірісті әртараптандыру
Мұнай-газ секторы
Кен металлургиясы саласы
Химия өнеркәсібі
Атом өнеркәсібі
1.2 Ішкі сұраныс негізінде салаларды дамыту
Машина жасау
Фармацевтика өнеркәсібі
Құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын өндіру
1.3 Экспорттық әлеуеті бар салаларды қолдау
Агроөнеркәсіптік кешен
Жеңіл өнеркәсіп
Туристік сала
1.4 «Болашақ экономикасы» секторларын дамыту
Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар
Ғарыш қызметі
Жаңартылған энергия көздері
2. Басым секторлардың дамуын қолдаудың басты шаралары
2.1 Энергетика инфрақұрылымымен қамтамасыз ету
2.2 Көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету
2.3 Ақпараттық коммуникациялармен қамтамасыз ету
2.4 Минералдық-шикізат кешенін дамыту
2.5 Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
2.6 Әкімшілік кедергілерді азайту
2.7 Бәсекелестікті дамыту
2.8 Техникалық реттеу және сапа инфрақұрылымын құру
2.9 Энергия үнемдеу
2.10 Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу
2.11 Тариф саясаты
2.12 Инвестициялар тарту және арнайы экономикалық аймақтарды дамыту
2.13 Сауда саясаты
2.14 Бағдарламаны қаржылық қолдау құралдары
2.15 Жергілікті қамту
3. Экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық ұйымдастыру негізінде экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру
3.1 Экономиканың басым секторлары бөлінісінде өндірістік әлеуетті аумақтық ұйымдастыру
3.2 Экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру
4. Экономиканың басым секторларын дамытуда мемлекет пен бизнестің өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету
4.1 Бағдарламаны республикалық деңгейде іске асырудың схемасы мен құралдары
4.1.1 Жүйе құраушы ірі жеке компаниялардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Бағдарламаны іске асырудағы рөлі
4.1.2 Бағдарламаны республикалық деңгейде іске асыру тетіктері
4.2 Бағдарламаны өңірлік деңгейде іске асыру схемасы мен құралдары
4.2.1 Даму институттарының, ұлттық компаниялардың бағдарламаны өңірлік деңгейде іске асырудағы рөлі
4.2.2 Бағдарламаны өңірлік деңгейде іске асыру тетіктері (Бизнестің жол картасы - 2020)
4.3 Бизнес бірлестіктерінің рөлін арттыру
5. Бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету
6. Бағдарламаның нәтижелері

Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық


дамуының 2010-2014 жылдарға арналған
МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Астана, 2010 жыл

Бағдарламаның паспорты

      Ескерту. Бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 01.08.2013 N 607 Жарлығымен.



Бағдарламаның        Қазақстан Республикасын үдемелі
атауы                индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі
                     мемлекеттік бағдарлама

Әзірлеу үшін           1) Қазақстан Республикасы Президентінің 2009
негіздеме            жылғы 2 маусымдағы № 326 өкімімен бекітілген
                       Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұр
                       Отан» халықтық-демократиялық партиясының 2009
                       жылғы 15 мамырдағы кезектен тыс XII съезінде
                       берілген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі
                       іс-шаралар жоспарының 1-тармағы;
                         2) Қазақстан Республикасының Президенті
                       Әкімшілігі Басшысының 2009 жылғы 19
                       қыркүйектегі № 01-30.27 бұйрығымен бекітілген
                       2009 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан
                       Республикасының Парламенті төртінші
                       шақырылымының III сессиясында Қазақстан
                       Республикасының Президенті берген
                       тапсырмаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар
                       жоспарының 3 және 4-тармақтары.

Әзірлеуші              Қазақстан Республикасының Экономикалық даму
                       және сауда министрлігі, Қазақстан
                       Республикасының Индустрия және жаңа
                       технологиялар министрлігі

Бағдарламаның          Экономиканы әртараптандыру және оның
мақсаты               бәсекеге қабілеттігін арттыру арқылы орнықты
                       және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету

Міндеттері             Экономиканы әртараптандыруды және оның
                       бәсекеге қабілеттігінің өсуін қамтамасыз
                       ететін басым секторларын дамыту
                         Экономиканың басым секторларын дамытудың
                       әлеуметтік тиімділігін күшейту және
                       инвестициялық жобаларды іске асыру
                         Индустрияландыру үшін қолайлы орта жасау
                         Экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық
                       ұйымдастыру негізінде экономикалық өсу
                       орталықтарын құру
                         Экономиканың басым салаларын дамыту
                       процесінде мемлекет пен бизнестің өзара тиімді
                       іс-қимылын қамтамасыз ету

Іске асыру мерзімі     2010 - 2014 жылдар

Қажетті ресурстар      Мемлекеттік бюджет және ұлттық компаниялар
мен қаржыландыру     мен мемлекет қатысатын ұйымдардың қаражатын
көздері               қоса алғанда, кәсіпорындардың, ұйымдардың
                       қаражаты. Республикалық және жергілікті
                       бюджеттерден қаржыландыру көлемі жоспарланатын
                       кезеңге арналған тиісті бюджеттерді
                       қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.

Нысаналы               Мыналарды:
индикаторлар           1) 2014 жылы ЖІӨ-ні 2008 жылға қарағанда
                       нақты мәнде кемінде 38,4 %-ға, номиналды мәнде
                       - 26 трлн. теңгеге;
                         2) 2015 жылға қарай шикізаттық емес
                       сектордың ЖҚҚ өсімі нақты мәнде 2008 жылғы
                       деңгейге қарағанда кемінде 39,5 %-ды құрайды;
                         3) 2015 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіптің
                       өсімі нақты мәнде 2008 жылғы деңгейге
                       қарағанда 43,6 %-ды құрайды;
                         4) шикізаттық емес (өңделген) экспорттың
                       құндық көлемін 2008 жылғы деңгейге қарағанда
                       кемінде 30 %-ға;
                         5) өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігін
                       2008 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде
                       (2008 жылдың салыстырмалы бағаларымен) кемінде
                       1,5 есеге;
                         6) мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың
                       тауарларды сатып алудағы жергілікті қамту
                       үлесін - 43 %-ға дейін, жұмыстар мен
                       қызметтерді сатып алуда - 87 %-ға дейін;
                         7) ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық
                       холдингтер мен компаниялардың тауарларды сатып
                       алудағы жергілікті қамту үлесін - 49 %-ға
                       дейін, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда -
                       78 %-ға дейін;
                         8) жер қойнауын пайдаланушылардың (тау-кен
                       кешені) тауарларды сатып алудағы жергілікті
                       қамту үлесін - 12 %-ға дейін, жұмыстар мен
                       қызметтерді сатып алуда - 74 %-ға дейін;
                         9) НКОК, ҚПО және ТШС көрсеткіштерін есепке
                       алмағанда, жер қойнауын пайдаланушылардың
                       (мұнай-газ секторы) тауарларды сатып алудағы
                       жергілікті қамту үлесін - 16 %-ға дейін,
                       жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда - 72,5
                       %-ға дейін;
                         10) жүйе құраушы кәсіпорындардың тауарларды
                       сатып алудағы жергілікті қамту үлесін - 15
                       %-ға дейін, жұмыстар мен қызметтерді сатып
                       алуда - 68 %-ға дейін;
                         11) инновациялық белсенді кәсіпорындардың
                       үлесін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар санының
                       10 %-ына дейін ұлғайту.
                         ЖІӨ-нің энергияны қажетсінуін 2008 жылғы
                       деңгейден кемінде 10 %-ға азайту.

Кіріспе



      Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі - Бағдарлама) Мемлекет басшысының «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының 2009 жылғы 15 мамырдағы кезектен тыс XII съезінде берген тапсырмасын, Мемлекет басшысының «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін, сондай-ақ Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асырудың екінші кезеңі болып табылатын Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының түйінді бағыттарына сәйкес әзірленді.
      Бағдарлама экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.
      Бағдарлама экономиканы әртараптандырудың жүргізіліп отырған саясатының қисынды жалғасы болып табылады әрі құрамына Индустриялық-инновациялық дамудың 2003 - 2015 жылдарға арналған стратегиясының, «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасының, сондай-ақ индустрияландыру саласындағы басқа да бағдарламалық құжаттардың негізгі тәсілдерін біріктірді.
      2015 жылға дейінгі кезеңде қазақстандық қамтуды мақсатты дамыту арқылы шағын және орта бизнес, кейінгі қайта бөлу және қайта өңдеу үшін жаңа бизнес-мүмкіндіктерді мультипликациялаумен экономиканың дәстүрлі экспортқа бағдарланған секторларында ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үдемелі индустрияландыру саясатының негізгі басымдығы болмақ.
      Ірі жобаларды ілгерілетудің бастамашысы «Самұрық-Қазына»  ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ), экономиканың отын-энергетика және металлургия секторларының ірі жүйе құраушы компаниялары, сондай-ақ стратегиялық шетелдік инвесторлар болып табылады.
      Шикізат секторымен байланысты емес және ішкі, ал кейіннен өңірлік нарықтарға бағдарланған (Кеден одағы, Орталық Азия елдері) экономика салаларын қалыптастыру және/немесе күшейту қатар жүзеге асырылатын болады.
      Мемлекет озық технологиялар трансфертіне, кейіннен олардың экспортқа бағдарлануын дамыта отырып, қазіргі заманғы импорт алмастырушы өндірісті құру үшін шетел инвесторларын тартуға бағытталған қазақстандық орта және шағын бизнес бастамаларын қолдайды.
      Индустриядан кейінгі экономиканың негіздерін қалыптастыру мақсатында ұлттық инновациялық инфрақұрылымды дамыту және коммерцияландыру перспективалары бар ғылыми-технологиялық негіздерді қолдау жалғасады.
      Жалпы алғанда, экономиканы әртараптандыруды мемлекеттік қолдау макро және секторлық деңгейлерде экономикалық саясаттың жүйелі шараларын, сондай-ақ экономиканың нақты секторларын және жобаларды қолдаудың селективті шараларын іске асыру арқылы жүзеге асырылатын болады.
      Экономикалық саясаттың жүйелі шаралары қолайлы макроортаны және инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, ұлттық экономиканың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі шараларға шоғырланатын болады.
      Селективті шаралар басым секторлар мен жобаларды қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларының құрамдастырылған пакеті негізінде жүзеге асырылатын болады.
      Мемлекет өзінің бизнеспен өзара іс-қимылын республикалық және өңірлік деңгейде де тиімді ынтымақтастық институттарын қалыптастыру негізінде жүйелі түрде құрады.
      Экономиканың объективті жағдайына барабар болатын 2015 жылға дейінгі индустрияландыру саясатының траекториясы ресурстық, инфрақұрылымдық, институционалдық және технологиялық шектеулермен ішкі келісушілікте болады. Бағдарламаға енгізілетін экономиканы әртараптандыруды және технологиялық жаңғыртуды ынталандыратын тетіктердің жүйелік сипаты:
      қолайлы макроэкономикалық жағдай жасауды;
      бизнес-ахуалды жақсартуды және инвестициялар ағынын ынталандыруды;
      жаппай технологиялық жаңғыртуды және ұлттық инновациялық жүйені дамытуды;
      адами капитал сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.
      Экономиканың басым секторларын дамытуға мемлекет пен бизнес ресурстарын шоғырландыру мемлекет пен бизнес шешімдерін келісудің интерактивті процесімен, мониторингтің қазіргі заманғы ақпараттық жүйелері мен іске асырудың нақты құралдарын пайдаланумен бірге жүреді.

Ағымдағы жағдайды талдау



      2000 жылдың басында негізі салынған индустриялық-инновациялық даму бағыты Қазақстан экономикасының негізгі тәуекелдерінің стратегиялық дұрыс екенін көрсетті: экономиканы әртараптандырудың және шикізатқа тәуелділіктен кетудің баламасыз бағыты таңдалды.
      Бұл кезеңде индустрияландырудың базалық институционалдық негіздері:
      экономиканың орнықтылығын қамтамасыз ететін Ұлттық қор;
      серпінді бағыттарды іске асыруға мемлекеттің әлеуетін шоғырландыратын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ;
      әртараптандыру процесін қамтамасыз ететін даму институттары;
      мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы мен әрекеттерін үйлестіру үшін келіссөз алаңдары құрылды.
      Инвестициялық саясат шеңберінде инвестицияларды ынталандырудың құқықтық және экономикалық негіздерін анықтайтын заңнамалық база жетілдірілді.
      Бұл шаралар мұнай-газ өндіру секторының өсуімен байланысты экономиканың белсенді өсуі кезеңінде экономиканың мұнайға қатысты емес секторының да барабар өсуін қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнестің одан әрі қалыптасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
      Белгілі бір нәтижелерге қарамастан, әртараптандыру және инновациялық даму саясаты дамушы нарығы бар елдердің объективті ресурстық экономикаларына тән бірқатар жүйелі әсерлердің бар болуына байланысты толық түрде іске асырылған жоқ:
      ресурстарды (инвестициялық, еңбек) шикізат секторларына қайта бөлу әсерін жаңғыртуға ықпал ете отырып, экономиканың «голланд ауруы» белгілерінің көрінуі;
      бұл кезеңде нарықтық тетік экономиканың жекелеген секторларының «қызып кетуін» болдырмайтын белгі беруге мүмкіндігі болмады және мемлекетке экономиканың «дұрыс» құрылымын құруға көмектесе алмады;
      әртараптандыру саясаты оны ілгерілету үшін қажетті шекті көлемнің болмауына кезікті.
      Әртараптандыруға бөлінген мемлекеттік инвестициялардың көлемі жеткіліксіз әрі шашыраңқы болды, ол қандай да бір маңызды құрылымдық ілгерілеушілікке әкелмеді.
      Нәтижесінде экономика құрылымы шикізаттық бағытын сақтап, ал жұмыспен қамтылу құрылымы еңбек әлеуетін пайдалану тиімділігінің төмендігін сипаттайды. 2008 жылы ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін халық саны 31,5%-ды, осы сектордың ЖІӨ құрылымындағы өнімнің үлес салмағы небәрі 5,8%-ды құрады. 2000 - 2008 жылдар кезеңінде ЖІӨ-де өңдеуші өнеркәсіп үлесі 16,5%-дан 11,8%-ға дейін қысқарды, ал кен өндіру үлесі 13%-дан 18,7%-ға өсті.
      Экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы - өнімділік бойынша, соңғы жылдардың оң серпініне қарамастан Қазақстан дамуы жағынан орта деңгейлі елдерден де артта қалды: 2008 жылдың деректері бойынша сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша Қазақстандағы еңбек өнімділігі бір адамға 22,6 мың долларды құрайды, ал бұл көрсеткіш Ресейде - 33,4, Жапонияда - 68,2, АҚШ-та - 98,1.
      Шикізат экспортынан тез пайда алуға бағдарланған ірі қазақстандық бизнес өсуінің қарқынды сипаты әлемдік конъюнктураның өзгеруі кезінде барынша жоғары қайта бөлулерге және ішкі нарыққа ауысуға мүмкіндік бермеді.
      Мемлекет бастамалары бизнес-қоғамдастықтан қажетті қолдау таппады, өйткені жас ұлттық бизнес әртараптандырудың белсенді ойыншысы болып көрінетіндей және Қазақстан үшін жаңа инновациялық бизнесті құру, әлемдік нарыққа шығу және бәсекеге түсу үшін стратегиялық әріптес ретінде әлемнің жетекші компанияларын тарта алмайды.
      Дағдарысқа дейінгі кезеңде Қазақстанның нарықтық экономикасы эволюциялық түрде құрылды. Өткен циклдік даму экспорттық шикізат секторы өсуінің серпінімен және сыртқы қаржылық нарықтарда арзан инвестициялық ресурстардың қолжетімділігімен көрінді.
      Қазақстанда орта және шағын бизнестің ұлттық ерекшелігі инвестициялардың тез қайтарымына кепілдік беретін бос тауашаны алу мүмкіндігімен анықталды (сатылмайтын ішкі экономика секторлары: жылжымайтын мүлік, сауда, жергілікті құрылыс индустриясы, сауда-делдалдық сектор мен қызметтер саласы).
      Тиісінше, бизнес басымдықтары, қосылған құны жоғарғы өңдеу өндірістерін дамыту жөніндегі мемлекет басымдықтарына сәйкес келген жоқ. Бұл үрдістер даму институттарының, сонымен қатар екінші деңгейдегі банктердің инвестициялық жобаларының тиісті портфелінде көрінді. Бұл ұлттық бизнестің қалыптасуының объективті эволюциялық үрдісін көрсетеді. «Көбікті» үрлеген дағдарыс жаңа нарықтарды және инновациялық өнімдерді іздетеді. Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуының оңтайлы жолына жеделдете индустрияландыру жатады.
      Әлемдік тәжірибе индустрияландыруға қатысты әртүрлі әдістердің бар екенін көрсетіп отыр: «қуып жетуші даму», «дәстүрлі мамандандыру», «индустрияландырудан кейінгі даму» стратегиялары. Ұлттық экономика құрылымына сүйенетін болсақ, Қазақстан экономикасының ең қолайлы индустрияландыру стратегиясына шикізаттық өндірістерді жоғары бөліністерге ауыстырумен шикізат секторына сүйене отырып «дәстүрлі мамандандыру» стратегиясы болып табылады.
      Дәстүрлі мамандандыру секторлары мен қалған экономика арасындағы тұрақты байланыстар сервистік қызмет арқылы дамуға мүмкіндік беретін бірқатар қосымша салаларды құрайды. Бұл сонымен қатар, шикізаттық емес сектор кәсіпорындарының жанында шағын және орта бизнес кластерлерін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасайды.
      Бүгінгі таңда, дамушы нарықтардағы бәсекелестік күшейгенде, ішкі және әлеуетті сыртқы нарықтарда тез орнығып, 170 млн. адамдық қолжетімді нарығы бар Кеден одағының әлеуетін барынша іске асыру қажет. Бұдан басқа, Қазақстанның бірегей географиялық орны Азия мен ТМД елдерінде (Ресей, Орталық Азия, Қытай, Иран, Үндістан) тиімді жаһандық серіктестік ұстанымын жүзеге асыру және иелену мүмкіндігін жасай алады. Қазақстан Республикасы кәсіпорындарының белсенді болуының қолжетімді нарықтарын кеңейту мақсатында агроөнеркәсіптік кешеннің, тоқыма өнеркәсібінің және туризмнің шикізаттық емес экспорттың белсенді қолдауын қамтамасыз ету.
      Қосымша «болашақ экономикасы» секторларына селективті қолдау жасау қажет, олар келесі 15-20 жылда әлемдік экономикадағы басым рөлге ие болатындар.
      Индустрияландыру саясатының табысты іске асырылуының негізгі шартына өндіріс факторлары өнімділігінің өсуі және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету жатады.
      Алда тұрған индустрияландыру өңірлерді бірқалыпты даму саясатынан өсудің жоғарғы әлеуеті мен жоғарғы экономикалық белсенділікке ие қалалар мен аумақтарды дамытудағы дәлме-дәл әдіске ауысуды талап етеді.
      Индустрияландыру саясатының тиімділігі бизнес пен мемлекеттің күш-жігерін экономиканың басым секторларын дамытуға шоғырландыру, сондай-ақ олардың тиімді институттары мен өзара әрекет ету тетіктерін қалыптастыруға байланысты болмақ.

Бағдарламаның мақсаты, басымдықтары, міндеттері мен принциптері

      Ескерту. Бөлімге өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 01.08.2013 N 607; 07.03.2014 N 762; 25.12.2014 № 984 Жарлықтарымен.

      Мақсаты - әртараптандыру мен оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы экономиканың орнықты және теңгерімделген өсуін қамтамасыз ету.


      Нысаналы индикаторлар
      1) 2014 жылы ЖІӨ-ні 2008 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде кемінде 38,4 %-ға, номиналды мәнде - 26 трлн. теңгеге ұлғайту;
      2) 2015 жылға қарай шикізаттық емес сектордың ЖҚҚ өсімі нақты мәнде 2008 жылғы деңгейге қарағанда кемінде 39,5 %-ды құрайды;
      3) 2015 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіптің өсімі нақты мәнде 2008 жылғы деңгейге қарағанда 43,6 %-ды құрайды;
      4) шикізаттық емес (өңделген) экспорттың құндық көлемін 2008 жылғы деңгейге қарағанда кемінде 30 %-ға ұлғайту;
      5) өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігін 2008 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде (2008 жылдың салыстырмалы бағаларымен) кемінде 1,5 есеге арттыру;
      6) ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2008 жылғы деңгейден кемінде 10 %-ға төмендету.
      Басымдықтар:
      ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі өсуінің маңызды шарты ретінде өндіріс факторларының өнімділігін арттыру;
      экспортқа бағытталған жаңа жоғарғы технологиялық өндірістерді жасауға басым тікелей шетел инвестицияларын тартуға екпін беру;
      ұлттық инновациялық жүйені дамыту мен нығайту;
      экономиканың шоғырландырылу деңгейін төмендету және индустрияландыру процесінде шағын және орта бизнестің рөлін күшейту;
      экономикалық әлеуеттің ұтымды кеңістігін ұйымдастыру.
      Міндеттер:
      Әртараптандыру мен бәсекеге қабілеттілік өсуін қамтамасыз ететін экономиканың басым секторларын дамыту;
      Экономиканың басым секторларын дамытудың әлеуметтік тиімділігін күшейту және инвестициялық жобаларды іске асыру;
      индустрияландыру үшін қолайлы ортаны құру;
      экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық ұйымдастыру негізінде экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру;
      экономиканың басым секторларын дамыту процесінде мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әрекетін қамтамасыз ету.
      Бағдарлама мынадай принциптерге негізделеді:
      бизнес-бастамаларға бағдарлану;
      шикізаттық емес секторда «серпінді» жобаларды және кластерлік бастамаларды қолдау;
      мемлекет пен жеке меншік сектор арасындағы тәуекелдерді оңтайлы бөлу және индустрияландыру процесінде олардың рөлдерін нақты айқындау;
      жаңа бизнес-мүмкіндіктерді мультипликациялау;
      итеративтік, Бағдарламаны іске асыру барысында қатысушылар құрамынан жобаларды пысықтау деңгейі бойынша перманентті нақтылаумен байланысты;
      транспаренттік - Бағдарламаға қатысушылардың, мастер-жоспарлардың мазмұнының, өтініш берушілердің сұрауларының, мемлекеттік қолдау шараларының, Бағдарламаны іске асыру мониторингінің нәтижелерінің ашықтық принципі;
      тең қолжетімділік - Бағдарлама қатысушысы отандық, сонымен қатар шетелдік компания да, ірі және орта, шағын кәсіпорындар да болуы мүмкін;
      бәсекелестік - тиімді жобаларды ілгерілету және экономикалық емес әдістерді пайдаланудың алдын алу негізі ретінде;
      трансферттік (қолданылу әсері) - нормативтік-құқықтық және нормативтік-техникалық базаны жетілдіруге қатысты (бизнес-ортаны жақсарту) мемлекеттік қолдау шаралары, экономикалық қызметтің барлық субъектілеріне қолданылады;
      сабақтастық - іске асырылып жатқан бағдарламалық құжаттарда көзделген мемлекеттік саясаттың аса тиімді шаралары осы Бағдарламаны іске асыру кезінде қолданылатын болады;
      білім — ғылым — инновация - білікті кадрларды даярлау, ғылым жетістіктері, нарықта сұранысқа ие инновациялық технологиялар мен өнімдердің жаңа түрлерін жасау арасындағы өзара тығыз байланысты қамтамасыз ету үшін базалық құрамдауыш.

Бағдарламаны іске асырудың негізгі бағыттары

1. Экономиканы әртараптандыруды және бәсекеге қабілеттілігінің өсуін қамтамасыз ететін оның басым секторларын дамыту

      Ескерту. 1-кіші бөлім жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 07.03.2014 N 762 Жарлығымен.



      Алдағы кезеңде индустрияландыру саясаты индустриялық-инновациялық процестердің катализаторларына айналатын «дәстүрлі мамандандыру» салаларын дамыту арқылы басым шикізаттық емес секторларды озыңқы дамытуға бағытталатын болады.
      Мемлекеттің күш-жігері экономиканың мынадай басым секторларын дамытуға шоғырландырылады:
      1) дәстүрлі: кейіннен шикізат өндірістерінен анағұрлым жоғары қайта өңдеулерге көше отырып мұнай-газ секторы, тау-кен металлургия кешені, атом және химия өнеркәсібі;
      2) жер қойнауын пайдаланушылар, ұлттық компаниялар мен мемлекет сұранысына негізделген: машина жасау, құрылыс индустриясы, фармацевтика;
      3) шикізаттық сектормен байланыстырылмаған және негізінен экспортқа бағдарланған өндірістер: агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп, туризм;
      4) алдағы 15 - 20 жылда әлемдік экономикада үстем рөлге ие болатын «болашақ экономикасының» секторлары: ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, биотехнологиялар, баламалы энергетика, ғарыш қызметі.
      Көрсетілген секторлардың тізбесі толық емес әрі Бағдарламаны іске асыру барысында толықтырылып отырады.
      Жоғарыда көрсетілген басым бағыттардың өзектілігі 2010 - 2011 жылдары КИСТЕП Корея ғылым мен технологияларды бағалау және жоспарлау институтының әдіснамалық қолдауымен Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жүргізген алғашқы ғылыми-технологиялық форсайт нәтижелерімен расталды. Осылайша, технологиялық болжау қорытындылары бойынша экономиканың басым 7 саласы (тау-кен металлургия кешені, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, химия өнеркәсібі, мұнай-газ секторы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, машина жасау) бойынша Қазақстан үшін сындарлы 75 технологиядан тұратын тізбе айқындалды.
      Оның үстіне, энергия тиімділігі технологиялары және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салааралық сипаттағы технологияларға жатқызылған, оларды дамыту орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін басымдыққа айналуға тиіс.
      Форсайттық зерттеулердің келесі кезеңінде сындарлы технологияларды дамыту мақсатында мемлекеттің, бизнес пен ғылымның өзара іс-қимыл жасауына негізделген түйінді өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді алу мақсатында сындарлы технологияларды дамыту бойынша тетіктер мен шаралар кешенін жүйелеуді көздейтін нысаналы технологиялық бағдарламалар (бұдан әрі - НТБ) әзірленіп, іске асырылатын болады. НТБ ғылыми-технологиялық саладағы мемлекеттік-жекеше әріптестіктің пәрменді тетігі болып табылады деп болжануда. Ұзақ мерзімді перспективада олар экономиканың түрлі секторларының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуде оң рөл атқара алады.
      Бағдарламаны іске асыру кезінде әлемдік қоғамдастықтың үшінші индустриялық төңкеріске аяқ басқанын ескеру қажет, оның сипаттамаларының бірі сұраныстың кастомизациялануы (өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді нақты тұтынушының мүддесі мен талаптарын ескере отырып өндіру), тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісінде жеке тәсілді қолдану болып табылады, бұл жұмыс күшіне, өндірістің орналастырылуына және ұйымдастырылуына қойылатын талаптарда елеулі із қалдыруға тиіс.
      Үшінші өнеркәсіптік төңкерістің негізгі 4 тренді ерекшеленеді:
      1) автоматтандыру, өндірістерді цифрландыру (ақпаратты берудің ұқсас нысанынан цифрлық нысанға ауысу) және робот техникасы;
      2) жаңа материалдар;
      3) жаңа буын логистикасы;
      4) «жасыл» технологиялар.
      Сонымен қатар, индустриялық-инновациялық саясат үшінші индустриялық төңкерістің негіз қалаушы мынадай талаптарына жауап беруі тиіс:
      1) энергия тұтынуды және қоршаған ортаға шығарындыларды азайтуды қамтамасыз ететін энергия үнемдеу және энергия тиімділігі технологияларын, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, сондай-ақ энергетикалық тәуелсіздікке көшу (яғни, электр энергиясын дербес өндіру);
      2) басқару жүйелерін автоматтандыру, роботтандырылған өндірістер құру, басып шығарудың 3D технологияларын қолдану есебінен өндірістердің икемділігіне қол жеткізу. Бұл орташа және ұсақ сериялы өндіріс шеңберінде жаңа өнімдер өндіруге және тауарларды тапсырыс бойынша жылдам өткізуге арналған технологиялық процестердің ұтқырлығын қамтамасыз етуге ықпал етеді;
      3) интернет мүмкіндіктерін кең ауқымда қолдануды қамтамасыз ететін ақпараттық қоғам қалыптастыру;
      4) өндіріс үшін мүлдем өзгеше мүмкіндіктерге ие және бірқатар артықшылықты сапалары (жоғары беріктік, жеңілдік, әмбебаптық, неғұрлым төмен құн) бар композитті материалдар, нанотехнологиялар секілді жаңа материалдарды дамыту.
      Жоғарыда келтірілген басым бағыттарды іске асыру мақсатында оларды іске асыру кезіндегі негізгі проблемалар анықталып, технологияларды пайдаланудың перспективалылығына талдау жүргізілетін болады, технологияларды тұтынушыларды оқыту, ынталандыру, отандық қызметкерлерді осы технологиялармен жұмыс істеуге бейімдеу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылады, сондай-ақ зерттеу орталықтарын, оқу зертханаларын, ірі көлемді инновациялық жобалар құру бойынша іс-шаралар іске асырылады.
      Экономиканы ойдағыдай әртараптандыру республиканың орнықты дамуымен, оның ішінде орнықты дамуды басқару жүйесін оңтайландыру және төмен көміртекті экономиканың «жасыл» саясатын енгізу жолымен, инвестициялар тарту, экологиялық проблемаларды шешу, табиғат экожүйелеріне антропогендік жүктеменің келеңсіз әсерін төмендету, қоршаған ортаға эмиссияларды азайту бойынша табиғатты пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту, қалдықтарды кешенді қайта өңдеу арқылы дамуымен тығыз байланысты.
      Экономиканы әртараптандыруды жеделдету процесінде мемлекет тиімсіз жобаларды іске асыруға қарсы тұратын болады, сондықтан қолдау үшін жобаларды таңдаудың негізгі критерийлері өнімділік, энергия тиімділігі және ең алдымен, Кеден одағының әлеуетін іске асыру мүмкіндігіне байланысты, экспортқа бағдарлану болып табылады.
      Индустриялық саясат өндірістік интеграция мен өнеркәсіптік кооперациядағы кәсіпорындардың бәсекелестік артықшылықтарын нысаналы қолдануға бағдарланатын болады, олардың нәтижесінде жаңа буын кластерлері қалыптасуы мүмкін. Ғылыми, технологиялық және маркетингтік қызмет салаларындағы әлемдік көшбасшылармен ынтымақтастық нәтижесінде отандық кәсіпорындарға ғылыми-зерттеу және технологиялық әлеует деңгейін арттыруға, қолданыстағы технологиялар трансфертіне ықпал етуге және жаңаларын жасауға мүмкіндік береді.
      Бұдан басқа, озық технологиялар трансферті мен оларды енгізу, қажетті ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуды және отандық компаниялардың инновациялық қызметіне жағдай жасау мен оларды ынталандыруды қамтитын қолайлы «инновациялық ахуал» базасын қамтамасыз ету қажеттілігі бар.
      Осыған байланысты, технологиялар трансферті негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады:
      Шетелдік технологияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Өнеркәсіптің қажеттілігін анықтау мақсатында бастапқыда нарықты талдауды жүзеге асыру жөніндегі мәселелер, елдегі қандай да бір технологияларды қолдану және бейімдеу мүмкіндіктері, оның ішінде форсайттық зерттеулер шеңберінде пысықталатын болады. Алынған нәтижелердің негізінде «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» акционерлік қоғамы арқылы шетелдік технологиялардың дерекқорларына жол ашу, байланысты жолға қою, технологиялар трансфертіне, оның ішінде нысаналы технологиялық бағдарламалар арқылы қолдау көрсету бағдарламасы іске асырылатын болады. Өз кезегінде, осы жұмысты атқару отандық кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін арттыруға ықпал ететін болады.
      Технологиялар трансферті желісін құру. Атап айтқанда, АҚШ және басқа да елдермен бірлесіп технологиялар трансферті орталықтарын құру жөніндегі мәселелер пысықталатын болады. Мұндай орталықтар отандық кәсіпорындардың әлемдік қазіргі заманғы технологияларға және керісінше шетелдік перспективалы әзірлемелердің отандық нарыққа қолжетіліміндегі байланыстырушы буын, сондай-ақ қазақстандық бизнестің жетекші «коммуникация нүктелері» әрі идеялардың негізгі генераторы болмақ. Технологиялар трансфертінің бірлескен халықаралық орталықтары отандық кәсіпорындар үшін шетелде технологиялық әріптестер мен технологиялар іздестіруді де, қазақстандық стартаптарды алға жылжытуды да жүзеге асыратын болады.
      Отандық технологиялар мен ғылыми әзірлемелерді әлемдік технологиялық нарыққа шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру. Ол үшін «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» акционерлік қоғамында үздік отандық технологиялық стартаптарды кейіннен шетелде алға жылжыту үшін оларды іріктеу жөніндегі бағдарлама, оның ішінде тағылымдамалар, оқытулар ұйымдастыру, консалтингтік қызметтерге ақы төлеу, сондай-ақ жетекші әлемдік бизнес-акселераторлармен ынтымақтастық арқылы іске асырылады.

1.1 «Дәстүрлі индустриялардағы» өндірісті әртараптандыру

Мұнай-газ секторы

      Ескерту. Параграф жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 01.08.2013 N 607 Жарлығымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 07.03.2014 N 762 Жарлығымен.



      Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
      2009 жылы республикада мұнай мен газ конденсатын өндіру шамамен 76,5 млн. тоннаны құрады, газ өндіру 35,6 млрд. текше метрді құрады. Мұнай мен газ конденсатының экспорты 68,1 млн. тоннаны құрады.
      Мұнай өңдеу зауыттары (бұдан әрі - МӨЗ) 2009 жылы 12,1 млн. тонна мұнай өңдеді.
      Мұнай өндіруді одан әрі дамыту теңіз жобаларымен, «Теңіз» және «Қарашығанақ» кен орындарын кеңейту жобаларының нәтижелерімен өзара тығыз байланысты.
      Көмірсутек шикізатын өндіру көлемінің ауқымына қарамастан, бүгінгі күні Қазақстанда қосылған құны жоғары өнім ала отырып, көмірсутек шикізатын тереңдете өңдеудің толық технологиялық тізбегі жоқ.
      Көмірсутек шикізатын өңдеу мұнай мен газды айырумен шектеледі. Елде сонау кеңес уақытында салынған әрі қазіргі заманғы стандарттарға сай келмейтін 3 МӨЗ және 3 газ өңдейтін зауыт (бұдан әрі - ГӨЗ) жұмыс істейді.
      Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-ның (бұдан әрі - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ) қатысуымен халықаралық және ішкі сұраныс нарықтарына байланысты белгілі бір арақатынастағы сапалы мұнай өнімдері мен мұнай-химия өнімін шығаруға мүмкіндік беретін, көмірсутек шикізатын кешенді, терең қайта өңдеу бойынша жоғары технологиялық, инновациялық және икемді өндірістер құру жөніндегі базалық жобалар іске асырылу кезеңіне дайын.
      Өзара байланысты мұнай-газ және мұнай-химия өндірістерін іске асыру үшін Атырау облысында «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды.
      Негізгі міндеттер
      1. Отандық көмірсутек шикізатын (мұнай/газ) өңдеудің тереңдігін және көлемін ұлғайту.
      2. Ішкі нарықтың мұнай өнімдері мен сұйытылған газға қажеттілігін қамтамасыз ету.
      3. Мұнайды, газды тасымалдаудың экспорттық бағыттарын
әртараптандыру.
      Нысаналы индикаторлар
      1. 2016 жылдан бастап отандық мұнай өнімдерінің сапасын Еуро-4, Еуро-5 сапа стандартына дейін жеткізе отырып, 2014 жылы МӨЗ-де мұнай өңдеу көлемінің 15 млн. тоннаға дейін (2008 жылға 122,1 %) өсуін қамтамасыз ету.
      2. «Бейнеу - Бозой - Шымкент» газ құбырымен газ тасымалдауды:
      2013 жылы - 2,5 млрд. текше м. дейін;
      2015 жылы - 6 млрд. текше м. дейін;
      2016 жылдан бастап және одан кейінгі жылдары - 10 млрд. текше м. дейін қамтамасыз ету.
      3. 2013 жылдан бастап жылына 200 мың тонна көлемінде мұнай жол битумдарын өндіруді қамтамасыз ету.
      4. Хош иісті көмірсутектерді (бензол, п-ксилол):
      2014 жылы - жылына 188,7 мың тоннаға дейін;
      2015 жылы - жылына 377,4 мың тоннаға дейін;
      2016 жылдан бастап және кейінгі жылдары - жылына 629,0 мың тоннаға дейін өндіруді қамтамасыз ету.
      Саланы дамытудың негізгі бағыттары
      Мемлекеттің мұнай-газ саласындағы саясаты қосылған құны неғұрлым жоғары өндірістерді дамытуды ынталандыруға, ірі жобаларда аутсоринг және жергілікті құрауышты нығайту арқылы шағын және орта кәсіпорындарда қосалқы, қызмет көрсетуші және өңдеуші блоктарды қалыптастыруға, сондай-ақ қызмет көрсетуші және қосалқы кәсіпорындардың күш-жігерін біріктіру есебінен жүйе құраушы ірі компаниялардың төңірегінде кластерлер қалыптастыруға шоғырландырылатын болады.
      Мұндай тәсіл мұнай-газ және мұнай-химия секторларын дамытудан ішкі экономиканың салаларына ұштасқан кең мультипликативтік әсерге қол жеткізіп, оны ұлттық қайта жаңғырту үдерісіне белсенді енгізуге мүмкіндік береді.
      Көмірсутек шикізатын терең, бастапқы және кешенді қайта өңдеудің инновациялық технологияларын үйлестіру мүмкіндігін пайдалана отырып, қосылған құны жоғары базалық және өнімнің кең спектрлі өнім шығару үшін көмірсутек шикізатын терең қайта өндеу бойынша мұнай-газ және мұнай-химия өндірістері құрылатын болады.
      Бұл мақсаттарда мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру көзделеді:
      1) Атырау мұнай өңдеу зауытында (бұдан әрі - АМӨЗ):
      хош иісті көмірсутектерді: жобалық қуаты жылына 133 мың тонна бензол, жылына 496 мың тонна параксилол өндіру кешенін салу. Жобаны іске асыру мерзімі: 2010 - 2014 жылдар;
      мұнайды терең өңдеу кешенін салу. Жобаны іске асыру мерзімі: 2011 - 2016 жылдар;
      2) мұнай өңдейтін қуаты жылына 6 млн. тоннаға дейін жететін Шымкент мұнай өңдеу зауытын (Оңтүстік Қазақстан облысы) жаңғырту және қайта жаңарту. Жобаны іске асыру мерзімі: 2011 - 2016 жылдар;
      3) мұнайды бастапқы өңдейтін қуаты жылына 7,5 млн. тоннаға дейін жететін Павлодар мұнай химия зауытын (Павлодар облысы) жаңғырту және қайта жаңарту. Жобаны іске асыру мерзімі: 2011 - 2016 жылдар;
      4) Теңіз кен орнының (Атырау облысы) көмірсутек газын қайта өңдеуді көздейтін қуаты жылына 1,3 млн. тонна өнім болатын базалық мұнай-химия өнімін өндіру жөніндегі интеграцияланған газ-химия кешенін салу. Жобаны іске асыру мерзімі: 2009 - 2016 жылдар;
      5) Ақтау пластикалық масса зауытының базасында қуаты Қазақстанның климаттық жағдайына сәйкес келетін 400 мың тонна жол битумын өндіретін (Қаражанбас ауыр мұнайын өңдеу) битум зауытын салу (Маңғыстау облысы). Жобаны іске асыру мерзімі: 2010 - 2013 жылдар.
      Мұнай-газ компанияларының сатып алуында жергілікті қамтуды ұлғайту үшін мынадай шаралар көзделеді:
      1) мұнай-газ саласындағы ұлттық компаниялар жаңадан құрылатын өндірістерге тікелей қатысу немесе отандық тауар өндірушілер шығаратын өнімдерге ұзақ мерзімді тапсырыс беруге кепілдік беру арқылы сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуды қамтамасыз ететін жаңа өндірістерді құруға бастама жасайтын болады;
      2) ірі мұнай-газ жобаларының төңірегінде «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының (бұдан әрі - ҚПО) қолдауымен құрылған Ақсай индустриялық паркінің үлгісі бойынша технопарктер құрылатын болады. Жобаның мақсаты қазақстандық компаниялардың ҚПО тұрақты және ұзақ мерзімді талап ететін тауарларды өндіруін ұйымдастыру болып табылады. Дәл осы қағидат бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан  әрі- ТШО), «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (бұдан әрі - НКОК) және басқа ірі жер қойнауын пайдаланушылар талап ететін өнімдерді өндіру жөніндегі объектілер кешені құрылуы мүмкін;
      3) жер қойнауын пайдаланушылармен келісімшарттарға отандық МӨЗ-дерді мұнаймен міндетті түрде қамтамасыз ету және ілеспе тауарлар өндірісін ұйымдастыру, сондай-ақ отандық тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу басымдығын қамтамасыз ету жөніндегі шарттар енгізілетін болады;
      4) шикізат өңдеу және отандық тауар өндірушілерден сатып алу деңгейін ұлғайтуға бағытталған жүйе құраушы ірі жеке кәсіпорындармен меморандумдар жасалатын болады.
      Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалау шаралары
      Көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету
      Қазақстандық Каспий тасымалдау жүйесі (бұдан әрі - ҚКТЖ)
      Мұнайды «Қашаған» және «Теңіз» кен орындарынан Каспий теңізі және Баку - Тбилиси - Джейхан жүйесі және/немесе басқа мұнай тасымалдау жүйелері арқылы халықаралық нарыққа экспорттауға арналған ҚКТЖ мыналардан құралатын болады:
      1) Ескене - Құрық мұнай құбыры;
      2) Каспий теңізінің қазақстандық жағалауындағы мұнай құю терминалын, мұнай тасымалдауға және қосалқы операцияларға арналған танкерлер мен кемелерді, Каспий теңізінің әзербайжандық жағалауындағы мұнай ағызу терминалын, Баку - Тбилиси - Джейхан жүйесімен қосу құрылыстарын қамтитын Транскаспий жүйесі/жобасы (бұдан әрі - ТКЖ).
      Каспий құбыр жолы консорциумы (бұдан әрі - КҚК)
      Жалпы ұзындығы 1510 км болатын КҚК мұнай құбыры «Теңіз» кен орны мен Қара теңіздің ресейлік жағалауындағы Новороссийск портына жақын мұнай терминалын қосады.
      Мұнай құбырының өткізу қабілетін жылына 67,0 млн. тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
      Қазақстан - Қытай мұнай құбыры
      Қазақстан - Қытай мұнай құбыры Атасу - Алашанькоу және Кеңқияқ - Құмкөл мұнай құбырының жобасын іске асыруды қамтиды. Қазақстан - Қытай мұнай құбырының қазіргі қуатының өткізу қабілетін жылына 20 млн. тоннаға дейін кеңейту көзделіп отыр.
      Атырау - Самара мұнай құбыры
      Атырау - Самара мұнай құбыры мұнайды Қара теңіз немесе Балтық теңізі бағытында Ресей Федерациясының аумағы арқылы тасымалдаудың басым бағыттарының бірі болып табылады.
      Бейнеу - Бозой - Ақбұлақ газ құбыры
      Елдің оңтүстік өңірлерінің газға деген қажеттілігін қамтамасыз ету және газ импортына тәуелділігін жою мақсатында Бейнеу - Бозой - Ақбұлақ газ құбырын іске қосу кешендері бойынша пайдалануға беру көзделіп отыр:
      1-кезектің 1-іске қосу кешені - 2011 жыл;
      1-кезектің 2-іске қосу кешені - 2013 жыл;
      2-кезек - 2019 жыл.
      Арнайы экономикалық аймақ (бұдан әрі - АЭА) аумағында инфрақұрылыммен қамтамасыз ету
      1. Атырау облысында Қарабатанда өндірістік алаң үшін, оның ішінде интеграцияланған газ-химия кешенінің қызметі үшін инфрақұрылым объектілерін салу.
      2. Атырау қаласында, аумағында базалық мұнай-химия шикізатымен жұмыс істейтін шағын және орта бизнес кәсіпорындары орналастырылатын «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА технопаркінің инфрақұрылымын салу.
      Сервистік инфрақұрылымды қалыптастыру
      Мұнай-газ өнеркәсібінің біліктілігі жоғары кадрларға және ғылыми-зерттеу ресурстарына, сондай-ақ техникалық, басқарушылық және коммерциялық қызметтер көрсетуге сұранысын қанағаттандыруға арналған сервистік инфрақұрылым құру мәселесі пысықталатын болады.
      Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
      Мұнай-газ саласының 16 мамандық бойынша кадрларға мұқтаждығы Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жоғары оқу орындары (бұдан әрі - ЖОО) мен техникалық және кәсіптік білім беретін (бұдан әрі - ТжКБ) 18 оқу орнында даярлау шеңберінде өтелетін болады.
      2011 жылы мұнай-газ саласы үшін Атырау қаласында 700 оқу орнына арналған Өңіраралық кадрлар даярлау және қайта даярлау орталығы пайдалануға беріледі.
      Мұнай-газ саласындағы кәсіптік білім беру жүйесін одан әрі табысты дамыту үшін саладағы оқытудың әлемдік стандарттарына көшу:
      1) жастарға кәсіптік білім беру және қазақстандық кадрларды даярлау да компаниялардың жауапкершілігін көздейтін нормативтік құқықтық база әзірлеу;
      2) әлеуметтік әріптестерді кадрлар даярлауға тарту арқылы олармен өзара іс-қимыл жасау, қазақстандық кадрларды оқыту үрдісінде мұнай компанияларының оқу орталықтарын бірлесіп пайдалануды қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылатын болады.
      Мұнай-газ саласы үшін мамандар даярлау мемлекеттік тапсырыс және шетелдік ірі мұнай компанияларының мақсатты білім беру гранттарының шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
      Техникалық регламенттерді енгізу
      Қазіргі уақытта Кеден одағының (бұдан әрі - КО) аумағында мұнай-газ және мұнай-химия саласының бірыңғай нормативтік-техникалық базасы әрекет етеді. КО шеңберінде мынадай техникалық регламенттер әзірленді және бекітілді:
      1) «Автомобиль және авиациялық бензинге, дизель және кеме отынына, реактивті қозғалтқыштарға арналған отынға және мазутқа қойылатын талаптар туралы» (2012 жылғы 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі);
      2) «Жағармай материалдарына, майларға және арнайы сұйықтықтарға қойылатын талаптар туралы» (2014 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі).
      Жоғарыда аталған техникалық регламенттер қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының аумағында мыналардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды белгілейтін техникалық регламенттер қолданылады:
      1) «бензинге, дизель отыны мен мазутқа» (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 1 наурыздағы № 153 қаулысымен бекітілген);
      2) «бензинге телімдерге» (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 23 маусымдағы № 634 қаулысымен бекітілген);
      3) «көлік құралдарына арналған жағармайларға және арнайы сұйықтықтарға» (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 маусымдағы № 563 қаулысымен бекітілген);
      4) «мұнай-газ кәсіпшілігі, бұрғылау, геологиялық-барлау және геофизикалық жабдықтарға» (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 2231 қаулысымен бекітілген).
      Сондай-ақ КО шеңберінде магистральды мұнай құбырларының, су асты құбыр жолдары мен кәбілдердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды белгілейтін техникалық регламент әзірленетін болады.
      Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу
      Мұнай-газ секторы саласындағы инновациялық саясатты іске асыру шеңберінде түйінді технологиялық міндеттерді шешуге және озық ғылыми-технологиялық жаңа бағыттарды дамытуға басымдық берілетін болады.
      «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамы кен орындарының үлгісінде игерудің кейінгі сатысындағы кен орындары үшін технологиялық болжамдау қорытындылары бойынша қабаттардың мұнай беруін арттыру технологиялары айқындалатын болады. Осы сындарлы технологияны дамыту - «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамы кен орындарының үлгісінде игерудің кейінгі сатысындағы кен орындары үшін қабаттардың мұнай беруін арттыру технологияларын дамыту» нысаналы технологиялық бағдарламасын іске асыру тетігі (қабаттық қысымды ұстап тұру, ерекше жағдайларда ұңғымаларды бұрғылау технологиялары, жоғары дәлдік қабілеті бар сейсмикалық барлау, егжей-тегжейлі моделін жасау үшін сейсмикалық барлау деректерін интеграцияланған түсіндіру технологиясы, мұнай дайындау технологиясы), сонымен қатар каталитикалық технологиялар арқылы, оның ішінде полимерлер мен эластомерлер (полиэтилен, полипропилен, синтетикалық каучук) алу процестері үшін қамтамасыз етілетін болады».

Мұнай химиясы

      Ескерту. Параграф алынып тасталды - ҚР Президентінің 01.08.2013 N 607 Жарлығымен.

Тау-кен металлургия саласы

      Ескерту. Параграфқа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 01.08.2013 N 607; 07.03.2014 N 762; 25.12.2014 № 984 Жарлықтарымен.

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Тау-кен металлургия кешенінің негізгі проблемалары: шикізат базасының сарқылуы, пайдаланылатын шикізат кешендігінің төмендігі, негізгі өндірістік қорлардың тозу дәрежесінің жоғары болуы, қоршаған орта ластануының жоғары дәрежесі және технологиялық артта қалу, толық өндіріс тізбегі бар интеграцияланған кешендердің болмауы (өндіруден бастап тауарлық дайындығының дәрежесі жоғары өнім шығаруға дейінгі), ішкі нарық сыйымдылығының аз болуы және бытыраңқылығы, өнімнің энергияны, еңбекті және материалды көп қажет етуі, инвентарлық жылжымалы құрамның өткір жетіспеушілігі.

Негізгі міндет

      Машина жасауды, құрылыс индустриясын және басқа да өнеркәсіп саласы және экспортты дамытуды қамтамасыз ететін мынадай бөліністегі металлургия өндірістерін құру.

Нысаналы индикаторлар

      1. 2015 жылға қарай металлургия саласының жалпы қосылған құнын минералды шикізатты терең өңдеу және жаңа бөліністер құру негізінде 2008 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде кемінде 50 %-ға ұлғайту.
      2. Металлургия өнімінің экспорт көлемін 2008 жылғы деңгейге қарағанда 30 %-ға ұлғайту.
      3. Металлургия өнеркәсібінің еңбек өнімділігін 2008 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде кемінде 15 %-ға ұлғайту.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет