БЕКЕМДЕУ
МАҚСАТЫ
Халықтың қалыпты өсiп-өнуiн қамтамасыз ету және өмiр сүру сапасын арттыру үшiн ерлердiң, әйелдер мен жасөспiрiмдердiң ұрпақ әкелетiн денсаулығын сақтау және нығайту.
ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ
Соңғы жылдары Қазақстанда әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың жақсаруының нәтижесiнде бiрқатар медициналық-демографиялық оң өзгерiстер болды.
Бала туудың өсу үрдiсi байқалды. 2004 жылы бала туу көрсеткiшi 1000 адамға шаққанда 18,1-дi құрады және 2000 жылмен салыстырғанда 1,2 есе көбейдi. Халық санының табиғи түрде өсуi 1,7 есе артты, көрсеткiш 2004 жылы 1000 адамға шаққанда 8,05-тi құрады.
Сонымен бiрге халық арасындағы өлiм-жiтiмнiң көбеюi байқалады. 2004 жылы көрсеткiш 1000 адамға шаққанда 10,2 оқиғаны құрады (1999 жылы 10,1), соның iшiнде әйелдер - 8,5, еркектер - 11,9. Қайтыс болу себептерiнiң құрылымында 84%-ы қан айналысы жүйесiнiң ауруларына, жазатайым жағдайларға, жарақаттар мен улану жағдайларына, iсiк аурулары мен тыныс жолдарының ауруларына келедi.
Нәрестелердiң шетiнеуi көрсеткiшiнiң төмендегенi байқалады, бiрақ Еуропаның елдерiмен салыстырғанда жоғары болып қалуда және 2004 жылдың бас кезiне тiрi туған 1000 нәрестеге шаққанда 14,5 оқиғаны құрайды.
Аналар арасындағы қайтыс болу көрсеткiшiнiң 2000 жылғы 60,9-дан 2004 жылғы 100 мың тiрi туған нәрестеге шаққанда 36,9 оқиғаға дейiн төмендегенi байқалады. Алайда бұл Еуропалық қоғамдастықтағы орташа деңгейге қарағанда 4 есе жоғары және Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының айқындамасы бойынша шектi деңгейден 3 есе жоғары.
Туберкулез, АҚТҚ/ЖҚТБ, нашақорлық, маскүнемдiк сияқты бiрқатар әлеуметтiк мәнi бар және қатерлi аурулардың көрсеткiштерi жоғары болып қалып отыр.
Өршiмелi туберкулезбен ауыру әйелдердiң арасында 2004 жылы 100 мың адамға шаққанда 130,3, ерлердiң арасында 178,8 оқиғаны құрады.
Жыныстық жолмен берiлетiн аурулар күрделi проблема болып табылады. Мерезбен ауыру 2004 жылы 100 мың адамға шаққанда 79,3 оқиғаны құрады, соның iшiнде әйелдердiң арасында - 78,1, ерлердiң арасында - 79,8, гонококк жұқпасымен ауыру 100 мың адамға шаққанда 76,2 оқиғаны құрады.
Наркологиялық дiмкәстiкпен бастапқы сырқаттанушылық көбейдi. 2000 жылғы 294,9 оқиғамен салыстырғанда ол 2004 жылы 100 мың адамға шаққанда 404,1 оқиғаны құрады.
Есiрткiге тәуелдiлiкпен есепте 50 мыңнан астам адам тұрады. Есiрткiге бой ұрған әйелдер санының арту үрдiсi байқалады. Мысалы, егер 2000 жылы есепте 3,8 мың әйел тұрған болса, ал 2004 жылы - 5 мыңнан астам әйел тұрды.
Республикада АҚТҚ жұқпасы бар 4696 адам, соның iшiнде - 874 әйел тiркелген. Олардың арасында 229 жүктi әйел болды, оның 89-ы босанды, 91 нәресте туылды.
Қан аздығымен ауыру өзектi проблема болып отыр. 2004 жылы диспансерлiк есепте тұратын, қан аздығымен ауыратын науқастардың саны 296,8 мың адамды құрады, олардың iшiнде жартысынан астамы (52,4 %) - 14 жасқа дейiнгi балалар.
Қан аздығымен және Орталық Азияда кең таралған йод жетiспеу дерттерiмен ауырудың алдын алу және санын азайту үшiн қазiргi уақытта елде ас тұзын йодтандыру және ұнды темiр препараттарымен және витаминдермен байыту жүргiзiлуде.
Қатерлi iсiктермен сырқаттанудың да өсу үрдiсi бар. 2004 жылы 2000 жылмен салыстырғанда оның көрсеткiшi ерлер арасында - 4,2 %-ға, әйелдер арасында - 9,2 %-ға көбейдi. 2004 жылдың соңына қарай есепте тұратын науқастардың саны барлығы 114628 адамды құрады.
Осы аурулардың барлығы еркектер мен әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығына әсерiн тигiзедi. Ұрпақты болу, денсаулығын сақтау, отбасын жоспарлау, контрацептивтер қолдану және т.б. бойынша iске асырылып жатқан iс-шаралар жағдайдың жақсаруына әзiрге елеулi әсер етiп жатқан жоқ.
Соңғы үш жылдың iшiнде халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған бiрқатар заңдар қабылданды. Олардың iшiнде "Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы бар.
Қазiргi кезде ерлердiң денсаулығы едәуiр өзектi әлеуметтiк проблема болып табылады. Олар үшiн еңбекке қабiлеттi жаста (16-62 жас) қайтыс болу тән - 100 мың адамға шаққанда 957,23 жағдай, әйелдерде (16-57 жас) бұл көрсеткiш 3 есе төмен - 313,37.
Мұның себебi жүйкеге күш түсу, жүйке тозуы, ширыққан жұмыс ырғағы, жүрек-қан тамыры аурулары, атеросклероз, өкпе рагы, iшiмдiк пен есiрткiнi пайдалану, жарақаттанудың жоғары деңгейi және басқалар болып табылады.
Ерлердiң ұрпақ әкелу денсаулығына жыныстық жолмен берiлетiн аурулар, қуық безi мен ұрық арқауының аурулары, белсiздiк және басқалары әсер етедi.
Әйелдердiң денсаулығы аса үлкен алаңдаушылық тудырады. Олардың денсаулығының индексi 20-30 %-ды, жекелеген аймақтарда - 10 %-ды және одан да төмен көрсеткiштi құрайды.
Әйелдерде көбiнесе гипертония, невроздар байқалады, олар жыныстық жолмен берiлетiн аурулардан, бедеулiктен, сүт безi рагынан, остеопороздан және басқа аурулардан көбiрек зардап шегедi. Әйелдердiң 60 %-дан астамы анемиядан зардап шегедi.
Аборт аналардың өлiмiнiң басты себептерiнiң бiрi болып қалып отыр. Аборттан туындаған асқынулар 2004 жыл iшiнде 1826 оқиғаны, аборттан қайтыс болу - 1,2 промилленi құрады.
Аборттардың саны 2004 жылы 2000 жылмен салыстырғанда бала туатын жастағы 1000 әйелге шаққандағы 30,9-дан 30,3-ке дейiн шамалы ғана төмендедi. Аборттардың ең көп саны 19-34 жас тобында (75 %), жасөспiрiмдерде (15-18 жас) - 4,9 % тiркелген.
Бала туатын жастағы әйелдердiң 38,3 %-ы контрацепцияның қандай да бiр түрлерiн қолданады. Контрацепцияның негiзгi әдiсi жатыр iшiне салынатын спираль болып қалып отыр - 62,5 %.
Некеде тұрғандардың шамамен 16 %-ы баласыз, бұл үшiн ерлер де, әйелдер де тең дәрежеде жауапты. Қазiргi кезде бедеулiктi емдеудiң жаңа бағыты - ұрпақ әкелетiн көмекшi технологиялар жасалған, оларды ел халқының өсiп-өнуiн жақсарту үшiн дамыту қажет.
Сүт безiнiң қатерлi iсiгiмен әйелдердiң сырқаттануы 2000 жылғы 100 мың әйелге шаққандағы 33,9-дан 2004 жылы 38,9-ға дейiн көбейдi. Олардың үлесiне әйелдердiң ұрпақ әкелу жүйесiнiң онкологиялық ауруларының жартысынан астамы келедi.
Жасөспiрiмдердiң денсаулық жағдайына жасалған талдау жасөспiрiм қыздардың денсаулық индексiнiң деңгейi төмен екенiн куәландырады, олардың әрбiр екiншiсiнiң дерлiк (46,9 %) қандай да бiр аурулары бар. Гинекологиялық патология тексерiлген 100 мың қыз балаға шаққанда 1466 қызда байқалды. Олардың жартысынан астамының ұрпақ әкелу жүйесiнде дисфункционалдық ахуал бар.
Жасөспiрiмдер арасындағы аборттардың үлес салмағы 2004 жылғы деректер бойынша 5 %-ды, жасөспiрiмдердiң жүктiлiгiнiң көрсеткiшi 1000 қыз балаға шаққанда 22,9-ды құрады. Басты себептерi - ақпараттың жоқтығы, зиянды әдеттер, ата-аналар жауапкершiлiгiнiң төмендiгi, жастар арасында есiрткi құмарлық пен маскүнемдiктiң таралуы.
Күштi жақтары
"Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Денсаулық сақтау жүйесiнде жұмыс iстеп тұрған медициналық мекемелердiң базасында ерлердiң денсаулығын қорғау жүйесiн құру үшiн мүмкiндiктер бар.
Ерлердiң өздерiнiң ұрпақты болу денсаулығын ұзартуға, неғұрлым биiк деңгейдегi өмiр сүру сапасына қол жеткiзуге деген ынтасы.
Әйелдердiң денсаулығын қорғау жөнiнде қызметтер көрсететiн медициналық ұйымдардың жүйесi дамыған.
Әйелдердiң ұрпақты болу денсаулығының мәселелерiмен айналысатын үкiметтiк емес ұйымдар құрылған.
Қоғам жасөспiрiмдердiң ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөнiнде кейiнге қалдыруға болмайтын шараларды қолдану қажеттiгiн түсiндi:
"Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында кәмелетке толмағандардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау туралы бап бар;
Осы Заңға сәйкес жасөспiрiмдердi отбасылық өмiрге дайындау Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мiндетiне енгiзiлген.
Әлсiз жақтары
Ерлердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөнiнде мақсатты түрде бағытталған саясат жоқ:
ерлер дәрiгерге сирек қаралады, сирек тексерiледi, профилактикалық шараларды елеусiз қалдырады және соның салдарынан аз өмiр сүредi;
денсаулық сақтау органдары ерлердiң денсаулығын сақтауға аса назар аудармайды;
денсаулық сақтау жүйесiнде ерлерге арналған арнайы инфрақұрылым құрылмаған;
денсаулық сақтау мәселелерi жөнiнде ерлердiң хабардар етiлуi төмен.
Әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөнiндегi тиiмдi тетiктерi жеткiлiксiз:
әйелдердiң ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау мәселелерi жөнiнде ақпараттық науқандар өткiзiлмейдi;
әйелдердiң, әсiресе жүктi әйелдердiң тамақтануы жеткiлiксiз;
неғұрлым сапалы ем алу үшiн әйелдердiң ресурстары мен қаржы қаражаты жеткiлiксiз.
Жасөспiрiмдердiң ұрпақты болу денсаулығын сақтау мен бiлiктi медициналық көмек алу мәселелерiнде хабардарлығы мардымсыз. Бұл бағыттағы мақсатты жұмыс жеткiлiктi дәрежеде ұйымдастырылмаған.
Мүмкiндiктер
Ұрпақты болу денсаулығының проблемаларын шешуге барлық жұртшылықты, денсаулық сақтау, бiлiм беру, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерiн және т.б. тарту.
Қоғамдық денсаулық сақтауды пайдаланудың кең мүмкiндiктерi.
Ел басшылығының ерлер мен әйелдердiң ұрпақты болу денсаулығын жақсарту қажеттiлiгiн түсiнуi.
Халықаралық ұйымдардың ерлер мен әйелдердiң ұрпақты болу денсаулығын сақтауға қолдау көрсетуi.
Әр түрлi келiсiмдердiң шеңберiнде мамандарды шетелдерде және ТМД елдерiнде даярлау мүмкiндiгi.
Ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау мәселелерiмен айналысатын ұлттық, өңiрлiк және халықаралық ұйымдармен байланыстар орнату.
Ерлер мен әйелдердiң ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөнiндегi үкiметтiк емес ұйымдардың қызметiн жандандыру.
Қатерлер
Ерлер денсаулығының дағдарыс ахуалы сақталуда:
ерлердiң мезгiлсiз қайтыс болуының деңгейi жоғары;
ерлердiң есiрткi қолдануға және iшiмдiк iшуге бейiмдiгi;
ерлердiң өзiне-өзi қол көтеру жағдайларының көбеюi. Ерлер мен әйелдер арасында өзiне-өзi қол көтеру жағдайларының арақатысы 3:1-дi құрайды;
ерлер әйелдерге қарағанда денсаулық пен өмiр сүру үшiн жоғары қатерi бар жұмыстарда көбiрек iстейдi.
Гестоздармен, акушерлiк қан кетулермен, септикалық асқынулармен қатар аборттардың таралуының жоғары деңгейi, аналар өлiмiне, бедеулiгiне себеп болады.
Жүктi әйелдердiң денсаулығының төмен индексi жүктiлiк пен босанудың күрделiлiгiне әкеледi.
Балалардың денсаулығына ата-аналарының маскүнемдiгi мен нашақорлығы керi әсер етедi.
Балаларға мерез бен АҚТҚ жұқпасы тiкелей берiлуi мүмкiн.
Жасөспiрiмдердiң денсаулығы алаңдаушылық туғызады. Жастардың елеулi бөлiгi әскери қызметке жарамсыз деп танылады.
Жастардың арасында нашақорлық пен iшiмдiк iшу кең таралған.
Елдiң бiрқатар өңiрлерiндегi қолайсыз экологиялық ахуал халықтың ұрпақ әкелу денсаулығының жағдайына керi әсерiн тигiзедi.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР
Ұрпақты болу денсаулығын сақтау саласындағы нормативтiк құқықтық базаны одан әрi жетiлдiру.
Халықтың ұрпақты болу денсаулығына әсер ететiн аурулардың деңгейiн төмендету.
Жасөспiрiмдер мен жастардың ұрпақты болу денсаулығын сақтау шаралар кешенiн қолдану.
IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ
"Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру мақсатында халықтың ұрпақ әкелу денсаулығын сақтау жөнiнде шаралар қолдану.
Жоғары қатер топтарын қазiргi заманғы контрацепция құралдарымен қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдану.
Сенiм телефондары, дағдарыс орталықтары желiсiн, психиатр дәрiгерлердiң, психологтардың, психотерапевтер мен әлеуметтiк қызметкерлердiң қызметiн дамытуды қоса алғанда, өзiне-өзi қол көтеру жайттарының алдын алу жөнiнде шаралар қолдану.
Халықтың арасында ерлердiң де, сондай-ақ әйелдердiң де контрацепциясының қазiргi заманғы құралдары саласындағы бiлiмiн арттыру жөнiнде ақпараттық жұмыс жүргiзу.
Ерлердiң өз денсаулығын сақтау жөнiнде жауапкершiлiгiн арттыру, ерлер денсаулығының түрлi мәселелерi бойынша тегiн ақпарат беру, отбасы мәселелерi бойынша консультация берудi қамтамасыз ету.
Ана мен баланы қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру, аталған қызметтi дамытудың басымдығын қамтамасыз ету және оны қаржыландыруды жақсарту.
Әйелдердiң денсаулық индексiн жоғарылату мақсатында:
қан аздықпен, сүт бездерi рагымен ауыруды азайту;
жұмыс iстеп тұрған онкологиялық диспансерлердiң базасында сүт бездерiнiң рагын ертерек анықтауға (скрининг) арналған орталықтар құру;
отбасын жоспарлау және аборттар санын азайту жөнiнде шаралар кешенiн жүзеге асыру;
жыныстық өмiр мен бала туу, ана болудың қауiпсiздiгi және бала емiзу, тамақтану, психобелсендi заттарға бой ұру, адамдардың денсаулығына және аман-есен болуына ғұмыр бойында әсер етуi мүмкiн қолайсыз экологиялық факторлардың әсер етуi мәселелерi бойынша оқу-ағартуға халықтың қол жеткiзе алуын қамтамасыз ету;
ұрпақты болу функцияларын қалпына келтiру мен осы салада зерттеулер жүргiзу әдiстерiн әзiрлеу мен енгiзудi, сүт безiнiң рагы, жыныс жолдарының жұқпасы, жыныс аурулары, АҚТҚ/ЖҚТБ сияқты денсаулыққа айрықша күрделi немесе өзiндiк түрде әсер ететiн аурулардың биомедициналық, эпидемиологиялық және санитарлық-гигиеналық жақтарын зерделеудi нормативтiк құқықтық қолдауды қамтамасыз ету;
ерлер мен әйелдердiң бедеулiгiнiң алдын алуды (ерте бала жасынан бастап) жүргiзу және емдеу бойынша шаралар қабылдау;
ДДҰ ұсынған тiрi туылу өлшемдерiне көшудi қамтамасыз ету;
жүктi әйелдердi қосымша тамақтандыруға, сондай-ақ балаларды мектепте тамақтандыруға қол жеткiзу;
егде адамдардың белсендi өмiрiн ұзарту үшiн олардың денсаулығын сақтау жөнiнде шаралар қабылдау.
Жарақат алу мен уланудың алдын алуға, зиянды әдеттерге қарсы күреске бағытталған шараларды жетiлдiре отырып, сондай-ақ дене шынықтыру мен спортты дамыту, бос уақытты ұйымдастыру жолымен жасөспiрiмдер мен жастардың денсаулығын нығайту:
жасөспiрiмдер мен жастардың ұрпақты болу құқықтары мен оларды жүзеге асыру туралы бiлiмiн көтеру;
жасөспiрiмдер мен жастардың ұрпақты болу денсаулығына әсер ететiн аурулардың деңгейiн төмендетуге ұмтылу;
жасөспiрiмдер мен жастарды адамгершiлiк және жыныстық жағынан тәрбиелеудi iске асыру, күтпеген жүктiлiктi, аборттардың таралуын азайту мақсатында бiлiм деңгейiн жоғарылатуға ықпал ету;
медициналық-әлеуметтiк көмек көрсету үлгiлерiн қалыптастыру, көмекке мұқтаж жасөспiрiмдер мен жастарды әлеуметтiк жағынан оңалтуды жүргiзу.
Көрсеткiштер:
1. Ерлер мен әйелдердiң ұрпақты болу денсаулығына әсер ететiн
аурулардың деңгейi.
2. Ерлер мен әйелдердiң өмiрiнiң ұзақтығын арттыру.
3. Әйелдердiң денсаулық индексi.
4. Аналар өлiмiнiң деңгейi.
5. Аналар өлiмiнiң құрылымы.
6. Жүктi әйелдер арасындағы АҚТҚ таралуының деңгейi.
7. Аборттардың таралу деңгейi.
8. Бала туу мекемелерiне уақтылы есепке тұрған жүктi әйелдердiң үлесi.
9. Мамандандырылған бала туу мекемелерiнде, өзге де медициналық мекемелерде, оның iшiнде үйде (бөлек) босану үлесi.
10. Контрацептивтердi пайдалану деңгейi.
11. Қан аздығымен, сондай-ақ йод тапшылығына байланысты аурулармен сырқаттану деңгейi.
12. Жыныс жолдары арқылы берiлетiн инфекциялардың таралу деңгейi.
13. Сүт безi рагынан қайтыс болу деңгейi.
14. 5 жасқа дейiнгi жастағы балалар өлiмiнiң деңгейi.
15. Нәресте жастағы өлiм деңгейi.
6-БӨЛIМ. ҚОҒАМДАҒЫ ЖЫНЫСҚА БАЙЛАНЫСТЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ
АЛДЫН АЛУ
МАҚСАТЫ
Адамдардың зорлық-зомбылықсыз лайықты өмiр сүруi үшiн жағдайлар жасау. Адамдар арасындағы қарым-қатынас нысаны ретiндегi зорлық-зомбылыққа жол бермеу. Зорлық-зомбылықтың барлық көрiнiстерiн барлық әлеуметтiк салаларда, соның iшiнде отбасында түбiрiнен жою.
ЖАҒДАЙДЫ ТАЛДАУ
2004 жылы 143 мың қылмыс, соның iшiнде әйелдерге қатысты 35 мыңнан астам қылмыс тiркелген. Оның iшiнде 551 кiсi өлтiру, денсаулыққа қасақана ауыр нұқсан келтiрудiң 405 оқиғасы, 1,3 мың әйел зорлау, 1,1 мың ұрып-соғу мен азаптау жайттары. Зинақорлық пен жеңгетайлық жасауға арналған орындарды ұйымдастыру мен ұстауға байланысты 357 қылмыс жасалған.
Кейбiр сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанда барлық әйелдердiң 60 %-ынан астамы өмiрiнде ең болмағанда бiр рет тәни немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Әйел зорлау оқиғаларының сотта қарауға дейiн жеткiзiлуi 10 %-дан төмен. Тұрмыстағы әйелдердiң 28 %-ы өз жұбайлары тарапынан болған зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 19 ақпандағы тапсырмасына сәйкес Iшкi iстер министрлiгiнiң құрылымында әйелдердi зорлық-зомбылықтан қорғау жөнiндегi бөлiмше құрылды, ол Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарының қоғамдық қауiпсiздiк полициясының құрылымдық бiрлiгi болып табылады.
Елдiң барлық дерлiк өңiрлерiнде әйелдер мен балаларға арналған 38 дағдарыс орталығы ашылды. Олар негiзiнен халықаралық ұйымдардың гранттары есебiнен ұсталады.
2004 жылы дағдарыс орталықтарының сенiм телефондарына 27 мыңнан астам қоңырау түстi. Қоңыраулардың басым бөлiгi тәни (23 %) және психологиялық (17 %) зорлық-зомбылыққа байланысты болды. Көмек сұрағандардың барлығына консультациялық көмек көрсетiлдi, олардың көпшiлiгi - психологтар мен заңгерлердiң көмегi.
2001-2003 жылдары ЮНИФЕМ-мен бiрлесiп отырып, "Зорлық-зомбылықсыз өмiр - бұл бiздiң құқығымыз" атты iрi ақпараттық науқан өткiзiлдi.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларын шешуге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты алғаш рет қатыстырылды. Осы мәселелер бойынша сот тәжiрибесiн жақсарту жөнiнде бойынша нақты ұсынымдар қабылданды.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2001 жылғы 12 наурыздағы N 346 қаулысымен Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң өзара iс-қимылын ұйымдастыру ережесi бекiтiлдi.
"Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзiрлендi. Ол тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан қорғалуға тиiс адамдардың тобын және зардап шеккендерге көмек көрсетуге тиiс ұйымдарды айқындайды. Зорлық-зомбылықтың одан әрi жолын кесу мақсатында сот практикасына күзет ордерлерiн енгiзу көзделiп отыр. Заң жобасы елдiң барлық дерлiк өңiрлерiнде талқылаудан өттi және Үкiметтiң 2007 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының перспективалық жоспарына енгiзiлдi.
" Кейбiр заңнамалық актiлерге заңсыз көшi-қон мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы ", " Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне толықтырулар енгiзу туралы " Қазақстан Республикасының заңдары қабылданды, "Қазақстан Республикасындағы туристiк қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгiзiлдi, олар бойынша адамдарды Қазақстанның шегiнен тысқары жерлерге заңсыз әкету немесе олардың заңсыз транзитi мүлкiн тәркiлей отырып, 3 жылдан 8 жылға дейiн бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаға тартылуға тиiс қылмыс болып танылады.
Көшi-қон жөнiндегi халықаралық ұйыммен бiрлесiп "Әйелдер трафигiнiң алдын алу жөнiндегi ақпараттық науқан" және "Қазақстаннан, Қазақстанда, ол арқылы және оның iшiнде адамдардың саудасына (трафигiне) қарсы күрес" жобалары iске асырылды.
Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанында адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және саудалауға қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия жұмыс iстейдi. Адамдарды сату жөнiндегi қылмыстарға қарсы күрес, оларды болдырмау және алдын алу жөнiндегi 2004-2005 жылдарға арналған ұлттық жоспар әзiрлендi.
2004 жылғы қарашада Қазақстан Адамдарды сатуға және үшiншi тұлғалардың жезөкшелiктi пайдалануына қарсы күрес туралы Конвенцияға және аталған Конвенцияға қорытынды хаттамаға қол қойды.
Адамдарды жыныстық немесе басқа жолмен пайдалану үшiн заңсыз тарту (трафик) фактiлерi бойынша 1999 жылы - 8, 2000 жылы - 3, 2001 жылы - 5, 2002 жылы - 0, 2003 жылы - 4, 2004 жылы - 14 қылмыс тiркелген.
Күштi жақтары
Гендерлiк теңдiк мәселелерi бойынша қоғамда оңды өзгерiстер байқалады, бұл әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты түбiрiмен жоюдың басты факторлардың бiрi болып табылады.
Ерлер мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейi туралы ақпарат беретiн статистикалық ақпарат алудың тетiгi жолға қойылған.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпараттық деректер қоры құрылып, қалыптастырылуда.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын мемлекеттiк органдардың, қоғамдық бiрлестiктердiң өзара iс-қимылының тетiгi жолға қойылған және оның нормативтiк базасы бар.
Коммерциялық жыныс қатынасы және жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатер келтiру мәселесiне қоғамның назары аударылды.
Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияның көмегiмен және БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) техникалық қолдау көрсетуiмен әлеуметтiк-психологиялық қызметтiң ғылыми-тәжiрибелiк орталығы "Балалар мен жастарды зорлық-зомбылықсыз мiнез-құлыққа үйрету" жобасын iске асырды. 5-10 сынып оқушылары үшiн оқу бағдарламасы, жоспар және оқу-әдiстемелiк жиынтық әзiрлендi. Пысықталғаннан кейiн оларды бiлiм беру жүйесiне енгiзу жөнiнде шаралар қолданылатын болады.
Әлсiз жақтары
Көтерiлiп отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесi ойдан шығарылған, отбасы - бұл қоғамның қол сұғылмауға тиiс ұяшығы, сондықтан оның iшкi iстерiне араласуға жол берiлмеуге тиiс деген қалыптасқан таптаурын бар. Үй iшiндегi зорлық-зомбылық құрбандарының жартысы моральдық тұрғыдағы мiнеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағынбайды.
Iшкi iстер органдарының әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемаларымен айналысатын бөлiмшелерi техникалық жағынан әлсiз жарақталған, зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерге нақты көмек көрсету үшiн жеткiлiктi мүмкiндiктерi жоқ.
Әйелдер трафигi елеулi әлеуметтiк құбылысқа айналуда. Сонымен қатар, оның ауқымы, нысандары мен түрлерi туралы ақпарат сөзсiз жеткiлiксiз.
Трафиктiң құрбандары, әдетте, визасыз және төлқұжатсыз немесе жалған паспорттармен қалады да, заңсыз мигранттарға айналып, соның салдарынан өмiр сүру мен жұмыс iстеудiң құқыққа қайшы жағдайларына қарамастан, олар құқық қорғау органдарымен байланыс жасауды қаламайды.
Мүмкiндiктер
Мемлекеттiк бағдарлама жасау және билiктiң барлық деңгейлерi мен барлық бөлiмшелерiн зорлық-зомбылық көрiнiстерiне қарсы күреске қосу.
Қоғамдық бiрлестiктердi жандандыру және бастамашылық топтардың ауқымды бөлiгiн зорлық-зомбылықты болдырмау мен түбiрiнен жою жүйесiне тарту.
Зорлық-зомбылық нышандары бар қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн қылмыстық және әкiмшiлiк жауапкершiлiктi көздейтiн заңнаманы жетiлдiру, оны халықаралық нормаларға сәйкес келтiру.
Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға арналған дағдарыс орталықтары мен панажай желiсiн дамыту. Келешекте олар отбасы мен балаларға әлеуметтiк қызмет көрсетудiң барлық мекемелерi үшiн әдiстемелiк және ақпараттық базаға айналуы мүмкiн.
"Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне адамдар саудасына қарсы тұру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" және "Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдау.
БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын бекiту. Оқып-үйрету және зорлық-зомбылықты ерте, бастапқы сатысында анықтау жолымен үйдегi зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын алу.
Қатерлер
Гендерлiк ассиметрия адамдық қарым-қатынастар жүйесiне негiз бола отырып және ерлердiң артық "жаратылғаны" туралы түсiнiкке негiзделген кез келген зорлық-зомбылық көрiнiстерiне дем берушi орта ретiнде әрекет ете отырып, жағымсыз түрлерге ие болуы мүмкiн. Оның үстiне, ол зорлық-зомбылық көрiнiстерiне тап болған тұлғаның күйреуiне әкеледi.
Зорлық-зомбылықтың салдарлары өмiрдiң барлық қырларына әсер етедi. Бұл әлеуметтiк оқшаулануға және қоғамға қарсы мiнез-құлыққа, экономикалық мүмкiндiктердiң шектелуiне, саяси, қоғамдық немесе бiлiм беру қызметiне қатысуға деген құлықтың болмауына әкелуi мүмкiн. Зорлық-зомбылық тұлғаның және қоғам өмiрiнiң барлық қырларына терiс әсерiн тигiзедi. Ол оны көзiмен көрген балаларға күштi әсер етедi. Зорлық-зомбылыққа шыдамдылықпен қарау және оны жасау - бұл келiсiлген және мақсатқа бағытталған iс-қимылдар арқылы ғана үзуге болатын шеңбер.
Кең таралған таптаурындардың салдарынан ерлер өздерiнiң зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы сирек айтады. Олар "ер-азаматқа тән төзiмдiлiк" танытуға тиiс деп саналады.
Отбасындағы зорлық-зомбылық - ерлер мен әйелдердiң өзiне-өзi қол көтеруiнiң, кiсi өлтiру мен ауырлығы орташа дене зақымдарының себептерiнiң бiрi, сондай-ақ балалардың, жасөспiрiмдер мен жастардың арасындағы қылмыстың басты себептерiнiң бiрi.
Трафиктiң құрбандарына қатысты адам құқықтары, соның iшiнде өмiр сүруге, жеке бостандығына, заң алдындағы теңдiкке, жүрiп-тұру мен некеге тұру бостандығына, босқа тұтқындалудан және ұсталудан қорғалуға деген құқығы жиi бұзылады.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МIНДЕТТЕР
Зорлық-зомбылықты және жезөкшелiк пен адамдарды саудалауға байланысты қылмыстарды болдырмау жөнiндегi ұлттық заңнаманы одан әрi жетiлдiру.
Ерлер мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестi күшейту және оны айтарлықтай төмендетуге қол жеткiзу.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына нақты көмек көрсететiн, уақытша баспана берiп, материалдық қолдау жасайтын әлеуметтiк қызметтердi дамыту. Зорлық-зомбылық құрбандарын еңбекпен емдеу және еңбекпен оңалту.
Зорлық-зомбылықтың барлық көрiнiстерiнiң қауiптiлiгi туралы халықты оқу-ағарту жөнiнде ақпараттық науқандар өткiзу.
IС-ҚИМЫЛДАР СТРАТЕГИЯСЫ
БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтудiң барлық түрлерiн жою туралы конвенциясының ережелерiн сот практикасында қолдану.
БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын және оның хаттамаларын бекiту.
Отбасындағы зорлық-зомбылықты қылмыс ретiнде қарастыратын "Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау.
Қазақстан Республикасының заңнамасына шет елдердегi және елдiң iшiндегi трафиктiң құрбандарын, соның iшiнде адамдарды саудалады деген күдiктi адамдарға қарсы сот процестерiне куәгерлiк жасайтындарды қорғау мәселелерi бойынша тиiстi өзгерiстер енгiзу.
Адамдарды (соның iшiнде әйелдер мен балаларды) елден заңсыз әкетуге қарсы күрес жөнiндегi ұлттық үйлестiру орталығын құру мүмкiндiгiн қарастыру.
Қазақстаннан және ТМД-ға қатысушы елдерден келген трафик құрбандарының шетелде болуының мән-жайы анықталғанға дейiн оларды орналастыра тұру үшiн мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу бекеттерiнде оңалту орталықтарын құру мәселелерiн қарастыру.
Үй iшiндегi зорлық-зомбылықты жасағаны үшiн кiнәлi адамдарға шара қолдану жөнiнде iс жүргiзу әрекеттерiн оңайлату жөнiнде шаралар қолдану.
Зорлық-зомбылықтың алдын алумен және жолын кесумен айналысатын Iшкi iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн нығайту.
Қолдау көрсетуге, зорлық-зомбылықтан қорғауға, оңалтуға және уақытша баспана берiлуiне мұқтаж әйелдерге тұрақты қамқорлық жасауды жүзеге асыру.
Ерлер мен әйелдерге олардың өмiрдегi күрделi жағдайларды жеңiл шығуы үшiн жеке мүмкiндiктерi мен iшкi ресурстарын жұмылдыра бiлу проблемаларын шешуге психологиялық қолдау көрсету.
Зорлық-зомбылықты, соның iшiнде трафиктi болдырмау проблемаларымен байланысты ақпараттық-насихаттау және бiлiм беру жұмысын (оқып-үйрету бағдарламалары, буклеттер мен бюллетеньдер шығару) жүргiзу.
Зорлық-зомбылыққа қарсы күрестiң халықаралық тәжiрибесiн таратуға жәрдемдесу. Әйелдердiң саяси және құқықтық мәдениетiне жеке және корпоративтiк тұрғыдан өзiне-өзi баға беруiн көтеру жолымен зорлық-зомбылықты түбiрiмен жоюға өздерiнiң қатыстылығын түсiнуiне жәрдемдесу.
Үкiметтiк емес ұйымдармен бiрлесiп құқық қорғау және әдiлет органдарында жұмыс iстейтiн мамандарды, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметкерлерiн гендерлiк оқытуды тұрақты түрде жүргiзу.
Әлеуметтiк мәнi бар жобаларға берiлетiн мемлекеттiк гранттар есебiнен дағдарыс орталықтарына қолдау көрсету.
Ерлерге, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемалары, отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың, сондай-ақ нәпсiлiк қол сұғудың салдарларын бағалау жөнiнде арнайы ғылыми зерттеулер жүргiзу.
Зорлық-зомбылық фактiлерiнiң алдын алу мақсатында қиюы қашқан отбасылармен және халықтың ықтимал контингентiмен алдын алу жұмысын жүргiзу.
Бiлiм беру жүйесiне "Балалар мен жастарды зорлық-зомбылықсыз мiнез-құлыққа үйрету" бағдарламасын енгiзу.
Еңбек ұжымдарында жынысына байланысты кемсiтудiң кез келген түрлерiне, сөз жүзiндегi зорлық-зомбылыққа, нәпсiлiк қол сұғуға және әйелдер мен еркектердiң абыройын түсiретiн басқа да мiнез-құлық түрлерiне тыйым салу жөнiнде жұмыс жүргiзу.
Көрсеткiштер:
1. Тиiстi заңдардың ("Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы" Қазақстан Республикасының Заңы және т.б.) және тиiстi iске асыру тетiктерiнiң болуы
2. Өткен жыл iшiндегi әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны
3. Әйелдердi зорлық-зомбылықтан қорғау жөнiндегi Iшкi iстер министрлiгi қызметкерлерiнiң саны
4. Дағдарыс орталықтарының, соның iшiнде панажайлар саны (көмек сұраған ерлер мен әйелдердiң саны, барлығы, соның iшiнде зорлық-зомбылық түрлерi бойынша)
5. Гендерлiк зорлық-зомбылыққа арналған теле-, радиобағдарламалары хабарларының, ақпараттық роликтердiң, жарияланымдардың саны.
7-БӨЛIМ. ОТБАСЫНДАҒЫ ГЕНДЕРЛIК ТЕҢДIККЕ ҚОЛ ЖЕТКIЗУ.
Достарыңызбен бөлісу: |