Қазақстан республикасында ауылшаруашылығЫ Өндірісін сақтандырудың ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘселелері



Дата15.07.2016
өлшемі62.5 Kb.
УДК 349.422
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСІН САҚТАНДЫРУДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Айгаринова Г.Т. Каримова С.К.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы, aygarynova@mail.ru.
Ұлттық сақтандыру нарығын қалыптастырудың алғашқы кезеңі Қазақстанның жеке өзіндік мемлекет ретінде қалыптасуының қиын жағдайларында болды. Осы жылдар ішінде сақтандыру ұйымдары сақтандыру қызметін жүзеге асыру саласында тәжірибе жинады.

Қазіргі кезде сақтандыру нарығын дамыту қоғам мен мемлекеттің алдына қойылған міндеттерінің бірі болып табылады.

«Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Үкімет, Ұлттық банк, Қаржылық бақылау агенттігінің алдына жаңа міндеттер қойды: мемлекеттің қаржылық тұрақсыздық қатерлеріне қарсы жүйелі де жедел іс-қимылдар жасауының ықпалды тетігін қалыптастырып, халықаралық рыноктардың Қазақстан экономикасына деген сенімін нығайтуы керек.

«Бізге жеке сектордағы да, сонымен бірге, мемлекеттік сектордағы да жүйелік тәуекелдерді басқаруды дамыта түсу қажет. Үкімет, ҚБА және Ұлттық банк тәуекелдерді басқарудың икемді де сенімді жүйесін құруы керек» [1]. Осы міндетті шешуде сақтандыру қызметі де өз орнын алатыны байқалады.

Бірақ қоғам, көптеген кәсіпорындардың (ұйымдар, мекемелер) басқарушылары, жеке кәсіпкерлер, және де әртүрлі билік пен басқару органдарының өкілдері сақтандыру немесе оның жеке түрлерінің рөлін, сонымен қатар сақтандыру ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеу қажеттілігі мен маңызын қажетті деңгейде бағаламайды. Нәтижесінде нарық жағдайында сақтандыруды дамыту ойына күмән тудыртады, ал сақтандыру көптеген дамыған нарықтық мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік өмірінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.

Экономиканы нарыққа бағыттау, Республиканың саяси және экономикалық тәуелсіздігі, халықаралық қатынастардың дамуы сақтандырудың орны, рөлі мен сипатына жаңа көзқараспен қарауды мәжбүрледі. 1992-1995 жж. елдің сақтандыру нарығындағы ретсіздіктен кейін кейінгі жылдары сақтандыруды дамыту қажеттілігі туындады. Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың пікірінше, «сақтандыру бизнесі арнайы реттеуді талап етпейтін қызмет туралы ойдан арылу қажет. Сақтандыру ұйымдары – банктер, брокерлік компаниялар және зейнетақыны басқару ұйымдары сияқты қаржылық делдалдар және солар сияқты мемлекеттік реттеу объектісі болулары тиіс» [2].

Сондықтан, стратегиялық мақсаттарды белгілеген кезде, біз азаматтан бастап мемлекеттің мүдделерімен аяқтап өміріміздің барлық жағдайын қамтитындай барлық қол жетімді шараларды қолдана отырып әртүрлі келеңсіз жағдайлардан бір уақытта сақтандырылуымыз қажет. Яғни, «объективті заңдылықтары бар нарықтың билігі кезінде тәуекел орын алады, демек сақтандыру қызметінің қажеттілігі туындайды».

Сақтандырудың өзекті мәселелері нақтырақ Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың VI Қазақстан қаржыгерлер конгресінде сөйлеген сөзінде айтылған. Ол, «қаржылық сектор құрылған күш, кәсіптілік және батылдылық төмендемеу керек. Құрылғандарға сүйене отырып, біз ары қарай стратегиялық мақсатымызға жылжуымыз қажет – Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдерінің қатарына кіруі» деп атап өтті [2].



Ол, отандық қаржы секторының дамытудың негізгі міндеттерінің бірі ретінде сақтандыру нарығын кеңейтуді көрсетеді. «Сақтандыру нарығы үлкен әлеуетке ие халықтың сақтандыру ұйымдарына деген сенімін, сонымен қатар сақтандыру қатынастарының субъектілерінің сақтандыру мәдениетін арттыру қажет. Міндетті сақтандыру жүйесі жетілдіруді талап етеді. Халықтың әлеуметтік қорғану құралы ретінде өмірді сақтандыруды дамыту қажет» [2].

Көріп отырғанымыздай, сақтандыру мәселелері өзектілігін жоғалтпайды.

Бүгінде сақтандыру пайда табу мақсатында капиталы мен өз күшін салатын негізгі сала ретінде кәсіпкерлерді қызықтырады. Екінші жағынан, сақтандыру халықтың әртүрлі топтарын қызықтырады – әртүрлі апаттардан, болжауға келмейтін қоғамдық құбылыстардан болатын зиянның орнын толтыруға, өз коммерциялық қызметінің сәтсіздіктері, коммерция бойынша контрагенттік міндеттемелерді орындамау, банктердің дәрменсіздігі кезінде салымдарды жоғалтпауға кепіл беретін жүйе ретінде әртүрлі тауар өндірушілер, тұтынушылар, шаруаларды да қызықтырады. Сонымен қатар, ауылшаруашылық өндірісі саласы кәсіпкерлер үшін қолайсыз.

Ауылшаруашылық өндірісінің ерекшелігі, табиғи–климаттық жағдайларға тәуелділігі, жұмыстардың маусымдығы, табиғи ресурстар мен тірі организмдерді (жануарлар мен өсімдіктер) пайдалануға байланысты ауылшаруашылық тауар өндірушілер әр кезде тұрақсыз жағдайда болды. Негізінен, ауылшаруашылық қызмет – өндірістің басқа түрлеріне қарағанда тәуекелге жақын.

Ауылшаруашылық өндірістің тұрақты болуы үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілер жағымсыз табиғи-климаттық, биологиялық, экологиялық факторлар (құрғақшылық, ылғалдану, эпизотиялар, өсімдік аурулары) нәтижесінде пайда болуы мүмкін ірі шығындардан қорғанулары тиіс. Сол сеебепті, ауылшаруашылық өндірісінің тиімді тұрақтылығына жету үшін сақтандыру ерекше маңызға ие болады.

Қазақстанның нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығында сақтандыруды дамыту мәселесі терең теориялық зерттеуді талап етеді. Ғылыми жағынан аграрлық сақтандырудың құқықтық (азаматтық, еңбек, жер, экологиялық және т.б.) қатынастар жүйесінде алатын орны мен рөлі және оның заң жүзініде бекітілу мәселелері ары қарай қарастыруды қажет етеді.

Тәжірибе жағынан ауыл шаруашылығында сақтандыру нарығын қалыптастыру, жаңа сақтандыру алаңын игеру, сақтандыру операцияларының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, сақтандыру қызметіне қаржылық бақылау мен қадағалауды кушейту мәселелерін шешу қажет.

Осының барлығы ауыл шаруашылығында сақтандыру нарығын қалыптастыру және дамыту және оның тиісті құқықтық қамтамасыз етілуі, сақтандыру қатынастарын дамытудың тиімді құқықтық құралдарын табу, ауылшаруашылық өндірісін сақтандыру туралы заңнаманы дамытуға бағытталған ұсыныстар мен тұжырымдарды дайындау мәселелерінің өзектілігін көрсетеді.

Сонымен қатар, сақтандыру қатынастары экономикалық тұрғыда өз алдына капиталдардың қоғамдық қайта бөлуін білдіреді, ал бұл қызметке мемлекет арнайы қадағалауды жүзеге асырады» [3, с. 10].

Сондықтан да, сақтандыру қызметін тар және кең мағынада қарастыруға болады.

Тар мағынада оны «сақтандыру ісі» ретінде белгілеуге болады (мәселен, Ресей Федерациясының «Ресей Федерациясындағы сақтантандыру ісін ұйымдастыру туралы» Заңымен осындай термин айналымға енген), және сақтандыру келісім-шартын жасау мен орындау бойынша сақтандыру ұйымдарының қызметі ретінде қарастырады.

Кең мағынада сақтандыру келісім-шартын жасау мен орындаумен, сақтандыру қорының құралдарын басқарумен және сақтандыру қадағалауын ұйымдастырумен байланысты барлық қызмет түрін ұғынуға болады.

Ауыл шаруашылық өндірісі саласындағы сақтандыру өз алдына сақтандырудың бөлігін құрайды, демек сақтандыруға тән негізгі белгілер осы сақтандыру түріне де тән. Бірақ, аграрлық сақтандыруға ауыл шаруашылығы өндірісіндегі ерекшеліктермен байланысты өзіндік ерекшеліктер тән.

Л.И. Абдильдина және К.М. Бельгибаевтің пікірлері бойынша, ауыл шаруашылық өндірісіне келесідей ерекшеліктер тән:

1) халық шаруашылығын құрушы сала;

2) өнеркәсіптің негізгі, алмастырылмайтын және мәңгі құрал ретінде жер қолданылады; 3) ауыл шаруашылығында қоғамдық еңбек бөлінісі өндірістікке қарағанда басқаша болады (мысалы, трактор зауыты тек тракторлар немесе оның бөлшектерін ғана өндіреді, ал ауыл шаруашылығында өнімдердің әртүрлілігі орын алады) [4, с. 11-13];

4) ауыл шаруашылығы өндірісінде экономикалық үрдіс өзгеріссіз табиғатпен байланыста болады, себебі мұнда өндіріс құралы ретінде тірі организмдер - өсімдіктер мен жануарлар қолданылады;

5) ауыл шаруашылығында жасалынған өнім өндірістің келесі үрдісіне шығын материалы ретінде міндетті түрде қатысады, яғни еңбек заты (тұқымдар, мал төлдері, органикалық тыңайтқыштар және т.б.), ал өнеркәсіп негізгі шикізатты басқа салалардың өндірісінен алады.

С.Т. Культелеев ауыл шаруашылығы өндірісінің келесідей ерекшеліктерін атап көрсетті:

- ауыл шаруашылығы өнеркәсіп үшін ауылшаруашылық шикізат пен тамақтану өнімдерін өндіретін экономиканың жалғыз саласы болып табылады;

- экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығында жер өндірістің негізгі құралы болып табылады, ал экономиканың басқа салаларында жер өздерінің объектілерін (ғимараттар, байланыс желілері және т.б.) орналастыру үшін кеңістік негізі ретінде қолданылады;

- сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өндірісінде жер сияқты негізгі құрал ретінде тірі организмдер - өсімдіктер мен жануарлар қолданылады, ал бұл экономиканың басқа салаларында көрініс таппайды;

- ауыл шаруашылығы өндірісінде адам ерігіне бағынбайтын табиғи-климаттаық пен топырақтық және басқа да жағдайларға (құрғақшылық, өнімсіздік және т.б.) тәуелділігі;

- ауыл шаруашылық өндірісі үшін маусымдық және өндіріс циклдігі тән;

- ауыл шаруашылығы өндірісінің циклділігі көбінесе өсімдік және жануар әлемінің, ең біріншіден өсімдік және мал шаруашылығы, азық өндірісінің (өсімдік мәдениеттерінің өсіп-өну үдерісі, ветеринарлық – алдын алу шараларын өткізуге маусымдық тәуелділік, егістерді, азықтардың дайындаулары және т.б.) дамуының физиологиялық және биологиялық ерекшеліктеріне байланысты болады;

- жұмыс кезеңінің өндіріс кезеңімен сәйкес келмеуі [5, с. 5-6].

Л.К. Еркінбаеваның еңбегінде келесідей ауыл шарашылығының ерекшеліктері анықталған.

Ауыл шаруашылығының бірінші ерекшелігі, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең маңызды және ең осал экономиканың секторы болып табылады. Көрсетілген ерекшілік ерекше протекционизм саясатын тудырады.

Екінші ерекшелік, ауыл шаруашылығында белсенді түрде табиғи ресурстардың қолдануымен көрініс табады. Өнеркәсіптің негізгі, алмастырылмайтын және мәңгі құралы ретінде жер қолданылады. Өндіріс құралы тірі организмдер - өсімдіктер мен жануарлар болып табылады.

Үшінші ерекшелік, қолданылатын өндіріс құралдарының сапасына байланысты болуы – жер, өсімдіктер, үй жануарлары.

Топырақ сапасы жиналған өнімге тікелей әсер етеді. Топырақ өнімділігі төмендегенде, егін шаруашылығының өнімділігі төмендейді. Ауру, генетикалық зиян жануарлар тұқымдыққа жарамсыз болады.

Төртінші ерекшелік, ауыл шаруашылығы өндірісінің объективті жағдайларға - табиғи-климаттық жағдайларға (құрғақшылық, жаңбырдың шамадан тыс жаууы,сел және т.б.) тәуелділігі.

Бесінші ерекшелік өндірістің, жеке алғанда өсімдік шарашылығының маусымдылығы. Яғни, негізгі жұмыстар табиғатпен белгіленген уақыт аралығында өндіріледі.

Алтыншы ерекшелік - жұмыс кезеңінің өндіріс кезеңімен сәйкес келмеуі [6, с. 21-22].

Ауыл шаруашылығына тән ерекшеліктерді ресейлік ғалымдар да мойындайды: «жеке алғанда, ауыл шаруашылығы өндірісінің ұйымдастырудағы ерекше нысандардың болуы; жердің өндірістің негізгі құралы ретінде пайдаланыуы; шаруашылықтың мамандырылуына әсер ететін жергілікті және табиғи-климаттық жағдайлардың әртүрлілігі; көптеген кәсіпорындардың көп салалы сипаттамасы» [7, с. 123].

Ауыл шаруашылығы өзінің ерекшеліктеріне байланысты ауа-райы және климаттық жағдайлардың (құрғақшылық, аяз, бұршақ және т.б.) жағымсыз әсерімен жиі кездесетін маңызды салалрдың бірі болып табылады. Бұл жағдайлар үлкен шығындарға алып келуі мүмкін. Сондықтан осы саланың өндірістік және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуде ауылшаруашылық тауар өндірушілердің өндірістерін сақтандыру аса маңызды болып табылады.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің ерекшелігі ауыл шаруашылығында сақтандырудың дамуына әсерін тигізбей қоймайды.

Тірі организмдерді пайдалану, табиғи-климаттық жағдайларға және топырақ жағдайына, қолданылатын өндіріс құралы жердің, сапасына, өсімдік және жануар әлемінің дамуындағы физиологиялық және биологиялық ерекшеліктеріне тәуелді болуы және адам ерігіне тәуелді емес басқа да жағдайлар, ауыл шаруашылығының маусымдық пен циклділігі жоғарғы тәуекелділік пен тұрақсыздығына әкелетін жағдайларға әкеліп, нақты сақтандырушыларды шегіндіреді,үрей туғызады.

Жалпы нарықтық қатынастар жағдайында кәсіпкерлік қызметтің, соның ішінде аграрлық кәсіпкерліктің сақтандырусыз алға баса алмайтын белгілі. Ауылшаруашылық өндірісі саласындағы кәсіпкерлік қызметте ынталылық, табандылық танытқан, дәстүрлі де, заманға сай жаңа шешімдер іздеген тұлға ғана көптеген табыстарға жете алады. Ауылшаруашылық өндірісі саласындағы кәсіпкерлікті сақтандыру нарықтың зерттелген кеңістігінде кезігетін жайсыздықтардан қорғайтын кепілдікті күтпеген қолайсыздыққа қарсы қою арқылы ақырғы нәтижелерге қол жеткізуге бағытталады.

Кез-келген кәсіпкерлік қызметтің көздейтін түпкі мақсаты пайда табу, ауылшаруашылық өндірісі саласынағы кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалар пайданы ауылшаруашылық тауарларды өндіру, өңдеу, өткізу, сақтаумен байланысты табады. Сондықтан, сақтандырудың маңызы ауылшаруашылық өндіріс нәтижесінде күтілген кіріске немесе белгіленген пайданы түгел алмауға орай мүмкін болатын ысырапқа жол бермеу.

Пайданың ысырабына (түгел алынбауы) әкелетін себептің бірі дүлей апат, авария және өзге де соларға ұқсас оқиғалар нәтижесінде ауылшаруашылық өндірісінің тоқтауы немесе шектелуі болып табылады.

Ауылшаруашылығы өндірісі ауа-райы жағдайларына, табиғи апаттарға байланысты жоғары деңгейлі тәуекелдерге жиі ұшырайды.

Ауылшаруашылық өндірісінің негізгі өндіріс құралы ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскесі болғандықтан, егістік алқабын міндетті сақтандыру талаптары, еліміздегі сақтандыру ұйымдарының салыстырмалы әлсіздігі себебінен, сақтандыру сыйақысы мөлшерін «дұрыс» бағалау мәселелерінде қиындықтар кездесіп жатады. Сақтандырудың ерікті түрі, нарықтық қатынастарға сәйкес келеді және елдің әр аймағындағы шаруашылықтанудың табиғи-климаттық жағдайының ескеруге мүмкіндік береді.

Ауылшаруашылық өндірісін сақтандырудың дамуындағы көрсетілген қиындықтардың алдын алу үшін, ауыл шаруашылығын сақтандыру нарығын дамытуға бағытталған ынталандыру шараларын күшейту қажет, яғни осы саладағы нормативті - құқықтық базаны құру; табиғи апаттық тәуекелдерден ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін сақтандырудың ерекше бағдарламасын үкімет тарапынан құруы және қабылдау қажет.
Қолданылған деректер:

1 Қазақстан Республикасының Президенті. 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру - мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлығы // ҚР Президенті мен ҚР Үкіметінің Актілер жинағы. – 2008. - № 7.

2 Қазақстан Республикасының Президенті. Казақстан – 2030. Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: 1997 жыл қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан. – 1997, қазан - 11.

3 Фогельсон Ю.Б. Комментарий к страховому законодательству. – М.: Юристъ, 1999. – 284 с.

4 Абдильдина Л.И., Бельгибаев К.М. Экономика сельского хозяйства. – Алматы, 1996. - 608 с.

5 Культелеев С.Т. Аграрное право Республики Казахстан: учебник для вузов. – Алматы, 2005. - 320 с.



6 Еркинбаева Л.К. Аграрные правоотношения в Республике Казахстан: дис. … докт. юрид. наук. - Алматы, 2008. – 354 с.

7 Козырь М.И. Аграрное право России: состояние, проблемы и тенденции развития. – М, 2009. – 336 с.
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> І бөлім. Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны
publications -> Програмаллау технологиясының көмегімен Internet дүкен құру
publications -> Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы Отандық тарих ғылымының методологиялық мәселелері
publications -> Магистр юридических наук Муйденова А. К., магистр юридических наук Э. О. Тойлыбекова
publications -> Қызылорда облысының экологиялық Қолайсыз аймақтарында тұратын халықТЫҢ медициналық-демографиялық жағдайының сипаттамасы
publications -> К. э н. Айдосова Б. Х., Магистр экономических наук Жунусова Э. Ж
publications -> Ибн сина, оның Өмірі, философия мен медицинадағЫ Үлесі
publications -> Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізі
publications -> Программа аудита денежных средств
publications -> Әож 351. 79: 556. 536. 2 Трансшекаралық суларды қҰҚЫҚТЫҚ реттеу тарихы жайында


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет