Қазақстан Республикасындағы ұлттық идеяның қалыптасуының негізі” атты Жобасына сәйкес дайындалып, Университеттің ғылыми кеңесінде бекітілген. Рецензенттер: С.Қирабаев, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор



бет27/33
Дата09.06.2016
өлшемі2.55 Mb.
#126025
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   33

«Сәдуақасов дегенiмiз – бұл жиынтық есiм, ол – «сәдуақасовшылар» деген мұқым бiр жұлдыздардың шоғыры... Сәдуақасовшылар дегенiмiз – бұл партияның ықпалынан шығып кетуге жанталасып жүрген кеңес мекемесi... Сәдуақасовшылар дегенiмiз – бұл пролетариат диктатурасына қожалық еткiсi келетiн тұтас бiр ұлттық мәселе!», – деген пікірінде негіз бар еді.

Өйткені «сәдуақасовшылар – тұтас бiр ұлттық шоғыр» болатын. Олардың негiзгi мақсаты – «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы күрес едi. Мұндай қарсылықты тудырған – кеңес өкiметiнiң аз ұлттарға қарсы бағытталған қастандық iс-әрекетi, ұлыдержавалық өктемдiгi мен үстемдiк көзқарасы еді.

Ал жер – ұлттық дербес өмiр сүрудiң басты кепiлi. Жерсiз ұлт – дербес халық ретiнде жер бетiнде өмiр сүру құқынан, ұлттық қасиеттен айырылады. Бұл ретте қазақтың тағдыры қосақталған Ресейдің дәмесі бұрын да зор болды, қазір де зор, ертең де өте зор болмақ. Сондықтан да В.И.Ленин:

«Ресейдегі отарлау саясаты дегеніміз жер саясаты», – деп атап айтқан болатын.

Енді «шығыста кіші октябрь» мен «социализмді қатар орнатуға» келген Сталиннің «әпермені» Голощекин қалған жерге реформа жасап (тартып алып – Т.Ж.), оған тағы да 360 мың «тың игеруші» орналастыруды ойластырып, қысылып-қымтырылмастан:



«Сәдуақасов жолдас екеумiздiң арамыздағы пiкiр қайшылығы тұп-тура Октябрь (кеңес өкiметi – Т.Ж.) мәселесiне қатысты. Мен: ауылға кiшi Октябрь жүргiзу қажет деп есептесем, сiз Октябрь атаулының барлығына қарсы шығасыз. Бiздiң қазiргi жүргiзiп жатқан жер реформамыз Октябрь емес пе? ...Егер мұны азаматтық соғыс деп түсiнсеңiз, онда бiз соғыс жағындамыз», – деп өзі басқарып отырған халыққа өзі «азаматтық соғыс» жариялады.

Бұл «Қужақтың» қалжыңы емес, шыны болатын. Жай қыр көрсету емес, алдын-ала жоспарланған жоба еді. Оны Сталиннің өзі:



«Голощекин жолдас! Мен мына мәлiметiңiзде белгiленген саясатты негiзiнен алғанда бірден-бiр дұрыс деп ойлаймын» – деп жазбаша түрде мақұлдап берген болатын.

Өйткені, қызыл империяның «жер реформасының» жоспары бойынша, шет аймақтағы ұлттар – ұлы жаhангердiң шикiзат қорын дайындап беретiн «ерiктi құлдар жасағын» құруы тиіс болды, яғни, дамыған социализм тұсындағыдай, экономикалық басыбайлы аймаққа айналдыру көзделді. Егерде, ұлт аймақтарын дер кезінде орыстандырып, оларды қоныстандырып алмай тұрып ұлттық өнеркәсiптi дамытса, онда қазақ ұлтының өкiлдерi, соның iшiнде жұмысшылар да, кейіннен кiрмелерге жол бермеуi мүмкiн едi. Ол үшiн оларды аштықпен есеңгiреттi. 1922 жылғы аштық бұл саладағы алғашқы «Тәжiрибе» ретiнде сынақтан өттi. Өлкелік партия комитетінің БКП(б) Орталық комитетіне жолдаған ресми ақпараты бойынша сол жылы аштыққа ұшырағандардың саны 2 миллион 286 мың 591 адам болды, соның 68,2% аштан өлген. Мұқым қазақ халқын «табиғи түрде жоюға» мұршасы жетпедi. Өйткенi қазақтың дәстүрлi көшпелi экономикасы мен өмiр сүру тәсiлi оған мүмкiндiк бермедi. Ендi, «мойынсерiк», «қосшы ұйымы», «кедей қостары» арқылы тiрi қалудың, күн көрудiң, жұтамаудың ғасырлар бойы сыннан өткен тәсiлi мансұқталды.

Аштыққа ұшырағандарға Семей губерниясынан мал айдап апарған Ж.Аймауытовты жауапқа тартып, сот жүргенде С.Сәдуақасов оған үзілді-кесілді қарсы шығып:

«1. Бұл үлкен оқиға, өйткені сот орындығында Аймауытов сияқты қазақтың Вересаеві, Алексей Толстойы отыр, ол «Интернациональ» мен «Жас гвардияны» аударды. Бұл партияда жоқ интеллигенцияның арасында наразылық туғызады, осы күндері Қызылордада кім билікті ұстап қалса, соған сөз келтіреді.

2. Бұл сот процесі – «Алашорданың» үстінен жүргізілген сот, одан басқа ештеңе де емес, сондықтан да соттың құрамы (Бекбатыров, Арықова және Ашмаев) ол деңгейден төмен (көрнекті адамдар емес).

3. Сотта жалғыз ғана қорғаушы бар, оның өзі орыс екен, сондықтан да сотқа жетекшілік жасау керек.

4. Сотқа тартылғандарды, соның ішінде Аймауытовты қорғап жазылған жалғыз мақаланы, Дулатовтың мақаласын «Еңбекші қазаққа» жариялауға келісім бермеу деген қандай шектен шығушылық (бұл мақала Сәдуақасов келісімен «Еңбекші қазақтың» бетінде жарияланды).

5. Бұл іс ескіріп кеткендіктен де және «айыпты болмағандықтан да» сотталуға жатпайды, бәрін босату керек», – деген пікір білдірді.

Ал Ораз Исаев өзінен-өзі қуыстанып, өзінің басын сақтандыру үшін Голощекинге домалақ арыз жазды. Онда:



«6. Маған (Сәдуақасовқа) сотта не куә ретінде, не қоғамдық қорғаушы ретінде сөйлеуге рұқсат беріңіздер, қазақтың қаламгерінің бірі ретінде оларды қорғауға тиіспін.

7. Сондай-ақ партияда жоқтар бұл процеске қазақтардың партия ішіндегі бір тобының екінші тобына көрсеткен қыры деп баға береді, – деген пікір білдірді.

Кеңес мұның бәрін бекітпеді және біздің сот төрағасымен болған әңгімемізді қостады. Бұдан шығаратын менің қорытындым:

1. Өлкелік комитет оқиғаның ұйымдастырылуы тұрғысынан алғанда оның қалай дамитынына мән бермеді.

2. Сәдуақасов жолдастың алашордашылармен арасындағы жігі ажыратылмаған. Қазақ интеллигенциясының мәдени деңгейі туралы пікірі қылмысқа жалғасып жатады. Оның кеңес соты жөніндегі көзқарасы да жағымсыз әсер қалдырады.

3. Алашордашылар осы сотта өзінің азуын көрсетті, Сәдуақасовты пайдалана отырып, партия мен өкіметке ықпал етуге тырысты.

4. Оқушылардың тәртіптері де алаңдатады және тиісті шара қолдануды талап етеді.

5. Сотта зиян шеккен үкімет мекемелерінің, мысалы, басында мал жинау ісін жүргізген «Аштарға көмек» комитеті өкілдерінің болмауы да жарасып тұрған жоқ.

6. Сәдуақасовтың мақаланы жариялау туралы пікірі де дұрыс емес, қайта сот жүріп жатқанда оны жарияламау керек еді. Сергеевті айыпталушының өзі таңдап отырғандықтан да, қорғаушы жөніндегі пікірі де орынды емес.

7. Соттың үкімінен кейін Сәдуақасовтың әлдекімге: Аймауытовтың қорғау кезіндегі сөзі оны ақтап алды, – дегені де жеңілтектік, өйткені мұны ол соттың үкімнен бұрын төрағасының өзінен естіп алған болатын.

«Алашорданың» осындай белсенділік танытып отырған ісіне Қазаткомның қаулы шығаруы орынсыз деп есептеймін. О. Исаев», – деп пікір білдірді.

Біз бұл хатқа талдау жасап жатпаймыз. Тек: «бұл сот процесі Жүсіпбек Аймауытовтың үстіне ғана жүргізілген сот емес, «Алашорданың» үстінен де жүргізілген сот», деген С. Сәдуақасовтың пікірі өте орынды болатын

Жер дауы – қазақ ұлты үшiн бұрын да өте күрделi әрi ең талмауытты мәселе болатын. Сондықтан сол тұстағы қазақ зиялыларының бiрде-бiреуi жер, жер бөлiсi жөнiндегi мәскеулiк жобаны бекiттiрмеуге тырысты. Саяси көзқарастары мен қызмет орындарының әр саланы қамтығандығына қарамастан, мұндай «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы тұрарлық ұлттық пікір қалыптасты. Қазақстандағы ұлттық қызметкерлердің ішіндегі ең жасы, ең өжетi, бiлiмдiсi Смағұл Сәдуақасов мұны:

«Қазақ автономисына жүргізілген коммунистік колонизаторлық» – деп атады.

Бұл – қазақ қауымының рухани өмiрiндегi ең шешушi әрi тарихи қажеттiлiктен туған заңды қарсылық едi.

Ол өзiн терең де батыл ойлы, шешiмшiл, өжет және ұлт мүддесiн қорғайтын қайратты да қызуқанды, тәлiмдi де тәжiрибелi мемлекет қайраткерi есебiнде көрсете бiлдi. Смағұл Сәдуақасовтың жер, ұлттық өнеркәсiп, мәдениет саласындағы саяси тұжырымдарының негiзiне «Алашорда» қозғалысының бағыт-бағдары мен тұжырымдары желi болып тартылды. Сол ұлы мақсатты кеңес өкiметiнiң саясатына бейiмдей отырып, «коммунист-отаршылдарға қарсы «ұлттық коммунистiк» үлгi ұсынды. Ол қазақ жерi туралы Ә.Бөкейханов ұстанған жер реформасы туралы жобаны қолдап:

«Сырттан келiп отарлауды уақытша тоқтату керек; б) әуелi жергiлiктi халықты, соның iшiнде байырғы қарашекпендердi де қамти отырып, оларды толықтай жерге орналастыру қажет; в) екiншi кезекте барып төңкерiс тұсында ауып келгендерге жер беру керек; г) содан кейiн ғана Қазақстанның жер жағдайы мен құнарлылығын зерттеумен шұғылданып, оның құнарлы-құнарсыз екендiгiн, яғни пайдалануға жарайтын артық жер бар ма, жоқ па, соны анықтау тиiс», – деп үлкен мәселе қойды.

Мiне, мәселе қайда жатыр! Иә, гәп – жерде.

Бұл платформа кеңеске дейін де, кеңес кезінде де, кеңестен кейін де большевиктер тарапынан жаппай сыналды, «ұлтшылдық платформа» деп бағаланды. Ақиқатына көшсек, Смағұл Сәдуақасұлының пiкiрi дұрыс әрi ол жалғыз өзiнiң ғана емес, сол кездегi алаш азаматтарының ақылдаса келiп қорытқан тұжырымды пiкiрi болатын. Әлихан, Ахмет, Мiржақып, Халел, Жаһанша, Мұхамеджан, Халел Ғаббасов, Әлімхан iспеттi ұлт көсемдерiне мiнбеге көтерiлуге тиым салынғандықтан да, солардың ақылына сүйенiп, солардың атынан сөйлеген сөзi едi.

Голощекиннің бұл жер реформасы – қазақтың жартылай көшпелі экономикасын (халық арасында «Ақ шом» деп аталған көшпелі экономика заңдылығы – Т.Ж.) бұзып, жаппай ашаршылыққа алып келетін. 1921-1922 жылдардағы аштық тұсындағы «реформаның» алғашқы «тәжірибесімен» бәрі де таныс еді. С.Сәдуақасов та, С.Меңдешев те, С.Сейфуллин де, О.Исаев та, Ұ.Құлымбетов те, И.Құрамысов та бұл ашаршылықты бастарынан кешірген болатын. Алайда өткеннің қасіретті сабағын коммунистер қаперіне алмады. Ал тергеу ісінің мәліметіне жүгінсек: сол тұстағы облыстық, кейін Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы С.Меңдешев басқарған бір мәжілісте аштан өлген 1 миллионға жуық адамның әруағының алдында беті шімірікпестен:



«Аштарға көмек комиссиясының» жұмысын кеңес өкіметін құлатуға пайдалану үшін және аштыққа ұшыраған тұрғындарды астыртын ұйымға тарту үшін Әуезов Мұхтар мен Ахмет Байтұрсынов Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолдады. Ал Ж.Аймауытов «Алашордашылардың» туыстарына мал таратып беру үшін «Аштарға көмек көрсететін» комиссияның мүшелiгiне қасақана кірген», – деп «халық жауын» әшкерелепті.

Мұндай «естен тандыру арқылы халықтың санын табиғи түрде азайтатын жер реформасының» қасіреті Голощекин мінбеде:



«Бесінші партия конференциясының жұмысына қарсы ұйымдастырылған (яғни өзін сайлауға – Т.Ж.) Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәдуақасовтың, Досовтың саяси-экономикалық платформасы», – деп аталған экономикалық талдауда егжей-тегжейлі дәлелденген болатын.

Сол платформаға сүйенген С.Сәдуақасов Қазақстанды өзі өндірген шикізаттың құлына айналдыратын жобаны ұсынған «саяси экономистерге» қарсы:



«Әр республиканың өз iшiнде тұйықталған кәсiпорын ашу бағыты (әрине, ұлтшылдық бағыт деп түсiнiңiз) бар деген Зелинский жолдастың пiкiрi дұрыс емес (мұны талдаудың өзi ұят), екiншiден, Орта Азиядан мақтаны тасып әкету – жақсылық, ал дайын матаны тасу – бұл тұйықталған шаруашылықтың белгiсi – деген мәселе қандай теориядан туындап отыр? Бұлай етуге болмайды, Зелинский жолдас! Тура керiсiнше, шаруашылықтың мүддесiне орай, өнеркәсiптi шикiзаттың көзiне жақын орналастыру қажет», – деген пікір білдірді.

Шындығында да, жүннiң бiр қадағын қазақтардан 15 сомнан алып, 150 сомға қайта қазаққа сатудың қай жері интернационалдық? Қай жері социализм? Қай жері қандай ұлтшылдықпен күрес? Экономикалық жағынан өте тиімді, өзiн-өзi асырайтын, өзiнiң жерiн өзi дербес игеретiн, өзiнiң ұлттық даму дәстүрi мен тарихи танымын сақтайтын мұндай ұлттық социализм Голощекинге ұнамады. Смағұлдың бұл сөзіне тура жауап бермей, Шая-шаялығына салып:



«Индустрияландыру мәселесi жөнiндегi өзiнiң сырын Сәдуақасов әлi ашқан жоқ. Ол бұрын: бiзде терi бар, оны Мәскеуге тасудың қажетi жоқ, заводты Қазақстанның өзiнде салу керек, сөйтiп қазақтың (күлкi) ұлттық терiсiн (күлкi) өзiмiзде өңдеуiмiз керек… Ал, Мәскеу мен орталықтағы заводтар тоқтап қалса, онда оның жұмысы жоқ көрiнедi», – деп мінбеден мекерсiнді.

«Тек қана еуропалық ұлттардың шоғырланған жерiне бөлiп берiңдер» – деп жарлық шығарған Мәскеу мен орталықтың сөзін сөйлейтіндер де шықты.

Сенесiз бе, қазақ ұлтының елбасыларының бiрi:



«Қазақтың «түйелерi» социализмге бет алды, бет алып қана қойған жоқ, соған жетiп қалды. Ол өзiнiң жалпақ табанымен жолына кесе көлденең тұрған Сәдуақасовты таптап тастайды», – деп те соқты.

Алдымен Шаяның шаяны боп Смағұлды шағып, жұртын жұтатқан осынау «теңiзге қарап бақылдаған бақаның» (өз сөзi) өзін де отыз жетінші жылы «социализмнiң жалпақ табан түйесi таптап кеттi».

Ұлтын ашаршылықтан сақтап, «азаматтық соғыстың орынына азаматтық келісімді» ұсынған С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев сияқты қызметкерлерді қырына алып, қазақ интеллигенциясына қарсы жазалау науқанының басталғанын ресми түрде мәлімдеді. «Ел билеген кемелдердің» көзін жою арқылы ұлттық сананы жою – ақ патшадан қалған «мұра» еді.

Ол қазақ зиялыларының арасына от тастау үшін әуелі Қазақстандағы жер реформасы, территориялық тұтастық, қоныстандыру саясаты, экономика, шаруашылық, оқу-ағарту жүйесі, ұлт тарихы, өнер мен әдебиет, көне мұраға көзқарас туралы баспасөз бетінде пікірталастарын жариялатты, түрлі мәжілістерде сөз сөйлетті, сөйтіп, партия, кеңес қайраткерлерін білдіртпей бір-біріне жанықтырды. Кезінде «Түрккомиссиясы» мен Мусбюроның құрамында болған жергілікті халықтан шыққан қайраткерлердің барлығын пантюркист, оппортунист, ұлтшыл, жікшіл деп жариялады. «Үлкен Түркістан» туралы пікір білдірген қайраткерлердің сөздерін жинастырып, олардың әрқайсысына „рысқұловщина”, „садуақасовщина”, „мендешовщина”, „сейфуллиновщина”, „қожановщина”, „төреқұловщина” деп мысқылдай ат қойып:

««Жалпы мен, топшылдық дегенде, ұлтшылдықты емеурiн етiп отырмын. Мен сәудақасовшыларды еске салғанда, қожановшыларды да, рысқұловшылардың барлығын да айтып отырмын. Олардың барлығы да бiр қалыптан шыққан», – деп жер тепкілеп баға берді.

СССР деп аталатын болашақ құрама мемлекеттің құрылымы сол жылдары жоспарланып жатқан. Орта Азия мен Қазақстандағы түркі жұртына ортақ 1). Түркістан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2). Түркістан – Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3). Россия құрамындағы Түркістан автономиясын құру (еуропалықтар) – туралы күрес жүріп жатты. Ал Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында «мұхаррамдық» (революциялық, орыс басылымдарында – басмашылар қозғалысы) майдан ашты. Егер бұл жоспар жүзеге асса, онда орыстардың ежелгі арманы орындалып: солтүстік шығыстағы Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе облыстары – Ресейдің құрамында; ал Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда облыстары – Өзбекстанның, Маңғыстау түбегі – Түркменстанның құрамында қалған болар еді. Осы тұста С.Сәдуақасовтың тағы да Н.И.Ежовпен жолдары тоғысты.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Ол кезде жауапты қызметкерлердің арасында, партия мекемелерінде: Қазақстанды Орталық Азия федерациясының құрамына қосады екен-мыс. Сөйтіп Қазақстан одақтас республиканың дәрежесіне көшеді екен-мыс – деген қауесеттер шығып жүрді. Бұл үшін Қазақстанның солтүстігіндегі орыстар қоныстанған аудандарда межелеу жұмыстары жүргізілуі тиіс екен. Осы мәселе жөнінде құрамында: Москвадан келген Ежов, Өлкелік Комитеттен Сәдуақасов, Мемлекеттік жоспарлау мекемесінен мен бар – арнайы комиссия құрылды. Мен өз пікірімді Ежов жолдасқа ашық түрде: Орта Азия федерациясына Қазақстанды қосып, солтүстік аймақтық шекараны межелеу шаруашылық мүддесі тұрғысынан да, мәдени байланыс тұрғысынан да пайда әкелмейтінін – айттым...».

1924 жылы Қазақ Өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1925 жылы 3-хатшы міндетін атқарған Ежов өзінің 1925 жылы В.М.Молотовқа жазған хатында:



«Бұл топтар Сталин жолдастың соңғы сөзінде ажыртып айтқанындай ауытқушылықтарға жататын болса, жартылай ғана кесірі тиер еді, онда осы топтарды өзара жікке бөлу саясаты арқылы күрес жүргізу әлдеқайда жеңілге түсер еді. Менің ойымша, осы топтардың әр қайсысымен бір бағытта жұмыс жүргізіп, оларды бір-біріне қарсы қою арқылы партиялық арнаға түсірген дұрыс... Сөйтіп олардың арасына жік сала талқандап, қызметтен шеттетіп, Мәскеуге жіберіп, онда №2 Қазақстан ұйымдастырып, істі оңғару керек»,– деген (сонда, 281-бет) ұсыныс жасаған.

Семейліктер «Кене», «Бүрге» деп атап кеткен Н.И.Ежов өзінің осындай тақыс әдісін шекаралық межелеу жұмысында да қолданып, ел арасына қауесет таратып, арандатушы коммунистер арқылы оңтүстік облыстардағы тұрғындардың арасына іріткі салды. Мысалы, Сарысудағы тамалар – Түркістанға, тарақтылар – Қазақстанға қараймыз десіп барымталасып, ақыры бәрі де Бутырка түрмесінің «төрінен орын алды».

Голощекин «щиналарды» қайтадан саяси сахнаға шығару арқылы тұтас ұлтты қақ жарып, сол кездегі ең беделді үш тұлғаны Сәдуақасовты, Қожановты, Рысқұловты бiрiн-бiрiне қарсы қойғысы келді. «Алаш ісіндегі» тергеу ісі де осы үшеуін қалайда халық жауы етіп шығаруға бағытталды. Бұл ретте Зиновьевтің:

Голощекин Қазақстанға барысымен, жергілікті ұлт интеллигенттері мен қайраткерлерін өзара қырқыстырып, ақыр соңында оларды қуғынға салып, үлкен қиянатқа душар етті”, – деген пікірі дұрыс еді.

Қастаншықпағыр мақсатына жету үшін ол өзінің идеологтары мен тарихшыларына 1921-1927 жылдардың аралығында өткен барлық жиналыстар мен конференциялардың, дикуссиялардың материалдарын жинаттырды. Сонда қабылданған қаулылар мен көтерілген мәселелерді қорыта тұжырымдап, мұны «щиналардың» кеңеске қарсы платформалары деп жариялады. Олардың кеңес өкiметi мен қазақ ұлтының һас дұшпаны екендiгiн әшкерелеп, жексұрын етiп көрсетудi Ораз Исаев өз мiндетiне алды. Ол сол тұстағы аймақтық комитеттiң Бочагов, Мартыненко, Шафиро, Брайнин iспеттi идеологтары мен тарихшыларына шұғыл түрде тапсырма бердi. Қыза-қыза келе олар:

«Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн қазақ халқын да құрбандыққа шаламыз», – деп жанын қасым ғып ант берді.

Осындай ызалы күлкі тудыратын мағынасыз формулировкаға мемлекеттiк, ұлттық тұрғыдан ойлай бiлетiн Ыдырыс Мұстамбаев қана қарсы шыға алды. Ол сол мінбеде тұрып:



«...Үнемi Голощекиннiң көпiрме сөзiне сене беруге де болмайды, Голощекиннің қолымен Қазақстанда коммунизм орната алмайсың!», – деп Қужақтың бетіне айтты.

Өкінішке орай, Ы.Мұстамбаевты ешкім де қостамады, мемлекеттiк, ұлттық тұрғыдан ойлай бiлетiн өжет тұлға табылмады. Олардың орынын М.Әуезов «заман еркелері» деп мысқылдап айтқан жалтақ та жарамсақ, өзiндiк пікірi жоқ, бiрақ та бiрiншi басшының көңiлiн табудың жолын бiлетiн Ораз Исаев, Елтай Ерназаров, Ұзақбай Құлымбетов, Iзмұхан Құрамысов, Ғаббас Тоғжанов iспеттi дүбара жандар алмастырды. Олардың денi бiлiмi таяз, тұрақты мемлекеттiк-қоғамдық көзқарасы қалыптаспаған, дауыл шайқаған кезде толқынның бетiне шыққан желқабық жандар-тын. Сонымен:



«Құрбандығыңды алдын-ала белгiлеп, барлық қастандығыңды дайындап ап, жауыңды табан астында аяусыз жайратқаннан соңғы ұйқыдан асқан рахат жоқ»,– деген Сталин, қазақтың «ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясын» құрбандыққа шалып, «рахатқа бір бөленді».

Тіпті сол құрбандықтың өзінен Сталин ғана емес, «қазақ зиялылары да» рахат тапты. Смағұл Сәдуақасов дүниеден қайтқанда Қазақстанда да «қазақтық мәнермен» азанама жарияланды. Арыс азамат қайғылы қазаға ұшырап, сүйегі асығыс өртенгеніне өкініп жазылған баспасөздегі азанамаға А.Мусин сияқты ақ жүректердің тұла бойы түршігіп, аза бойы қаза болды. Ол өзінің Мирзоянға жазған ұзақ «сүйкетпесінде»:



«Москвада оқитын Ғалым Малдыбаев деген жас жазушы «Социалды Қазақстан» газетінде Смағұлдың өліміне арналған очерк-мақала жариялады. Очерктің бас-аяғы тұнған қайғы, ыңырсу, сыңсу. Онда біраз адамдардың жоқтауы да келтірілген. Малдыбаев жолдастың очеркін оқып көрейік: «Екі күн бұрын Смағұлға жолыққанымда оның қатты жүдеп кеткенін, денсаулығы әлсіреп, көзі нашар көре бастағанын байқадым. «Смағұл, қалың қалай, тыныштық па?», – дегенімде Смағұл: «Тыныштық. Біздердің айтысып жүрген кезіміз де болды, сонда сен: егер мен өле қалсам мың адам жинап көмерсің – деп едің. Ал, енді кіріс, жина топырақ салатын адамды» – деп жауап қайырып еді», – деп жазыпты.

Крематорийдан қайтып келгендердің де жоқтауын келтіріпті. Онда: «Смағұлға сатқындық жат еді, өте қайсар жігіт болатын және өзінің позициясын қатаң ұстанатын. Оқуын бітірген кезінде қайтыс болып кеткені өте өкінішті», – деп өкінеді Малдыбаев. Әлгі жолдас шынында да солай деді ме, жоқ па, Малдыбаев жолдас жанынан қосып отыр ма, мәселе онда емес. Бұрынғы саяси күрес кезі «айқайшыл уақыт» деп бағаланған. Сонда біз бүгін сәдуақасовшылдықпен күреспеуіміз керек пе? «Смағұлға сатқындық жат еді» – деген не сөз? Бұл сөздің астарында: партияның сара жолын нық ұстаған коммунистерді орысқа сатылып кеткендер – деп айтып тұрғаны емес пе екен», – деп өршелене әруақпен айтысты.

Несі бар, бұл да сол кездегі «айқайшыл кезеңнің» айқайшыларына тән «саяси қырағылық» болатын. Төрт жылдан кейін А.Мусиннің өзі де «алашорда қайраткері, жапон шпионы» ретінде атылып кетті.


Әлихан Бөкейхановтың Мәскеудегі пәтерінде «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясының, алаш қайраткерлерінің, соның ішінде Смағұл Сәдуақасовтың мұрағаттары қашан ұлы отан соғысы басталғанша сақталған. Смағұлдан қалған жалғыз ұлы Ескендір майданда қаза тапқаннан кейін, Лиза (Ләззат) Әлиханқызы жалғыздыққа шыдамай өзі де дәрігер ретінде майданға аттанады. Аттанар алдында әкесі мен Смағұлдың архивін қаттап, үйдің шатырына тығып кетеді. Оның біразы шатырға бомба түскенде шашылып кетіпті, ал қалған бөлігін отыннан қиналған солдаттар тамызыққа пайдаланса керек. Қайтып келгенде тамтығын ғана тауып алған. Өзі де соған қатты өкініп, үйіне барғандарға:

«Әкемнің қатты қайғырып, ойы ең ауырлаған күні – Смағұл қайтыс болған күн. Ол өзі барып оның денесін көрқаптан алып, мәйітін медициналық тексеруге апарды. «Өндірістік улану» деген диагноз қойыпты. Денесін крематорииге өртеді. Бұл оның жанына қатты батты. Бойжеткен кезімде Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев қырындады. Бірақ мен Смағұлды таңдадым. Смағұл: түбінде мені не Мұхтар, не Қаныш іздеп келеді. Қағазымды соларға бер – дейтін. Соғыс жылдарында оларды шатырға тықтым. Қалғанын елуінші жылдары Мұхтарға бердім. Соның ендігі белгісі мынау ғана,– деп үйінің төріндегі Смағұл мен оның ұлы Ескендірдің суретін көрсетеді екен.

Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова көңілденген бір сәтінде өзіне тән жұмсақ жымиыспен:



«Тұрсын! Сен алаш тарихымен айналысып жүрсің ғой. Бізде Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза Әлиханқызының әкеме тапсырған архиві бар. Оның тарихы былай. Елуінші жылдардың екінші жартысында Мұхтар Омарханұлы Мәскеуге келіп, бір салтанатты жиналысқа қатысты. Екеуміз театрға бардық. Фоэде бір әйел анадайдан: «Әй, Мұхтар!»,– деді өктем дауыспен. Әкем де тез үйіріле кетті. Мен бұрын ол кісіге мұндай өктем сөйлеген адамды көрген емеспін. Таң қалдым. Екеуі ұзақ шүйіркелесті. Қоштасқаннан кейін маған бұрылып маңызды кейіппен: «Бұл – Әлихан Бөкейхановтың қызы Лиза, Смағұл Сәдуақасовтың әйелі. Жастығымыз да, достығымыз да жарасқан адам. Үйінде Смағұлдың біраз архиві сақталып қалыпты. Соны маған тапсырмақ»,– деді. Араға біраз күн өткен соң сол архивті Алматыға алып кетті. Осы жайды Валентина Николаевнаға айтқанымда: «Бөкейханов – бұлардың көсемі. Ол өзі сондай сұсты, мысы басым адам. Ленинградтағы біздің үйімізге келерде Мұхтар сондай қатты әбігермен дайындалатын. Оның алдында балаша елпек қағатын. Менің де бетіне қарап сөйлеуге батылым жетпейтін. Қорқатынмын. Ал Смағұл біз үйленген жылдары ақша жіберіп тұратын»,– деді. Ол архив осында. Не бар екенін толық білмеймін. Сен көр»,– деп ықылас білдіріп еді.

Мұражайдың қолжазба бөлімінің иесі Талатбек Әкім ұсынған орамда: 1. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының қолжазбасы.2. Жүсіпбек Аймауытовтың Смағұл Сәдуақасовтың анкеталық сұрағына 1927 жылы 3-ғинуарда қайырған жауабы.3: Мұхтар Әуезовтің анкеталық жауабы.4. Бернияз Күлеевтің 2 томдық өлеңдер жинағы. Ішінде әңгіме, қарасөздері араласқан роман бар. 5. Әр түрлі қиындылар мен үзінділердің ішінде «21/ІҮ.22 ж» деп қол қойылған С.Сәдуақасовтың «Сәрсенбек» деген романы бар. Мен ол романды сол кездегі ізденуші Д.Мыңбаевқа (Қамзабекұлы) бердім. Ол жарыққа шығарды. Ал Бернияздың мұрасы әлі жарыққа толық шыққан жоқ. Ғалым Ахмедов дегдар: Бернияздың қарындасы Мария Бегімбетованың Қыздар институтында дәріс беретінін, оның қолында Бернияздың жеңгесі мен қарындасының жоқтауы бар екенін айтып еді, тіршіліктің толқынында ол да ескерілмей қалды.

Ұлт көсемінің, Әлихан Бөкейхановтың айдауда жүрген Ахмет Байтұрсыновқа: «Смағұлдан басқамыз аманбыз», – деуінің астарында осындай қасірет табы жатыр еді.

Бәріміз де аман болайық.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   33




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет