Қазақстан Республикасындағы Өрт қауіпсіздігі ережесін бекіту туралы



бет10/16
Дата03.07.2016
өлшемі2.63 Mb.
#174498
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   16

      712. Көмірдің әртүрлі маркаларын, шымтезек (торф) түрлері (кесек және кесінді), өз түр-түрімен бөлек қатарларда жиналуы қажет.

      Көмірдің әртүрлі маркалары жеке қатарларда жиналуы тиіс.

      713. Көмір үйіндісіне және оны сақтау кезінде оған ағаштың, матаның, қағаздың, пішеннің, торфтың, өзге де жанғыш заттар қалдықтары араласуына жол берілмейді.

      Қатты отындар (көмір, сланец, торф) қоймаға келіп түсу ретімен қатарларға, мүмкіндігінше қысқа мерзімде жиналуы қажет.

      Вагоннан түсірілген отын ұйымдаспаған түрде екі күннен артық жиналмай жатуына жол берілмейді.

      Қатарларға тиісті регламентті орындау және механизмдер мен өрт сөндіру машиналары өтуі үшін, қатар етегімен қоршауға дейінгі аралық немесе кран жолдары ірге тастарына дейінгі аралық - 3 м кем емес, ал автожол бордюрі мен рельс шетіне дейінгі аралық - кемі 2 м болуы қажет.

      Жүру жолдарына қатты отынды тастауға немесе оларды механизмдермен бөгеуге болмайды.

      714. Қоймада еңістерге темір бақылау құбырлары мен термометрлерді орналастыру жолымен немесе басқа да қауіпсіз әдіспен қатарлардағы көмірдің температурасын жүйелі түрде бақылау жүргізілуі қажет.

      Температурасы 60 0 С асқан тұстардағы көмір мен торф нығыздалып, немесе ыстық нүктедегі отын алынып, өзге де қалыпты температураға келтіру жағдайлары жасалады. Жоғары температурадағы қатарлар ең алдымен қолданылуға берілуі керек.

      715. Көмір қатарда жиналып тұрғанда оны сумен суытуға немесе өшіруге жол берілмейді. Жанған көмір бөлігін сумен сөндіруге, оны қатардан бөлектеп алған соң ғана болады.

      716. Қатардағы кесек торф тұтанғанда оны сумен немесе ылғал торф массасымен сөндіреді, одан соң қатардың от алған тұсын залалсыздандырады. Тұтанған кеспе торфты сөндіріп, оның орнына ылғал торф массасын салып нығыздайды.

      717. Өздігінен тұтанған көмір мен торфты сөндіргеннен кейін қатарға қайта қосуға болмайды.

      718. Өндірістік ғимараттардың бірінші қабаттарында немесе жертөледе орналасқан көмір сақтау бөлмелері өртке қарсы кедергілермен (қабырғалар және қалқандар) бөлінуі тиіс.
  14-БӨЛІМ. АВТОКӨЛІКТЕРГЕ ЖАНАР-ЖАҒАР

МАЙ ҚҰЮ КЕШЕНДЕРІ МЕН БЕКЕТТЕРІ


  30-тарау. Жалпы ереже
      719. Бөлімде көлік құралдарына май құюға арналған автокөліктерге жанар-жағар май құю бекеттерін (бұдан әрі - АЖС) пайдалану, сондай-ақ жөндеу және регламенттелген жұмыстарды жүргізу кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары белгіленеді.

      720. АЖС пайдалану онда жұмыс істейтін штаттық қызметкерлер саны әдетте, екі адамнан кем болмаған жағдайда жүзеге асырылады.

      721. Осы бөлімнің негізінде АЖС иелері мыналарды қамтитын өрт қауіпсіздігі шараларын қамтамасыз ету талаптарын әзірлеуі қажет:

      1) мұнай өнімдерін қабылдау тәртібі, оларды сақтау мен тұтынушыларға берудің шарттары;

      2) аумақты ұстау тәртібі;

      3) өрттің пайда болу мүмкіндігі бар арнайы өртке қарсы іс-шаралар;

      4) өрт сөндіру құралдарын қолданудың, қозғалысқа қосудың және өрт шыққанда өртке қарсы қызметті шақырудың ережесі;

      5) май сүртілген материалдар мен май сіңген құмдарды алып тастау мен сақтаудың, жинаудың тәртібі, арнайы киімді сақтау, бөлмелерді жинастыру және технологиялық жабдықтарды тазалау;

      6) өрт және өрт қаупі бар жағдайлар болғанда өртке қарсы қызметі бөлімшелері келгенге дейінгі АЖС тұлғаларының әрекеті мен міндеті;

      7) АЖС басқа да өзіндік ерекшеліктері.

      722. Талаптар бөлімінде "өрт және өрт қаупі бар жағдайлар болғанда АЖС тұлғаларының әрекеті мен міндеті" бөлімінде міндетті түрде АЖС жұмысшыларының мынадай іс-қимылдары көрсетілуі қажет:

      1) АЖС өрт қаупі бар жағдайлар болғанда техникалық жүйенің электр қорегін сөндіру (аварияға және өртке қарсы қорғаныстың электр жүйесінен басқа), АЖС пайдалануды тоқтату және оның аумағын көліктерден, адамдардан босату, сонымен бір мезгілде өрт қауіпті жағдайды жою;

      2) 4 м 2 кіші алаңда отын төгілген кезде тез арада отын ағып жатқан орынды бекітіп, қауіпті жағдайды жоюға кірісу;

      3) 4 м 2 үлкен алаңда отын төгілген кезде тез арада барлық алаңға ауа-механикалық көбікті төгу, төгілген көбіктің қабатын отын апаттық резервуарға толық құйылып болғанша 0,05 м кем емес қалыңдықта ұстап тұру;

      4) автоцистернаға (бұдан әрі - АЦ) жақын жерде отын төгілгенде АЦ қозғалтқышын өшіру және оны АЖС аумағынан (егер бұл адамдар өміріне қауіп төндірмейтін болса) тек төгілген отын жаңа бастағанда немесе өрт қаупін жою үшін төгілген отын үстіне себілген ластанған құм алынғаннан кейін барып жүзеге асырылады. Отын АЦ маңынан алысырақ төгілсе, бензин төгілген жерден кем дегенде 6 м және дизельдік отын төгілген жерден 3 м қашықтықтан айналып, АЖС аумағынан тезірек алынуы қажет;

      5) АЦ жабдықтары жанғанда сөндіру үшін әрқайсысы көлемі 50 л кем емес ұнтақты өрт сөндіргіш көмегімен өрт сөндіруге, ал отын жанғанда әрқайсысы көлемі 100 л кем емес ауа-көбіктік өрт сөндіргіштермен кірісу қажет;

      6) АЖС өрт шыққан жағдайда тез арада өртке қарсы қызметке хабарлап, сонымен бір уақытта аумақты келушілер мен көліктерден босату шараларын қабылдау және алғашқы өрт сөндіру құралдарымен өрт сөндіруге кірісу қажет.

      723. АЖС барлық жұмысшылары және АЦ жүргізушілері өртке қарсы нұсқаулықтан (алғашқы және екінші және өрт-техникалық минимумы бойынша сабақтар) тұратын арнайы өртке қарсы дайындықтан өтулері керек.


  31-тарау. АЖС бөлмелерін, ғимараттарын, құрылыстарын

және аумағын ұстауға қойылатын талаптар


      724. АЖС аумағы тегiстелген және көрiктендiрiлген болуы, әрдайым жанғыш қоқыстардан және төгілген мұнай өнімдерінен таза болуы қажет.

      725. Ғимараттар мен құрылыстар арасындағы өртке қарсы бөліктерді әр түрлі заттар мен материалдар қоятын орын ретінде пайдалануға, көлікті құралдарын орналастыруға болмайды.

      726. АЖС аумағындағы көліктер қозғалысы бір жақты болуы қажет. Бұған арналған жеке кіру және шығу жолдары болуы қажет.

      727. АЖС аумағына кiрер жерде оның аумағы бойынша көлік қозғалысы көрсетілген кесте және талаптар ілінетін стенд, жүргізушілер мен жолаушылар үшін регламенттеуші қауіпсіздік шаралары iлiнуi қажет.

      728. АЖС аумағы бойынша өтетін өткелдер, су көздеріне барар подъездер мен алғашқы өрт сөндіру құралдарына барар жолдар үнемі бос болуы қажет. Ал қысқы уақытта қардан тазартылып тұруы керек.

      729. Сүртуге пайдаланылған материалдарды және мұнай өнiмдерi сiңген құмды жинау үшiн тиiстi жазуы бар, ұшқын қауiпсiз етiп орындалған, қақпағы тығыз жабылатын металды жәшiктер орнату қажет. Жәшiктер ашық ауада қоқыс жинайтын аумақтарда орнатылуы тиiс. Мұнай өнiмдерiмен сiңiрiлген құм салынған жәшiктер АЖС аумағынан кемінде аптасына бір рет шығарылып тасталуы тиiс.

      730. АЖС аумағында темекi шегуге тыйым салынады. АЖС жүргiзушiлерге және жолаушыларға қызмет көрсететiн ғимараттар мен бөлмелерде темекi шегу үшiн арнайы жабдықталған орындар бөлiнуi мүмкiн.

      731. АЖС барлық бөлмелерінің кіретін есіктерінде, сондай-ақ сыртқы құрылғыларда:

      1) жарылыс және өрт қауiптiлiгi бойынша бөлмелердiң санаты;

      2) ЭҚЕ бойынша жарылыс немесе өрт шығу қаупi бар аймақтардың класы;

      3) өрт қауiпсiздiгi үшiн жауапты тұлғаның аты-жөні, тегі;

      4) өртке қарсы қызметiн шақыру телефондарының номерлерi көрсетілген жазулар ілінуі тиіс.

      732. АЖС үшін көрінетін жерлерге:

      1) өрт қауiпсiздiгi шаралары жөнiндегi нұсқаулар;

      2) бөлмелер, эвакуациялық есіктер, өрт сөндіру құралдары мен дабылының орналасқан жері көрсетілген ғимарат жоспарлары ілінуі тиіс.

      733. АЖС аумағынан жанып жатқан көлік құралдарын шұғыл түрде көшiруге арналған ұзындығы кемінде 3 м болатын қатты сүйрейтiн (буксирлiк) штангамен АЖС жабдықталуы қажет.

      734. АЖС қатарында темекі шегуге және ашық отты пайдалануға, жолаушылар көлігінің қозғалысының реттеуші белгілері бар өрт қауiпсiздiгі және жол белгiлерiмен қамтамасыз етілуі керек.

      735. АЖС аумағында оның тұлғалары үшін мынадай қызметтік және тұрмыстық ғимараттарды (бөлмелерді) орналастыруға болады: операторлық, әкімшілік, тамақ ішу орындарын, күзету қызметін, сондай-ақ санитарлық тораптар, арнайы киімге арналған қоймалар, құрал-саймандар, қосалқы бөлшектер, аспаптар мен жабдықтар. Бұлармен қоса, жолаушыларға, жүргізушілерге және олардың көліктеріне жер асты резервуарлы сервистік қызмет көрсететін ғимараттар (орындар) орналастыруға болады.

      Жолаушылар мен жүргізушілерге сервистік қызмет көрсетуге бөлінген орындарда тауары сәйкес келетін дүкен, кафе және санитарлық тораптарды, көлік құралдарын сервистік қызмет көрсетуге арналған ТҚК бекеттерін және көлік жуу орындарын орналастыруға болады.

      736. Бір ғимаратқа:

      1) көлік құралдарына сервистік қызмет көрсету ғимараты мен жолаушылар мен жүргізушілерге сервистік қызмет көрсететін ғимаратты;

      2) тез тұтанғыш және жанғыш сұйықтықтар сату қарастырылған дүкен ғимараты мен қоғамдық тамақтану ғимаратын біріктіруге болмайды.

      737. АЖС ғимараты, орталық жылу жүйесімен жабдықталуы қажет.

      АЖС бөлмелерінде өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін зауытта дайындалған майлы электрлік жылытқыштарды жанғыш құрылымдар мен материалдарға дейінгі тиісті арақашықты сақтай отырып, орнатуға болады. Жылытқыш құралдар мен түрлі құбыр өткізгіштерге жанғыш материалдарды (арнайы киімдерді, сүрткіш материалдарды) жинауға, сондай-ақ жылытқыш құралдарда киімдер мен аяқ-киімдерді кептіруге жол берілмейді.

      АЖС ғимараттарының аумағында ашық отты пайдалана отырып, жылу беру қондырғылары мен құрылғыларды қолдануға жол берілмейді.

      738. Қызмет көрсетуші тұлғалардың арнайы киімдері металл шкафтарда ілулі күйде сақталуы тиіс.

      739. АЖС оттың бұдан әрі ұшқындауына мүмкіндік беретін егістік немесе далалық алқаптарға жақын орналасқан жағдайда алқап пен АЖС шегінде ені кемінде 4 метр болатын айдау жұмысы жүргізілуі қажет.
  32-тарау. Техникалық жабдықтарды пайдалануға

қойылатын талаптар


      740. АЖС техникалық жабдықтары:

      1) жобалық, техникалық-пайдалану (бұдан әрі - ТПҚ) құжаттарымен және техникалық шарттармен (бұдан әрі - ТШ) сәйкес болуы тиіс;

      2) бақылау мен реттеудің жарамды құралдары болуы тиіс;

      3) герметикалық болуы тиіс.

      741. Техникалық жабдықтарды:

      1) отынның аққан кезде;

      2) бақылау мен реттеу құралдарының тексеру мерзімінің өтіп кетуі, іске қосылмауы, жарамсыздығы және ол болмаған кезде;

      3) кез келген жарамсыздық кезінде пайдалануға тыйым салынады.

      742. Техникалық жабдықтарға АЖС өрт қауіптілік дәрежесін арттыратын құрылыстық өзгеріс енгізуге тыйым салынады.

      743. ООҚ бекітіліп, технологиялық жабдықтың өрт қауіпсіздік жұмыстарын қамтамасыз ететін нақты белгіленген шекті-рұқсат етілетін көрсеткіштер (қысым, температура, концентрация, құю деңгейі) болуы қажет.

      Берілген мөлшердің ең болмаса бір көрсеткіші болмаған жағдайда автоматты түрде алдын алу белгісі (жарықтық және дыбыстық) беріледі.

      744. Аварияға және өртке қарсы қорғаныстың жұмыс істеу жүйесінің көрсеткішін АЖС технологиялық жүйесін дайындаушы-зауыттардың келісімінсіз өзгертуге болмайды.

      745. Негізгі және қосалқы технологиялық жабдықтар статистикалық электрден қорғалуы қажет.

      746. Отынды сақтауға арналған резервуарлар 90 пайыз толған кезде автоматты сигналдың (жарықтық және дыбыстық) берілуін қамтамасыз етіп, толып кетуді болдырмайтын жүйемен жабдықталуы тиіс, ал толу дәрежесі 95 пайызға жеткенде резервуардың автоматты тоқтауы 5 секундтан аспауы тиіс.

      747. Атмосферадан отынды және оның буын бөлiп тұратын фланецтердiң, патрубкалардың, штуцерлердiң және соған ұқсас заттардың қақпақтары мен бекiтпелерi арматурамен жанасу орындарында мұнай өнiмдерiне және қоршаған ортаның әсерiне төзiмдi материалдардан орындалған ұшқын шығармайтын төсемдермен жабдықталуы және саңылаусыз (герметикалық) жабық болуы қажет.

      Пайдалану кезiнде ашып-жабу қажеттiгi қарастырылған қақпақтар мен бекiтпелер ұшқын шығармайтын қауiпсiз етiп жасалады.

      748. Отынды сақтауға арналған резервуарлар деаэрация желілерімен жабдықталуы тиіс.

      Деаэрация желісінің құбырлары жылдың кез келген мезгілінде жұмысқа қабілеттілікті сақтайтын от тосқауылымен және тыныс алу клапандарымен жабдықталуы тиіс.


  33-тарау. Жөндеу және регламенттеу жұмыстары
       749. Жанатын ауа-бу қоспалары жиналатын аумақтардағы жұмыстар арнайы белгiленген алаңдарда, ұшқын шығармайтын қауiпсiз аспаптармен және ұшқын тудыруға қабiлетсiз киiмдер мен аяқ киiмдерде жүргiзiледi.

      750. Пайдаланылған резервуарларды алаңда тасымалдау, орналастыру, жылжыту, оларға жөндеу жұмыстарын жүргiзу тек қана босатылған, сумен буланып немесе жылытылған сумен жуылған және инерттi газбен үрленген, сондай-ақ газды дабыл бергiш құралдарының көмегiмен отын буының бар-жоқтығына тексеруден өткен сыйымдылықтарға ғана рұқсат етiледi.

      Отын буының концентрациясы резервуарлардағы будың төменгi концентрациясының (РБТК) 20 % аспауы тиіс.

      751. Автокөліктерге жанар-жағар май станцияларындағы технологиялық құралдардың ауа өткiзгiштiгiн (резервуардың қабырға аралық кеңiстiгiн, резервуардың iшкi кеңiстiгiн, құбыр жүйелерiн және) пневматикалық сынақтан өткiзу кезiнде өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн инерттi газ (азот, көмiрқышқыл газы) пайдалану қажет. Құралдардың герметикалық емес екендiгi анықталған жағдайда АЖС жұмысы тез арада, кемшiлiктер толық жойылған уақытқа дейiн тоқтатылуы қажет.

      752. Резервуарлардың барлық түрінің ішінде қатты бөлігін (шлагманы) іске қосып тауар астындағы суды құрту жабық тәсілмен жүргізілуі тиіс. Осы мақсатта қолданылатын жабдықтар ұшқын шығармайтын материалдардан және бензин мен дизельді отындармен жұмыс істеуге арналған болуы тиіс. Қол сорғыштарын пайдаланып, жабық сыйымдылыққа қоқыстарды төгу кезiнде сыйымдылықтағы сұйықтықтың ашық бетiнiң аумағы мүмкiндiгiнше кiшi болуы тиiс. Қоқысқа арналған сыйымдылықты резервуарға жапсарлас жатқан аумақтағы зат тиегiшке орнату және ондағы статистикалық зарядтарды жермен байланыстыру қажет. Қоқыстан тазарту жұмыстары кезiнде бұл операцияға қатысы жоқ барлық люктер және штуцерлер жабық болуы тиiс.

      Қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргiзiп болғаннан кейін қоқысты тез арада АЖС аумағынан шығарып тастау қажет.

      753. От бөгегiш немесе онымен жабдықталған тыныс алу клапаны құбырдың шыға берiсiндегi деаэрация жүйесiнде бұл құбырды бекiтетiн арматураның герметикалық жаппасынсыз шешуге рұқсат берiлмейдi. От бөгегiштiң түрi, дұрыс жұмыс жасау жағдайлары оның пайдалану ауданының климаттық жағдайына сәйкес келуi тиiс.

      754. Құрылымның технологиялық жүйесiнде отын буының рециркуляция жолы болған кезде көлік құралының отын багынан резервуарға отын буының рециркуляциясын жүргiзу үшiн деаэрация құбыр жүйелерiн жабуға рұқсат етiлмейдi.

      755. Автокөліктерді толтыру кешенінің (бұдан әрі - АТК) (АЖС) құралдарына ТҚК, белгiленген жұмыстарды жүргiзу, саймандарына және сақтандыру құралдарына метрологиялық сынақ жүргiзу осы жұмыстардың кестесiне сәйкес қатаң түрде жүргiзiлуi тиiс. Техника-экономикалық көрсеткiштерде белгiленген жұмыстар көлемi көрсетiлмеген жағдайда технологиялық құралдарға жасалынатын жұмыс өндiрiсiне жол берiлмейдi. Ондай жұмыстарды жөндеу шеберханаларында жүргiзу қажет.

      756. АТК (АЖС) аумағында, ғимараттарында, құрылыстарында, бөлмелерiнде, технологиялық жүйелерiнде жөндеу жұмыстарын жүргiзу үшiн объект басшысы рұқсат нарядын рәсiмдейді.


  34-тарау. Отын қабылдау және беру жабдықтарын

пайдалануға қойылатын талаптар


      757. Отынмен толтыру тек қана жабық әдiспен орындалуы қажет. Отын буларының ашық қоршаған кеңiстiкке, резервуарларда құбырларымен қатар немесе АЦ тыныс алу клапаны арқылы шығатын деаэрацияға жол бермеу қажет.

      758. Резервуарларды АЦ отынмен толтыру алдында резервуардағы отын деңгейiн өлшеу және аварияға қарсы жүйелердiң жарамдылығына көз жеткiзу қажет. Резервуарды толтыру процесiн АЖС қызметкерлерi және АЦ жүргiзушiсi бақылайды.

      759. АЖС резервуарларында отын түрiн (бензин-жанар-жағар май) ауыстыру кезiнде оның алдында болған өнiмнен толық тазартылуы керек және жердегi резервуардың корпусында сақталынып отырған отын түрiне тиiстi өзгерiстер енгiзiлген маңдайша iлiнуi қажет.
      760. Технологиялық жүйеде техникалық жағдайлар және техника-экономикалық көрсеткiштер қарастырылған жағдайда көп камералы резервуарларда бiр уақытта бензиннiң және дизельдiк отынның бiрге сақталынуына рұқсат етiледi.

      761. АЖС аумағына АЦ отынмен кірген кезде өзге көлiктер мен бөгде тұлғалар болмауы қажет. АЖС аумағында бір уақытта екі АЦ артық тұруына жол берілмейді.

      762. АЖС резервуарларды толтыру операциялары түбi қақпақпен жабдықталмаған АЦ мынадай тәртiппен жүргiзiлуi тиiс:

      1) АЦ арналған жанар-жағар май құю алаңында әрқайсысының көлемi 100 л кем емес екi жылжымалы ауа-көбiктi өрт сөндiргiштерi орнатылады;

      2) АЦ үшiн жанар-жағар май құю алаңындағы ласталған мұнай өнiмдерiмен атмосфералық жауын-шашын жiберу тартпасын жауып, авариялық резервуарға төгiлген отынды жiберетiн құбырды ашу қажет;

      3) АЦ статикалық тоқтардан қорғау үшiн жермен байланыстырып, АЖС резервуарларын отынмен толтыру операциясына кiрiсу қажет.

      Автопоездың әр цистернасы одан мұнай өнiмдерiн толық төгiп болғанға дейiн әрқайсысы жеке-жеке жермен байланыстырылады.

      763. Иілгіш байланыстырушы мыс сым үнемі АЦ корпусына жалғанып, құрылғының соңында байланыстырушы құрылғыға жалғастыру үшін (қысқыш, бұрандама ұштығы) болуы қажет.

      764. АЖС көлік құралдарына жанар-жағар май құю кезiнде мынадай ережелер сақталуы қажет:

      1) мотоциклдер мен мотороллерлер өшiрiлген қозғалтқышпен келуi қажет, оларды қосу және тоқтату колонкалардан 15 м қашықтықта жүргiзiледi, автокөліктер өз жүрiсiмен келедi;

      2) қозғалтқышты от алдырғанға дейiн мұнай өнiмдерiмен ласталған автокөліктердiң, мотоциклдердiң және мотороллердiң бөлiктерiн жүргiзушiлер немесе АЖС қызмет көрсетушілері құрғақ етiп сүртуi қажет;

      3) жерге төгiлген мұнай өнiмдерiн құммен жабу қажет, ал былғанған құмды және майланған сүрту материалдарын ұшқын шықпайтын, қауiпсiз етiп жасалған тығыз қақпақпен жабылатын металды жәшiктерге жинап, жұмыс соңында АЖС аумағынан шығарып тастау қажет;

      4) жанар-жағармай құятын орындарда тұрған және кезекте тұрған, оның артынан келе жатқан автокөлік арасындағы қашықтық 1 м кем болмауы тиiс.

      765. АЖС: 

      1) қозғалтқышы жұмыс iстеп тұрған көлік құралдарына жанар-жағар май құюға;

      2) белгіленген тәртіппен қолданылатын келісілген және бекітілген технологиялық жүйеге ТЭК мен ТШ қарастырылмаған жағдайда жер астындағы резервуарлар үстiнен көлік құралдарының жүрiп өтуiне;

      3) қауіптілік пен атмосфералық разряд қауіптілігі төнген жағдайда резервуарларды жанар-жағар маймен толтыруға және тұтынушыларға жанар-жағар май беруге;

      4) бензиндi қабылдау, сақтау немесе беру бойынша операциялар жүргiзiлiп жатқан АЖС аумағына ұшқын сөндiргiштермен жабдықталмаған тракторлардың кiруiне;

      5) АЖС құралдарына, ғимараттары мен құрылыстарына тiкелей жөндеу жұмыстарымен байланысы жоқ жөндеу жұмыстарын жүргiзуге;

      6) көлік құралдарының жолаушылармен кіруіне (есік саны төртеуден кем емес жеңіл автокөліктерді қоспағанда);

      7) жарылғыш заттар, сұйытылған және сығылыстырылған жанғыш газдар, ТТС және ЖС, тез жанғыш материалдар, улы және радиоактивті заттар және басқа да қауіпті бұйымдар мен материалдар артылған көлік құралдарының кіруіне;

      8) ішкі жану қозғалтқышы мұнай өнімдерімен ластанған автокөліктерге жол берілмейді.


  35-тарау. Жылжымалы АЖС қойылатын талаптар
       766. Жылжымалы автожанар-жағармай құю станцияларын (бұдан әрі - ЖАЖС) орнату жерi өртке қарсы қызметi органдармен келiсе отырып, арнайы бөлiнген алаңға орналастыру қажет.

      767. Арнайы бөлiнген алаңға орнатылған ЖАЖС пайдалану алдында:

      1) станциялардың герметикалығын ООҚ және көзбен шолып тексеру;

      2) жермен байланыстыратын сымдарды алаңның жермен байланыстыру қондырғысына жалғау;

      3) көлік құралының отын багының астына қоятын табандықтар даярлау қажет;

      4) қашықтығы 1 м етiп көлік құралдарының келуiн шектейтiн кедергiлер бекiту;

      5) ескерту белгiсiн және ақпарат қалқанын орнату қажет.

      768. ЖАЖС есебiнде отын құюға арналған автокөлiктердi және бұл мақсатқа қатысы жоқ бейiмделмеген техникаларды пайдалануға рұқсат етiлмейдi.


  36-тарау. Электр жабдықтарын пайдалануға

қойылатын талаптар


       769. АЖС электр құралдарымен қамтамасыз ету осы жұмыс түрін жүргізуге лицензиясы бар арнайы ұйымдарға рұқсат етiледi.

      770. Электр желiлерiндегi және электр аппаратурасындағы барлық ақаулар тез арада жөндеуден өткiзiледi. Жарамсыз, ақауы бар электр желiлерi және электр аппаратураларын өрт қауiпсiз жағдайға келтiрiлгенге дейiн өшiрiп қою қажет.

      771. Электр қозғалтқыштары, шамдар, электр сымдары, кабель сымдары және тарату қондырғылары әрдайым шаңнан, жеңiл тұтанатын және жанатын сұйықтықтардан тазартып отыру қажет.

      772. Электр жабдықтары ЭҚЕ бойынша жарылыс қаупі бар аймақтың класына сәйкес таңдап алынады. Мемлекеттiк бақылау ұйымының жазбаша қорытындысы жоқ немесе дайындаушы-зауыттың жарылыс қауiпiн көрсететiн белгiсi қойылмаған электр құрал-жабдықтарын жарылыс қауiпi бар аймақтарда пайдалануға жол берілмейді.

      773. Жанатын ауа-бу қоспаларының түзiлуi мүмкiн деген аймақтарда:

      1) жермен байланыстыру кезiндегi (нөлдендiру) қорғанысы, қызметiн шектейтiн қондырғылары жарамсыз болған жағдайда, сырты (қабығы) жарамсыз болған кезiнде электр қондырғыларын жұмысқа қосуға;

      2) ток жүргiзетiн бөлiктердегi кернеу алынбаған кезде сыртын ашуға;

      3) қорғаныс аппараттары автоматикалық түрде өшiрiлген жағдайда өшiрiлгендiгiнiң себеп-салдарын анықтамастан электр қондырғыларын қосуға;

      4) қысқа тұйықталу және ток мөлшерiнiң көбейюiне қарсы қорғаныссыз электр қондырғыларын қосуға жол берілмейді.

      774. Жөндеу және регламенттік жұмыстар үшін қолданылатын жылжымалы және тасымалды электр қабылдағыштарға иілгіш кабелдер мен механикалық әсерге және мұнай өнімдеріне тұрақты қабығында мыстан жасалған бауы бар сыммен қолданылады.

      775. Жарылыс қауiптi аймақтардағы бөлмелерге, ашық технологиялық алаңдарда, аппаратураларда немесе басқа құралдарда уақытша жарықтандыру үшiн тұрақты электрлiк жарық жоқ кезде жарылыстан қорғап орындалған аккумуляторлы шамдарды қолдану қажет.

      Тасымалды шырақтар жарамды және ЭҚЕ талаптарына жауап беруі керек.

      776. Жылжымалы электр шамдары қолдануға жарамды күйде болуы және электр қондырғылары ережесiнiң талаптарына сәйкес келуі тиіс.

      777. АЖС қауiпсiздiк жүйесiнде қолданылып отырған электр құрал-жабдықтары жұмыстан бос уақытта тоқтатылуы тиiс.

      778. Жабық шамдарда ток көздерiн және лампаларын ауыстыруды шамдарға қызмет көрсету жүктелген жұмысшылар жүргiзуi тиiс.

      779. Электр аппаратуралары мен тораптарындағы қысқа тұйықталуларды, ұшқынды, кабельдер мен сымдар изоляциясының жануын, басқарудың автоматтық жүйесінен бас тартқызуды болдыруы мүмкін жарамсыздықтар тез арада жойылуы тиіс.

      780. Электр құрал-жабдықтарына жөндеу жұмыстарын жүргiзу қолданыстағы нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес жүргiзiлуi қажет.

      Найзағайдан қорғаушы қондырғыны сынау мен тексеру, сондай-ақ, жүргізілген регламентті және жөндеу жұмыстары арнайы журналға тіркелуі тиіс.


  37-тарау. Байланыс және өрт сөндіру құралдары
      781. АЖС өрт бола қалған жағдайда өртке қарсы қызметті тез арада шақыру үшін телефон немесе радио байланыспен, сондай-ақ дауыс зорайтқыш байланысының жүйесімен жабдықталуы қажет.

      782. АЖС өндірістік және қоғамдық ғимараты осы Ереженің алғашқы өрт сөндіру құралдарының қажетті санын анықтауға ( 2-қосымша ) және IV топтағы объектілер мен көлік құралдарына арналған алғашқы өрт сөндіру құралдары тиістілігінің нормаларына ( 3-қосымша ) сәйкес өрт сөндіргіштермен, олардың өрт сөндіретін қабілетіне, алаңына өрт класына байланысты жабдықталуы тиіс.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет