Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегi n 2464 Конституциялық заңы



бет8/10
Дата17.07.2016
өлшемі1.51 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

89-бап. Мәжiлiс депутаттығына кандидаттарды тiркеу

1. Саяси партиялар ұсынған партиялық тiзiмдердi және Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған кандидаттарды тiркеудi Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

2. Кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тiркелгенге дейiн тұрғылықты жерi бойынша салық органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген ұсыну мерзiмi басталатын айдың бiрiншi күнiне мемлекет алдындағы салық мiндеттемелерiнiң орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы белгiлеген тәртiппен және нысанда табысы мен мүлкi туралы декларацияны ұсынады.

Саяси партия ұсынған кандидат және оның зайыбы (жұбайы) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкi туралы мәлiметтердiң дұрыстығын салық қызметi органдары партиялық тiзiм тiркелген күннен бастап он бес күн iшiнде тексередi.

Бұл ретте саяси партия ұсынған кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкi туралы мәлiметтердi ұсыну жөнiндегi салық қызметi органдарының талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талаптар алынған күннен бастап төрт күн iшiнде беруге мiндеттi.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған кандидат және оның зайыбы (жұбайы) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкi туралы мәлiметтердiң дұрыстығын салық қызметi органдары кандидат тiркелген күннен бастап үш күн iшiнде тексередi.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкi туралы мәлiметтер беру жөнiндегi салық қызметi органдарының талаптарын алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талаптар алынған күннен бастап екi күн iшiнде беруге мiндеттi.

3. Партиялық тiзiмдердi тiркеу мынадай құжаттар болған жағдайда жүргiзiледi:

1) Республиканың Әдiлет министрлiгiнде саяси партияның тiркелгенi туралы құжаттың көшiрмесi қоса тiркелген, саяси партияның жоғары органының партиялық тiзiмдi ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшiрме;

2) азаматтың партиялық тiзiмге енгiзуге келiсiмi туралы өтiнiшi;

3) партиялық тiзiмге енген әрбiр адам туралы өмiрбаяндық деректер;

4) кандидаттың және оның жұбайының (зайыбының) табысы мен мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы;

5) саяси партияның сайлау жарнасын енгiзгенiн растайтын құжат;

6) партиялық тiзiмге енгiзiлген адамның осы тiзiмдi ұсынған саяси партияға мүшелiгiн растайтын құжат.

4. Тiркеуге бiр саяси партиядан оған саяси партиялар арасында бөлiнетiн депутаттық мандаттардың белгiленген санының отыз процентiнен аспайтын адамдар саны енгiзiлген бiр ғана тiзiм жiберiледi.

5. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған кандидаттарды тiркеу мынадай құжаттар болған жағдайда жүргiзiледi:

1) Ассамблея Кеңесiнiң кандидаттарды ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшiрме;

2) азаматтың депутаттыққа кандидат болып сайлауға түсуге келiсiмi туралы өтiнiшi;

3) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған әрбiр адам туралы өмiрбаяндық деректер;

4) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) табысы мен мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы.

6. Орталық сайлау комиссиясы:

1) партиялық тiзiмдер тiркелгеннен кейiнгi оныншы күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партияның атауын және партиялық тiзiмге енгiзiлген адамдардың санын, сондай-ақ партиялық тiзiмге енгiзiлген әрбiр адамның тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын қызметiн (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн көрсете отырып, тiркелгенi туралы хабар жариялайды;

2) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған кандидаттар тiркелгеннен кейiнгi үшiншi күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан халқы Ассамблеясының атауын, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған адамдардың санын, әрбiр ұсынылған адамның тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын қызметiн (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн, сондай-ақ кандидаттардың қалауы бойынша қай ұлтқа жататынын көрсете отырып, тiркелгенi туралы хабар жариялайды;

3) тiркеу кезiнде кандидаттарға тиiстi куәлiктер бередi;

4) мынадай жағдайларда:

саяси партия партиялық тiзiмдi ұсыну ережелерiн бұзған, тiркеу үшiн қажеттi құжаттарды ұсынбаған;

партиялық тiзiмдi ұсынған саяси партия, ол ұсынған кандидаттар, оның сенiм бiлдiрген адамдары сайлау алдындағы үгiттi тiркелгенге дейiн жүргiзген;

тұтас партиялық тiзiмнiң елу процентiнен астамын құрайтын адамдар партиялық тiзiмнен шыққан;

партиялық тiзiмдi ұсынған саяси партияның немесе оның сенiм бiлдiрген адамдарының кандидаттың, партиялық тiзiмдi ұсынған басқа саяси партияның немесе партиялық тiзiмге енгiзiлген адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның iскерлiк беделiн түсiретiн жалған мәлiметтердi тарату фактiсiн сот анықтаған;

партиялық тiзiмдi ұсынған саяси партияның немесе оның сенiм бiлдiрген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактiлерiн сот анықтаған;

осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда партиялық тiзiмдi тiркеуден бас тартады немесе оны тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

Дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға немесе бұрын тiркеуден шығарылған партиялық тiзiмдi қалпына келтiруге жол берiлмейдi.

5) мынадай жағдайда:

партиялық тiзiмге енгiзiлген адам Қазақстан Республикасының   Конституциясында және осы Конституциялық заңда кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеген;

партиялық тiзiмге енгiзiлген адамның өзiнiң сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған;

партиялық тiзiмге енгiзiлген адам сайлау алдындағы үгiттi партиялық тiзiм тiркелгенге дейiн жүргiзген;

партиялық тiзiмге енгiзiлген адамның партиялық тiзiмдi ұсынған саяси партияның кандидатының немесе партиялық тiзiмге енгiзiлген басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, олардың iскерлiк беделiн түсiретiн жалған мәлiметтердi тарату фактiсiн сот анықтаған;

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасына сәйкес партиялық тiзiмге енгiзiлген адамның және оның зайыбының (жұбайының) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкi туралы мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған;

партиялық тiзiмге енгiзiлген адамның немесе оның сенiм бiлдiрген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактiлерiн сот анықтаған;

осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда партиялық тiзiмге енгiзiлген адамды осы тiзiмнен шығару туралы шешiм қабылдайды.

Партиялық тiзiмге енгiзiлген адамды осы тiзiмнен шығару туралы шешiмге партиялық тiзiмдi ұсынған саяси партия не партиялық тiзiмнен шығарылған адам тиiстi сотқа шағым жасауына болады, сот шешiмi түпкiлiктi болып табылады.

Партиялық тiзiмге енгiзiлген адамды дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда шығару туралы шешiм қабылдауға жол берiлмейдi;

6) Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған кандидатты мынадай жағдайларда:

адам Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Конституциялық заңда кандидатқа қойылатын талаптарға сай келмеген;

ол өзiнiң сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған;

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi кандидаттарды ұсыну ережелерiн бұзған, тiркеу үшiн қажеттi құжаттарды ұсынбаған;

кандидат, оның сенiм бiлдiрген адамдары сайлау алдындағы үгiттi тiркелгенге дейiн жүргiзген;

кандидаттың және (немесе) оның сенiм бiлдiрген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның iскерлiк беделiн түсiретiн жалған мәлiметтердi тарату фактiсiн сот анықтаған;

Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамасына сәйкес декларация берген кезде кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкi туралы мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған жағдайда;

кандидаттың немесе оның сенiм бiлдiрген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактiлерiн сот анықтаған;

осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

Дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға немесе бұрын тiркеуден алып тасталған кандидатты қалпына келтiруге жол берiлмейдi.

7. Партиялық тiзiмдi тiркеуден бас тартуға немесе оны тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға жетi күн мерзiмде Орталық сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасауға болады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы немесе сот шағым берiлген күннен бастап жетi күн мерзiмде шағым бойынша шешiм шығарады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған кандидатты тiркеуден бас тартуға немесе оны тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға екi күн мерзiмде Орталық сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасауға болады. Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы немесе сот бiр күн iшiнде шағым бойынша шешiм шығарады.

8. Партиялық тiзiмдердi тiркеу, егер сайлауды тағайындау кезiнде өзгеше белгiленбесе, сайлаудан екi ай бұрын басталып, оған бiр ай қалғанда аяқталады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi ұсынған кандидаттарды тiркеу, егер сайлауды тағайындау кезiнде өзгеше белгiленбесе, сайлаудан жиырма күн бұрын басталып, оған он бес күн қалғанда аяқталады.

Ескерту. 89-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 N 268, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

90-бап. Кандидатураны алып тастау, Мәжiлiс депутаттығына кандидат етiп ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою

1. Партиялық тiзiмге енгiзiлген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтiнiш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тiзiмнен керi қайтарып ала алады. Бұл жағдайларда Орталық сайлау комиссиясы партиялық тiзiмге енгiзiлген адамды шығару туралы шешiм қабылдайды.

2. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтiнiш жасай отырып, кандидатураны керi қайтарып ала алады. Бұл жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тiркеудiң күшiн жою туралы шешiм қабылдайды.

Ескерту. 90-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.



91-бап. <*>

Ескерту. 91-бап алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.



92-бап. <*>

Ескерту. 92-бап алып тасталды - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.



92-1-бап. Саяси партиялардың сайлау қорының мөлшерi

1. Саяси партиялар ұсынатын партиялық тiзiмдердiң құрамында дауысқа түсетiн кандидаттардың өз сайлау қорларын құруға құқығы жоқ.

2. Саяси партияның сайлау қоры:

1) саяси партияның жалпы сомасы заңдарда белгiленген ең төменгi жалақының мөлшерiнен бес мың еседен аспауы тиiс жеке қаражатынан;

2) Республиканың азаматтары мен ұйымдарының жалпы сомасы   заңдарда белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен он мың еседен аспауы тиiс ерiктi қайырмалдықтарынан құралады.

Ескерту. 92-1-баппен толықтырылды - ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңымен.



93-бап. <*>

Ескерту. 93-бап алып тасталды - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.



93-1-бап. Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжiлiс депутаттарының сайлауы жөнiндегi сессиясын өткiзу тәртiбi

1. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттарын сайлау Республика Президентi шақыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында өткiзiледi.

2. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына аумағында сессия өткiзiлетiн, Республика астанасының не республикалық маңызы бар қаланың тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қатысады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесi дауыс беруге дейiн он күннен кешiктiрмей дауыс беру өткiзiлетiн орын туралы Орталық сайлау комиссиясына хабарлайды.

3. Сайлау комиссиясы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өткiзiлетiн үй-жайда Парламент Мәжiлiсi депутаттарының сайлауы бойынша дауыс беруге арналған пункт ұйымдастырады.

4. Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжiлiс депутаттарының сайлауы жөнiндегi сессиясының өткiзiлгендiгiн куәландыратын құжат аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылатын сессияның хаттамасы болып табылады.

5. Тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы Мәжiлiс депутаттарының сайлауы бойынша дауыс беру нәтижелерiн жария еткеннен кейiн сессия жабылады.

Ескерту. 93-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.



94-бап. Партиялық тiзiмдер бойынша Мәжiлiс депутаттарының сайлауында дауыстарды санау

1. Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелерi бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды, ол дереу тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына жiберiледi.

2. Партиялық тiзiмдер бойынша сайлаудың нәтижелерi Орталық сайлау комиссиясының отырысында тиiстi аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде белгiленедi, олар сайлау күнiнен бастап екi күннен аспайтын мерзiмде Орталық сайлау комиссиясына жiберiледi. Сайлау нәтижелерi туралы хаттама жасалады.

3. Дауыстарды санаудың нәтижесi мен сайлау нәтижесiн анықтауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.

Ескерту. 94-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.

94-1-бап. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжiлiс депутаттарының сайлауында дауыстарды санау

1. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжiлiс депутаттарының сайлауында дауыстарды санау нәтижелерi дауыс беруге арналған пунктте өткiзiлетiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының отырысында белгiленедi.

2. Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелерi бойынша Мәжiлiс депутаттарының сайлауы жөнiндегi дауыстарды санау хаттамасын жасайды, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жария етiледi және сайлау күнiнен бастап екi күннен аспайтын мерзiмде Орталық сайлау комиссиясына жiберiледi.

3. Дауыстарды санау нәтижесiн анықтауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.

Ескерту. 94-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.

95-бап. Мәжiлiс депутаттарының сайлауы кезiнде қайта дауыс беру

1. Егер сайлау барысында немесе дауыстарды санау не сайлау нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды азаматтардың ерiк бiлдiру нәтижелерiн дұрыс анықтауға мүмкiндiк бермейтiн бұзушылық орын алса, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы немесе азаматтардың өтiнiштерi бойынша тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктегi Мәжiлiс депутаттарының сайлауын жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясы тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте қайта дауыс берудi тағайындайды.

2. Қайта дауыс беру Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мерзiмде сол партиялық тiзiмдер бойынша, сол сайлау учаскелерiнде және бастапқы сайлауды өткiзу үшiн жасалған сол сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша өткiзiледi. Қайта дауыс берудi өткiзу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.

Ескерту. 95-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.



96-бап. Мәжiлiс депутаттарын қайта сайлау

1. Егер партиялық тiзiмдер бойынша Мәжiлiс депутаттарының сайлауы жарамсыз деп танылған болса, Орталық сайлау комиссиясы партиялық тiзiмдер бойынша Парламент Мәжiлiсi депутаттарының қайта сайлауын өткiзу туралы шешiм қабылдайды. Қайта дауыс беру сол сайлау учаскелерiнде және бастапқы сайлауды өткiзу үшiн жасалған сол сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша өткiзiледi.

2. Егер сайлау жарамсыз деп танылған болса не бастапқы сайлауды өткiзу кезiнде адам сайланбай қалған жағдайда Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжiлiсi депутаттарының қайта сайлауын Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды.

3. Қайта сайлау бастапқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей немесе Орталық сайлау комиссиясы белгiлейтiн мерзiмде өткiзiледi. Қайта сайлау кезiнде жүзеге асыру көзделген сайлау iс-шаралары осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен өткiзiледi. Бұл ретте сайлау iс-шараларының қысқартылған мерзiмдерiн Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

4. Қайта сайлауды өткiзу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.

Ескерту. 96-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.



97-бап. Мәжiлiс депутаттары сайлауының нәтижелерiн анықтау және жариялау

1. Республиканы тұтас алғанда Мәжiлiс депутаттары сайлауының қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiм iшiнде анықтайды.

2. Алып тасталды - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.

3. Сайлау қорытындыларын анықтауға және жариялауға байланысты өзге де мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.

Ескерту. 97-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.

97-1-бап. Депутаттық мандаттарды партиялық тiзiмдер бойынша дауыс берудiң қорытындыларына қарай бөлу

1. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санының жетi және одан да көп процентiн алған әрбiр партиялық тiзiм үшiн бiртұтас жалпыұлттық округтiң аумағы бойынша берiлген сайлаушылар дауысының жиынтығын есептеп шығарады. Жетi проценттiк кедергiден өткен саяси партияны жақтап дауыс берген сайлаушылар дауысының жиынтығы бөлiнетiн депутаттық мандаттар санына бөлiнедi. Алынған нәтиже алғашқы сайлау жеке саны (квота) болып табылады.

2. Егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының жетi процентiн тек қана бiр саяси партия алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге көрсетiлген саяси партияның тiзiмi, сондай-ақ дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының келесi көп санын жинаған партиялардың партиялық тiзiмi жiберiледi.

Екi саяси партияға берiлген сайлаушылар дауысының жиынтығы бөлiнетiн депутаттық мандаттар санына бөлiнедi. Алынған нәтиже алғашқы сайлау жеке саны (квота) болып табылады.

3. Депутаттық мандаттарды бөлуге қатысқан әрбiр партиялық тiзiм алған дауыстардың саны алғашқы сайлау жеке санына бөлiнедi.

Жетi проценттiк кедергiнi еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысқан партиялардың тiзiмiмен алынған дауыстардың саны алғашқы сайлау жеке санына бөлiнедi және 0,7 түзету коэффициентiне көбейтiледi.

Санды бөлу нәтижесiнде алынған тұтас бөлiк партиялық тiзiм құрған тиiстi саяси партия алатын депутаттық мандаттар саны болып табылады.

Жетi проценттiк кедергiнi еңсермеген және осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлуге қатысқан саяси партия кемiнде екi мандат алады.

4. Егер осы баптың 3-тармағына сәйкес жүргiзiлген iс-әрекеттен кейiн бөлiнбеген мандаттар қалса, оларды қайта бөлу жүргiзiледi. Бөлiнбеген мандаттар осы баптың 3-тармағына сәйкес бөлудiң нәтижесiнде алынған санның ең көп бөлшектенген бөлiгiне (қалдығына) ие болған партиялық тiзiмдерге бiр-бiрден берiледi. Ең көп қалдық тең болған жағдайда басымдық бұрын тiркелген партиялық тiзiмге берiледi.

Осы баптың 2-тармағына сәйкес мандаттарды бөлу кезiнде бөлiнбеген мандаттар дауыс беру қорытындысы бойынша жетi проценттiк кедергiнi еңсерген партиялық тiзiмге берiледi.

5. Депутаттық мандаттарды бөлу кезектiлiгiн саяси партияның басшы органы осы Конституциялық заңның 89-бабының 4-тармағына сәйкес партиялық тiзiмге енгiзiлген кандидаттар арасынан сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап он күннен кешiктiрмей айқындайды.

Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген мерзiмдерде саяси партияның басшы органы алынған депутаттық мандаттарды бөлу кезектiлiгiн айқындамаған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен партия алған депутаттық мандаттарды бөлу мемлекеттiк тiлдiң әлiпбилiк ретiмен тiркелген тiзiмдерге сай жүзеге асырылады.

6. Депутат мерзiмiнен бұрын шығып қалған жағдайда, оның мандаты Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен саяси партияның тiзiмiне енгiзiлген кандидаттар арасынан саяси партияның басшы органы осы баптың 5-тармағына сәйкес айқындайтын келесi кандидатқа берiледi.

Тиiстi партиялық тiзiмде кандидаттар қалмаған жағдайда Мәжiлiс депутаттарының келесi сайлауына дейiн мандат бос қалады.

Саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтiнiш және саяси партияның басшы органы отырысының хаттамасынан үзiндi көшiрме бере отырып, кандидаттардың партиялық тiзiмдегi кезектiлiгiн өзгертуге құқылы.

Ескерту. 97-1-баппен толықтырылды - ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.



98-бап. Мәжiлiс депутаттарын тiркеу

Орталық сайлау комиссиясы сайланған Мәжiлiс депутаттарын тiркейдi.

Ескерту. 98-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.

99-бап. Мәжiлiс депутаттарының кезектен тыс сайлауын және шығып қалған депутаттар орнына сайлау өткiзу

1. Мәжiлiс депутаттарының кезектен тыс сайлауы және шығып қалған депутаттар орнына сайлау осы Конституциялық заңның Мәжiлiс депутаттарының кезектi сайлауы үшiн белгiленген ережелерiне сәйкес өткiзiледi. Бұл ретте сайлау шараларын өткiзу мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.

2. Мәжiлiс депутаттары өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмi бiтуiне бiр жыл қалғанда, шығып қалған депутаттың орнына сайлау өткiзiлмейдi.

Ескерту. 99-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.



100-бап. Конституциялық Кеңестiң Мәжiлiс депутаттары сайлауын өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi қарауы

1. Республика Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Республика Премьер-Министрiнiң сайлау қорытындылары шығарылғаннан кейiн он күн iшiнде берiлуi мүмкiн ұсынысы бойынша Конституциялық Кеңес дау туындаған жағдайда Мәжiлiс депутаттары сайлауын өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi шешедi. Бұл жағдайда сайланған Мәжiлiс депутаттарын тiркеу ұсынысты қарау уақытына тоқтатыла тұрады.

2. Орталық сайлау комиссиясы Мәжiлiс депутаттары сайлауын өткiзудiң дұрыстығы туралы дау туындаған жағдайда сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты материалдарды Конституциялық Кеңеске бередi.

3. Конституциялық Кеңес Конституцияны бұзу анықталған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң аумағында партиялық тiзiмдер бойынша Мәжiлiс депутаттарының сайлауын Конституцияға сәйкес емес деп таныған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы бұл әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң аумағындағы сайлауды жарамсыз деп тану және қайта дауыс берудi өткiзу туралы шешiм қабылдайды.

4. Конституциялық Кеңес Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжiлiс депутаттарының сайлауын Конституцияға сәйкес емес деп таныған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы оны жарамсыз деп тану және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжiлiс депутаттарының қайта сайлауын өткiзу туралы шешiм қабылдайды.

Ескерту. 100-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.



13-тарау. Республика мәслихаттары депутаттарының сайлауы

101-бап. Мәслихаттар депутаттары сайлауын тағайындау

1. Мыналар:

1) мәслихаттар өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмiнiң аяқталуы, заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, кезектi сайлауды;

2) мәслихаттар өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы кезектен тыс сайлауды;

3) депутат өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы, оны мандатынан айыру не оның қайтыс болуы шығып қалғандардың орнына депутат сайлауын тағайындау үшiн негiз болып табылады.

2. Мәслихат депутаттарының кезектi сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттардың өкiлеттiк мерзiмiнiң аяқталуынан кемiнде үш ай бұрын тағайындайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгiнiң конституциялық мерзiмiнiң аяқталуына кемiнде бiр ай қалғанда өткiзiлуге тиiс.

3. Өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мәслихат өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы Президент Жарлығының, мәслихаттың өзiн-өзi тарату туралы шешiмiнiң негiзiнде тағайындайды және ол мәслихаттар өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiлуге тиiс.

4. Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала және Республика астанасы) сайлау комиссиясы тағайындайды.

Мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау наурыздың соңғы жексенбiсiнде және (немесе) қазанның соңғы жексенбiсiнде бiр мезгiлде өткiзiледi.

Орталық сайлау комиссиясымен келiсiм бойынша мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары басқа күнге тағайындауы мүмкiн.

5. Барлық деңгейдегi мәслихаттар депутаттарының кезектi сайлауы бiр мезгiлде өткiзiледi және мерзiмi жөнiнен Президент сайлауына, Парламент Сенаты сайлауына тұспа-тұс келмеуге тиiс.

6. Сайлау күнi туралы хабар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Ескерту. 101-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.


Каталог: upload -> files
files -> Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы
files -> Жаңақорған ауданы мәдениет саласының 2012 жылы атқарған жұмыстары жайлы мәлімет
files -> І. Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы нормативтік құжаттар
files -> 2013 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есеп
files -> «Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы»
files -> Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыратын орындар мен сайлаушылармен кездесу үшін берілетін үй-жайларды белгілеу туралы
files -> 2013 жылдың 1 қыркүйегіне Жаңақорған ауданы бойынша кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстар туралы мәлімет


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет