25-1-бап. Ономастика комиссиялары
Ескерту. 25-1-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Уәкілетті органның жанынан – Республикалық ономастика комиссиясы, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жанынан тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары құрылады.
1-1. Республикалық ономастика комиссиясының құзыретіне:
1) ономастика мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;
2) облыстарды, аудандар мен қалаларды атау, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөнінде қорытындылар беру;
3) Қазақстан Республикасының аумағындағы мемлекеттік меншіктегі әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол станцияларына, метрополитен станцияларына, автовокзалдарға, автостанцияларға, физикалық-географиялық және басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ олардың атауын өзгерту, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға адамдардың есімдерін беру жөнінде қорытындылар беру;
4) қаладағы аудандарды, облыстық маңызы бар қалалардың құрамдас бөлiктерiн атау, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөнінде қорытындылар беру;
5) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының қаладағы аудандарды, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың құрамдас бөліктерін атау, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жөніндегі қорытындыларын келісу жатады.
2. Облыстық ономастика комиссияларының құзыретіне:
1) ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру;
2) аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру жатады.
3. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының құзыретіне Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін – республикалық маңызы бар қалалардың, астананың қаладағы аудандарына, құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар беру жатады.
4. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөлiктерiне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша шешімді тиісті ономастика комиссияларының оң қорытындылары болған кезде ғана қабылдайды.
Ескерту. 25-1-баппен толықтырылды - ҚР 20.12.2004 № 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |