Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасы туралы



Дата09.06.2016
өлшемі358.57 Kb.
#125460



Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан


кейінгі кезеңде дамытудың негізгі бағыттарын айқындау мақсатында
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.

2. Қазақстан Республикасы Үкіметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі және Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі өз жұмысында осы Тұжырымдаманы басшылыққа алсын.

3. Қазақстан Республикасы Үкіметі өз шешімдерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.

4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті Н.Назарбаев

Астана, Ақорда, 2010 жылғы 1 ақпан


№ 923
Қазақстан Республикасы

Президентінің

2010 жылғы 1 ақпандағы

№923 Жарлығымен

МАҚҰЛДАНҒАН


Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан

кейінгі кезеңде дамыту

ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ


Кіріспе

Жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс жаппай жалпы әлемдік ауқымдағы және сол сияқты ұлттық деңгейдегі қаржылық қатынастардың қолданыстағы модельдерінің кемшіліктерін көрсетті. Әлсіз жақтары мемлекеттік реттеу құрылымында және қаржы институттарының өздерінің қызметінде анықталды.

Қаржы институттарының проблемалары тәуекелдерді басқару жүйелерінің жетілмеуінде және қазіргі заманғы үрдістерге және қабылданатын тәуекелдер деңгейіне (дәрежесі бойынша, сол сияқты және тәуекел сапасы бойынша) сәйкес келмеуінде, корпоративтік басқару деңгейінің төмен болуында, айқындылықтың жеткіліксіздігінде және осының салдарынан теріс үрдістерге сезімтал болып отырған бизнес-модельдердің тиімсіздігінде пайда болды.

Дағдарыстан кейінгі кезеңнің айрықша белгілерінің бірі қаржы секторының анықталған проблемаларын жою қажеттілігі, жіберілген қателерді түзету және тұрақты әртараптандырылған өсуді қамтамасыз ету болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы, тұрақты және бәсекеге қабілетті қаржы жүйесін құру бойынша жұмысты жалғастыру қажет.

Өзінің әлеуетін жоғалтпай, қалыптасып отырған нақты жағдайларды ескере отырып, пысықтау мен жетілдіруді талап ететін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 1284 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қаңтардағы
№ 90 қаулысымен бекітілген Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамытудың 2015 жылға дейінгі жоспарын іске асыру бойынша жұмыс жалғастырылады.


Негізгі мақсаттар және міндеттер

Осы Тұжырымдаманың негізгі мақсаты басқару мен реттеудің сапалы жаңа деңгейіне көшу бөлігінде қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде төмендегілер арқылы дамыту болып табылады:

1) қаржы секторының тұрақтылығын арттыру;

2) ағымдағы қаржы-экономикалық дағдарыс барысында анықталған кемшіліктерге, тұрақсыздық факторларына және құбылыстарына жол бермеу бойынша жағдайлар жасау;

3) дағдарыстан кейінгі кезеңде макроэкономикалық шешімдерді іске асыру құралы ретінде инвестициялық белсенділікті ынталандыру;

4) инвесторлар тарапынан, сол сияқты қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылар тарапынан елдің қаржы секторына сенiмдi нығайту.

Мемлекеттің қаржы ресурстарын жұмылдырудағы күш-жігері бірінші кезекте ішкі инвесторларға бағытталады. Экономиканың ішкі ресурстары өзiнiң әлеуетiн сақтайды және ішкі, оның ішінде көлеңкелі секторда айналыстағы жинақ ақшаны тез және ауқымды тарту жөніндегі құралдарды жедел енгізу қажет. Сонымен қатар Қазақстанның шағын экономикасына қатысты жағдайларда ресурстардың шектелуі шетелдік инвесторлардың қаражаттары мен ресурстарын индустриализациялау бағдарламасын қаржыландыру процесіндегі жоғары маңыздылығын айқындайды.

Бұл үшін мемлекеттің ерте кезеңде жүйелік тәуекелдерді және олардың көріністерін анықтау, алдын алу және жою қабілеттерін арттыру үшін қадағалау және реттеу жүйесін нығайту жөніндегі, қаржы ресурстарын жұмылдыру мәселелеріндегі мемлекеттің рөлін айқындау жөніндегі, қаржы ұйымдары жүзеге асыратын қызметтің айқындылығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер іске асырылады. Сондай-ақ инвесторларды және қаржылық қызмет көрсетудi тұтынушыларды қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі рәсімдер жетілдіріледі. Корпоративтік басқару және қаржы ұйымдарының тәуекел- менеджменті одан әрі дамиды.

Қазақстанның қаржы секторын дағдарыстан кейін дамытудың бірінші кезектегі міндеттері ел экономикасын дамытуды қаржыландырудың негізгі тетігі ретінде мемлекеттік-жеке әріптестік институтын пайдалану, сондай-ақ қаржы секторын реттеу мен қадағалаудың негізгі қағидаты ретінде контрциклдық қағидатты пайдалану болады.

Осы Тұжырымдамада салық және бюджеттік қатынастарды қоса алғанда Қазақстанның бүкіл қаржы жүйесін дамыту мәселелері қаржы секторын дамытуға қатысты ғана қарастырылады. Назарды қаржы секторына және қаржы институттарына ауыстыру салық-бюджет қатынастарының тұжырымдамалық құжаттары (Салық және Бюджет кодекстері) жақында ғана қолданысқа енгізілген және олардың экономикалық әсерін бағалау қиын болған жағдайда расталды.




1-бөлім. Мемлекеттің қаржы ресурстарын жұмылдыру мәселелеріндегі рөлін айқындау




1.1. Мемлекеттің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі рөлі

Көптеген елдердің экономикалық тәжірибесі бәсекелестіктің нарықтық тетіктерін және жеке кәсіпкерлік бастаманы мақсатқа сай қолданумен қосылған экономиканы мемлекеттік реттеу шараларының артықшылығын растап отыр. Осыған байланысты экономиканы шоғырландырылған негізде мемлекеттік жоспарлаудың және ынталандырудың рөлі артады. Сонымен қатар, еркін нарықтың бәсекелестік, жеке меншікке қол сұқпау және іскерлік бастаманы қолдау сияқты базалық қағидаттары тұрақты болып қалады, ал жеке сектордың тиімді қызметі ынталандырылады. Ішкі ресурстарды жұмылдыру жөніндегі міндетті шешу үшін республиканың қаржы секторына деген сенiмді қалпына келтіру басым бағыт болады. Бұл ретте қаржылық қызмет көрсету аясын кеңейту бойынша жұмыс жандандырылады.

Жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу мемлекеттің әлеуметтік саладағы міндеттемелерін қысқарту және институционалдық инвесторлардың ерекше сыныбын құру бойынша мемлекеттің алғашқы қадамы болды.

Бүкіл әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін реформалаудың қисынды жалғасы халықтың әртүрлі топтарын (мүгедектерді, біреудің асырауында тұратын адамдарды, жұмыссыздарды және тағы басқалары) және медициналық қамсыздандыруды толық мемлекеттік қолдау қағидаттарынан одан әрі әлеуметтік қамсыздандырудың аралас жүйесіне тек мемлекеттің және жұмыс берушінің қаражаты есебінен ғана емес, сонымен қатар қызметкердің өзінің есебінен көшу болып табылады. Жұмыс берушілердің өндірістің зиянды және қауіпті түрлерінде міндетті кәсіби жарналар енгізу мәселесі қаралатын болады.

Жинақтаушы зейнетақы, әлеуметтік және медициналық қамсыздандыру (сақтандыру) жүйелерін одан әрі жетілдіру шеңберінде нарықтық қағидаттарды және жинақтаушы зейнетақы қорлары мен сақтандыру компанияларының мүмкіндіктерін неғұрлым кеңінен пайдалана отырып әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің жаңа тұжырымдамасы ұсынылады. Осы жұмыс шеңберінде күш-жігер тек азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға ғана емес, сонымен қатар ел экономикасын ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз етуге қабілетті институционалдық инвесторлардың мүмкіндіктерін нығайтуға бағытталады.


1.2. Мемлекеттің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі қаржы ресурстарын жұмылдыру бойынша қызметінің бағыттары

Қазақстан қаржы секторының сыртқы қарыз алуға тәуелді болуының теріс тәжірибесі қаржыландырудың ішкі көздерін тарту бойынша жұмысты жандандыруды басым бағыт ретінде айқындайды. Бұл ретте ел ішінде қаржы ресурстарын жұмылдыру бойынша жұмыстың жинақталған тәжірибесі мынадай бағыттар бойынша жетілдіруді талап етеді.

Институционалдық инвесторлардың қаражатын тарту. Мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимыл жасау тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жалғасады, бірінші кезекте мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде.

Инфрақұрылымдық кешеннің объектілерін құру Қазақстанның экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі болады. Мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктерін пайдалану экономиканың стратегиялық маңызды салаларын түрлендіру процесінің негізгі құрамдас бөлігі болуы тиіс. Әріптестіктің осы түрі бір жағынан алғанда, жеке кәсіпкерлік бастаманың әлеуетін іске асыруға және дамытуға әрі институционалдық инвесторлардың қаражатын тартуға, екінші жағынан алғанда, экономиканың әлеуметтік маңызды секторларында мемлекеттің функцияларын сақтауға мүмкіндік жасайды.

Инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздері ретінде ішкі және сыртқы ресурстарды тиімді тарту үшін жағдайлар жасалады. Инвестициялық жобаны іске асыру осы жоба бойынша негізгі өндірістік тәуекелдерді көтеретін ірі инвестордың болуын көздейді. Ішінара инвестициялық жобаны қаржыландыру оларды жүзеге асыру үшін ресурстар беретін сыртқы және ішкі институционалдық инвесторларға мемлекеттік кепілдік немесе кепілдеме бере отырып борыштық бағалы қағаздарды шығару есебінен жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды жоспарлауды және іске асыруды тиісті дәрежеде бақылауды қамтамасыз ету және жауапкершілікті белгілеу, осындай жобаларды қаржыландыру шеңберінде мемлекеттен бизнеске тәуекелдерді қайта бөлу және жинақтаушы зейнетақы қорларының шығындарын өтеу тетіктерін әзірлеу жөніндегі шаралар әзірленеді. Сонымен бірге мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберіндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға тартылған зейнетақы жинақтарының сақталуы мемлекеттің негізгі кепілдігінің бірі болып қалады.

Тиімді мемлекеттік-жеке әріптестікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу шеңберінде дамудың басым бағыты алдыңғы тәжірибені мұқият зерделеу негізінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін жинақтаушы зейнетақы қорларының активтерін тартуды жандандыру болады.

Халықтың және кәсіпорындардың жинақ ақшасын тарту. Халықтың және заңды тұлғалардың екінші деңгейдегі банктердегі депозиттері қаржы секторын қорландырудың негізгі көзі болып қалады. Мемлекет осы құралға сенімді нығайту және оның тартымдылығын арттыру жөнінде шаралар қабылдайды. Бұған кірістер деңгейі тұрғысынан алғанда қолайлы болатын, бүкіл депозиттерге толық кепілдік бермей, депозиттер бойынша өтеуге кепілдік беру, нарықтық тәуекелдерді сақтандыру құралдарын дамыту, қаржы нарықтарының қатысушылары қызметінің және олардың құралдарының айқындылығын арттыру, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы қол жеткізіледі.

Бұдан басқа, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында банкроттық рәсімдері кезінде кепілдік берілген кредиторлардың басымдығын белгілеу және жеке тұлғалардың банкроттығы институтын енгізу бөлігінде жан-жақты зерделеу жүргізіледі.

Отандық нарықтағы қаржы құралдарына инвестициялаудан алынған кірістерге салық салу либералды, сондай-ақ түрлі қаржы құралдарына қаржы салу туралы шешім қабылдауға қатысты бейтарап болуы тиіс. Осыған байланысты инвестициялық қызметтен түскен кірістерге салық салуды одан әрі жетілдіру жөніндегі мәселе зерделенетін болады.

Мемлекеттік қарыз алу құралдарын дамыту. Нөлдік тәуекел дәрежесі бар қаржы құралдары эмитенттерінің бірі ретінде Үкіметтің рөлі айтарлықтай арттырылады. Бағалы қағаздар нарығын және жинақтаушы зейнетақы жүйесін қоса алғанда, қаржы нарығының жекелеген сегменттерін дамыту және жетілдіру жөніндегі міндеттермен және іс-шаралармен тығыз байланыста бола отырып мемлекеттік сектордың активтерін және міндеттемелерін басқару стратегиясын әзірлеу қажет. Үкімет борышының қауіпсіз деңгейін қолдау кезінде республикалық бюджет тапшылығының тұрақты қалыпты мөлшерінің болуы кірістілік ауытқымысын құру, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективалардағы күтулерді дұрыс бағалау, қаржы құралдарының тәуекелін дұрыс бағалау, спот-ставкаларды және болашақта қарыз алу ставкаларын белгілеу үшін қажетті айналыстағы мемлекеттік бағалы қағаздардың жеткілікті көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту сондай-ақ Ұлттық қордан трансферттердің көлемін қысқартуға, Ұлттық қордың активтерін және инвестициялық кірістерін ұлғайтуға, сондай-ақ жинақ құрамдас бөлікті қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды, бұл республикалық бюджеттегі тапшылықтың болуын бір дәрежеде өтейді. Шығыстар көлемі және тапшылық мөлшері проциклдықтың әсер етуін жоюға да мүмкіндік жасауы тиіс, бұл теріс әлеуметтік салдарын жұмсарту мақсатында экономикалық циклдың әртүрлі сатысында мемлекеттік бюджеттің өлшемдерін өзгерту тетігін әзірлеуді талап етеді.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қысқа мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарының республикалық бюджеттің ақша ағындарының қысқа мерзімді алшақтықтарына және бұрын шығарылған қысқа мерзімді міндеттемелерді өтеу қажеттілігіне негізделген көлемі сондай-ақ нарықтағы сенімді қысқа мерзімді өтімді құралдарға сұранысты ескеруі тиіс.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында шығарылатын орта мерзімді және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағалы қағаздарының көлемі ішкі бағалы қағаздар нарығының сыйымдылығы, оның ішінде қаржы секторы қатысушыларының инвестициялық портфелінің құрылымына қойылатын, заңнамалық түрде белгіленген талаптар ескеріле отырып айқындалуы тиіс.

Нарықта мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістілік бастапқы және қайталама нарықтарда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді айналыс кезеңдері бар мемлекеттік бағалы қағаздарының ұсынылуы шартымен айқындалуы тиіс. Әр түрлі кіріктірме опциондармен мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылады: инфляциядан қорғау опционымен, айырбастау бағамының өзгерістерінен қорғау опционымен, сондай-ақ халықтың жинақ ақшасын тарту үшін шетелдік валютамен номинирленген.

Жинақ ақшаны тартудың балама көздерін дамыту. Жинақ ақшаны тартудың жылжымайтын мүлік қорлары (REIT), хеджерлік қорлар сияқты жеке институттар арқылы балама көздерін дамыту бойынша жұмыс жандандырылады, оларды енгізуге институционалдық инвесторлардың тәуекелдерді барабар реттеу жүйесін құру міндеттеріне кедергі келтірмейтін бөлігінде заңнамалық деңгейде мүмкіндік бар.

Жылжымайтын мүлік қорларының акцияларына инвестициялау ірі және сол сияқты ұсақ инвесторға кәсіби басқарылатын портфельге қатысуға және өзінің тәуекелдерін әртараптандыруға мүмкіндік береді, себебі жылжымайтын мүлік қорлары акцияларының серпінділігі, әдетте, қор нарығы қозғалысының жалпы бағытына сәйкес келмейді.

Жылжымайтын мүлік қорларын дамыту мақсатында бағалы қағаздар шығару үшін объектілердің жеткілікті пулын қалыптастырған және осы жылжымайтын мүлікті жалға беру арқылы тұрақты кірісті қамтамасыз ететін коммерциялық жылжымайтын мүлікті кәсіби басқаратын компаниялардың ауқымды тобын құруға ықпал жасау қажет.

Ішкі инвесторлардың тәуекелдерін әртараптандыру үшін инвестордың тұрғысынан қарағанда нарықта ресурстарды орналастырудың балама тәсілі ретінде хеджерлік қорларды құру және дамыту мәселелері қарастырылатын болады.

Ресурстарды тартудың қосымша көздерінің бірі ретінде исламдық қаржыландыру одан әрі дамиды. Исламдық қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалауды Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі (бұдан әрі – Қаржылық қадағалау агенттігі) жүзеге асыратын болады, ал Қазақстандағы исламдық қаржы құралдары нарығын дамытудың негізгі тұғырнамасы Қазақстан Республикасы Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу агенттiгi болады.

Қымбат металдарды пайдалану мен айналысы саласында туындайтын қатынастарды реттейтін заңнамалық базаны әзірлеу мүмкіндігі қарастырылады, бұл қымбат металдармен биржалық сауданы дамытуға ықпал етеді.




2-бөлім. Қаржы секторын қадағалау және реттеу жүйесін нығайту

Орын алған жағдайлар қаржы жүйелеріне тән проциклдық сипатты растады, бұл сипат кезінде кредиттердің, левередждің және активтер бағаларының тым жоғары өсу қарқыны базалық экономикалық серпінділікті күшейтеді. Сонымен бірге олар бір мезгілде жүйелік тәуекелдердің және қаржылық сәйкессіздіктердің үдеуіне ықпал етеді, себебі экономикалық дүрбелең кезеңдерінде тәуекелдердің жинақталу қасиеті болады және олар көп жағдайда бағаланбай қалады және кейіннен құлдырау жағдайында ең теріс күйінде көрінеді. Нарықтық тәртіп те, реттеу де жылдар бойы жинақталған, жылдам инновациялармен және заем қаражатының өсіп отырған үлесінен туындаған тәуекелдерді шектей алмады. Активтердің жоғары бағаларына және заем қаражатының өсіп отырған үлесіне байланысты қаржы жүйесіндегі жүйелік тәуекелдердің үдеуіне ықпал еткен ұлғайған макроэкономикалық үйлесімсіздіктер есепке алынбады.




2.1. Қаржылық реттеу саласын қамту тұтастылығы

және реттеу тиімділігі

Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалаудың қолданылып жүрген практикасы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Интеграцияланған бірыңғай қадағалау қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеуге және қадағалауға шоғырландырылған, қадағалаудың функционалдық немесе институционалдық схемалары болған кезде орын алатын мүдделер қақтығысы тәуекелін болдырмайтын қаржылық қадағалаудың неғұрлым перспективалық схемасы болып табылады.

Қаржы ұйымдарының қызметі мен қаржы нарықтарының жұмыс істеуін реттеуді және қадағалауды одан әрі жетілдіру реттеу мен қадағалаудың халықаралық стандарттарын өзгертуді ескере отырып, қаржы нарығының әрбір бөлігінің жұмыс істеу және даму ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылатын болады.

Қазіргі дағдарыс сабақтарын негізге ала отырып, қаржы секторының субъектілерін реттеу мен қадағалауды қатаңдатуды жүйелік тәуекелдерді болдырмау мақсатында алдын ала қабылданатын іс-шаралар жүйесін болжайтын макропруденциалдық тәсілді күшейту арқылы нығайту қажет. Макропруденциалдық тәсіл реттеу мен қадағалаудың жекелеген институттар мен нарықтардың сенімділігіне негізгі назар аударылатын қолданыстағы құрылымының маңызды алғышарты және факторы болуы тиіс.

Қазіргі уақытта неғұрлым толық, жан-жақты және тиімді реттеу қажеттілігін түсіну өсіп отыр. Тұтастай алғанда, экономика үшін тәуекелдер туғызатын қызметтің барлық түрін қоса алғанда реттеу саласын және периметрін кеңейту, тәуекелдің реттеу периметрі шегінен тыс шоғырлануын болдырмау мүмкіндігін зерттеу болжанып отыр. Бұл ретте реттеу ұйымдарға емес, қызметтің түрлеріне бағдарлануы тиіс.

Қазақстанда бүгінгі күні қаржылық қызмет көрсетуге қажеттілікті толық дәрежеде қанағаттандыруға мүмкіндік беретін қаржы институттарының көп деңгейлі жүйесі қалыптасты. Көптеген елдердің халықаралық тәжірибесі мамандандырылған салалық банктерді құрудың тиімсіздігін, осы институттардың толыққанды бәсекеге қабілетті ортада жұмыс істеуіне қабілетсіздігін, мемлекет тарапынан тұрақты қолдау қажеттілігін дәлелдеп отыр. Тиісінше, Қазақстанда мамандандырылған салалық банктерді құру болжанып отырған жоқ.

Инвестициялық банкинг институтының жұмыс істеу жүйесі қайта қаралады. Жаһандық инвестициялық банктердің банкроттығы олардың қызметін реттеудегі тәсілдерді түрлендіру қажеттілігін туғызды. Осыған байланысты инвестициялық банкингке қатысты жүргізуге рұқсат етілген операциялардың тізбесі белгіленді және реттеу шеңберінде оларға левередждің және жүйелік тәуекелдердің өсуіне жол бермеу мақсатында екінші деңгейдегі банктерге қатысты белгіленген жекелеген талаптар қолданылады.

Кредиттік серіктестіктер, микрокредиттік ұйымдар банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын басқа ұйымдармен қатар елдегі қаржы делдалдығы жүйесін дамытуға ықпал етуді жалғастыруы тиіс. Алайда, осындай ұйымдар мөлшері бойынша шағын, бірақ жоғары тәуекелді кредиттерді жеткізушілер болып табылатынын ескере отырып, міндеттемелердің бір заемшыға арналған ең жоғары лимиті қайта қаралатын болады. Сондай-ақ кредиттік серіктестіктердің және шағын кредиттік ұйымдардың жүйелік тәуекелінің өсуіне жол бермеу мақсатында олардың қаржы операцияларының жекелген түрлерін жүзеге асыру, депозиттер тартуды (кез келген нысандағы) қоса алғанда мүмкіндіктері заңнамалық түрде қайта қаралатын болады.

Өсімқорлық қызметті заңнамалық түрде реттеу мүмкіндігі қарастырылатын болады.

Отандық сақтандыру ұйымдарының қайта сақтандыру қызметінің тиімділігін арттыру, оларды капиталдандырудың өсуін ынталандыру мақсатында жеке қайта сақтандыру шарты бойынша, сол сияқты тұтастай алғанда сақтандыру сыныбы бойынша да сақтандыру тәуекелдерінің мөлшері мен сипатына байланысты резидент еместерден қайта сақтандыру кезінде меншікті ұстау бойынша дифференцияланған лимиттер енгізіледі. Сондай-ақ қаржы жылы аяқталғаннан кейін резидент емес қайта сақтандыру ұйымдарына берілген қайта сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемі бойынша лимиттер қайта қаралады.

Кредиттік тарихтарды қалыптастыру жүйесін жетілдіру мақсатында коммерциялық емес ұйым нысанында кредиттік тарихтардың бірыңғай деректер базасын құру, кредиттік тарих субъектілері бойынша ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету, кредиттік бюроның лауазымды тұлғаларының ақпараттық қауіпсіздікті бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту жөніндегі кредиттік бюроның мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет ету жөніндегі жұмысын жүзеге асыру, кредиттік бюроға ұсынылатын ақпараттың тізбесін кеңейту қажет.

Осылайша, реттеу шаралары өсу мен тұрақтылықтың оңтайлы арақатынасын қамтамасыз етуге бағытталады, бұл қаржы секторы мен экономиканың теңдестірілген дамуына, ондағы «сабынды көпіршіктердің» пайда болуына жол бермеуге және қаржы ұйымдарының қызметінде «домино» теріс әсерлерінің алдын алуға ықпал етеді. Жүйелік тәсілді қамтамасыз ету және қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында қаржы ұйымдарының алуан түрлерін реттеу мен қадағалау практикасы қажетті деңгейде қаржы нарығындағы қызметтің түрлері бойынша қажетті дәрежеде бірегейлендірілетін болады.

Қаржы ұйымдарының лауазымды тұлғаларының заңсыз іс-әрекеттері нәтижесінде қазақстандық қаржы ұйымдарының активтерін әкетуді болдырмау және алдын алу мақсатында қаржы ұйымдарының күмәнды операцияларды жасауына қатысты алдын алу шараларының мониторингі, анықтау мен қабылдау жөнінде құқық қорғау органдарының қаржылық мониторинг органдарымен өзара іс-әрекет және үйлестіру тәртібі мен тетіктері заңнамалық деңгейде айқындалады.

Қадағалау органы шетелдік инвестицияларды және кредиттеуді жүзеге асыру бойынша шешімдер қабылдау процесінің айқындылығын қамтамасыз ету жөнінде қаржы ұйымдарына қосымша талаптар белгілейді. Қаржы ұйымдарының құқықтық тәуекелдердің жоғары деңгейі және инвесторлар мен кредиторлрдың құқықтарын қорғаудың төмен деңгейі бар елдерде операцияларды жүзеге асыруына байланысты тәуекелдер шектеледі. Осыған байланысты осындай заңсыз операциялар жасағаны үшін қаржы ұйымдарының лауазымды тұлғаларына қатысты мүліктік және қылмыстық жауапкершілік көзделеді.

Сондай-ақ активтерді шетелге заңсыз әкетудің алдын алу мақсатында меншік иесі (бенефициар) туралы, сондай-ақ шетелде орналасқан (тіркелген) активтерге ауыртпалықтың болуы туралы ақпараттың айқындылығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданады. Бұл ретте осындай ақпарат болмаған жағдайда, қадағалау органы осындай активтердің сақталуын қамтамасыз ету және пайдаланылуын (басқарылуын) шектеу бойынша, оның ішінде оларға ауыртпалық салу арқылы шаралар қолданылады.

2.2. Қаржы секторындағы бәсекелестікті арттыру

Қазақстанның қаржы жүйесі нарықтық шоғырландырудың барынша жоғары деңгейімен сипатталады. Әсіресе, бұл елдің банктік және зейнетақы секторларына қатысты. Осындай үрдістердің болуы және Қазақстанның қаржы секторы үшін қазіргі дағдарыстың салдарлары аса ірі қаржы институттарының тәуекелдері бүкіл қаржы жүйесінің жай-күйіне жүйелік қысым көрсететін дәстүрлі теорияны тағы да растайды.

Мұндай жағдайларда дағдарыстан кейінгі дамудың негізгі басымдықтарының бірі қаржы секторындағы бәсекелестікті ынталандыру болып табылады. Мұның өзі тікелей шара ретінде бірінші кезекте банктердің капиталының ең төменгі мөлшерін біртіндеп ұлғайту қажеттілігін көздейді. Оларды ірілендіру және топтастыру не қаржы институттарының басқа түрлеріне қайта құру жаппай өнімдер бойынша ірі банктерге тиісті бәсекелестік көрсетуге қабілетті орташа банктердің нарықтық үлесінің өсуіне себепші болады. Сонымен қатар банктерді және банк өнімдерін дамытудың неғұрлым табысты шарты олардың бәсекеге қабілеттілігі болып табылады. Бұл сондай-ақ, әсіресе, аймақтарда банктік қызмет көрсетудің барынша ауқымды тізбесін қамтуды кеңейту және халықтың қол жетімділігі тұрғысынан алғанда маңызды.

Қазіргі заманғы бөлшек қаржы қызметін ұсыну, ең алдымен тиісті банкаралық инфрақұрылым жасау арқылы бүгінгі күні халық барынша талап ететін төлем қызметін ұсыну бойынша банктердің мүмкіндіктерін кеңейту үшін жағдайлар жасауға көңіл бөлінетін болады. Осы міндеттің шеңберінде негізгі күш-жігер тиімділікті және технологиялық үйлесімділікті арттыруға қол жеткізу мақсатында бөлшек төлемдердің қазіргі уақыттағы жекеленген және өзара әлсіз байланысқан инфрақұрылымының құрамдас бөліктерін шоғырландыруға бағытталады.

Қажет болған жағдайда қаржы секторына шетелдің қатысуын қаржы секторының әрбір сегменті бойынша жеке-жеке жиынтық жарғылық капиталдың 50%-ынан аспайтын мөлшерде шектеу жөніндегі мәселе қаралатын болады. Адал бәсекелестікті дамыту мақсатында қаржы нарығының барлық бөліктерінде бәсекелестіктің жеткілікті деңгейіне қол жеткізген кезде оның толық шығуына дейін мемлекеттің қатысуын қысқарту қамтамасыз етіледі.


2.3. Қаржы ұйымдарын реттеудегі контрциклдық қағидатын енгізу

Ағымдағы дағдарыс нәтижесінде әлемдік қаржы қауымдастығы жасаған және реттеу жүйесін жетілдіру мен осындай дағдарыстарға жол бермеу мақсатында бұдан әрі айрықша көңіл бөлуді талап ететін негізгі қорытынды реттеудегі проциклдықты барынша аз мәнге жеткізу болып табылады.

Осыған байланысты, қаржы секторын реттеу жөніндегі қызметтің басты бағыттарының бірі контрциклдық реттеу және қадағалау қағидаттарына, оның ішінде экономиканың белсенді өсуі кезеңінде провизияларды қалыптастыру, меншік капиталды, резервтерді және өтімділікті ұлғайту және құлдырау кезеңінде жинақталған әлеуетті пайдалану арқылы одан әрі өту болып табылады.

Меншікті капиталдың жеткіліктілігіне қойылатын талаптарды экономикадағы ахуалдың жақсаруына және бастапқы өсу белгілерінің пайда болуына қарай көтеру болжанады. Меншікті капиталдың жеткіліктілігін бағалау тәсілі сандық қана емес, сапалық тұрғыдан да жетілдірілетін болады, бұл қаржы ұйымдары капиталы құрылымының сапасын жақсартуды болжайды.

Жоғары тәуекелді операциялардың динамикалық өсуі, оларды шоғырландыру шектеледі және провизиялар мен резервтерді қалыптастыруға қойылатын талаптарды арттырудан көрініс табады. Қажет болған кезде шоғырландыру лимиттерінің белгіленуі, сондай-ақ тәуекел деңгейі жоғары операцияларды жүргізуге тікелей тыйым салулар енгізілуі мүмкін.

Кредиттік тәуекелді бағалау рәсімін оңтайландыру және провизиялардың барабар деңгейін қалыптастыру шеңберінде сондай-ақ контрциклдық тәсілді енгізу болжанады, ол тәсіл кезінде экономикалық өсу кезеңінде ықтимал шығынға резервтерді қалыптастыруға қойылатын талаптар арттырылады, ал құлдырау кезеңінде – төмендейді. Сондай-ақ стресс жағдайлары немесе күйзелістер басталған жағдайда резервтерді қалыптастыру енгізіледі. Қаржы ұйымдарының міндеттемелері бойынша күтілетін шығынды экономикалық құлдырау басталғанға дейін алдын ала тану олардың қаржылық жай-күйіне қысымды төмендете және рецессия кезеңінде қаржы өнімдерін ұсынуды қамтамасыз ете отырып, кірістің жақсы болуы сақталып отырған кезеңге дейін буферлер құруға өз үлесін қосады.

Қазіргі бар резервтерді ауыстыруға емес, арнайы резервтерді толықтыруға арналған динамикалық резервтер енгізілетін болады. Динамикалық резервтер нақты актив құнының шығынына қарсы, ал шартты міндеттеме жағдайында – қаржы ұйымының өз міндеттемелерін ықтимал орындауы бойынша шығынға қарсы құрылған резервтер деңгейінде күшті ауытқуларға теңдестіруші ықпал ететін болады. Қаржы ұйымдарының активтері мен міндеттемелерінің ұлғаюымен бір мезгілде арнайы да және динамикалық та резервтер құрылуы тиіс.

Кредиттік дүрбелеңмен қоса жүретін экономикалық өрлеу кезеңінде кредит бойынша маржа кредит берумен байланысты тәуекелдің бағалау деңгейінің төмендеуі салдарынан төмендеу үрдісіне ие болатын фактіні есепке ала отырып, банк қабылдайтын тәуекелдердің жинақталуы және барабар емес баға белгілеу жүргізіледі. Даму кезеңін бағалауға балама тәсіл ретінде бір жағынан, өтімділік пен капиталдандыру, екінші жағынан кредит бойынша маржа арасындағы кері байланыстың белгіленуі ықтимал. Бұл сондай-ақ банктер тартатын ресурстардың оңтайлы құнын белгілеуге әсер ететін болады.

Баланстан тыс міндеттемелердің өсуін ынталандырмауға қатысты шаралар қабылданатын болады. Бұл ретте бірінші кезеңде халықаралық ұйымдар ұсынған капитал жеткіліктілігіне кеңейтілген тәсілді есепке ала отырып капиталдандыруға қойылатын талаптар күшейтіледі. Кейіннен, егер осы шаралар күткен нәтижелерге әкелмесе, осындай операцияларға қатысты тікелей тыйым салуларды белгілеуге дейін, неғұрлым қатаң әрі батыл шаралар енгізілуі мүмкін.

Оффшорлық аймақтарда тіркелген тұлғалармен өзара іс-әрекетке қатысты қаржы ұйымдарын реттеудегі тәсілдерді күшейту болжанады.

Қаржы институттары өтімділігінің барабар деңгейін қалыптастыру мақсатында өтімділіктің жеткіліктілігін бағалау үшін сандық көрсеткіштер, бағдарлар және өлшемдер белгіленеді. Банктер салымшылардың сенімдерін жоғалтқан жағдайда белгіленген мерзім ішінде (демалыс күндер басталғанға дейін) міндеттемелерді орындауға қабілетті және қаржы нарығында жалғасып отырған шиеленіскен кезеңдер ішінде тұрақты күйінде қалуы тиіс. Өтімділік деңгейінің артуы сондай-ақ өтімділігі аз активтер бағасының құбылмалылығына күйзелістердің ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді.

Қаржы ұйымдарына қатысты сондай-ақ қаржылық левередж коэффициенттері белгіленетін болады, себебі оған тән проциклдық ағымдағы жаһандық қаржы дағдарысының бастапқы себептерінің бірі болып табылды және айтарлықтай теріс салдарларға алып келді. Бұл ретте левередждің проциклдық коэффициенттері жеке негізде, сондай-ақ шоғырландырылған негізде де белгіленетін болады.

Қорландыру және қайта қаржыландыру тәуекелдерін барынша азайту, сондай-ақ өтімділікті, оның ішінде валюталық өтімділікті жоғалтудың басқарылатын тәуекелдері бар міндеттемелердің құрылымын қалыптастыру мақсатында банктер міндеттемелерінің құрылымын қайта теңестіруге қойылатын талаптар белгіленеді. Ұйымдардың және нарықтардың елеулі зияндарын алдын ала ескерту, портфельдерінің тұрақтылығын бағалау мақсатында сақтандыру компанияларының инвестициялық портфельдерін иммунизациялау әдістері енгізілетін болады.

Уақыт аралығы бөлігінде банктердің валюталық өтімділігіне қадағалау күшейтіледі. Сонымен қатар, кредиттік тәуекелдің өтімділік тәуекеліне ықпалы активтері және тұрақты кірістері жоқ заемшыларға берілген валюталық кредиттерге қатысты провизияларды қалыптастыруға қойылатын неғұрлым қатаң талаптарды белгілеумен шектелетін болады.

Банктердің өтімділігін жақсарту және қайта қаржыландыру тәуекелін азайту бойынша шаралардың шеңберінде сыртқы қарыз алудың артық деңгейін төмендету көзделеді, бұл банктердің сыртқы борыштың жиынтық міндеттемелерге арақатынасын халықаралық практикада қабылданғаннан аспайтын мөлшерге жеткізуді болжайды. Өтімділікті қалыптастыру көздерін әртараптандыру мақсатында банктердің берілген кредиттердің депозиттерге оңтайлы арақатынасын ұстап тұру бойынша қосымша шаралар қабылданады.

Сондай-ақ контрциклдық қағидат бұдан әрі ең төменгі резервтік талаптарды қолдануға қатысты да дамитын болады.

Контрциклдық қағидат қаржы ұйымдарының инвестициялық портфелінің құрылымына және сапасына қолданылатын болады.


2.4. Күрделі қаржы құралдарын реттеу

Қаржы құралдары құрылымының күрделілігі және оларды шығару мен сатып алуға байланысты тәуекелдерді толық бағаламау да әлемдік қаржы жүйесінде жаһандық жүйелік тәуекелдердің үдемелі өсуінің алғышарттары болды.

Осыған байланысты құны мен тәуекелін бағалау барынша күрделі құрылымдық өнімдерді шығару мен сатып алуды реттеу қажет. Реттеу барысында оригинатордың (жасаушының) тәуекелді міндетті түрде толық немесе ішінара көтеру қағидаттары және тәуекелді қадағалау мүмкіндіктері іске асырылады. Шығаруға рұқсат етілген туынды қаржы құралдарының тізімі айқындалады, сондай-ақ туынды қаржы құралдары туралы ақпаратты көпшілікке ұсынуға және ашуға қойылатын талаптар белгіленеді. Қаржы институттарының қызметін капиталдандыру мен қорландыру мақсаттары үшін құрылымдық өнімдерді пайдалануға тікелей тыйым салу белгіленеді. Сыртқы нарықтарда тәуекелдерді хеджирлеу мәмілелерін тікелей шектейтін тетіктер енгізілетін болады. Ұйымдаспаған нарықтарда айналыста жүретін қаржы құралдарын шығаруға және сатып алуға шектеуді белгілеу бойынша шаралар қосымша қабылданатын болады. Алыпсатарлық сипаттағы туынды құралдармен мәмілелерді барынша азайту тетіктері әзірленетін болады.

2.5. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау рәсімдерін жетілдіру

Қадағалау тұжырымдамасы әлемдік практикада кеңінен пайдаланылатын, тәуекелдерді бағалауға негізделген тәсілге барынша жақындатылады. Реттеу практикасына тәуекелдер карталары енгізілетін болады. Стресс-тестинг, ертерек ден қою және тәуекелдерді шектеу бойынша жоспарларды әзірлеу рәсімдерін бұдан әрі жетілдіру болжануда.

Шоғырландырылған негізде қадағалауды бұдан әрі дамыту қадағалау, бағалау және қажет болуына орай жүйелік тәуекелдерге қатысты шаралар қабылдау үшін жекелеген банктік конгломерат институттарының және нарықтардың сенімділігіне негізгі көңіл бөлінетін реттеу мен қадағалау құрылымын бағдарға алатын болады. Банктік конгломераттарды реттеу мен қадағалау пруденциалдық реттеуді жетілдіру және банктік конгломерат қатысушылары ұшырауы ықтимал әлеуетті тәуекелдерді іс жүзінде анықтауға бағытталған топтарды инспекциялау арқылы күшейтілетін болады. Сондай-ақ басқа елдердің қадағалау органдарымен неғұрлым тығыз ынтымақтастық және олармен ақпарат алмасу арқылы трансшекаралық қадағалауды дамыту қамтамасыз етіледі.

Тәуекелдерді басқару деңгейін арттыру мақсатында қаржы ұйымдарындағы, сондай-ақ жекелеген қаржы өнімдері бойынша тәуекелдерді бағалаудың сандық және статистикалық әдістерін енгізуге және қолдануды кеңейтуге қойылатын талаптар біртіндеп арттырылатын болады.

«Ауқымды» коэффициенттер ғана емес, сонымен қатар кредит құнының кепілдікті қамтамасыз ету құнына арақатынасы сияқты неғұрлым айрықша көрсеткіштер белгіленеді деп болжануда. Контрциклдық қағидатына сәйкес экономикалық циклдің дамуына орай реттеуші осы коэффициентті өзгертуі мүмкін.

Барлық жүйелік маңызы бар қаржы институттарын, нарықтарын және құралдарын реттеу мен қадағалаудың тиісті дәрежесін айқындау мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) олардың мөлшерін, левереджді, басқа қаржы ұйымдарымен, нарықтармен және құралдармен өзара байланысын, күйзелістерді трансформациялау карталарын жасау әдістемесін, реттеуші ықпал етудің талдау құралдарын қоса алғанда, кең ауқымды факторларды есепке ала отырып, жүйелілікті немесе жүйе құрушылықты айқындау әдістемесін әзірлейді.



3-бөлім. Инвесторлардың және қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту

Қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушыларды қорғау, қаржы ұйымдарының тұрақтылығын арттыру арасындағы оңтайлы теңгерімді айқындау қажет. Бір жағынан алғанда, тиімді жұмыс істейтін қаржы секторы қаржылық қызмет көрсетуді пайдаланушылардың мүдделерін қорғаудың негізгі шарты болып табылады. Екінші жағынан алғанда, қаржы институттарының мүдделері мемлекеттік саясаттың мақсатты міндеттері мен басымдықтарына қайшы келмейтін тұрғыдан қорғалуы тиіс.

Тиісінше, қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың мүдделерін қорғаудың қолданыстағы практикасын бағалау жүргізіледі. Атап айтқанда, қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың құқықтық режимі және құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау практикасы күшейтіледі. Осы бағыт шеңберінде Қаржылық қадағалау агенттігі қаржылық қызмет көрсетудің стандарттарын әзірлейді, сондай-ақ оны қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың қаржы ұйымдарына жеке шағымдарын сотқа дейін реттеу жөніндегі өкілеттіктерін бір мезгілде бере отырып, қаржы нарығында дауларды реттеудің балама институтын – қаржы омбудсменін құрудың мақсатқа сай екендігі қаралатын болады.

Сондай-ақ қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың қызметтерді алу процесінде туындайтын талаптарын қаржы ұйымдарының қарау тәртібіне қойылатын талаптар белгіленеді.

Бағалы қағаздар нарығын заңнамалық деңгейде одан әрі дамыту мақсатында акционерлік қоғам жасайтын мәмілелер туралы ақпараттың айқындылығын арттыру, акционерлік қоғамды корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, инвесторлардың алдында бағалы қағаздар эмитенттерінің және лицензиаттардың қызметі туралы ақпараттың мәнін ашу арқылы акционерлік қоғамдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі күшейтіледі.

Манипуляциялық мәмілелерді бақылау және болдырмау бойынша, инсайдерлік ақпаратты пайдалану мен таратуға бақылауды күшейту бойынша, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың және сауда-саттық ұйымдастырушысының тәуекелдерін басқару жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жалғастырылады.

Қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылар мен қаржы ұйымдары арасында туындайтын қатынастарды реттейтін және қаржылық қызмет көрсетуді тұтынушылардың тиісті сападағы қызметті сатып алуға, қызмет көрсету туралы шынайы және айқын ақпаратты алуға, ағартуға, олардың мүдделерін мемлекеттік және қоғамдық қорғауға арналған құқықтарын белгілеуге, сондай-ақ осындай құқықтарды іске асырудың тетігін айқындауға және қаржы ұйымдарымен жасалған шарттарға талаптарды белгілеуге мүмкіндік беретін заңнамалық база жетілдіріледі.

Жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру жүйесінің тұрақтылығын ұлғайту үшін қатысушы банктердің күнтізбелік жарналарды төлеудің барынша консервативтік жүйесі енгізілетін болады. Тәуекелді және агрессивті стратегияларды қолдайтын банк, өз тәуекелдерін барынша азайту бойынша шаралар қабылдайтын басқа қатысушы банктерге қарағанда, әсіресе экономикалық циклдің көтеріңкі фазасы жағдайында көбірек төлеуі тиіс.

Сақтандыру нарығында сақтандыру төлемдерінің кепілдік беру жүйесіне тартылған сақтандыру сыныптарының (түрлерінің) аясын кеңейту мүмкіндігін қарастыру қажет.

Халықтың қаржылық сауаттылығын және инвестициялық мәдениетін арттыру мақсатында ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу бойынша жұмыс жалғастырылады.

Қаржы институттарының, олардың қызметкерлерінің, аффилиирленген тұлғалардың, сондай-ақ олармен өзара іс-әрекет жасайтын Қазақстандық қаржы ұйымдарының лауазымды тұлғаларының (Қазақстандағы қызметке толық тыйым салуды қоса алғанда) қызметіне, егер олардың қызметі заңда белгіленген тәртіппен заңсыз деп танылса және Қазақстанның қаржы ұйымдарының қаржылық жай-күйіне және беделіне айтарлықтай зиян келтірсе (бірінші кезекте, Қазақстандық қаржы ұйымдары активтерінің шетелге шығуы бойынша схемалар құруы есебінен) қатаң шектеулер енгізілетін болады.

Осыған байланысты осындай схемаларды құруға қатысқан қаржы институттарының, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың «қара тізімі» жасалынады және тиісінше, олардың Қазақстандағы қызметі заңнамалық тұрғыдан шектеледі не тыйым салынады. Бұл ретте шығарылған активтер Қазақстанға қайтарылған жағдайда мұндай шектеулерден босату мүмкіндігі берілетін болады.

Бұдан басқа, іс-әрекеттері (әрекетсіздіктері) нақты айқындалған өлшемдер негізінде дефолтқа әкелген эмитенттердің, олардың акционерлерінің, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың «қара тізімін» қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылатын болады.


4-бөлім. Корпоративтік басқару сапасын және қаржы ұйымдары қызметінің айқындылығын арттыру




4.1. Тәуекел-менеджмент, ішкі бақылау және корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру

Жалпы әлемдік ұсыныстарды ескере отырып қаржы ұйымдарында ішкі бақылау мен тәуекел-менеджментінің тиімді жүйесін жасауға тұжырымдама және тәсілдер айтарлықтай қайта қаралады. Сонымен бір мезгілде қадағалау органының қаржы ұйымдары қолданатын осы тәуекелдерді басқару мен корпоративтік басқару жүйелерінің сапасын және тиімділігін бағалау тәсілдері мен рәсімдері, оның ішінде тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін өзін-өзі бағалау бойынша қосымша талаптар белгілеу арқылы жетілдіріледі.

Қаржы ұйымдарында тәуекел-менеджментті күшейту және корпоративтік басқаруды күшейту мақсатында мынадай мәселелер қайта қаралады:


  1. қаржы ұйымдары менеджментінің міндеттерін, өкілеттіктерін және жауапкершілігін нақты бөлу;

  2. қаржы ұйымының бөлімшелері арасында жедел өзара іс-әрекет тетігін реттеу;

  3. қызметті жүзеге асыру кезінде шешімдер қабылдаудың барынша тиімді тәртібін қамтамасыз ету;

  4. қаржы нарығында қызметті жүзеге асыруға байланысты тәуекелдерге рұқсат етілген лимиттерді айқындау бөлігінде барынша «қолданбалы» талаптарды белгілеу;

  5. қаржы ұйымының стресс-тестингті қолдану және экономикалық капиталды жоспарлау рәсімдерін жетілдіру.

Сонымен қатар, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесі шеңберінде заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) болдырмау және терроризмді қаржыландыру рәсімдері, сондай-ақ қаржы ұйымдарындағы сыйақы және материалдық ынталандыру саясаты жетілдіріледі.

Қаржы ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби этикасының үлгі кодексін жетілдіру, оны әрбір қаржы ұйымының қабылдауы қажет. Бұл кодекс қаржы ұйымы, оның клиенттері мен акционерлері арасында мүдделер қақтығысы болған кезде туындайтын проблемалық мәселелерді реттеуі тиіс.

Тәуекелдерді басқару және корпоративтік басқару жүйелерінің сапасы және тиімділігі қаржы ұйымдары тарапынан агрессивті саясатты немесе алыпсатарлық практика көріністерін болдырмауға, сондай-ақ қаржы ұйымдарын басқару органдары сияқты тәуекел-менеджмент бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлерінің жауапкершілігіне және біліктілігіне негізделеді.

Қаржы ұйымдарының директорлар кеңесінің мүшелеріне олардың жоғары кәсіби деңгейін қамтамасыз етуге, компаниялардың қызметін жүйелі бағалау үшін тәуелсіз салалық мамандарды тартуға, заңнаманы сақтау мақсатында директорлар кеңесіне есеп беретін комитеттер құруға, ұйымдардың басшы құрамына сыйақы тағайындауға қатысты бөлігінде қойылатын талаптарды күшейту қажет. Сонымен бірге директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшелерінің үлесін ұлғайтудың мақсатқа сәйкестігі қарастырылады. Жауапкершілікті арттыру мақсатында директорлар кеңесінің әрбір тәуелсіз мүшесіне нақты жауапкершілік салалары және директорлар кеңесіне есеп беретін тиісті комитеттерді басқару бекітілетін болады. Тәуелсіз директорларды сайлау тәртібіне қойылатын заңнамалық талаптарды кеңейту, бірнеше ұйымда тәуелсіз директордың функцияларын бір мезгілде орындау бөлігінде шектеу белгілеу, сондай-ақ Қаржылық қадағалау агенттігіне тәуелсіз директорларды номинациялау не тиісті қаржы ұйымының ерекшеліктеріне және мемлекеттің мүддесіне орай оларды таңдап алу үшін бірнеше кандидатураларды ұсыну құқығын беру практикасын енгізу болжанады.

Бағалау қызметі саласында қаржы және нақты активтерді бағалау сапасына және оның тәуелсіздігіне қойылатын талаптар олардың иелері – заемшылардың және сол сияқты қаржы институттары – инвесторлардың/кредиторлардың өзара мүдделерін сақтау мақсатында арттырылатын болады. Заңнамалық тұрғыдан кәсіби бағалаушылардың жауапкершілігі бекітіледі. Бағалау қызметінің халықаралық стандарттарын енгізу және олардың сақталуына реттеу мен бақылаудың тиімді жүйесін құру қажет.

Аудиторлық ұйымдардың халықаралық аудит стандарттарын енгізуі мен сақтауына және аудиторлардың біліктілігін арттыруына бақылауды күшейту талап етіледі. Сондай-ақ қаржы ұйымдарының аудитін жүзеге асыратын қазақстандық аудиторлық компанияларға қойылатын талаптар қызметкерлердің біліктілік деңгейіне, сондай-ақ тартылатын тәуелсіз сарапшылардың құзыреттілігіне қатысты күшейтіледі.




4.2. Қаржы ұйымдары қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету

және олардың қаржы жағдайы туралы ақпаратты ашып көрсету

Қаржы институттарының айқындылығын арттыру мақсатында қаржы институттарында стресс-тестеудің жүйелік күйзелістер туындаған жағдайда жоспарлы іс-шаралар кешенінің, инвестициялау стратегиясы және портфельдің құрылымы (зейнетақы қорларына қатысты), ұйымдардың басқарушы менеджментіне бонустар төлеу жүйесінің нәтижелері туралы ақпаратты тарату бойынша шаралар қабылданады.

Сонымен қатар Қаржылық есептілік депозитарийіне берілетін ақпарат спектрін кеңейту мәселесі қарастырылады.

Қаржы ұйымдары басшыларының бонустық жүйесіне қатысты акционерлер үшін барынша айқындылықты және ықпал ету мүмкіндігін, оның ішінде жеке сыйақыларды жан-жақты баяндауға кепілдік беретін реттеу режимі енгізіледі. Жекелеген қызметі үшін басшыға төленген «нақты және маңызды» қосымша сыйақы туралы, басшыға берілген акциялардың саны туралы, сондай-ақ ұсынылған опциондар туралы ақпараттың мәні ашылатын болады.

Қаржы ұйымдары басшыларының сыйақы саясаты компанияның стратегиялық мақсаттарына және оның жұмысының тиімділік көрсеткіштеріне, сондай-ақ оның қаржы тұрақтылығының көрсеткіштеріне байланысты болады. Материалдық ынталандыру саясаты қаржы ұйымдарының басшыларын қысқа мерзімде пайданы алуға емес, ұзақ мерзімді мақсаттарға орай пайданы қамтамасыз етуге ынталандыруы тиіс. Сондықтан қаржы ұйымының бизнес-стратегиясы және оның тәуекелдерге тұрақтылығы басты бағдар болып табылады. Егер тәуекелдердің ұзақ мерзімді кезеңде көріну ықтималдылығы жоғары дәрежеде болса, төлемдер қысқа мерзімді кезеңде жүзеге асырылмайды. Тиісінше, төлемдердің мерзімі кейінге қалдыру сипатында болуы мүмкін.

Менеджменттің сапасын арттыру және акционерлік қоғамдардың лауазымды тұлғаларының фидуциарлық (дербес) жауапкершілігін күшейту үшін қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлеріне және ірі акционерлеріне, оның ішінде мінсіз іскерлік беделін айқындау өлшемдерін жетілдіруге қатысты талаптары заңнамалық деңгейде қатаңдатылатын болады. Қылмыстық жауапкершілікпен қоса, жауапкершілік атқаруға дайын болу лайықты сыйақылармен және құқықтармен теңгерілуі тиіс. Қаржы ұйымының басшысы ұйымды банкроттыққа дейін әдейі жеткізген жағдайда осы тұлғаға қатысты кез келген қаржы ұйымдарында басшылық қызметті атқаруға және қаржы ұйымының қызметіне акционер ретінде қатысуға өмір бойы тыйым салуды енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Тұлғалардың осы санатын кеңейтуге қатысты «аффилиирленген тұлғалар» ұғымын айқындау нақтыланады.


4.3. Қаржы құралдарын бағалау жүйесін жетілдіру

Қаржы құралдарын бағалаудың қолданылып жүрген жүйесі халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының қағидаттарына негізделеді, оларға сәйкес қаржы құралдарын бағалау әділ нарықтық құны бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Жинақтаушы зейнетақы қорларын және инвестициялық қорларды қоса алғанда, институционалдық инвесторлардың қызметін бағалау оның ішінде активтерді басқарудан алынған кірістердің мөлшерін ескере отырып жүзеге асырылатын болғандықтан, инвестициялық портфельдің құрамына кіретін қаржы құралдарын бағалаудың қолданылып жүрген жүйесі барлығы үшін бірыңғай болуы және қаржы құралының объективті әділ құнын көрсетуі тиіс.

Ағымдағы жағдайларда белсенді нарығы жоқ және тиісінше әділ нарықтық құнын айқындау мүмкін болмайтын қаржы құралдарын бағалау бойынша мәселе анағұрлым өткір болып отыр. Осындай қаржы құралдарын барабар бағалау тетігін анықтау үшін барлық қатысушыларға әртүрлі критерийлер мен қағидаттарды пайдалана отырып қаржы құралдарының әділ құнын айқындауға, сондай-ақ институционалдық инвесторлардың портфеліндегі жекелеген қаржы құралдарының құнсыздану жүйесін бірегейлендіруге мүмкіндік беретін әдістеме әзірленеді.


5-бөлім. Жүйелік тәуекелдерді реттеу және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы

Орта мерзімді болашақта сәйкессіздіктердің жинақталуын, нақты және қаржы активтері нарығындағы «көпіршіктердің» пайда болуын ерте анықтау және болдырмау, сондай-ақ жүйелік тәуекелдерді барынша азайтудың оңтайлы тетігін әзірлеу өзекті бағыт болып табылады. Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың болашақ моделі макропруденциалдық реттеу жүйесін іске асыруға бағытталады.

Макропруденциалдық реттеу ұғымы:

1) тұтастай алғанда жекелеген қаржы институттарының ұжымдық біртекті іс-қимылдары нәтижесінде туындайтын қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерін реттеуді;

2) институттарды олардың мәнділігі және олардың жүйе құрайтын сипатына байланысты әр түрлі реттеуді (барлық қаржы институттарына қатысты бірыңғай нормаларды белгілеуді болжайтын микропруденциалдық тәсілден өзгеше) білдіреді.

Макропруденциалдық реттеудің міндеті объектілер (қызмет, нарықтар) және жүйелік сипаттағы, қаржылық тұрақтылықты айқындайтын талаптарды бұзуға және экономикалық ахуалды тұрақсыздандыруға қабілетті тәуекел аймақтары бойынша басты шешімдерді айқындау болып табылады.

Осы мақсатпен қаржы тұрақтылығын және макропруденциалдық реттеуді жүзеге асыруды қамтамасыз етуге жауапты орталық орган ретінде Ұлттық Банктің рөлі күшейтілетін болады.

Ұлттық Банктің тікелей құзыретіне шешімдер қабылдау кезінде алқалылық қағидатын сақтай отырып мынадай мәселелер жатқызылатын болады:



  1. жүйелік тәуекелдерді пруденциалдық реттеудің және тиісті нормативтерді қолданудың негізгі секторалды қағидаттарын, тәсілдерін айқындау;

  2. жүйелік тәуекелдерді материалдандырған жағдайда дағдарысқа қарсы басқару шараларын және зиянды барынша азайту тетіктерін әзірлеу.

Шешімдер қабылдау жүйесі Ұлттық Банк бекіткен қаржы тұрақтылығы индикаторлары базасында тәуекелдерді ерте анықтау рәсімдерін, қаржы жүйесінде тәуекелдердің бөлінуін бағалауды, экономиканың қаржы және нақты секторларындағы тәуекелдердің өзара байланысын және жүйе құрайтын қаржы институттарының мәнділігін ескере отырып, жүйенің ықтимал шығындарды қаржы тұрақтылығы үшін айтарлықтай зиянсыз сіңіру қабілеттілігіне талдауды негізге алады.

Реттеу жүйесін іске асыру барлық қаржы институттарының Қаржылық қадағалау агенттігінің қадағалануында болатынын және есеп беретінін сақтай отырып, микропруденциалдық реттеу шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Макропруденциалдық реттеу жүйесін тиімді іске асыру және қабылданатын шешімдерді үйлестіруді арттыру мақсатында Ұлттық Банк Қаржылық қадағалау агенттігімен бірлесіп банктерді пруденциалдық реттеу шеңберінде негізгі мәселелерді пысықтау кезіндегі қосарлануды болдырмайтын және Қаржылық қадағалау агенттігі мен Ұлттық Банктің өкілеттіктерін функционалды бірін-бірі толықтыратын өзара іс-қимылдардың тиісті рәсімдерін бекітеді.

Реттеушілер қызметінің және әртүрлі тетіктер арқылы қабылданатын шешімдердің, мысалы дауыс беру рәсімін көпшілікке жариялау, айқындылығын арттыру жөнінде қажетті шаралар қосымша қабылданады.

Бұл тәсіл Қаржылық қадағалау агенттігі мен Ұлттық Банктің іс-қимылдарының оралымдылығын және өзара келісімділігін қамтамасыз етеді, бұл тұтастай алғанда банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді және мемлекеттік ауқымда қаржы тәуекелдері мен қаржы жүйесінің тәуекелдерін елеулі түрде барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Жүйелік тәуекелдерді азайтудың екінші негізгі бағыты нарықтың қаржы ресурстарын алмастыруға қабілеттілігін, мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың тиімділігін және тұрақты экономикалық өсудің экономикалық саясатын іске асыру үшін қаржы делдалдығы институттарын пайдалануда мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделерін ескере отырып, мемлекеттің банк жүйесінен бірте-бірте шығуын қамтамасыз ету болады.

Мемлекет бұрын болжанған мерзімнен барынша ұзақ мерзімге банктердің негізгі кредиторы болуға мәжбүр бола отырып, мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттерін іске асыру кезінде агенттер ретінде болатындардан басқа, орта мерзімді болашақта қаржы институттарының акционері болып қалуды жоспарламайды. Мынадай қағидаттарға негізделген шығу стратегиясы айқындалады:


  1. бір жағынан, салық төлеушілердің салынған ресурстарын сақтап қалу - экономикалық пайданы алу міндеттерінің теңгерімін ескере отырып мемлекеттің банктердің капиталына қатысуын іске асырудың баға критерийлерін, екінші жағынан, инвесторлардың ұзақ мерзімді экономикалық мүддесін жасауын бағалау;

  2. орта мерзімді болашақта банкті капиталдандыруды бұдан әрі ұлғайту кепілдігі болған кезде ішкі және сыртқы инвесторлар арасында кемсітушіліктің болмауы;

  3. жүйенің кәсіпорындар қаражатының және халықтың жинақ ақшасының қажетті көлемін тарту қабілеттілігін ескере отырып, банктерге экономиканың нақты секторын қаржыландыруға берілген ресурстарды қайтарудың нақты орта мерзімді жоспарын айқындау;

  4. қаржы институттарының стресті активтер нарығын құруға және Стресті активтер қоры арқылы проблемасы бар несие берешегін басқару институттарын дамытуға белсенді көмек көрсету;

  5. банктердің мемлекет индустриялық саясат шеңберінде бөлетін қаржы ресурстарын заемшылар арасында кредиттік тәуекелдің тиімді деңгейі жағдайында, экономиканың жекелеген секторларын қаржыландыруда таңдауды және артықшылықты болдырмауда тең бөлу қағидатын ұстауы.


Қорытынды ережелер

Осы Тұжырымдаманы іске асыру елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі, сондай-ақ қаржы секторының тұрақты дамуы және оған деген сенімді нығайту үшін жағдайлар жасау жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін қаржы ресурстарын тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар дағдарыстан кейінгі кезеңде қаржы секторын дамыту жөніндегі іс-шаралардың толық болуы мен жан-жақты аясы қолданыстағы Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын пысықтау кезінде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте жаһандық қаржы дағдарысы сабақтарынан шыға отырып, халықаралық институттар мен ұйымдардың әзірленіп жатқан ұсынымдарын ескеру қажет.

Осы Тұжырымдаманың іс-шаралары қаржы секторының барлық сегменттерінің дамуына ықпал етеді. Атап айтқанда, банк жүйесі активтерінің дағдарысқа дейінгі деңгейінде жалпы ішкі өнімге арақатынасы көрсеткішіне жетуі және одан асып кетуі банк секторының қалпына келуін сипаттайтын көрсеткіштердің бірі болады. Бұл ретте активтердің құрылымы мен сапасы қаржы құралдарының салалары мен түрлерін әртараптандыру жағына қарай айтарлықтай түрін өзгертетін болады.

Мемлекет қаржы секторын қалпына келтіру үшін барлық жағдайларды жасайтын болады, бұл, өз кезегінде, тұтастай алғанда елдің экономикасының бұдан әрі дамуының қозғаушы күштерінің бірі болады. Қалпына келтіру кезеңінде мемлекеттік қолдау сақталады, өйткені қаржы институттарының әлі де инвестициялық қаражатқа деген бар сұранысты өздігінен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ. Қалпына келтіру барысына қарай тікелей мемлекеттік ықпал етудің рөлі жеке бастамаға бірте-бірте жол бере отырып төмендейді.



_______________________________




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет