Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің



бет1/4
Дата16.06.2016
өлшемі0.76 Mb.
#138680
  1   2   3   4
Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 қарашадағы № 1296 Қаулысы

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 98-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар бекітілсін.
      2. «Қазақстан Республикасының Біртұтас авиациялық іздеу-құтқару қызметі (БАІҚҚ) туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 4 қаңтардағы № 13 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы


Үкіметінің     
2011 жылғы 4 қарашадағы
№ 1296 қаулысымен 
бекітілген    

Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен
қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 № 1353 қаулысымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі).



1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе ұшыраған әуе кемелерін (бұдан әрі – ӘК), сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіруді және құтқаруды ұйымдастыру тәртібін айқындайды.


      2. Осы Қағидалардың ережелері Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды қамтамасыз етудің іздестіру-құтқару қызметін бірлесіп құратын барлық мемлекеттік органдардың, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарының, іздестіру-құтқару командаларының, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерінің, ӘК мен әуежайларды пайдаланушылардың арасында жауапкершілікті бөлу және іс-шараларды ұйымдастыру арқылы іске асырылады және қамтамасыз етіледі. Ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз ету қызметінің ұйымдастырушылық схемасы осы Қағидаларға 1-қосымшада келтірілген.
      3. Осы Қағидаларда:
      1) авариялық хабардар ету тәртібі, апатқа ұшырау жағдайындағы немесе ұшыраған әуе кемелерін, сондай-ақ олардың жолаушылары мен экипаж мүшелерін іздестіруді және құтқаруды ұйымдастыру схемасы;
      2) персоналға және әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарын, іздестіру-құтқару командаларын, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару қызметтерін, әуе кемелері мен әуежайларды пайдаланушыларды қажетті жабдықпен және байланыс құралдарымен жарақтандыруға қойылатын талаптар;
      3) іздестіру-құтқару операцияларын (жұмыстарын) (бұдан әрі – ІҚО (Ж)) жүргізу жоспарын әзірлеу, келісу және бекіту тәртібі;
      4) барлық мемлекеттік органдардың, әуе қозғалысына қызмет көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарының, мемлекеттік органдардың іздестіру-құтқару командаларының, авариялық-құтқару қызметтерінің, ӘК және әуежайларды пайдаланушылардың арасында іздестіру мен құтқаруды қамтамасыз ету бойынша жауапкершілікті бөлу және іс-шараны ұйымдастыру;
      5) азаматтық авиация ұйымдары ІҚО (Ж) жүзеге асырған және оларды қамтамасыз етуге қатысқан жағдайда, олардың шығындарын өтеу тәртібі айқындалады.
      4. Осы Қағидаларда мынадай анықтамалар пайдаланылады:
      1) авариялық кезең – әртүрлі жағдайлар кезіндегі айқынсыздық кезеңін, алаңдаушылық кезеңін немесе апат кезеңін білдіретін жалпы термин;
      2) авариялық жағдай – әуе кемесін мәжбүрлі түрде қондыру қажет болатын ұшудағы ерекше жағдай немесе апаттық жағдайға ұласып кетуді болғызбау үшін экипажға физикалық және психологиялық ауыртпалық түсіретін және одан жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін жағдай;
      3) алаңдаушылық кезеңі – оның кезінде әуе кемесі мен оның бортындағы адамдардың қауіпсіздігі үшін қауіп бар жағдай;
      4) апат кезеңі – әуе кемесіне және оның бортындағы адамдарға елеулі және тікелей қауіп төніп тұрғанына немесе жедел көмектің талап етілетіндігіне негізді сенімділіктің болуымен сипатталатын жағдай;
      5) айқынсыздық кезеңі – әуе кемесінің және оның бортындағы адамдардың қауіпсіздігіне қатысты сенімсіздіктің болуымен сипатталатын жай-күй;
      6) галс – әуе кемесінің бұрылыстан бұрылысқа дейінгі жол сызығы;
      7) жердегі іздестіру-құтқару командасы (бұдан әрі – ЖІҚК) – арнайы оқытылған персоналдан тұратын және ІҚО (Ж) жүргізуге арналған жабдықтармен жарақталған команда;
      8) квадрат – іздестіру мен құтқару ауданының шекараларындағы төрт жағы бірдей тікбұрыш нысанындағы жер;
      9) қауіпті жүктер – денсаулық, қауіпсіздік, мүлік немесе қоршаған орта үшін қатер туғызуы мүмкін және «Қауіпті жүктерді әуемен қауіпсіз тасымалдау жөніндегі техникалық нұсқаулықтың», ИКАО, ДОС 9284 АN-905, қауіпті жүктер тізбесінде көрсетілген бұйымдар немесе заттар;
      10) құтқару – апатқа ұшырау жағдайындағы адамдарды құтқару, оларға алғашқы медициналық немесе өзге де көмек көрсету және оларды қауіпсіз орынға жеткізу мақсатындағы операция;
      11) парашюттік-десанттық құтқару тобы (бұдан әрі – ПДҚТ) – мемлекеттік авиацияның ІҚО (Ж) жүргізу үшін арналған жарақтармен жасақталған және іздестіру-құтқару әуе кемесінің персоналы құрамына кіретін авиациялық құтқарушылардан тұратын топ;
      12) тіркеу мемлекеті – тізіміне ӘК енгізілген мемлекет;
      13) Іздестіруді және құтқаруды үйлестіру орталығы (бұдан әрі – Үйлестіру орталығы) – іздестіру-құтқару қызметінің жұмысын тиімді ұйымдастыруға жәрдем көрсету үшін, Қазақстан Республикасының іздестіру және құтқару аудандарының шегінде ІҚО (Ж) жүргізуді үйлестіру үшін жауапты орган;
      14) Щ-код – ӘК экипажы мен әуе қозғалысына қызмет көрсету (бұдан әрі – ӘҚҚ) және әуе қозғалысын басқару (бұдан әрі – ӘҚБ) органдарының диспетчерлері арасындағы, сондай-ақ әуежайлар арасындағы байланыс үшін кодтық таңбалау мен қысқарту;
      15) іздестіру мен құтқарудың авиациялық күштері мен құралдары – экипаждары және құтқару мен тіршілікті қамтамасыз ету құралдары бар ӘК, авариялық-құтқару мүлкі мен жарақтары, сондай-ақ апат орнына оларды қондыру құралдары (парашют жүйелері, құтқару контейнерлері, парашют тұғырнамалары) бар ПДҚТ және ЖІҚК;
      16) іздестіру мен құтқарудың қосалқы орталығы (бұдан әрі – Қосалқы орталық) – Үйлестіру орталығына бағынатын, соңғысын толықтыру үшін құрылған орган;
      17) іздестіру – әдетте Үйлестіру орталығы немесе Қосалқы орталық үйлестіретін, қолда бар персонал мен апатқа ұшырау жағдайындағы адамдардың орналасқан орнын анықтауға арналған құралдар пайдаланылатын операция;
      18) ІҚО (Ж) – апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару мақсатында жүргізілетін іс-шаралар кешені;
      19) іздестіру-құтқару ӘК – ІҚО (Ж) жүргізу үшін арналған арнайы жабдықпен және арнайы мүлікпен жарақтандырылған кез келген ӘК, сондай-ақ арнайы жабдықтарсыз ІҚО (Ж) жүргізуге тартылатын ӘК;
      20) іздестіру-құтқару қызметі – авариялық мониторинг, байланыс, үйлестіру, іздестіру мен құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету немесе мемлекеттік және жеке меншік ресурстарды, оның ішінде өзара іс-қимыл жасайтын әуе, теңіз және басқа да кемелер мен қондырғыларды пайдалана отырып, медициналық себептер бойынша эвакуациялау функцияларын жүзеге асыру;
      21) іздестіру-құтқару күштері мен құралдары – олардың экипаждары, құтқару және тіршілікті қамтамасыз ету құралдары бар іздестіру-құтқару әуе кемелерін, авариялық-құтқару мүлкі, оларды апат орнына жеткізу жарақтары мен құралдары бар ПДҚТ және ЖІҚК, байланыс, бақылау және басқару органдары мен пункттерін қамтитын ұғым;
      22) мемлекеттік авиация басқармасының пункті – мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі;
      23) іздестіру және құтқару ауданы (бұдан әрі – ІҚА) – оның шегінде ІҚО (Ж), сондай-ақ іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының кезекшілігі қамтамасыз етілетін айқындалған көлемдегі аймақ;
      24) NОТАМ – электр байланысы құралдарымен таратылатын және кез келген аэронавигациялық жабдықты, қызмет көрсету мен қағидаларды қолданысқа енгізу, олардың жай-күйі немесе өзгерісі туралы ақпаратты немесе олар туралы уақтылы ескертудің ұшуларды орындауға байланысты персонал үшін маңызды мәні бар қауіп туралы ақпаратты қамтитын хабарлама;
      25) ІҚО (Ж) жүргізу орнындағы үйлестіруші – нақты бір ауданда ІҚО (Ж) үйлестіру үшін тағайындалған адам;
      26) ІҚО (Ж) үйлестіруші – нақты орын алған немесе болжамды авариялық жағдайға байланысты ден қою шараларын үйлестіру үшін уақытша тағайындалған лауазымды адам;
      27) ӘК үйлестіруші – ІҚО (Ж) үйлестірушіге және ІҚО (Ж) жүргізу орнындағы үйлестірушіге қолдау көрсету мақсатында бірнеше ӘК-нің ІҚО (Ж) қатысуын үйлестіретін адам немесе адамдар тобы;
      28) КОСПАС-САРСАТ жүйесі – 406 МГц жиілігінде сигналдар тарататын авариялық маяктарды анықтау үшін арналған халықаралық спутниктік жүйе.
      5. Іздестіру және құтқару мыналарды қамтиды:
      1) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе ұшыраған ӘК туралы іздестіру-құтқару қызметінің авариялық хабардар етуі;
      2) ІҚО (Ж) ұйымдастыру және жүргізу;
      3) іздестіру мен құтқарудың авиациялық күштері мен құралдарын басқару.
      6. Іздестіру және құтқару мақсаттары үшін азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдардың, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның иелігіндегі органдар мен ұйымдардың іздестіру мен құтқаруды жүзеге асыру жүктелген басшылары ұшуларды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді ұйымдастырады.
      7. Ұшуларды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз ету мыналарды қамтиды:
      1) ӘҚҚ (ӘҚБ) органдарының іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының кезекшілігін ұйымдастыру;
      2) іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын авариялық-құтқару мүлкімен және жарағымен жарақтандыру;
      3) ӘК және ұшқыштар құрамын құтқару және тіршілікті қамтамасыз ету құралдарымен жарақтандыру.
      8. ІҚО (Ж) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған ӘК жолаушылары мен экипаждарын құтқару мақсатында ұйымдастырылып, жүргізіледі.
      Олар мыналарды қамтиды:
      1) кезекші іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының ұшып шығуын (шығуын) ұйымдастыру;
      2) іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын басқару, олардың өзара әрекет етуін ұйымдастыру және күшейту;
      3) апатқа ұшыраған ӘК-ні іздестіру;
      4) ӘК ішінен зардап шеккендерді шығару және оларға алғашқы медициналық көмек көрсету;
      5) адамдарды апат орнынан, соның ішінде медициналық мекемелерге эвакуациялау.
      9. Іздестіру мен құтқару Қазақстан Республикасының барлық аумағында ұйымдастырылады, онда іздестіру мен құтқару аудандары белгіленеді. Іздестіру мен құтқару аудандарының шекаралары ұшу ақпаратындағы аудандармен не болмаса жергілікті диспетчерлік пункттердің не болмаса салалардың немесе іздестіру-құтқару ӘК іс-қимылдары радиустарының жауапкершілік аудандарына сәйкес келеді.
      10. Қазақстан Республикасынан тысқары жерде авиация ұшуларын іздестіру-құтқарумен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын тиісті халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.
      11. Шет мемлекеттердің ӘК ұшуын Қазақстан Республикасының аумағында іздестіру-құтқарумен қамтамасыз ету Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға сәйкес Қазақстан Республикасының ӘК тең негізде жүзеге асырылады.

2. Барлық мемлекеттік органдардың, әуе қозғалысына қызмет
көрсету, әуе қозғалысын басқару органдарының, іздестіру-құтқару
командаларының, мемлекеттік органдардың авариялық-құтқару
қызметтерінің, әуе кемелерін пайдаланушылар мен әуежайлардың
арасында іздестіру мен құтқаруды қамтамасыз ету бойынша
жауапкершілікті бөлу және іс-шараларды ұйымдастыру

      12. Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуге жалпы басшылықты Үйлестіру кеңесі жүзеге асырады.


      Үйлестіру кеңесі консультациялық-кеңесші орган болып табылады және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдардың бірлескен шешімімен құрылады.
      Үйлестіру кеңесін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның өкілі басқарады.
      Үйлестіру кеңесінің құрамына кіретін лауазымды адамдар іздестіру мен құтқаруды үйлестірушілер болып табылады, олар іздестіру-құтқару қызметін құру және оның жұмысын қамтамасыз ету және аталған қызметтің жұмысын жоспарлауды тиісті түрде үйлестіру үшін жауапты болады.
      Үйлестіру орталығын құрамы мен жұмыс тәртібі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның, азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдардың, құрамына авиациялық бөлімшелер кіретін басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен шешімімен айқындалады.
      13. Үйлестіру кеңесі мынадай функцияларды атқарады:
      1) министрліктердің, ведомстволардың, ӘК пайдаланушылардың авиациялық оқиға орын алған жағдайда іздестіру мен құтқаруды, апатқа ұшырау жағдайындағы адамдарға көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерін үйлестіреді;
      2) Қазақстан Республикасы экономикасының түрлі саласындағы авариялық-құтқару қызметтерімен өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастырады;
      3) шет мемлекеттердің іздестіру-құтқару қызметтерімен бірлесіп, ІҚО (Ж) және іздестіру-эвакуациялау жұмыстарын жүргізуге арналған келісімдер мен шарттарды қарайды;
      4) іздестіру, құтқару және эвакуациялаудың жаңа техникалық құралдарына тапсырыстарды әзірлеу, беру және оларды пайдалануға беру кезінде бірыңғай техникалық саясат жүргізеді, сондай-ақ іздестіру-құтқару техникасы мен жарақтарының жаңа үлгілерін сынақтан өткізуге қатысады;
      5) Қазақстан Республикасы авиациясының ұшуларын іздестіру-құтқарумен қамтамасыз етуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарайды;
      6) іздестіру-құтқару ӘК экипаждарын, ПДҚТ, ЖІҚК персоналдарын даярлау бағдарламаларын (курстарын) қарайды;
      7) іздестіру мен құтқару аудандарының, мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиацияға қатыстылығына қарай іздестіру-құтқару әуе кемелерінің, күштері мен құралдарының кезекшілігін ұйымдастыру аудандарының шекараларын белгілейді.
      14. ІҚО (Ж) жүргізу кезінде қызметтердің іс-қимылдарын үйлестіруді қамтамасыз ететін жедел орган – Үйлестіру орталығы болып табылады. Апатқа ұшырау жағдайындағы (апатқа ұшыраған) мемлекеттік әуе кемелерінде ІҚО (Ж) жүргізу тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік авиацияның Қосалқы үйлестіру орталығы (бұдан әрі – мемлекеттік авиацияның ҚҮО) құрылады.
      15. Үйлестіру орталығы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның шешімімен аэронавигациялық ұйымның Әуе қозғалысын жоспарлау бас орталығының базасында құрылады және тәулік бойғы негізде тұрақты жұмыс істейді.
      Мемлекеттік авиацияның ҚҮО мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның шешімімен мемлекеттік авиацияның басқару пунктінің базасында құрылады.
      16. Үйлестіру орталығы (не болмаса Үйлестіру орталығының келісімі бойынша мемлекеттік авиацияның ҚҮО) мынадай функцияларды орындайды:
      1) Қазақстан Республикасының аумағында апатқа ұшырау жағдайындағы және апатқа ұшыраған ӘК туралы ақпаратты қабылдайды және бұл туралы азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органдарды ақпараттандырады;
      2) авариялық жағдай кезінде және олардың даярлығын тексеру кезінде кезекші іздестіру-құтқару ӘК-ні көтеруге команда береді;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында апатқа ұшырау жағдайындағы ӘК экипажы мен жолаушыларын іздестіру мен құтқарудың бастапқы жоспарын әзірлейді;
      4) ӘК-нің мемлекеттік тиістілігіне қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында апатқа ұшыраған (апатқа ұшырау жағдайындағы) ӘК экипажы мен жолаушыларын іздестіру және құтқару жұмыстарын үйлестіреді;
      5) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган тағайындаған іздестіру және құтқару пункттері арқылы халықаралық спутниктік іздестіру және құтқару жүйесінен (бұдан әрі – КОСПАС-САРСАТ) алынған апат сигналдары туралы ақпаратты алады және оны іздестіру және құтқару аудандарындағы кезекші іздестіру-құтқару құралдарына жеткізеді;
      6) Қазақстан Республикасының аумағында жауынгерлік іс-қимылдар барысында апатқа ұшыраған ӘК экипажын іздестіруді және құтқаруды ұйымдастырады;
      7) кезекшілік жоспарына сәйкес тиісті іздестіру және құтқару ауданында іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының ӘК кезекшілік атқаруын бақылайды;
      8) азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органдарды олардың сұрау салуы бойынша кезекші құралдар туралы хабардар етеді;
      9) шектес мемлекеттердің Үйлестіру орталықтарымен тұрақты негізде қажетті байланыс орнату және оны қолдау мақсатында ынтымақтастықты ұйымдастырады.
      17. Үйлестіру орталығының:
      1) радиотелефон байланысында қолданылатын ағылшын тілін білетін оқытылған авиация персоналы;
      2) тәулік бойғы жұмыс режимі;
      3) іздестіру және құтқару ауданына қатысты карталары;
      4) бағыттарды межелеу және орналасқан жерін белгілеу құралдары;
      5) барлық ӘК пайдаланушыларының және олардың Қазақстан Республикасының аумағында ұшуды орындайтын ресми өкілдерінің телеграфтық AFTN мекенжайлары мен телефон нөмірлері;
      6) іздестіру мен құтқарудың әрбір ауданы үшін ІҚО (Ж) жүргізуді ұйымдастыру жоспарлары бар.
      18. Үйлестіру орталығы мыналармен:
      1) ӘҚҚ органдарымен, мемлекеттік авиацияның ҚҮО-мен;
      2) іздестіру және құтқару аудандарындағы ІҚО жедел штабтарымен;
      3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның Республикалық дағдарыс орталығымен (бұдан әрі – РДО);
      4) КОСПАС-САРСАТ халықаралық спутниктік іздестіру мен құтқару жүйесінің ақпарат қабылдау орталығымен;
      5) мемлекеттік авиация басқармаларының пункттерімен;
      6) әуеайлақтық метеорологиялық органдармен;
      7) Үйлестіру кеңесінің тұрақты құрамына кіретін мемлекеттік органдардың өкілдерімен жедел және тұрақты екі жақты байланыс құралдарымен жарақталады.
      Байланыс құралдары таратылатын хабарламаларды әрі қарай талдау үшін дыбыс жазу аппаратурасымен жабдықталады.
      19. Үйлестіру орталығы, мемлекеттік авиацияның ҚҮО өз қызметінде авиация саласындағы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын, Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның стандарттары мен ұсынымдарын және азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдармен келісілген ережелерді басшылыққа алады. Үйлестіру орталығының мамандары өз жұмысында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісілген лауазымдық нұсқаулықтарды басшылыққа алады. Үйлестіру орталығы мамандарының лауазымдарына аэронавигациялық ұйым белгілеген біліктілік талаптары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.
      20. Үйлестіру орталығы басшылығының шешімімен әрбір ІҚО (Ж)-ға:
      1) Үйлестіру орталығының немесе оған бағынысты органның не мемлекеттік авиацияның ҚҮО-ның құрамына кіретін персонал арасынан ІҚО (Ж) үйлестірушісі;
      2) операция жүргізілетін жерде ІҚО (Ж) жалпы басшылықты жүзеге асыратын операция жүргізілетін жердегі үйлестіруші тағайындалады. Операция жүргізілетін жердегі үйлестіруші Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 мамырдағы № 562 ҚБПҮ қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аса маңызды ұшуларын ұйымдастыру және қамтамасыз ету қағидасында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, табиғи және техногендік төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің жанынан құрылған іздестіру және құтқару аудандарының ІҚО (Ж) жедел штабының (бұдан әрі – Жедел штаб) басшысы болып табылады;
      3) Үйлестіру орталығының немесе мемлекеттік авиацияның ҚҮО шешімі бойынша жедел штабтың құрамына бірнеше іздестіру-құтқару ӘК пайдалануды үйлестіруді жүзеге асыратын ӘК үйлестірушісі (аэронавигациялық ұйымның мамандары арасынан немесе іздестіру және құтқару ауданындағы мемлекеттік авиация өкілінен) тағайындалады.
      21. ІҚО үйлестірушісінің міндеттері:
      1) авариялық жағдайға қатысты деректерді алу және жинау;
      2) нақты бір авариялық жағдайға қарай ІҚО (Ж)-ның бастапқы жоспарын әзірлеу;
      3) ІҚО (Ж) жүру барысына талдау жасау;
      4) қосымша іздестіру-құтқару күштері мен құралдарын тарту мақсатында мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
      5) РДО, мемлекеттік авиацияның ҚҮО, сондай-ақ шекаралас мемлекеттердің Үйлестіру орталықтарымен іс-қимылдарды үйлестіру;
      6) ІҚО (Ж)-ға қатысты ақпаратты нақты және тұрақты түрде жаңартылған жазбасын хронологиялық тәртіппен жүргізу;
      7) авариялық кезеңді жариялау/жабу;
      8) функциясына авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру кіретін уәкілетті мемлекеттік органдарды хабардар ету;
      9) ІҚО (Ж) жүргізу барысы туралы қорытынды есеп беруді дайындау болып табылады.
      22. ІҚО (Ж) жүргізу орнындағы үйлестірушінің (бұдан әрі – ІҚО (Ж) басшысы) міндеттері:
      1) ІҚО (Ж) жүргізу орнында бөлінген күштер мен құралдарды басқару;
      2) Үйлестіру орталығымен, РДО-мен ІҚО (Ж) жүргізудің бастапқы жоспарын іске асыру бойынша өзара іс-қимыл жасау, оны әрі қарай әзірлеу және нақтылау;
      3) ІҚО (Ж) жүргізу орнында байланыс орнату әдістерін айқындау;
      4) іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының іс-қимылын бақылау;
      5) ІҚО (Ж) жүргізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      6) Үйлестіру орталығына, РДО-ға ІҚО (Ж) жүргізу нәтижелері туралы күнделікті есеп беру;
      7) ІҚО (Ж) жүргізудің барлық жағдайларын тіркеу (іздестіру-құтқару күштері мен құралдарының ІҚО (Ж) жүргізу орнына келу және осы ауданнан кету уақыты; тексерілген аудандар; іздестіру кезінде қолданылған жол желілері арасындағы аралық; табылған заттар мен белгілер; қолданылған іс-қимылдар; алынған нәтижелер);
      8) ІҚО үйлестірушісіне және РДО-ға, тартылған күштер мен құралдардың басшыларына қайтып талап етілмейтін күштер мен құралдарды босату жөнінде ұсынымдар беру;
      9) Үйлестіру орталығына, РДО-ға тірі қалған адамдар саны мен олардың тектері туралы ақпарат беру;
      10) Үйлестіру орталығына, РДО-ға қосымша қажет көмекке сұрау салу болып табылады.
      23. ӘК үйлестірушісінің міндеттері:
      1) ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету:
      ӘҚҚ органдарымен өзара іс-қимыл жасап, ӘК қауіпсіз эшелонда ұстау;
      ІҚО (Ж) үйлестірушісін ІҚО (Ж) жүргізу орнындағы метеожағдай туралы хабардар ету;
      әуе кемесінің аймаққа кіру және одан шығу нүктесін, сондай-ақ ұшудың абсолюттік биіктіктерін белгілеу;
      іздестіру-құтқару әуе кемелеріне жіберілетін және олардан келетін радиохабарламаларды фильтрлеу;
      ІҚО (Ж) кезінде бөлінген радиожиіліктерді қолдануды үйлестіру;
      ӘҚҚ-ның шектес органдарымен орындалатын іс-қимылдарды үйлестіру;
      2) міндеттердің бірінші кезектілігін айқындау және оларды бөлу:
      іздестіру-құтқару ӘК экипаждарының ІҚО (Ж)-ны орындаудың жалпы жоспары туралы ақпарат алуын қамтамасыз ету;
      іздестіру және құтқару ауданын қамтуды бақылау және тиісті деректер ұсыну;
      іздестіру-құтқару әуе кемелерінің экипаждарына ІҚО (Ж) басшысы қойған міндеттерді орындау жөніндегі нұсқаулық өткізу;
      3) іздестіру ауданын қамтуды үйлестіру:
      ІҚО шарттарының өзгеруіне ден қою және іздестірудің тиімділігін бақылау;
      ІҚО (Ж) басшысына іздестіру-құтқару әуе кемелерінің үнемі даярлығын қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар беру;
      4) Үйлестіру орталығына жиынтық ақпар беру;
      5) ІҚО (Ж) басшысымен тұрақты өзара іс-қимыл жасау, оған іздестіру-құтқару әуе кемелерін пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсету болып табылады.
      24. Іздестіру мен құтқарудың әрбір ауданында кезекші іздестіру-құтқару ӘК тағайындалады. Кезекші іздестіру-құтқару ӘК жауапкершілік аудандарын бөлу азаматтық, мемлекеттік және эксперименттік авиациядағы іздестіру-құтқару әуе кемелерінің қолда бар құрамына сүйене отырып, сондай-ақ іздестіру-құтқару әуе кемелерінің іс-қимылдары радиусымен әуе трассаларының, жергілікті әуе желілерінің, авиациялық жұмыстар жүзеге асырылатын аудандардың бағыттарын қамту шартымен Үйлестіру орталығының шешімімен жүзеге асырылады.
      Кезекші іздестіру-құтқару әуе кемелерін шоғырландыру олардың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 қаңтардағы № 103 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшудың негізгі қағидаларының (бұдан әрі – ҰНҚ) 382-тармағында белгіленген мерзімдерде ұшуға әзірлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін әуеайлақтарда немесе қону алаңдарында жүзеге асырылады.
      25. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган Үйлестіру кеңесінің шешімін азаматтық авиация қарамағына жатқызылған іздестіру-құтқару ӘК кезекшілігін ұйымдастыру үшін аэронавигациялық ұйымға жібереді.
      Аэронавигациялық ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әуе кемелерін пайдаланушылармен Үйлестіру орталығының шешіміне сәйкес азаматтық авиацияның қарамағына жатқызылған іздестіру және құтқару аудандарындағы іздестіру-құтқару ӘК кезекшілігіне арналған шарт жасайды.
      Іздестіру-құтқару әуе кемелерінің кезекшілігі мыналарды қамтиды:
      1) іздестіру-құтқару ӘК кезекші экипажының кезекшілік кезеңінде кезекшіліктің белгіленген мерзімінде үнемі әзір болуы;
      2) іздестіру-құтқару ӘК кезекшісінің кезекшілік кезеңінде кезекшіліктің белгіленген мерзімдерінде ұшуға үнемі әзір болуы;
      3) кезекші экипажды іздестіру және құтқару ауданына ұшу үшін іздестіру-құтқару ӘК-нің шоғырланған жеріне жеткізуді қамтамасыз ету;
      Іздестіру-құтқару ӘК кезекшілігінің құнына қосымша дайындық және ІҚО (Ж) орындау деңгейін арттыру мақсатында оқу-жаттығу үшін ұшу кіреді. Оқу-жаттығу үшін ұшуды орындауға бөлінген қаражатты Үйлестіру орталығының шешімі бойынша жағдайды нақтылау үшін ІҚО (Ж) жүргізу кезеңіндегі кезекші іздестіру-құтқару әуе кемесінің алғашқы ұшуына жұмсауға болады.
      Аэронавигациялық ұйыммен іздестіру-құтқару ӘК-нің іздестіру және құтқару аудандарында кезекшілікке арналған шарт жасасқан іздестіру-құтқару ӘК-ні пайдаланушы экипаждың және ӘК-нің белгіленген мерзімде ұшып шығуға үнемі әзір болуын қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарт талаптарының орындамағаны үшін жауапты болады.
      26. Үйлестіру кеңесінің кезекші іздестіру-құтқару ӘК-нің жауапкершілік аудандарын белгілеу жөніндегі шешімінде мыналар көрсетіледі:
      1) іздестіру-құтқару ӘК-нің іздестіру және құтқару ауданындағы әрекетінің радиусі, ӘК-нің ұшу-техникалық сипаттамаларына қойылатын талаптар;
      2) іздестіру және құтқару аудандарының шекаралары;
      3) іздестіру-құтқару ӘК кезекшілігінің белгіленген мерзімдері (тәулік бойы немесе регламент бойынша, күнтізбелік кезең);
      4) кезекші іздестіру-құтқару ӘК-нің іздестіру және құтқару ауданындағы ұшу сағаттары көрсетілген оқу-жаттығу ұшулары;
      5) іздестіру-құтқару ӘК-нің жабдықталмаған қону алаңдарына қону қажеттігі туралы талаптар;
      6) экипаждың ІҚО (Ж)-ға қажетті рұқсатының болуы туралы мәліметтер;
      7) әзірлік дәрежесі;
      8) іздестіру және құтқару ауданының ерекше жағдайларына сүйене отырып, кезекші іздестіру-құтқару ӘК-ге қойылатын қосымша талаптар.
      27. ӘК-нің барлық түрлерін іздестіру-құтқару мүлкімен, жарағымен жарақтандыруды, сондай-ақ іздестіру экипаждарын дайындауды иелігінде немесе меншігінде ӘК бар министрліктер мен ведомстволар, авиакомпаниялар (ӘК пайдаланушылар) жүзеге асырады.
      28. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті орган ІҚО (Ж) үшін кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарын бөледі. Авариялық-құтқару қызметтері персоналының ЖІҚК мәртебесі бар. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің және құрамаларының ІҚЖ үшін тартылған персоналының саны әрбір іздестіру және құтқару ауданы үшін ІҚО (Ж) жүргізуді ұйымдастыру жоспарында айқындалады.
      29. Мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган Үйлестіру кеңесінің шешіміне сәйкес азаматтық авиацияның қарамағына жатқызылған іздестіру және құтқару аудандарына парашюттік қызметтің кезекші нұсқаушылары, құтқарушылар, медициналық және инженерлік-техникалық қызметкерлер құрамынан құралатын ПДҚТ-ға мамандарын бөледі. ПДҚТ-ға тарту тәртібі ІҚО (Ж) ұйымдастыру жоспарымен айқындалады.
      30. Теңіздердің акваториялары мен ішкі су айдындарында апатқа ұшыраған ӘК-нің экипаждары мен жолаушыларын іздестіру мен құтқаруды қамтамасыз ету үшін ІҚО (Ж) ұйымдастыру жоспарларына сәйкес теңіз және өзен кемелері тартылады.
      31. КОСПАС-САРСАТ жүйесінен апат туралы ақпарат қабылдау үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органның бірлескен шешімімен іздестіру және құтқарудың байланыс пункттері тағайындалады (КОСПАС-САРСАТ жүйесінен ақпарат қабылдау үшін іздестіру және құтқарудың түйісу нүктелері).
      32. Авиациялық ІҚО (Ж) ұйымдастыру және жүзеге асыру кезінде бастапқы кезеңде, мүмкіндігінше іздестіру және құтқару ауданындағы ӘК экипажы тартылады.
      33. ІҚО (Ж) ұйымдастыру және жүргізу кезіндегі ӘҚҚ органдарының негізгі міндеттері:
      1) әуе кемесіндегі апат кезеңі туралы ақпаратты өзара әрекет етуші ӘҚҚ пункттерінен және Үйлестіру орталығынан қабылдау және оларға тарату;
      2) іздестіру-құтқару ӘК-нің бірінші кезекте ұшып шығуын қамтамасыз ету;
      3) өздерінің іздестіру және құтқару аудандарында әуе қозғалысына қызмет көрсету;
      4) апат ауданындағы іздестіру-құтқару ӘК-нің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      5) ІҚО (Ж) жүргізу ауданында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 506 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидасына (бұдан әрі – Әуе кеңістігін пайдалану қағидасы) сәйкес ӘҚБ органы арқылы әуе кеңістігін пайдаланудың тиісті режимдері мен шектеулерін қамтамасыз ету болып табылады.
      34. Әуежайларды (әуеайлақтарды) пайдаланушылар ІҚО (Ж) жүргізуде кез келген мүмкін болатын көмекті көрсетеді.
      Персоналға және әуежайларды (әуеайлақтарды) қажетті жабдықтармен жабдықтауға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 404 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуежайларында ұшуды авариялық-құтқарумен қамтамасыз ету қағидасымен айқындалады.
      35. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, ұйымдар ӘК-ні іздестіру мен құтқаруды жүргізу кезінде қолдан келетін кез келген көмекті көрсетеді және іздестіру-құтқару күштері мен құралдары келгенге дейін адамдарды құтқару, оларға медициналық және басқа да көмек көрсету, сондай-ақ ӘК мен оның бортындағы құжаттаманы, жабдықтар мен мүлікті қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдайды.
      36. ӘК жолаушыларын, экипаждарының мүшелерін апат орнынан эвакуациялау апатқа ұшыраған әуе кемесін пайдаланушының күшімен және құралдарымен немесе шығыстарды кейіннен пайдаланушы өтеп беретін өзге де күштермен және құралдармен жүзеге асырылады.
      37. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған ӘК-ге қажетті көмек көрсету үшін:
      1) басқа мемлекеттердің іздестіру-құтқару күштері мен құралдарына;
      2) осы ӘК-нің иесі мен пайдаланушысына;
      3) апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған ӘК тіркелген мемлекет билігіне Қазақстан Республикасының аумағына кіруге рұқсат беріледі.
      Шетелдік іздестіру-құтқару ӘК-ге рұқсат беру тәртібі Әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында белгіленеді.
      Шет мемлекеттердің ЖІҚК рұқсат беру тәртібі Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзге тәртіп белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет