Қазақстан Республикасының білім және ғылым министірлігі



бет1/6
Дата13.06.2016
өлшемі1.23 Mb.
#131538
  1   2   3   4   5   6

Қазақстан Республикасының білім және ғылым министірлігі

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті



Тайжанов Шарапат Таурбайұлы



Топырақтану


Экология мамандығы студенттеріне арналған оқу құралы

ІІ-ші бөлім

Павлодар-2004
ББК 40.3 Я73

УДК 631.4 (075.8)

Т14


Баспаға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесі ұсынған
Пікір жазғандар:

биология ғылымының докторы, профессор Қ.О.Базарбеков, ауыл шаруашылығы ғылыммының докторы, профессор К.Қ.Абдуллаев



Тайжанов Ш.Т.

Т14 Топырақтану. .Оқу құралы Павлодар,2004.- б.



ISBN –9965-652-71-1
Оқу құралында Қазақстанның топырақ-географиялық аймақта-ры, топырақтарды классификациялау, жер бетінде топырақтардың таралу заңдылықтары баяндалған. Қазақстанның жазықтық өңірінде кездесетін негізгі топырақ типтері мен типшелеріне сипаттама беріліп, олардың морфологиялық, химиялық, физикалық қасиеттерінің ерек-шеліктері көрсетілген. Қазақстанның жер қоры, оның экологиялық мәселелері, топырақтың эрозияға шалдығу себептері мен топырақты қорғау жолдары қарастырылған.

ББК 40.3


Т

ISBN-9965-652-71-1


© Тайжанов Ш.Т., 2004

© С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2004

Алғы сөз

Топырақтың экологиялық қызметінің белсенділігі, құнарлығы мен басқа да қасиеттері қоршаған табиғи ортаның ерекшеліктерімен тікелей байланысты болып қалыптасқан. Сондықтан жер бетінде топырақ жамылғысы алуан түрлі болып келеді. Топырақты ұтымды пайдаланып, азып-тозудан, ластанудан, басқа жолдармен бүлінуінен қорғау үшін оның табиғатта таралу заңдылықтарын, классификациясын және негізгі топырақ типтерімен, типшелерінің басты морфологиялық ерекшеліктерін, химиялық, физикалық қасиеттерін жақсы білу қажет.

Топырақтану оқу құралының екінші бөлімі 4-тараудан құралған. Алғашқы екі тарауда топырақтарды классификациялау мәселесі мен олардың табиғатта таралуының негізгі заңдылықтары баяндалып, Қазақстанның топырақ-географиялық аймақтарына сипаттама берілген. Үшінші тарауда Қазақстанның жазықтық өңірінде кездесетін топырақ типтері мен типшелерінің классификациясы, олардың басты морфологиялық ерекшеліктері, химиялық, физикалық қасиеттері сипатталған. Ал төртінші тарауда Қазақстанның жер қоры, оның экологиялық мәселелері мен топырақтың эрозияға шалдығуы және топырақты осы қатерлі құбылыстан қорғау жолдары туралы баяндалған. Оқу құралының соңында жалпы топырақтану пәні бойынша білім деңгейін тексеруге арналған тест сұрақтары келтірілген.

Оқу құралы экология мамандығы студенттерінің типтік оқу бағдарламасына сәйкес жазылып, құрастырылған. Сонымен бірге бұл оқу құралы биология, география мамандықтары студенттері үшін де пайдалы деп есептейміз.

Осы оқу құралы туралы ой-пікіріңізді, ақыл-кеңесіңізді С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетітің «Экология және география» кафедрасына жолдауыңызға болады.

1. ТОПЫРАҚТАРДЫҢ КЛАССИФИКАЦИЯСЫ




    1. Топырақтарды классификациялаудың

принциптері, таксономиялық бірліктер
Топырақтың пайда болуы, қасиеттерінің қалыптасуымен өзгеруі табиғи ортаның әсерімен тікелей байланысты болғандықтан жер бетінде алуан түрлі топырақтар кездеседі. Біздің Қазақстанның тек қана жазықтық өңірінің өзінде 700-ден аса топырақ түрі бар. Олардың морфологиялық белгілері, химиялық, физикалық-химиялық қасиеттері және құнарлылығы әр түрлі. Сондықтан топырақтардың қасиеттерін, ерекшеліктерін жақсы біліп, түсініп және оларды тиімді пайдалану үшін классификациялау қолданылады.

Топырақтарды классификациялау дегеніміз оларды басты қасиеттеріне және құнарлылығына байланысты топтарға жіктеп бөлу.

Топырақтарды классификациялау қатарына жататын жұмыстар: классификациялау принциптерін айқындап алу; таксономиялық бірліктерді қалыптастыру; топырақ номенклатурасы жүйесін және оның атауын анықтайтын диагностикалық белгелерді анықтау.

Топырақты классификациялау өте күрделі жұмыс. Сондықтан осы күнге дейін топырақтардың үйлесімді жасалған халықаралық классификациясы жоқ. Әр мемлекет бұл мәселемен өзінше шұғылдануда. Осы мәселені шешуде жақсы жетістіктерге жеткен елдер Ресей мемлекеті (бұрынғы Кеңестер Одағы), Франция, АҚШ, Канада т.б.

Топырақ классификациясының негізгі бағыттары: экологиялық-генетикалық, факторлы-генетикалық, морфологиялық-генетикалық, эволюциялық-генетикалық т.б.

Экологиялық-генетикалық топырақ классификациясын алғашқы болып В.В. Докучаев 1879 жылы ұсынып, 1886 жылы оны толықтырып жариялады. Ал 1895 жылы Н.М. Сибирцев осы классификацияға толықтырулар енгізді. В.В. Докучаевпен Н.М. Сибирцевтің генетикалық классификациясындағы қағидалар әлі күнге дейін ғылыми маңызын жоғалтқан жоқ.

Қазақстандағы қабылданған топырақ классификациясы В.В. Докучаевтың экологиялық-генетикалық (географиялық-генетикалық) бағытына негізделген (К.Ш. Фаизов, 2001). Бұл классификация топырақтың табиғи және тарихи дене, сонымен бірге өндіріс құралы екенін, оның түзілуінің, құрылысының, құрамының, қасиеттері мен құнарлығының топырақ құраушы факторлардың өзара тығыз байланысының әсерінен қалыптасатынын ескереді. Топырақтың барлық табиғи қасиеттері – генетикалық қабаттары, биологиялық, физикалық-химиялық және басқа қасиеттері де ескерілген. Сондықтан осы классификация қағидалары Қазақстанда кездесетін көп түрлі топырақ жамылғысын жүйелеп топтауға қолайлы болып келеді.

Қазіргі кезде топырақ классификациясын құру кезінде келесідей принциптер колданылады:

- классификация топырақтың негізгі қасиеттеріне және режимдеріне сүйеніп, топырақ түзілуін қамтамасыз ететін құбылыстарды ескеруі керек. Яғни ол топырақтың пайда болу тегін ескеріп және сонымен бірге экологиялық, морфологиялық және эволюциялық бағыттарды да қамтуы қажет.

- классификация ғылыми таксономиялық бірліктер жүйесіне негізделіп құрылуы керек.

- адамдардың әрекетінен болған топырақ құрамындағы өзгерістер, қасиеттер классификацияда ескерілуі шарт.

- классификация топырақтың өндірістік ерекшеліктерін айқындап, оны ауыл және орман шаруашылығында тиімді қолдануға мүмкіндік беруі керек.

Табиғатта кездесетін топырақтарды дұрыс жүйелеп оған толық атау беру үшін таксономиялық бірліктер жүйесі қолданылады. Топырақтану ғылымындағы таксономиялық бірліктер: топырақ типі, типшесі (подтип), тегі (род), түрі (вид), түршесі (разновидность), разряды. Топырақ классификациясындағы таксономиялық негізгі өлшем топырақ типі болып есептеледі.

Топырақ типі – біртектес биологиялық, климаттық, гидрологиялық жағдайда дамыған және негізгі топырақ түзілу процесінің айқын сипат алуымен бірге басқада процестердің қосарлануы мүмкіндігі бар топырақтардың тобы. Бір типке жату үшін топырақтар төмендегідей жалпы жағдайларға ие болуы керек: 1) органикалық заттардың топыраққа түсіп, біртектес өзгерістерге ұшырап ыдырауы; 2) минералды заттардың үгілу процесстеріне ұшырауы және органикалық-минералдық түзілістердің біртектес құралуы; 3) заттардың жылжуы мен шоғырлануының біртектес болуы; 4) топырақ кескінінің құрылысының және генетикалық қабаттарының бір түрлі болуы; 5) топырақ құнарлылығын сақтап және арттыру шараларының бір бағытта болуы.

Топырақ типтері типшелерге бөлінеді. Олар топырақ типі ішіндегі негізгі топырақ түзілу процесіне қосымша айрықша белгілері байқалатын топырақ топтары. Мысалы, дала аймағындағы қара топырақ екі типшеге бөленеді: кәдімгі қара топырақ және оңтүстік қара топырақ.

Топырақ типшелері топырақ тегіне бөлінеді. Ол топырақтың генетикалық сапалық көрсеткішінің ерекшеліктеріне байланысты анықталады. Осы ерекшеліктер аналық тау жынысының, ыза судың химиялық құрамына, немесе топырақ түзілуінің өткен кезеңдерінен қалған кейбір белгілерге байланысты.

Топырақтың тегі түрлерге бөленеді. Түрлерді анықтаушы белгілер негізінен топырақ түзуші процестердің даму қарқынымен және оның ерекшеліктерімен байланысты. Мысалы, қара топырақтың түрін анықтауға оның құрамындағы қарашірінді мөлшері және қарашірінді қабатының қалыңдығы қолданылады.

Түрден кейінгі таксономикалық бірлік-түрше. Түршені анықтаушы белгі топырақтың гранулометриялық (механикалық) құрамы. Топырақ разряды таксономиялық бірліктің ең кішісі. Ол аналық тау жынысының генетикалық қасиеттеріне байланысты анықталады.

Соныменен, таксономиялық бірліктер топырақты жүйелі түрде дұрыс атап көрсету үшін қолданылатын реттеуші нұсқа деп түсінуге болады. Топырақты қазақ тілінде осы таксономиялық бірілктерге сәйкес келтіріп атағанда бірінші кіші таксонометрялық бірліктер аталып, соңында негізгі таксономиялық бірлік – тип аталады. Мысалы, төрттік дәуірдің карбонатты балшығында түзілген, (разряды) ауыр саздақты (түршесі), аз қарашірінділі (түрі), орташа қабатты (түрі), карбонатты (тегі), оңтүстік (типшесі), қара топырағы (типі).

Қасиеттеріне және классификациясына сәйкес берілетін атау жүйесі топырақ номенклатурасы болып есептеледі. В.В. Докучаев және Н.М. Сибирцев топырақтың генетикалақ номенклатурасын құрып, топырақты атағанда орыстың халық сөздерін қолданған. Олар топырақтың жоғарғы қабатының түсіне, немесе топырақ түзілуінің экологиялық жағдайына байланысты топырақ типтерінің атауын көрсетті. Мысалы, қара топырақ, сұр топырақ, күлгін топырақ, батпақ топырағы, шалғын топырағы т.б. Осы атаулар халықаралық дәрежеде қолдау тауып басқа тілдерге аударылып немесе аудармасыз көптеген халықтар арасында қолданылып келеді.

Топырақты классификациялап белгілі жүйеге келтіріп анықтап, атау үшін топырақтың ерекше белгілері қолданылады. Олар диагностикалық белгілер деп аталады. Диагностикалық белгілерге топырақты зерттегенде, морфологиялық талдау жасағанда көзге түсетін, жеңіл анықталатын белгілер таңдалып алынады. Сонымен бірге топыраққа толық және дұрыс атау беру үшін күрделі химиялық, агрофизикалық зерттеулер де жүргізіледі.


    1. Қазақстан топырақтарын

классификациялау жүйесі
Қазақстан топырақтарын классификациялау жұмыстарын белгілі ғылымдар К.Д. Глинка (1923), Е.В. Лобова (1948), Ө.О. Оспанов (1976), С.И. Соколов, М.А. Глазовская (1948, 1952), А.А. Соколов (1977, 1980, 1987), А. Мамытов (1982) т.б. жүргізді.

«Қазақ Республикасы топырақтары» атты 1960-1983 жылдары басылып шыққан 14 томдық монографияларда және 1981 жылы жарық көрген «Қазақстанның жазықтық жерінің топырақтарының тізімі және диагностикалық белгілері» атты кітапта топырақтанушы ғылымдарымыздың Қазақстан топырақтарының классификациясы және систематикасы саласындағы еңбектері қорытындыланды. Сөйтіп еліміздің топырақтарын классификациялаудың және топырақ номенклатурасының ғылыми негізі орнықты түрде қалыптасты. Елімізде топырақтардың аймақтық таралу заңдылықтары, топырақ жамылғысының ерекшеліктері анықталды.

Топырақтың түзілуімен қасиеттерінің қалыптасуы қоршаған географиялық-экологиялық ортамен тығыз байланысты болып келетіндіктен Қазақстан топырақтарын классификациялаудың негізі экологиялық-генетикалық бағытта құрылған.

Қазақстанның барлық топырақтары аймақтық және интрааймақтық топырақтар топтарына бөлінеді. Олар автоморфты, жартылай гидроморфты және гидроморфты қатарларға жіктеледі.



Аймақтық топырақтарға жекелей ландшафта топырақ түзілуінің биоклиматтық жағдайының ерекшелігіне байланысты қалыптасып, кең аумақта кездесетін топырақтар тобы жатады. Мысалы: қара топырақ, қара-қоңыр топырақ.

Интрааймақтық топырақтарға аймақтық топырақ жамылғысы ішінде кездесетін, көбінесе кішкене аумақты алып жататын барлық басқа топырақтар жатады. Олар осы аймақ ішінде топырақ түзуші тау жынысының немесе топырақтың ылғалдануының ерекшелігіне байланысты түзілген болып келеді. Мысалы: шалғынды топырақ, кебірлер, сортаң топырақ.

Топырақтардың қатарларға жіктелуі олардың табиғи ылғалдануына байланысты. Автоморфты топырақтар көтеріңкі жазықтықтар мен беткейлерде кездеседі. Бұл топырақтардың түзілуіне қосымша ылғалдың және тереңде жатуына байланысты ыза судың әсірі болмайды.



Жартылай гидроморфты топырақтар ыза судың жердің 3-5 метр тереңдігінде болып топырақ түзілуіне әсер етуі және сонымен бірге топырақтың үстіне қосымша жиналатын ылғал әсері бар жерлерде қалыптасады.

Гидроморфты топырақтар ыза судың жер бетіне жақын орналасқан (1-3 метр тереңдікте болатын), сонымен бірге қосымша ылғал жиналатын ойпат жерлерде кездеседі. Осы ылғал топырақтың қасиеттерінің қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді.

Қазақстанның жазықтық жерінде және таулы өлкесінде кездесетін топырақтарды классификациялау нұсқасы 1 және 2-кестелерде келтірілген.



1-кесте


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет