2021-2022 оқу жылының басталуы – 2021 жылғы 1 қыркүйек; оқу жылының ұзақтығы: 1-сыныптарда – 33 оқу аптасы, 2-11 (12) сыныптарда – 34 оқу аптасы; оқу жылы ішіндегі каникул кезеңдері: 1-11 (12) сыныптарда: күзгі – 7 күн (2021 жылғы 1-7 қарашаны қоса алғанда),
қысқы – 11 күн (2021 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2022 жылғы 9 қаңтарды қоса алғанда),
көктемгі-12 күн (2022 жылғы 19-30 наурызды қоса алғанда); 1-сыныптарда: қосымша каникул – 7 күн (2022 жылғы 7-13 ақпанды қоса алғанда).
2021-2022 оқу жылында мектептердің дайындығына (кадрлық, ресурстық және т.б.) байланысты вариативтік компонент сағаттарының есебінен
«Жаһандық құзыреттіліктер» курсын таңдауға немесе басқа да элективті курстарды өткізуге болады. Аталған курс білім алушылардың 21 ғасыр дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі.
«Жаhандық құзыреттіліктер» (аптасына 1 сағат) курсына:
5-сыныпта «Парасаттылық және әдеп»;
6-сыныпта «Экология»;
7-сыныпта «Эмоционалды интеллект және сыни ойлау»;
8-сыныпта «Медиасауаттылық»;
9-сыныпта «Зайырлылық және дінтану негіздері»;
10-11-сыныптарда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» жатады.
Академия сайтында орналастырылған ресурстар мен авторлық әзірлемелерді пайдалану ұсынылады (www.nao.kz).
Қазіргі қолданыстағы «Зайырлылық және дінтану негіздері»,
«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәндерінің оқу бағдарламаларымен оқытуды жалғастыру ұсынылады (www.nao.kz).
2021-2022 оқу жылында ресурстар болған жағдайда педагогикалық кеңестің шешімімен 6-сыныпта «Музыка» оқу пәнінің шеңберінде домбыра тартуды үйретуге болады (аптасына 1 сағат). Домбыра тартуды үйрету мүмкіндігі болмаған жағдайда «Музыка» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы толық жүзеге асырылады. Мектептің даярлығына қарай және білім алушылардың қалауы бойынша домбыра тартуды үйретуге оқыту тіліне қарамастан барлық мектептер ауыса алады.
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің, «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық- этнографиялық оркестрлерінің тұрақты шетелдік турлары, Димаш Құдайбергеннің, басқа да кәсіби ұжымдар мен орындаушылардың әлемнің әйгілі сахналарында жиі өнер көрсетуі бүкіл әлемде домбыраға деген жоғары қызығушылық тудырды.
Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында барлық сыныптарда үлгілік оқу жоспарындағы «Дене шынықтыру» пәнінің үш сағатының бір сағаты «Шахмат», «Тоғызқұмалақ», «Үстел теннисі» ойындарына, спорттық, бал биі, хореографияны оқытуға ұсынылады. Бұл сабақтарды өткізу үшін мектеп холдарындағы арнайы бөлінген орындарды пайдалануға болады.