Тест жауабы -1Д 2В 3В 4Д 5Д
Лекция №8. М.Әуезов-педагог ғалым
Ал қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! М.Әуезов
М.Әуезов қазақ әдебиеті ғылымына, білім, ғылым жолына өлшеусіз үлес қосқан ұлы қаламгер. Оның қаламынан сол уақыттың, қоғамның өзекті мәселелерін көтерген мақалалар, повесть, романнан бастап академик Р.Нұрғали тілімен айтқанда «...қазақ халқының ары, намысы, арманы, мәңгілік ғұмыры көрінетін» әйгілі «Абай жолы» эпопеясына дейін туған. Осы туындысымен қазақ өнерін, қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрі мен салтын, көзқарасын, философиясын, дүниетанымын әлемге танытқан. Қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік әдебиеттің асыл мұрасы, жауһары болып танылды.
Әуезов еі әуелі шығармалары арқылы тәлім-тәрбиені алға қойған.Бұған қоса отызға жуық пьеса, драмалары тағы бар. Ұлттық драматургия дегенде алдымен есімізге түсетіні «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Түнгі сарын» сынды кесек туындылар. Оған қоса зерттеушілер мен сыншылардың оң бағасын алған «Тас түлек», «Намыс гвардиясы», «Шекарада» және тағы да басқа драмаларын қосыңыз. «Қазақ драматургиясының атасы», «Әлемдік құбылыс» деп бағалаған М.Әуезовтың шығармашылығы бүгінгі күнге дейін жан- жақты зерттелді, оның негізінде көптеген ғылыми еңбектер, монографиялар жазылды, диссертациялар қорғалды. Ал Рымғали Нұрғали зерттеуіндегі Әуезов деген мәселеге келсек, алдымен мынаны айтуымыз керек: ғалымның қазақ әдебиеті саласындағы басы ашық, күрделі мәселелерге арналған зерттеулері өте көп. Көптеген жазушылардың, ақындардың туындылары жайлы ғылыми тұжырымдарынан бөлек, ұлттық әдебиеттанудың теориялық мәселелері, поэзия, драматургияға қатысты еңбектері, көркем шығармалары, аудармалары мен сценарийлері де жетіп артылады. Бірақ солардың ішінде өзі аса қызығушылықпен қарастырып, көп жыл бойы ыждағаттылықпен зерттеп, тексергені – Әуезов шығармашылығы. Кеңестік, маркстік-лениндік қағидаға, идеялогияға, ғалымдардың әбден қалыптасқан пікіріне қайшы келетіндіктен, не басқа да объективтік, субъективтік жағдайларға сәйкес көп зерттеушілер мен сыншылар сөз етуге асықпаған шығармаларды Рымғали Нұрғали алғышқы болып теориялық тұрғыдан қарастырып, баға берді. Әрі ол пікірін тек бір әдіснама шеңберінде емес, одан әлдеқайда кең ауқымда алады, еңбектерінде түрлі ағымдардың, тәсілдердің тоғысып барып ортақ жүйеге түсуі бар.
Р.Нұрғали М.Әуезовтың шығармашылығының барлық қырын тұтастай алып қарастырған. Публицистикасы, прозасы мен драматургиялық туындылары авторлық мұрат, кейіпкерлер галереясы, композициялық құрылымы мен стиль ерекшелігі тұрғысынан пайымдалады. Сондай - ақ жазушының азаматтық, қаламгерлік жолының қалыптасуы мен өсуі, шығарманың айтар ойы мен көркемдік құндылығы да назардан тыс қалмаған. 1967 жылы осы үздіксіз ізденісі «М.Әуезовтың трагедиялары» деген тақырыптағы кандидаттық диссертация ұласты. Әуезов әлемі, Әуезов тақырыбына арналған ғылыми зерттеулері бірнеше көлемді кітаптар болып баспа бетінен жарық көрді. Солардың қатарында ерекше атап өтетініміз «Әуезов және Алаш», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», «Сырлы сөз.Әдеби сын, зерттеу» және тағы да басқа көптеген монографиялары мен іргелі еңбектер шоғыры бар.
Ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орнында қызмет істеп, «М.Әуезовтың шығармашылық ұстаханасы», «Алаш ұранды әдебиет» сияқты арнаулы курстарды енгізді. Оларда мұхтартанудың ғылыми-теориялық негіздері жан-жақты қамтылып, жазушының шеберлігі мен жаңашылдығы, азаматтық, ғалымдық көзқарасы сияқты мәселелер қамтылған. Әрі ғалымның жетекшілігімен қорғалған сан алуан диссертациялық жұмыстардың ішінде Мұхтар Әуезовке, оның алаш идеясымен қабысып жатқан еңбектері зерттелгендері де бар.
Кейін Мұхтар Әуезов осы шығармасына қайта оралып, бірқатар көріністерді алып тастаған. Соңғы нұсқасында Абыз бейнесінің идеялық, эстетикалық салмағын арттырып, бояуын қоюландыра түскен. Алғашқыда Абыз бейнесі көріпкелдігімен ғана есте қалса, енді ол даналықтың, елге ақыл қосар, бәтуа айтар ақылшының кейпінде. Тіпті оған қос ғашықтан да артық эстетикалық салмақ жүктелген. Р.Нұрғали бұл өзгеріске мән беріп, оның монологтарындағы терең ой мен қуатты сөздерге тоқталады, үзінді келтіре отырып, өз пайымын нақтылайды. Соңында Мұхтар Әуезовтың драматургия саласындағы бірінші еңбегі «Еңлік-Кебектің» барлық нұсқаларының жалпы бір бірінен асқан айырмашылығы жоқ, сюжет өрбуі, басты кейіпкерлері ортақ, негізгі арна бір деп түйеді. Сондай- ақ ғалым кей зерттеушілердің «Қарагөз» трагедиясында өткенді аңсаушылық, кертартпалық бар, сол қоғамның қатал қағидаларын шектеп тыс бейнелеушілік басым деген пікірін жоққа шығарып, қайта ескілік, қазақылық сыналатынын айтады. «Драматургтың табан тірер идеясы қалың мал кеселін сынау, сезім азаттығын қуаттау, махаббат бостандығы, бас бостандығын дәріптеу. Бұл шығарманың рухы-сыншылдық» /2,79/ деп көрсетті.
«Адамдық негізі-әйел» деген баспа бетінен шыққан тырнақалды мақаласында автордың жас болса да қоғамдық маңызы бар келелі мәселені көтеріп, оны құр жадағай әйел басындағы ауыр жағдай, бас бостандығы жоқтығы, барлығы қалың малдың кесірі деп үстірт өте шықпай, ананың болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын көрсетуі оның публицистикалық алғырлығы деп таниды. Ой-өрісінің аумағы тар, өйткені өзінің көргені, білгені тек әділетсіздік, өсек-ғайбат, бос тірлік кешкен ана ешқашан баласына адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді дарыта алмайтынын жақсы түсінген. Жас Мұхтардың мұндай парасатты пікір айтып, елдік, ағартушылық бағытты нұсқайтын мақалалары бірталай. Қазақ театр өнерін дамытуға және оқу ісіне, кітап басу мәселесіне арналған мақалалары да әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Семинарист Мұхтар, Қоңыр сияқты бүркеншік аттармен баспасөзде жарық көрген мақалаларын жинақтап, бір ізділікке түсірді. Осы тұрғыда Р.Нұрғали Мұхтар Әуезовтың жас шағында жазған алғашқы шығармаларының әлі күнге дейін жіті қарастырылып, өз бағасын алмай жатқанын туралы да ой тастайды.
Сондай - ақ, М.Әуезов публицистикасында Абай ізінің, Абай әсерінің байқалатынын да айтты. «Сөніп жанудың» бастапқы атауы «Заман еркесі» болғанын, ал «Кінәмшіл бойжеткен» әуелде «Қазақ қызы» деп аталғанын көрсеткен де академик Рымғали Нұрғали. Әуезов түрлі жанрларда өзінің өшпес ізін қалдырған. Тіпті қазақ әдебиетінде кенжелеу қалған, аса дамымаған фантастика жанрына да қалам тербеді. «Дос-Бедел дос», «50 жыл өткен соң» сынды туындылары бар. Дегенмен олар сыншылар тарапынан байыпты түрде зерттеліп, бағаланбай келді. Оның себебі бұл жанрды талдауда басшылыққа алар, негіз болар теориялық ғылыми еңбектер жоқтың қасы. Демек, Р.Нұрғалидың аталған туындыларды талдаудағы қадамы қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрын зерделеуде бірден бір басшылыққа алар еңбек. Зерттеуші аса көп мәселені айтпаса да, жанрды талдаудың алғышарттарын көрсеткен.
Ол М.Әуезовтың жазушылық қабілетін, шеберлігінің бастауын былай жіктейді: Біріншіден, ол- ғасырлар бойы жинақталған қазақ халқының әдеби-мәдени қазыналарын жете игерді. Екіншіден халқына сөзімен, жазуымен қызмет етуді өмірлік мақсат етті. Үшіншіден, әлеуметтік аренаға революция заманында шықты. Төртіншіден, әлем әдебиеті, орыс әдебиеті классикасынын сабақ алды. /3,150/ Осы факторлардың барлығы жиылып келгенде сөз өнерінің аса шеберлікпен құйылған мүсініне айналған туындылардың жазылуына әкелді.
Әуезовтың фольклор, эстетика, тарих саласындағы еңбектері Р.Нұрғалидың зерттеуінде одан әрі көркемдік қырлары ашыла түсті. Олардың мәтініне ғылыми теориялық сараптау жасай отырып, жазушы принципін анықтайды. Академик Р.Нұрғали Алаш ұранды әдебиеттің асқақ идеясын танытатын шығармалар деп «Әдебиет тарихы», «Хан Кене» және бірі «Қилы заманды» ерекше атап көрсетеді. Алғашқыда зиянды шығарма деп жұртқа таратылмай қойған 1916 жылғы дүрбелеңді реалистік тұрғыдан суреттейтін тарихи туынды «Қилы заманды» ғылыми дәлдікпен анализ жасап, оқырманға қайта оралтуы ұлтжандылығын, ғалымның азаматтық келбетін ашатын бірден бір жағдай. Себебі, бұл зерттеушілер мен әдебиеттанушылардың ешқайсысы сөз етпеген тың мәселе әрі асқан батылдықты қажет ететін қадам еді. Ғалымның өзінің айтуынша кітапхана, архивтерден әлдеқашан аластатылған бұл кітапты Сапарғали Бегалин көзінің қарашығындай сақтап келген. Кітапты сол үйде отырып оқып, ақыры «Қазақ әдебиеті» газетіне «Қилы заман қандай туынды?» (1967ж) деген мақала жазады. Бұл уақытында Әуезовтанудағы ілгерілеушілік ғана емес, қалыптасқан концепцияны, ғылыми қасаңдықты бұзған, туындыны талдаудың жаңа бір сапалы деңгейге көтерілудің айқын бастамасы болды. «Қилы заманның ешбір жерінде саяси жаңсақтық, жат сарын жоқ, бұл-патша отаршылығын, қазақ байларының күйкі тірлігін шенеген сыншыл рухтағы шығарма. Әлеуметтік теңсіздікті, көтерілістің объективті себептерін дәл басып көре алмау сияқты автор дүние танымындағы олқылықтар бүкіл шығарманы жоққа шығармайтыны хақ» /4, 69/ деп жазды. Роман Жетісу жеріндегі әйгілі Қарқара жәрмеңкесінен басталады. Бірақ қыр қазағы үшін жыл бойы тосатын осы бір той-думанды суреттеуді жазушы қысқа қайырған. Негізгі оқиға арнасы солдатқа жігіт бермейміз деп дүрліккен халыққа ауысып, елге бас болып ақыл айтатын көпті көрген дана қария Жәмеңке мен Ұзақ батырға келеді. Р.Нұрғали олардың айтқан сөздеріне назар аударып, қазақтың ежелгі шешендік өнеріне тән қасиеттердің мол екенін айтады. Қолында еш қаруы жоқ жігіттер босқа опат болып, қалғаны бас сауғалап түн ортасында қашып кетуі, жәрмеңкеге от қойылуы, ал бай-болыстардың пара беріп бұдан құтылудың жолын іздеуі сияқты психологиялық сәттерді бейнелеудегі, өлім мен өмір, батырлық, аңғалдық пен қарсы жақтағы озбырлық пен екіжүзділікті реалистікпен көрсетудегі жазушының шеберлігінің жоғары деңгейде екенін көрсетіп береді. Жазушының табиғаттың мың құлпырған көркем сәтін суреттеуінде, кейіпкерлерді сомдаудағы ерекшелігіне, тіл байлығына тоқталады, соңында бұл шығарманың «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің ең көркем туындыларының бірі, Әуезовтің қаламгерлік биікке көтерілуі жолындағы шарқ ұрған ізденістерінің жақсы табысы-көп уақыт жұрт назарынан қақас қалған «Қилы заманды» қалың оқушысының қолына қайта беретін уақыт жеткен секілді» /4,70/ деп қортындылайды. Осы тұста ерекше тоқталар жайт, жоғарыда аталған мақала жарық көрген соң, повесть Шыңғыс Айтматовтың алғы сөзімен алдымен орыс тілінде, кейіннен «Жұлдыз» журналында (1974.№8) қайта жарық көрген. Одан кейін Н.Ғабдуллин, А.Пантиелев сиқты ғалымдар мақала жазып, ұзақ жылдар бойы саясаттың салдарынан оқырман қолына тимей келген «Қилы заман» туралы пікірлерін білдірді.
Р.Нұрғали Мұхтар Әуезовті А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сынды алаш қайраткерлерінің ізбасары деп біліп, олармен рухани жақын деп біліп, жазушының шығармаларына ғылыми тұжырым жасауда алаш әдебиетімен тұтастықта алып қарастырады. Іргелі еңбегінің бірі «Әуезов және Алаш» кітабында да алдымен алашұранды әдебиет өкілдерінің еңбектерін саралап барып, екінші бөлімі толығымен Әуезовке арналған. Бұл да ғалымның өзгелерден айырмашылығының, алашшыл, ұлтжанды азамат екенінің айқын дәлелі. Қандай да болмасын сөз ететін мәселесінің негізгі арнасы осыған ауысады.
Әуезов жайлы сөз қозғағанда оны тек ғана ұлттық әдебиет теориясы мен тарихы тұрғысынан ғана емес, басқа халықтардың, әлемдік әдебиеттегі озық үлгілермен қатар алып, салыстыра отырып сөз қозғауы оның жан жақтылығының, шетел әдебиетімен жіті таныстығы мен таным, көкжиегінің кеңдігін көрсетеді. Мәселен, «Көксеректі» сөз еткенде Э.Сетон-Томпсонның «Венипег қасқыры», «Лобо» әңгімелерімен, Джек Лондонның «Ақазу» романымен сабақтастырып, жазушылардың тағылар ортасын, әрекетін суреттеуіндегі ұқсастықтарын көрсетеді. Бұл Әуезовтың Э.Томпсон шығармашылығымен таныстығының белгісі деп түсінеді. Ұяластары өлтіріліп, аман қалған жалғыз күшік көксерек адам қолында өскенімен әуелден ақ еріксіздікте, мойнына шынжыр байланып, ауыл иттерінің қорлығын көріп өседі. Бұдан әрі ол есейіп, біртіндеп жыртқыштықтығы, түз тағысына лайық әрекеттері көрініп, ақырында қойға шапқан қасқырларға қосылып, өзін кішкентайынан бағып-қаққан Құрмашқа шабуы бәрі -бәрі аса нанымды, жанды суреттелген. Зерттеуші осылайша оқиға желісін қысқаша шолып өтіп, ең есте қалар көрініс –қасқырдың баланың үстіне төніп келе жатқан қорқынышты сәтін бейнелеудегі қаламгердің көркемдік тәсілін сөз етеді. Оқиға шарықтап барып осы жерде тұйықталатындай болғанымен мұнымен бітпейді, соңғы көрініс кейуана көксеректі басқа теуіп, еңіреп жылауы. «жазушының гуманистік идеясын осы орайдан іздеуіміз керек» /1,286/ деген ой айтады. Еңіреп жылаған ананың үкімі осы. «Көксеректе» бір де бір болуы мүмкін емес көрініс не нанымсыз әрекет жоқ. Шығарманың өне бойында тағыға тән қатігездік пен жыртқыштық тұнып тұр, ол әзірге аса байқалмағанымен тек уақытын, сәтін ғана тосып тұрғандай. Кез келген көріністі алсаңыз да нағыз қасқырлардың бойынан ғана табылатын қасиетті көресіз. Ғалым өз зерттеуінде оларға да көңіл аударып, жазушының түрлі бояулар, сан алуан штрихтар арқылы оларды оқырманның көз алдына әкеле білгенін айтады. Кейбір сәттерді жазушы келте қайыра салуы немесе ықшам сөйлемдер арқылы психологиялық жағдайды ширықтыра түсетініне тоқталады.
Біздің ойымызша, Мұхтар Әуезовтың шығармашылық ұстаханасына үңіліп, ондағы жазушылық шеберліктің тамаша үлгілерін танып-білуде, қаламгердің күрделі сценаларды реалистік тұрғыда жасайтынын дәлелдеуі үлкен еңбектің, қажырлы ізденістің жемісі. Оны ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Рымғали Нұрғали терең теориялық біліммен, түрлі ағымдардың ара жігін дәл ажыратып, әлемдік әдеби дәстүрмен сабақтастыра отырып қараған. «Әуезов әлемі - Шығыстың ежелгі өнері мен Батыстың алдыңғы қатарлы мәдениетінің тоғысуынан туған дүниежүзілік мәні бар құбылыс. М.Әуезов өнері-қазақ халқының қайта түлеу заманында туған өнер» деп түйді.
Мұхтар Әуезовтің ғалымдық жолы көпке белгілі. Ол жасынан-ақ жазушылық қызметпен бірге әдебиет туралы ой-пікірлерін жариялап, ескі жыр-өлеңдерді жинап, оларды зерттеу саласында да өнімді еңбек етті. Оның қаламынан қазақ халқының ауыз әдебиетіне арналған көптеген зерттеулер шықты. Ол ғылыми жұртышылық мойындаған фольклоршы болатын және өмірінің соңғы күндеріне шейін Ғылым Акедемиясының Әдебиет және өнер институтында ауыз әдебиеті бөлімін басқарды. Сонымен бірге Мұхтардың біздің ұлттық әдебиетіміздің тарихына, кеңес тұсындағы әдебиет дамуының өзекті мәселеріне арналған еңбектері де бірсыпыра. Мұхтардың әдебиет тарихы, оның басталуы мен дамуы жайлы ойлары тым қызғылықты. Бірақ қазақтың қоғамдық өмірінің дамуы жағдайларына сүйеніліп айтылған бұл ойлар кейін өріс ала алмай, Мұхтардың ұлтшыл ретінде айыпталуына байланысты тоқталып қалды. Оның алғашқы күрделі еңбегі «Әдебиет тарихы» пайдаланудан алынып, идеялық жағынан зиянды кітаптардың қатарына қосылды. Тек Қазақстан дербес тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана «Ұлтшылдық ағым» ақталып, соған қатысты тыйым салынған әдебиеттер ішінде М.Әезовтің «Әдебиет тарихы» да толық күйінде қайта басылып шықты. Бұл кітап – қазақ халқының ұлттық әдебиетін тұтас күйінде жүйелеп зерттеуге жасалған алғашқы талап. Автор алғысөзінде оның қазақ әдебиетінің бүкіл тарихын қамту мақсатын қоймағанын айтқан. Онда «ескі күннен бастап, Абай мезгіліне шейін қазақ тілінде шыққан сырлы сөздің түрлерін айырып, жік-жікке бөліп, әрбір дәуірден қадау-қадау белгі қойып, сол белгілер бойынша тарих шаңы басып жатқан ескіліктің желісін созып шығу», «Әдебиет көшінің ұлы сүрлеулерін тауып алу» міндеті қойылады. Мұхтар кезінде абыроймен орындап шыққан осы шағын мақсаттың, сүрлеудің бұл күнде ұлы даңғыл жолға айналғаны қазақ әдебиет тарихы туралы зертеулерден белгілі. Мұхтардың алғашқы еңбегі осы жолдың сүрлеуін салғаны даусыз. Сонымен қатар Мұхтар кітабы жазба әдебиеттің басталуы, оның ауызша шығарылған әдебиетпен байланысы, айырмашылықтары жайында кең сөз етеді. Алғашқы әдебиет тарихшысы ретінде автордың әдебиет тарихын жасаудың қажеттігі мен міндеттерін айқындайтын пікірлері де орнықты әрі ғылыми дәлелді. Ол ұлттық әдебиеттің өткен жолын зерттеу, түсіну арқылы «Қазақ деген елдің өткендегісі мен бүгінгі пішінін тануға» болатынын ескертеді. Әдебиет дамуын халық бастан кешкен тарихи жағдайлармен байланыстыра қарайды. «Белгілі заманның тарихи шарттары мен кәсіп дағдысынан туған салт-сана, сезім, тілек қандай еді? Елдің өнер туғызған қиялымен үлгілі сөз туғызған ақылшалымы, ішкі дүние байлығы қандай еді? Қазақ тілінде әрбір заманда шыққан сырлы сөздердің үлгісі қандай, мағына-маңызы қандайлық? Бір-бірінің ортасындағы тарихи байлам, тіркестік қайсы, әрбір жұрнақты туғызған себеп пе?» Осының бәрін жүйелеп, саралап зерттеу, оқулық түрінде жас ұрпаққа ұсыну мақсаты Мұхтар еңбегін жазуға себеп болған. Қазақ халқының тарихи өткен жолын шолу мен оған баға беруде, әдебиет туындыларын солармен байланыста қарастыруда Мұхтар сөзі алғашқы ғылыми ойлардың басы десе де боларлық. Ол мұны «Тарихи өлеңдер» мен «Зар заман ақындары» бөлімдерінде толық баяндаған. Оның «тарихсыз заманда» шыққан кітабындағы бұл ойлар да сонылығымен бағалы. Ол қазақ елінің кең даланы еркін жайлап жүрген заманындағы әдебиет үлгілерінде «Қайда барамын, не тілеймін, кім боламын?» деген сұрауларды өзіне қоймаған ел болғанын айта отырып, отаршылдықтың заманы туған кезде ғана әдебиетте «бағыт, мақсат деген нәрселердің» туғанына, жаңалық іздеп, «бастаймын, түзеймін, қазіргі күйге қанағаттанбаймын» деген күй, бірлік, алғашқы рет тұтасқан ой құралып, әдебиет жүзінде елдің әлеуметтік тіршілігі сөз бола бастағанына, содан бастап жазба жазба әдебиет дәуірі туғанына тоқталады. Осылардан бастап әдебиет «әлеумет халін ұғып, ел қамын жоқтауға кіріседі. Өлең бұрынғыша қызық, сауық сияқты емес, қауым қызметін атқара бастайды. Елдің саяси пікірі мен тілек, мақсат, мұң, зар сияқты сезімдерінің басын қосып, жаңадан ой негізін, салт – санасын құрай бастайды» дейді ол. Қазақтың ұлттық әдебиетінің тарихи жолы қазақ хандарының тұсынан ХV – ХVI ғасырлардан басталып, жыраулар поэзиясы үлгісінде дамығаны, олардың ар жағында жалпы түріктік ортақ мұралардың жазба әдебиетке бастау болғаны кейін зерттеліп дәлелденді. Соның өзінде Мұхтар жобасы әдебиет тарихының алғашқы сүрлеуі есебінде аса бағалы. Абылай заманынан басталатын әдебиетті Мұхтар «Зар заман әдебиеті» деп атайды. Оның пікірінше, зар заман ақындарын сол дәуірдің тарихи жағдайлары туғызған. «Ақтабан шұбырындыдан» басталған қазақ қайғысы кейін орыс патшалығына бағынуға ұласып, «ноқтаға бас иіп, асаудың жуасып, алыптың басылған уақытымен» жалғасады. Зар заман ақындарының шығуын Мұхтар ХIХ ғасырдың орта кезінен бері қарай, Исатай, Махамбет, Кенесарылар қозғалысынан кейінгі кезеңге жатқызады. Бұл кезең мен Абылай заманының арасындағы тарихи байланыстарға лайық әдебиетте де Кенесары жорығының артынан шыққан зар заман ақындары мен Абылай дәуірінде болған ақындардың арасынан сондайлық үзілмейтін жалғастық табады. Ол Абылай дәуіріндегі зар заман ақынын екі топқа бөледі: бірі – келер күннің жұмбағын шешіп беріп, елге өсиет айтатын қария, екіншісі – толғау айтқан жырау. Екеуінің де көпке айтар сөздері өлең күйінде айтылып, тақпақ, толғау болып келеді. Олар – елдің ақылшы кемеңгері, заманның сыншысы, елді меңгерген хан мен бектің ақылшы уәзірі. Қауым тіршілігінде саяси салмағы зор ақындардың аузынан шыққан сөзі де қорғасындай ауыр, оқтай жұмыр, өтімді болған. Мұхтар осы дәуір поэзиясының үлгісі есебінде Асан қайғы мен Бұқар жырау шығармашылығына тоқталады. Асан ел алдына, әдебиет алдына халықтың ендігі күйі «не болады» деген сұрақ қоя білді дейді. Оға мысал ретінде Асанның «мұнан соң қилы – қилы заман болар, заман азып, заң тозып жаман болар. Қарағайдың басына шортан шығып, балалардың дәурені тамам болар» деген жыры мен Жәнібек ханға айтқан сөзін келтіреді. Сол арқылы Асанды «бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің ең шаншулы мәселесін әдебиет жүзінде түсіріп, алғаш рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген ақын ретінде бағалайды. Зар заман ақындарының сары уайымы Асаннан басталады деген қорытынды жасайды. Ал Бұқар шығармашылығынан Мұхтар «әлеумет қамын сөйлеу, мұң – зармен, арманмен сөйлеу» қабілетін көреді. Бұқар Асан қайғының жоғарғы өлеңдеріндегі жұмбағын шешеді, басқа жырларында «қайғы шерін Асан заманының қайғысымен жалғастырады». Мұхтар кітабы ұлттық әдебиеттің даму жолы туралы алғашқы сүрлеу болғандықтан, онда әдебиет тарихына қатысты көптеген деректер, жеке ақындар еңбектері толық бағасын ала қойған жоқ. Оған сол тұста ақындар шығармаларының түгелдей жиналып басылмауы себеп болған. Оны автордың өзі де мойындайды. Оның әдебиет тарихын түгелдей қамтымай, оның сүрлеуін салуды ғана міндетіне алуы осыны байқатады. М. Әуезовтің бүкіл тарихи әдебиетті зар заман сарынына тіреуі де көшпелі өмір кешіп, әрқилы сыртқы күштердің дүмпеуіне ұшыраған елдің мұң – зарын бейнелеуінен туындайды. Алайда отаршылдықтың өзінің әрқилы дәуірді бастан өткізген, әр кезеңдегі халықтық күрес пен езілген елдің арман – үмітінің түрліше ерекшеліктері болғанын ескерсек, бүкіл бір ұлттың әдебиетін тек зар заманға бағындырып қою әдебиеттің өрісін тарылтып жіберетінге ұқсайды.
«Әдебиет тарихының» қысқаша мазмұнына тоқталсақ:
Ібөлімінде сыршылдық салт өлеңдеріне, оның ішіне ел салтындағы шер өлеңдер (жоқтау, естірту, қоштасу, көңіл айту), дін салты мен дін ұғымынан туатын өлеңдер (наурыз, бақсылардың сарыны, жарамазан), қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдерге (жар-жар, қоштасу-танысу, беташар) жіктейді.
Мысалы, Абылай әл үстінде жатқанда, Бұқар жыраудың жоқтағаны:
Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай!
Үш жүздің баласынан үш кісі айтсам,
Қалар да ма екен жаның-ай![2,23].
ІІ бөлімінде батырлар әңгімесіндегі қазақтағы батырлар әңгімесі ескі заманнан басталады дей отыра қазақ елінің ескілігін тек қана қазақтікі емес, түгел түркі халқының ескілігі деп қарауға болады дегенді барынша аша түседі. Бұл бөлімдегі батырлық әңгімелер «ұлы батырлар әңгімесі» («Едіге»,«Қобыланды батыр», «Ер Тарғын»,«Ер Сайын», «Нәрікұлы Шора»), «кіші батырлар әңгімесі» («Қамбар батыр», «Алпамыс батыр») деп бөлініп талданады [2, 57]. «Ұлы батырлар – туысы бөлек, орны басқа, ел қиялындағы бағасы жоғары болған, ел іргесін бермейтін елдің ұлы, қамқоры. Кіші батырлар – бұлар азғындаған батырлар яғни халықтың тіршілігі тыныштық дәуіріне ауысқан кезде шыққан батырлар» [3,165]. «М.Әуезовтің қаһармандық жырдағы бас кейіпкерлерді «ұлы батыр», «кіші батыр» деп атауын сол кездегі ғалымдар да ара-тұра пайдаланған» [4].
Бұл жырлардың желісін о баста кім шығарғанын табу мүлде мүмкін емес. Барлық жырда да оны шығарған жыршының аты аталмайды. Тіпті орыс эпосындағыдай «Әулие баян» деген тәрізді атау да жок. Беймағлұм жыршының атынан баяндалатын эпикалык жырдың стилі ғасырлар бойына өзгермеген. [5,34].
ІІІ бөлім. Ел поэмалары. Еңбекке енгізілген «Қозы Көрпеш –Баян сұлу», «Қыз Жібек» әңгімесі қазақ халқының ел поэмасына қосылатын үлкен екі әңгіме болып табылады.
«Козы Көрпеш — Баян сұлу» дастаны қазақтың ғашықтық жырлары ішіндегі ертеректен келе жатқан және қазақ арасына өте көп жайылған турі. Бұл жыр «Кыз Жібек» хикаясы сняқты тек қазақтың өз тумасы ғана емес, мұның әңгімесі қазақтан басқа елдерде де бар. «Козы Көрпеш — Баян сұлу» әңгімесінің бір түрі орыс тілінде 1812 жылы Қазанда басылып шыққан. Барабин татарларының және қазақ арасында айтылатын нұсқасын Радлов жазып алып, бастырған. Ойрат тілінде «Қозын Еркеш» дейтін жыр бар. Солардың бәрі де «Козы Көрпеш — Баян сұлу» жырының өзіне меншіктейді. Қазақ арасында бұл жырдың 16 түрлі нұсқасы бар. Көп заманалар бойында көп акындар жырлағандықтан осындай әлденеше варианттар пайда болуы фольклор көлемінде заңдысаналады. Бізге мәлім болған «Козы Көрпеш — Баян сұлу» жырларының кейбір варианты ертедегі заманның өзіне байланысты айтылса, енді біреулері бергі XVIII-XIX ғасырда өңделіп жаңғырған. Кейде «ноғайлы» деген ескі атаулары жойылып, оның орнына Кіші жүздің Шеркеш руы, не Орта жүздің «Бағаналы» (Найман) руларының аттары аталады. Бірақ, бұл нұсқалардың кай-қайсысын алсаңыз да, алғашқы сюжет алысы – біреу. Әр дәуірдің, әр жердің ақындары өз ортасындағы тыңдаушыларының ыңғайына тартқанымен, оның негізгі мазмұны, оқиға желісі бір арнаға саяды [6,50].
ІҮ бөлім.Тарихи өлеңдер:«Кенесары– Наурызбай», «Исатай – Махамбет», «Бекет». «Кенесары – Наурызбай» әңгімесінен қысқаша үзінді келтірейік. Кене мен Наурызбай бастаған қол қырғыз бен соғыс үстінде Кәрібоз қырғыз бен Кене дау айтысады:
«Ей, Наурызбай ер төрем,
Қарайып жүрмін қаныма, о
Ызақорлық көрсетіп
Қатты батты жаныма...» [2,150].
Ү бөлім. Ертегілер. Бұл бөлімде жазушы ертегілерге жалпылама тоқталып кетеді. Ертегі дегеннің мазмұнын ашып, оның қандай түрлері болатынын, өмірде болмайтын қияли, немесе шындық өмірге араласатын адамнан бөлек істер істейтін әрекеттерден туған әңгімелердің бертін келе, адам ақылы есейе түсіп жалғасы ертегіге үлесетінін айтады да, тек қана «Құла мерген», «Еділ –Жайық» ертегілеріне қысқаша тоқталып кетеді. Әуезов өте талғампаз жазушы болғандықтан, әр шығармасын эстетикалық тұрғыдан талдап отырады. Ол мақал – мәтелдерге аса мән берген кісі болған. Сондықтан ертегілерінде көптеген тақырыпқа сай мақалдар кездесіп отырады. Ол сол мақалдардың астын сызып, талдап отырған. Мысал ретінде соған сәйкес оның ертегілерінде кездесетін мақал-мәтелдеріне тоқталайық: «Жақсылық, жамандық жолдас болған» ертегісінен - «Ай десе, аузы жоқ; күн десе, көзі жоқ», «Жақсылық патша болады, жамандықты қасқыр, түлкі, жолбарыс жеп қояды»; «Дудар қыз», ертегісінен – «Әлім қылып пісірді, арса қылып түсірді», «Жүректе» жерден жұлымдай түтін шығады», «Барша мұрат баласына жетті» [6.24].
ҮІ бөлім. Айтыс өлеңдер. Қазақ халқының айтыс өнері дамыған жанрлардың бірі деп айтуға болады. Айтыс өнері - қазақ халқының асыл мұраларының бірі. Айтыс сөздерінің молдығы мен көп жайылғандығына қарасақ, қазақ елі ақындық теңізі сияқты көрінеді. Елдің айтыс өлеңдерін қатты қадірлеген айтыскер ақындар: Сара, Шөже, Тоғжан, Жанақ, Біржан сияқтылар қазақ халқына, ел арасына тегіс жайылған.
Мұрат пен Жантолы айтысынан үзінді:
Мұрат: Жантолы жас күніңнен болдың телі,
Қыдыртқан жігіттікті тентек желі,
Көп айдың көрмегелі болды жүзі
Жантолы үйіңнен шық көріскелі.
Жантолы: Құда-еке жас күніңнен болдың телі,
Қыдыртқан жігіттікті тентек желі,
Көп айдың көрмегелі болды жүзі
Асықпай атыңнан түс сөйлеселі [2,184].
ҮІІ бөлім. Билер айтысы.Зар заман ақындары. Халыққтың зарын, мұңын ханға жеткізушілер болды. Мысалы, Асан Қайғы Абылай ханмен тұстас өмір сүрмеген. Алайда сол кезде Абылай ханмен біршама уақыт өмір сүрген адам сияқты, халықтың қиын кезеңін көзімен көріп, басқа елге бағынышты болуға жақындап қалғанын сезіп Абылайға:
«Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тамам болар.
Ол күнде қарындастан қайырым кетер,
Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.
Ұлы қызың орысқа бодан болып,
Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер» [2,199] – деп өкпесін білдіреді. Еңбекке көз жүгірткен кезде, менің ойыма мынадай сұрақ түсті. Жазушы неліктен айтыc өлеңдері мен билер айтысыy жеке тарау етіп алды екен? Ал тарихи өлеңдерді батырлар әңгімесінің жалғасы ретінде қарастыру мүмкін болмады ма? Осыны толық түсініп жету үшін, сол бөлімдерді оқып олардың арасындағы айырмашылықты байқадым. Батырлар әңгімесі Абылай хан тұсындағы жаугершілік замандағы батырлардың ерлігін, елдігін тікелей әңгіме етіп баяндайды. Олардың өміріндегі өзгерістер, сол замандағы батырлардың, хандардың тумысынан бастап, өмір жолындағы істеген іс – әрекеттері, батырлығы жайында әңгімелейді. Тарихи өлеңдер де дәл сол Абылай заманынан басталған заман көрінісін суреттейді. Алайда, халықтың басынан кешкен қиыншылықтары, жаугершіліктері, хандар мен батырлардың өмір салтын, олардың ерліктерін өлең жолдарымен жеткізеді. Осы екеуі де сол кездегі заман көрінісін бақылаушы ретінде, олар туралы мәлімет береді.
Зерттеуші М.Әуезов олардың айырмашылығын ғылыми тұрғыдан былай түсіндіреді: «Тарихи жырлардың батырлық эпостан жанрлық айырмашылығы бар. Яғни тарихи жырларда эпостық баяндауға тән объективтік сарынның орнын оқиғаларды тікелей қабылдаған автордың әсері араласқан субъктивтік баға басады» [3, 76]. «Зар заман» ақындары жоғарыда айтып өткендей ол да дәл батырлар әңгімесі мен тарихи өлеңдер дәуірімен қатар уақытта болып өткен оқиғаларды жырлайды. Олар халықтың мұңын, өкпе – ренішін ашық түрде жеткізеді. Кейде халықты аяп, оларға жанашырлық танытса, кейде оларды сынға алып қарсы пікірлер де айтады. Алайда солай болғанның өзінде олар қашанда халық мұддесін қорғаған ақындар болды. Олардың жоғарыдағылардан ерекшелігі: олар өз атынан сөйлемейді. Жазылған өлеңдері бір адам авторлығымен жазылса да, ол көпшіліктің ой – пікірін қамтиды. Яғни олар халық атынан сөйлейді. Халықтың мұң – зарын өлеңге айналдырып жырлайды.
Әрине, бұлайша жіктеу мейлінше шартты екенін автордың өзі де айтқан: «Қазақ ескілігін тексерген тұңғыш қызметте біздің көздеген мақсатымыз, әуелі қазақ елінің өз қанынан туып, өз сүтімен өскен ескіліктің ұлы денесін тұрғызып алмақшы болдық»
Академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ғалым Рымғали Нұрғали халқымыздың ардақты ұлдарының бірі М.О.Әуезовтың шағын мақалаларынан бастап, роман, эпопеясына дейін қамтып, оларды жүйелі зерттеуде ғылыми мектептің негізін қалады. Ғалымның еңбектерінен М.Әуезовтың әдебиеттану, эстетика, философия, драматургияға қатысты жазған дүниелері жаңаша қырынан танылып, бұрынғы зерттеушілер айтқан ой тұжырымдар едәуір байытылғаны, арнасының кеңейгені анық.
Семей, Алматы қалаларындағы педагогтық қызметі. Қаз МУ-нің филология факультетіндегі қызметі.Кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғауы.ҚР ҰҒА-ның академигі. Абайтану ғылымындағы зерттеулері. www.kazakh adebiety
www.mektep.kz
www.mektep.edu.kz.электрондық жүйе
www.sabak.kz
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. –Астана, 2002.
2. Нұрғали Р. Трагедия табиғаты. Мұхтар Әуезов –драматург.Алматы,1968.
3.Рахманова Н.М.Әуезовтану дәрістері.Оқу құралы: «Кітап» баспасы.-Алматы: 2019.-354б.
Достарыңызбен бөлісу: |