90-бап. Бюджеттің түсімдер бойынша атқарылуы
1. Бюджеттің түсімдер бойынша атқарылуы бюджетті атқару жөніндегі орталық және жергілікті уәкілетті органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджетке түсетін түсімдердің толық және уақтылы есепке алынуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуі болып табылады.
2. Бюджеттің түсімдер бойынша атқарылуы:
1) түсімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жазуды;
2) түсімдерді республикалық, жергілікті бюджеттер мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры арасында бөлуді;
3) бюджеттен артық (қате) төленген түсімдер сомасын қайтаруды не оларды берешекті өтеу есебіне есепке жатқызуды қамтиды.
91-бап. Түсімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жазу
1. Бюджетке түсетін түсімдер ақшалай нысанда жүзеге асырылады және бюджетке түсетін түсімдердің сыныптамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен толық көлемде бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жазылады.
2. Бюджетке шетел валютасымен түсетін, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шетел валютасымен бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның шотына есепке жазылған түсімдер қайта айырбасталуға және бірыңғай қазынашылық шотқа есепке жазылуға тиіс.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның шоттарынан шетел валютасын қайта айырбастау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
92-бап. Түсімдерді республикалық, жергілікті бюджеттер және Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры арасында бөлу
1. Түсімдерді республикалық, жергілікті бюджеттер және Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры арасында бөлуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әрбір жұмыс күні осы Кодекске сәйкес жүзеге асырады.
2. Түсімдерді бөлу мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін бюджеттің түсімдерін бюджеттердің деңгейлері мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаны бақылау шоты арасында бөлу кестесі, облыстық мәслихаттың шешімімен белгіленетін кірістерді облыстық бюджет пен оның аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттері арасында бөлу нормативтері, сондай-ақ мұнай секторы ұйымдарының тізбесі негізінде жүзеге асырылады.
93-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдік берілген трансфертті тарту
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген тәртіппен:
1) республикалық бюджетке түсетін түсімдер бойынша болжам және республикалық бюджеттің қолма-қол ақшасын бақылау шотындағы бюджет қаражатының қалдықтары негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке ағымдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген оның көлемі шеңберінде кепілдік берілген трансферттің қажетті сомасын айқындайды;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке кепілдік берілген трансфертті аудару туралы тиісті өтінімді жібереді.
94-бап. Түсімдердің артық (қате) төленген сомасын бюджеттен қайтару не оларды берешекті өтеу шотына есепке жатқызу
1. Бірыңғай бюджет сыныптамасының бюджетке түсетін түсімдер сыныптамасының кодтары бойынша түсімдердің артық (қате) төленген сомасын бюджеттен қайтаруды және (немесе) есепке алуды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
Түсімдердің артық (қате) төленген сомасын бюджеттен қайтару және (немесе) есепке жатқызу:
1) Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің және нормативтік құқықтық актілерде белгіленген құзыреті шегінде салықтық емес түсімдердің тізбесі бойынша салық органдарының қорытындылары негізінде;
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) салық органдары әкімшілік жасайтын негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдерді, трансферттерді, бюджеттік кредиттерді өтеу сомасын, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдерді,арыздарды қоспағанда, бюджетке түсетін салықтық емес түсімдердің алынуына жауапты уәкілетті органдардың қорытындылары негізінде берілген салық органдары табыс еткен төлем тапсырмалары негізінде жүзеге асырылады.
2. Бюджетке түсетін түсімдерді алуға жауапты уәкілетті орган өзі әкімшілік жасайтын түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз етеді және олардың түсуіне, түсімдердің артық (қате) төленген сомасын қайтаруға немесе олардың бюджетке берешектерді өтеу шотына есепке жатқызылуына мониторингті жүзеге асырады.
Осы қорытындылардың дұрыстығын және олардың берілу негізділігін уәкілетті органдардың басшылары қамтамасыз етеді.
3. Республикалық бюджетке түсетін түсімдердің алынуына, артық (қате) төленген соманың бюджеттен қайтарылуына және (немесе) есепке алынуына және салықтық емес түсімдердің, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдердің, трансферттердің, бюджеттік кредиттерді өтеу, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін соманың, қарыздардың бюджетке түсуін бақылауды жүзеге асыруға жауапты уәкілетті органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Жергілікті бюджетке түсетін түсімдердің алынуына, артық (қате) төленген соманың бюджеттен қайтарылуына және (немесе) есепке алынуына жауапты және салықтық емес түсімдердің, негізгі капиталды сатудан, трансферттерден, бюджеттік кредиттерді өтеу сомаларынан, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан, қарыздардан түсетін түсімдердің бюджетке түсуін бақылауды жүзеге асыруға жауапты уәкілетті органдардың тізбесін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті жергілікті атқарушы органы айқындайды.
4. Төлем тапсырмалары Қазақстан Республикасының банк заңнамасында белгіленген нысан бойынша ұсынылады.
Қорытындылар Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген нысан бойынша ұсынылады.
5. Түсімдердің артық (қате) төленген сомасын бюджеттен қайтару және (немесе) есепке жатқызу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
95-бап. Бюджеттің шығыстар бойынша атқарылуы
1. Бюджеттің шығыстар бойынша атқарылуы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және оларға ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің өздеріне арналған бюджет қаражатын осы Кодекстің талаптарына, тиісті нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне сәйкес және мемлекеттік органдар қызметінің алдын ала белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізуі мақсатында өздерінің пайдалануы болып табылады.
2. Бюджеттің шығыстар бойынша атқарылуы мемлекеттік мекемелердің шарт нысанында жасалған тіркелген азаматтық-құқықтық мәмілелерге және басқа да міндеттемелерге сәйкес төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыруы нәтижесінде бірыңғай қазынашылық шоттан қаражатты есептен шығаруды қамтиды.
3. Бюджетті атқару кезінде мемлекеттік мекемелер бюджет қаражатын бірыңғай бюджеттік сыныптамаға, жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерге, оларға сай бюджет қаражаты бөлінген нормативтік құқықтық актілерге сәйкес пайдалануға міндетті.
96-бап. Мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері
1. Мемлекеттік мекемелер азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасумен және оларсыз шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша міндеттемелер қабылдайды.
Мемлекеттік мекеме міндеттемелер қабылдаудың заңдылығын, азаматтық-құқықтық мәмілелерде көрсетілген ақпарат пен деректемелердің дұрыстығын қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік мекеменің мемлекеттік сатып алу мәні болып табылатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) сатып алуға азаматтық-құқықтық мәміле жасасуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік мекеменің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының нормаларын қолданбастан, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) сатып алуға азаматтық-құқықтық мәміле жасасуы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді және оларды сақтамағаны үшін жауапты болады.
4. Мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелерін мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленгеннен аспайтын мерзімге жасасады.
Қазақстан Республикасы ратификациялаған мемлекеттік қарыздар туралы халықаралық шарт немесе байланысты грант туралы келісім шеңберіндегі мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелерін мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасы ратификациялаған мемлекеттік қарыздар туралы халықаралық шарттың немесе байланысты грант туралы келісімнің қолданылу мерзімінен аспайтын мерзімге жасасады.
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде олар міндетті түрде тіркелгеннен кейін күшіне енеді.
Азаматтық-құқықтық мәмілелер тиісті қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларында бекітілген сомалар және жоспарлы кезеңнің екінші және үшінші қаржы жылдарының базалық шығыстары шегінде олардың бүкіл қолданылу мерзімі ішінде:
1) іске асырылу мерзімі бір жылдан асатын бюджеттік даму бағдарламаларына;
2) технологиялық дайындау мерзімінің ұзақтығы оларды келесі (кейінгі) қаржы жылы (қаржы жылдары) беруді негіздейтін активтерді және басқа да тауарларды сатып алуды көздейтін ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында белгіленген жағдайларда бір қаржы жылынан астам мерзіммен қызметтер көрсетуге;
4) аяқталу мерзімі келесі қаржы жылы басталатын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының нормаларын қолданбастан жүзеге асырылатын қызметтер көрсетуге;
245-бапқа сәйкес 96-баптың 5-тармағының 5) тармақшасы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілді
5) Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінің қаражаты есебінен бір қаржы жылынан астам іске асырылу мерзімінде іс-шаралар өткізуге байланысты тіркелуге жатады.
Бюджеттің базалық шығыстары өзгерген кезде аталған азаматтық-құқықтық мәмілелер қайта тіркелуге жатады.
Ғимараттарды, құрылыстарды, жолдарды салуға не реконструкциялауға, үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жолдар мен басқа да объектілерді күрделі жөндеуге байланысты азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын дайындау құны шарт құнына енгізілген объектілерден басқа, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы міндетті түрде болған кезде жүргізіледі.
6. Мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелерін шетел валютасында тіркеу үшін шарт сомасы шетел валютасында келтіріледі, тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген тіркеу күнгі нарықтық валюта айырбастау бағамы бойынша жүргізіледі.
7. Шартты тіркеу туралы хабарлама азаматтық-құқықтық мәміленің тіркелгенін растайтын құжат болып табылады.
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның резервiнен бюджет ақшасын бөлу, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде бұрын тіркелген азаматтық-құқықтық мәмілелерге қосымша келісімдерді тіркеу жағдайларын қоспағанда, азаматтық-құқықтық мәмiлелердi ағымдағы қаржы жылының 20 желтоқсанынан кейiн тiркеуге жол берiлмейдi.
9. Мемлекеттік мекемелердің азаматтық-құқықтық мәмілелерін тіркеуді жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
97-бап. Төлемдерді және ақша аударымдарын ұлттық валютамен жүзеге асыру
1. Төлемдер мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері бойынша төлеуге берілетін шоттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Төлеуге берілетін шот бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі үшін ақша алушының пайдасына төлемдер мен ақша аударуды жүзеге асыруға негіз болып табылатын мемлекеттік мекеменің құжатын білдіреді.
3. Мемлекеттік мекемелердің төлемдері мен ақша аударымдары қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы немесе мемлекеттік мекемелердің шоттарындағы қалдықтар шегінде, сондай-ақ төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес жоспарлы мақсаттар сомасының және шартты тіркеу туралы хабарламаның пайдаланылмаған қалдығы шегінде жүргізіледі.
4. Жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу міндетті болып табылатын шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша тіркелген азаматтық-құқықтық мәмілесіз төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізуге жол берілмейді.
Шығыстардың экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің, оның ішінде жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу міндетті болып табылатын шығыстар түрлерінің тізбесін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi:
төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарына;
тiркелген азаматтық-құқықтық мәмiлелерге;
бiрыңғай бюджеттiк сыныптамаға;
толтырудың нысаны, толықтығы және дұрыстығы бойынша Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының талаптарына төлеуге берiлетiн шоттардың сәйкестiгiн тексеруге саятын төлемдердi төлеу кезiндегi ағымдағы бақылауды жүзеге асырады.
Аванстық төлем сомасын қоспағанда, тіркелген азаматтық-құқықтық мәміле бойынша төлем жүргізу кезінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі тауарларды жеткізу туралы шот-фактура немесе жүкқұжат (акт) немесе орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісі немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге құжат түрі көшірмелерінің бар-жоғын тексереді.
Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы әзірлеу құны шарт құнына енгізілген, ғимараттарды, құрылыстарды, жолдарды салуға не реконструкциялауға, үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жолдарды және басқа объектілерді күрделі жөндеуге байланысты шығыстар бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі аванстық төлемнен кейінгі төлем жүргізу кезінде жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысының бар-жоғын қосымша тексереді.
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Мемлекеттік мекеме:
төлеуге берілетін шотты табыс етудің заңдылығын және негізділігін;
төлеуге берілетін шоттың көрсетілген деректемелерінің дұрыстығын;
ақша алушылардың пайдасына төлемдерді жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелердің уақтылы және толық орындалуын;
жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерге сәйкес тауарлардың берілуін, орындалған жұмыстарды және (немесе) көрсетілген қызметті растаудың дұрыстығын;
бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне осы баптың 5-тармағында көрсетілген, тіркелген азаматтық-құқықтық мәміле бойынша төлемнің негізділігін растайтын құжаттарды табыс етуін қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оған жауапты болады.
7. Мемлекеттік мекеменің өткен жылдардағы дебиторлық берешегінің сомасы азаматтық-құқықтық мәміленің талаптарында көзделген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) беру арқылы өтелуге не тиісті бюджеттің кірісіне қайтарылуға жатады.
8. Төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәсілдерін Қазақстан Республикасының төлемдер мен ақша аударымдары туралы, бюджетті атқару жөніндегі заңнамасы немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар айқындайды.
9. Төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
98-бап. Инкассолық өкім
1. Инкассолық өкім соттардың заңды күшіне енген шешімдеріне, ұйғарымдарына, қаулыларына, бұйрықтарына сәйкес берілген, сондай-ақ пайда болған салық берешегін, міндетті зейнетақы жарналары немесе әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті, кеден органдары алдындағы берешекті өтеуге байланысты атқарушылық құжаттарды мемлекеттік мекеменің мәжбүрлі түрде орындауына негіз болып табылатын құжатын білдіреді. Инкассолық өкім мемлекеттік мекеме төлемінің негізділігін растайтын құжат болып табылады.
Инкассолық өкім атқару парағы немесе соттың шешімі (үкімі, ұйғарымы, қаулысы) бойынша берілген бұйрық немесе ақшаны өндіріп алу туралы сот бұйрығы негізінде және салық қызметінің органдары мен кеден органдарының инкассолық өкімдерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да негіздер бойынша жасалады.
2. Инкассолық өкім ұсынылатын мемлекеттік мекеменің қызмет көрсету орны бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне инкассолық өкім беріледі.
Инкассолық өкім оны жасауға негіз болып табылған атқарушылық құжаттың түпнұсқасын не салық қызметі органдарының және кеден органдарының инкассолық өкімдерін қоспағанда, әрбір беті соттың елтаңбалық мөрімен куәландырылған осы құжаттың көшірмесі қоса тіркеліп, беріледі.
Инкассолық өкімде көрсетілген сома атқарушылық құжатта көрсетілген сомаға сәйкес болуға тиіс.
Инкассолық өкімде мемлекеттік мекеменің ол бойынша осы өкімнің орындалуы талап етілетін коды көрсетіледі.
3. Инкассолық өкімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ашылған шетел валютасындағы шотқа, тиісті бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшасын бақылау және ақшаны уақытша орналастыру шоттарына ұсынуға жол берілмейді.
Инкассолық өкімдерді ұсыну мемлекеттік мекеменің кодында, ақылы қызмет көрсету мен демеушілік, қайырымдылық көмек шоттарында жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Инкассолық өкім Қазақстан Республикасының банк заңнамасында белгіленген нысан бойынша ұсынылады.
5. Инкассолық өкімдерді орындау Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
99-бап. Төлемдер мен ақша аударымдарын валюталардың түрлері бойынша шетел валютасымен жүзеге асыру
1. Мемлекеттік мекемелер төлемдер мен ақша аударымдарын валюталардың түрлері бойынша шетел валютасымен Қазақстан Республикасының резиденті еместердің пайдасына шетел валютасын айырбастау және аудару жөніндегі операцияларды жүргізу жолымен жүзеге асырады.
Валюталардың түрлері бойынша шетел валютасын айырбастау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалған айырбасталатын күнгі валюталар айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік мекеме валюталардың түрлері бойынша айырбасталған шетел валютасын шетел валютасымен шотқа есепке жазылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде мақсаты бойынша пайдалануға тиіс.
Пайдаланылмаған не толық пайдаланылмаған шетел валютасы мемлекеттік мекеме шығыстарының бюджеттік сыныптамасының кодына шетел валютасы айырбасталған ұлттық валютадағы соманы кейіннен қалпына келтіре отырып, көрсетілген мерзім өткеннен кейін қайта айырбасталуға тиіс.
3. Мемлекеттік мекеме айырбастау, қайта айырбастау жөніндегі операцияларды ресімдеу кезінде деректемелердің дұрыстығын және төлемдер мен ақша аударымдарын шетел валютасымен жүзеге асырудың негізділігін қамтамасыз етеді.
4. Төлемдер мен ақша аударымдарын шетел валютасымен жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
100-бап. Азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеуді және төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізуді тоқтата тұру
1. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен және мерзімде:
1) міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізген;
2) инкассолық өкімдерді ұсынған;
3) егер мемлекеттік мекеме айырбасталған шетел валютасының пайдалану мерзімі біткеннен кейінгі келесі жұмыс күні айырбасталған шетел валютасының мақсаты бойынша пайдаланылмаған не толық пайдаланылмаған қалдығын қайта айырбастау жөніндегі рәсімді жүзеге асырмаған;
4) егер жергілікті атқарушы орган бюджеттік кредит сомасын оны бөлген жоғары тұрған бюджетке кредит шартының талаптарында көзделген мерзімде қайтармаған;
5) секвестр жағдайларында азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу және төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу үшін мемлекеттік мекемелердің құжаттарын қабылдауды тоқтата тұрады.
2. Азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу және мемлекеттік мекемелердің төлемдерін жүргізу жөніндегі операцияларды тоқтата тұру:
1) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, өзгерістер енгізілетін шығыстардың бюджеттік сыныптамасының кодтары бойынша міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу рәсімі аяқталғанға дейін;
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 2) тармаққа орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, жалақы төлеу және басқа да ақшалай төлемдер, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген ақшалай өтемақы, жәрдемақылар, алименттер төлеу, салық және әлеуметтік аударымдарды, міндетті зейнетақы жарналарын аудару, банктік қызмет көрсетуге ақы төлеу жүзеге асырылатын шығыстардың түрлерін қоспағанда, осы өкімдер ұсынылған шығыстардың бюджеттік сыныптамасының кодтары бойынша инкассолық өкімдер орындалғанға дейін;
3) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, мақсаты бойынша пайдаланылмаған не толық пайдаланылмаған айырбасталған шетел валютасының қалдығын қайта айырбастау рәсімі аяқталғанға дейін;
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда, тиісті жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісі төлеуге берілетін шоттарды бюджеттік кредит бойынша берешектің сомасын қайтаруға оны бөлген жоғары тұрған бюджетке ұсынғанға дейін жүзеге асырылады. Азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу және төлемдерді жүргізу жөніндегі операцияларды тоқтата тұру жалақы төлеу және басқа да ақшалай төлемдер, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген ақшалай өтемақы, жәрдемақылар, алименттер төлеу, салық және әлеуметтiк аударымдарды, мiндеттi зейнетақы жарналарын аудару, банктiк қызмет көрсетуге ақы төлеу жүзеге асырылатын шығыстардың түрлерiн қоспағанда, тиісті жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісі аппаратының қызметін қамтамасыз ететін бюджеттік бағдарлама бойынша жүзеге асырылады;
5) осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайда, секвестр көзделіп отырған бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет қаражатын қысқарту туралы тиісті бюджет комиссиясы ұсыныс шығарған күннен, келесі жұмыс күнінен бастап, өзгерістер енгізілетін шығыстардың бюджеттік сыныптамасының кодтары бойынша міндеттемелер мен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларына өзгерістер енгізу рәсімі аяқталғанға дейін жүзеге асырылады.
101-бап. Бюджет ақшасын басқару
1. Бюджет ақшасын басқару бюджетке түсетін түсімдердің мерзімдеріне сәйкес төлемдердің уақтылы төленуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін білдіреді.
2. Бюджет ақшасын басқаруды бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарында көзделген көлемде төлемдерді қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.
4. Төлемдердің уақтылы және толық төленуін жүргізуді қамтамасыз ету үшін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган:
бюджетке түсетін түсімдердің күтілетін көлемдерін және жоспарлы кезеңге арналған шығыстардың атқарылуын, қолма-қол ақша профицитін (тапшылығын) және оны жабу көздерін айқындау жөніндегі процесс болып табылатын қолма-қол ақша легінің болжамын жасайды;
тиісті бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы ақша қозғалысы мониторингін жүргізеді.
5. Республикалық және жергілікті бюджеттерге түсуі күтілетін немесе түсетін нақты түсімдер мен бюджет қаражаты қалдықтары көлемінің ағымдағы қаржы жылы басталғаннан бері күтілетін немесе жүргізілген төлемдер көлемінен асып түсуі қолма-қол ақша профициті болып табылады.
Түсуі күтілетін немесе жүргізілген төлемдер көлемінің ағымдағы қаржы жылы басталғаннан бері республикалық және жергілікті бюджеттерге түсуі күтілетін немесе түсетін нақты түсімдердің және бюджет қаражаты қалдықтарының көлемінен асып түсуі қолма-қол ақша тапшылығы болып табылады.
6. Тиісті бюджеттің қолма-қол ақшасын бақылау шотында қолма-қол ақша тапшылығы болжанған жағдайда қолма-қол ақшаның тапшылығын жабу қарыз алу не түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізу есебінен жүзеге асырылады.
7. Тиісті бюджеттің қолма-қол ақшасын бақылау шотында қолма-қол ақша профициті болжанған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган уақытша бос бюджет ақшасының көлемін айқындайды.
Ағымдағы қаржы жылының белгілі бір уақыт кезеңі ішінде пайдаланылмайтын бірыңғай қазынашылық шоттағы ақша уақытша бос бюджет ақшасы болып табылады.
Уақытша бос бюджет ақшасын ұтымды пайдалану және тиісті бюджетке кіріс алу мақсатында республикалық және облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің уақытша бос бюджет ақшасы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі салымдарға (депозиттерге) орналастырылады.
Кодекстің осы бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, банктік шоттардағы бюджет ақшасын орналастыруға жол берілмейді.
8. Республикалық және жергілікті бюджеттердің уақытша бос бюджет ақшасын орналастыруды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
9. Уақытша бос бюджет ақшасын орналастыру тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
102-бап. Мемлекеттік мекемелердің өздерінің билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін ақша бойынша атқару
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түсетін өз билігінде қалатын ақшаның есебінен операцияларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік мекеме жыл сайын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) олардың түрлері бойынша өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін Республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелердің оларды өткізуден түсетін ақшасы өзінің иелігінде қалатын тауарларының (жұмыстарының, көрсетілетін қызметтерінің) тізбесінің сыныптауышы негізінде жасайды.
2. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін өз билігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарын бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бекітеді.
3. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін өз билігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының мемлекеттік мекемелер ұсынған жоспарлары негізінде мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін өз билігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын жасайды.
Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін өз билігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жиынтық жоспарын бюджеттік бағдарламалар әкімшісі бекітеді және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен келіседі.
4. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін өз билігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының бекітілген жоспарын мемлекеттік мекеме бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін өз билігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының бекітілген жоспарының қолданысы ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанында тоқтатылады.
5. Қаржы жылы ішінде мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін өз билігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарында көзделген сомалардан артық кірістер ағымдағы қаржы жылының аяғына дейін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жоспары нақтыланған жағдайда ағымдағы қаржы жылында жұмсалуы мүмкін.
6. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін, өз билігінде қалатын ақша есебінен тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) сатып алуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
7. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін, өз билігінде қалатын ақша есебінен азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеу осы Кодекстің 96-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін, өз билігінде қалатын ақша есебінен жүргізілетін төлемдер мемлекеттік мекеменің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін ақшаны есепке алу үшін ашылған шотындағы нақты қолма-қол ақша шегінде жүзеге асырылады.
9. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түсетін, өз билігінде қалатын ақшаны пайдалану тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
103-бап. Қаржы жылының аяқталуы
1. Ағымдағы қаржы жылының бюджет түсімдерін есепке жазуға және бюджеттен төленетін төлемдерді жүзеге асыруға байланысты операциялардың барлығы ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанында аяқталады.
2. Бюджетке ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанынан кейін есепке жазылған түсімдер жаңа қаржы жылының түсімдері болып есептеледі.
3. Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсаны аяқталғанға дейінгіні қоса алғанда пайдаланылмаған жоспарлы мақсатқа арналған қалдықтар жойылады.
4. Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша пайда болған бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет қаражатының қалдықтарын аккредитивтік және өзге де бюджеттен тыс шоттарға аударуға жол берілмейді.
104-бап. Бюджет қаражатының қалдықтары
1. Есепті кезеңнің аяғындағы жағдай бойынша пайдаланылмай қалған қаражат кезеңнің аяғындағы бюджет қаражатының қалдықтары болып табылады.
2. Кезекті қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша өткен қаржы жылында бюджеттің атқарылу қорытындылары бойынша пайдаланылмай қалған қаражат жыл басындағы бюджет қаражатының қалдықтары болып табылады.
3. Жергілікті бюджеттердің бюджет қаражатының қалдықтары жоғары тұрған бюджетке алып қоюға (аударуға) жатпайды.
4. Жылдың басындағы бюджет қаражатының қалдықтары бюджетті түзету арқылы мыналарға:
1) алынған қарыздар бойынша негізгі борышқа қызмет көрсетуге және оны өтеуге;
2) 2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) өткен қаржы жылы жоғары тұрған бюджеттен бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттер есебінен жүзеге асырылатын ағымдағы қаржы жылының шығыстарын олардың ағымдағы қаржы жылының басында пайдаланылмаған қалдығы сомасына қаржыландыруға;
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) іске асыру мерзімі бір жылдан асатын бюджеттік даму бағдарламалары және дайындау мен беру мерзімі бір қаржы жылынан асатын активтерді және басқа да тауарларды, қызмет көрсету мерзімі бір қаржы жылынан асатын қызмет көрсетуді сатып алуды көздейтін ағымдағы бюджеттік бағдарламалар бойынша өткен қаржы жылының тіркелген міндеттемелерінің төленбеген бөлігін қаржыландыруға;
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5) республикалық немесе облыстық бюджеттен бөлінген, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган олар бойынша ағымдағы қаржы жылы одан әрі пайдалану (толық пайдалану) туралы шешім қабылдамаған нысаналы трансферттердің өткен қаржы жылында пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) сомаларын қайтаруға пайдаланылуы мүмкін.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген мақсаттарға бөлгеннен кейін қалған жылдың басындағы бюджет қаражатының қалдықтары бюджет қаражатының бос қалдықтары болып табылады және бюджетті нақтылау арқылы ағымдағы жылдың шығыстарын қаржыландыруға жіберілуі мүмкін.
105-бап. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігі
2010.02.04. № 263-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы тиісті мемлекеттік мекемелердің бюджеттік бағдарламаларды іске асыру және олардың бюджет қаражатын бекітілген (нақтыланған, түзетілген) бюджет шегінде стратегиялық бағыттарға, стратегиялық жоспардың мақсаттары мен міндеттеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның тиісті қаулыларында көрсетілген мақсаттарға сәйкес пайдалануы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның резервінен бөлінген қаражатты пайдалануы жөніндегі жұмысын үйлестіреді және нәтижелердің көрсеткіштеріне қол жеткізілмегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
2. Бюджет қаражатын алған және пайдаланып отырған бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы бөлінетін бюджеттік бағдарламалардың нәтижелеріне қол жеткізілмегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
3. Бюджет қаражатын алған және пайдаланып отырған төмен тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы төмен тұрған бюджеттерге нысаналы трансферттер және бюджеттік кредиттер беруге бағытталған бюджеттік бағдарламалардың нәтижелеріне қол жеткізілмегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
4. Бюджет қаражатын алған және пайдаланып отырған заңды тұлға заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу арқылы бюджеттік инвестициялар беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаның нәтижелеріне қол жеткізілмегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
5. Ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтің жарғылық капиталына қатысу арқылы бюджеттік инвестициялар беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаның нәтижелеріне қол жеткізілмегені үшін акциялары бюджет қаражатының есебінен төленген ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдинг Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
19-тарау. Бюджетті нақтылау
Достарыңызбен бөлісу: |