ішкі ағза аурулары.
3.1 Оқ тиіп жарақаттанғандарда ішкі ағза ауруларының дамуы. Әртүрлі орналасқан оқ жарақаттарында жалпы ағзаның соған жауабы ретінде шок, коллапс, тыныс алу жетіспеушілігі, жүрек-тамыр жетіспеушілігі, әртүрлі қан кетулер, сепсис және т.б. жағдайлар дамуы мүмкін. Жиі зақымданатын ағзалар – жүрек, өкпе, бүйрек, бауыр, ми болып табылады. Олардың даму патогенезі алуан түрлі және өте күрделі болып табылады. Оқ тию жарақаты кезінде мидың зақымдануы, әртүрлі жүйелер мен ағзалардың қызметін реттейтін нейрогуморальды механизмдердің бұзылыстарына алып келеді. Ішкі ағзалардың зақымдануларның дамуында инфекцияның ролі өте маңызды. Сонымен қатар, оқ жарақатымен науқастарда қан кету салдарынан дамитын анемия - жалпы ағзаның реактивтілігінің төмендеуіне, тез шаршағыштыққа, гиповитаминозға, нервтік қажуға, суықтауға алып келеді.
Жүрек-тамыр жүйесі ауруларының дамуы. Жарақаттанғандарда жүрек-тамыр жүйесі ауруларының дамуы сирек кездеседі, олардың пайда болу мерзіміне байланысты: ерте және кеш дамитын аурулар деп қарастырамыз. Ерте дамитын ауруларға жүрек қызметінің функциональды өзгерістері жатады. Кеш дамитын ауруларға жарақатың инфекциялық асқынуы салдарынан дамитын жүрек-тамыр жүйесінің қабыну аурулары.
Ангиодистония, миокард дистрофиясы. Оқ жарақатының алғашқы минуттары мен сағаттарында науқастарда қанайналымдағы өзгерістер байқалады. Оқ тиісімен науқастарда жалпы әлсіздік, пульстің жиілеуі, кейде ентігу, жүрек маңындағы ауырсыну, артериялық қысымның төмендеуі, цианоз дамиды. Ауыр жарақаттанғандарда көп жағдайда коллапс немесе шок байқалады. Оның дамуы кейбір науқастарда рефлекторлы болады да, дереу көмек көрсетілген жағдайларда тез басылады. Ми мен жұлын зақымданған ауыр жағдайларда ұзаққа созылып, вазомоторлы өзгерістерге (терінің бозаруы, гиперемиясы, аяқ-қолдың суыну, цианоз, гипергидроз және т.б.) алып келеді. Жарақаттанғандарда ерте кезеңде пульстің сиреуі байқалып, яғни брадикардия 20 күнге дейін сақталады. Мысалы, соғыс жылдарында Н.С.Молчанов пен М.М.Ляховицкийдің бақылауларындағы ми жарақатанымен науқастарда ЭКГ-да брадикардия, диастоланың ұзаруы, ST депрессиясы, кейбір жағдайларда Т-тісшесінің деформациясы байқалған, осы аталған өзгерістер науқастардың жазылу барысында қалпына келген.
Термикалық жарақаттар. Термикалық жарақаттар жылу энергиясынан күйік немесе төменгі темпепартураның (салқын жарақаттар) әсерінен туады. Бұл жарада, тінде болатын өзгерістер, қай жағынан да өзіндік ерекшелігі болғанымен, патологиялық процесі жалпы жарадағы процеспен бірдей.
Күйіктер. Денесінің күюі соғыс кезінде атом бомбасы жарылғанда, әр түрлі жаңғыш қосындыларын өртегенде немесе әскери техникалардың жарылып өртенуінен болады. Қандай бір себептермен күймесін осы сәттен бастап, организімде және күйген жерде күрделі өзгерістер басталады.
Адам өміріне терінің маңызы өте зор. Атап айтсақ адам денесінің температурасын сақтайды, тыныс алуға қатысады. Денедегі улы заттарды шығарады. Керек жағдайда иммунологиялық қатынастар көрсетеді және қан тамырларының ұсақ капилляры арқасында қанды өзіне жинап, организімге қажет болғанда қан айналымын түзеуге қатысады.
Теріде мынандай қабаттар бар: мүйізді (роговой), жалтыр (блестящйи), түйіршікті (зернистый), базальды (базальный), емізікше (сосочковый), торлы (сетчатый). Терінің күйгеннен кейін қалпына келтіру қабілеті, осы қабаттардың жарақаттануына (әсіресе емізікше қабат және одан төмен) байланысты.
Терінің күю тереңдігіне байланысты, күйіктен жарасы төрт дәрежеге бөлінеді.
Жеңіл күйіктер. І - күйген жердің терісі қызып, ісінеді және дызылдап аурады. Алғашқы бір екі күнде ісік ұлғая түседі. 3-4 тәуліктен кейін ісік қайта басылады да, ауырғаны бірте-бірте бәсеңдейді, 5-6 тәуліктен кейін ісік толық қайтып, күйген жер терісінің ең беткей қабаты қабыршақтанып түлеп, түсе бастайды. Жара жазылады.
ІІ- күйген жерлері қатты ашып ауырып, көлемі ұлғайып ісіп кетеді. Терінің қабыршақ қабаты көтеріліп, астына сарғыш су жиналып, күлкілдеп тұрады. Алғашқы 2-3 күнде қатты аурады. 3-4 тәуліктен кейін ісік қайта басталады да, ауырғаны бірте-бірте басылады. 8-10 күннен кейін ісік толық қайтып, күйген жердің терісінің ең беткі қабаты қабыршақтанып, түлеп түсе бастайды. Жара жазылады. ІІ дәрежеде күйгенде тыртықтар болмайды.
ІІІ- а- күйдіргіш заттардың (агент) түріне байланысты күйген жерлерде сарғыш немесе ақшыл түсті жұқа жұмсақ шандырлар пайда болады. Саусақпен басқанда ауырмайды. Жара тазарғаннан кейін жазыла бастайды. 4-6 жеті өткен соң таза жазылады, бірақ кейбір жерлерінде тыртық қалады.
Терең күйіктер. ІІІ- б- терең күйіктер отқа күйгенде, күйген жері қатты, қара сарғыш тартып, шандыр болып қалады. Кей жерлерінде шандырдан күйген қан тамырлары, әсіресе тромбысы барлары көрініп тұрады. Тері ыстық судан, будан, радиациядан күйгенде жұмсақ ақшыл мрамор түсті шандыр болып тұрады, терінің шеттері қызарып тола бастайды.
ІҮ – күйген жердің терісі ІІІ б дәрежедегідей қап-қара шандыр болып, қатып қалады. Тері астындағы ет, сүйек және буындардағы жара көпке дейін тазармайды. Жара жиі іріңдейді. ІІІ б – ІҮ дәрежеде күйгенде, операция жасап, жараларды жапқанмен, көбінесе тыртықтар, буындар тартылып және әртүрлі контрактуралар болады.
Күйік мезгілінде терінің күйген көлемін білу қажет, себебі диагнозын және емдеу жолдарын анықтау, сол терінің күйген көлеміне байланысты. күйік көлемін анықтау үшін көптеген әдістер бар, соның бірі (тоғыздық әдісі).
Дененің әр бөліктері мынадай болады: бас және мойын -9%, кеуде -9%, іш-9%, бел және бөксе- 9%, қол әр қайсысы-9%, сан әр қайсысы- 9%, балтыр және табан-9%, аяқтың арасы және сыртқы жыныс мүшелері-1%.
Күйіктің жеңіл немесе ауыр болуы терінің қанша күйгендігіне байланысты. оның ішінде, әсіресе терең (ІІІ Б және ІҮ) дәрежеде күйген терінің көлеміне тікелей байланысты.
Күйіктің дәрежесі. Күйіктің аумағына және дәрежелі етіп анықталады. Күйікті анық көрсету үшін графикалық схема толтыруға болады. Далада орналасқан емдеу орындарында арнаулы штамптар қолдануға болады, онда адамның алдынан және артынан бейнесі көрсетілген, ол торларға бөлінген. Әр тор шамамен 1% болады. Торларды күйіктің дәрежесіне сәйкес түрлі түсті бояумен бояйды (І- дәрежесін сарымен, ІІ- дәрежесін қызылмен, ІІІ дәрежесін көкпен, ІҮ дәрежесін қарамен, ал тері қондырған көлемді жасылмен).
Жалпы өзгерістер. Терең және аумақты күйгенде шартты түрде күйік ауруы болады. Күйік ауруының даму сатысын төрт кезеңге бөледі: шок, токсемия, септикотоксемия және реконвалесценция.
Шок болған кезде денедегі қанның көлемі, сонымен қатар құрамы өзгереді (гиповолемия). Гиповолемияның негізгі себептері плазманың азаюы. Көлемді күйгенде айналымда жүрген плазманың мөлшері 30-40% кемиді. Қан тамырларының кеңеюінен плазма тіндерге шығып кетеді де, ісінеді. Ыстық және тінде пайда болған улы заттар (гистамин, лейкотоксин, кинин және басқалар) әсерінен қан тамырлар кеңейеді.
Ішкі ағзаларында қанның жиналуы, сулардың бүйректен тыс жоғалуы гипоголемияны күшейте түседі. Егер терең күйіктің көлемі денесінде 20% астам болса, алғашқы күндері адам қатты булану арқылы, демалу және құсудың арқасында 6-8 л дейін су жоғалтады. Гиповолемияның дамуына плазманың жоғалуынан басқа да себептер әсер етеді, әсіресе, күйген жердегі қызыл қан түйіршіктерінің (гемолиз), бірақ анемия қанның қоюлануынан (гемоконцентрация) алғашқы кезде білінбейді. Қызыл қан түйіршіктерінің өлгендігін несеп түрінің өзгеруінен (несеп қызыл болып кетеді, күйік иісті, гемоглобинурия және уробилинурия) байқауға болады.
Бүйрекке баратын қанның нашарлауынан, аурудың несебі азаяды, олигурия болады (кейде анурия), оның дәрежесі аурудың халін анықтайды. Бүйрек жұмысының нашарлауы мүшеде азотты заттардың көбеюіне соқтырады. Олигоанурия кезіндегі азот қалдығының жоғалуы қауіпті қатер болып туылады (Райдың прогноздық белгісі болса).
Күйікте кездесетін шоктың ең жиі көрінетін белгілері бірнеше сағат бойы қан қысымының төмендеуі – 95 мм. сын.бағ. дейін, тұрақты олигоурия (сағатына несеп 30 мг төмен), дененің температурасы қалыптан төмен, азотемия (35,7-42,8 ммоль л) жоғары, үнемі құсу, микрогемоглобинурия және ацидоз.
Клиникалық көрсеткіштеріне сәйкес жеңіл, ауыр және өте ауыр шокқа бөлінеді.
Жеңіл күйіктік шок. Әдетте 20% дейін терең күйгенде пайда болады. Жаралының есі сақталған, аз уақыт ретсіз қозғалуы мүмкін. Терінің беті және көзге көрінетін жұқа қабыршықтар бозарып тұрады, дірілдеп тоңады, жүрегі жиі соғады (пульсі минутына 100- ге дейін). Лоқсиды, құсуы мүмкін. Тәуліктік несебі қалыпты болғанымен кейін аз уақыт сағаттық дәреті төмендейді (30 мл төмен). Жеңіл гемоконцентрация. Ацидоз жоқ. Қалдық азот әдетте қалыпта. Бұл топтағы күйген ауруларды уақытылы емдегенде бірнеше тәуліктің соңында немесе үшінші тәуліктің басында шоктан шығады.
Ауыр күйіктік шок. Әдетте 20% дейін терең күйгенде пайда болады. Жарақаттың жалпы жағдайы ауыр. Жарақаттан кейін алғашқы сағаттарда адам қатты мазасызданып тынышы кетеді, маужырап ұйқы қысады, бірақ ақыл есі сақталады. Қатты дірілдеп тоңады, тілі кеуіп шөлдейді, көп құсады. Күймеген жерлерінің терісі боп боз, құрғақ. Кейде еріндері жай аяқ қолдарының саусақтары көгеріп кетеді. Денесінің температурасы бір қалыпты немесе төмендейді. Жүрегінің соғуы жылдам (минутына 120-130 рет).
Ентікпе байқалады, қан қысымы құбылмалы. Бүйрек қызметі бұзылған, олигоурия, сағат сайын бөлінетін несеп 9-12 сағат бойы төмен және тәуліктік мөлшері 300-400 мл дейін азаяды. І тәуліктің соңынан бастап қалдық азоттың деңгейі көтеріледі (36-71 ммоль л), макрогемоглобинурия байқалуы мүмкін. Гемоконцентрация көрнекті, ацидоз анығырақ. Шок 48-72 сағатқа созылады. Дұрыс емдеген кезде шоктан айығуы мүмкін.
Өте ауыр шок. Дене 40% артық күйгенде болады. Барлық мүшелер мен жүйелер қызметінің ауыр түрде бұзылуымен байқалады. Қысқа уақытта мазасыздық, жылдам маужырауға, айналады болып жатқан жағдайға немқұрайлыққа ауысады. Терісін сипап ұстағанда құрғақ, салқын және боп- боз болады. Жұқа қабыршықтар көгеріп, ентікпе болады. Қатты шөлдейді, дірілдейді көп құсады, құсығының түсі қою кофе сияқты болады. Тамыры жиі (минутына 130-150 рет) қан қысымы алғашқы сағаттан 100 мм сынап деңгейінен төмен.
Олигоурия қатты, жылдам анурияға ауысады. Несептің тәуліктік мөлшері 200-300 мм- ден аспайды. Несеп қара қошқыл, қара түстес көп тұнбалы, күйік иісті. Алғашқы сағаттан- ақ қандағы қалдық азоттың деңгейі жоғары (80-100 ммоль л). Ерте көрнекті метаболиттік ацидоз болады. І тәуліктің соңында іші кеуіп ықылық ата бастайды. Дене температурасы көбінесе төмен. Шок 48-72 сағатқа созылады. Ауыр шоктың 90% өлімге әкеледі. Жаралылардың көбісі бірнеше сағаттан немесе І тәуліктен кейін өледі.
Күйік ауруының екінші кезеңі жедел ағымды токсемия, бұл күйген жерлерден тарайтын улы заттардың іріп шіруінен және антигендік қасиеттерінен болады. Сонымен қатар микрофлоралардан өсіп-өну процесінде бөлінетін улы заттардың арқасында туады.
Жарақат көлеміне және тереңдігіне байланысты күйік токсемиясы 3-4 тәуліктен 10-14 тәулікке дейін созылады. Оның соңы жараның іріңдеуімен аяқталады. Бұл уақытта күйік токсемиясы ІІІ кезеңге (күйіктің септикотоксемиясына) өтеді.
Күйік токсемиясының қаншаға созылуы және оның ауыртпашылығы жарадағы тіндердің өлеттенуіне байланысты. Шандыр жұмсақ болса жылдам іріңдейді, жара тазарады, бірақ ауыр түрде өтеді.
Бұл кезеңнің ерекшелігі мида байқалатын орталық нерв жүйесінің белгілерінің көбеюіне, кейде ми ісінуді: есі ауытқып, сандырақтап, тынышсызданады, ұйқысы қашып, мең-зең болады. 15-20 % асатын терең күйген жарақаттардың 85-90 %-де, 2-5-ші тәуліктен бастап-ақ улы инфекциялық психоздар болады. Бұл кезеңде жиі кездесетін белгі ыстықтың 38-39 0 С көтерілуі. Ауыр жағдайларда температура гектикалық болады.
Гемоконцентрия бірте-бірте азаяды, анемия басталады. Шеткі қан құрамында лейкоцитоз көтеріліп, оның формуласы солға ығысады. Күйік токсемиясына тән катаболикалық реакция: азот тепе-теңдігі, қан сұйықтары, белок деңгейлері төмендейді.
Өте ауыр токсемияда, кейде қайтадан бүйрек жұмысының нашарлауы байқалады. Улы заттардың әсерінен, кейде гепатит дамуы болуы мүмкін. Өкпедегі тоқыраудан, кіші шеңбердегі қан айналысының нашарлануына, инфекцияның әсерінен пневмонияның дамуы, міне осылар күйік ауруының дәрежесін онан әрі нашарлатады. Токсемия кезінде кейде сепсис те болуы мүмкін, ол көп жағдайда өлімге әкеп соқтырады.
Күйік септикотоксемиясы жараның іріп-шірінуінен болатын безгек пен сепсистік асқынудың туындысы, 4-5 тәуліктің аяғына дейін созылатын бұл жағдай, өлген тіндердің іріп тазаруының арқасы. Грануляциямен жабылғанға дейін болатын барлық бұзылыстар белок пен электролиттердің және жараның бетінен енетін инфекцияға байланысты. Әдетте жарақаттың жалпы жағдайы ауыр күйінде қалады. Тұрақсыз (ремметирующий) бағыттағы безгекпен сипатталады. Делсалдық, ұйқының, ас жолдарының бұзылуы байқалады, ауыр жағдайларда психикасы бұзылады. Бауыр мен ас жолдары қызметі бұзылып, белок ыдырап төмендеуіне әкеліп соқтырады (гипопротеинемия). Миокардта, бүйректе, бауырда және басқа да ішкі ағзаларда дистрофиялық және қабыну процестері болады. Бұл кезеңдегі әсіресе жиі болатын асқыну пневмония (ұсақ, ірі ошақтық, кейде жайылған түрі). Әсіресе бұл кезеңде қауіп туғызатын инфекцияның асқынуы - сепсис. Оның алғашқы түрі геморрагиялық васкулит (денеде және аяқ-қолдарында бөртпелер пайда болады), токсикоэритемиялық аумақты бөртпе немесе токсикалық гепатит. Гектикалық безгек, лейкоцитоз байқалады. Қаншама қан құйғанымен, анемия күшейе түседі. Ішкі ағзаларда ауыр асқынулар болады (мидың ісінуі, эрозивті гастриттер, асқазан мен 12 елі ішекте жара болуы, ірі буындардың қабынуы). Көлемді және терең күйгенде, септикотоксемия кезінде ауру қатты жүдейді.
Жүдеудің негізгі белгілері әлсіреу, нерв жүйесінің анестезиясы, ісіктер, жараның қанағыш келуі, грануляцияның жұқаруы және қайтадан шіруі, терілерде трофикалық өзгеріс, ойық жараның п/б, еттердің семуі және ірі буындардың тартылып қалуы, анемия және гипопротеинемия. Күйік азғынуы орнына қайтатын процесс. Интенсивті консервативті және белсенді хирургиялық емдеудің арқасында аурудың беті қайтады. Жиі қан құюдан септикотоксемия кезінде кейде сарысу гепатиті болуы мүмкін.
Реконвалесценция (айығу) кезеңінде бұзылған организмнің функциялары бірте-бірте қалпына келе бастайды. Терең күйіктерде реконвалесценция кезеңі, жараға операция жасап, толық жабылған уақыттан басталады. Бұл кезеңде бірте-бірте майда жаралары жазылып буындардың функциялары қалпына келеді. Бірақ та жараның жабылып жазылуы көп аурулар үшін толық айықққандық емес. 20-40 % жарақаттар, терең күйген мезгілде контрактура, келлоидты шырамдар, жазылмайтын жаралар салдарынан келешекте қайтадан операция жасауды қажет етеді.
Тыныс жолдарының зақымдануы. Денесі күйіп жаралағандардың дем алғанда тыныс жолдары жалынмен, ыстық ауамен және күйген заттардың қалдықтарымен зақымдануы кездеседі. Осының әсерінен тыныс жолдарының ауа өткізетін қызметі нашарлап, асқынуы байқалады және қан айналысы өзгереді. Ол өзгерістер өкпенің кейбір асқынуларына әкеп соғады (пневмония, іріңді трахеобронхит, өкпенің ісінуі), сол себептен күйік ауруы асқына түседі. Тері мен тыныс жолдарының күйіктері бірлескенде жаралыны өлімге бейімдейді.
Тыныс жолдарының күйігін алғандарды көлемі 10-15 % терең терінің күйігімен салыстыруға болады.
Тыныс жолдарының термикалық жарақтын үш дәрежеге бөледі (Л.М. Клячкин бойынша):
І-тыныс аздап бұзылады, көгеру болмайды, дауысының шығуы дұрыс. Өкпеде кебу, сырқырау, болуы мүмкін, ал пневмония болса жеңіл түрінде байқалады, болашағы сәтті болады.
ІІ тыныстың бұзылуы анық көрінеді, көгеруі болады және дауысының шығуы төмендейді. Пневмония әр дайым болып ұзаққа созылады. Өкпе мен жүректің қызметі жеткіліксіз, болашағы ауырлау.
ІІІ тыныстың нашарлауы өте жоғары дәрежеде, асфикация болуы ықтимал. Дем аласы жиілейді, жөтелгенде қою қақырық түседі, дауысы шықпайды. Өкпе мен жүрек қызметінің нашарлағаны анық көрінеді. Пневмониямен асқынуы ерте және ауыр түрінде болып, бронхтар бітеліп эмфиземаға және ателактазға әкеліп соғады. Науқастардың болашағы жаман, ал өлер алдында өкпе ісінеді.
Күйгендерге медициналық көмек көрсету және емдеу. Күйгендерге көмек көрсеткенде ең бірінші әрекет жанып жатқан киімдерді, отты сөндіру. Ол үшін өртенген киімдерді және қорғаныс бұйымдарын жылдам шешіп тастау керек. Жанып жатқан жерді басқа бір матамен жауып сөндіру керек. Өртеніп жүгіріп жүргенді қалайда ұстап жерге жығып, киімдері күйіп жатқан орынды басып сөндірген жөн.
Өртті сөндіруге ылғалды топырақ, құм қолдануға болады. Өртенген адамға су құю жарақатты үлкейтеді, сондықтан суға сүңгітіп сөндірген жөн. Өртегіш қосындысының құрамында фосфор болса, сөндіргеннен кейін қайталап жануы мүмкін. Сондықтан жарақат алған жерге сулы дәке салынады. Тыныс жолдарын сақтау немесе жарақатын азайту және газдан уланбау үшін, шамасы барлары жылдам мұрын-ауыздарын суланған матамен басып, жедел түрде жарақаттанған противогаз кигізу керек.
Күйген жерлерін ластанудан және қосымша жарақаттанудан сақтау үшін киімін кесіп, жара бетін дәкемен жауып байлап тастайды. Байлар алдында аздап жараның бетін жуып тазалайды. Жанбай қалған жанғыш қосындылардың қалдықтарын алып тастау керек.
Алғашқы көмектің ең негізгісі – ауырсынуды басу. Жаралылардың көбі ауырғанын басатын дәріні керек етеді. Жаралының өзі (немесе жолдасының көмегімен) шприц-тюбик арқылы өзіне дәрі жібереді. Ауыр күйген жарақатқа бұны санитар немесе санитарлық нұсқаушы жасайды.
Ең алдымен есінен айрылған, газдан уланған, тынысы бұзылған және көлемді жарақаттарды шығару керек. Бұндай жаралылар үнемі тоңады (озноб) және шөлдейді, оларды жылы жауып, жиі сусын беру керек.
Дәрігерге дейінгі көмек, әдетте, жарақат ошағының қасында болғандықтан, алғашқы көмектер бұнда да көрсетіледі. Негізінен оларды есі, тынысы, жүрек қызметі бұзылғандарға бөледі. Керек болған жағдайда анальгетиктер, жүрек және тыныс анальгетиктері жасалынады, дұрыс салынбаған байламдарды жөндейді. Шөлі басылу үшін тұзды-сілтілі су беріледі (жарты шай қасық тамақ содасы және бір шай қасық ас тұзы салынған 1 литр су). Ауыр күйіктерінде эвакуация жасағанда тоңбауына көңіл аудуарған жөн.
Алғашқы дәрігерлік көмек. Егер ПМП-да бір мезгілде өте көп ауру түсетін болса, көмек көрсетудің негізгі жұмысы-мұқият сұрыптау жүргізу. Ең алдымен жедел дәрігерлік көмек көрсететін жаралыларды сұрыптап алған жөн. Бұл топқа жататын аурулар: көлемді күйігі және басқа жарақаттары бар, соның салдарынан тыныс алуы нашарлаған, күйіктен туған улы заттармен уланып, жүрек қызметі нашарлаған, тамыр коллапсы және күйіктік шогы бар ауыр жаралылар. Әрине, осындай көрінісі бар жаралыларды келесі белеске алдын-ала реанимациялық көмек көрсетпей тасымалдау өте қауіпті. Ал қалған жеңілдеу көрінісі бар жаралыларға көмекті екінші кезекте таңатын бөлмеде істеуге болады.
Күйіктің ауыртпашылығын шоктің көріну белгілеріне сай (ағару көгеру, тамыр соғуының жиілеуі, температураның төмендеуі, дірілдеу, құсу, шөлдеу), газбен улануына қарай (басы ауырып, есінен танады), сол сияқты тыныс жолдары күйігінің көрінуіне сай (бет күйігі, дауысы қырылдау, көгеріп тыныс алуының нашарлауы, жөтел, қақырғанда күйік иісінің байқалуы) анықталады.
ПМП-да жеңіл күйгендерге мынандай көмек көрсетіледі: тамырға не етіне 1 мл 2% пантопон немесе пипольфен (гистаминге қарсы) қосып салады. Керек болса жүрек дәрілерін және тынысты жақсартатын дәрілер (1 мл 10 % кофеин, 1-2 мл кордиамин, 1 мл 0,06 % корглюкин, 20 мл 40 % глюкозаға қосып салады), спазмды басу үшін венаға 10 мл 2,4 % эуфиллин салады, жаралыға көлемді мөлшерде су, тұзды-содалы сусын, белок морсын (белокқа 10 % глюкоза, аскорбин және лимон қышқылы қосылған) ыстық шай немесе кофе беріледі. Әрине бұл амалдарды топтау-тасымалдау бөлмесінде істейді.
Жедел көмекті қажет ететін жаралылар дереу таңу бөлмесіне алынып, тыныс жолдарының күйіктен болатын ісігін бәсеңдету үшін, бұлшық етке 100-200 мг гидрокортизон немесе 30-60 мг преднизолон, эуфиллин, гистаминге қарсы дәрілерін салады. Егер нәтижесі болмаса, екі жағынан вагосимпатикалық тосқауыл жасайды. Ал тыныс жолдары жабылып, бронх саңылауы тарылса, трахеостомия жасау керек.
Жараланғандар көмір қышқылымен уланса тамырына полиглюкин (400-500 мл), 40 % глюкоза ертіндісіне аскорбин қышқылын қосып енгізеді. Оттегін беріп карбоксигемоглобинді ажыратады. Жаралының жағдайы ауыр болса (шок белгілері - қан қысымының төмендеуі, тамырдың соғуының бәсеңдеуі, өңінің көгеріп, бозаруы), жүрек-өкпе қызметі нашарласа, тамырына 1-2 литрдей сұйық заттар (полиглюкин, реополиглюкин, лактасол, 10 % глюкоза ертіндісін, инсулин қосылған 30 % натрий тиосульфатын 30 мл) құяды.
Осы амалдарды істеген соң, күйік жарасына байлам салып, ауыр жаралыларды бірінші кезекте келесі белеске тасымалдауды ұйымдастырады.
Егер көз, қабақ зақымданса, күйген жерлерді жуып тазартып, қабақты ашып, көзді тексереді. Содан кейін көз конъюнктивасына 2-3 тамшы 0,5-0,25 % дикаин тамшыларын, қабақтың астына арнаулы аспаппен 5 % синтомицин немесе 10-30 % сульфанил майын жағады. Көз маңындағы күйік жарасына да осы майды жағып, үстінен таза байлам салады. Барлық күйік алған жаралыларға міндетті түрде сіреспе анатоксинін салады.
Мамандандырылған медициналық көмек медсанбатта көрсетіледі, оның көлемі:
-
Медициналық сұрыптау жүргізіп жеңіл, орташа күйгендерді келесі белеске тасымалдау.
-
Ауыр жағдайдағы жаралыларды шоктан шығару үшін реанимациялық жедел көмек көрсету.
-
Жеңілдеу жаралыларды тезірек емдеп, қайтадан сапқа тұрғызу.
Атом бомбасы жарылуынан күйік алған жаралылар міндетті түрде дозиметриялық тексеруден өтуі керек. Егер радиоактивті заттар білінсе, оларды арнаулы бөлімшеге ауыстырып, тазартқаннан соң, қабылдау-сұрыптау бөлімшесіне енгізеді. Радиоактивті зақымы жоқ жаралылар қабылдау-топтау бөлмесіне жеткізіліп, оларды ауыр жеңіліне қарай 4 топқа бөледі. Медициналық сұрыптау күйік жарасына салынған байламды алмай өткізіледі.
Медсанбатта (алғашқы белестермен салыстырғанда) шокқа қарсы ем толығымен қолданылады. Жаралы толық шоктан шыққанша ем тағайындалады. Күйік шогі 2-3 тәулікке созылатын болғандықтан жаралыларды осынша уақыт емдеу керек.
Шокпен күресу бөлемшесінде көмек мынадай кезекте істелінеді:
1. Жаралының жалпы жағдайын (көңіл-күйін, тамыр соғуын, тыныс алуын, дене қызуын) анықтап, мүмкіндігі болғанша күйік жарасы орнының көлемін, тереңдігін айқындайды.
2. Ауырсынуды басатын және жүрек-тамыр жүйесіне әсер ететін дәрілерін салу.
3. Венепункция, венесекция немесе ірі тамырларға катетр салып, сұйық дәрілерді көлемді мөлшерде құюға болатындай мүмкіншілік жағдай туғызады, тамырдан қан алып, зерттеуге жіберіледі.
4. Қуыққа тұрақты катетр салып, жаралының шоктан шыққанша несеп шығару қабілетін бақылайды.
5. Күйік жарасына байлам салынады. Кейде күйген тері қатты қысып тартып аяқтың не қолдың қан тамырларының жұмысын нашарлатады, ал сондай күйік кеуде де болса, адам тыныс ала алмай қалады. Сондықтан мұндай жаралыларға некротомия жасап, тері тартылуын босатады.
6. Ауруды жылытады. Ол үшін жаралы жатқан бөлме температурасы 23-250 С болуы керек. Жаралыға ыстық шай беріп, тұзды-содалы сусын, белок морсын береді, бірақ суды, сусынды шамалап берген жөн (50-100 мл).
Күйіктік шоктың негізгі емі – вена арқылы көлемді мөлшерде аурудың жанын алып қалатын сұйық ерітінділерді құю. Қан айналысын толықтыру үшін қан және плазма, сонымен қатар минералды су жүйесін толықтыру үшін жасанды қан сұйықтары (полиглюкин, реополиглюкин), плазма және плазма орнына қолданылатын заттар (протеин, альбумин), тұзды сұйықтар (лактосол, рингерлактат, хлорлы натрий), сол сияқты тұзы жоқ ертінділер (0,1 % новокаин 5-10 % глюкоза дәрілері) тағайындау қажет. Сұйық ертінділерді қан, плазма және оларды алмастыратын заттардың құйылу көлемі тәулігіне 3-4 литрден аспауы керек, бұл сұйықтарды құю барысында бағдарлайтын көрсеткіш, ол аурудың несеп шығару көлемі (сағатына 30-50 мл). Егер шығатын несеп көлемі құйылған сұйықтың мөлшеріне сай келмесе, онда бүйрек жеткіліксіздігінің болғандығы (олигоурия, анурия). Сондықтан несеп шығуын үдету үшін венаға құйылатын заттарға қосып, осмодиуретиктерді (манитол, мочевина, натрий тиосульфаты) қосқан жөн. Осмодиуретиктерді негізінен коллоидтық, кристаллоидтық ертінділермен қан айналымын толтырып, қан қысымын көтергеннен соң пайдаланған орынды. Сонымен қатар, өкпедегі қан көлемін азайту үшін 2,4 % эуфиллин ерітіндісін 5-10 мл 3-4 рет тәулігіне, фурасемидтің 1 % ертіндісін 2 мл, ал организмдегі қышқылдықты тежеу үшін 150-200 мл 3-5 % натрий гидрокарбонатын қолданған жөн. Әрине, әр аурудың күйік шогі әртүрлі өтуі мүмкін, сондай-ақ қан, плазма және ертінділерді құяр алдында, ауру жағдайын және қолданыталын емді жоспарлаған жөн.
Егер шок мезгілінде өкпе зақымдалуы байқалса, бронхспазмы басу үшін бронхолитиктер (2 мл 2 % папаверин тәулігіне 2-4 рет бұлшықетке салынады), өкпе қан айналымын жақсарту үшін эуфиллин, бронхтың сулануын басу үшін кортикостериодтық гормондар (100-125 мг гидрокортизон тәулігіне) енгізіледі. Сонымен қатар, оттегі, протеолиттік ферменттер ингаляциясы, антибиотиктер, екі жақтан вагосимпатикалық Вишневский новокаин тосқауылы, нәтижесі көрінбесе трахеостомия жасауға тура келеді.
Егер ауру күйік кезінде көміртегі тотығымен уланса, жедел түрде оттегі жұтқызып, карбоген береді. Сонымен қатар 1-2 мл кордиамин немесе 1 мл 10 % кофеин дәрісін венаға 150-200 мл 40 % глюкоза ертіндісін, 20-30 мл 5 % аскорбин қышқылын, витаминдер, кальций хлориді, новокаин қолданады. Егер ауруда шок мезгілінде қозу көрінсе 10-20 мл 20 % оксибутират, натрий ертіндісі немесе дроперидол (10-20 мл 0,25 %, ыстығы көтерілсе 1 мл 50 % амидоперин дәрісін қолданған жөн. Әрине, улану әсерін төмендету үшін сұйық ертінділерді, плазманы венаға құйған дұрыс.
Егер күйген жауынгер жедел жағдайда дәрігерлік көмекті бастапқы кезеңдерде қажет етпесе арнаулы госпитальдарға ауыстырылады, сондықтан полктың қабылдау бөлімшесінде, ол ауруларға ауырсынуды басатын дәрілер беріледі, антибактериальды ем тағайындалады, жараға салынған танғыштың дұрыстығын байқап, тамағын беріп, келесі кезеңге тасымалдауды тездетеді. Егер алдыңғы кезеңдерде сіреспе анатоксинін салмаса, оны қадағалап, ауруға салған жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |