Қазақстан республикасының денсаулық сақтау министірлігі қарағанды мемлекеттік медицина академиясы ж. А. Бейсенбекова; Д. Ж. Тайжанова



бет3/4
Дата09.06.2016
өлшемі499 Kb.
#124946
1   2   3   4

Химиялық күйіктер. Химиялық заттар (күшті қышқыл және негіз ерітінділері, ауыр металдардың тұзы және т.б.) тері мен кілегей қабатқа түссе, орнын күйдіріп, әртүрлі өзгерістер туғызады, яғни химиялық күйіктер пайда болады.

Бұл күйіктің өзгешелігі күйік көлемі мен тереңдігі заттың физикалық-химиялық қасиетіне байланысты, сол сияқты ерітіндінің қоюлығы, денеге тиген уақыты, істелген көмектің уақыты мен көлемі күйіктің де, адам өмірінің де тағдырын шешеді. Әдеттегідей химиялық күйікте де 4 дәреже болады.

І - дәрежесінде қабыну шамалы, зат тиген жер қызарып, ісінеді.

ІІ – дәрежесінде эпидермис өлеттеніп, төменгі тіндерге ауысуы мүмкін, көпіршіктер көрінбейді.

ІІІ –дәрежесінде терінің барлық қабаты өлеттеніп, әрі жұмсақ еттерімен сүйекке тарайды.

ІҮ – дәрежесінде терінің ғана емес терең жатқан тіндердің, бұлшықеттердің, сүйектің зақымдану байқалады.

Сонымен қатар, заттың химиялық қасиетіне байланысты былай топтауға болады:

1. Қышқылдар күйігі, себебі олар каогуляциялы некроз тудырады;

2. Негіздер күйігі колликвациялық некроз тудырады;

3. Термохимиялық күйік, химиялық заттардың өзара қосылуынан туатын жылу энергиясынан пайда болатын күйік.

Азот қышқылы оның басқа тотықтары, аммияктық ерітінділері ракеталық сұйық отында қолданылады. Химиялық күйік жарасының өзгешелігі ол жараның ұзақ уақыт жазылуы, өлі еттен тазаруы бәсең, себебі хмиялық заттың некротрофикалық әсері күшті. Бірақ, химиялық күйік жарасының көлемі аз болады, әдетте 10 % аспайды. Сондай-ақ әр химиялық элементке сай терінің түсінің өзгеруі: күкірт қышқылы күйігінде қара бояу, азот қышқылында жасыл-сарғыш, тұз қышқылында ақшыл-сарғыш, ал кейде тіпті химиялық элементтің иісі шығып тұрады.

Келесі өзгешелігі, химиялық күйік мезгілінде жалпы өзгерістер аз көрінеді, сондықтан да күйік шогі өте сирек кездеседі. Тек химиялық заттар салдарынан сіңген мезгілде улану байқалуы ықтимал, азотемия көрініп, ал тыныс алу мүшелері зақымданса қауіп қасіреті ұлғаяды (өкпе суланып, ми, жүрек қызметі нашарлайды). Дер кезінде көрсетілген алғашқы көмек химиялық күйіктен сақтануға мүмкіншілік береді. Сондықтан химиялық зат тиген киімді шешіп тасттаған жөн, ал теріге тисе көлемді мөлшерде суық сумен жуып шаямыз (10-40 минут). Бұл амалды алюмий органикалық қосындылармен зақымданғанда істеуге болмайды, себебі бұл заттар су араласқанда ұшқын береді. Сумен шайғаннан кейін, күйік орнын бейтараптайтын ерітіндімен шаяды: қышқыл болса 2-3 % сода ертіндісі, негіз болса 2-5 % сірке немесе лимон қышқылы. Содан кейін жараны таңғышпен таңып, тасымалдау алдында жансыздандыратын дәрі енгізеді.

Бірінші дәрігерлік көмек барысында алдыңғы кезеңде істелінген амалдарды тексереміз, керек болса, қайтадан қайталайды. Арнайы көмек кезінде жалпы күйікте көрсетілетін көмекті көрсетеді, тек қана операция арқылы тезірек күйік жарасының орнын жабуға (аутодермопластика) болады.

Үсік және қатып қалу. Суық әсерінен туатын жергілікті өзгерістерді үсік, ал суықтың организмге көрсеткен жалпы өзгерістерін қатып қалу деп анықтайды.

Үсік синдромы соғыс мезгілінде жиі кездеседі, себебі төменгі температура дегеніміз - салыстырмалы мағына. 120 С төмен температура жалаңаш денесіне суық болып байқалынады да, қосымша жарамсыз жағдайда үсік туғызуы мүмкін, ал тіпті өте төменгі температура (-400С, -500С) қолайлы жағдайда адамды үсітпейді. Негізінен үсікке жиі ұшырайтын аяқ (90 0С).

Табиғаттың әртүрлі әсеріне байланысты В.А. Долиннің байқауынша, клиникалық және морфологиялық өзгешелігіне қарай, үсікті 4 түрге топтауға болады:


  1. Құрғақ суық әсерінен туған ісік;

  2. Нольден жоғары температурада пайда болған үсік;

  3. Субкритикалық температурадан болған үсік;

  4. Қалтырау синдромы.

Қалтырау синдромы (ызғар өту) созылмалы үсіктің түрі, негізінен дененің ашық жерлерінде (саусақтар, бет, құлақ) кездеседі. Бірақ шамалы суық әсерінен туады. Бұл жағдайда қалтыраған жерлерде ісік, цианоз, қышу және парестизия байқалады. Ауыр түрде теріде, жара, дерматоз, дерматит көрінуі ықтимал.

Үсіктің әр түрінің тууына суық температураның ұзақ уақыт әсер етуінен басқа, көптеген қосымша факторлар әсерін тигізеді. Олар ауаның ылғалы, жел соғу, аяқта қан айналысының нашарлауы (аяқ киімнің қысуы, аяқтың жиі терлеуі, аяғын, киімдерін сулап алу), көңіл-күйдің төмендеуі, шаршап-шалдығу, жүдеу, қансырау, шок тағы сол сияқты жағдайлар.

Барлық жағдайда үсік патогенезінің негізінде ұзақ уақыт ұсақ қан тамырларында (артерия) суық әсерінен туатын спазм, тромбозбен асқынуы нәтижесінде қанмен қамтамасыздандыру бұзылып, некрозға ұшырауы жатады.

Үсік алдында зақымданған тіндердің көлемі мен тереңдігін жедел анықтау қиын, оны ауруды жылыта отырып, кейінрек анықтайды.

Сондықтан да үсік дамуында екі кезең көрінеді:

1. Реактивті емес (жасырын).

2. Реактивті кезең (адам жылығаннан кейін).

Реактивті емес кезеңде (жасырын) аурудың терісі аппақ, сезімталдығы жоғалып жергілікті температура көтеріліп, зат алмасуы және қан айналысы нашарлайды. Әрине бұл өзгерістер суықтың ызғарына және тиген уақытына байланысты.

Реактивті кезең мұздаған жерде ісіктің пайда болу мезгілінен басталады. Бұл кезеңде тіндер домбығып, қабынып, некроз көрінеді. Суық температураның әсерінен туған өзгерістерге байланысты үсік көріністерінде Т.Я. Арьевтің бақылауынша төрт дәреже байқалады:

І дәрежесінде шамалы уақыт суық әсері тиген тіндерде қан айналысы және инверванциясы жергілікті көлемде өзгеріп, шамалы өзгерістер некроз туғызбайды. Зақымданған адам қышынып, ашып ауырсынып сезімталдығы жойылады. Терісі ісінген, мрамор тәріздес. Бұл көріністер жақын арада тыйылып, адам айығып кетеді, тек қана үсіген жердің көпке дейін сезімталдығы қалпына келмейді.

Үсіктің ІІ дәрежесінде терінің мальпиги қабатына дейін ісік және некроз байқалады. Ісінген, көгерген теріде күлдіріктер пайда болып, іші сарысуланады. Ауруда ісіну ұлғайып, ауырсыну өрши түседі. Мұндай аурулар 3 апта емдеуді талап етеді.

Үсіктің ІІІ дәрежесінде өзгерістер терінің барлық қабатына тарап, тіпті теріасты тіндерін зақымдайды. Үсіген жерлерде, ішінде қан аралас сарысу бар күлдіктер көрінеді. Терісі аппақ, суық. Ісінген тіндер еріп, өздігінен ыдырап түседі, іріңдейді. Пайда болған терінің ақауы өздігінен толып, 30-60 күннің ішінде жазылуы мүмкін.

Үсіктің ІҮ дәрежесі әрине суықтың қатерлі әсері, терінің барлық қабаты өлеттеніп, сүйекке жетеді. Тері солғын, көгерген, сарысулы күлдіріктер, сау және өлеттенген тіндердің шекарасы үсіктің 2 аптасында байқалады. Бұл тіндер жараны іріндетуі ықтимал. Сондықтан, емдеу мезгілі созылып, жауынгер қайтадан сапқа орала алмайды.

Алғашқы көмек бастапқа реактивті емес кезеңінде, адам температурасын тезірек көтеріп, үсіген мүшеде қан айналысын қалыпқа келтіру амалдарын және үсіген жерлерді микробтан сақтауды көздейді. Сондықтан адамды жылытып, су киімдерін шешіп, құрғақ киім кигізіп, ыстық тамақ беріп, қан айналысын қалпына келтіру үшін спиртпен уқалап, массаж жасау керек. Егер аяқ немесе қол бұл амалдан кейін жылып, қызғылттана бастаса, спиртпен сүртеді немесе үстінен мақтаны молырақ салып, байлап тастайды.

ПМП-мен медсанбатта аурулар реактивтік кезеңінде түсетін болғандықтан, үсіген мүшені спиртпен сүртіп, спирт, глицерин байламын салады, аяқты бекітіп, сіреспеге қарсы анатоксин, антибиотиктер жасалады. І-ІІ дәрежедегі аурулар жеңіл үсік бөлмешесінде емделеді, ал ауыр түрлерінде (ІІІ-ІҮ) хирургиялық фронт госпиталына тасымалданады.

Емдеу жолдары алғашқы кезеңіне байланысты реактивті емес кезеңде (үсіктің көлемі мен тереңдігі белгісіз болғандықтан) спиртпен байлам салып, А.В. Вишневский әдісімен қынапты (футлярды) новокаин тосқауылын жасайды, бұл амалдар спазмды басып, қан айналысын дұрыстауға көмек көрсетеді.

Үсік ауруының асқынуы жалпы және жергілікті түрде кездеседі. Жергілікті асқынулар- лимфаденит, лимфангоиот, абсцесс, флегмона, тромбофлебит, неврит, остеомиелит сияқты аурулар, оларды белгіленген әдіспен емдейді. Жалпы асқынулар сепсис, сіреспе, анаэробтық инфекция, өмірге қауіпті болады, күрделі ем тілейді. Кейінрек І-ІІ үсік дәрежесі болғанның өзінде адамда эндоартерит ауруы пайда болып, мүгедектікке соқтырады.

Бас сүйектерінің және мидың жабық жарақаттары

Қазіргі соғыс жағдайында бас сүйектерінің және мидың жабық жарақаттары жалпылама жарақаттарға қарағанда бастың және оның басқа мүшелері жарақаттарымен қоса есептегенде 15-30 % болады. Бас сүйек пен мидың жарақаттары үш топқа бөлінеді:



  1. Мидың жабық жарақаты (МЖЖ), мидың шайқалысы. Бұл өте жиі кездесетін жарақат. Осындай жарақатқа ұшырағандарды мидың шайқауына байланысты сәл және анық шайқалған деп бөледі. Тасымалдағанда біріншсін отырғызып, ал екіншісін міндетті түрде жатқызып жөнелту керек.

  2. Мидың жабық жарақаты, мидың соғылысы (дәрежесі-жеңіл, орташа, ауыр) болып бөлінеді. Қысқаша: МЖЖ-соғылу (І-ІІ-ІІІ дәрежелері).

  3. Мидың жабық жарақаттарының белгісі ұлғайып, қысылуының пайда болуы. Оның себептері бастың ішіндегі тіндердің, қанталауынан және қанның жиналуынан (кейде), ми соғылған кездегі оның ісінуінен, ми қабыршықтарының керілуінен, пневмоцефалияның болуынан, бас сүйектері сынып, мидың жаншылуынан болады. Қысқаша: МЖЖ-ның қысылуы.

Жоғарыда айтылған бас-ми жарақаттарының түрлері бас сүйектерінің

зақымдалуымен бірігуі мүмкін. Орналасуына байланысты сынақтар бас сүйек күмбезінің, астының (бас сүйек тұғырының сынықтары) және түріне қарай (сызаттанған немесе сызық сынық, жаншалған, жарқыншақ) деп бөлінеді.

Алғашқы медициналық жорамалды диагноздар белестерде шамалап қойылады, өйткені, жарақат алғандар өте көп мөлшерде түссе, оларды толық тексеруге мүмкіндік болмайды.

Жабық ми жарақатының белгілері жалпылама (жалпы ми қабілеті) және жергілікті (ошақты) түрде кездеседі.

Жалпылама ми қабілетінің белгілері: ес-түссіздік, есі кіргеннен кейінгі мең-зеңдік, бастың ауруы, құсуы, жүрек соғысының сиреуі, брадикардия және басының айналуы. Осының бәрі ми қызметі бұзылуының нәтижесі. Жарақаттанған адамның жағдайы организм қаншалықты зақымданып, зардапталғанына және өмірге маңызды мүшелердің қабілетіне байланысты болады.

Жергілікті белгілері: салдану (жансыздану), афозия, иісшілдігі, көрі қабілетінің нашарлауы. Осының бәрі мидың бір аймақта орналасқан түйсік қабылдауыштарының немесе ми орталықтарының зақымдануынан пайда болады.



Ми шайқалысы (соммоtcio cerebri). Ми шайқалғанда адам есінен танады, лоқсиды, құсады, басы ауырады, естелік қабілеті нашарлап, жарақаттың болу себептерін және оның алдында болған жайларды есіне түсіре алмайды (ретроградты амнезия).

Бастың жабық жарақаттарының ішінде ми шайқалысына тән қасиет жалғыз ғана мидың жалпы зақымданған көріністері, басқа өзгерістер және жергілікті жарақат көріністері болмайды.

Ми шайқалысында естен тану шала немесе қысқа мерзімді болуы мүмкін. Алдыңғы шептегі медициналық белестерде жаралылар әлсіреуіне, лоқсуына, құлақтың шулауына, жарық пен шуға шошынғыштығына шағымданады, алайда 3-10 тәуліктен соң тәуірленіп кетеді.

Анық көрінісі ми шайқалысында естен тану ұзарып, 20 минуттан 2-3 сағастқа дейін созылуы мүмкін және жаралылар бастапқы емдеу кезеңдерінде жүре алмайды, есі кіргеннен кейін сұрақтарға селқос жауап қайтарады, әлсірейді, құсады, тамыр соғысы азаяды, рефлекс төмендейді, дем алысы, жұту қабілеті өзгермеген, кейде қозуы мүмкін. Жарақаттанғандар есін жиғанда, жарақатқа қалай душар болғанын есіне түсіре алмай қиналады. Жаралылар қолайлы жағдайдан тасымалданса және кезекші белестен жөнелтер алдында ем қолданылса, мидың шайқалу жарақатының ақыры сәтті болады.

Анық көріністі ми шайқалуының жазылу мерзімі 3-4 аптаға созылады.

Ми соғылысы (contusio cerebri). Ми соғылысының себептері: күшпен тиген соққының қуатынан ми бас сүйектің ішіне соғылып кері қайтады. Ми соғылысында соққыға ұшыраған ми тіні соққы тербелісі әсерінен ұрылған жағына немесе қарама-қарсы жағындағы керегеге тиеді. Мұнда мидың жалпы жарақат көрінісінен, оның көріністері басымырақ байқалады. Олар: көз қарашықтарының үлкен-кішілігі, аяқ-қолдардың жансыздығы, дауыссыздық, птоз, бетінің қисаюы.

Ми соғылысының екі түрі болады:

1. Ми жарақатының жалпы көріністері ми шайқалысындағыдай, ал тәуір бола бастағанда, жергілікті зақымдық көріністері ұзақ уақытқа дейін сақталады да біртіндеп жойылады, көбінесе сәтті аяқталады.

2. Аурудың жағдайы біркелкі жақсарғандай болып, мидың жалпы зақымдық көріністері бәсеңдейді. («айқын кезең»), осы жалған жақсарудан соң аурудың жағдайы қайтадан ауырлайды, мидың жергілікті және жалпы зақымдық көріністері қатарласа шиеленісіп, есінен танады, жүрек соғысының сиреуі ұлғайып, көз қарашығы үлкейеді, соғылысқа ұшыраған ми тініне қан құйылса, зақым өрши түсіп, адам есінен танады. Ми контузиясының жергілікті көріністері өліммен аяқталуы ықтимал. Ми соғылысы жергілікті көріністерінің өзгерісіне қарай үш дәрежеге бөлінеді:



Жеңіл - бұл дәрежесінде мүшелер қызметінің тепе-теңсіздігімен немесе дене мүшелері қызметінің, әсіресе аяқ-қолдың шала-жансыздығымен білінеді.

Орташа дәрежесінде дене мүшелерінің жансыздануымен, дауыс бәсеңдеуімен, көңілінің құбылмалығымен, көзінің көру және құлағының есту қабілеттерінің нашарлауымен т.б. өзгерістерімен білінеді.

Ауыр дәрежесі - ми қыртысы қызметтерінің бұзылуымен, әсіресе миоэнцефальды жеткіліксіздікпен, миоэнцефальды бульбарлы өзгерістермен және мидың сабақты құрылымдарының бөлімді қызметінің нашарлауымен, әсіресе дем алудың, жұтудың қан тамыр-жүрек қызметтерінің нашарлауымен білінеді.

Ми соғылысы әрдайым жаралылардың өміріне қажетті мүшелер қызметін қалыптастыруды талап етеді: қолқаға түтік қойып басқарылмалы дем алуға көшу, өкпенің дем алысын басқару, аналептиктерді енгізу, қан тамырлары, жүрек, тыныс алу жұмыстарын жақсарту, дегидратациялық ем жүргізу, гипертермия кезінде суық басу (диэнцефальды жеткіліксіздіктің бір көрінісі), жұта алмай қалғанда, түтікше арқылы тамақтандыру, көңіл-күй құбылмалығына байланысты, седативтік дәрі-дәрмек қолдану т.б.

Ми соғылысы кейде субарахноидальды қан құйылуымен бірлеседі, бұл жағдайда ми қабықтарының қабыну белгілері кездеседі (Кернигтің, Брудзискийдің, Гилленнің белгілері, мойын еттер құрыспасы), жұлын сұйығына қан араласады. Субарахноидальды қан құйылумен асқынғанда жүйелі түрде (күн ара) бел омыртқа тұсындағы жұлын қынабын тесіп, жұлын сұйықтығын ағызып, бас сүйек іші қысымын шамаға келтіріп тұрмаса, ми зақымының жалпы көріністері, яғни бас ауру, мең-зеңдік, құсу, анизокория, көз қарашықтарының үлкейіп кішіреюі пайда болады. Ал менингиттен сақтандыру үшін антибиотиктер қолданған жөн.

Мидың қысылуы (compressio cerebri). Мидың қысылу көбінесе ми сауытының ішінде қан құйылғанда (эпидуральды, субдуральды немесе интерцеребральды) кездеседі. Интерцеребральды қан құйылғанда ең алғаш мидың қысылу көрінісі дамиды, өйткені бас сүйек қуысында кеңістікке байланысты компенсация болады. Алдымен мидың күмбез жағындағы және астындағы ликвоторлық кеңістік қысылады және жұлын сұйықтағы жұлынның субарахноидальды кеңістігіне жиылады.

Мидың қысылу кезеңі толқынды дамиды. Алдымен оның шайқалғаны немесе ұрылғаны сияқты әртүрлі дәрежедегі құбылыс байқалады. Содан соң жарақаттанған адам ес-түссіз жағдайдан шығады. Бірнеше сағаттай (кейде 2-3) күн өзін жақсы сезінеді. Компенсаторлық икемінің жетіспеушілігінен және қанның ағуы тоқтамауынан бастың қатты ауырғаны сезіледі. Яғни, бұл ми қысылуының қатерлі белгісі. Көп кешікпей бұған қозу қосылып, аурудың адам төзбейтіндей дәрежеде басы қатты ауырады. Осы кезде эпилептикалық құбылыс, құсу көрінеді.

Ми жарты шарының қан құйылған жағында әрқашан көздің қарашығы ұлғаймайды, ал ми қысылуының бастапқы кезінде қарашық кішірейеді. Кейде жүрек соғысы жиілейді. Содан соң ми жұмысының қызметі нашарлап, жарақатқа ұшыраған адам сылбыр тартып, денесінің жартысы шала-жансызданып, жаралыда гемипарез болуы мүмкін, бас сүйек ми нервтерінінң зақымданғаны байқалады. Қан құйылған ми жарты жағындағы көздің қарашығы ұлғаяды, жүрек соғысы сиректеп, есінен танады. Мидың сабақты бөлімінің қысымға түсуінен тыныс алу, жүрек қан тамырлары жұмысы және жұту нашарлайды, бұл ми соғылысынан пайда болған зардап екенін айқындайды. Егер осы кезде жарақаттанған адам операцияға алынып, ми сауыты ішіндегі құйылған қаннан босатылмаса, есінен танып, кейін тыныс алуы, жүрек соғысы тоқтап, өлімге ұшырауы мүмкін.

Жоғарыда айтылған көріністерге сүйене отырып, миына қан құйылғанын анықтау үшін, қосымша құрал-жабдықпен, әдістер пайдаланылады (эхоэнцефалографияны қолдану). Бұл жағдайда эхоөрнек, мидың қан ұйымаған қанды анықтау үшін бастың күмбезінде фрезалық тесік жасалынады. Операция алдында краниопневмоэнцефалография немесе краниоангиография жасалынады. Новокаин ертіндісімен сынауды аймақтық өзгерістер ұлғаяды (новокаинмен сынау). Новокаин ертіндісін қабылдайтын қабілетін анықтағаннан кейін 1 % 2-3 мл новокаин ертіндісін енгізіп, 5-10 минут жалпы жағдайын бақылап, венасына 15 минут ішінде 30 мл 1 % новокаин ертіндісін құяды. Сол уақыт ішінде аурудың нерв жүйесін бақылайды.



Кеуденің ашық жарақаты

Кеуденің ашық жарақаты өте күрделі және ауыр зардап, себебі өкпе плевралық шок, тыныс алу жеткіліксіздігі, жүрек-тамыр қызметінің бұзылуы сияқты асқыну жедел дамып, өлім қаупі 20 % өседі. Г.С. Юмашевтің бақылауынша өлім себебі 50 % шамасында қансырау, 20 % өкпе-плевралық шок, ІІ % инфекциялық асқынулар. Әрине ауру пневмотораксқа түседі де, парадоксальды тыныс алу мен көкіректің тербелуі байқалады. Ауруды қараған кезде, кеудедегі жара ашық, одан плевра қуысына және сыртқа ауа кіріп-шығып тұрады, кейде тіпті ысқырық естіледі. Аурудың жағдайы мүшкіл, ағарған, көгерген, жөтел, кеудеде ауырсыну, тыныс алуы жиі, демікпе, тамыр соғуы жиі, қан қысымы төмен.

Алғашқы көмек әрине ең алдымен жараның аузын таза таңғышпен жабу, оттегімен дем алдыру, жүрек және ауырсынуды басатын дәрілерді салу, ауруханаға жеткізу. Мұндай ауруларды операция бөлімшесіне енгізіп жедел операция жасаған дұрыс.

Бірінші хирургиялық тазарту – операция жасалады, бірақ әдеттегідей жараны кесіп тастамайды, тек қана үлкейтіп, плевра қуысына кіріп, ондағы жиналған, ұйыған қанды алып, өкпенің жарасын (бар болса), қанаған тамырды тігіп, кеуде қуысын қайтадан тігіп, жараға антибиотик енгізіп, сегізінші қабырғааралықтан дренаж қояды (өршіген түрі). Операциядан кейін әрине белсенді ем, бақылау жүргізіледі. Ашық кеуде жарақаты кезінде тек қана операция істелген шарттар: 1) жүректің жарақаты; 2) ашық пневмоторакс және қақпалы пневмоторакс; 3) қан ағудың тоқтамауы, қансырау; 4) өкпенің күрделі жарақаты.

Жүрек жарақаты өте қауіпті зардап, себебі жүректен немесе қабынан қан ағып, оны толтырып, жүректі қысып тастайды (жүрек тампонадасы).

Белгілері: 1) қан қысымының төмендеуі; 2) вена қысымының жоғарылауы; 3) жүрек соғуының естілмеуі; 4) рентген сәулесінде жүрек көлеңкесінің үлкеюі.

Әрине, жедел операция жасау керек. Кеудені ашып, жүрек қабын ашып, жарасын тіккен соң, жүрек қабын сиректеп тігеді, ал артқы астынан кішкене терезе қалдырады. Кеудені жабады. Операциядан соң, жүрек қабының ішіне қан жиналса, онда инемен тесіп, сорып алып тастау керек. Әрине, кеуденің ашық жарақаты өте ауыр зардап, операциядан кейін өкпенің қабынуы абсцесс, плевра қуысында ірің пайда болуы мүмкін. Сондықтан да бірінші күннен бастап ауруға белсенді бақылау орнатып, асқынуларды айқындап, дер кезінде ем қолданған жөн.



Пневмоторакс. Кеуде қуысында үнемі теріс қысым болады. Өкпе мен қабырға арасындағы қуыста ауа болмайды. Қабырға астындағы еттер жиырылғанда ол көтеріледі, көкет жазылады да, кеуде қуысы кеңейеді, сол кезде өкпеге сырттан ауа сорылып көлемі ұлғаяды, яғни демді ішке алады.

Қабырға арасындағы еттер босансығанда, қабырғалар төмен түседі, сөйтіп олар өкпені қысып, ішіндегі ауаны сыртқа шығарады (демді сыртқа шығару).

Қабырғалар немесе өкпенің өзі жарақаттананатын болса, онда плевра қуысының жараланған жағындағы саңылаусыз жері (герметизм) бұзылады.

Мұндайда ауа жараның тесігі арқылы плевра қуысына кіріп, өкпені қысады, сөйтіп дем алу тоқтайды. Мұны пневмоторакс дейді. Бұл кеуде жарақатында пайда болатын шоктың негізгі және жиі себебі. Пневмоторакс 3 түрде кездеседі: ашық жабық және қақпалы, үш түрі де өкпенің, жүректің және нервілік реттеу жұмыстарының күрделі қайшылықтарымен өтуі мүмкін, осының салдарынан өкпе-плевралық шок көрінеді.

Ашық пневмоторакс- сыртқы ауа жара саңылауынан теріс қысым болғандықтан плевра қуысына кіреді, сондықтан екі плевралық бет бір-бірімен жалғаса алмайды да, өкпе кеңейген кеуде қаңқасымен бірге ашылмайды, сырттан келген ауа әр дем алған сайын өкпені қысып, көкірекке жабыстырады. Плевра қуысында және сыртта қысым мөлшері кеңейгенге дейін, сыртқы ауа кіріп тұрады, екі жақтағы қысым бірдей болғанда, ауаның кіруі тоқталады. Пневмоторакс жағында қысым 1 атм болса, сау жағындағы плевра қуысында теріс қысым сақталады, сондықтан пневмоторакс жағындағы өкпе жұмыс істемейді, өкпе ішіндегі қан оттегімен байытылмайды, қанда оттегі мөлшері азаяды. Сонымен қатар плевра қуысындағы қысым 1 атм болғандықтан, қуыс веналар арқылы жүрекке келетін қанның көлемі азаяды. Үшінші ерекшелігі, әр дем алған сайын көкірек мүшелері ауа ықпалынан тербеліп тұрады, бұл тербеліс өкпе түбіріндегі жүрек маңындағы және ортадағы рецепторлық сезімтал жүйелердің жұмысын бұзады, өкпе плевралық шок дамиды.

Көкірек тербелісі сау жақтың да ауа алмасу шартын бұзады. Дем шығаратын мезгілде ауа сыртқа шығады, ал біразы ауырған өкпеге ауысады, дем алған кезде сыртқы ауамен қоса пневмоторакс жағындағы қысылып қалған өкпеден, көмір қышқыл газы сау өкпеге түседі. Сөйтіп қанды оттегімен байыту тіпті азаяды (парадоксальды дем алыс). Міне, осы айтылған өзгерістер әрине жедел тыныс алу жеткіліксіздігіне әкеліп соғады.

Қақпалы пневмоторакс - өте қауіпті түрі, егер дер мезгілде көмек көрсетілмесе, адам өліп қалуы мүмкін. Бұл түрінде сыртқы ауа плевра қуысында дем алған сайын кіріп тұрады, дем шыққан кезде, жараның саңылауы қақпақ тәріздес жабылады да, сыртқа ауа шықпайды, дем алған кезде қақпақ ашылып, ауа қайтадан кіреді. Міне, осылай әр дем алған сайын ауа плевра қуысына кіріп, көлемі ұлғайып, өкпені қысып, көкіректі итеріп, «парадоксальды» тыныс алуға әкеліп соғады. Қақпалы пневмоторакс өкпе жыртылғанда да, бронх зақымында да байқалуы мүмкін.

Жабық пневмоторакс-әрине жеңілдеу түрі, алғашқы жарақат алған уақытта сыртқы ауа кіреді де мезгілінде өкпені қысады, кейінрек ауа плевра қуысына кірмейді, себебі жара саңылауы маңындағы еттермен бірте-бірте жабылып, плевра қуысының герметизмі сақталады. Жарақат алған уақыттағы сырттан кірген ауаны инемен сорып алады, ал қалғаны бірте-бірте сіңіп кетеді.

Пневмотораксты әдетте көріну белгілері арқылы анықтайды: деміпе, жүректің соғуы, тері астында ауаның болуы, перкуссия кезінде дыбыстың өзгеруі, өкпеде дем алудың байқалмауы, диагнозды ренгтгент сәулесі дәлелдейді. Рентгенограммада өкпеде шок, ол көкірекке қысылған, плевра қуысында-ауа.

Пневмоторакс болғанда көрінетін тағы бір асқыну теріасты эмфиземасы, пневмоторакс кезінде (жиі жабық түрінде) сыртқы жара жабылып қалса, плевра қуысына кірген ауа сыртқа шыға алмай тері астына жиналады, ал көлемі көп болса, әрі кеудеге, мойынға қарай терінің астымен жайылады.

Бұл асқыныс 50 % (Е.А. Вагнер) жиілікте кездеседі, әсіресе ауыр түрі егер ауа көкірекке кірсе, көкірек эмфиземасы болады.

Гемоторакс – плевра қуысына қанның ағып жиналуын айтады. Жарақат алған кезінде қабырға өкпе қан тамырлары және ішкі кеуделік артерия зақымданса, одан асқан қан плевра қуысына жиналады да, ауа жиналған сияқты кеуде ішінде асқыныстар болады. Егер қан аққаны тоқтап жиналған қан ұйып қалса, ұйыған гемоторакс дамиды. Негізінен, плевра ішіне қан түскеннен бастап сұйық зат шыға бастайды (экссудация) да, қанды сұйытып, қуыста ұстап тұрады. Кейде қан ағуы тоқтамайды, оның көлемі плевра қуысында көбейіп адамды ауыр халге ұшыратады. Сондықтан гемоторакс асқынысында ең бірінше есте болатын шарт ол қан ағуы тоқтады ма, әлде тоқтаған жоқ па? Осы шарт емдеу тәсілін айқындайды. Ол үшін Рувилуа-Грегуар тәсілі бойынша плевра қуысын тесіп 2-10 мл қанды сорып алып, пробиркаға құяды, егер пробиркадағы қан тез ұйып қалса, онда қан әлі ағып жатыр, ал қан ұйымаса, онда қан ағу тоқтаған. Әрине көріну белгілері де есте болу керек. Егер қан ағуы тоқтамаса ауру ағарып, есінен танып, тамырдың соғуы өте жиілеп, қан қысымы түсіп, оның қызыл түйіршіктерінің саны азайып кетеді.

Қанның плевра қуысындағы көлеміне сай П.А. Куприяновтың бақылауынша кіші гемоторакс (сұйық деңгейі синуста 50,0) орташа (сұйық деңгейі жауырынның бұрышына дейін 300-500,0) және үлкен (сұйық деңгейі жауырын бұрышынан жоғары 500,0-1000,0) гемоторакс болып бөлінеді.

Плевра қуысындағы қаннық қабілетіне қарай: 1) дамыған гемоторакс- қан ағуы тоқтамаса; 2) тұрақты гемоторакс-қан ағуы тоқтаса; 3) ұйыған гемоторакс – плевра қуысында қан ұйып қалса; 4) таза гемоторакс – жиналған қан іріндемесе; 5) іріңдеген гемоторакс – жиналған қан іріңдесе.

Әрине, төменгі түрінде көріністер де байқалады: аурудың ыстығы көтеріліп, жөтел пайда болады, жағдайы нашарлайды. Сонымен қатар Н.Н. Петров тәсілі бойынша плевра қуысындағы сұйықты инемен сорып алып, пробиркаға құяды, центрифугадан өткізіп қарайды, егер қан іріңдемесе, пробиркадағы қызыл түйіршік пен үстіндегі сарысу көлемі тең болады, қан іріңдесе үстіндегі сарысу көлемі көбейеді. Әрине диагнозды рентген сәулесі толығырақ анықтайды.

Жабық кеуде жарақатында аурудың жағдайы ауыр болса (плевра өкпелік шок) асқынулары болса, ондай ауру жедел реанимациялық көмек тілейді. Олардың ең алдымен жүрек және өкпе жұмыстарын қалпына келтіру керек. Ол үшін кеңірдекке түтікше салып (интубация) аппаратпен дем алдырады (ӨЖД), оттегін береді, новокаин тосқауылын жасайды. Керек болса плевра қуысын тесіп, ауаны, қанды сорып алады, ал егер қан немесе ауа тіпті көп болса, онда жарақат күрделі, сондықтан жедел операцияға алады.

Жәй пневмоторакс болса, инемен тесіп сорғанда плевра қуысында ауа азаймаса не қан болса, онда плевра қуысында дренаж салады. Жетінші-сегізінші қабырғааралық жерден, қолтықасты ортаңғы сызығының қиылысқан жерінен, плевра қуысына троакр арқылы резиналы түтік салынады, екінші ұшын ішінде сұйығы бар ыдысқа қояды (Субботин-Бюлау әдісі).

Адам дем алған кезде ыдыстағы ұшы жабылады, ал дем шыққан кезде ашылады және плевра қуысындағы сұйықты, ауаны сыртқа шығарады. Ал, плевра қуысында тек қана ауа болса, дренажды екінші, үшінші қабырғааралықта кеуденің алдынан орта бұғана сызығынан салады. Егер қақпалы гемопневмоторакс болса, белсенді дренаж салады, яғни сырттағы ұшын электросорғыш немесе су шөлмегіне жалғайды, сонда плевра қуысындағы ауаны не қанды сорып тұрады да, өкпенің жазылуына себеп болады. Егер бұл да көмектеспесе, зақым күрделі, жедел операция жасау керек.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет