4. Бағдарламаны iске асырудың мақсаты, мiндеттерi, нысаналы индикаторлары және нәтижелерiнiң көрсеткiштерi
Мақсаты: елдiң орнықты әлеуметтiк-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшiн Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту.
Бағдарламалық мақсаттар:
1. Денсаулықты сақтау мәселелерiнде бүкiл қоғам күштерiнiң келiсушiлiгiне қол жеткiзу арқылы қазақстандықтардың денсаулығын нығайту.
2. Бәсекеге қабiлеттi денсаулық сақтау жүйесiн қалыптастыру.
Бағдарламаны iске асырудың нысаналы индикаторлары:
халықтың күтiлiп отырған өмiр сүру ұзақтығының 2013 жылға қарай 69,5-ке дейiн, 2015 жылға қарай 70 жасқа дейiн ұлғаюы;
ана өлiм-жiтiмiнiң 100 мың тiрi туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 28,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 24,5-ке дейiн төмендеуi;
нәресте өлiм-жiтiмiнiң 1000 тiрi туылғандарға шаққанда 2013 жылға қарай 14,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 12,3-ке дейiн төмендеуi;
жалпы өлiм-жiтiмнiң 1000 адамға шаққанда 2013 жылға қарай 8, 14-ке дейiн, 2015 жылға қарай 6,2-ге дейiн төмендеуi;
туберкулезбен сырқаттанушылықтың 100 мың халыққа шаққанда 2013 жылға қарай 98,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 94,7-ге дейiн төмендеуi;
15 жастан 49 жасқа дейiнгiлердiң тобында АИТВ-инфекциясының таралушылығын 0,2-0,6 шегiнде ұстау.
Бағдарламаның мiндеттерi:
азаматтардың денсаулығын сақтау және санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелерi бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылды күшейту;
Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiн одан әрi дамыту және жетiлдiру;
медициналық және фармацевтикалық бiлiмдi жетiлдiру, медицина ғылымын және фармацевтикалық қызметтi дамыту.
5. Бағдарламаның негiзгi бағыттары, қойылған мақсаттарға қол жеткiзу жолдары және тиiстi шаралар
Негiзгi бағыттар:
1) азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылдың тиiмдiлiгiн арттыру;
2) профилактикалық iс-шараларды, скринингтiк зерттеулердi күшейту, негiзгi әлеуметтiк мәнi бар аурулар мен жарақаттарды диагностикалауды, емдеудi және оңалтуды жетiлдiру;
3) санитариялық-эпидемиологиялық қызметтi жетiлдiру;
4) денсаулық сақтаудың бiрыңғай ұлттық жүйесiнде медициналық көмектi ұйымдастыруды, басқару мен қаржыландыруды жетiлдiру;
5) медициналық, фармацевтикалық бiлiмдi жетiлдiру, медицинада инновациялық технологияларды дамыту және енгiзу;
6) халыққа дәрiлiк заттардың қолжетiмдiгi мен сапасын арттыру, денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық техникамен жарақтандыруды жақсарту.
5.1. Қоғамдық саулықты сақтау мәселелерi бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылдың тиiмдiлiгiн арттыру
Денсаулық сақтау мәселелерi тек мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң құзыретiнен айтарлықтай асады және халықтың денсаулығын сипаттайтын көрсеткiштердiң сапалық iлгерiлеуiне қол жеткiзу үшiн барлық деңгейдегi мемлекеттiк ведомстволарды, бизнес-құрылымдарды және қоғамдық ұйымдарды қоса алғанда, бүкiл қоғамның, бiрiншi кезекте қоғам деңсаулығына едәуiр әсер ете алатын құрылымдардың күш-жiгерiнiң келiсiмдiлiгi қажет.
Осыған байланысты осы бағытты iске асыру жетi сектораралық кiшi бағдарлама бойынша көзделедi.
Мақсаты: мемлекеттiк, қоғамдық және бизнес құрылымдардың қызметiн үйлестiру арқылы азаматтардың денсаулығын қалыптастыру, сақтау және нығайту.
Негiзгi мiндет: қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерi бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылдың бiрыңғай ұлттық саясатын әзiрлеу және енгiзу.
Қол жеткiзу жолдары және тиiстi шаралар
Қоғамдық денсаулық сақтау мәселелерi бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара iс-қимылдың бiрыңғай ұлттық саясатын әзiрлеу мақсатында:
бизнес-құрылымдардың әлеуметтiк жауапкершiлiгiн дамытуды және үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдарды (бұдан әрi - ҮЕҰ) тартуды қоса алғанда, орталық мемлекеттiк органдар және жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары арасындағы жауапкершiлiктiң аражiгiн ажыратуды нақты келiсу және жергiлiктi деңгейде өзара iс-қимылдың тетiктерiн әзiрлеу арқылы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы Денсаулық сақтау жөнiндегi ұлттық үйлестiру кеңесiнiң мәртебесiн көтеру;
мынадай:
1) саламатты өмiр салты және мiнез-құлық факторларымен түсiндiрiлген әлеуметтiк мәнi бар аурулар деңгейiн төмендету;
2) дұрыс тамақтану;
3) мектеп оқушылары мен жасөспiрiмдердiң денсаулығы;
4) жол-көлiк қауiпсiздiгi;
5) төтенше жағдайлар (бұдан әрi - ТЖ) кезiнде шұғыл медициналық-құтқару көмегi;
6) туберкулезге, АИТВ/ЖИТС-ке қарсы күрес;
7) аса қауiптi инфекциялардың профилактикасы мәселелерi бойынша сектораралық кiшi бағдарламаларды әзiрлеу және енгiзудi көздейтiн өмiр сүру және еңбек жағдайларының қауiпсiздiк деңгейiн арттыруда және қоғамдық денсаулықты жақсартуда мемлекеттiк, қоғамдық және бизнес құрылымдардың өзара iс-қимылын күшейту;
дене тәрбиесiн және спортты дамытудың салалық бағдарламасын әзiрлеу;
қоғамдық денсаулық сақтауды жақсарту мәселелерi бойынша бағдарламаны iске асыру тиiмдiлiгiнiң мониторингi мен бағалау жүйесiн әзiрлеу жоспарланып отыр.
Өмiр сүру және еңбек жағдайларының қауiпсiздiк деңгейiн арттыру мақсатында:
денсаулықты сақтау, оның iшiнде еңбек қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру;
қоршаған және өндiрiстiк ортаның халықтың денсаулығына терiс әсерiн төмендету;
ұйым қызметкерлерiнiң саламатты өмiр салтын (бұдан әрi - СӨС) жүргiзудi қамтамасыз етуге жұмыс берушiлердiң уәждемесiн қалыптастыру, сондай-ақ жұмыс берушiлерге қызметкерлердiң профилактикалық тексеруден уақтылы өтуiне жауапкершiлiктi бекiту;
өнеркәсiптiк кәсiпорындар жанынан үлгiлiк медициналық пункттердi құруды және дамытуды қоса алғанда, қызметкерлердiң денсаулығын қолдау жөнiндегi инфрақұрылым құру және оны дамыту;
қоршаған ортаның ластануының халық денсаулығына әсерiн оларды жою бойынша шараларды қабылдау үшiн зерделеу;
жобалық материалдарды әзiрлеу кезiнде жер учаскесiн беру, экологиялық қауiптi азайту және халық денсаулығы үшiн қолайсыз әсердiң алдын алу мақсатында жаңа өндiрiстер үшiн аумақты санитариялық-гигиеналық бағалауды белгiлеу кезеңiнен бастап қауiптердi бағалау жүйесiн енгiзу көзделiп отыр.
Денсаулық сақтау мәселелерi бойынша сектораралық кiшi бағдарламалар
Саламатты өмiр салты және мiнез-құлық факторларына негiзделген әлеуметтiк мәнi бар аурулардың деңгейiн төмендету
Мақсаты: қауiптiң мiнез-құлық факторларын бақылаудың алдын алу және күшейтуге жүйелi және кешендiк ұстаным арқылы саламатты өмiр салтын қалыптастыру.
Мiндеттерi:
1) қоғамда темекi шегудiң әлеуметтiк жағымсыз имиджiн жасау;
2) саламатты өмiр салтын қалыптастыруда үкiметтiк емес ұйымдардың және бизнес-қоғамдастықтың қатысуын жандандыру;
3) алкогольдi шектен тыс тұтынудың, активтi және пассивтi темекi шегудiң және есiрткiнi тұтынудың салдарлары туралы халықтың хабардар болуын арттыру;
4) темекi бұйымдары мен алкогольдi шектен тыс тұтынуды төмендету;
5) халықты спорттық-бұқаралық iс-шаралармен қамтуды ұлғайту.
Нәтижелер көрсеткiштерi:
кемiнде 30 минут дене шынықтырумен шұғылданатын адамдардың үлесiн 2013 жылға қарай 18 %-ға дейiн, 2015 жылға қарай 24,9 %-ға дейiн (2009 ж. - 14%) арттыру.
темекiнi тұтынудың таралуын 2013 жылға қарай 19,5 %-ға дейiн, 2015 жылға қарай 18,2 %-ға дейiн (2009 ж. - 21,4%) төмендету.
алкогольдi шектен тыс тұтынудың таралуын 2013 жылға қарай 15 %-ға дейiн, 2015 жылға қарай 14 %-ға дейiн (2009 ж. - 16,9%) төмендету.
Қол жеткiзу жолдары мен тиiстi шаралар
СӨС туралы халықтың хабардар болуын арттыру, медициналық, әлеуметтiк қызметкерлер мен журналистердiң күшiн жұмылдыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл үшiн мынадай медициналық бағдарламаларды жетiлдiру жоспарланады: проблемалардың өзектiлiгiн, көшбасшылар мен елдiң атақты адамдарының, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, бiлiм салаларының көрнектi қайраткерлерiнiң қатысуын, темекi шегудiң, алкогольдi шектен тыс тұтыну мен есiрткiлердi пайдаланудың алдын алу мен одан емдеудiң жаңа технологияларын танымал етудi ескере отырып тақырыптар әзiрлеу. Бұдан басқа, медициналық теле және радиобағдарламалар шығару, медициналық бағдарламаларды көруге ең қолайлы уақытта көрсету жоспарлануда.
СӨС қалыптастыруда ҮЕҰ мен бизнес-құрылымдардың қатысуын жандандыру үшiн мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс берiп, саламатты өмiр салтын қалыптастыруда оларды белсендi қатыстыру жоспарлануда. Бұдан басқа, жұмыс берушiлердiң азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерiнде кәсiпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерiн дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық қызметтермен қамтамасыз етудi қоса алғанда, корпоративтiк әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыру жоспарлануда.
Темекi бұйымдарын тұтынуды төмендету мақсатында темекi бұйымдарына акциздердi кезең-кезеңмен арттыру; дамыған елдердiң тәжiрибесi бойынша темекi бұйымдарын сату ережелерiн жетiлдiру; темекi индустриясы тарапынан жанама жарнамаға тыйым салу сияқты экономикалық шаралар қабылданатын болады.
Темекi шекпейтiндердiң таза ауаға құқығын қорғауды қамтамасыз ету үшiн қоғамдық орындарда темекi шегуге тыйым салу аймағын кеңейту (қоғамдық көлiк аялдамалары, көпшiлiк демалуға арналған қоғамдық орындар ашу) жоспарлануда. Темекi шегудiң зияны туралы халықты ақпараттандыру жөнiндегi, оның iшiнде темекi бұйымдарында ескертпе жазу алаңының көлемiн ұлғайту, сондай-ақ графикалық бейнелеу мен пиктограммаларды әзiрлеу және енгiзу арқылы жұмыстар жалғасатын болады.
Бұдан басқа, халықтың арасында, әсiресе БМСК деңгейiнде темекi шегудiң профилактикасы жөнiнде медицина қызметкерлерiнiң жұмысын күшейту; темекi бұйымдарын тұтынудан бас тартқысы келетiндердi қолдау, оның iшiнде темекiнi тастағысы келгендерге медициналық-психологиялық көмек жүйесiн ұйымдастыру; темекiнi тастағысы келгендерге өңiрлiк және ұлттық телефон желiлерiн ұйымдастыру бойынша медицина қызметкерлерiнiң, әлеуметтiк қызметкерлердiң жұмысын күшейту жоспарлануда.
Алкоголь мен есiрткiнi шамадан тыс тұтынуды мынадай бiрнеше бағыттарда: экономикалық шараларды қолдану жолымен: алкоголь өнiмдерiне салықты кезең-кезеңмен жоғарылату; қол жетiмдi бағалар бойынша дәстүрлi ұлттық сусындарды (қымыз, шұбат және т.б.) iске асыру және өндiрiс жөнiнде шағын бизнестi дамытуды басымды қолдау, сондай-ақ өндiрiлетiн алкоголь өнiмдерiн бақылау мен сапасын реттеу және Қазақстан Республикасының аумағында алкоголь өнiмдерiн заңсыз өндiру және контрабандалық алкоголь бұйымдарының әкелiнуiне бақылауды күшейту жөнiнде нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жолымен төмендету жоспарлануда.
Алкоголь мен нашақорлықты шектен тыс тұтынуды төмендету үшiн алкогольге және нашақорлыққа қарсы насихаттауды жүйелi жүргiзуге арналған мынадай жағдайлармен қамтамасыз етiлетiн болады:
қоғамда алкоголь сусындарын шектен тыс тұтынуды және есiрткi тұтынуды қабылдамау жағдайын, бұқаралық ақпарат құралдарын (бұдан әрi - БАҚ) қамти отырып қалыптастыру;
алкоголь сусындарына жасырын және оның жанама түрлерiн қоса алғанда, жарнамаға толық тыйым салу;
алкоголь және есiрткiнi тұтынудың зардаптары туралы халықты ақпараттандыру, өз денсаулығына, әсiресе балалар, жасөспiрiмдер және жастарда жауапты қатынасты оқыту және қалыптастыру;
алкогольге қарсы және есiрткiге қарсы профилактикалық бағдарламалар әзiрлеу және енгiзу;
IIМ жүйесiнiң кәмелетке толмаған балалар iстерi жөнiндегi инспекторларымен ақпараттық-әдiстемелiк жұмыс жүргiзу;
IIМ қызметкерлерiн (полицейлер, учаскелiк инспекторлар) алкогольдi (есiрткiлiк, уыттылық) мас болу күйiндегi тұлғаларға қатысты қабылданатын шараларға сараланған тәсiлдерге оқыту.
Халықты спорттық-бұқаралық iс-шаралармен қамтуды ұлғайту үшiн дене белсендiлiгi, спорт және белсендi демалыспен айналысу үшiн инфрақұрылымды дамыту; қол жетiмдi спорттық-сауықтыру объектiлерiн құру; саябақ және ойын алаңдарының жағдайын жақсарту жоспарлануда. Халықты ақпараттық-бiлiм беру бағдарламаларын БАҚ-қа орналастыру арқылы ақпараттандыру арқылы дене тәрбиесi және спортпен айналысуға халықтың уәждемесiн арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады. Дәстүрлi спорттық шараларды, ұлттық спорт түрлерi мен ұлттық ойындарды БАҚ-ты тарта отырып, халықтың барлық топтарын қатыстырып республика ауқымында өткiзу, сондай-ақ, халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысу уәждемесi факторы ретiнде жоғары жетiстiктi спортты дамыту үшiн жағдай жасау жоспарлануда.
Халықтың барлық топтары арасында спортпен айналысу және дене белсендiлiгiне жағдай жасайтын және көтермелейтiн тұлғалар мен ұйымдарды ынталандыру дене белсендiлiгiнiң таралуына ықпал ететiн маңызды фактор болып табылады. Бұл үшiн азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерiнде кәсiпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерiн дене тәрбиесi-сауықтырушылық және спорттық қызмет көрсетулермен қамтамасыз етудi қоса алғанда, жұмыс берушiлердiң корпоративтiк әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыру қажет.
Дұрыс тамақтану
Мақсаты: халықтың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету және тамақтануға байланысты аурулардың профилактикасы.
Мiндеттер:
балалар, ұрпақты болу жасындағы әйелдер, жүктi және емшек сүтiмен қоректендiретiн әйелдердiң тамақтануын жақсарту;
халықты қауiпсiз және дұрыс тамақ өнiмдерiмен орнықты жабдықтауды қамтамасыз ету;
дұрыс тамақтану туралы халықты хабардар ету;
халықтың тамақтануына мониторинг, бақылау және зерттеу жүргiзу.
Нәтижелер көрсеткiштерi:
темiр тапшылығы анемиясымен сырқаттанушылықты 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 2 221-ге дейiн, 2015 жылға қарай 2 082,0-ге дейiн (2009 ж. - 2 314,0) төмендету;
артық дене салмағының таралуын 2013 жылға қарай 33 %-ға дейiн, 2015 жылға қарай 30 %-ға дейiн (2009 ж. - 35,3%) төмендету.
Қол жеткiзу жолдары мен тиiстi шаралар
Әр жастағы балалардың, ұрпақты болу жасындағы, жүктi және емшек сүтiмен қоректендiретiн әйелдердiң тамақтануын жақсарту.
Болашақ аналардың бала көтергенге дейiнгi және жүктiлiк уақытында барабар тамақтануын қамтамасыз ете отырып, ұрықтың оңтайлы қоректенуiне мүмкiндiк беру.
Емшек сүтiмен қоректендiрудi қорғауды, насихаттауды және қолдауды қамтамасыз ету және нәрестелер мен кiшi жастағы балаларды барабар қосымша тамақтандыруды уақтылы енгiзу.
Жергiлiктi шикiзат өнiмдерiн пайдаланып балаларға арналған және емдеу-профилактикалық тамақ өнiмдерiн шығару бойынша өндiрiстi ұйымдастыру.
Балалар үйлерiнде, мектепке дейiнгi мекемелер мен мектептерде дұрыс тамақтану және тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi стратегиясын дамытуды қамтамасыз ету.
Халықты қауiпсiз және дұрыс тамақ өнiмдерiмен орнықты жабдықтауды қамтамасыз ету.
Қаныққан майлар мен трансмайлы қышқылдар, жай қант пен тұзды төмендетiп, құрамында жоғары деңгейлi дәрумендер, минералдар, микроэлементтер және тамақ талшықтары бар өнiм шығаруды кеңейту.
Негiзгi тамақ өнiмдерiн микронутриенттермен тиiстi байыту және қосымша тамақтану үшiн өнiмдердi әзiрлеудi қамтамасыз ету.
Тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгiне бақылау жүйесiнiң талаптарын күшейту және жетiлдiру арқылы қоғамдық және мемлекеттiк мекемелерде (қоғамдық тамақтану жүйесi, балалар және мектепте тамақтану, аурухана, әскери мекемелер және т.б.) тамақ өнiмдерiнiң құнарлылық сапасын жақсарту және қауiпсiздiгiн арттыру.
Тамақ өнiмдерi тұтынудың ұсынылған шамасына сәйкес келетiн тамақ өнiмдерi мен сусындардың қаржылық қолжетiмдiлiгiне әсер ету үшiн экономикалық әдiстердi (салықтар, субсидиялар) пайдалану мүмкiндiгiн зерделеу.
«Фермадан үстелге дейiн» қағидаты пайдаланылатын тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң салааралық жүйесiн және Соdех Аlimentarius-ке сәйкес келетiн қауiптi талдау тетiктерiн бекiту.
Тамақ өнiмдерiне және оларды өндiруге, санитариялық ережелер мен нормаларға, тамақ өнiмiнiң қауiпсiздiгiн бақылау жүйесiндегi басқа нормативтiк құжаттарға арналған ұлттық стандарттарды халықаралық талаптарға сәйкестендiру.
Халықты дұрыс тамақтану туралы хабардар ету
Жалпы алғанда халыққа және осал топтарға арналған тамақ өнiмдерiн тұтыну жөнiндегi ұсынымдар әзiрлеу.
Халықтың әртүрлi топтарының дұрыс тамақтану, тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi және қолжетiмдi БАҚ-ты тарта отырып, тұтынушылардың құқықтары саласында бiлiм деңгейiн және хабардар болуын арттыруға бағытталған көпдеңгейлi қоғамдық және коммуникациялық науқандар өткiзу.
Тұтынушылардың өнiмнiң сипаттарын жақсы түсiнуi, сапалы тамақ өнiмдерiн таңдауды қолдау мен тағам өнiмдерiн қауiпсiз сақтау және дайындауға жәрдемдеу үшiн тамақ өнiмдерiнiң анық таңбалануын көтермелеу.
Халықтың тамақтануына мониторинг, бағалау және зерттеу жүргiзу:
тамақтану жағдайына, тамақ өнiмдерiнiң қолжетiмдiлiгi мен оларды тұтыну, сондай-ақ әртүрлi жас және әлеуметтiк-экономикалық топтарда микронутриеттер тапшылығының профилактикасы бағдарламалары мониторингiнiң, оның iшiнде емшек сүтiмен қоректендiру және ерте жастағы балаларды қосымша тамақтандыру мониторингiнiң мемлекеттiк жүйесiн құру;
тағамдық уыттыинфекцияларды қадағалау жүйесiн және әртүрлi азық-түлiк тiзбегiнде микробиологиялық және химиялық қауiптер мониторингi жүйесiн жетiлдiру. Тамақтанудың толық рационына химиялық және биологиялық бөгде заттардың қосылыстарымен ластануын бағалау үшiн тұрақты түрде зерттеулер жүргiзу;
негiзгi азық-түлiк заттарындағы физиологиялық тұтынудың өңiрлiк нормаларын және халықтың жекелеген топтары үшiн олардың денсаулығын, климаттық-географиялық, экологиялық және өңiрдiң этникалық ерекшелiктерiн ескере отырып энергияны түзету;
әлеуметтiк мәнi бар алиментарлық-тәуелдi аурулардың профилактикасына бағытталған кешендi бағдарламалар мен стратегияларды әзiрлеу, iске асыру, мониторингi және бағалау, тамақтану және тамақ өнiмдерiмен негiзделген аурулар ауыртпалығын төмендету.
Мектеп оқушылары мен жасөспiрiмдердiң денсаулығы
Мақсаты: балалар мен жасөспiрiмдердiң тәни және психологиялық денсаулығын қалыптастыру.
Негiзгi мiндеттер:
Балалар мен жасөспiрiмдердiң психологиялық және тәни денсаулығы проблемаларына кешендi ұстанымды қамтамасыз ету;
бiлiм беру ұйымдарында денсаулық үшiн қолайлы және қауiпсiз қоршаған ортаны құру;
мектеп оқушыларына дене шынықтырумен айналысуға жағдай мен мүмкiншiлiк жасау;
тұтас жүйенi дамыту - физикалық ортаны сақтауға, оқушының тәни және психикалық денсаулығын нығайтуға, СӨС ұстануға, валеологиялық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған мектеп медицинасы қызметiн (бұдан әрi - ММҚ) құру;
мектеп оқушылары мен жастардың арасында есiрткiлердi тарату мен тұтынуға, темекi шегуге және алкогольге қарсы тиiмдi iс-қимылды қамтамасыз ету;
балалар мен жасөспiрiмдердi теңгерiмдi және қауiпсiз тамақпен қамтамасыз ету.
Нәтижелер көрсеткiштерi:
14 жасқа дейiнгi балалар арасында сүйек-бұлшық ет жүйесiнiң ауруымен сырқаттанушылықты тиiстi 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 1 194-ке дейiн, 2015 жылға қарай 1 190-ға дейiн (2009 ж. - 1 196) және 15-17 жас аралығындағы жасөспiрiмдер арасында тиiстi 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 2 295,1-ге дейiн, 2015 жылға қарай 2 992-ге дейiн (2009 ж. - 2 997,1) төмендету;
15-17 жас аралығындағы жасөспiрiмдер арасында ЖЖБИ сырқаттанушылықты 2013 жылға қарай 8,3-ке дейiн, 2015 жылға қарай 8,0-ге дейiн (2009 ж. - 8,5) төмендету. Маркер ретiнде мерез алынды;
14 жасқа дейiнгi балалардың арасында психикалық белсендi затты тұтынудың салдарынан психологиялық және мiнез-құлықтық бұзылулармен сырқаттанушылықты тиiстi 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 13,1-ге дейiн және 2015 жылға қарай 12,5-ке дейiн, 15-17 жас аралығындағы жасөспiрiмдер арасында тиiстi 100 мың адамға шаққанда 2013 жылға қарай 563-ке дейiн және 2015 жылға қарай 560-қа дейiн (2009 ж. - 14 жастағы балалар - тиiстi 100 мың адамға шаққанда 13,5, 15-17 жас аралығында - тиiстi 100 мың адамға шаққанда 564,8) төмендету;
15-17 жастағы балалардың арасындағы суицидтi 2013 жылға қарай 23,8-ге дейiн және 2015 жылға қарай тиiстi 100 мың адамға шаққанда 22,0-ге дейiн (2009 ж. - тиiстi 100 мың адамға шаққанда 24,5) төмендету.
Қол жеткiзу жолдары мен тиiстi шаралар
Мектеп оқушыларының тәни және психикалық денсаулығын қалыптастыру жөнiндегi қолданыстағы және жаңадан әзiрленген бағдарламаларды жетiлдiру үшiн басқарылатын себептерден балалар мен жасөспiрiмдердiң сырқаттануына және өлiм-жiтiмiне талдау жүргiзу.
Мына:
үй-жайларды, ойын алаңдарын тиiсiнше жоспарлау және жалпы бiлiм беретiн мектептерге қойылатын санитариялық нормалар мен ережелерге, сондай-ақ құрылыс нормалары мен ережелерiне сәйкес мектеп жиһазын қоса алғанда қазiргi заманғы мектеп жабдықтарымен қамтамасыз ету;
оқушылар үшiн олардың ең жоғары тәни, психикалық және әлеуметтiк әлеуетiн iске асыру және олардың жеке сезiмдерiн арттыру, оқушылардың жеке басын қалыптастыру үшiн мүмкiндiктер жасау;
оқушылар арасында, оқушылар мен мектеп персоналы арасында, сондай-ақ мектеп, үй және қоғам арасында психологиялық қолайлы атмосфера орнату;
денсаулық пен қоршаған ортаны қорғау бойынша оң шешiмдер қабылдау үшiн дағдыларды қалыптастыру жөнiнде бiлiм берудi қамтамасыз ету жолымен денсаулыққа қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру.
Тұтас жүйенi - физикалық ортаны сақтауға, оқушының және бүкiл қоғамның денсаулығын нығайтуға, СӨС жүргiзуге уәждеменi, медициналық сауаттылықты қалыптастыруға бағытталған ММҚ-ны дамыту;
мектеп медицинасы шеңберiнде мектеп психологтары мен әлеуметтiк педагогтарға арналған кешендi бағдарлама әзiрлеу және енгiзу;
мектеп медицинасының қызметiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық құжаттарды әзiрлеу;
әр оқушының тәни, психикалық және әлеуметтiк саулығын сақтау жөнiндегi үдерiстi оңтайландыру үшiн оқушыларды, педагогтар мен ата-аналарды түрлi деңгейлiк, саралап оқыту жүйесiн дамыту.
Мына:
есiрткiнi қолданумен байланысты қайтымсыз салдарлар туралы балалардың, жасөспiрiмдердiң, жастардың хабардар болу деңгейiн арттыру;
есiрткiнiң профилактикасы жөнiндегi бағдарламаларды ведомствоаралық деңгейде әзiрлеу және енгiзу;
«тең-теңiмен» қағидаты бойынша ерiктiлер қозғалысын одан әрi дамыту (балалардың, жасөспiрiмдердiң, жастардың арасында жауапкершiлiк дағдысын, құрбыларының қысымына қарсы тұра бiлу, есiрткiден бас тарта бiлу, өмiр сүру дағдысын ұстану негiзiнде интерактивтi оқу өткiзу жолымен дұрыс шешiм қабылдай бiлу);
әдiстемелiк және ақпараттық-бiлiм беру материалдарын әзiрлеу;
спорт алаңдарын, балалар клубтарын, үйiрмелердi, секцияларды, аула клубтарын, жазғы лагерьлердi дамыту және қолжетiмдiлiгiн арттыру, балама қозғалыстарды дамыту (велосипедтер, роликтер, стритбол, скейтбордтар және т.б.) арқылы балалардың, жасөспiрiмдердiң, жастардың бос уақытын тиiмдi ұйымдастыруды қамтамасыз етуге ықпал ету;
балалардың, жасөспiрiмдер мен жастардың жеке және әлеуметтiк проблемаларын жеңуде психоәлеуметтiк қолдау жүйесiн дамыту және жетiлдiру;
жастар үшiн денсаулық және анонимдiк консультациялар орталықтарын дамыту, сенiм телефондарының жұмысы жетiлдiру арқылы есiрткiнiң, темекi шегу мен алкогольдiң мектеп оқушылары мен жастар арасында таралуы мен қолданылуына қарсы тиiмдi iс-қимылды қамтамасыз ету.
Жол-көлiк қауiпсiздiгi
Мақсаты: жол-көлiк жарақаттанушылығы мен одан болатын өлiм-жiтiмдi төмендету.
Негiзгi мiндет: халық пен жол қозғалысына қатысушылардың арасында заңға құлықтылықтың және жол қозғалысы саласында құқық бұзушылыққа келеңсiз қатынастардың стереотиптерiн қалыптастыруға бағытталған профилактикалық және ақпараттық жұмыстардың кешендi жүйесiн құру.
Нәтижелер көрсеткiштерi:
2013 жылға қарай ЖКО нәтижесiнде қайтыс болғандардың санын 2009 жылғы деңгейден (2 898 адам) 10 %-ға, 2015 жылға қарай 14 %-ға төмендету.
2013 жылға қарай зардап шегушiлерiмен ЖКО-ның санын 2009 жылғы деңгейден (14 788 адам) 8 %-ға, 2015 жылға қарай 10 %-ға қысқарту.
Қол жеткiзу жолдары мен тиiстi шаралар
Жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық танымын арттыру және қауiптi мiнез-құлқының алдын алу мақсатында жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселесi бойынша әлеуметтiк роликтер, ақпараттық-талдау телевизиялық бағдарламаларды шығару, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi бойынша республикалық журнал басып шығару арқылы қауiпсiз жол қозғалысын қамтамасыз ету саласында профилактика және халықпен ақпараттық жұмыс iстеу жүйелiлiгiнiң тиiмдiлiгiн арттыру және қамтамасыз ету жоспарлануда.
Жол қозғалысы саласындағы нормалар мен ережелердi сақтау деңгейiн арттыру, Жол қозғалысы ережелерiн бұзуды тiркеудiң автоматтандырылған жүйесiн енгiзу есебiнен жол қозғалысын қадағалауды жетiлдiру, жолдағы авариялық-қауiптi учаскелердi жою жөнiндегi жұмыстар жалғасатын болады. Жол қозғалысын ұйымдастыруда қазiргi заманғы әдiстер мен құралдарды қолдану, жол-көлiк оқиғаларының (бұдан әрi - ЖКО) автоматтандырылған ақпараттық-iздестiру жүйесiн әзiрлеу және енгiзу, сондай-ақ, республикалық маңызы бар жолдарды жол қозғалысын басқарудың интеллектуалды көлiк жүйелерiмен жарақтандыру жоспарлануда.
Төтенше жағдайлар кезiндегi шұғыл медициналық-құтқару көмегi
Мақсаты: табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде зардап шеккендер арасындағы қайтымсыз шығындарды төмендету.
Негiзгi мiндетi: табиғи және техногендiк сипаттағы ТЖ кезiнде шұғыл медициналық көмек көрсетудi жетiлдiру.
Нәтижелер көрсеткiштерi:
шұғыл медициналық-құтқару көмегiн көрсету аймағындағы тас жолдарда ЖКО нәтижесiнде қайтыс болғандар санын 2013 жылға қарай 23 %-ға дейiн және 2015 жылға қарай 16 %-ға дейiн төмендету (2009 ж. - 26%);
келу уақытын және шұғыл медициналық-құтқару көмегiн көрсетудiң басталуын ЖКО туралы дабыл келiп түскен сәттен бастап 30 минутқа дейiн қысқарту.
Қол жеткiзу жолдары мен тиiстi шаралар
Кәсiптiк медициналық авариялық-құтқару құралымдарын құруды және жарақтандыруды қоса алғанда, апаттар медицинасы қызметiн материалдық-техникалық жарақтандыруды жетiлдiру арқылы төтенше жағдайлар кезiнде шұғыл медициналық көмек көрсетудiң тиiмдi жүйесiн ұйымдастыру: Алматы - Көкшетау трассасында 12 трассалық медициналық-құтқару пунктiн (бұдан әрi - ТМҚП) және «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» трассасының қазақстандық бөлiгiнде 28 ТМҚП құру; апаттар медицинасы қызметiн аэромобильдi госпитальмен жабдықтау; апаттар медицинасы қызметiн көп бейiндi ұтқыр госпитальмен жабдықтау; ТЖ қызметiнiң медицина және құтқару құрылымдарын санитариялық тiкұшақтармен және реанимобильдермен жарақтандыру.
Пенитенциарлық жүйеде туберкулез бен АИТВ/ЖИТС профилактикасы
Мақсаты: пенитенциарлық жүйеде туберкулезбен және АИТВ/ЖИТС-пен сырқаттанушылық пен өлiм-жiтiм деңгейiн төмендету.
Негiзгi мiндеттер:
қылмыстық-атқару жүйесi (бұдан әрi — ҚАЖ) мекемелерiнде туберкулезбен және АИТВ/ЖИТС-пен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетудi жетiлдiру;
пенитенциарлық жүйе контингентiн туберкулез бен АИТВ/ЖИТС таралу мәселесi бойынша ақпараттандыруды арттыру.
Нәтижелер көрсеткiштерi:
түрмедегi 100 мың адамға шаққанда сотталғандар арасында туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткiшiн 2013 жылы 643-ке дейiн, 2015 жылы 642,9-ға дейiн (2009 жылы - 643,9) төмендету;
1000 адамға шаққанда бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдар арасында жалпы өлiм-жiтiмдi 2013 жылы 2,89-ға дейiн және 2015 жылы 2,8-ге (2009 жылы - 2,91) төмендету;
2015 жылға қарай сотталғандар арасында АИТВ жұқтырғандардың таралу деңгейi 5 %-дан аспауы тиiс.
Қол жеткiзу жолдары мен тиiстi шаралар
Тергеудегi және сотталған адамдарды медициналық қамтамасыз етудi жақсарту жөнiндегi iс-шараларды үйлестiру мақсатында жоғары деңгейдегi ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, оның құрамына Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттарын, мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың (Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi, Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi, Бас прокуратура, Астана, Алматы қалаларының, облыстардың әкiмдерi) бiрiншi басшыларын енгiзу жоспарлануда.
ҚАЖ мекемелерiнде туберкулезбен және АИТВ/ЖИТС-пен ауыратын науқастарға медициналық көмектi жақсарту үшiн мыналар жоспарлануда: қажеттi медициналық жабдықтар сатып алу арқылы ҚАЖ емдеу-профилактикалық мекемелерiн материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейiн арттыру; пенитенциарлық жүйенiң туберкулезге қарсы мекемелерiне күрделi жөндеу жүргiзу; медициналық және медициналық емес бейiн мамандары үшiн кәсiби стандарттарды әзiрлеу.
Туберкулездiң, АИТВ/ЖИТС-тiң таралу мәселелерi бойынша пенитенциарлық жүйедегi адамдар арасында ақпараттық-түсiндiру жұмысы үшiн мыналар жоспарлануда:
туберкулез, АИТВ/ЖИТС таралуының алдын алу жөнiндегi ақпараттық материалдарды басып шығару және тарату;
ҚАЖ медициналық қызметiне тартылған медициналық және медициналық емес бейiн мамандары үшiн ақпараттық-әдiстемелiк сүйемелдеудi қамтамасыз ету;
пенитенциарлық жүйедегi адамдар арасында әлеуметтiк мәнi бар аурулардың таралуының алдын алу мақсатында үкiметтiк емес сектордың әлеуметтiк қызметкерлерi мен психологтарды тарту.
Бұдан басқа, қамау орындарында АИТВ/ЖИТС профилактикасы бағдарламаларын iске асыру және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға әлеуметтiк қолдау көрсету бағдарламаларын жүргiзу жалғасатын болады. Емдеу аяқталмаған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, туберкулезбен ауыратын науқас адамдарды iздестiру және емдеудi жалғастыру тетiктерiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер әзiрленетiн болады. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесiндегi наркологиялық жағдайдың мониторингi мен бағалау жүйесiн құру жоспарлануда.
Аса қауiптi инфекциялардың (конго-қырым геморрагиялық қызбасы (бұдан әрi - КҚГҚ) профилактикасы
Мақсаты: халықтың КҚГҚ-мен сырқаттанушылығын төмендету.
Негiзгi мiндетi: кенеге қарсы iс-шаралар кешенiн жоспарлы түрде және уақтылы өткiзу.
Нәтижелер көрсеткiшi: КҚГҚ-мен сырқаттанушылықты 100 мың адамға шаққанда 0,2-ден аспайтын деңгейде ұстау.
Қол жеткiзу жолдары және тиiстi шаралар
КҚГҚ-мен сырқаттанушылықты төмендету мақсатында тиiстi профилактикалық шаралар кешенi жетiлдiрiлетiн болады, оның барысында эндемиялық өңiрлерде мал бастарына және малдың қора-жайларына кенеге қарсы өңдеу жүргiзу, сондай-ақ КҚГҚ бойынша қолайсыз елдi мекендердiң айналасына санитариялық-қорғау аймақтарын құру жоспарлануда.
Республиканың КҚГҚ бойынша эндемиялық аумақтарында кенеге қарсы өңдеу жүргiзудiң бiрыңғай әдiснамасын әзiрлеу жоспарлануда. Бұдан басқа, КҚГҚ-ны жұқтыру жолдары және алдын алу шаралары туралы халық арасында санитариялық-түсiндiру жұмысын күшейту жөнiндегi iс-шаралар жалғасатын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |