Қазақстан республикасының экологиялық Қауіпсіздігінің МӘселелері



жүктеу 53.52 Kb.
Дата13.06.2016
өлшемі53.52 Kb.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Тәжімбет Данияр ГМУ-11-1 оқу тобының студенті,
Ғылыми жетекші: Сегізбаева Д.Ү., аға оқытушы, экономика ғылымдарының магистрі,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,

Қызылорда қаласы

Экология - белгілі бір ортада тұратын организмдерді зерттейтін, олардың басқа организмдермен және қоршаған ортамен арақатынастарын анықтап, жиынтық қорытынды жасайтын ғылым. Сондықтан экология қоршаған ортаны сақтаудың ғылыми негізі болып саналады.

Көптеген орыс және шетел ғалымдары XVIII ғасырдың аяғында-ақ экологиямен шұғылдана бастады, бірақ бұл ғылымның атын атаған жоқ. Ол алғашқыда «жалпы зоология» деген атауға ие болды. Көптеген зерттеулер нәтижесінде ол экология деген атқа ие болды.

Бүгінгі нарықтық қатынастардың дамуы, экономикалық жетістіктер, техникалық-технологиялық жандану белгілі мәселелерді тудырады. Ол  -- экологиялық мәселелердің жыл өткен сайын күрделенуі. Адамзаттың табиғатты аяусыз да күрделі күйзеліске ұшыратуы соңғы жиырма жыл ішінде ғылыми түрде дәлелдене бастады. Мұндай жағдайлардың орын алуы-жағымды экологияны, жақсы өмір сүруді қамтамасыз ете алатын өте ауқымды экономикалық құқықтық нормаларды құруды, тиімді экологиялық саясатты таңдауды қажет етеді. Әрине, бұл шаралар мемлекеттік реттеу негізінде жүзеге асады.

Қазіргі кезде экология мәселесі ең өзекті тақырыптардың  біріне айналды. Әсіресе, Қазақстан үшін бұл маңызды мәселе. Халықтың  тұрмыс  деңгейі жақсарғанымен, денсаулығы зардап шегуде. Қазіргі кезде экологиялық мәселелер адам қолымен  жасалып, бүкіл  тіршілікке қауіп  төндіріп  келеді. Еліміздегі Арал теңізі мен Семей полигоны  қасірет шегуде.   Өскемен сынды өнеркәсібі дамыған қаланың әлемдегі  ең лас қалалар  қатарына еніп отырғаны бәрімізге белгілі. Қазақстан аумағында төрт әскери – сынақ полигоны мен «Байқоныр»  ғарыш кешені жұмыс істейді. Елімізде экологиялық заңдылықтарды  аяқ асты етіп  жүрген қаншама кәсіпорындар  мен өндіріс  орындары жұмыс істейді. Сонымен қатар,  Қарағанды мен Теміртау металлургия кәсіпорындарының табиғатқа келтірген  зор шығындары бар. Ең  өкініштісі сол экономика  жетістіктерінің  экологиядағы  қиянаты күн өткен сайын айқын байқалуда.

Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде есепке алынуға  тиіс әсерлердің түрлерi:

1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде:

1)тікелей әсер-объектіні орналастыру ауданында жоспарланып отырған 

негізгі және ілеспе  қызмет түрлерінің тікелей тигізетін  әсері;

2) жанама әсер - жобаны  іске асыру салдарынан пайда  болатын жанама (кейінгі) факторлардан  туындайтын қоршаған ортаға әсер;

3)кумулятивтік әсер-жобаны іске асыруға ілесе жасалатын, өткен,  қазіргі 

немесе негізделіп алдын ала болжанатын іс-әрекеттерден туындайтын, үнемі ұлғаю үстіндегі өзгерістер салдарынан пайда болатын әсер есепке алынуға тиіс.

2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде:

1) атмосфералық ауаға;

2) жер үсті және жер асты суларына;

3) сутоғандары түбінің беткі жағына;

4) ландшафттарға;

5) жер ресурстарына және  топырақ жамылғысына;

6) өсімдіктер дүниесіне;

7) жануарлар дүниесіне;

8) экологиялық жүйелердің  жай-күйіне;

9) халық денсаулығының  жай-күйіне;

10) әлеуметтік салаға (халықты жұмыспен қамту, білім беру, көлік инфрақұрылымы) әсерді бағалау жүргізіледі.

3.Қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізу үдерісінде табиғи орта мен адам денсаулығына теріс және оң әсерлер есепке алынуға тиіс.

Табиғат және қоғам жүйесінде табиғат заңдылығы қатаң ескеріліп, сақталып отыруы керек. Табиғат – қоғам бірлестігі табиғат заңдылығымен берілген, олар өзара тығыз байланысты. Осы байланыс бұзылмау үшін адамзат өзінің табиғат пен қатынасын табиғат заңдарына сүйене отырып жүргізілуі керек. Табиғатқа ықпал жасау сол табиғат заңдылығының негізінде болуы керек. Бұл принципті сақтамау қоғамның дамуын тежеуге әкеп соғады. Осы орайда өндірісті экологиялазиялау – табиғат қорын түгесілмейтін, оған нұқсан келтірмейтін технология арқылы өндірісті ұйымдастыру, экологиялық еңбектің өнімділігін арттыру. Өндірісті экологиязациялау мына бағыттарда жүргізіледі: экологиялық жүйелерді сақтау, қалпына келтіру; шикізат өндіруде озық технология қолдану; шикізат қорларын үнемді пайдалану; қалдықсыз және аз қалдықты технология қолдану; табиғат қорғау шараларын кеңіту; өндірісті экологиялық талаптарға сәйкес орналастыру; табиғи ортаны ластауды азайту, жою, т.б.

Мемлекеттің экологиялық қауіпсіз дамуы мынадай қағидаттарға негізделеді:

-табиғи ресурстарды пайдаланудың экологиялық мүмкінді шектерін айқындайтын және қоршаған ортаны сапалы теңгермелі басқаруды қамтамасыз ететін шектеулердің, нормативтердің және шаруашылық әрі өзге де қызмет жүргізу ережелерінің ғылыми-негізделген кешенін енгізу жолымен мемлекеттің тұрақты дамуы үшін барлық қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелік тәсіл;

-экологиялық қауіпсіздіктің өңірлік және жергілікті міндеттерінің экологиялық қатерлердің алдын алудың жаһандық және ұлттық мақсаттарына бағыныштылығы;

-қоршаған орта мен адамның денсаулығына келтірілген залалды өтеудің міндеттілігі (табиғат пайдаланушылар мен ластаушылар төлейді);

-өндірістік күштерді дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгермелігі (экологиялық сыйымдылық пен аумақтық жоспарлау қағидаттары);

-шаруашылық және өзге де қызметінің қоршаған ортаға әсерін одан кейінгі экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалармен бағалаудың міндеттілігі;

-халықтың экологиялық ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету және оның экологиялық проблемаларды шешуге қатысуы;

-халықаралық ынтымақтастықтағы әріптестік және халықаралық құқық нормаларын сақтау.

Экономика жақсарған сайын, экологияға көңіл көбірек бөлінетіні белгілі. Дегенмен, экологияның қордаланған проблемалары толықтай шешілді деуге ерте. Ал оны мемлекет тарапынан оңалтуға бағыт алынғаны аса құптарлық іс. Бүгінгі күні әлемнің барлық мемлекеттері экологияның саяси және экономикалық игіліктерге әсер ететін стратегиялық сала екенін ұғынды. Сондықтан да болар, қазір елімізде бес жыл бойы айтылып, пісуі жеткен, барлық экологиялық ережелер мен нормаларды жинақтаған Экология кодексі қабылданды. Онда өтпелі кезеңнің экологиялық саясаты табиғи ресурстарды реттеудің экономикалық әдістерін дамытуға, жергілікті органдардың өкілеттілігі мен құқықтарын арттыруға бағытталған.

Енді елдегі қоршаған ортаны ластаушылар негізінен екі түрлі ғана рұқсат ала алады. Олар қоршаған ортаға эмиссиялар және кешенді экологиялық рұқсаттар. Мемлекеттік экологиялық сараптамамен қатар, қоғамдық экологиялық сарапшылардың институты енгізілді. Оның жұмыс істеу тетіктері нақтыланып жазылды. Қоғамдық экологиялық бақылау институты құрылды.

Республиканың жекелеген аумақтарындағы төтенше экологиялық ахуал кезiнде заңдарда көзделген тәртiппен шаруашылық қызмет пен табиғат пайдаланудың жекелеген түрлерiне тыйым салынуы немесе олар шектелуi мүмкiн, табиғи ресурстарды қалпына келтiру (молықтыру), қоршаған ортаны сауықтыру, халықты әлеуметтiк қорғау жөнiнде жедел шаралар жүргiзiледi.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1..Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі  туралы » Заңы, 2008 жыл, 26 маусым.// Егемен Қазақстан газеті.

2.«Қала мен Дала» газеті, «Экологияның өзекті мәселелері» атты мақала, 2009 ж. 26 мамыр.

3. Ақиқат журналы, «Экологияның экономикалық залалдары» атты мақала, 2009 ж №4, 58 б.



4.Қазақстан Республикасының « Қоршаған   ортаны  қорғау  туралы » заңы, Алматы. Юрист, 2004 ж.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет