417-бап. Парамен коммерциялық сатып алуға не парақорлыққа арандату
1. Парамен коммерциялық сатып алуға арандату, яғни коммерциялық немесе өзге де ұйымдарда басқару функцияларын орындайтын адамға қылмыс жасау дәлелдемелерін қолдан жасау не бопсалау мақсатында оның келiсiмiнсiз ақша, мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар беруге әрекет ету –
алты мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Парақорлыққа арандату, яғни мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамға не оған теңестiрiлген адамға не лауазымды адамға не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 417-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
418-бап. Көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығару
1. Судьяның (судьялардың) көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығаруы –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бас бостандығынан айыруға соттың заңсыз үкiмінің шығарылуына байланысты немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |