452-1-бап. Бастықтың қызмет бойынша әрекетсіздігі
Бастықтың өз өкілеттіктері шегінде азаматтардың өміріне тікелей қатер төндіретін оларға шабуыл жасаудың, ғимараттарды қарулы басып алудың, азаматтардың немесе ұйымдардың мүлкін жалпыға қауіпті тәсілмен жоюдың жолын кесу жөніндегі шараларды қабылдамауынан көрінген, қызмет бойынша әрекетсіздігі, егер бұл іс-әрекет төтенше жағдай кезінде жасалса немесе ауыр салдарға алып келсе,
жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Кодекс 452-1-баппен толықтырылды – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
453-бап. Қызметке салғырт қарау
1. Бастықтың немесе лауазымды адамның қызметке елеулі зиян келтiрген салғырт қарауы –
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекеттер –
үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
454-бап. Батып бара жатқан әскери корабльді тастап кету
1. Батып бара жатқан әскери корабльді өзiнiң қызметтік мiндеттерiн ақырына дейiн орындамаған командирдiң, сол сияқты командирдiң тиiстi өкiмiнсiз корабль командасы құрамындағы адамның тастап кетуi –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған дәл сол іс-әрекет –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |