193-бап. Ерекше құндылығы бар заттарды жымқыру
1. Ерекше тарихи, ғылыми, көркемдiк немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды жымқыру, оларды жымқыру тәсiлiне қарамастан, –
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, үш жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) бiрнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекет –
мүлкi тәркiленiп, жеті жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды:
1) қылмыстық топ жасаса;
2) осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген заттарды немесе құжаттарды жоюға не бүлдіруге әкеп соқса, –
мүлкi тәркiленiп, он жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
194-бап. Қорқытып алу
1. Қорқытып алушылық, яғни күш қолдану не бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдiру қатерін төндіріп, сол сияқты жәбiрленушiнi немесе оның жақындарын масқаралайтын мәлiметтердi не жариялануы жәбiрленушiнiң немесе оның жақындарының мүдделерiне елеулі зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi тарату қатерін төндіріп бөтеннің мүлкін немесе мүлiкке құқықты беруді немесе мүлiктiк сипаттағы басқа да әрекеттер жасауды талап ету –
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) күш қолданып;
2) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
3) бiрнеше рет жасалған қорқытып алушылық –
мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мынадай:
1) жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіріп;
2) ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында жасалған қорқытып алушылық –
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды:
1) қылмыстық топ жасаса;
2) аса iрi мөлшерде жасалса, –
мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 194-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |