370-1-бап. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның немесе құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның өзге басшысының қызмет бойынша әрекетсіздігі
Құқық қорғау органында немесе арнаулы мемлекеттік органда жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның немесе құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның өзге басшысының өз өкілеттіктері шегінде азаматтардың өміріне тікелей қатер төндіретін оларға шабуыл жасаудың, ғимараттарды қарулы басып алудың, азаматтардың немесе ұйымдардың мүлкін жалпыға қауіпті тәсілмен жоюдың жолын кесу жөніндегі шараларды қабылдамауынан көрінген, қызмет бойынша әрекетсіздігі, егер бұл іс-әрекет төтенше жағдай кезінде жасалса немесе ауыр салдарға алып келсе, –
жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертпе. Осы бапта:
құқық қорғау органының өзге басшысы деп құқық қорғау органының аумақтық немесе оған теңестірілген органының не оқшауланған бөлімшесінің басшысы түсініледі;
арнаулы мемлекеттік органның өзге басшысы деп арнаулы мемлекеттік орган ведомствосының, аумақтық органының, мемлекеттік мекемесінің, оқшауланған бөлімшесінің басшысы түсініледі.
Ескерту. Кодекс 370-1-баппен толықтырылды – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
370-2-бап. Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің қызмет міндеттерін атқарудан бас тартуы немесе жалтаруы
1. Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің белгіленген тәртіппен берілген бұйрықты орындаудан қызмет мүдделеріне елеулі зиян келтірген бас тартуы, сол сияқты құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің аурумын деп жалған сылтаурату немесе өзiне қандай да бiр зақым келтiру (дене мүшесiн зақымдау) не денсаулығына өзге де зиян келтiру немесе жалған құжат жасау немесе өзге де алдау жолымен жасалған, қызмет мүдделеріне елеулі зиян келтірген қызмет мiндеттерiн атқарудан жалтаруы –
бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген:
1) төтенше ахуал немесе жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жасалған;
2) күзетілетін адамдардың немесе объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты іс-әрекеттер –
алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезінде жасалған немесе ауыр салдарға алып келген іс-әрекеттер –
үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертпе. Осы бапта күзетілетін адамдар мен объектілер деп "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күзетілетін адамдар мен объектілер түсініледі.
Ескерту. Кодекс 370-2-баппен толықтырылды – ҚР 11.07.2022 № 136-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |