307-бап. Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру
1. Ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру не Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу не ойын бизнесі саласындағы қызметі лицензиясыз жүзеге асыру –
мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) кәмелетке толмаған адамды пайдаланып немесе оны құмар ойындарына қатыстырып;
2) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
3) iрi мөлшерде табыс табумен;
4) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) аса iрi мөлшерде табыс табумен жасалған;
3) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам өзi немесе сенiм білдірген адам арқылы заңда белгiленген тыйым салуға қарамастан жасаған іс-әрекеттер, егер бұл іс-әрекеттер мұндай қызметте жеңiлдiктер мен артықшылықтар берумен немесе өзге нысандағы жақтаушылығымен байланысты болса, –
мүлкi тәркiленiп, төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда – мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға не алынған кіріс сомасының он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға, 3) тармақта көзделген жағдайларда белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 307-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |