393-бап. Шығарып жiберу туралы шешiмдi орындамау
Ескерту. 393-бап алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
394-бап. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру
1. Көлік құралдарын не қолдан жасалған құжаттар не тұрғын немесе өзге де үй-жай беру, сондай-ақ азаматтарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағы бойынша заңсыз келу, кету, орын ауыстыру үшін өзге де қызметтер көрсету арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру –
екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адам өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып немесе адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекет –
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 394-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |