349-бап. Басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлiк құралын басқаруына жол беру
1. Лауазымды адамның не көлік құралы меншік иесінің немесе иеленушісінің көлік құралдарын басқаруға құқығы немесе тиiстi санаттағы көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ жүргізушінің көлiк құралын басқаруына жол беруі, егер бұл іс-әрекет абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса, –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет –
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 349-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |