Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі



бет13/44
Дата16.06.2016
өлшемі3.05 Mb.
#139602
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   44

Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені қарау кезінде талап етіп алдырылатын анықтамалар, мінездемелер және өзге де құжаттар қорғаушыға екі тәулік ішінде ұсынылады;

2) осы Кодекстің 272-бабының бесінші, тоғызыншы және оныншы бөліктеріне сәйкес шарттық негізде сот сараптамасын жүргізуге бастамашылық жасау;

3) сараптама мекемесіне шарттық негізде тиісті сараптама жүргізу туралы сұрау салу жолдау;

4) шарттық негізде маман тарту;

5) қылмыстық іске қатысты ақпаратты білуі ықтимал адамдардың келісуімен, олардан сұрақ алу арқылы, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып алуға құқылы.

4. Дәлелдемелер ретінде қылмыстық іске қосып тігу үшін ауызша да, жазбаша да нысандағы мәліметтерді, сондай-ақ нәрселер мен құжаттарды күдікті, айыпталушы, қорғаушы, жекеше айыптаушы, жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, сондай-ақ кез келген азаматтар мен ұйымдар беруге құқылы.

Нәрселер мен құжаттар осы Кодекстің 125-бабының қағидалары бойынша бағаланғаннан кейін қылмыстық іске қосып тігіледі, ол туралы осы Кодекстің 119-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес хаттама жасалады.

Қылмыстық процеске қатысушылардан және өзге де тұлғалардан заттар мен құжаттарды қабылдау осы Кодекстің 99-бабында белгіленген тәртіппен өтінішхат негізінде жүзеге асырылады.

5. Осы баптың үшінші бөлігі 1) тармағының талаптарын орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.


123-бап. Дәлелдемелерді бекiту
1. Нақты деректер процестік әрекеттердiң хаттамаларында тіркелгеннен кейiн ғана дәлелдемелер ретiнде пайдаланылуы мүмкін.

2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында хаттамаларды жүргiзу жауаптылығы анықтаушыға, тергеушiге және прокурорға, ал сотта – сот отырысына төрағалық етушi мен хатшыға жүктеледi.

3. Тергеу және сот әрекеттерiне қатысушыларға, сондай-ақ сот талқылауында тараптарға осы әрекеттердiң барысы мен нәтижелерi тіркелген хаттамалармен танысу, хаттамаларға толықтырулар мен түзетулер енгiзу, осы әрекеттi жүргiзудiң тәртiбi мен шарттары жөнiнде ескертулер мен қарсылықтар айту, хаттамадағы жазбаларға өз редакциясын ұсыну, анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе соттың назарын iс үшiн маңызы болуы мүмкiн мән-жайларға аудару құқығы қамтамасыз етiлуге тиiс. Хаттамада тергеу және сот әрекеттерiне қатысушыларға олардың құқықтары түсiндiрiлгенi туралы белгi жасалады.

4. Ауызша айтылған толықтырулар, түзетулер, ескертулер, қарсылықтар, өтінішхаттар мен шағымдар хаттамаға енгiзiледi, ал жазбаша нысанда баяндалғандары хаттамаға қоса беріледі. Сызып тасталған немесе кіріктіріліп жазылған сөздер немесе басқа да түзетулер туралы хаттама соңында қойылған қолдар алдында ескертпе жасалады.

5. Тергеу әрекетiнiң хаттамасымен танысқан адамдар хаттаманың әрбір бетiне мәтiннiң соңғы жолының астына және хаттаманың соңына өзiнің қолын қояды. Сот отырысы хаттамасының бір бөлiгiмен танысу кезінде әрбір беттiң соңына не осы бөлiктiң соңына қолын қоюға құқылы.

6. Анықтаушы, тергеушi, прокурор немесе сот ескертулермен немесе қарсылықтармен келiспеген жағдайда, бұл туралы қаулы шығарады.

7. Заңда көзделген жағдайларда процеске қатысушылардың немесе басқа да адамдардың қайсыбіреуі тергеу әрекетiнiң хаттамасына қол қоюдан бас тартқан кезде анықтаушы, тергеушi немесе прокурор хаттамаға бұл туралы белгi жасайды, оны өзiнiң қолымен куәландырады.

8. Заңда көзделген жағдайларда сот отырысының хаттамасында жазылған сот әрекетi туралы жазбаларға қол қоюдан бас тартылған кезде осы хаттамада белгi жасалып, оны сот отырысына төрағалық етушi мен хатшы өз қолдарымен куәландырады.

9. Хаттамаға қол қоюдан бас тартқан адам бас тартуының себебiн түсiндiруге құқылы және бұл түсiніктеме хаттамаға енгiзiлуге тиiс.

10. Егер процестік әрекетке қатысушы өзiнiң дене кемiстігі салдарынан хаттаманы өзi оқи алмаса немесе оған қол қоя алмаса, онда оның келiсiмiмен оның қорғаушысы, өкiлi немесе оның өзі сенім білдіретін басқа жеке тұлға хаттаманы дауыстап оқиды және оған қол қояды, хаттамада бұл туралы белгi жасалады.

11. Дәлелдемелердi бекiту үшiн хаттамалар жасаумен қатар дыбыс-, бейнежазба, кино-, фототүсiру, бедерлер, баспа-таңбалар, жоспарлар, схемалар дайындау және ақпаратты түсіріп алудың басқа да тәсілдері қолданылуы мүмкiн. Тергеу әрекетiне немесе сот талқылауына қатысушының дәлелдемелердi бекiтудiң көрсетiлген тәсілдерін қолданғаны туралы пайдаланылған ғылыми-техникалық құралдардың техникалық сипаттамалары келтiрiле отырып, тиiсiнше тергеу әрекетiнің хаттамасында немесе сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.

12. Фонограммалар, бейнежазбалар, кинофильмдер, фотосуреттер, бедерлер, баспа-таңбалар, жоспарлар, схемалар, тергеу немесе сот әрекетiнiң барысы мен нәтижелерiн басқа да бейнелеулер хаттамаға қоса беріледi. Әрбiр қосымшада оған қатысты тергеу немесе сот әрекетiнiң атауы, орны, күнi көрсетiлген түсiндiрме жазба болуға тиiс. Бұл жазбаны iс бойынша сотқа дейiнгi тергеп-тексеру барысында – прокурор, анықтаушы немесе тергеушi және қажет болған жағдайларда, куәгерлер, ал сотта сот отырысының төрағалық етушiсі мен хатшысы өз қолдарымен куәландырады.


124-бап. Дәлелдемелердi зерттеу
Iс бойынша жиналған дәлелдемелер жан-жақты және объективтi түрде зерттелуге жатады. Зерттеу алынған дәлелдемені талдауды, оны басқа дәлелдемелермен салыстыруды, оларды тексеру үшін қосымша дәлелдемелер жинауды, дәлелдемелер алу көздерiн тексерудi қамтиды.
125-бап. Дәлелдемелердi бағалау
1. Әрбiр дәлелдеме – оның қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға тиiс.

2. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы дәлелдемелерді осы Кодекстiң 25-бабына сәйкес заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi жиынтығымен жан-жақты, толық және объективтi қарауға негiзделген өздерiнiң iшкi сенімі бойынша бағалайды.

3. Егер дәлелдеме осы iс үшiн маңызы бар мән-жайлардың бар екендiгi туралы түйіндерді растайтын, теріске шығаратын немесе күмән туғызатын нақты деректердi бiлдiретiн болса, ол iске қатысты дәлелдеме деп танылады.

4. Егер дәлелдеме осы Кодексте белгiленген тәртiппен алынған болса, ол жол берілетін дәлелдеме деп танылады.

5. Егер тексеру нәтижесiнде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетiндiгi анықталса, ол анық дәлелдеме деп танылады.

6. Егер дәлелденуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты даусыз белгiлейтiн, iске қатысты жол берілетін және анық дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы қылмыстық iстi шешу үшiн жеткiлiктi деп танылады.


126-бап. Дәлелдеу процесiндегi ғылыми-техникалық құралдар
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган, сондай-ақ сарапшы және маман қылмыстық іс бойынша дәлелдеу процесінде ғылыми-техникалық құралдарды осы Кодексте көзделген процестік міндеттерін өздері орындауы кезінде пайдалана алады.

2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган ғылыми-техникалық құралдарды пайдаланған кезде жәрдем көрсету үшiн маманды тартуы мүмкiн.

3. Егер ғылыми-техникалық құралдар:

1) заңда тiкелей көзделсе немесе оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;

2) ғылыми тұрғыдан дәрменді болса;

3) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң тиiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн болса;

4) қауiпсiз болса, олар қолдануға жарамды деп танылады.

4. Қылмыстық процестi жүргізетін органның ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануы ғылыми-техникалық құралдардың деректерi, оларды қолданудың шарттары мен тәртiбi, бұл құралдар қолданылған объектiлер және оларды пайдаланудың нәтижелерi көрсетiле отырып, тиiстi процестік әрекеттердiң хаттамаларында және сот отырысының хаттамасында көрсетiледi.


127-бап. Преюдиция
1. Соттың қылмыстық iс бойынша заңды күшiне енген үкімі, сондай-ақ қылмыстық істі мәні бойынша шешетін басқа да шешiмі анықталған мән-жайларға да, олардың соттың үкімі мен шешімі шығарылған адамға қатысты құқықтық бағалануына қатысты да барлық мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар үшiн мiндеттi. Бұл ереже соттың үкімі мен басқа да шешiмдерiн жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша кассациялық тәртіппен және қадағалау тәртiбімен тексеруге, олардың күшiн жоюға және оларды өзгертуге кедергi болмайды.

2. Соттың азаматтық iс бойынша заңды күшiне енген шешiмi сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процестi жүргізетін орган үшiн оқиғаның немесе әрекеттiң орын алғаны не алмағаны туралы мәселе жөнiнде ғана мiндеттi және ол сотталушының кiнәлiлігі немесе кiнәсіздігі туралы түйіндерді алдын ала шешпеуге тиiс.

3. Соттың заңды күшiне енген, өзінде талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкiмi сот үшiн оның азаматтық iсті қарауы кезiнде осы бөлiгінде мiндеттi.

4. Нақ сол күдік бойынша қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны туралы қаулыдан басқа, қылмыстық қудалау органы қаулысының сот үшiн мiндеттi күшi болмайды.

4-БӨЛІМ. ПРОЦЕСТІК МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫ
17-тарау. КҮДІКТІНІ ҰСТАП АЛУ
128-бап. Ұстап алу негіздері
1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы күдіктіні ұстап алу – қылмыстық қудалау органы қылмыстың жолын кесу және оған күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселенi шешу мақсатында немесе адамның жасырынуы не неғұрлым ауыр қылмыс жасауы мүмкін деп пайымдауға негіздер болса, қылмыстық теріс қылық бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін қолданатын процестік мәжбүрлеу шарасы.

2. Қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы, мына негiздердiң бiрi:

1) осы адам қылмыс жасау кезiнде немесе тiкелей оны жасағаннан кейiн ұсталған;

2) көзімен көргендер (куәлар), оның iшiнде жәбiрленушiлер қылмыс жасаған адам ретінде осы адамды тікелей көрсетсе не ол адамды осы Кодекстiң 130-бабында көзделген тәртiппен ұстап алған кезде;

3) осы адамда немесе оның киімінде, өзiнің бойында немесе тұрғынжайында қылмыстың анық iздерi табылған кезде;

4) жедел-iздестiру қызметiнiң және (немесе) жасырын тергеу әрекеттерінің заңға сәйкес алынған материалдарында адамға қатысты ол жасаған немесе жасауға дайындап жатқан қылмыс туралы анық деректер болғанда, бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалуы мүмкін қылмыс жасады деп күдiк келтірілетін адамды ұстап алуға құқылы.

3. Осы баптың екінші бөлігінің 1) тармағында көзделген негіздерді қоспағанда, адамдарды қылмыс жасады деген күдікпен ұстап алу кейінге қалдыруға болмайтын қажетті тергеу әрекеттері өткізілгеннен кейін жүргізіледі.

4. Адамға қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтіруге негiз беретiн өзге де деректер болған кезде, егер ол адам жасырынуға әрекет жасаса не оның тұрақты тұрғылықты жерi болмаса немесе күдіктінің жеке басы анықталмаса не сотқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат жіберілсе ғана ұстап алынуы мүмкін.

5. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды ұстап алу мерзімі нақты ұстап алған кезден бастап есептеледі және жетпіс екі сағаттан аспауға тиіс.
129-бап. Жеткізу
1. Жеткізу – адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы.

2. Адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бары расталған жағдайда, қылмыстық қудалау органы осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен ұстап алуды жүзеге асыруға құқылы, бұл ретте жеткізу мерзімі осы Кодекстің 131-бабының төртінші бөлігінде көзделген ұстап алудың жалпы мерзіміне қосылады.

3. Жеткізу мерзімі аяқталған соң, бұдан әрі процестік ұстап алу жағдайларын қоспағанда, адамға жеткізілгендігі туралы дереу анықтама беріледі.
130-бап. Азаматтардың қылмыстық құқық бұзушылық жасаған

адамдарды процестік емес ұстап алуға құқығы


1. Жәбiрленушiнiң, сондай-ақ кез келген өзге азаматтың қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды оның өзге де қолсұғушылықтар жасау мүмкiндiгiнiң жолын кесу мақсатында ұстап алуға және оны қылмыстық қудалау органына немесе өзге де мемлекеттік билік органына беру не жеткізу үшін оның жүріп-тұру еркіндігін шектеуге құқығы бар.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, ұстап алынған адам қарсылық көрсеткен кезде оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 33-бабында көзделген шектерде дене күшi мен басқа да құралдар қолданылуы мүмкін. Егер ұсталған адамда қару немесе қылмыстық iс үшiн маңызы бар өзге де қауiптi заттар бар деп пайымдауға негiз болса, оны ұстап алған азамат ұстап алынған адамның киiмiн қарап-тексеруге және онда бар нәрселерді құқық қорғау органдарына немесе өзге де мемлекеттiк билік органына беру үшiн алып қоюға құқылы.


131-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік

келтірілген адамды процестік ұстап алу тәртiбi


1. Адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алу кезінде қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғанын ауызша хабарлайды, оған қорғаушы шақыру құқығын, үнсіздік сақтау құқығын және оның айтқандары сотта оған қарсы қолданылуы мүмкін екендігін түсіндіреді.

Егер ұстап алынған адам қазақ және (немесе) орыс тілдерін білмесе, оның құқықтарын түсіндіру одан күдікті ретінде жауап алу басталғанға дейін аудармашының және қорғаушының қатысуымен жүзеге асырылады, ол туралы жауап алу хаттамасында белгі жасалады.

2. Анықтау органының лауазымды адамы, анықтаушы, тергеуші осы Кодекстің 129-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде ұстап алу хаттамасын жасайды. Күдікті тиісті өтінішхатты мәлімдеген кезде ол өз денсаулығының жалпы жағдайын және дене жарақаттарының бар-жоғын анықтау үшін дәрігердің куәландыруына жатады.

Ұстап алу хаттамасында мынадай мәліметтер:

1) күдіктінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);

2) күдіктіні кімнің ұстап алғаны, ұстап алу негіздері, себептері, орны, нақты ұстап алу және жеткізу уақыты (сағаты мен минуты көрсетіле отырып);

3) күдіктінің құқықтарын түсіндіру туралы мәліметтер;

4) жеке тінту нәтижелері;

5) ұстап алынған адамның денсаулық жағдайы туралы мәліметтер;

6) хаттаманың жасалған уақыты мен орны көрсетіледі.

Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, күдікті және қорғаушы (ол қатысқан кезде) қол қояды.

Медициналық куәландыру өткізілген жағдайда, хаттамаға оның қорытындысы қоса беріледі.

3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жүргізілген ұстап алу туралы прокурорға ұстап алу хаттамасы жасалған кезден бастап он екі сағаттың ішінде жазбаша хабарлауға міндетті.

4. Күдіктіні соттың санкциясынсыз жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға болады.


132-бап. Ұстап алынған адамның жеке басын тiнту
Ұстап алуды жүзеге асыратын адам ұстап алынған адамда қару не қару ретінде пайдаланылуы мүмкін немесе қолдануға тыйым салынған нәрселер және дәлелдеуде пайдаланылуы мүмкін өзге де нәрселер бар не ол өзiнiң қылмыстық құқық бұзушылық жасағандығын әшкерелейтін дәлелдемелерден құтылуға әрекет жасайды деп пайымдауға негіз болған жағдайларда немесе өзге де қажеттi жағдайларда осы Кодекстiң 255-бабында көзделген қағидаларды сақтай отырып, ұстап алынған адамның жеке басына дереу тiнту жүргiзуге құқылы.
133-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік

бойынша ұстап алынған адамды босату негiздерi


1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адам, егер:

1) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік расталмаса;

2) ұстап алынған адамға күзетпен ұстау түрiндегi бұлтартпау шарасын не қамаққа алу не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу түріндегі жазаны қолдануға негiздер болмаса;

3) ұстап алу осы Кодекстiң 131-бабының талаптарын елеулі түрде бұза отырып жүргiзiлген болса;

4) ұстап алу үшін заңды негіздер болмаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырып жатқан адамның немесе прокурордың қаулысы бойынша босатылуға жатады.

2. Егер нақты ұстап алынған кезден бастап жетпiс екi сағаттың iшiнде ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығына күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы сот қаулысы келiп түспесе, ұстап алынған адамды ұстау орнының бастығы оны өзiнiң қаулысымен дереу босатады және ол туралы іс жүргізуінде іс жатқан адамға және прокурорға хабарлайды.

3. Осы баптың екінші бөлiгiнiң талаптары орындалмаған кезде ұстап алынған адамды ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы заңда белгiленген жауаптылықта болады.

4. Ұстап алынған адам босатылған кезде оған оны кiмнің ұстап алғаны, ұстап алудың, жеткізудің негiздерi, орны мен уақыты, босатудың негiздерi мен уақыты көрсетiлген анықтама берiледi.

5. Осы баптың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көзделген жағдайларда, заңсыз ұстап алу барысында не одан кейін ұстап алынған адамның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттері нәтижесінде алынған деректер дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін деректер деп танылады.
134-бап. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік

бойынша ұстап алынғандарды күзетпен ұстау тәртiбi


Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған әскери қызметшiлер мен жазасын бас бостандығынан айыру түрiнде өтеп жүрген адамдар да тиiсiнше гауптвахталарда және қылмыстық-атқару жүйесiнiң бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны орындайтын мекемелерiнде ұсталуы мүмкiн. Осы Кодекстiң 61-бабы екінші бөлігінің 9) тармағында және үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар анықтау органының бастығы айқындайтын арнайы бейiмделген үй-жайларда ұсталады. Төтенше жағдай режимі жағдайларында қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғандар жергілікті жердің коменданты айқындаған, осы мақсаттарға бейімделген үй-жайларда ұсталуы мүмкін. Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамдарды күзетпен ұстаудың тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

135-бап. Күдіктінің туыстарына оның ұстап алынғаны туралы

хабарлау
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ұстап алынған күдіктінің отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң қайсыбiрiне, ал олар болмаған кезде – басқа туыстарына немесе жақын адамдарына оның ұстап алынғаны және ұсталып отырған жері туралы кейінге қалдырмай хабарлауға немесе күдіктінің өзiне мұндай хабарлау мүмкiндiгiн беруге мiндеттi. Шетелдіктің ұстап алынғаны туралы сол мемлекеттiң елшiлiгi, консулдығы немесе өзге де өкiлдiгi дереу хабардар етілуге, ал ол мүмкін болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі мен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірлескен бұйрығымен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы да жиырма төрт сағат ішінде хабардар етiлуге тиiс.

18-тарау. БҰЛТАРТПАУ ШАРАЛАРЫ


136-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану үшiн негiздер
1. Күдікті, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарынан немесе соттан жасырынып жүр не iстi объективтi тергеп-тексеруге немесе сотта талқылауға кедергі келтіреді не қылмыстық әрекетпен айналысуды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде, сондай-ақ қылмыстық процестi жүргізетін орган үкiмнiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн өз өкiлеттiктерi шегiнде осы адамдарға осы Кодекстiң 137-бабында көзделген бұлтартпау шараларының бiрiн қолдануға құқылы.

2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99 (екінші бөлігінің 15) тармағында), 170 (төртінші бөлігінде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртінші бөлігінде), 263 (бесінші бөлігінде), 286 (төртінші бөлігінде), 297 (төртінші бөлігінде), 298 (төртінші бөлігінде), 299 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстарды жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын адамдарға жасалған қылмыстың бір ғана ауырлығы уәжімен бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау қолданылуы мүмкін.


137-бап. Бұлтартпау шаралары және қосымша шектеулер
1. Мыналар:

1) ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат;

2) жеке кепiлгерлік;

3) әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беру;

4) кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру;

5) кепiл;

6) үйқамақ;

7) күзетпен ұстау бұлтарпау шаралары болып табылады.

2. Әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беруді және күзетпен ұстауды қоспағанда, қажет болған кезде бұлтартпау шарасы қолданылған адамға қатысты электрондық бақылау құралдары қолданылуы мүмкін.

Бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулыда электрондық бақылау құралдарын қолдану және күдіктіге, айыпталушыға олардың мақсатын түсіндіру туралы белгі жасалады.

3. Электрондық бақылау құралдарын қолдануға оларды айналасындағылардың байқауынан жасыру шаралары қолданылған жағдайда жол беріледі, ол күдіктінің, айыпталушының баратын жерлері және олардың жүріп-тұратын жолдары, сондай-ақ жасы, денсаулығының жай-күйі, отбасы жағдайы мен өмір салты ескеріліп жүзеге асырылуға тиіс.

4. Электрондық бақылау құралдарын қолдану тәртібін, шарттары мен негіздерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.


138-бап. Бұлтартпау шарасын таңдау және қосымша шектеулер

белгілеу кезiнде ескерiлетiн мән-жайлар


1. Бұлтарпау шарасын және оның дәл қайсысын қолдану қажеттiлігi туралы мәселені шешкен кезде осы Кодекстің 136-бабында көрсетілген негіздерден басқа, сондай-ақ осы Кодекстің 137-бабының екінші бөлігінде көрсетілген қосымша шектеулерді белгілеген кезде жасалған қылмыстың ауырлығы, күдіктінің, айыпталушының жеке басы, оның жасы, денсаулығының жай-күйі, отбасы жағдайы, айналысатын ісі, мүлiктiк жағдайы, тұрақты тұрғылықты жерiнiң бар-жоғы және басқа да мән-жайлар ескерiлуге тиiс.

2. Осы Кодекстің 136-бабында санамаланған негіздер болмаған кезде, жасалған қылмыстың ауырлығы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау үшін жалғыз негіз бола алмайды.

139-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанға

дейін бұлтартпау шарасын қолдану


1. Осы Кодекстiң 136-бабында көзделген негiздер болған айрықша жағдайларда және осы Кодекстің 138-бабында көрсетiлген мән-жайлар ескерiле отырып, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін күдіктiге қатысты бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкiн. Бұл ретте күдіктiнің іс-әрекетін саралау туралы қаулы – бұлтартпау шарасы қолданылған кезден бастап он тәулiктен кешiктiрiлмей, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 173, 179, 181, 184, 255 – 268 және 272-баптарында көзделген қылмыстардың ең болмағанда біреуі жасалған жағдайларда – отыз тәуліктен кешiктiрiлмей, ал егер күдiктi ұстап алынып, содан кейiн күзетпен қамалған болса, ұстап алынған кезден бастап дәл сондай мерзiмде жариялануға тиiс. Егер осы мерзiмде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылмаса және жарияланбаса, бұлтартпау шарасының күші дереу жойылады.

2. Күдіктіге оның іс-әрекетін саралау туралы қаулы жарияланған кезде оған бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды қолдану туралы мәселені сот осы Кодекстің 147-бабында көзделген тәртіппен қайтадан қарайды. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін жиырма төрт сағат ішінде күзетпен ұстау орнының бастығына соттың күдіктіні күзетпен ұстауды санкциялау туралы қаулысы келіп түспесе, күзетпен ұстау орнының бастығы ол туралы іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органды немесе адамды, сондай-ақ прокурорды хабардар етуге міндетті. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім аяқталған бойда бұлтартпау шарасының күшін жою немесе айыпталушыны күзетпен ұстауды соттың санкциялағаны туралы тиісті шешімдер келіп түспесе, күзетпен ұстау орнының бастығы оны өзінің қаулысымен босатып, оның көшірмесін жиырма төрт сағаттың ішінде іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан органға немесе адамға және прокурорға жібереді.

3. Осы баптың екiншi бөлiгiнің талаптары орындалмаған кезде күзетпен ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы заңда белгiленген жауаптылықта болады.
140-бап. Бұлтартпау шараларын қолдану тәртiбi
1. Күдіктіге, айыпталушыға бiр мезгiлде екi және одан да көп бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.

2. Қылмыстық процестi жүргізетін орган бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулы шығарады, онда адамға күдік келтіріліп, ол айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көрсету және осы бұлтартпау шарасын қолданудың негіздері қамтылады. Қаулының көшірмесі өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға табыс етіледі және сонымен бiр мезгiлде оған осы Кодексте көзделген, бұлтартпау шарасын қолдану туралы шешiмге шағым жасау тәртiбi түсiндiрiледi.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   44




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет